4) өнім беруші осы Ереженің 8, 12-тармақтарының талаптарына сәйкестігін растаған;
5) ішкі айналым үшін тауардың шығарылған жері туралы «СТ-КZ» сертификаты, сондай-ақ дәрілік заттарды тиісті өндірістік практика стандарттарының (GMP) өндіру талаптарына сәйкес және/немесе медициналық мақсаттағы бұйымдарды халықаралық стандартқа сәйкес өндіру сертификаты ұсынылған;
6) жеткізу кестесі ұсынылған кезде әрбір қаржы жылы ұзақ мерзімді жеткізу шарттары бойынша оның қолданылу мерзімі ішінде, оның ішінде 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған ұзақ мерзімді жеткізу шарттары бойынша тиісті қаржы жылына көлемін, бағасын, міндеттемелерді орындауды қамтамасыз етуді және дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды жеткізу шарттарын көрсете отырып, қосымша келісім жасасу арқылы сатып алуды жүзеге асырады.
133-81. Мыналар:
1) ұзақ мерзімді жеткізу шартында көзделген міндеттемелердің бұзылуы;
2) екі жыл қатарынан жеткізуден бас тарту;
3) өнім берушінің жосықсыз әлеуетті өнім берушілер (өнім берушілер) тізбесінде болуы;
4) зияткерлік меншік саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасының бұзылуы ұзақ мерзімді жеткізу шартын бұзуға негіз болып табылады.
ҚР Үкіметінің 2015.08.07. № 515 Қаулысымен 11-5-тараумен толықтырылды
11-5-тарау. Ұзақ мерзімді жеткізу шарты бойынша медициналық техниканы сатып алуды жүзеге асырудың ерекше тәртібі
ҚР Үкіметінің 2016.27.01. № 33 Қаулысымен 133-82-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
133-82. Ұзақ мерзімді жеткізу шарттары бойынша медициналық техниканы сатып алуды дайындау және ұйымдастыру мақсатында денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган лизинг берушіге медициналық техниканың тізбесі, техникалық ерекшелік, саны, сатып алынатын медициналық техниканың әрбір атауы бойынша болжамды құны қамтылуға тиіс ақпаратты ұсынады.
Отандық тауар өндірушілер сараптамалық бағалауды жүргізу үшін лизинг берушіден тиісті сұрауды алған сәттен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде лизинг берушіге өздері өндіретін медициналық техниканың тізбесін, техникалық ерекшелігін және жиынтығын, өндіруге жеткілікті, бірақ 150 күннен аспайтын жеткізу мерзімін, медициналық техниканың әрбір атауы бойынша бір бірлікке ұсынылған және жинақтама бөлінісіндегі құнын ұсынады.
Лизинг беруші денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган 133-82-тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген ақпаратты, сондай-ақ отандық тауар өндірушілер осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген ақпаратты ұсынған кезден бастап 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде отандық тауар өндірушілер жасаған медициналық техниканы, техникалық сипаттамасын, әрбір атауы және жиынтық бөлінісіндегі медициналық техниканың құнын, жеткізу мерзімін, сатып алынатын медициналық техниканы отандық тауар өндірушілер жасаған техникамен ауыстыру мүмкіндігін айқындау бөлігінде ұсынылған медициналық техника атауларына сараптама бағалауын жүргізеді және оның нәтижелері бойынша сараптама қорытындысының ажырамас бөлігі болып табылатын техникалық ерекшелікті бекітіп, сараптамалық қорытындысын шығарады.
Лизинг беруші сараптамалық қорытынды шығарылған кезден бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде медициналық техниканың әрбір атауы бойынша бір бірлігі үшін және жиынтық бөлінісіндегі шекті бағасы көрсетілген техникалық ерекшелікпен бірге тігілген, бекітілген сараптама қорытындысын денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға жібереді.
Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган лизинг берушіден техникалық ерекшелікпен бірге тігілген сараптама қорытындысын алған кезден бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде отандық тауар өндірушілердің медициналық техниканың тізбесі, әрбір атауы бойынша техникалық сипаттамалары, әрбір атауы бойынша бірлігі үшін және жиынтық бөлінісіндегі шекті бағасы, медициналық техниканы жеткізу мерзімінің ұзақтығы қамтылған ұзақ мерзімді жеткізу шарттарын жасасу жөніндегі өтінішін ескере отырып, бірыңғай дистрибьюторға ұзақ мерзімді жеткізу шарты бойынша сатып алынуға жататын медициналық техниканың бекітілген тізбесін жібереді.
133-83. Ұзақ мерзімді жеткізу шарттарын жасауға конкурс өткізу, конкурстық комиссияның (бұдан әрі - комиссия), сараптамалық комиссияның құрамын бекіту, комиссия хатшысын тағайындау туралы шешім бірыңғай дистрибьютордың бірінші басшысының не бірінші басшының міндетін атқаратын адамның бұйрығы түрінде ұзақ мерзімді жеткізу шарттары бойынша сатып алынуға жататын медициналық техниканың бекітілген тізімін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органнан алған кезден бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде ресімделеді.
133-84. Ұзақ мерзімді жеткізу шарттарын жасауға конкурс өткізу үшін бірыңғай дистрибьютор комиссия, сараптамалық комиссия құрады және олардың құрамын бекітеді.
133-85. Комиссия өз қызметін медициналық техниканы ұзақ мерзімді жеткізу шарты жасалған кезден не медициналық техниканы ұзақ мерзімді жеткізу шартын жасауға конкурс өткізілмеген деп танылған кезден бастап тоқтатады.
133-86. Комиссия құрамына:
1) Комитет төрағасының орынбасарынан төмен емес басшы, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның қызметкерлері;
2) бірыңғай дистрибьютордың басшылары, қызметкерлері;
3) лизинг берушінің басшылары, қызметкерлері;
4) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган фармацевтикалық немесе медициналық өнеркәсіп бойынша аккредиттеген бейінді қауымдастықтардың басшының орынбасарынан төмен емес өкілдері (келісім бойынша);
5) Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылымдық бөлімше басшысының орынбасарынан төмен емес өкілдері кіреді.
133-87. Комиссия құрамына төраға, төрағаның орынбасары және комиссия мүшелері кіреді. Комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ санды құрауға және бес адамнан кем, он үш адамнан артық болмауға тиіс. Комиссияның шешімі хаттамамен ресімделеді. Комиссия хатшысы комиссия мүшесі болып табылмайды және комиссия шешім қабылдаған кезде дауыс беру құқығы болмайды.
133-88. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның Комитет төрағасының орынбасарынан төмен емес қызметкері - төраға болып, бірыңғай дистрибьютордың басшысы немесе басшысының орынбасары - төрағаның орынбасары болып тағайындалады.
133-89. Төраға оның қызметіне басшылық етеді, отырыстарда төрағалық етеді, жұмысты жоспарлайды және оның шешімдерінің іске асырылуын жалпы бақылауды жүзеге асырады. Төраға болмаған уақытта оның функцияларын орынбасары атқарады.
133-90. Бірыңғай дистрибьютордың қызметкері комиссия хатшысы болып табылады, ол әлеуетті өнім берушілерден өтінімдер салынған конверттерді қабылдайды, комиссия отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажетті құжаттар мен материалдарды әзірлейді, комиссия отырысы өткен соң оның хаттамаларын ресімдейді, келіп түскен өтінімдерді және өтінімі бар конверттерді ашу рәсіміне қатысуға ниет білдірген әлеуетті өнім берушілерді тіркеу журналын жүргізеді, онда әлеуетті өнім берушілердің өтінімі бар конверттерді ұсыну уақыты мен күні, әлеуетті өнім берушінің уәкілетті өкілдерінің (өтінім салынған конвертті ұсынған және конверттерді ашу рәсіміне қатысқан тұлғаның) тегі, аты, әкесінің аты көрсетіледі. Келіп түскен өтінімдерді және конверттерді ашу рәсіміне қатысуға ниет білдірген әлеуетті өнім берушілерді тіркеу журналдары тігіледі, парақтары нөмірленеді, соңғы парағы бірыңғай дистрибьютордың мөрімен расталады.
133-91. Комиссия отырысы комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан жағдайда өткізіледі.
133-92. Комиссияның шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер оған қатысқан комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берген болса, қабылданған болып саналады. Дауыстар тең болған жағдайда, комиссия төрағасы немесе ол болмаған жағдайда, төрағаның орынбасары дауыс берген шешім қабылданған болып саналады.
133-93. Бірыңғай дистрибьютор медициналық техниканың сұратылған үлгісінің бейіні бойынша мамандардан және/немесе денсаулық сақтау ұйымдарының мамандарынан не медициналық техникаға сараптаманы жүзеге асыруға аккредиттелген ұйымдардың сарапшыларынан тұратын сараптамалық комиссия құрады.
133-94. Сараптамалық комиссия әлеуетті өнім берушілер ұсынатын медициналық техниканың сатып алынатын медициналық техниканың тізіміне сәйкес техникалық сипаттамасының талаптарына сәйкестігі бойынша сараптамалық қорытынды береді және комиссия шешім қабылдаған кезде оның дауыс беру құқығы болмайды. Сараптамалық қорытынды жазбаша түрде ресімделеді, оған сараптамалық комиссияның мүшелері қол қояды және комиссия отырысының хаттамасына қоса беріледі. Сараптамалық комиссияның сараптамалық қорытындысын әлеуетті өнім берушінің өтінімін ең көп жеңілдікті айқындау рәсіміне жіберу туралы мәселені шешу кезінде комиссия қарайды.
133-95. Бірыңғай дистрибьютор әлеуетті өнім берушілердің өтінімдерді беру күні аяқталғанға дейін кемінде күнтізбелік отыз күн бұрын республикалық мерзімді баспасөз басылымдарында және өзінің интернет-ресурсында мемлекеттік және орыс тілдерінде медициналық техниканы ұзақ мерзімді жеткізу шартын жасауға конкурс өткізетіні туралы хабарландыру орналастырады.
133-96. Медициналық техниканы ұзақ мерзімді жеткізу шартын жасауға конкурс өткізу туралы хабарландыру мынадай мәліметтерді қамтиды:
1) бірыңғай дистрибьютордың атауы, мекенжайы және банктік деректемелері;
2) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен, сатып алынатын медициналық техниканың атауы, әрбір атауы бойынша техникалық сипаттамасы, әрбір атауы бойынша бір бірлігінің және жиынтық бөлінісіндегі шекті бағасы, тауардың әрбір атауы бойынша жеткізу мерзімдері, медициналық техниканы жеткізу кезеңінің ұзақтығы қамтылуға тиіс сатып алынуға жататын медициналық техниканың тізбесі (мәліметтер көлемі көп болған жағдайда, жоғарыда көрсетілген ақпарат бірыңғай дистрибьютордың интернет-ресурсында ғана орналастырылуы мүмкін);
3) ұзақ мерзімді жеткізу шартын жасау конкурсына қатысу үшін өтінімдерді қабылдауды аяқтау күні, уақыты және орны.
133-97. Ұзақ мерзімді жеткізу шартын жасасу конкурсына қатысуға ниет білдірген әлеуетті өнім беруші өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталғанға дейін бірыңғай дистрибьюторға жабық түрде өтінім береді.
133-98. Өтінімдерді ұсынудың соңғы мерзімі өткеннен кейін алынған, сондай-ақ әлеуетті өнім берушінің мөрімен расталмаған өтінім қабылданбайды және оны ұсынған әлеуеті өнім берушіге қайтарылады.
133-99. Өтінімді өзгерту және қайтарып алу үшін әлеуетті өнім беруші өтінімді ұсыну мерзімі өткенге дейін әлеуетті бірыңғай дистрибьюторға жазбаша нысанда хабарлама жібереді.
133-100. Әлеуетті өнім беруші парақтары нөмірленген, тігілген түрінде және соңғы парақтары қол қоюмен және мөрмен (егер бар болса) расталған конкурстық өтінімді ұсынады.
Конкурстық өтінімнің техникалық ерекшелігі (тігілген түрде, парақтары нөмірленген, соңғы парағы заңды тұлғаның қолымен және мөрімен (егер бар болса) расталған) конкурстық өтінімге бөлек қосылып беріледі және конкурстық өтініммен бір конвертке салынады.
133-101. Әлеуетті өнім беруші өтінімді конвертке желімдейді. Конвертте әлеуетті өнім берушінің атауы және заңды мекенжайы көрсетіледі. Конверт бірыңғай дистрибьютордың хабарландыруда көрсетілген мекенжайына жіберілуге және мынадай: «Медициналық техниканы ұзақ мерзімді жеткізу жөніндегі конкурс» және «______ дейін ашуға болмайды (хабарландыруда көрсетілген конверттердің ашылу күні және уақыты көрсетіледі)» деген жазулар болуға тиіс.
133-102. Медициналық техниканы ұзақ мерзімді жеткізу конкурсына қатысу үшін әлеуетті өнім беруші мынадай біліктілік талаптарына сәйкестігін растайды:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген лицензияланатын қызметті орындауға лицензиясының болуы;
2) жасалған шарттар бойынша міндеттемелерді орындауға қажетті қаржылық, материалдық және еңбек ресурстарының болуы;
3) заңды тұлғаның құқық қабілеттілігінің болуы;
4) төлем қабілетінің болуы, таратылуға жатпауы, сатып алуды өткізу кезінде Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес оның қаржылық-шаруашылық қызметі тоқтатылмауы тиіс;
5) отандық тауар өндіруші мәртебесінің болуы;
6) мерзімі үш айдан асқан салық берешегінің болмауы.
133-103. Медициналық техниканы ұзақ мерзiмдi жеткiзу шартын жасасу жөніндегі конкурсқа қатысуға ниет білдірген әлеуетті өнім берушілер мынадай құжаттар тізбесіне сәйкес өтінім береді:
1) осы Ережеге 15-қосымшаға сәйкес нысан бойынша медициналық техниканың (лоттардың) атауы көрсетілген конкурсқа қатысу өтінім;
2) әлеуетті өнім берушіге қойылатын біліктілік талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар:
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген лицензияланатын қызметті орындауға арналған әлеуетті өнім берушінің құқығын растайтын лицензияның не қағаз көшірме түріндегі электрондық құжат лицензиясының нотариат куәландырған көшірмесі;
Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде міндетті аудит жүргізу белгіленген заңды тұлғалардың соңғы қаржы жылындағы аудиторлық есебінің түпнұсқасы немесе нотариат куәландырған көшірмесі. Егер конверттерді ашу ағымдағы жылдың 1 маусымына дейінгі мерзімде жүргізілген жағдайда, соңғы қаржы жылының алдындағы қаржы жылындағы аудиторлық есептің түпнұсқасы немесе нотариат куәландырған көшірмесі ұсынылады;
заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің нотариат куәландырған көшірмесі не заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама;
заңды тұлға үшін Жарғының нотариат куәландырған көшірмесі (жарғыда құрылтайшылардың, қатысушылардың немесе акционерлердің құрамы көрсетілмеген жағдайда, акцияларды ұстаушылардың тізілімінен үзінді көшірме немесе құрылтайшылардың, қатысушылардың құрамы туралы үзінді көшірме немесе құрылтай шартының нотариат куәландырған көшірмесі);
Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес төлем мерзімі ұзартылған жағдайларды қоспағанда, берілгеніне конкурстық өтінімдері бар конверттер ашылатын күннен бұрын бір ай өтпеген салық төлеушінің Қазақстан Республикасы бойынша үш айдан асқан салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша берешегінің жоқ (бар) екені туралы осы салық органының басшысы не басшының орынбасары қол қойған және мөрімен бекітілген анықтама. Көрсетілген анықтама электрондық түрде берілген кезде уәкілетті органның электрондық цифрлық қолтаңбасымен расталады;
әлеуетті өнім берушіге қызмет көрсететін банктің немесе банк филиалының қолы және мөрі қойылған әлеуетті өнім берушінің осы Ережеге 4-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі басқармасының қаулысымен бекітілген Екінші деңгейдегі банктердегі, ипотекалық ұйымдар мен «Қазақстанның даму банкі» акционерлік қоғамындағы бухгалтерлік есеп шоттарының үлгі жоспарына сәйкес банктің немесе банк филиалының алдындағы міндеттемелерінің барлық түрлері бойынша анықтама берілген күннің алдындағы үш айдан асқан мерзімге берешегінің жоқ екені туралы анықтаманың түпнұсқасы (егер әлеуетті өнім беруші бірнеше банктің немесе банк филиалдарының, сондай-ақ шетелдік банктің клиенті болып табылған жағдайда, бұл анықтама осындай банктердің немесе банк филиалдарының әрқайсысынан ұсынылады). Анықтаманың берілгеніне конкурстық өтінімдер салынған конверттер ашылатын күнінің алдында бір ай өтпеуге тиіс. Анықтамаға қол қойған лауазымды тұлғаның өкілеттігін растайтын құжаттың болмауы осындай әлеуетті өнім берушіні біліктілік талаптарына сәйкес емес деп тану үшін негіздеме болып табылмайды;
3) ұсынылатын тауардың нақты техникалық сипаттамалары көрсетілген қағазда және электрондық түрдегі (doc* форматында) техникалық ерекшеліктер;
4) белгіленген үлгідегі ішкі айналысқа арналған тауардың шығуы тегі туралы «CT-KZ» сертификатының түпнұсқасы немесе оның нотариат растаған көшірмесі;
5) медициналық техника өндірісінің ISO халықаралық стандартына сәйкестігін растайтын құжаттың нотариат растаған көшірмесі;
6) ұсынылатын медициналық техниканың осы Ереженің 133-104-тармақтарында көзделген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар.
133-104. Сатып алынатын медициналық техникаға мынадай талаптар қойылады:
1) медициналық техника Кодекске және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіпке сәйкес Қазақстан Республикасында тіркелген;
2) медициналық техниканы таңбалау, тұтынушы қаптамасы және қолдану жөніндегі нұсқаулық Кодекстің және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіптің талаптарына сәйкес келеді;
3) медициналық техника жаңа және бұрын пайдаланылмаған болып табылады, бұл ретте өнім беруші өндірілгеніне медициналық техниканы жеткізу кезінде жиырма төрт айдан аспаған медициналық техниканы ұсыну бойынша міндеттемелерді қабылдайды;
4) өлшеу құралдарына жататын медициналық техника Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесі тізіліміне енгізілуі тиіс.
133-105. Комиссия өтінімдер салынған конверттерді хабарландыруда көрсетілген уақытта, мерзімде және орында ашады.
Комиссия конверттерді ашу кезінде рәсімдерді өткізу орны, уақыты мен күні көрсетілген регламентті әлеуетті өнім берушілердің назарына жеткізеді. Регламент бірыңғай дистрибьютордың интернет-ресурсында да орналастырылады.
133-106. Әлеуетті өнім берушілер не олардың уәкілетті өкілдері өтінімдері бар конверттерді ашу кезінде қатысуға құқылы.
133-107. Өтінімдер салынған конверттерді ашу кезінде комиссия хатшысы қатысып отырған адамдарға конкурсқа қатысушы әлеуетті өнім берушілердің атаулары мен мекенжайларын, әлеуетті өнім берушілердің өтінімдері ұсынылған лоттардың атауларын хабарлайды және бұл ақпаратты өтінімдер салынған конверттерді ашу хаттамасына тіркейді.
133-108. Комиссия конкурстық өтінімдер салынған конверттерді ашқан сәттен бастап он жұмыс күні ішінде әлеуетті өнім берушілер ұсынған конкурстық өтінімдердің біліктілік талаптарына және осы Ереженің талаптарына сәйкестігі тұрғысынан қарайды.
133-109. Комиссия регламентке сәйкес күні мен уақытына сай, бірақ конкурстық өтінімдерді қараудың оныншы жұмыс күнінен кешіктірмей ашу хаттамасын (отырыс өткізу және бірыңғай дистрибьютордың немесе медициналық техниканы сатып алуды ұйымдастырушының интернет-ресурсында орналастыру жолымен) әлеуетті өнім берушілердің назарына жеткізеді, онда мынадай ақпарат көрсетіледі:
1) әлеуетті өнім берушілердің әрқайсысы қатысатын лоттардың нөмірлері көрсетілген, конкурстық өтінімдерді ұсынған әлеуетті өнім берушілердің атауы;
2) әлеуетті өнім берушілердің конкурстық өтінімдерінің мазмұны;
3) конкурстық өтінімдері толықтырулар мен өзгерістерді қажет етпейтін әлеуетті өнім берушілердің атауы;
4) конкурстық өтінімдеріне ескертулер бар әлеуетті өнім берушілердің атауы;
5) әлеуетті өнім берушілердің конкурстық өтінімдеріне ескертулер;
6) комиссия көрсеткен ескертулерді жою үшін толықтырулар енгізу мерзімі;
7) екі конкурстық өтінімнен аз өтінім ұсынылған лоттардың нөмірі.
133-110. Комиссия көрсеткен ескертулерді жою мерзімі ашу хаттамасы жария етілген күнді қоспағанда, үш жұмыс күнін құрайды.
133-111. Ескертулер жойылғаннан кейін конкурстық өтінім беру кезінде қойылатын талаптарға сәйкес ресімделген толықтырулар түріндегі өзгертілген конкурстық өтінім ашу хаттамасында көрсетілген өзгерістерді енгізу мерзімінің соңғы жұмыс күні сағат 15.00-ге дейін комиссияның хатшысына ұсынылады
133-112. Толықтырулары бар конверттерді ашуды өзгерістер енгізу мерзімі аяқталған күні 15 сағат 30 минутта комиссия жүзеге асырады. Әлеуетті өнім берушілер не олардың уәкілетті өкілдері конкурстық өтінімдерге толықтырулар салынған конверттерді ашу кезінде қатысуға құқылы.
133-113. Өзгерістер енгізуге ұсынылған конкурстық өтінімдердің толықтырулары зерделенгеннен кейін комиссия регламентке сәйкес күні мен уақытта, бірақ толықтырулар салынған конверттер ашылатын күнінен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, ең көп жеңілдікті айқындау рәсіміне рұқсат берілген әлеуетті өнім берушілердің тізбесін хабарлайды.
133-114. Әлеуетті өнім берушілерге ең көп жеңілдікті айқындау рәсіміне рұқсат беру хаттамасына комиссия ең көп жеңілдікті анықтау рәсіміне рұқсат берілген әлеуетті өнім берушілердің тізбесін жария еткен күні қол қояды. Бірыңғай дистрибьютор рұқсат беру хаттамасына комиссия мүшелері қол қойған соң бір жұмыс күнінен кейін оны өзінің интернет-ресурсында орналастырады. Рұқсат беру хаттамасында мынадай ақпарат қамтылады:
1) конкурстық өтінімдер ұсынған әрбір әлеуетті өнім берушілердің әрқайсысы қатысатын лоттардың нөмірлері көрсетілген әлеуетті өнім берушілердің атауы;
2) әлеуетті өнім берушілердің конкурстық өтінімдерінің мазмұны;
3) конкурстық өтінімдерге ескертулер болмаған әлеуетті өнім берушілердің атауы;
4) конкурстық өтінімдерге комиссияның ескертулері болған әлеуетті өнім берушілердің атауы, сондай-ақ өтінімдерге толықтырулар ұсыну туралы ақпарат;
5) ең көп жеңілдікті анықтау рәсіміне әлеуетті өнім берушілерге рұқсат беру туралы комиссияның шешімі.
ҚР Үкіметінің 2016.27.01. № 33 Қаулысымен 133-115-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
133-115. Ұсынылған өзгерістерді зерделегеннен кейін комиссия, егер:
1) ұсынылған өтінім осы Ереженің 133-103-тармағының талаптарына сәйкес келмейтін болса;
2) әлеуетті өнім беруші 133-102-тармақта көзделген біліктілік талаптарына сәйкес келмесе;
3) әлеуетті өнім беруші ұсынған медициналық техника 133-104-тармақта көзделген талаптарға сай болмаса;
4) сараптама комиссиясы әлеуетті өнім беруші ұсынған медициналық техниканы техникалық сипаттаманың (техникалық ерекшеліктің) талаптарына сәйкес келмейді деп таныса;
5) ұсынылған техникалық ерекшелікте ұсынылып отырған медициналық техниканың техникалық сипаттамасы дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың және медициналық техниканың айналысы саласындағы мемлекеттік сараптама ұйымының сайтында орналасқан, тіркеу куәлігінде және (немесе) тіркеу құжаттамасында көрсетілген техникалық сипаттамаға және (немесе) жинақтауышқа сәйкес келмесе, өтінімді толықтай не лоттар бойынша қайтарады.
133-116. Конкурсқа лот бойынша тек бір ғана отандық өндіруші қатысқан жағдайда, ол Ереженің 11-4-тарауында көзделген біліктілік және өзге де талаптарға сәйкес келген кезде онымен автоматты түрде ұзақ мерзімді шарт жасалады.
133-117. Лот бойынша бәсекелес орта болған жағдайда, комиссия жеңімпазды ең жоғары баға жеңілдігі рәсімі бойынша айқындайды.
133-118. Бірыңғай дистрибьютордың интернет-ресурсында рұқсат беру хаттамасын орналастырған күннен бастап бір жұмыс күнінен кейінгі жұмыс күні сағат 10.00-де (Астана қаласының уақытымен) комиссия ең көп баға жеңілдігі рәсіміне қатысатын әлеуетті өнім берушілерден баға жеңілдіктерін қабылдауды бастайды.
133-119. Әлеуетті өнім беруші баға жеңілдігін беруге уәкілетті тұлғасының қатысуын қамтамасыз етеді.
133-120. Әлеуетті өнім берушінің бастапқы баға жеңілдігі әлеуетті өнім берушінің мөрімен расталған және бірінші басшының немесе осындай баға жеңілдігіне қол қоюға уәкілетті адамның қолы қойылған лот бойынша баға жеңілдігі көрсетіле отырып, жазбаша түрде ұсынылады.
Баға жеңілдігінің ең төменгі қадамы 1 %-ды (бір пайыз) құрайды.
133-121. Қандай да бір лот бойынша әлеуетті өнім беруші бастапқы баға жеңілдігін ұсынбаған жағдайда, әлеуетті өнім беруші осы лот бойынша түпкілікті баға жеңілдігін ұсыну мүмкіндігінен айырылады және тиісті лот бойынша ең көп баға жеңілдігін айқындау рәсіміне қатысудан шеттетіледі.
133-122. Егер тиісті лот бойынша ең көп шартты баға жеңілдігін айқындау рәсіміне қатысудан шеттетілу нәтижесінде бір ғана әлеуетті өнім беруші қалса, соңғысы жеңімпаз деп танылады.
133-123. Комиссия хатшысы әлеуетті өнім берушілер ұсынған барлық баға жеңілдіктерін, соның ішінде лот бойынша ең көп шартты баға жеңілдігін жариялайды және оларға бастапқы шартты баға жеңілдігін арттыруға ұсыныс жасайды.
133-124. Түпкілікті баға жеңілдіктерін қабылдау уақыты комиссия хатшысының осындай баға жеңілдіктерін қабылдаудың басталғаны туралы хабарлаған кезінен бастап бес минутқа дейінгі уақытты құрайды.
133-125. Егер бастапқы баға жеңілдігін ұсынған әлеуетті өнім беруші түпкілікті баға жеңілдігін ұсынбаса, комиссия оның бастапқы баға жеңілдігін түпкілікті ретінде қабылдайды.
133-126. Ең жоғары баға жеңілдігін айқындау рәсімі ең жоғары баға жеңілдігі біреу болған жағдайда түпкілікті болып табылады.
133-127. Лот бойынша бірдей екі түпкілікті баға жеңілдігі болған жағдайда, жеңімпаз «СТ КZ»-ға сәйкес қазақстандық қамтудың ең көп үлесі бойынша айқындалады.