136-бап. Иондаушы сәулеленудің әсеріне ұшыраған азаматтарға медициналық көмек көрсету
1. Иондаушы сәулеленудің әсеріне ұшыраған азаматтар медициналық көмекті Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес алады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Иондандырушы сәулеленудің әсеріне ұшыраған азаматтардың қаны мен тіндерін алу, сақтау және пайдалану тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
137-бап. Экологиялық зілзала салдарынан зардап шеккен азаматтарға медициналық көмек көрсету
1. Экологиялық зілзала салдарынан зардап шеккен азаматтарға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген адамдар санаты жатады.
2. Экологиялық зілзала салдарынан зардап шеккен азаматтар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес медициналық көмек алады.
138-бап. Бас бостандығы шектеулі азаматтарға медициналық көмек көрсету
Бас бостандығы шектеулі, сондай-ақ сот үкімі бойынша жазасын бас бостандығынан айыру орындарында өтеп жүрген, арнайы мекемелерге орналастырылған азаматтарға медициналық көмек уәкілетті орган және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өз құзыреті шегінде өзге де мемлекеттік органдар айқындайтын тәртіппен көрсетіледі.
2014.03.07. № 229-V ҚР Заңымен 138-1-баппен толықтырылды
138-1-бап. Спортшылар мен жаттықтырушыларға медициналық көмек көрсету
1. Спортшылар мен жаттықтырушыларды медициналық қамтамасыз ету және оларға медициналық көмек көрсету уәкілетті органмен келісу бойынша дене шынықтыру мен спорт саласындағы уәкілетті орган бекітетін тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады.
2. Уәкілетті органмен келісу бойынша дене шынықтыру мен спорт саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіпке сәйкес медициналық тексеруден өтпеген спортшылар спорттық жарыстарға жіберілмейді.
23-тарау. Денсаулық сақтау саласындағы жекелеген қатынастарды реттеу
139-бап. Хирургиялық араласу, қан, оның компоненттерін құю және диагностиканың инвазиялық әдістерін қолдану тәртібі
1. Хирургиялық араласу, қан, оның компоненттерін құю және диагностиканың инвазиялық әдістерін қолдану науқастардың жазбаша келісімімен қолданылады.
Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған, психикасының бұзылуынан (ауруынан) зардап шегуші науқастарға және кәмелетке толмаған адамдарға хирургиялық араласу, қан мен оның компоненттерін құю, диагностиканың инвазиялық әдістері олардың заңды өкілдерінің жазбаша келісімімен жасалады.
2. Медицина қызметкерлері өмірді сақтау айғақтары бойынша хирургиялық араласуға кірісіп кеткен және оны тоқтату пациенттің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруіне байланысты мүмкін болмаған жағдайларды қоспағанда, келісім кері қайтарып алынуы мүмкін.
3. Хирургиялық араласуды, қан мен оның компоненттерін құюды, диагностиканың инвазиялық әдістерін қолдануды кідірту науқастың өміріне қауіп төндіретін, ал науқастың немесе оның заңды өкілдерінің келісімін алу мүмкін болмаған жағдайларда, дәрігер немесе консилиум науқасты немесе оның заңды өкілдерін қолданылған шаралар туралы кейіннен хабардар ете отырып, шешім қабылдайды.
140-бап. Биологиялық өлімді анықтау. Өмірге дем беру жөніндегі жасанды шараларды тоқтату жағдайлары
1. Биологиялық өлім өмірлік маңызды функциялар біржола тынатын, организм тіршілігінің тоқтауын білдіреді.
2. Биологиялық өлімді медицина қызметкері мынадай белгілердің жиынтығы негізінде растайды:
1) жүрек қызметінің тоқтауы;
2) тыныс алудың тоқтауы;
3) орталық жүйке жүйесі жұмысының тоқтауы.
3. Өмірге дем беру жөніндегі жасанды шаралар тек қана:
1) биологиялық өлім расталған;
2) консилиум бас миының біржола семуін тіркеген кезде, жақын туыстарының және (немесе) заңды өкілдерінің бірауызды жазбаша келісімі болған кезде тоқтатылуы мүмкін.
141-бап. Эвтаназия
Эвтаназияны жүзеге асыруға тыйым салынады.
142-бап. Анатомиялық сый
1. Анатомиялық сый - әрекетке қабілетті адамның өз тіндерін және (немесе) ағзаларын (ағзаларының бөліктерін) тірі кезінде де, қайтыс болғаннан кейін де өз еркімен құрбандық етуі, оны тиісінше ресімдеген шарты немесе өсиеті арқылы адам жүзеге асырады.
2. Анатомиялық сый туралы деректер жария етуге жатпайды.
3. Өсиет етілген тіндерден және (немесе) ағзалардан (ағзалардың бөліктерінен) басқа, табылған күннен бастап қырық бес күн ішінде танылмаған және сұрауы болмаған адамдардың мәйіттері де анатомиялық сый ретінде танылады.
4. Анатомиялық сый биологиялық-медициналық зерттеулер жүргізу үшін ғылыми, ғылыми-практикалық және оқу мақсаттарында пайдаланылуы мүмкін.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Анатомиялық сыйды жасау және оны денсаулық сақтау ұйымдарына берудің тәртібі мен шарттарын уәкілетті орган айқындайды.
6-Бөлім. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызмет және қоғамдық денсаулықты сақтау
24-тарау. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызмет
143-бап. Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жүйесі
Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің бірыңғай жүйесіне:
1) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік орган;
2) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын өзге де мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелері;
3) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік ұйымдар кіреді.
144-бап. Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық нормалау
1. Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық нормалау санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің жұмысы болып табылады және ол:
1) санитариялық-эпидемиологиялық нормалау құжаттарының негіздемесі бойынша бірыңғай талаптарды әзірлеуді және олардың әзірленуін бақылауды;
2) санитариялық-эпидемиологиялық нормалау құжаттарын әзірлеуді (қайта әзірлеуді), сараптауды, бекіту мен жариялауды;
3) санитариялық-эпидемиологиялық нормалау құжаттарын зерделеуді, қолданылу практикасын қорытуды, олардың қолданылуын бақылауды;
4) санитариялық-эпидемиологиялық нормалау құжаттарының бірыңғай деректер банкін қалыптастыру мен жүргізуді;
5) санитариялық-эпидемиологиялық нормалау құжаттарын жалпыға бірдей қабылданған халықаралық талаптармен үйлесімді етуді қамтиды.
2. Санитариялық-эпидемиологиялық нормалаудың мемлекеттік жүйесінің құжаттары санитариялық қағидалар, гигиеналық нормативтер, нұсқаулықтар, әдістемелік ұсынымдар, әдістемелік нұсқамалар, әдістемелер, бұйрықтар, техникалық регламенттер, қағидалар мен стандарттар болып табылады.
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ жаңа редакцияда
3. Санитариялық-эпидемиологиялық нормалаудың мемлекеттік жүйесінің құжаттарын әзірлеу мен бекіту тәртібін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган бекітеді.
4. Санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды (оның ішінде мекендеу факторларының, кәсіпкерлік және өзге де қызметтің, өнімдердің, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің адам үшін қауіпсіздігінің және (немесе) зиянсыздығының критерийлерін) белгілейтін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы нормативтік-құқықтық актілер санитариялық қағидалар болып табылады, оларды сақтамау адамның өміріне немесе денсаулығына қауіп төндіреді, сондай-ақ аурулардың пайда болуы мен таралуына қауіп төндіреді.
5. Гигиеналық норматив - зерттеулерде белгіленген, мекендеу ортасының белгілі бір факторын сипаттайтын көрсеткіштің адам үшін оның қауіпсіздігі және (немесе) зиянсыздығы тұрғысынан алғанда, жол берілетін ең жоғарғы немесе ең төменгі сандық және (немесе) сапалық мәні.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерді, гигиеналық нормативтерді халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган бекітеді және Қазақстан Республикасының аумағындағы барлық жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті.
7. Мемлекеттік органдар халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы мәселелеріне қатысты нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу мен бекіту кезінде оларды уәкілетті органмен келісуге міндетті.
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 145-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 145-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
145-бап. Санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
1. Санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың негізін мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауға жататын объектілер мен өнімдерге белгіленетін санитариялық қағидалар мен гигиеналық нормативтер құрайды.
2. Санитариялық қағидалар мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауға жататын объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды белгілейді және мыналарға:
1) объект салынатын жер учаскесін таңдауға;
2) объектілерді жобалауға, салуға, реконструкциялауға, жөндеуге және пайдалануға беруге;
3) өндірістік, қоғамдық, тұрғын үй және басқа да үй-жайларды, ғимараттарды, құрылыстарды, жабдықтарды, көлік құралдарын күтіп-ұстау мен пайдалануға;
4) объектілерді сумен жабдықтауға, су бұруға, жылумен жабдықтауға, жарықтандыруға, желдетуге, кондиционерлеуге;
5) шикізатты қабылдауға, сақтауға, қайта өңдеуге (өңдеуге);
6) тамақ өнімін өндіру, өлшеп-орау, тасымалдау, сақтау, өткізу, кәдеге жарату және жою шарттарына;
7) тағамдық ас тұзын йодтауға және тамақ өнімдерін байытуға (фортификациялауға);
8) медициналық иммундық-биологиялық препараттарды өндіру, өлшеп-орау, тасымалдау, сақтау, өткізу, кәдеге жарату және жою шарттарына;
9) ықтимал қауіпті химиялық және биологиялық заттарды (оның ішінде уытты, радиоактивті, биологиялық және химиялық заттарды, улар мен улы заттарды, биологиялық және микробиологиялық организмдер мен олардың уыттарын, биологиялық заттар мен материалдарды) қолдану мен пайдалануға, кәдеге жаратуға, тасымалдауға, сақтауға, көмуге және олармен жұмыс істеу шарттарына;
10) адамға әсер ететін физикалық факторлардың көздерімен жұмыс істеу шарттарына;
11) дәрілік заттарды өнеркәсіптік өндіру шарттарына;
12) өндірістік-техникалық мақсаттағы өнімдерге;
13) шаруашылық-тұрмыстық және гигиеналық мақсаттағы тауарларға және оларды өндіру технологияларына;
14) халықтың әртүрлі топтарын тәрбиелеу, оқыту, олардың өмір сүруі және өндірістік практикасы, дене бітімінің дамуы, еңбек етуі, демалуы, тамақтануы, сумен жабдықталуы мен медициналық қызмет көрсетілуі шарттарына;
15) білім беру ұйымдарындағы оқу-еңбек жүктемесіне және сабақ режиміне;
16) медициналық мақсаттағы бұйымдарды стерилизациялау мен дезинфекциялауды жүргізу шарттарына;
17) халықтың бейімделген (балалар тағамы, диеталық емдік және диеталық профилактикалық), емдеу-профилактикалық, қоғамдық тамақтануын ұйымдастыруға;
18) су көздеріне (шаруашылық-ауызсу мақсаттары үшін су жинау орындарына), шаруашылық-ауызсумен жабдықтауға және мәдени-тұрмыстық су пайдалану орындарына және су объектілерінің қауіпсіздігіне;
19) өндіріс пен тұтыну қалдықтарын жинауға, пайдалануға, қолдануға, залалсыздандыруға, тасымалдауға, сақтауға және көмуге;
20) дезинфекциялау, дезинсекциялау және дератизациялау құралдарын, жабдықтарды, материалдарды әзірлеуді, сынауды, дайындауды, өндіруді, сақтауды, тасымалдауды, өткізуді, қолдануды, дезинфекция қызметі объектілерін күтіп-ұстау мен пайдалануды, сондай-ақ жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тиімділігін және қауіпсіздігін бақылауды қамтитын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ұйымдастыруға және жүзеге асыруға;
21) жолаушыларды тасымалдау шарттарына;
22) объектілерді жоюға, консервациялауға, қайта бейіндеуге;
23) өндірістік бақылауды жүзеге асыруға;
24) еңбек, тұрмыстық қызмет көрсету, медициналық қамтамасыз ету, бейімделген диеталық емдік және диеталық профилактикалық тамақтану шарттарына;
25) халықты гигиеналық тәрбиелеуге және оқытуға;
26) санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағын санитариялық қорғауды жүзеге асыруға, шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантин енгізуге, инфекциялық және паразиттік аурулармен ауыратын науқастарға қатысты халықты медициналық қарап-тексеруді, профилактикалық егулерді жүргізуге;
27) санитариялық қорғау аймақтары мен санитариялық-қорғаныш аймақтарына қойылатын талаптардан тұрады.
3. Гигиеналық нормативтер зиянды (химиялық, биологиялық) заттардың рұқсат етілетін шекті концентрацияларының, физикалық әсер етулердің; радиациялық әсер етудің рұқсат етілетін деңгейлерінің нормативтерін белгілейді, оларды сақтау адамға өмірі үшін қолайлы және денсаулығы үшін қауіпсіз тыныс-тіршілігі жағдайларын қамтамасыз етеді.
Гигиеналық нормативтер:
1) жұмыс аймағының микроклиматына, ауа алмасуына, ауасына, өндірістік, тұрғын үй және басқа да үй-жайлардың физикалық факторларына, тұрғын үй құрылысын салу аумағына;
2) өнімнің (тауарлардың) және қоршаған ортаның радиациялық, химиялық, микробиологиялық, токсикологиялық, паразитологиялық қауіпсіздігіне;
3) қалалық және ауылдық елді мекендердегі, өнеркәсіп ұйымдары аумақтарындағы атмосфералық ауаға;
4) қоршаған ортаға зиянды заттардың физикалық факторларына рұқсат етілетін шекті шығарындылары мен рұқсат етілетін шекті төгінділеріне;
5) өнімнің, технологиялық жабдықтың, процестің жаңа түрлеріне белгіленеді.
146-бап. Тамақ өнімдерін және адам денсаулығына зиянды әсер ететін өнімдер мен заттардың жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу және мемлекеттік тіркеу туралы шешімді кері қайтарып алу
1. Тамақ өнімі және адам денсаулығына зиянды әсер ететін өнімдер мен заттардың жекелеген түрлері, оған қоса:
1) алғаш рет өндірілетін (дайындалатын) және Қазақстан Республикасының аумағына алғаш рет әкелінетін (импортталатын) балалар тамағы өнімдері, тағамға тағамдық және биологиялық активті қоспалар, генетикалық түрлендірілген объектілер, бояғыштар, дезинфекциялау, дизенсекциялау және дератизациялау құралдары, сумен және тамақ өнімдерімен жанасатын материалдар мен бұйымдар;
2) Қазақстан Республикасының аумағына алғаш рет әкелінетін (импортталатын), өндіріске алғаш рет енгізілетін және бұрын пайдаланылмаған заттар және олардың негізінде дайындалған, халық үшін ықтимал қауіп төндіретін материалдар мен препараттар халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органда мемлекеттік тіркеуге жатады.
2. Тамақ өнімдерін мемлекеттік тіркеу «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Адам денсаулығына зиянды әсер ететін өнімдер мен заттардың жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу:
1) заттар мен жекелеген өнім түрлерінің халық пен мекендеу ортасы үшін қауіптілігін сараптамалық бағалау;
2) заттар құрамының, өнімдердің жекелеген компоненттерінің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге және гигиеналық нормативтерге сәйкестігін белгілеу;
3) арнаулы шараларды, оның ішінде заттар мен жекелеген өнім түрлерін кәдеге жарату мен жою жағдайларын, олардың халық пен мекендеу ортасына зиянды әсерінің алдын алу жөніндегі арнаулы шараларды әзірлеу негізінде жүргізіледі.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Балалар тамағы өнімдерін, тағамға тағамдық және биологиялық активті қоспаларды, генетикалық түрлендірілген объектілерді, бояғыштарды, дезинфекциялау, дезинсекциялау және дератизациялау құралдарын, сумен және тамақ өнімдерімен жанасатын материалдар мен бұйымдарды, химиялық заттарды, адам денсаулығына зиянды әсер ететін өнімдер мен заттардың жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу және мемлекеттік тіркеу туралы шешімді кері қайтарып алу тәртібін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган белгілейді.
5. Тамақ өнімдерін және адам денсаулығына зиянды әсер ететін өнімдер мен заттардың жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу және қайта тіркеу кезінде оларға санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және ғылыми негіздеме жүргізумен байланысты шығыстарды өтінім берушілер көтереді.
6. Қазақстан Республикасында тіркелген және қолдануға рұқсат етілген заттар мен өнімдердің тізілімі мерзімді баспа басылымдарында жариялануға жатады.
147-бап. Санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг
1. Санитариялық-эпидемиологиялық мони торинг халықтың денсаулығы мен мекендеу ортасының жай-күйіне, оларды талдауға, бағалау мен болжауға, сондай-ақ халықтың денсаулығының жай-күйі мен мекендеу ортасы факторларының әсері арасындағы себеп-салдарлық байланыстарды айқындауға байқау жүргізудің мемлекеттік жүйесі болып табылады.
2. Санитариялық-эпидемиологиялық мониторингті уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары мен ұйымдары жүзеге асырады.
148-бап. Инфекциялық және паразиттік аурулардың пайда болуы мен таралуының, халықтың улануының алдын алу
1. Инфекциялық және паразиттік аурулардың пайда болуының және таралуының, халықтың улануының алдын алу мақсатында санитариялық-эпидемиологиялық нормалаудың мемлекеттік жүйесінің құжаттарында көзделген санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық), оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағын санитариялық қорғауды жүзеге асыру, шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді енгізу, өндірістік бақылауды жүзеге асыру жөніндегі, инфекциялық және паразиттік аурулармен ауыратын науқастарға қатысты, халықты медициналық тексеріп-қарауды, профилактикалық егуді, гигиеналық тәрбие беру мен оқытуды жүргізу жөніндегі іс-шаралар жүргізіледі.
2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) iс-шаралар Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына енгiзiлуге жатады.
3. Инфекциялық және паразиттік аурулармен ауыратын науқастар, инфекциялық және паразиттік аурулармен ауырады деп күдік туғызатын адамдар, бактерия таратушылар оқшаулануға және емделуге, ал олармен қарым-қатынаста болған адамдар - медициналық байқауға алынуға және қажет болған кезде оқшаулануға және емделуге жатады.
4. Айналасындағылар үшін қауіп төндіретін созылмалы инфекциялық және паразиттік аурулармен ауыратын науқастар, созылмалы бактерия таратушылар Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыстан уақытша шеттетілуге жатады.
2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен 149-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
149-бап. Қазақстан Республикасының аумақтарын санитариялық қорғау
2010.30.06. № 297-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2011 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Автомобиль өткізу пункттерін қоспағанда, кеден одағының кедендік шекарасымен тұспа-тұс келетін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде жолаушыларға, экипаждарға, поезд бригадаларына, көлік құралдарына, халық денсаулығына қауіп төндіретін жүктерге санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды жүзеге асыру үшін санитариялық-карантиндік пункттер ұйымдастырылады.
2010.30.06. № 297-ІV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде (санитариялық-карантиндік пункттерде) санитариялық-карантиндік қадағалауды халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелері жүргізеді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік қадағалауды Қазақстан Республикасының мемлекеттік кіріс органдары жүргізеді.
3. Әкелінуіне тыйым салынған қауіпті жүктер мен тауарларды, сондай-ақ оларға қатысты санитариялық-карантиндік қадағалау жүргізген кезде олардың Қазақстан Республикасының аумағына әкелінуі инфекциялық аурулардың немесе жаппай инфекциялық емес аурулар мен уланулардың пайда болуы мен таралу қаупін төндіреді деп белгіленген жүктер мен тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге жол берілмейді.
150-бап. Инфекциялық аурулар эпидемиясының пайда болу қаупі төнген жағдайда шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантин енгізудің шарттары
2010.30.06. № 297-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2011 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Инфекциялық және паразиттік аурулардың әкеліну және таралу қаупі төнген жағдайда, осы Кодекске сәйкес уәкілетті орган кеден одағының кедендік шекарасымен тұспа-тұс келетін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде және тиісті аумақтарда шектеу іс-шараларын, оның ішінде кәсіпкерліктің және (немесе) өзге де қызметтің және халықтың тыныс-тіршілігінің ерекше жағдайларымен карантин енгізеді.
2. Шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілген жағдайда орталық және жергілікті атқарушы органдардың, жеке және заңды тұлғалардың қызметін үйлестіру бойынша оралымды басшылық жасау төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссияға және төтенше жағдайлар жөніндегі аумақтық комиссияларға жүктеледі.
3. Жекелеген объектілерде шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин тиісті аумақтың (көліктегі) бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің немесе оның орынбасарларының, сондай-ақ ведомстволық объектілерде - халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың бөлімшелері басшыларының шешімімен енгізіледі (тоқтатылады).
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді жүзеге асыру тәртібін және пайда болу мен таралу қатері төнген кезде шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілетін инфекциялық аурулардың тізбесін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган белгілейді.
151-бап. Инфекциялық және паразиттік, кәсіптік аурулар мен улану оқиғаларын тіркеу және тексеру
1. Инфекциялық және паразиттік, кәсіптік аурулар мен уланудың барлық оқиғалары, олардың анықталған жері бойынша денсаулық сақтау ұйымдарының тіркеуге алуына, мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары мен ұйымдарының мемлекеттік есепке алуына және есептілікті жүргізуіне жатады. Көрсетілген аурулар мен улану оқиғаларын тіркеу, есепке алу тәртібін, сондай-ақ олар бойынша есептілікті жүргізу тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
2. Инфекциялық және паразиттік, кәсіптік аурулар мен халықтың улану оқиғалары уәкілетті орган белгілеген тәртіппен санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандарының тексеру жүргізуіне жатады.
152-бап. Дезинфекциялық, дезинсекциялық және дератизациялық іс-шаралар
1. Инфекциялық және паразиттік аурулардың пайда болуының, таралуының алдын алу мақсатында дара кәсіпкерлер, жеке және заңды тұлғалар эпидемиологиялық айғақтар мен санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің лауазымды адамдарының нұсқамалары, қаулылары бойынша инфекциялық және паразиттік аурулардың қоздырғыштарын жоюға (дезинфекция), жәндіктерді, басқа да буын аяқтыларды жоюға (дезинсекция) және кеміргіштерді қыруға (дератизация) бағытталған шаралар кешенін өз қаражаты есебінен жүргізуге міндетті.
2. Төтенше эпидемия жағдайлары пайда болған кезде мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдарының ұсынуы бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органдарының шешімімен кезектен тыс міндетті дезинфекциялық, дезинсекциялық және дератизациялық іс-шаралар бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды
2-1. Профилактикалық дезинсекция мен дератизацияны (инфекциялық аурулардың табиғи ошақтарының аумағындағы, сондай-ақ инфекциялық аурулардың ошақтарындағы дезинсекция мен дератизацияны қоспағанда) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдары жүргізеді.
3. Ошақтық дезинфекцияны медициналық ұйымдар, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық қызмет ұйымдары жүргізеді.
25-тарау. Қоғамдық денсаулықты сақтау
153-бап. Аурулар профилактикасының мақсаты мен түрлері
1. Аурулар профилактикасының мақсаты аурулардың пайда болуының немесе өршуінің, сондай-ақ олардың зардаптары мен асқынуының алдын алу болып табылады.
2. Аурулар профилактикасы бастапқы, қайталама және жалғаспалы болып бөлінеді.
Аурулардың бастапқы профилактикасы (жаппай және жеке) аурулардың пайда болуының алдын алу мақсатында тіршілік ету үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.