Қазақстан Республикасының
Заңы
Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы
(2011.01.03. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2011 жылғы 5 шілдеде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Түпнұсқада мазмұны жоқ
Осы Заң Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалануға және авиация қызметіне байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді, әуе кеңістігі мен авиация қызметін адамның өмірі мен денсаулығын, қоршаған ортаны, мемлекет мүдделерін қорғау, әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының экономикасы мен азаматтардың авиациялық қызмет көрсетуге қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында пайдалану тәртібін айқындайды.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) авариялық-құтқару жұмыстары - апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемелеріне уақтылы көмек көрсетуге бағытталған іс-шаралар кешені;
2) авиакомпания - азаматтық әуе кемелерін пайдаланушының сертификаты бар заңды тұлға;
3) авиамаршрутқа арналған куәлiк - авиациялық маршрутты тұрақты рейстерді орындау үшін пайдалану құқығына арналған құжат;
4) авиация - қызметі әуе кемелерінің көмегімен адамның әуе кеңістігін пайдалануына және оған жағдайлар жасауға бағытталған ұйымдардың барлық түрлері;
5) авиациялық жұмыстар - басқа жеке және (немесе) заңды тұлғалардың мүдделері үшін пайдаланушы азаматтық әуе кемелерін қолдана отырып орындайтын мамандандырылған операциялар;
6) авиациялық қауіпсіздік - авиацияның қызметіне заңсыз араласу әрекеттерінің алдын алу және оларды болғызбау арқылы қамтамасыз етілетін оның қауіпсіз қызметі;
7) авиациялық қызмет - әуе кемелерінің көмегімен адамның әуе кеңістігін пайдалануына жағдайлар жасауға бағытталған қызметтің барлық түрі;
8) авиациялық қызметтер көрсету - азаматтық авиацияның жолаушыларды, багажды, жүкті, почта жөнелтілімдерін әуемен тасымалдауды ұйымдастыру мен қамтамасыз етуге және авиациялық жұмыстарды ақысын алып немесе жалдау бойынша орындауға байланысты қызметтер көрсетуі;
9) авиация қызметіне заңсыз араласу - авиацияның қауiпсiз қызметiне қол сұғатын, адамдардың бақытсыз жағдайға ұшырауына, материалдық зиян шегуге, әуе кемесiн басып алуға немесе айдап әкетуге әкеп соққан немесе осындай салдардың туындау қатерін төндiрген құқыққа қарсы әрекет;
10) авиациялық маршрут (авиамаршрут) - авиатасымалдар пункттері арасындағы олардың үстінен әуе қатынасы жүзеге асырылатын жер бетiнiң географиялық сипаттамасы немесе географиялық сипаттамаларының комбинациясы;
11) авиациялық оқу орталығы - авиация персоналын даярлауды, қайта даярлауды және олардың кәсіптік деңгейін ұстауды жүзеге асыратын заңды тұлға;
12) авиациялық оқу орталығының сертификаты - авиациялық оқу ұйымының сертификаттау талаптарына сәйкестігін куәландыратын белгіленген үлгідегі құжат;
13) авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі сертификат - авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі ұйымның сертификаттау талаптарына сәйкестігін куәландыратын белгіленген үлгідегі құжат;
14) авиация персоналы - арнайы және (немесе) кәсіптік даярлығы бар, әуе кемелерінің ұшуын, әуе тасымалдары мен авиациялық жұмыстарды орындау және қамтамасыз ету, әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету, әуе қозғалысын ұйымдастыру және оған қызмет көрсету, әуе қозғалысын басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке адамдар;
15) автомобиль жолының әуеайлақтық учаскесі - әскери-қызметтік міндеттер мен әскери дайындық міндеттерін шешу кезінде мемлекеттік авиация әуе кемелерінің ұшып көтерілуі және қонуы үшін пайдаланылатын, мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган айқындаған автомобиль жолының учаскесі;
16) азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi орган - Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану және азаматтық және эксперименттiк авиация қызметi саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
17) азаматтық авиация саласындағы халықаралық ұйымның авиациялық стандарты - азаматтық авиация саласындағы халықаралық ұйым қабылдаған, азаматтық авиация қызметінің жекелеген аспектілерін ұйымдастыруды және жүзеге асыруды регламенттейтін талап;
18) азаматтық авиация ұйымы - азаматтық авиация саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;
19) азаматтық әуе кемелерін жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету жөніндегі ұйымның сертификаты - азаматтық әуе кемелерін жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету жөніндегі ұйымның сертификаттау талаптарына сәйкестігін растайтын белгіленген үлгідегі құжат;
20) азаматтық әуе кемелерiн пайдаланушының сертификаты - азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi орган берген, пайдаланушының Азаматтық әуе кемелерiн пайдаланушыларды сертификаттау қағидаларына және сертификаттау талаптарына сәйкестiгiн куәландыратын құжат;
21) азаматтық әуе кемесін мемлекеттік тіркеу туралы куәлік - азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi орган берген және азаматтық әуе кемесінің Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізіліміне енгізілгенін растайтын белгіленген үлгідегі құжат;
22) азаматтық әуе кемесінің ұшуға жарамдылығының сертификаты - азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi орган берген, азаматтық әуе кемесiнiң ұшуға жарамдылығының нормаларына сәйкестiгiн куәландыратын құжат;
23) апатқа ұшыраған әуе кемесі - жермен жүрген, ұшып көтерілген, қонған немесе құлаған кезде қатты зақымданған немесе толық қираған әуе кемесі, сондай-ақ әуеайлақтан тыс жерге мәжбүрлі түрде қонған әуе кемесі;
24) апатқа ұшырау жағдайындағы әуе кемесі - өзіне немесе бортындағы адамдарға тікелей қауіп төнген не онымен радиобайланысы үзілген және қай жерде екені белгісіз әуе кемесі;
25) аса маңызды ұшу - Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының күзетілетін адамдарын әуемен тасымалдау кезінде әуе кемелерінің ұшуына, сондай-ақ олардың ұшатын маршруттарына (рейстеріне) беретін мәртебе;
26) аэроклуб - әуеайлақты (тікұшақ айлағын), әуежайды меншік құқығында не өзге де заңды негіздерде пайдаланатын және осы Заңда көзделген жағдайларда жалпы мақсаттағы авиацияны пайдаланушылардың қызметін қамтамасыз ететін заңды тұлға;
27) аэронавигациялық ақпарат - әуе кемелерінің ұшуын қамтамасыз ету, әуе қозғалысына қызмет көрсету және әуе қозғалысын басқару мақсаттары үшін деректерді жинау, талдау және өңдеу нәтижесінде алынған ақпарат;
28) аэронавигациялық ақпарат құжаты - ұшуды орындау, әуе кемесіне қызмет көрсету және әуе қозғалысын басқару үшін елеулі маңызы бар ақпаратты қамтитын, белгіленген тәртіппен бекітілген және жарияланған құжат;
29) аэронавигациялық ұйым - әуе қозғалысына қызмет көрсетуді және әуе кемесінің бортына қажетті метеорологиялық ақпарат беруді, әуе кеңістігін пайдаланушыларды аэронавигациялық ақпаратпен қамтамасыз етуді және радиотехникалық жабдық пен байланыс құралдарын пайдалануды жүзеге асыратын азаматтық авиация ұйымы;
30) әуеайлақ - жер немесе су бетінің толықтай немесе ішінара әуе кемелерінің келуіне, жөнелтілуіне және осы жер бетімен қозғалуына арналған белгілі бір учаскесі (ғимараттарды, құрылыстарды және жабдықты қоса алғанда);
31) әуеайлақ (тікұшақ айлағы) жарамдылығының сертификаты - азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi орган берген, әуеайлақтың (тікұшақ айлағының) оларды пайдалануға жарамдылығының нормаларына сәйкестiгiн куәландыратын құжат;
32) әуеайлақ маңындағы аумақ - әуеайлақтың бақылау нүктесінде орналасқан орталығы және азаматтық және мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган айқындайтын радиусы бар жер бетіндегі аумақ;
33) әуеайлақтық метеорологиялық орган - әуеайлақта орналасқан, әуе кемелерінің ұшуын метеорологиялық қамтамасыз етуге арналған қызмет;
34) әуеайлақтық қозғалыс - әуе кемелері мен көлік құралдарының әуеайлақтың маневр жасау алаңындағы қозғалысы, сондай-ақ барлық әуе кемелерінің әуеайлақ аумағындағы ұшуы;
35) әуеайлақтың бақылау нүктесі - әуеайлақтың географиялық орналасқан жерін айқындайтын нүкте;
36) әуежай - әуе кемелерiн қабылдауға және жөнелтуге, әуе тасымалдарына қызмет көрсетуге арналған және осы мақсаттар үшiн әуеайлағы, аэровокзалы, сондай-ақ басқа да қажетті құрылыстары мен жабдығы бар құрылыстар кешенi;
37) әуежай қызметi - жеке және (немесе) заңды тұлғалардың әуежайларда әуемен тасымалдауды, авиациялық жұмыстарды, ұшу қауiпсiздiгi мен авиация қауiпсiздiгін қамтамасыз етумен байланысты жүзеге асыратын қызметі;
38) әуежайдың авиациялық қауіпсіздік қызметінің қарап тексеруі жөніндегі ұйымының сертификаты - әуежайдың авиациялық қауіпсіздік қызметінің қарап тексеру ұйымының сертификаттау талаптарына сәйкестігін куәландыратын белгіленген үлгідегі құжат;
39) әуежайдың бақыланатын аймағы - оларға кіруді авиациялық қауіпсіздік қызметі бақылайтын әуежайдың, әуеайлақтың, ұшуды аэронавигациялық қамтамасыз ету объектілерінің жұмыс алаңы және оларға іргелес жатқан аумақ, қызметтік ғимараттар, құрылыстар, қоймалар;
40) әуе кемесi - жер (су) бетiнен шағылысқан ауамен әркеттесуді болғызбай, ауамен өзара әрекеттесу есебiнен атмосферада қалықтайтын аппарат;
41) әуе кемесімен жалданушы - әуе кемесін жалдау (чартер) шартына сәйкес бір немесе бірнеше рейстерде жолаушыларды, багажды, жүктi, почта жөнелтілімдерін тасымалдау және басқа да мақсаттар үшiн бір әуе кемесiнiң (немесе бірнеше әуе кемесінің) бүкіл сыйымдылығын немесе сыйымдылығының бір бөлiгiн ақысын алып екiншi тарапқа (әуе кемесiн жалдаушыға) экипажымен қоса беретiн және өз күшiмен оны басқару және техникалық пайдалану бойынша қызмет көрсететін әуемен тасымалдаушы;
42) әуе кемесін жалдау (чартер) шарты - жалдау (әуе кемесін жалға алу) шарты, ол бойынша жалға беруші (әуе кемесімен жалданушы) жалға алушыға (әуе кемесін жалдаушыға) жолаушыларды, багажды, жүкті, почта жөнелтілімдерін тасымалдау және басқа да мақсаттар үшін бір әуе кемесінің (немесе бірнеше әуе кемесінің) бүкіл сыйымдылығын немесе сыйымдылығының бір бөлігін экипажымен қоса ақысын алып уақытша иелігіне және бір немесе бірнеше рейске пайдалануға беруге және өз күшiмен оны басқару және техникалық пайдалану бойынша қызмет көрсетуге міндетті;
43) әуе кемесін жалдаушы - бір немесе бірнеше рейстерде жолаушыларды, багажды, жүктi, почта жөнелтілімдерін тасымалдау немесе басқа да мақсаттар үшiн бір әуе кемесінің (немесе бірнеше әуе кемесінің) бүкіл сыйымдылығын немесе сыйымдылығының бір бөлiгiн экипажымен қоса өзінің пайдалануына беру туралы әуемен тасымалдаушымен (әуе кемесімен жалданушымен) әуе кемесін жалдау (чартер) шартын жасасқан жеке немесе заңды тұлға;
44) әуе кемесінің сертификатталған ең жоғары ұшып көтерілу массасы - азаматтық әуе кемесінің үлгі сертификатында немесе ұшуға жарамдылығының сертификатында көрсетілген әуе кемесінің рұқсат етілген сертификатталған ең жоғары ұшып көтерілу массасы;
45) әуе кемесiнiң ұшуы - әуе кемесінің ұшып көтерiлу кезіндегі екпін алудан (тiк ұшып көтерiлген кезде жер немесе су бетiнен ажыраудан) бастап жүру аяқталғанға (ұшу-қону жолағын аялдамай босатқанға дейін) немесе тiк қонған кезде жер (су) бетiне жанасқанға дейiн әуе кемесiнiң жер (су) бетiмен және әуе кеңiстiгiнде қозғалуы;
46) әуе кеңістігін пайдалану режимі - әуе кеңістігін пайдалануды арнайы ұйымдастыруды талап ететін қызметті жүзеге асыру үшін белгіленетін Қазақстан Республикасының әуе кеңістігі құрылымының жекелеген элементтерін пайдаланудың уақытша тәртібі;
47) әуе қозғалысы - ұшып жүрген және әуеайлақтың маневр жасау алаңындағы әуе кемелерінің қозғалысы;
48) әуе қозғалысына қызмет көрсету - әуе қозғалысына ұшу-ақпараттық қызмет көрсету, авариялық хабар беру, диспетчерлік қызмет көрсету (аумақтық диспетчерлік қызмет көрсету, қонуға жақындағанда диспетчерлік қызмет көрсету немесе әуеайлақтық диспетчерлік қызмет көрсету);
49) әуе қозғалысына қызмет көрсету органы - әуе қозғалысына диспетчерлік қызмет көрсету органы, ұшу ақпараты орталығы немесе аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсетуіне қатысты хабарламаларды жинау пункті;
50) әуе қозғалысын басқару - ұшуды жоспарлаудың, үйлестірудің және қамтамасыз етудің кешенді процесі, әуе кемелерінің қозғалысын әуеде және жерде тікелей басқару, сондай-ақ ұшудың белгіленген режимінің және әуе кеңістігін пайдалану тәртібінің сақталуын бақылау;
51) әуе қозғалысын басқару органы - өз құзыреті шегінде және өзі үшін белгіленген аймақтар мен аудандарда әуе қозғалысын басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік авиацияның әуе қозғалысын басқару орталығы немесе басқару пункті;
52) әуемен тасымалдау - жеке және заңды тұлғалардың әуе кемелерiмен жолаушыларды, багажды, жүктерді және почта жөнелтілімдерін тасымалдау қызметi;
53) әуе трассасы - әуе кемелерiнiң ұшуына арналған және аэронавигациялық қондырғылармен жабдықталған дәлiз түріндегі әуе кеңiстiгi;
54) жауапкершілік аймағы - әуе қозғалысына қызмет көрсететін орган немесе әуе қозғалысын басқару органы өз функцияларын жүзеге асыратын белгілі бір мөлшердегі әуе кеңістігі;
55) жолаушы - экипаж құрамына кірмейтін және әуемен тасымалдау шартына сәйкес немесе өзге де заңды негіздерде әуе кемесімен тасымалданатын жеке адам;
56) кабиналық экипаж мүшесі - қауіпсіздік мүддесіне орай және жолаушыларға қызмет көрсету және (немесе) жүктерді тасымалдау мақсатында әуе кемесінің бортында пайдаланушы немесе әуе кемесінің командирі өзіне тапсыратын міндеттерді орындайтын, авиация персоналына жататын, бірақ ұшу экипажының мүшесі болып табылмайтын тұлға;
57) коммерциялық әуе тасымалы - заңды тұлғалардың жолаушыларды, багажды, жүктер мен почта жөнелтілімдерін әуемен тасымалдау шартына сәйкес азаматтық әуе кемелерімен ақысын төлеу немесе жалдау бойынша тасымалдау жөніндегі қызметі;
58) Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерiнiң мемлекеттік тiзiлiмi - Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерiн, оларға құқықтарды және олармен жасалатын мәмiлелердi мемлекеттік тiркеу жүргiзiлетiн құжат;
59) Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгi - Қазақстан Республикасының құрлықты және сулы аумағының үстіндегі, оның iшiнде аумақтық суларының үстіндегі әуе кеңiстiгi;
60) Қазақстан Республикасының мемлекеттік авиациясы әуе кемелерiнiң тiзiлiмi - Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясының әуе кемелерiн мемлекеттік тiркеу жүргiзiлетiн құжат;
61) қауіпті аймақ - оның шегінде белгілі бір уақыт кезеңінде әуе кемелерінің ұшуына қауіп төндіретін қызмет жүзеге асырылуы мүмкін белгіленген мөлшердегі әуе кеңістігі;
62) қону алаңы - жердің, мұздың, су бетінің, құрылыстың үстіңгі бетінің, оның ішінде қалқымалы құрылыстың үстіңгі бетінің әуе кемелерінің ұшып көтерілуіне, қонуына, жермен жүруіне және тұрағына арналған учаскесі;
63) қосалқы әуеайлақ - қону белгіленген әуеайлаққа бару немесе оған қону мүмкін болмаған немесе мақсатқа сәйкес болмаған жағдайда, әуе кемесі бара алатын әуеайлақ;
64) мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган - Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және мемлекеттік авиация қызметі саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
65) метеорологиялық ақпарат - нақты немесе күтіліп отырған метеорологиялық жағдайларға қатысты, әуе кеңістігін пайдаланушыларға арналған метеорологиялық мәлімет, талдау, болжам және кез келген басқа хабарлама;
66) пайдаланушы - азаматтық әуе кемелерiн пайдаланумен айналысатын немесе осы салада өз қызметтерiн ұсынатын жеке немесе заңды тұлға;
67) тексеру - авиациялық оқиғаны немесе инцидентті болғызбау мақсатында жүргізілетін, олардың болу себептерін және (немесе) ілеспе факторларды анықтауды қоса алғанда, олар бойынша ақпарат жинауды және талдау жүргізуді, қорытынды әзірлеуді және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде ұсынымдар әзірлеуді қамтитын процесс;
68) тұрақты емес рейс (ұшу) - тұрақты рейс (ұшу) болып табылмайтын және әуе тасымалы мақсатында немесе онсыз белгілі бір тапсырыс беруші үшін орындалатын рейс (ұшу);
69) тұрақты рейс - бекітілген кестеге сәйкес орындалатын рейс;
70) тыйым салынған аймақ - Қазақстан Республикасы аумағының үстіндегі белгіленген мөлшердегі әуе кеңістігі, оның шегінде әуе кемелерінің арнайы рұқсатсыз ұшуды орындауына тыйым салынады;
71) тікұшақ - ауадан ауыр, ұшу кезінде негізінен шамамен тік қалыпта болатын осьтердің айналасындағы күш қондырғысы арқылы айналатын бір немесе бірнеше тірек бұрандамен ауа реакциясының есебінен қалықтайтын әуе кемесі;
72) тікұшақ айлағы - әуеайлақ немесе құрылыстың үстіңгі бетінің тікұшақтардың келуіне, жөнелтілуіне немесе осы үстіңгі беті арқылы қозғалуына толықтай немесе ішінара арналған белгілі бір учаскесі;
73) уақытша әуеайлақ - жылдың белгілі бір кезеңінде әуе кемелерінің ұшуын қамтамасыз етуге арналған, белгіленген тәртіппен есепке алуға жататын стационарлық құрылыстары мен жабдықтары жоқ әуеайлақ;
74) ұшақ - ауадан ауыр, ұшу кезіндегі көтеру күші негізінен осы ұшу жағдайларында қозғалмаған күйінде қалатын үстіңгі беттердегі аэродинамикалық реакциялар есебінен қалыптасатын күш қондырғысы арқылы қозғалысқа келтірілетін әуе кемесі;
75) ұшуға жарамдылығы - әуе кемесiнiң қауiпсiздiгi мен ұшу сапасын қамтамасыз ететiн ұшу-техникалық сипаттамаларға сай келетін оның техникалық жай-күйі;
76) ұшуға жарамдылығының нормалары - әуе кемелерiнiң конструкциясына, параметрлерi мен ұшу сапасына және олардың ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге арналған компоненттеріне қойылатын талаптар;
77) ұшу жоспары - әуе қозғалысына қызмет көрсету және (немесе) әуе қозғалысын басқару органдарына пилот, экипаж немесе пайдаланушы ұсынатын әуе кемесінің белгіленген ұшуы немесе ұшуының бір бөлігі туралы белгілі бір мәліметтер;
78) ұшу қауiпсiздiгi - ұшудың қауiпсiз жүргiзiлуiн қамтамасыз ететiн шаралар кешенi, бұл ретте адамдардың өміріне немесе денсаулығына зиян келтіру немесе мүлкіне залал келтіру тәуекелі шекті деңгейге дейін төмендетіледі және қауіптілік көздерін анықтаудың және тәуекел факторларын бақылаудың үздіксіз процесі арқылы осындай не бұдан да төмен деңгейде сақталады;
79) ұшу экипажының мүшесі - авиация персоналына жататын, авиация персоналының қолданыстағы куәлігі бар, ұшу уақыты ішінде әуе кемесін басқаруға байланысты міндеттер жүктелген тұлға;
80) ұшуға шектеу қойылған аймақ - Қазақстан Республикасы аумағының үстіндегі белгіленген мөлшердегі әуе кеңістігі, оның шегінде әуе кемелерінің ұшуына белгілі бір жағдайлармен шектеу қойылған;
81) үлгі сертификаты - азаматтық әуе кемесiнің үлгісі конструкциясының ұшуға жарамдылығы нормаларына сәйкестiгiн растайтын құжат;
82) халықаралық әуежай - кедендік, шекаралық және санитарлық-карантиндiк бақылау ұйымдастырылған халықаралық әуемен тасымалдауды қамтамасыз ететін әуежай;
83) халықаралық әуемен тасымалдау - тасымалдауда немесе қайта тиеуде үзiлiстiң болуына немесе болмауына қарамастан, тасымалдауды орындау кезінде жөнелту және межелі пункттерi:
екi немесе одан да көп мемлекеттің аумағында;
егер екiншi мемлекет аумағында аялдау көзделсе, бір мемлекет аумағында орналасқан әуемен тасымалдау;
84) халықаралық қатынастағы авиарейстерді жүзеге асыруға рұқсат берілген әуежайды пайдаланушының уақытша басқаруы - халықаралық қатынастағы авиарейстерді жүзеге асыруға рұқсат берілген әуежайды пайдаланушыға қатысты әкімшілік, заңдық, қаржылық, ұйымдық-техникалық және басқа да іс-шаралар мен рәсімдер кешенін мәжбүрлеп жүргізу;
85) халықаралық ұшу - әуе кемесiнің шет мемлекет шекарасын кесiп өтетін ұшуы;
86) экипаж мүшесі - авиация персоналына жататын, ұшу уақыты ішінде әуе кемесінің бортында белгілі бір міндеттерді орындау үшін тағайындалған тұлға;
87) экипаж мүшесінің куәлігі - авиация персоналының қолданыстағы куәлігі бар экипаж мүшелеріне, ұшуды техникалық қамтамасыз ететін инженерлік-техникалық құрамға және ұшу кезінде азаматтық әуе кемесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін персоналға берілетін белгіленген үлгідегі құжат.
2-бап. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігіне егемендігі
1. Қазақстан Республикасының құрлық және су аумағы үстінде және оның аумақтық сулары үстінде орналасқан әуе кеңістігіне толық және айрықша егемендік Қазақстан Республикасына тиесілі.
2. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігі оның мемлекеттік аумағының бір бөлігі болып табылады.
3-бап. Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалануды және авиация қызметін реттейтiн Қазақстан Республикасының заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көздегендегіден өзгеше қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
4-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
Осы Заң:
1) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдаланушыларға;
2) Қазақстан Республикасының шегінде мемлекеттік, азаматтық және эксперименттік авиацияға;
3) егер әуе кемесі баратын елдің заңдарында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының мемлекеттік және азаматтық әуе кемелері Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде болған уақытта оларға қолданылады.
5-бап. Авиация құралдарына меншік құқығы
Әуе кемелері, әуеайлақтар, тікұшақ айлақтары, әуежайлар, техникалық құралдар және әуе кемелерінің ұшуын ұйымдастыру, орындау, қызмет көрсету және қамтамасыз ету үшін қажетті басқа да мүлік мемлекеттік және (немесе) жеке меншікте болуы мүмкін.
6-бап. Авиация түрлері
1. Қазақстан Республикасының авиациясы мемлекеттік, азаматтық және эксперименттiк болып бөлiнедi.
2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органының, ішкi iстер органдарының, Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Шекара қызметінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкiметінiң шешiмi бойынша басқа да мемлекеттік органдардың қарамағында болатын және қорғаныс, мемлекеттің қауіпсіздігі, қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында пайдаланылатын авиация мемлекеттік авиация болып табылады.
3. Азаматтық авиация деп эксперименттiк және мемлекеттік авиацияның құрамына кiрмейтiн және:
1) жолаушыларды, багажды, жүкті және почта жөнелтілімдерін тасымалдау (әуемен тасымалдау);
2) авиациялық жұмыстарды орындау;
3) оқу, спорттық, мәдени-ағарту iс-шараларын жүргiзу, техникалық шығармашылықты дамыту;
4) әуе кемесiн пайдаланушының жеке қажеттіліктерiн қанағаттандыру;
5) iздестiру-құтқару және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзу, дүлей зілзалалар болған жағдайда көмек көрсету;