2. Егер ғұмырлық рента шартында өзгеше көзделмесе, төленетiн рентаның мөлшері бір айға шаққанда заң актілерінде белгіленген ең төменгі жалақыдан кем болмауға тиiс.
532-бап. Ғұмырлық рентаны төлеу мерзiмдерi
Егер шартта өзгеше көзделмесе, ғұмырлық рента әрбiр күнтiзбелiк ай аяқталғанда төленедi.
533-бап. 2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
534-бап. Рента төлемі ретiнде берiлген мүлiктiң кездейсоқ жойылу қаупi
Ғұмырлық рента төлемi ретiнде берiлген мүлiктiң кездейсоқ жойылуы немесе кездейсоқ бүлiнуi рента төлеушiнi шартта көзделген талаптар бойынша оны төлеу мiндеттемесiнен босатпайды.
4. Өмiр бойы асырауда ұстау
535-бап. Өмiр бойы асырауда ұстау шарты
1. Өмiр бойы асырауда ұстау шарты бойынша рента алушы азамат өзiне тиесiлi қозғалмайтын мүлiктi сол азаматты және (немесе) ол көрсеткен үшiншi бiр адамды өмiр бойы асырауда ұстауды жүзеге асыруға мiндеттенген рента төлеушiнiң меншiгiне бередi.
2. Өмiр бойы асырауда ұстау шартына, егер осы параграфтың ережелерiнде өзгеше көзделмесе, ғұмырлық рента туралы ережелер қолданылады.
536-бап. Асырауда ұстауға беру жөніндегі мiндет
1. Рента төлеушiнiң асырауда ұстауға беру жөніндегі мiндетiне тұрғын үйге, тамақ пен киімге, күтiм жасауға және қажеттi көмекке деген қажеттерiн қамтамасыз ету енгiзiлуi мүмкiн.
Шартта рента төлеушiнiң салт-жора қызметiн көрсетуге ақы төлеуi де көзделуi мүмкiн.
2. Шартта жалпы асырауда ұстау көлемiнiң құны айқындалуға тиiс. Бұл орайда жалпы асырауда ұстау көлемi айына заң актілерінде белгiленген ең төменгi екi жалақы мөлшерiнен кем болмауы керек.
3. Азаматқа берiлетiн немесе берiлуге тиiстi асырауда ұстау көлемi туралы тараптар арасында туған дауды шешу кезiнде сот адалдық пен парасаттылық принциптерiн басшылыққа алуға тиiс.
537-бап. Өмiр бойы асырауда ұстауды мерзiмдiк төлеммен ауыстыру
Шартта асырауда ұстауға заттай берудi ақшалай мерзiмдiк төлеммен ауыстыру мүмкiндiгi көзделуi мүмкiн.
538-бап. Өмiр бойы асырауда ұстауды қамтамасыз ету үшiн берiлген мүлiктi иелiктен айыру және пайдалану
1. Рента төлеушi өзiне өмiр бойы асырауда ұстауды қамтамасыз ету үшiн берiлген қозғалмайтын мүлiктi иелiктен айыруға, кепiлге беруге және өзге де әдiспен жүктеуге рента алушының алдын ала келісімi болғанда ғана құқылы.
2. Рента төлеушi өмiр бойы асырауда ұстауға берiлген кезеңде аталған мүлiктi пайдалану осы мүлiктiң құнын оның табиғи тозуынан тыс төмендетуге әкеп соқпау үшiн қажеттi шаралар қолдануға мiндеттi.
539-бап. Өмiр бойы асырауда ұстауды тоқтату
1. Өмiр бойы асырауда ұстау мiндеттемесi рента алушы қайтыс болғанда тоқтатылады.
2. Рента төлеушi өз мiндеттемелерiн елеулi түрде бұзған кезде рента алушы өмiр бойы асырауды қамтамасыз етуге берiлген қозғалмайтын мүлiктi қайтаруды не осы Кодекстiң 528-бабында белгiленген жағдайда өзiне сатып алу бағасын төлеудi талап етуге құқылы. Бұл орайда рента төлеушiнiң рента алушыны асырауда ұстауға байланысты жасалған шығындарды өтеудi талап етуге құқығы жоқ.
29-тарау. Мүліктік жалдау (жалға алу)
1. Жалпы ережелер
540-бап. Мүліктік жалдау шарты
1. Мүліктік жалдау (жалға алу) шарты бойынша жалға берушi жалға алушыға мүлiктi ақы төлеп уақытша иеленуге және пайдалануға беруге мiндеттенедi.
2. Жалға алушы жалға алған мүлiкке осы Кодексте белгiленген жағдайлар мен тәртiп бойынша иелiк етуге құқылы.
3. Лизинг, прокат шарттары да, сондай-ақ мүлiктi ақы төлеп уақытша иелену мен пайдалануға беруге байланысты шарттардың өзге түрлерi де мүліктік жалдау шарттарына жатады.
2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2013.04.07. № 131-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.31.10. № 380-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 541-бап өзгертілді
541-бап. Мүліктік жалдау объектiлерi
1. Мүліктік жалдауға кәсiпорындар мен басқа да мүлiктiк кешендер, жер учаскелерi, үйлер, ғимараттар, жабдықтар, көлiк құралдары және оларды пайдалану процесiнде өздерiнiң табиғи қасиеттерiн жоймайтын басқа да заттар (тұтынылмайтын заттар) берiлуi мүмкiн.
2. Егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, жер пайдалану құқығы, жер қойнауын пайдалану құқығы және басқа да заттық құқықтар мүліктік жалдау объектiсi болуы мүмкiн.
3. Заң актілерінде мүліктік жалдауға тапсыруға жол берiлмейтiн немесе шектеу жасалатын мүлiк түрлерi белгiленуi мүмкiн.
4. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде тұрғын үй-жайларды, жер учаскелерiн, жер қойнауы учаскелерiн және басқа да оқшауланған табиғи объектiлердi мүлiктiк жалдауға тапсыру ерекшелiктерi белгiленуi мүмкiн.
5. Мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдауға беру ерекшеліктері Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамалық актісінде белгіленеді.
6. Мемлекеттік мүлікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты, оның ішінде концессия шарты негізінде мүліктік жалдауға тапсыру ерекшеліктері Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы және концессиялар туралы заңнамалық актілерінде белгіленеді.
542-бап. Мүліктік жалдау шартының талаптары
Мүліктік жалдау шартында жалға алушыға мүліктік жалдау объектiсi ретiнде берiлуге тиесiлi мүлiктi анықтауға мүмкiндiк беретiн деректер көрсетiлуге тиiс.
Шартта мұндай деректер болмаған кезде мүліктік жалдауға берiлуге тиесiлi объект туралы талап тараптармен келісілмеген деп, ал тиiстi шарт жасалмаған деп есептеледi.
543-бап. Жалға берушi
Мүліктік жалға беру құқығы оның меншiк иесiне тиесiлi.
Заң актілерінде уәкiлдiк берiлген немесе меншiк иесi мүлкiн жалға берудi тапсырған тұлғалар да жалға берушiлер бола алады.
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 544-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
544-бап. Мүліктік жалдау шартының нысаны
1. Бiр жылдан астам мерзiмге жасалған, ал егер тараптардың бiреуi заңды тұлға болса, мерзiмiне қарамай-ақ, мүліктік жалдау шарты жазбаша түрде жасалуға тиiс.
2. 2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3. Азаматтар арасындағы бiр жылға дейiнгi мерзiмге оны қоса алғанда мүліктік жалдау шарты ауызша түрде жасалуы мүмкiн.
4. Мүлiкке меншiк құқығының кейiннен жалға алушыға ауысуын көздейтiн мүліктік жалдау шарты сондай мүлiктi сатып алу-сату шарты үшiн көзделген нысанда жасалады.
545-бап. Мүліктік жалдау шартының мерзiмi
1. Мүліктік жалдау шарты шартта белгiленген мерзiмге жасалады.
2. Егер мүліктік жалдау шарты мерзiмi көрсетiлмей жасалса, ол белгiсiз мерзiмге жасалған деп есептеледi.
Қозғалмайтын мүлiктi жалдаған жағдайда, егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, әрбiр тарап екiншi тарапқа үш ай бұрын ескертiп, мұндай шарттан кез келген уақытта және өзге мүлiктi жалдаған жағдайда, бiр ай iшiнде бас тартуға құқылы.
3. Заң актілерінде мүліктік жалдаудың жекелеген түрлерi үшiн, сондай-ақ мүлiктiң жекелеген түрлерiн жалдау үшiн шарттың барынша ұзақ (шектi) мерзiмi белгiленуi мүмкiн. Мұндай жағдайларда, егер шартта жалдау мерзiмi белгiленбесе және заң актілерінде белгiленген шектi мерзiм бiткенге дейiн тараптардың ешқайсысы шарттан бас тартпаса, шарт шектi мерзiмiнiң бiтуiне қарай тоқтатылады.
Бұл жағдайда заң актілерінде белгiленген шектi мерзiмнен асатын мүліктік жалдау шарты барынша ұзақ (шектi) мерзiмге тең етiп жасалған деп есептеледi.
546-бап. Мүліктік жалдау шарты бойынша жасалатын төлем
1. Жалға алынған мүлiктi пайдалану үшiн төлемдi, егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, шартта белгiленген тәртiп, мерзiм мен нысан бойынша жалға алушы төлейдi. Шартта олар айқындалмаған жағдайларда салыстырмалы мән-жайларда әдетте сол секiлдi мүлiктi жалға алған кезде қолданылатын тәртiп, мерзiм мен нысан белгiленген деп есептеледi.
2. Төлем барлық жалданылған мүлiк үшiн тұтас немесе оның құрамдас бөлiктерiнiң әрқайсысы бойынша жеке:
1) мерзiмдiк немесе бiржолғы енгiзiлетiн төлемдердiң тұрлаулы сомасында белгiленген;
2) жалданылған мүлiктi, өнiмдi, жемiстердi немесе кiрiстердi пайдалану нәтижесiнде алынған белгiлi бiр үлес;
3) жалға алушының белгiлi бiр қызмет көрсетулерi;
4) жалға алушының шартта келісілген затты жалға берушiнiң меншiгiне немесе жалдауына беруi;
5) жалға алушыға жалданылған мүлiктi жақсарту жөнiнде шартта келісілген шығындарды жүктеуi түрiнде белгiленедi.
Тараптар шартта мүлiктi немесе өзге де төлем нысандарын пайдалану үшiн аталған төлем нысандарын ұштастыруды көздеуi мүмкін.
3. Мүлiктi пайдаланғаны үшiн жасалатын төлем мөлшерi, егер тараптардың келісімiнде өзгеше көзделмесе, кем дегенде жылына бiр рет өзгертiлуi мүмкiн. Заң актілерінде мүліктік жалдаудың жекелеген түрлерi үшiн, сондай-ақ мүлiктiң жекелеген түрлерiн жалдау үшiн жасалатын төлем мөлшерін қайта қарауға өзге де ең аз мерзімдер көзделуі мүмкін.
4. Орталықтандырылып белгіленген баға мен тарифтер өзгертілген жағдайда тараптардың бiреуiнiң талабы бойынша төлем мөлшерi қайта қаралуы мүмкiн.
5. Егер жалға алушы жауап бермейтiн мән-жайларға байланысты шартта көзделген пайдалану жағдайлары немесе мүлiктiң жай-күйi едәуiр нашарлап кетсе, заң актілерінде өзгеше көзделмесе, ол төлемдi тиiсiнше азайтуды талап етуге құқылы.
6. Егер шартта өзгеше көзделмесе, жалға алушы мүлiктi пайдаланғаны үшiн төлем төлеу мерзiмiн елеулi түрде бұзған жағдайда жалға берушi одан төлемдi жалға берушi белгiлеген мерзiмнен бұрын төлеудi талап етуге құқылы. Бұл ретте жалға берушiнiң төлемдi қатарынан екi мерзiмнен астам уақытқа мерзiмiнен бұрын төлеудi талап етуге құқығы жоқ.
547-бап. Мүлiктi жалға алушыға беру
1. Жалға берушi мүлiктi жалға алушыға шарт талаптары мен мүлiктiң мақсатына сәйкес келетiн күйде беруге мiндеттi.
2. Егер шартта өзгеше көзделмесе, мүлiк жалға оның барлық керек-жарақтарымен және оған қатысты құжаттармен (мүлiктiң жиынтықтылығын, қауiпсiздiгiн, сапасын, пайдалану тәртібін куәландыратын және т.б. құжаттармен) бiрге берiледi.
Егер мұндай керек-жарақтар мен құжаттар берiлмеген болса, алайда жалға алушы мүлiктi оларсыз мақсатқа сәйкес пайдалана алмаса не шарт жасасу кезiнде үмiт етуге құқығы болғанынан едәуiр дәрежеде айрылатын болса, ол өзiне жалға берушiден мұндай керек-жарақтар мен құжаттарды берудi немесе шартты бұзуды талап ете алады.
3. Егер жалға беруші жалға берiлген мүлiктi жалға алушыға шартта көрсетiлген мерзiмде бермесе, ал шартта мұндай мерзiм көрсетiлмесе, жалға алушы қисынды мерзiмде одан осы Кодекстiң 355-бабына сәйкес сол мүлiктi талап етуге немесе шартты бұзуды талап етуге құқылы.
548-бап. Жалға берушiнiң жалға берiлген мүлiктiң кемшiлiктерi үшiн жауапкершiлiгi
1. Жалға берyшi жалға берiлген мүлiктiң оны пайдалануға толық немесе iшiнара кедергi жасайтын кемшiлiктерi үшiн, тiптi ол шарт жасалған кезде бұл кемшiлiктер туралы бiлмесе де, жауап бередi.
Осындай кемшiлiктер табылған жағдайда жалға алушы жалға берушiден өз қалауы бойынша:
1) мүлiктiң кемшiлiктерiн тегiн жоюды;
2) жалдау ақысын соған мөлшерлес азайтуды;
3) жалға берушiге бұл туралы алдын ала хабарлай отырып, сол кемшiлiктердi жою жолында өзi жасаған шығындар сомасын мүлiктi пайдаланғаны үшiн төленетiн төлемнен ұстап қалуды;
4) шартты мерзiмiнен бұрын бұзуды талап етуге құқылы.
2. Жалға алушының талаптары туралы немесе оның мүлiктiң кемшiлiктерiн жалға берушiнiң есебiнен жою ниетi туралы хабарланған жалға беруші жалға алушының келісімімен жалға берілген мүлікті тез арада тиiстi жағдайда тұрған басқа осыған ұқсас мүлiкпен ауыстыра алады не мүлiктiң кемшiлiктерiн тегiн жоя алады.
3. Егер жалға алушының талаптарын қанағаттандыру немесе оның мүлiктi пайдаланғаны үшiн жасалатын төлемнен кемшiлiктi жоюға кеткен шығындарын ұстап қалу жалға алушыға келтiрiлген залалды өтеуге жетпесе, ол шығынның өтелмеген бөлiгiн өтеудi талап етуге құқылы.
4. Жалға берушi жалға берiлген мүлiктiң шарт жасасқан кезде айтылған немесе жалға алушыға бұрыннан белгiлi болған кемшiлiктерi үшiн жауап бермейдi.
549-бап. Жалға берiлетiн мүлiкке үшiншi тұлғалардың құқықтары
1. Мүлiктi жалға беру бұл мүлiкке үшiншi тұлғалардың құқықтарын тоқтату немесе өзгерту үшiн негiз болып табылмайды.
2. Жалға берушi шарт жасасқан кезде жалға алушыға жалға берiлетiн мүлiкке үшiншi тұлғалардың барлық құқықтары (сервитут, кепiл құқығы және т.б.) туралы ескертуге мiндеттi.
Бұл ереженi орындамау жалға алушыға мүлiктi пайдаланғаны үшiн төлемдi азайтуды не шартты бұзуды талап етуге құқық бередi.
550-бап. Жалға алған мүлiктi пайдалану
Жалға алушы мүлiктi шарт талаптарына сәйкес, ал егер шартта мұндай талаптар белгiленбесе, мүлiктiң мақсатына сәйкес пайдалануға мiндеттi.
551-бап. Жалға алушының жалға алған мүлiкке билiк ету шегi
1. Егер заң актілерінде өзгеше белгiленбесе, жалға алушы жалға берушiнiң келісімiмен жалға алған мүлiктi қосымша жалдауға (қосалқы жалға алу), мүліктік жалдау шарты бойынша өз құқықтары мен мiндеттерiн басқа тұлғаға беруге (қайта жалға беру), жалға алған мүлiктi тегiн пайдалануға беруге, сондай-ақ осы құқықтарды кепiлге беруге және оларды шаруашылық серiктестiктерiнiң, акционерлік қоғамдардың жарғылық капиталына салым немесе өндiрiстiк кооперативке жарна ретiнде салуға құқылы. Аталған жағдайларда, қайта жалға берудi қоспағанда, жалға алушы жалға берушiнiң алдында шарт бойынша жауапты болып қала бередi.
2. Мүлiктi басқа тұлғаларға беру туралы шартты жалдау шартының мерзiмiнен асатын мерзiмге жасауға болмайды.
3. Қайта жалға беру шартына, егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, мүліктік жалдау шарты туралы ережелер қолданылады.
552-бап. Жалға берушiнiң жалға берiлген мүлiктi ұстап-тұту жөніндегі мiндеттерi
1. Жалға берушi жалға берiлген мүлiкке тараптармен келісілген мерзiмдерде, егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, өз есебінен күрделi жөндеу жүргiзуге мiндеттi.
2. Жалға алушы жауап бермейтiн мән-жайларға байланысты пайда болып, шұғыл қажеттілік туғызған жөндеудi, егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, жалға берушi қисынды мерзiмдерде өз есебiнен жүргiзедi.
3. Жалға берушiнiң күрделi жөндеу жөніндегі мiндеттерiн атқармауы жалға алушыға өз қалауы бойынша:
1) жөндеудi өз бетiнше жүргiзуiне және жөндеу құнын жалға берушiден өндiрiп алуына;
2) жөндеу құнын шарт бойынша төлемнiң есебiне есептеуiне;
3) шарт бойынша төлемдi тиiсiнше азайтуды талап етуiне;
4) шарттан бас тартуына құқық бередi.
553-бап. Жалға алушының жалданған мүлiктi ұстап-тұту жөніндегі мiндеттерi
Жалға алушы, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, мүлiктi дұрыс күйде ұстап-тұтуға, ағымдағы жөндеудi өз есебiнен жүргiзуге және мүлiктi ұстап-тұтуға кететiн шығындарды көтеруге мiндеттi.
554-бап. Жалға алушының жалданған мүлiктен алынатын өнiмге, жемiстерге және өзге де кiрiстерге меншiк құқығы
Жалданған мүлiктi пайдалану нәтижесiнде жалға алушының алған өнiмi, жемiстерi және өзге де кiрiстерi, егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, оның меншiгi болып табылады.
555-бап. Мүлiктi жақсарту
1. Жалданған мүлiктiң жалға алушы жүргiзген бөлiгiнiң ажыратылып жақсартылуы, егер шартта өзгеше көзделмесе, оның меншiгi болып табылады.
2. Жалға алушы өз қаражаты есебiнен және жалға берушiнiң келісімiмен, жалданған мүлiкке зиян келтiрмей ажыратуға болмайтын жақсарту жүргiзсе, шартта өзгеше көзделмегендiктен, оның шарт тоқтағаннан кейiн осы жақсартудың құнын өтеттiрiп алуға құқығы бар.
3. Жалға алушының жалға берушiнiң келісімiнсiз жүргiзген ажыратуға болмайтын жақсартуының құны, егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, өтеуге жатпайды.
556-бап. Тараптардың бiреуiнiң талап етуi бойынша мүліктік жалдау шартын өзгерту және бұзу
1. Тараптардың біреуiнiң талап етуi бойынша мүліктік жалдау шарты осы Кодексте, өзге де заң актілерінде немесе шартта көзделген жағдайларда сот тәртібімен өзгертiлуi немесе мерзімiнен бұрын бұзылуы мүмкiн.
2. Жалға берушiнiң талабы бойынша мынадай жағдайларда:
1) егер жалға алушы мүлiктi шарт талаптарын немесе мүлiктiң мақсатын елеулi түрде бұзып, жалға берушiнiң мұндай iс-әрекеттi тоқтату туралы жазбаша ескертуiне қарамастан пайдаланса;
2) егер жалға алушы қасақана немесе абайсызда мүлiктi елеулi түрде нашарлатса;
3) егер жалға алушы мүлiктi пайдаланғаны үшiн шартта белгiленген төлем мерзiмiнiң өтуi бойынша екi реттен астам төлем жасамаса;
4) егер жалға алушы жалға алу шартында белгiленген мерзiмде мүлікті күрделі жөндеуден өткізбесе, ал ол шартта көрсетілмеген жағдайда - заң актілеріне немесе шартқа сәйкес күрделi жөндеу мiндетi жалға алушыға жүктелген жағдайларда, оны қисынды мерзiмде өткiзбесе, мүліктік жалдау шарты бұзылып, мүлiк жалға берушiге қайтарылуы мүмкiн.
Жалға берушi жалға алушыға өз мiндетiн қисынды мерзiмде орындауға мүмкiндiк берiлгеннен кейiн ғана шартты мерзiмiнен бұрын бұзуды талап етуге құқылы.
3. Жалға алушының талап етуiмен шарт мынадай жағдайларда:
1) жалға берушi мүлiктi жалға алушыға пайдалануға бермеген не мүлiкті шарт талаптарына немесе мүлiктiң мақсатына сәйкес пайдалануға кедергi жасаған;
2) жалға беруші өзiне жүктелген мүлiктi күрделi жөндеу мiндетiн шартта белгiленген мерзiмде, ал ол шартта болмаған жағдайда - қисынды мерзiмде жүргiзбеген;
3) жалға алушыға берiлген мүлiкте оны пайдалануға кедергi келтiретiн кемшiлiктер болып, оны шарт жасалған кезде жалға берушi ескертпеген, жалға алушыға алдын ала белгiлi болмаған және мүлiктi көрген кезде немесе шарт жасаған кезде оның ақаусыздығын тексерген кезде оның байқалуы мүмкiн болмаған;
4) егер мүлiк жалға алушы жауап бермейтiн мән-жайларға байланысты пайдалану үшiн жарамсыз күйде болған реттерде мерзiмiнен бұрын бұзылуы мүмкiн.
557-бап. Жалға алушының шартты жаңа мерзiмге жасасуға артықшылықты құқығы
1. Өз мiндетiн лайықты түрде атқарған жалға алушының, егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, шарт мерзiмi бiткеннен кейiн басқа тұлғалардың алдында мүліктік жалдау шартын жаңа мерзiмге жасау үшiн басқадай тең жағдайларда артықшылықты құқығы болады. Жалға алушы мүліктік жалдау шартында көрсетiлген мерзiмде, ал егер шартта осындай мерзiм көрсетiлмесе, шарттың қолданылуы анықталғанша қисынды мерзiмде осындай шартты жасағысы келетiндiгi туралы жалға берушiге жазбаша түрде хабарлауға мiндеттi.
2. Мүліктік жалдау шарты жаңа мерзiмге жасалған кезде шарт талаптары тараптардың келісімiмен өзгертiлуi мүмкiн.
3. Егер жалға берушi шартты жаңа мерзiмге жасасу жөнiнде жалға алушыдан бас тартса, бiрақ шарт мерзiмi бiткен күннен бастап бiр жылдың iшiнде басқа тұлғамен мүліктік жалдау шартын жасаса, жалға алушы өз таңдауы бойынша сотта осы жасалған шарт бойынша құқықтар мен мiндеттердi өзiне ауыстыруды және өзiмен шарт жасасуды жаңартудан бас тарту арқылы келтiрiлген залалды өтеудi не тек залалды өтеудi талап етуге құқылы.
558-бап. Мүліктік жалдау шартын қайта жаңарту
Егер жалға берушi тарапынан қарсылық болмаған жағдайда жалға алушы шарттың мерзiмi бiткен соң да мүлiктi пайдалана беретiн болса, шарт нақ сондай талаптармен белгiсiз мерзiмге қайта жаңартылған деп есептеледi. Бұл орайда тараптардың әрқайсысы қозғалмайтын мүліктік жалдау кезде, егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, бұл туралы басқа тарапқа кем дегенде үш ай бұрын және өзге мүліктік жалдау кезде - бiр ай ішінде жазбаша түрде ескерте отырып, шарттан кез келген уақытта бас тарта алады.
559-бап. Мүліктік жалдау шартының тараптар өзгерген кезде күшiн сақтап қалуы
1. Жалға берiлген мүлiкке меншiк құқығының, шаруашылық жүргiзу құқығының немесе оралымды басқару құқығының басқа тұлғаға ауысуы мүліктік жалдау шартын өзгертуге немесе бұзуға негiз болып табылмайды.
2. Қозғалмайтын мүлiктi жалға алушы болып табылатын азамат қайтыс болған жағдайда осы мүліктік жалдау шарты бойынша оның құқықтары мен мiндеттерi, егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, оның мұрагерiне ауысады.
Мұндай мұрагерге шарттың қолданылу мерзiмiнiң қалған уақытында шарт жасасудан бас тартуға, шарт жасасу жалға алушының жеке басының қасиеттерiне байланысты болған жағдайды қоспағанда, жалға берушiнiң құқығы болмайды.
560-бап. Қосымша жалдау шартының негiзгi мүліктік жалдау шартына тәуелдiлiгi
1. Егер мүліктік жалдау шартында өзгеше көзделмесе, мүліктік жалдау шартын мерзiмiнен бұрын тоқтату соған сәйкес жасалған қосымша жалдау шартын тоқтатуға әкеп соғады.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Егер мүлiктік жалдау шарты осы Кодексте көзделген негiздер бойынша жарамсыз деп табылса, онда оған сәйкес жасалған қосымша жалдау шарты маңызсыз болып табылады.
561-бап. Шарт тоқтатылған кезде жалға берушiге мүлiктiң қайтарылуы
1. Мүліктік жалдау шарты тоқтатылғаннан кейiн жалға алушы мүлiктi алған кезіндегі күйiнде, қалыпты тозуын ескере отырып немесе шартта келісілген күйiнде оны жалға берушiге қайтаруға мiндеттi.
2. Егер шарт мерзiмi аяқталған соң қайтарылатын мүлiктiң жай-күйi осы баптың 1-тармағында көзделген талаптарға сәйкес келмесе, жалға алушы келтiрiлген шығынды жалға берушiге өтейдi. Егер жалға берiлген мүліктік шартта көзделген қызмет мерзiмiнен бұрын iстен шығып қалса, жалға алушы, егер шартта өзгеше көзделмесе, жалға берушiге мүлiктiң қалдық құнын өтейдi.
3. Егер жалға алушы жалға алған мүлiктi қайтармаса немесе оны мезгілінде қайтармаса, жалға беруші барлық мерзімі өткізілген уақыт үшiн мүлiктi пайдалану ақысын төлеудi талап етуге құқылы. Аталған ақы жалға берушiге келтiрiлген шығындарды жабуға жетпесе, ол оны өтеудi талап ете алады.
4. Шартта уақытында қайтарылмаған жалға алған мүліктік үшiн тұрақсыздық айыбын төлеу көзделген жағдайда шығын, егер шартта өзгеше көзделмесе, тұрақсыздық айыбынан тыс толық сомада өндiрiлiп алынуы мүмкiн.
562-бап. Мүлiктiң жалға алушының меншiгiне көшуi
1. Мүліктік жалдау шартында жалға алынған мүліктік жалға алушының меншiгiне тараптардың келісімiнде белгiленген жағдайларда көшедi деп көзделуi мүмкiн.
2. Егер шартта жалға алынған мүлiктi сатып алу туралы ереже көзделмесе, ол тараптардың қосымша келісімiмен белгiленуi мүмкiн, бұл орайда олар мүлiктi пайдалануға бұрын төленген ақыны сатып алу бағасына есептеу туралы уағдаласуға құқылы.
3. Жалға алынған мүлiктi сатып алуға тыйым салу жағдайлары заң актілерімен белгiленуi мүмкiн.
563-бап. Жалға алушының құқықтарын қорғау
Жалға алушыға оның жалға алған мүлiкке құқықтары меншiк құқығын қорғаумен тең қамтамасыз етiледi.
Жалға берушi жалға алынған мүлiктi пайдалану қандай да болсын құқықтары жоқ үшiншi бiр тұлғаның күш көрсеткен iс-қимылдарымен бұзылғаны үшiн жалға берушiнiң алдында жауапты болмайды.
Жалға алушының талап қоюға және өзге де түрде өз атынан өзiне тиесiлi құқықтарды қорғауға құқығы бар.
ҚР 05.07.2000 ж. № 75-II Заңына сәйкес 564-бап толықтырылды
564-бап. Мүліктік жалдаудың жекелеген түрлерiнiң және жекелеген мүлiк түрлерiн жалдаудың ерекшелiктерi
Мүліктік жалдау шартының жекелеген түрлерiне және жекелеген мүлiк түрлерiн жалдау шарттарына (лизинг, кәсiпорындарды жалдау, үйлер мен ғимараттарды жалдау, көлiк құралдарын жалдау, прокат), егер заң актілерінде және осы Кодекстiң ережелерiнде олар туралы өзгеше көзделмесе, осы параграфта көзделген ережелер қолданылады.
2. Лизинг
ҚР 10.03.04 ж. № 532-II Заңымен 565-бап толықтырылды
565-бап. Лизинг шарты
2018.05.10. № 184-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Лизинг шарты бойынша лизинг берушi лизинг алушы көрсеткен мүлiктi сатушыдан меншiгiне сатып алуға және лизинг алушыға осы мүлiктi ақы төлеп уақытша иеленуге және пайдалануға беруге мiндеттенедi.
2. Лизинг шартында сатушыны және сатып алынатын мүлiктi таңдап алуды лизинг берушi жүзеге асырады деп көзделуi мүмкiн.
3. Қазақстан Республикасының заң актілерімен лизинг шартының жекелеген түрлерiнiң ерекшелiктерi белгiленуi мүмкiн.
2015.22.04. № 308-V ҚР Заңымен 566-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
566-бап. Лизинг нысанасы
Yйлер, ғимараттар, машиналар, жабдықтар, құрал-саймандар, көлiк құралдары, жер учаскелерi және кез келген тұтынылмайтын заттар лизинг нысанасы бола алады.
Кепіл нысанасы болып табылатын жылжымалы мүлік лизинг нысанасы бола алады.
Бағалы қағаздар мен табиғи ресурстар лизинг нысанасы бола алмайды.
2015.22.04. № 308-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.27.04. № 311-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 567-бап өзгертілді
567-бап. Лизинг шартының елеулi талаптары
Лизинг шартында, осы Кодекстiң 542-бабында аталған талаптардан басқа, мынадай талаптар болуға тиiс:
1) мүлiктi сатушының атауы;
2) лизинг алушыға мүлiктi берудiң талаптары мен мерзiмi;
3) төлемдердiң мөлшерi мен мерзiмдiлiгi;
4) шарт мерзiмi;
5) егер шартта лизинг алушының меншiгiне мүлiктiң көшуi көзделсе, осындай көшудiң талаптары;
6) ауыртпалықтардың бар-жоғы.
Қаржы лизингі шартының елеулі талаптары «Қаржы лизингі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленеді.
568-бап. Мүлiктi лизингке беру туралы сатушыны хабардар ету
Лизинг берушi лизинг алушы үшiн мүлiк сатып ала отырып, мүлiктiң белгiлi бiр тұлғаға лизинг ретiнде беруге арналғандығы туралы сатушыны хабардар етуге тиiс.