6) 8-баптың 3 және 4-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды:
1) тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің уәкілетті орган айқындайтын тізбесі бойынша;
2) тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің уәкілетті орган айқындайтын тізбесі бойынша, біртекті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді беру (орындау, көрсету) орнына қарамастан, оларды бір лотқа біріктіру арқылы жүзеге асырады.
4. Орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырған кезде мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының бірінші басшысы не оның міндетін атқарушы адам не оның орынбасары конкурстық комиссияның (аукциондық комиссияның) төрағасы болып анықталады.»;
7) 9-бапта:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Әлеуетті өнім берушілерге мынадай біліктілік талаптары қойылады:
1) құқық қабілеттілігінің (заңды тұлғалар үшін), азаматтық әрекетке қабілеттілігінің (жеке тұлғалар үшін) болуы;
2) қаржылық тұрғыдан орнықты болуы және республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің алты еселенген мөлшерінен асатын салықтық берешегінің болмауы.
Әлеуетті өнім берушінің қаржылық орнықтылығы мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен айқындалады;
3) банкроттық не таратылу рәсіміне жатқызылмауы;
4) мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындау үшін жеткілікті материалдық, еңбек және қаржы ресурстарының болуы;
5) жұмыс тәжірибесінің болуы (әлеуетті өнім берушіде лицензияның және (немесе) рұқсаттың болуы мемлекеттік сатып алудың нысанасы болып танылатын жағдайларды қоспағанда).
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген біліктілік талаптары мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалатын тәртіппен белгіленеді.»;
5-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде мәліметтер болмаған жағдайда, әлеуетті өнім беруші Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес алынған (жіберілген) тиісті рұқсаттың (хабарламаның) нотариат куәландырған немесе электрондық көшірмесін ұсынады.»;
7-тармақ алып тасталсын;
8) 11-бапта:
тақырып «өнім берушінің» деген сөздерден кейін «, өнім берушінің» деген сөздермен толықтырылсын;
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Әлеуетті өнім беруші біліктілік талаптары және (немесе) конкурстық баға ұсынысына әсер ететін құжаттар бойынша беретін ақпараттың анықтығын уәкілетті орган не мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың кез келген сатысында, оның ішінде тапсырыс беруші, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы ұсынған мәліметтер мен құжаттар негізінде анықтауы мүмкін.»;
3-тармақтың бірінші бөлігінің бірінші абзацы «өнім берушінің» деген сөздерден кейін «, өнім берушінің» деген сөздермен толықтырылсын;
9) 12-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«12-бап. Мемлекеттік сатып алу саласында қалыптастырылатын тізілімдер
1. Уәкілетті орган:
1) мыналардың:
тапсырыс берушілердің;
мемлекеттік сатып алу туралы шарттардың;
мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың;
шағымдардың мемлекеттік сатып алу саласындағы республикалық тізілімдерін (бұдан әрі – тізілімдер) қалыптастыруды және жүргізуді жүзеге асырады;
2) әлеуетті өнім берушілердің паспорттарының базасын қалыптастырады және жүргізеді.
2. Тапсырыс берушілердің тізілімі өздерінің жұмыс істеуін қамтамасыз етуі, сондай-ақ осы Заңға және Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес мемлекеттік функцияларды не жарғылық қызметті орындауы үшін қажетті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыруға міндетті заңды тұлғалардың тізбесін білдіреді.
3. Мемлекеттік сатып алу туралы шарттардың тізілімі тапсырыс берушілер тиісті қаржы жылында жасасқан мемлекеттік сатып алу туралы шарттардың тізбесін білдіреді және мемлекеттік сатып алу туралы шарттың нысанасы, сандық және құндық көрсеткіштері туралы, тараптардың шарттық міндеттемелерді орындау нәтижелері туралы мәліметтерді қамтиды.
Осы Заңның 39-бабы 3-тармағының 9), 18), 31), 32) және 35) тармақшаларында және 50-бабында көзделген мемлекеттік сатып алудың нәтижелері бойынша жасалған шарттар туралы мәліметтер мемлекеттік сатып алу туралы шарттардың тізіліміне енгізілуге жатпайды.
4. Мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімі:
1) біліктілік талаптары және (немесе) конкурстық баға ұсынысына әсер ететін құжаттар бойынша анық емес ақпарат берген әлеуетті өнім берушілердің немесе өнім берушілердің;
2) жеңімпаздар деп айқындалған, мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған әлеуетті өнім берушілердің;
3) өздерімен жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша өз міндеттемелерін орындамаған не тиісті түрде орындамаған өнім берушілердің тізбесін білдіреді.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген жағдайда, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы, тапсырыс беруші не уәкілетті орган әлеуетті өнім берушінің немесе өнім берушінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзу фактісі туралы өздеріне мәлім болған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, мұндай әлеуетті өнім берушіні немесе өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге міндетті.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 3) тармақшасында көрсетілген жағдайда, тапсырыс беруші өнім берушінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзу фактісі туралы өзіне мәлім болған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей мұндай өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге міндетті, бұған жиынтығында мынадай шарттарды:
1) өнім берушінің тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) төлеуі;
2) шарттық міндеттемелерді толық орындау;
3) тапсырыс берушіге келтірілген залалдың болмауы шарттарын қанағаттандыратын жағдайлар қосылмайды.
5. Осы баптың 4-тармағы бірінші бөлігінің 1) және 3) тармақшаларында көзделген мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімі заңды күшіне енген сот шешімдерінің негізінде қалыптастырылады.
Осы баптың 4-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімі уәкілетті органның әлеуетті өнім берушілерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы шешімі негізінде қалыптастырылады.
6. Егер әлеуетті өнім беруші уәкілетті органның оны осы баптың 5-тармағының екінші бөлігінде көзделген, мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы шешімімен келіспеген жағдайда, мұндай әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізу туралы өзіне мәлім болған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей уәкілетті орган айқындаған тәртіппен келісу комиссиясына жүгінуге құқылы.
Келісу комиссиясы мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған әлеуетті өнім берушінің жолданымын қарайды және мұндай әлеуетті өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімінен алып тастау не алып тастаудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Әлеуетті өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімінен алып тастау туралы шешім қабылданған жағдайда, тапсырыс беруші уәкілетті органға жүгінеді.
Уәкілетті орган келісу комиссиясының шешімін ескере отырып, әлеуетті өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімінен алып тастау туралы шешім шығарады.
7. Келісу комиссиясының құрамына міндетті түрде Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері кіреді.
8. Осы баптың 4-тармағы бірінші бөлігінің 1) және 3) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізілген өнім берушілер соттың оларды мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап жиырма төрт ай бойы мемлекеттік сатып алуға қатысуға жіберілмейді.
Осы баптың 4-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген негіз бойынша мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізілген әлеуетті өнім берушілер уәкілетті орган оларды мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы шешім қабылдаған күннен бастап жиырма төрт ай бойы мемлекеттік сатып алуға қатысуға жіберілмейді.
Мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімінде қамтылған мәліметтер осы тармақтың бірінші және екінші бөліктерінде белгіленген мерзім аяқталған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірілмей көрсетілген тізілімнен алып тасталады.
9. Мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімінен мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы туралы мәліметтерді алып тастауға мыналар негіз болып табылады:
1) осы баптың 8-тармағының бірінші және екінші бөліктерде белгіленген мерзімдердің өтуі;
2) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы шешімнің күшін жою туралы заңды күшіне енген сот актісінің болуы;
3) келісу комиссиясының әлеуетті өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімінен алып тастау туралы жолданымын қарау қорытындылары бойынша қабылдаған уәкілетті органның шешімі.
10. Әлеуетті өнім берушіні немесе өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізу туралы шешімге олар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шағым жасай алады.
11. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларды құрайтын және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған таралуы шектеулі қызметтік ақпаратты қамтитын мәліметтерді қоспағанда, тізілімдерде қамтылған мәліметтер мемлекеттік сатып алу веб-порталында орналастырылады және олар мүдделі тұлғалардың танысуына төлемақы алынбастан, қолжетімді болуға тиіс.
12. Мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне осы Заңның 39-бабы 3-тармағының 1), 2), 27) және 36) тармақшаларында көзделген жағдайларда айқындалған әлеуетті өнім берушілер мен өнім берушілер енгізілмейді.
13. Шағымдар тізілімі әлеуетті өнім берушілердің және өнім берушілердің уәкілетті органға мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы берген шағымдарының тізбесін білдіреді және шағымдарды қараудың және берілген нұсқамалардың (хабарламалардың) нәтижелері бойынша қабылданған шешімдер туралы мәліметтерді қамтиды.
14. Әлеуетті өнім берушілердің паспорттарының базасы мемлекеттік және мемлекеттік емес ақпараттық жүйелерден алынған әлеуетті өнім берушілер туралы мәліметтерді қамтитын және мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес мемлекеттік сатып алу веб-порталында қалыптастырылатын электрондық дерекқорды білдіреді.»;
10) мынадай мазмұндағы 12-1-баппен толықтырылсын:
«12-1-бап. Электрондық тауарлар каталогі
1. Тауарларды мемлекеттік сатып алу электрондық тауарлар каталогінен жүзеге асырылады.
2. Электрондық тауарлар каталогінен тауарларды мемлекеттік сатып алу мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен, уәкілетті орган бекіткен тауарлар тізбесі бойынша жүзеге асырылады.»;
11) 13-бапта:
1-тармақта:
1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
21-тармақтың 11) тармақшасының төртінші абзацының қолданысы 2022 ж. 1 қаңтардан бастап 2023 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұрған кезеңде осы абзац 2-баптың 2-тармағының редакциясында қолданылды
«1) конкурс (ашық конкурс, екі кезеңдік рәсімдер пайдаланылатын конкурс, алдын ала біліктілікті іріктеу арқылы өткізілетін конкурс, негіздемелік келісімдер пайдаланылатын конкурс, рейтингтік-балдық жүйе пайдаланылатын конкурс, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің өмірлік циклі құнының есептемесі пайдаланылатын конкурс);»;
5) тармақшадағы «биржалары арқылы жүзеге асырылады.» деген сөздер «биржалары;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 6) тармақшамен толықтырылсын:
«6) электрондық дүкен арқылы жүзеге асырылады.»;
мынадай мазмұндағы 1-1 және 2-1-тармақтармен толықтырылсын:
«1-1. Осы баптың 1-тармағының 1), 2), 3), 5) және 6) тармақшаларында көзделген мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәсілдері бәсекелестік тәсілдер деп танылады.»;
«2-1. Тапсырыс берушілер мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәсілін айқындау кезінде мемлекеттік сатып алудың бәсекелестік тәсілдерін таңдауға ұмтылады.»;
12) 16-бапта:
2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«2) мемлекеттік сатып алу есептілігін жинау, қорыту және талдау қағидаларын, оның ішінде мемлекеттік сатып алу есептілігін қалыптастыру тәртібін бекітеді;»;
мынадай мазмұндағы 11-3), 11-4) және 11-5) тармақшалармен толықтырылсын:
«11-3) электрондық депозитарийді қалыптастырады және жүргізеді;
11-4) сараптама комиссиясын не сарапшыны тарту қажет болатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесін айқындайды;
11-5) келісу комиссиясының үлгілік ережесі мен жұмыс тәртібін бекітеді;»;
13) 17, 19 және 20-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«17-бап. Мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың өкілеттіктері
Мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператор:
1) мемлекеттік сатып алу веб-порталын, электрондық тауарлар каталогін дамытуды, қолдап отыруды және оларға жүйелік-техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асырады;
2) мемлекеттік сатып алу веб-порталын, электрондық тауарлар каталогін дамыту бойынша жобаларды басқаруды жүзеге асырады;
3) әлеуетті өнім берушілерге мемлекеттік сатып алу веб-порталын пайдалану (оған қол жеткізу) бойынша ақылы негізде қызметтер көрсетеді. Әлеуетті өнім берушілердің мемлекеттік сатып алу веб-порталын пайдалануы (оған қол жеткізуі) бойынша көрсетілетін қызметтердің бағасын мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператор уәкілетті органмен келісу бойынша белгілейді.
Бұл ретте мемлекеттік сатып алу веб-порталын пайдалану (оған қол жеткізу) бойынша көрсетілетін қызметтердің бағасы мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың өкілеттіктерін жүзеге асыруға мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператор шеккен шығындардың толық өтелуін қамтамасыз етуге тиіс;
4) мемлекеттік сатып алу жүйесінің субъектілеріне мемлекеттік сатып алу веб-порталының жұмыс істеуі мәселелері бойынша өтеусіз негізде консультациялық көмек көрсетеді;
5) мемлекеттік сатып алу веб-порталында, электрондық тауарлар каталогінде орналастырылған мемлекеттік сатып алу жүйесі субъектілерінің электрондық ақпараттық ресурстарын сақтаудың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді;
6) мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес мемлекеттік сатып алу веб-порталын ақпараттық толықтыруды жүзеге асырады;
7) мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін, мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды интеграциялау және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша уәкілетті субъектілермен өзара іс-қимыл жасайды;
8) электрондық тауарлар каталогін ендіруді, толықтыруды жүзеге асырады, сондай-ақ әлеуетті өнім берушілердің аталған каталогке тауарларды орналастыруы үшін қолжетімділігін қамтамасыз етеді;
9) мемлекеттік сатып алу веб-порталының құралдарын пайдалана отырып, осы Заңда және мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен конкурсқа (аукционға) және баға ұсыныстарын сұратуға қатысуға арналған өтінімдерді қамтамасыз етуді енгізу және қайтару процесін операциялық қолдап отыруды қамтамасыз етеді;
10) мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша электрондық дүкенді айқындау талаптары мен тәртібін айқындайды;
11) кейіннен мемлекеттік меншікке бере отырып, электрондық дүкенді сенімгерлік басқаруды жүзеге асырады;
12) электрондық тауарлар каталогін қалыптастыру және ұсыну тәртібін айқындайды;
13) электрондық тауарлар каталогін қалыптастыру және толықтыру мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды;
14) мемлекеттік сатып алу веб-порталы, электрондық тауарлар каталогі арқылы электрондық қызметтер көрсетеді;
15) анықтамалықты ендіре отырып, тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бағалардың дерекқорын ендіруді және оны қолдап отыруды жүзеге асырады.»;
«19-бап. Мемлекеттік сатып алудың мониторингі
1. Мемлекеттік сатып алудың мониторингі мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы ақпаратты жинау, қорыту, талдау, жүйелеу және бағалау негізінде жүзеге асырылады.
2. Уәкілетті орган мемлекеттік сатып алудың мониторингін мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы және онда қамтылған ақпарат негізінде жүзеге асырады.
3. Мемлекеттік сатып алу мониторингінің нәтижелері бойынша уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне және Қазақстан Республикасының Үкіметіне мемлекеттік сатып алу туралы жыл сайынғы есепті жібереді, сондай-ақ оны мемлекеттік сатып алу веб-порталына орналастырады.
4. Мемлекеттік сатып алу туралы жыл сайынғы есепте барлау және қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды, олардың мекемелері мен ведомстволық бағынысты ұйымдарын қоспағанда, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметі тиімділігінің түйінді көрсеткіштері де қамтылуға тиіс.
5. Мемлекеттік сатып алу туралы жыл сайынғы есепті дайындау қағидаларын уәкілетті орган бекітеді.»;
«20-бап. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру
1. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырған кезде мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы мыналарды:
1) өзара байланысты жұмыстар, көрсетілетін қызметтер кешенін көздейтін жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды;
2) уәкілетті орган бекіткен тізбе бойынша тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды қоспағанда, конкурстық құжаттамада тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді олардың біртекті түрлері және оларды беру (орындау, көрсету) орны бойынша лоттарға бөлуге міндетті.
Тауарлар берудің, қызметтер көрсетудің кемінде бес орны болған жағдайда, лотта тауарлар берудің, қызметтер көрсетудің бірнеше орнын көрсетуге жол беріледі.
2. Конкурсқа қатысуға арналған өтінімдерді қарау, конкурсқа қатысушылардың конкурстық баға ұсыныстарын бағалау және салыстыру, сондай-ақ конкурс жеңімпазын айқындау конкурстық құжаттамада көзделген әрбір лот бойынша жүзеге асырылады.
3. Конкурсқа қатысуға арналған өтінімдерді қарау қорытындылары бойынша біліктілік талаптарына және конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келеді деп айқындалған әлеуетті өнім берушілер конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуға қатысады.»;
14) 21-бапта:
2-тармақтың бірінші бөлігі 2) тармақшасының үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Жобалау-сметалық құжаттаманы талап ететін жұмыстарды мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырған кезде конкурстық құжаттамада белгіленген тәртіппен бекітілген техникалық өзіндік ерекшелік, жобалау-сметалық құжаттама және оның кешенді ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысы қамтылуға тиіс. Бұл ретте мұндай мемлекеттік сатып алу бойынша жұмыстарды орындау мерзімдері белгіленген тәртіппен бекітілген жобалау-сметалық құжаттамада көрсетілген жұмыстарды орындау мерзімдеріне сәйкес келуге тиіс;»;
4-1-тармақ алып тасталсын;
15) 22-баптың 6-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«6. Осы баптың талаптары жобалау-сметалық құжаттаманы талап ететін жұмыстарды мемлекеттік сатып алуға қолданылады, онда конкурстық құжаттамада техникалық өзіндік ерекшелік және осы баптың 2-тармағы бірінші бөлігінің 3) тармақшасы бөлігінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттама қамтылады.»;
16) мынадай мазмұндағы 22-1-баппен толықтырылсын:
«22-1-бап. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы алдын ала хабарлау
1. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы осы Заңның 22-бабының талаптарын ескере отырып, мемлекеттік сатып алу веб-порталында конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы алдын ала хабарландыруды орналастыруға құқылы.
2. Мемлекеттік сатып алу веб-порталында конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы алдын ала хабарландыру орналастырылған жағдайда, жиынтығында мынадай шарттардың орындалуы:
1) осы Заңның 22-бабына сәйкес бекітілген конкурстық құжаттаманың өзгермеуі;
2) конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы алдын ала хабарландыру мемлекеттік сатып алу веб-порталында күнтізбелік отыз күннен он екі айға дейінгі мерзімде, бірақ мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы хабархат орналастырылған күнге дейін ағымдағы қаржы жылының аяқталу мерзімінен кешіктірілмей орналастырылуы шартымен, әлеуетті өнім берушілердің конкурсқа қатысуға арналған өтінімдерді ұсынатын соңғы күнінің мерзімі мемлекеттік сатып алу веб-порталында конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы хабарландыру мәтіні орналастырылған күннен бастап жеті жұмыс күнінен кем болмауға тиіс.»;
17) 25-баптың 3-тармағында:
бірінші бөліктің 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«1) әлеуетті өнім берушінің электрондық әмиянындағы ақшаны таңдауға құқылы. Кепілдік ақшалай жарнаны беруге осы Заңның 50-бабында көзделген жағдайларда жол беріледі;»;
мынадай мазмұндағы төртінші бөлікпен толықтырылсын:
«Мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың өз ақшасын осы Заңда көзделген есеп айырысу операцияларын жүзеге асыруға арналған банктік шотқа есепке жазуына жол берілмейді.»;
18) 26-бапта:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
«26-бап. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезіндегі демпингке қарсы шаралар»;
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Әлеуетті өнім беруші ұсынған, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалатын шекті мәннен төмен болып табылатын баға демпингтік баға деп танылады.»;
19) 27-бапта:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Тапсырыс беруші, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы қажет болған кезде әлеуетті өнім берушілер ұсынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің конкурстық құжаттаманың ажырамас бөлігі болып табылатын техникалық өзіндік ерекшелікке сәйкестігіне қатысты сараптамалық қорытынды дайындау үшін сараптама комиссиясын құрады не сарапшыны айқындайды.
Сараптама комиссиясын құру және (немесе) сарапшыны айқындау тәртібі, сондай-ақ сарапшыларға қойылатын талаптар мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.»;
5-тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«1) конкурсқа қатысуға арналған өтінімдерді қарауды, бағалауды және салыстыруды оңайлату үшін әлеуетті өнім берушілерден олардың өтінімдеріне байланысты материалдар мен түсіндірмелерді мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы сұратуға;»;
20) 29-бап мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:
«4. Осы баптың 1-тармағының 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу өтпеді деп танылған жағдайларда, әлеуетті өнім берушілердің конкурстық баға ұсыныстары ашылмайды.»;
21) 30-баптың 1-тармағы 3) тармақшасындағы «сатып алынған жағдайларда жүзеге асырылуы мүмкін.» деген сөздер «сатып алынған;» деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толықтырылсын:
«4) инвестициялық құрамдас бөлігі бар, офтейк-келісімшарттар қолданылатын тауарлар сатып алынған жағдайларда жүзеге асырылуы мүмкін.
Офтейк-келісімшарттарды жасасу Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес тиісті бюджет негізінде жүзеге асырылады.»;
22) 4-тарау мынадай мазмұндағы 31-1, 31-2 және 31-3-баптармен толықтырылсын:
«31-1-бап. Негіздемелік келісім пайдаланылатын конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру ерекшеліктері
1. Негіздемелік келісім пайдаланылатын конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің уәкілетті орган бекіткен тізбесі бойынша жүзеге асырылады.
2. Негіздемелік келісімдер пайдаланылатын конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәртібі мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.
31-2-бап. Рейтингтік-балдық жүйе пайдаланылатын конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру ерекшеліктері
1. Рейтингтік-балдық жүйе пайдаланылатын конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің уәкілетті орган бекіткен тізбесі бойынша жүзеге асырылады.
2. Рейтингтік-балдық жүйе пайдаланылатын конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәртібі мен олардың өлшемшарттары мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.
21-тармақтың 22) тармақшасының сегізінші, тоғызыншы және оныншы абзацтары 2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
31-3-бап. Сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің өмірлік циклі құнының есептемесі пайдаланылатын конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру ерекшеліктері
1. Сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің өмірлік циклі құнының есептемесі пайдаланылатын конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің уәкілетті орган бекіткен тізбесі бойынша жүзеге асырылады.
2. Сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің өмірлік циклі құнының есептемесі пайдаланылатын конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәртібі мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.»;
23) 32, 33 және 34-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«32-бап. Аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру
1. Аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алу нақты уақыт режимiнде мемлекеттiк сатып алу веб-порталында жүзеге асырылады, оның өткізілуін мемлекеттiк сатып алу саласындағы бірыңғай оператор қамтамасыз етеді.
2. Аукцион бір лотқа өткізіледі, бұл ретте тауар аукцион нысанасы болып табылады.