Аурулардың қайталама профилактикасы аурулардың ерте сатыларында өршуінің және олардың зардаптарының алдын алуға бағытталған.
Аурулардың жалғаспалы профилактикасы өршіп кеткен асқынуды, ағзалар мен тіндердің зақымдануын бақылауға бағытталған.
154-бап. Салауатты өмір салтын қалыптастыру
1. Салауатты өмір салтын қалыптастыру денсаулықты нығайту және өмір салтымен байланысты аурулардың алдын алу мәселелерінде халықты ақпараттық қамтамасыз ету, гигиеналық оқыту мен тәрбиелеу жолымен салауатты өмір салтын насихаттауды, дұрыс тамақтануды және аурулардың профилактикасын қамтиды.
2. Салауатты өмір салтын қалыптастыруды денсаулық сақтау субъектілері уәкілетті органның үйлестіруімен және әдістемелік басшылығымен басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, халықаралық ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің қатысуымен қамтамасыз етеді.
155-бап. Медициналық тексеріп-қарау
1. Медициналық тексеріп-қараудың негізгі мақсаты денсаулықты қалыптастыруға және нығайтуға, ауруларды анықтауға және таралуының алдын алуға, оның ішінде кәсіптік аурулардың, уланулардың, жазатайым оқиғалардың алдын алуға, сондай-ақ ұйымдар қызметкерлерінің, қандай да бір шаруашылық және (немесе) өндірістік қызметті жүзеге асыратын адамдардың еңбек қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтауды қамтамасыз етуге бағытталған уақтылы медициналық зерттеп-қарауды қамтамасыз ету болып табылады.
2. Медициналық тексеріп-қарау міндетті және профилактикалық болуы мүмкін.
3. Міндетті медициналық тексеріп-қарау алдын ала және мерзімдік болып бөлінеді.
Алдын ала міндетті медициналық тексеріп-қарау кәсібі немесе оқуы бойынша міндеттерін орындауға жарамдылығын анықтау, сондай-ақ жалпы, кәсіптік аурулардың алдын алу мен инфекциялық және паразиттік ауруларды таратпау мақсатында жұмысқа тұру немесе оқуға түсу кезінде жүргізіледі.
Мерзімдік міндетті медициналық тексеріп-қарау жұмыс істеушілердің денсаулық жағдайын динамикалық байқауды қамтамасыз ету, аурулардың бастапқы белгілерін уақтылы анықтау, жалпы, кәсіптік аурулардың алдын алу мен инфекциялық және паразиттік ауруларды тараптау мақсатында жүргізіледі.
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Міндетті медициналық қарап тексеру өткізілетін зиянды өндірістік факторлардың, кәсіптердің тізбесін, сондай-ақ осы қарап тексеруді өткізудің тәртібі мен кезеңділігін уәкілетті органмен келісу бойынша халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган белгілейді.
5. Жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес мерзімдік міндетті медициналық тексеріп-қарауға жататын қызметкерлердің осындай тексеріп-қараудан уақтылы өтуін қамтамасыз етеді.
6. Профилактикалық медициналық тексеріп-қарау жаппай және іріктелген болып бөлінеді.
Жаппай профилактикалық медициналық тексеріп-қарау ауруларды ерте сатыларында анықтау және аурулардың өршуінің, аурулардың пайда болуына әсер ететін қатер факторларының алдын алу, халықтың денсаулығын қалыптастыру және нығайту мақсатында халықтың нысаналы топтарына жаппай әдіспен жүргізіледі.
Іріктеп медициналық тексеріп-қарау белгілі бір аурудан зардап шегетін немесе қатер тобына жататын азаматтарды динамикалық байқау, олардың ауруларын емдеу және денсаулығын қалпына келтіру жөніндегі іс-шаралар кешенін жүзеге асыру мақсатында жүргізіледі.
7. Профилактикалық медициналық тексеріп-қарауға жататын адамдардың нысаналы топтарын, сондай-ақ осындай тексеріп-қарауды өткізудің тәртібі мен кезеңділігін уәкілетті орган олардың тиімділігі, қауіпсіздігі және экономикалық тұрғыдан орындылығы туралы дәлелденген ғылыми деректер негізінде белгілейді.
8. Жұмыс берушілер Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесіне сәйкес осындай тексеріп-қарауға жататын адамдардың профилактикалық медициналық тексеріп-қараудан өтуі үшін жағдай жасайды.
9. Өндірістік және шаруашылық қызмет саласында жұмыспен айналысатын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар алдын ала немесе мерзімдік медициналық тексеріп-қараудан өтпеген немесе денсаулық жағдайына байланысты жұмысқа жарамсыз деп танылған адамдарды жұмысқа жібермеуге тиіс.
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 10-тармақ өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 10-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
10. Жеке медициналық кітапшаларды беру, есепке алу мен жүргізу тәртібін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайды.
11. Міндетті және профилактикалық медициналық тексеріп-қараудың уақтылы өткізілуі мен оны уақтылы өтуді халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласында, медициналық қызметтер көрсету саласында қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік органдар және еңбек жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік еңбек инспекторлары бақылайды.
156-бап. Профилактикалық егуді жүргізу
1. Қазақстан Республикасының аумағында жүрген жеке тұлғалар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы профилактикалық егілуге міндетті.
2. Профилактикалық егу жүргізілетін аурулардың тізбесін, тәртібін, оларды жүргізу мерзімдерін және жоспарлы түрде егілуге жататын халықтың топтарын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Профилактикалық (иммундық-биологиялық, диагностикалық, дезинфекциялаушы) препараттарды сақтау, тасымалдау және пайдалану халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылуға тиіс.
4. Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары сатып алатын профилактикалық (иммундық-биологиялық, диагностикалық, дезинфекциялаушы) препараттарды сақтау уәкілетті органның қоймаларында жүзеге асырылады.
157-бап. Инфекциялық емес аурулардың, оның ішінде кәсіптік аурулардың және жарақаттанудың профилактикасы
1. Инфекциялық емес аурулардың, оның ішінде кәсіптік аурулардың профилактикасы:
1) мынадай:
салауатты өмір салтын және дұрыс тамақтануды насихаттау;
бұқаралық ақпарат құралдары, аурулар профилактикасы мәселелері бойынша оқыту бағдарламалары арқылы халықты хабардар ету;
созылмалы инфекциялық емес аурулардан зардап шегетін адамдарды өзіне-өзі көмек көрсетудің қажетті әдістеріне үйрету жөніндегі денсаулық мектептерін ұйымдастыру жолымен аурулар қатерінің мінез-құлық факторларының профилактикасын және халықтың медициналық сауаттылығын арттыруды;
2) алғашқы медициналық-санитариялық көмек мамандарының бекітілген тұрғындардың аурулар қатері факторларына, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласында қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мамандарының - жұмыс істейтіндердің кәсіптік ауруларына жүргізетін мониторингін;
3) мемлекеттік органдардың өз өкілеттігі шегінде, өзге де органдар мен ұйымдардың, сондай-ақ дара кәсіпкерлердің аурулар қатерінің өндірістік факторлары әсерін барынша азайтуды;
4) созылмалы инфекциялық емес, оның ішінде кәсіптік аурулары бар адамдарды халыққа медициналық тексеріп-қарау жүргізу, оларды дәрігерге ертерек қаралуға уәждеу арқылы анықтауды;
5) азаматтардың жекелеген санаттарын амбулаториялық дәрілік қамтамасыз етуді, қалпына келтіріп емдеу мен медициналық-әлеуметтік оңалтуды қоса алғанда, созылмалы, оның ішінде кәсіптік аурулары бар адамдарды динамикалық байқауды және уақтылы сауықтыруды;
6) уәкілетті орган бекітетін тәртіпке сәйкес, медициналық қорытындыда көрсетілген мерзімге денсаулық жағдайына байланысты неғұрлым жеңіл жұмысқа уақытша ауыстыруды қамтиды.
2. Жарақаттанудың профилактикасын сектораралық деңгейде мемлекеттік органдар - өз өкілеттіктері шегінде, жеке және заңды тұлғалар жүзеге асырады.
158-бап. Психикаға белсенді әсер ететін заттарға тәуелділіктің профилактикасы
1. Психикаға белсенді әсер ететін заттарға тәуелділіктің профилактикасы:
1) психикаға белсенді әсер ететін заттарға тәуелділіктің зияны, сондай-ақ оларды тұтынудың медициналық-әлеуметтік-құқықтық аспектілері туралы білімді насихаттауды;
2) психикаға белсенді әсер ететін заттар айналысы саласындағы жарнамаға тыйым салуды, психикаға белсенді әсер ететін заттарды әзірлеу, дайындау және пайдалану тәсілдері, әдістері, оларды сатып алу орындары туралы насихаттауға тыйым салуды, сондай-ақ мамандандырылған медициналық басылымдарда құрамында есірткі, психотроптық заттар мен прекусорлар бар дәрілік препараттар үлгілерінің жарнамасын шектеуді;
3) психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынудан туындаған психикасының және мінез-құлқының бұзылушылығы (ауруы) бар қатер тобындағы адамдарды профилактикалық байқауды және есепке алуды;
4) психикаға белсенді әсер ететін заттарға тәуелділіктен зардап шегуші адамдарды ерікті түрде, жасырын емдеуді;
5) нашақорлықпен ауыратындарды ерікті түрде медициналық-санитариялық оңалтуды қамтиды.
2. Психикаға белсенді әсер ететін заттарға тәуелділіктің профилактикасын барлық жеке және заңды тұлғалар өздерінің құқықтары шегінде жүзеге асырады.
159-бап. Темекі шегушіліктің, алкоголизмнің профилактикасы және оны шектеу
2014.18.06. № 210-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Темекі шегушіліктің, алкоголизмнің профилактикасы және оны шектеу халықтың денсаулығын сақтауға, темекі бұйымдарын, алкоголь өнімін сатып алуға құқылы адамдар үшін жас мөлшерін шектеуді енгізу, темекі шегушілікке, алкоголь өнімін тұтынуға халықтың өмір мен денсаулық үшін аса қауіпті фактор ретіндегі көзқарасын қалыптастыруға, темекі шегушіліктің, алкоголизмнің таралуының профилактикасы жөнінде келісілген іс-шаралар жүргізуге бағытталған.
2. Темекі бұйымдарын:
1) он сегіз жасқа дейінгі адамдарға сатуға және олардың сатуына;
2) темекі бұйымының ашық қорабынан немесе бір-бірлеп сатуға;
3) сатушының тікелей қатысуынсыз, сауда автоматтары, өзге де электрондық немесе механикалық қондырғылар арқылы;
2014.03.07. № 229-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) денсаулық сақтау, білім беру, дене шынықтыру мен спорт ұйымдарының ғимараттарында және аумақтарында;
5) өнім сапасын растайтын тиісті құжаттарсыз;
6) акциздік таңбалармен немесе есепке алу-бақылау таңбаларымен таңбалаусыз;
7) егер темекі бұйымының қорабында жиырма сигареттен кем болса;
8) тармақшаның күшіне енетін мерзімін қара
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 8) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8) темекі бұйымының қорабына, темекі бұйымының қаптамасына шайырлы заттардың, никотиннің құрамы, құрамының деңгейі туралы және кемінде үш зиянды қосынды - жүйелік улар, канцерогендік және мутагендік заттар туралы мәліметтер енгізілмесе сатуға тыйым салынады. Темекі бұйымының қорабына, темекі бұйымының қаптамасына шайырлы заттардың, никотиннің құрамы, олардың деңгейі және жүйелік улар, канцерогендік және мутагендік заттар туралы мәліметтерді орналастыру тәртібін уәкілетті орган бекітеді;
9) темекі бұйымының қорабына темекі шегушіліктің зияны туралы ескерту енгізілмесе;
10) тармақшаның күшіне енетін мерзімін қараңыз
10) темекі бұйымының қорабына, темекі бұйымының қаптамасына он сегіз жасқа толмаған адамдарға сатуға тыйым салынғаны туралы жазба енгізілмесе;
11) тармақшаның күшіне енетін мерзімін қараңыз
11) темекі бұйымының қорабында, темекі бұйымының қаптамасында «құрамында шайыр аз», «жеңіл», «өте жеңіл» немесе «жұмсақ» деген сөздер не басқаларымен салыстырғанда темекі бұйымының зияны аз екені туралы жалған әсер қалдыратын өзге де, оның ішінде шетел тілдерінде сөз тіркестері болса;
12) өзіне-өзі қызмет көрсету сөрелерінен;
13) басқа да тауарлармен жиынтық құрамда болса;
14) балалар ассортименті тауарларының саудасы жүзеге асырылатын сауда ұйымдарының үй-жайларында сатуға тыйым салынады.
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Темекі бұйымдарын сату жүзеге асырылатын орындардағы көрнекі жерде мынадай мазмұндағы: «Темекі бұйымдарын он сегіз жасқа дейінгі адамдарға сатуға және олардың сатуына тыйым салынады» деген жазба, сондай-ақ темекі шегудің зияны туралы уәкілетті орган бекіткен ескерту орналастырылуға тиіс.
4. Темекі бұйымдарының саудасын жүзеге асыратын адамдар жас шамасы сырт келбетіне қарағанда он сегізден жасырақ көрінетін азаматтарға темекі бұйымдарын сату кезінде:
1) сатып алушының шын мәніндегі жасын анықтау мақсатында жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуін талап етуге;
2) егер жеке басын куәландыратын құжат көрсетілмесе, темекі бұйымдарын сатудан бас тартуға міндетті.
5. Темекі шегуге:
1) білім беру ұйымдарында, сондай-ақ кәмелетке толмаған адамдардың демалуына арналған ұйымдарда;
2) денсаулық сақтау ұйымдарында;
3) қоғамдық тамақтану орындарында;
4) кинотеатрларда, театрларда, цирктерде, концерт, көру және көрме залдарында, спорт ареналарында және көпшіліктің демалуына арналған басқа да жабық ғимараттарда, соның ішінде түнгі клубтарда, дискотекаларда;
5) мұражайларда, кітапханаларда және лекторийлерде;
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6) поездар мен теңіз және өзен көлігі кемелерінде белгіленбеген жерлерде;
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 6-1) тармақшамен толықтырылды
6-1) әуе кемесінің бортында, жолаушыларды тасымалдауды жүзеге асыру кезінде автобустар, шағын автобустар, троллейбустар, таксилер және қалалық рельстік көлік салондарында;
7) әуежайлардың, темір жол, автомобиль және су вокзалдарының ғимараттарында;
8) мемлекеттік органдар мен ұйымдарда;
9) жұмыс орындары болып табылатын үй-жайларда;
10) үйлердің кіреберістерінде тыйым салынады.
6. Темекі шегу үшін арнайы жабдықталған орындар бөлінген болса, осы баптың 5-тармағының 3), 6), 7) тармақшаларында көзделген нормалар қолданылмайды.
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7. Темекі шегу үшін арнайы бөлінген орындар халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган белгілеген талаптарға сәйкес жабдықталуға тиіс.
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 8-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8. Темекі бұйымдарын өндіруші, импорттаушы темекінің және темекі бұйымдарының барлық маркаларында никотиннің және шайырлы заттардың рұқсат етілетін шекті құрамы бойынша зертханалық зерттеулердің нәтижелері туралы, өткен он екі айда Қазақстан Республикасының аумағында өздері шығарған немесе шығаруды ниет еткен, сатқан немесе өзге де жолдармен таратқан темекі бұйымдарының ингредиенттері туралы есептерді жыл сайын келесі жылдың 1 ақпанына дейін уәкілетті орган бекіткен тәртіппен ұсынуға міндетті.
9. Темекі бұйымдарын өндіруші, импорттаушы темекі бұйымдарындағы никотиннің, шайырлы заттардың және басқа да зиянды қосындылар - жүйелік улардың, канцерогендік және мутагендік заттардың болуын зерттеуді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аккредиттелген зертханаларда өз есебінен жүргізеді.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 10-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
10. Құрамындағы никотин және шайырлы заттар уәкілетті орган айқындайтын жол берілетін шекті деңгейлерден асатын темекі бұйымдарын әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салынады.
11. Темекі бұйымдарын имитациялайтын тауарларды өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салынады.
12. Темекі шегуге тыйым салынған орындарда темекі шегуге тыйым салынғаны туралы белгі орнатылуға тиіс.
13-тармақтың күшіне енетін мерзімін қараңыз
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 13-тармақ өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 13-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
13. Темекі бұйымының қорабында, темекі бұйымының қаптамасында уәкілетті орган бекіткен темекі шегудің зияны туралы ескерту болуға және ол мынадай талаптарға сәйкес келуге:
1) темекі бұйымы қорабының, темекі бұйымы қаптамасының ауданы бойынша әрбір үлкен жағының кемінде қырық пайызын алуға;
2) жылтыр орауыш пленкаға немесе қандай да бір сыртқы орауыш материалға басылмауға;
3) сурет (пиктограмма, графика) және жазулар түрiнде орындалуға тиіс.
2014.18.06. № 210-V ҚР Заңымен 14-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
14. Бөлшек саудада:
1) алкоголь өнімін жиырма бiр жасқа дейiнгi адамдарға;
2) мейрамханаларда, барлар мен дәмханаларда өткізуді қоспағанда, алкоголь өнімін:
сағат 23-тен келесі күнгі 8-ге дейін;
этил спиртінің отыз пайыздан асатын көлемдік үлесімен сағат 21-ден келесі күнгі 12-ге дейін;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де жағдайларда өткізуге тыйым салынады.
160-бап. Темір тапшылығы жай-күйінің профилактикасы
1. Темір тапшылығы анемиясы - организмге тамақ өнімдері құрамында темірдің жеткіліксіз түсуіне және онда жеткіліксіз қорытылуына, асқазан-ішек жолдарының, несеп-жыныс жүйесінің және қан жүйесінің кейбір созылмалы аурулары кезінде темірді жоғалтудың көбеюіне, темірге деген қажеттіліктің артуына байланысты болатын организмнің патологиялық процесі.
2. Темір тапшылығы жай-күйінің профилактикасы жөніндегі іс-шаралар:
1) мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасында байытылған тамақ өнімдерінің өндірісіне, оларды әкелуге, әкетуге, өткізуге және айналымының басқа да сатыларындағы қозғалысына қойылатын талаптарды қамтамасыз ету мен сақтау жолындағы жауапкершілігі;
2) халықтың нысаналы топтарын құрамында темір бар препараттармен профилактикалық қамтамасыз ету;
3) темір тапшылығы анемиясынан зардап шегетін адамдардың денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық көмек алуға қол жеткізуі;
4) ұнды және өзге де тамақ өнімдерін құрамында темір бар витаминдермен, минералдармен және басқа да заттармен байыту (фортификациялау) принциптерімен жүзеге асырылады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Қазақстан Республикасының аумағында сатылатын жоғары және бірінші сортты бидай ұны міндетті түрде құрамында темір бар витаминдермен, минералдармен және басқа да заттармен байытылуға (фортификациялануға) жатады.
Тамақ өнімін байыту (фортификациялау) тәртібін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайды.
161-бап. Йод тапшылығы ауруларының профилактикасы
1. Йод тапшылығы ауруларының профилактикасы жөніндегі іс-шаралар:
1) мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасында йодталған ас тұзы мен жемдік тұз өндірісіне, оларды әкелуге, әкетуге, өткізуге қойылатын талаптарды қамтамасыз ету мен сақтау жолындағы жауапкершілігі;
2) йод тапшылығы ауруларынан зардап шегетін адамдардың денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық көмек алуға қол жеткізуі;
3) йодталған ас тұзының және йод қосындыларымен байытылған басқа да тамақ өнімінің зиянды әсерінің салдарынан денсаулығынан айырылған жағдайда, азаматтардың құқықтарын қорғау принциптерімен жүзеге асырылады.
2. Ас тұзын және жемдік тұзды йодтау Қазақстан Республикасының йод тапшылығы ауруларының профилактикасы туралы заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
7-Бөлім. донорлық және транспланттау
26-тарау. Қан мен оның компоненттерінің донорлығы
162-бап. Донорлық, қан, оның компоненттерін және препараттарын дайындау
1. Қан мен оның компоненттерінің донорлығы (бұдан әрі - донорлық) - қан мен оның компоненттерін медициналық мақсаттар үшін тапсыру (донациялау) арқылы азаматтардың денсаулығын сақтауға донорлардың ерікті түрде қатысуы.
2. Донорлық донорды медициналық куәландыру, одан қан алып дайындау, қанның компоненттерін бөлу және сақтау жөніндегі іс-шаралар кешенін қамтиды.
3. Қан мен оның компоненттерін дайындау процесі мыналарды қамтиды:
1) қан тапсыру (донациялау) - донор тапсыратын қанды біржолғы бөліп алу;
2) плазма тапсыру (донациялау) - қан плазмасын плазмаферез әдісімен біржолғы бөліп алу.
Алынатын плазманы иммундық сипаттамаларына қарай былайша ерекшелеп бөледі:
қан препараттары мен диагностикалық реагенттер өндіру үшін пайдаланылатын, белгілі бір концентрациядағы өзіндік белок құрылымдары (изоиммундық қарсы денелер) бар изоиммундық плазма;
құрамында табиғи немесе жасанды түрдегі белгілі бір концентрациядағы өзіндік белок құрылымдары (изоиммундық қарсы денелер) бар, ауруларды қоздырғыштардың белгілі бір түрлеріне нысаналы түрде емдік өзара іс-әрекет жасау қасиеті бар иммундық плазма. Иммундық плазма реципиентке құю немесе қан препараттарын өндіру үшін пайдаланылады;
3) жасушалар тапсыру (донациялау) - донор қанының жасушаларын цитаферез әдісімен біржолғы бөліп алу.
4. Қанды дайындау және өңдеу процесінде:
1) қан компоненттері - қанның одан жасушалар және жасушасыз орта түрінде бөлініп алынған құрамдас бөліктері;
2) қан препараттары - қан компоненттерін өңдеу кезінде алынған дәрілік заттар алынады.
5. Қанды, оның компоненттерін дайындау, өңдеу, сақтау, өткізу номенклатурасын, қағидаларын, сондай-ақ қанды, оның компоненттері мен препараттарын сақтау, құю қағидаларын уәкілетті орган бекітеді.
163-бап. Донорлық, қанды, оның компоненттері мен препараттарын дайындау саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары мен өзге де ұйымдар
1. Қан мен оның компоненттерін дайындауды, өңдеуді, сақтауды және өткізуді тиісті лицензиясы бар мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдары жүзеге асырады.
2. Қан препараттарын өндіруді тиісті лицензиясы бар ұйымдар жүзеге асырады.
3. Донорлық, қанды, оның компоненттері мен препараттарын дайындау саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары мен өзге де ұйымдар олардың сапасы үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылықта болады.
4. Қазақстан Республикасының аумағында төтенше немесе соғыс жағдайы енгізілген жағдайда, донорлықты ұйымдастыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
164-бап. Донорлық қанның, оның компоненттері мен препараттарының қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету
1. Донорлық қан мен оның компоненттерінің қауіпсіздігі карантиндеу, вирусинактивациялау, радиациялық сәулелендіру және Қазақстан Республикасының аумағында рұқсат етілген басқа да әдістер арқылы қамтамасыз етіледі.
2. Донорлық қан мен оның компоненттері уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен сапасын бақылауға жатады.
3. Тиісінше таңбаланбаған донорлық қанды, оның компоненттерін, препараттарын пайдалануға және өткізуге тыйым салынады.
4. Донорлық қанды, оның компоненттерін және препараттарын құюды жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары мен медицина қызметкерлері оларды қауіпсіз қолдану жөніндегі тиісті талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
165-бап. Донор, оның құқықтары мен міндеттері
1. Тиісті медициналық зерттеп-қараудан өткен және қарсы айғақтары жоқ, медициналық мақсатта қан мен оның компоненттерін тапсыруды (донациялауды) жүзеге асыруға ерікті түрде ниет білдірген он сегіз жастан асқан жеке тұлға донор болуға құқылы.
2. Донор:
1) қан мен оның компоненттерін тапсыруды (донациялауды) өтеусіз жүзеге асыруға;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) қан мен оның компоненттерін уәкілетті орган белгілеген мөлшерде ақылы тапсыруды (донациялауды) жүзеге асыруға;
3) медициналық зерттеп-қарау нәтижелерімен танысуға;
4) осы Кодекске сәйкес көтермеленуге құқылы.
2014.03.07. № 227-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Донор қазіргі немесе бұрын ауырған барлық аурулары туралы өзіне белгілі мәліметтерді, сондай-ақ есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестер мен прекурсорларды пайдаланғаны туралы хабарлауға міндетті.
166-бап. Донорды медициналық зерттеп-қарау
1. Донор қан мен оның компоненттерін тапсыру (донациялау) алдында уәкілетті орган белгілеген тәртіппен міндетті тегін медициналық зерттеп-қараудан өтеді.
2. Донорлық функцияны жүзеге асыру үшін денсаулық жағдайы туралы анықтамалар мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында тегін беріледі.
167-бап. Донорға берілетін кепілдіктер
1. Донор болып табылатын қызметкерді медициналық зерттеп-қарау және қан мен оның компоненттерін тапсыру (донациялау) күндері жұмыс беруші орташа айлық жалақысын сақтай отырып, жұмысынан босатады.