152-бап. Тергеу судьясының күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы өтінішхатты қарауы және мерзімдерді есептеуі
1. Күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы өтінішхат тергеу судьясының жеке-дара қарауына жатады. Сот отырысына міндетті түрде прокурор қатысады. Отырысқа сондай-ақ күдіктінің қорғаушысы, заңды өкілі, жәбірленуші, оның заңды өкілі және өкілі қатыса алады, өтінішхаттарды қарау уақыты туралы уақтылы хабарланған кезде олардың келмеуі өтінішхаттарды сотта қарауға кедергі болмайды.
Сот күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы мәселені қарауға өзіне қатысты өтінішхат берілген адамды қатыстыру қажет деп тануға және тергеп-тексеруді жүзеге асыратын органға оны сот отырысына жеткізуді жүктеуге құқылы.
Күзетпен ұсталу мерзімін ұзартуға прокурор өтінішхат беріп отырған адам сот отырысына қатысуға құқылы, бұл жағдайда, сот тергеп-тексеруді жүзеге асыратын органға оны сот отырысына жеткізуді жүктеуге құқылы.
2. Судья отырыстың басында қандай өтінішхаттың қаралуға жататынын жариялайды, келген адамдарға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді, содан кейін енгізілген өтінішхат бойынша тараптардың күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын сол қалпында қалдыру қажеттігі тұрғысындағы дәлелдерін тыңдап:
1) күдіктіні, айыпталушыны күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы өтінішхатты қанағаттандыру;
2) күдіктіні, айыпталушыны күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы өтінішхатты қанағаттандырудан бас тарту және бұлтартпау шарасының күшін жою немесе оны неғұрлым жеңілдеуіне өзгерту және оны қамаудан босату туралы қаулылардың бірін шығарады.
3. Күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы өтінішхат келіп түскен күнінен бастап үш тәуліктен аспайтын мерзімде қаралуға жатады.
4. Күзетпен ұстау орны әкімшілігінің басшысы күдіктіні, айыпталушыны күзетпен ұстау мерзімі аяқталардан жиырма төрт сағат бұрын іс жүргізуінде қылмыстық іс жатқан органға немесе адамға, сондай-ақ прокурорға ол туралы хабарлауға міндетті. Егер күзетпен ұстаудың заңда белгіленген мерзімі аяқталғанға дейін күдіктіні, айыптаушыны босату туралы не оларды күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы тиісті шешім келіп түспесе, күзетпен ұстау орны әкімшілігінің басшысы оларды өзінің қаулысымен босатып, оның көшірмесін жиырма төрт сағат ішінде іс жүргізуінде қылмыстық іс жатқан органға немесе адамға және прокурорға жолдайды.
5. Күзетпен ұстау орны әкімшілігінің басшысы осы баптың төртінші бөлігінің талаптарын орындамаған кезде заңда белгіленген жауаптылықта болады.
6. Күзетпен ұстау мерзімі күдіктінің күзетпен қамалған кезінен бастап оған тергеу әрекеттерін жүргізу аяқталғаны туралы хабарлағанға және қылмыстық іс материалдарымен танысу құқығы түсіндірілгенге дейін есептеледі. Адамды күдікті ретінде ұстап алу уақыты, соттың шешімі бойынша психиатриялық немесе өзге де медициналық ұйымда мәжбүрлі түрде болу уақыты күзетпен ұстау мерзіміне есептеледі.
Күдіктінің және оның қорғаушысының қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңінде күдіктіні күзетпен ұстауды тергеу судьясы осы Кодекстің 148, 151-баптарында көзделген тәртіппен санкциялайды және оның мерзімін ұзартады.
Күдіктінің және қорғаушының қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңінде күдіктінің күзетпен ұстауда болуы осы Кодекстің 151-бабының бірінші - төртінші бөліктерінде белгіленген мерзімге кірмейді, бірақ оны сот жаза тағайындау кезінде ескереді.
7. Күдіктінің және қорғаушының қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңінде күдіктінің күзетпен ұстауда болу мерзімін санкциялау туралы өтінішхат осы бапта көзделген тәртіппен және мерзімдерде қаралуға жатады.
Күдіктінің қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңінде күзетпен ұстауда болу мерзімін тергеу судьясы қылмыстық істің көлемін, іске қатысатын адамдардың санын және іспен танысу уақытына әсер ететін өзге де мән-жайларды ескере отырып айқындайды.
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 8-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
8. Прокурор қылмыстық істі қосымша тергеп-тексеру жүргізу үшін қайтарған жағдайда, ол бойынша күдіктіні күзетпен ұстаудың шекті мерзімі аяқталмаған болса, ал бұлтартпау шарасын өзгертуге негіздер болмаса, прокурордың уәжді өтінішхаты бойынша тергеу судьясы күзетпен ұстау мерзімін бір ай шегінде ұзарта алады.
Сот қылмыстық істі осы Кодексте көзделген негіздер бойынша прокурорға қайтарған кезде, егер күдіктіні күзетпен ұстаудың шекті мерзімі аяқталмаған болса, ал бұлтартпау шарасын өзгертуге негіздер болмаса, нақ сол сот күзетпен ұстау мерзімін істі прокурор алған кезден бастап бір ай шегінде ұзартады.
9. Күдікті, айыпталушы сол бір іс бойынша, сондай-ақ онымен біріктірілген немесе одан бөліп алынған қылмыстық іс бойынша қайтадан күзетпен қамалған жағдайда, күзетпен ұстау мерзімі күзетпен өткізілген уақыт ескеріле отырып есептеледі.
10. Шет мемлекет іздестіріліп жатқан адамды Қазақстан Республикасына ұстап берген (экстрадициялаған) жағдайда, күзетпен ұстау мерзімі ол Қазақстан Республикасының аумағына келген күннен бастап есептеледі, ал адамды шет мемлекеттің аумағында экстрадициялық қамақ тәртібімен күзетпен ұстау уақыты жаза тағайындалған кезде жалпы күзетпен ұстау мерзіміне есептеледі.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 11-бөлік өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
11. Күдіктіні, айыпталушыны күзетпен ұстаудың осы бапта белгіленген мерзімін есептеу мен ұзарту тәртібі үкімнің күшін кассациялық сатысында іс жүргізудің нәтижесінде немесе бас бостандығынан айыру түрінде жазасын өтеп жатқан адамға қатысты жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша жою кезінде де қолданылады.
153-бап. Бұлтартпау шарасының күшін жою немесе оны өзгерту
1. Бұлтартпау шарасының қажеттігі болмай қалған кезде оның күші жойылады немесе ол осы Кодекстің 136 және 138-баптарында көзделген негіздер мен мән-жайлар өзгерген кезде қатаңдығы неғұрлым жеңіл немесе неғұрлым ауыр шараға өзгертіледі.
2. Бұлтартпау шарасының күшін жою немесе оны өзгерту қылмыстық процесті жүргізетін органның уәжді қаулысы бойынша жүргізіледі.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу барысында прокурордың келісуі немесе нұсқауы бойынша таңдалған бұлтартпау шарасының күші прокурордың келісуімен ғана жойылуы немесе ол өзгертілуі мүмкін.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Қылмыстық қудалау органының бұлтартпау шарасын өзгерту не оның күшін жою туралы қаулысына шағым жасау, оны прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарау осы Кодекстің 100-106-баптарында көзделген тәртіппен жүргізіледі.
2017.03.07. № 84-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 5-бөлік жаңа редакцияда
5. Тергеу судьясы санкциялаған бұлтартпау шарасының күшін жою немесе оны өзгерту, осы Кодекстің 145-бабының сегізінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, тергеу судьясының санкциясымен жүргізіледі.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам қылмыстық істі немесе қылмыстық қудалауды тоқтату туралы шешім қабылдаған кезде бұлтартпау шарасының күшін жою прокурордың келісуімен жүргізіледі.
6. Кепіл, күзетпен ұстау немесе үйқамақ түріндегі бұлтартпау шараларының күшін жою туралы қаулыға шағым жасау осы Кодекстің 106-бабында көзделген тәртіппен жүргізіледі.
154-бап. Қамқоршылыққа және мүлкінің қаралуына құқық
1. Ата-анасының немесе асыраушысының күзетпен ұсталуының, сол сияқты қылмыстық процесті жүргізетін органның басқа да әрекеттерiнiң нәтижесiнде қараусыз, күтусiз және күнкөріс қаражатынсыз қалған кәмелетке толмағандардың, сондай-ақ еңбекке қабiлетсiз адамдардың өздеріне қамқоршылық жасалуына құқығы бар, оны көрсетілген орган бюджет қаражаты есебiнен қамтамасыз етуге мiндеттi. Қылмыстық процестi жүргізетін органның еңбекке қабiлетсiз адамдарды қарау, күту және мемлекеттiк әлеуметтiк көмек органдарына немесе медициналық ұйымға уақытша орналастыру жөнiндегi тапсырмасы қорғаншы және қамқоршы орган, сондай-ақ аталған ұйымдардың басшылары үшiн мiндеттi. Қылмыстық процестi жүргізетін орган кәмелетке толмаған және еңбекке қабiлетсiз адамдарға қамқоршылық жасауды осы адамдардың келiсiмiмен олардың туыстарына сенiп тапсыруға құқылы.
2. Күзетпен ұсталуының, сол сияқты қылмыстық процестi жүргізетін органның басқа да әрекеттерiнiң нәтижесiнде мүлкi қараусыз қалған адамның өз мүлкiнің және өзіне тиесiлi жануарлардың қарауда болуына құқығы бар, оны көрсетілген лауазымды адам осы адамға оның өтiнуi бойынша және оның есебiнен қамтамасыз етуге мiндеттi. Қылмыстық процестi жүргізетін органның адамның мүлкi мен оған тиесiлi жануарларға қарауды ұйымдастыру жөніндегі тапсырмасы тиiстi мемлекеттiк органдар мен ұйымдар үшiн мiндеттi.
3. Қылмыстық процестi жүргізетін орган бұлтартпау шарасы ретiнде күзетпен ұстау қолданылған адамға немесе басқа да мүдделi адамға осы бапқа сәйкес қолданылған шаралар туралы дереу хабарлайды.
19-тарау. ӨЗГЕ ДЕ ПРОЦЕСТІК МӘЖБҮРЛЕУ ШАРАЛАРЫ
155-бап. Өзге де процестік мәжбүрлеу шараларын қолдану үшін негіздер
1. Қылмыстық процесті жүргізетін орган осы Кодексте көзделген қылмыстық істер бойынша тергеп-тексерудің, сот талқылауының тәртібін, үкімнің тиісті түрде орындалуын қамтамасыз ету мақсатында күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға осы Кодекстің 18-тарауында көзделген бұлтартпау шараларының орнына немесе солармен қатар өзге де процестік мәжбүрлеу шараларын: келу туралы міндеттемені, күштеп әкелуді, лауазымынан уақытша шеттетуді, мүлкіне тыйым салуды, жақындауға тыйым салуды қолдануға құқылы.
2. Қылмыстық процесті жүргізетін орган осы Кодексте көзделген жағдайларда жәбірленушіге, куәға және іске қатысатын басқа да адамдарға процестік мәжбүрлеу шараларын: келу туралы міндеттемені, күштеп әкелуді, ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқылы.
156-бап. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға және сотқа келу туралы мiндеттеме
1. Бұлтартпау шарасын қолдануға қажеттік болмаған, бұлтартпау шарасы қолданылмаған күдікті, айыпталушы тергеу әрекеттеріне немесе сот талқылауына қатысудан жалтаруы мүмкін деп пайымдауға жеткілікті негіздер болған кезде не олар шақыру бойынша дәлелді себептерсіз іс жүзінде келмеген кезде аталған адамдардан шақыру бойынша қылмыстық қудалау органына немесе сотқа уақтылы келу, ал тұрғылықты жерін өзгерткен жағдайда ол туралы дереу хабарлау жөнінде жазбаша міндеттеме алып қойылуы мүмкін. Келу туралы міндеттеме алып қойылған кезде күдіктіге, айыпталушыға оны орындамаудың осы Кодекстің 140-бабының төртінші бөлігінде көзделген салдарлары туралы ескертіледі.
2. Қылмыстық қудалау органына не сотқа келу туралы жазбаша міндеттеме жәбірленушіден де және куәдан да алынуы мүмкін.
3. Келу туралы міндеттеме орындалмаған кезде осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген адамдарға осы Кодекстің 160-бабында көзделген тәртіппен ақшалай өндіріп алу қолданылуы және бұлтартпау шарасы қолданылуы мүмкін.
4. Келу туралы міндеттеме орындалмаған кезде осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген адамдарға осы Кодекстің 160-бабында көзделген тәртіппен ақшалай өндіріп алу қолданылуы мүмкін.
157-бап. Күштеп әкелу
1. Күдікті, айыпталушы, сотталушы, сондай-ақ куә, жәбiрленушi шақыру бойынша дәлелді себептерсіз келмеген жағдайда, олар сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның, соттың уәждi қаулысы бойынша күштеп әкелінуі (мәжбүрлеп жеткізілуі) мүмкін.
2. Шақырту туралы тиiсті түрде хабарланған адамның келмеуiнiң дәлелдi себептерi болып: адамды келу мүмкiндiгiнен айырған ауруы, жақын туыстарының қайтыс болуы, дүлей зілзала, адамды белгіленген уақытта келу мүмкiндiгiнен айыратын өзге де себептер танылады. Күдікті, айыпталушы, сотталушы, сондай-ақ куә және жәбiрленушi шақыру бойынша белгіленген мерзiмде келуге кедергi келтiретiн дәлелдi себептер туралы өздерiн шақырған органға хабарлауға мiндеттi.
3. Күштеп әкелу туралы қаулы күдіктіге, айыпталушыға, сондай-ақ куәға және жәбiрленушiге оны орындаудың алдында хабарланады, бұл олардың қаулыға қол қоюымен куәландырылады.
4. Күштеп әкелуді түнгi уақытта жүргiзуге болмайды.
5. Он төрт жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар, ал он сегiз жасқа толмаған адамдар - олардың заңды өкiлiне хабарланбастан, жүктi әйелдер, сондай-ақ дәрiгердiң куәландыруына жататын денсаулық жағдайы бойынша өзiнiң жатқан орнынан кете алмайтын немесе кетпеуге тиiс науқастар күштеп әкелінуге жатпайды.
6. Соттың күштеп әкелу туралы қаулысын - сот приставы немесе iшкi iстер органы; прокурордың, анықтаушының, тергеушiнiң қаулысын анықтау, алдын ала тергеу жүргiзетiн орган немесе iшкi iстер органы орындайды.
158-бап. Лауазымынан уақытша шеттету
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде - тергеу судьясы немесе сот ісін жүргізу кезінде сот, күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау үшін негіздер болмаған кезде күдікті, айыпталушы, сотталушы осы лауазымда қала отырып, істі тергеп-тексеруге және сотта талқылауға, қылмыспен келтiрiлген залалды өтеуге кедергi келтіреді немесе осы лауазымда болуымен байланысты қылмыстық іс-әрекетпен айналысуды жалғастырады деп пайымдауға жеткiлiктi негiздер болған кезде, күдіктінің әрекетін саралау туралы қаулы шығарылғаннан кейін күдіктіні, айыпталушыны, сотталушыны лауазымынан шеттетуге құқылы.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген мән-жайлар болған кезде, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам сот алдында лауазымынан уақытша шеттету жөнінде өтінішхат қозғау туралы қаулы шығарады және оны тергеу судьясына жібереді.
Қаулыға қылмыстық істің лауазымынан шеттету қажеттігін растайтын материалдарының куәландырылған көшірмелері қоса беріледі.
Қаулының көшірмесі бір мезгілде прокурорға жіберіледі.
3. 2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Лауазымнан уақытша шеттетуді санкциялау туралы өтінішхатты тергеу судьясы өтінішхат сотқа келіп түскен кезден бастап жиырма төрт сағат ішінде тараптардың қатысуынсыз жеке-дара қарайды.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 5-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Тергеу судьясы өтінішхатты және істің ұсынылған материалдарын қарап шығып, лауазымнан уақытша шеттетуді санкциялау не санкциялаудан бас тарту туралы қаулы шығарады. Лауазымнан уақытша шеттетуді санкциялау немесе одан бас тарту туралы қаулыға осы Кодекстің 107-бабында көзделген тәртіппен шағым жасалуы, ол прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуы мүмкін.
6. Күдіктіні, айыпталушыны, сотталушыны лауазымынан уақытша шеттету туралы қаулы оның жұмыс орны бойынша ұйым басшысына жiберiледi, ол қаулыны алғаннан кейiн үш тәулiк iшiнде оны орындауға және лауазымынан шеттету туралы өтінішхат мәлімдеген адамға ол туралы хабарлауға мiндеттi.
7. Лауазымынан шеттетiлген күдіктінің, айыпталушының, сотталушының, егер олар өздеріне байланысты емес мән-жайлар бойынша басқа лауазымда iстей алмаса немесе басқа жұмысқа кiре алмаса, ең төмен бір жалақы мөлшерiнен кем емес ай сайынғы мемлекеттiк жәрдемақыға құқығы бар.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 8-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8. Лауазымынан уақытша шеттетудің күшін жоюды осы шараға қажеттілік жойылған кезде - тергеу судьясының санкциясы бойынша қылмыстық қудалау органының уәжді қаулысымен, не қылмыстық істі сотта қарау барысында сот жүзеге асырады.
2021.09.06. № 49-VІІ ҚР Заңымен 159-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
159-бап. Ақшалай өндіріп алу
Осы Кодекстің 65-1, 71, 78, 80, 81, 82, 90, 142, 144, 156 және 165-баптарында көзделген процестік міндеттерді орындамағаны және сот отырысында тәртіп бұзғаны үшін, адвокатты, прокурор мен сотталушыны қоспағанда, қорғалуға құқығы бар куәге, жәбірленушіге, куәге, маманға, аудармашыға және өзге де адамдарға осы Кодекстің 160-бабында белгіленген мөлшерде және тәртіппен ақшалай өндіріп алу қолданылуы мүмкін.
160-бап. Ақшалай өндіріп алуды қолдану тәртібі
1. Осы Кодекстің 159-бабында аталған жағдайларда сот ақшалай өндіріп алуды қолданады.
2. Егер тиісті бұзушылыққа сот отырысы барысында жол берілсе, онда сот өндіріп алуды осы бұзушылық анықталған сол бір сот отырысында қолданады, соттың ол туралы қаулысы шығарылады.
3. Тиісті бұзушылыққа сотқа дейінгі іс жүргізу барысында жол берілген болса, онда сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам немесе прокурор бұзушылық туралы хаттама жасап, оны тергеу судьясына жібереді, ол оны сотқа келіп түскен кезден бастап бір тәулік ішінде қарайды. Сот отырысына өзіне ақшалай өндіріп алу қолданылуы мүмкін тұлға шақыртылады. Бұзушылық жасаған адамның дәлелді себептерсіз келмей қалуы хаттаманы қарауға кедергі болмайды.
4. Судья хаттаманы қарау нәтижесі бойынша елу айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде ақшалай өндіріп алуды қолдану немесе оны қолданудан бас тарту туралы қаулы шығарады. Қаулының көшірмесі хаттаманы жасаған адамға және ақшалай өндіріп алу қолданылған адамға жіберіледі.
5. Сот ақшалай өндіріп алу қолданылған кезде қаулының орындалуын үш айға дейінгі мерзімге кейінге қалдыруға немесе ұзартуға құқылы.
161-бап. Мүлiкке тыйым салу
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2021.02.07. № 62-VII ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам үкiмнің азаматтық талап қою, басқа да мүлiктiк өндіріп алулар немесе мүлiктi ықтимал тәркiлеу бөлiгiнде орындалуын қамтамасыз ету мақсатында мүлікке тыйым салуды қолдану шараларын қабылдауға міндетті.
Егер азаматтық талап қоюды қамтамасыз ету негіздері сот тергеуі сатысында туындаса, сот үкім заңды күшіне енгенге дейін оны қамтамасыз ету шараларын қабылдауға құқылы.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда прокурордың келісуімен, егер мүліктің меншік иесінің жеке басы анықталса, оны жиырма төрт сағат ішінде хабардар ете отырып, мүлікке билік етуге он тәуліктен аспайтын мерзімге уақытша шектеу белгілеуге құқылы.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам мүлікке билік етуге шектеу белгіленген мерзім өткенге дейін қаржы ұйымдарын және мүлікті және (немесе) мүлікке құқықтарды тіркеу саласындағы уәкілетті органдарды немесе өзге де уәкілетті органдар мен ұйымдарды бұл туралы хабардар ете отырып, осы Кодекстің 162-бабында көзделген тәртіппен сот алдында мүлікке тыйым салуды қолдану туралы өтінішхатты қозғау туралы қаулы шығаруға не белгіленген шектеуді алып тастауға міндетті.
Мүліктің меншік иесін оған тиесілі мүлікке билік етуге уақытша шектеу белгіленгені туралы хабардар ету мына жағдайларда:
1) террористік немесе экстремистік қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша;
2) қылмыстық топ жасаған қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша;
3) егер мүліктің меншік иесін мүлікке билік етуге уақытша шектеу белгіленгені туралы хабардар ету қылмыстық іс бойынша жүргізіліп жатқан жасырын тергеу іс-шаралары туралы ақпараттың ашылу қаупін туғызса, жүргізілмейді.
2. Мүлiкке тыйым салу оның меншiк иесiне немесе иеленушiсiне арналған, осы мүлікке билiк етуге, ал қажет болған жағдайларда оны пайдалануға тыйым салудан не мүлiктi алып қоюдан және оны сақтауға беруден тұрады.
3. Тәркіленуге жататын мүлікті қарап-тексеру және сақтау тәртібі осы Кодекстің 221-бабында айқындалады.
4. Үкімді күдіктінің, айыпталушының немесе олардың әрекеттері үшін заң бойынша материалдық жауаптылықта болатын, Қазақстан Республикасының қаржы ұйымдарының қызметін реттейтін заңдарында көзделген жағдайларда міндеттемелері қайта құрылымдануға жататын, қаржы ұйымдарының кредиторлары болып табылатын тұлғалардың мүлкіне тыйым салу туралы азаматтық талап қою бөлігінде орындауды қамтамасыз ету шараларын қолдануға жол берілмейді.
5. Азаматтық талапкер немесе прокурор қойған азаматтық талапты қамтамасыз ету үшін тыйым салынған мүлiктiң құны талап қоюдың бағасынан аса алмайды.
6. Бiрнеше күдіктінің, айыпталушының немесе олардың әрекеттерi үшін жауап беретiн тұлғалардың әрқайсысынан тыйым салынуға жататын мүлiктiң үлесiн айқындау кезiнде күдіктіге, айыпталушыға таңылған қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға қатысу дәрежесi ескерiледi, алайда, егер басқаларда мүлік болмаса, азаматтық талап қоюды қамтамасыз ету үшiн тиiстi тұлғалардың бiрiнiң мүлкiне де толық мөлшерде тыйым салынуы мүмкiн.
2016.26.07. № 12-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.05.07. № 88-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 7-бөлік жаңа редакцияда; 2017.12.12. № 114-VI ҚР Заңымен (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2018.28.12. № 208-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.26.06. № 349-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен (2020 ж. 16 желтоқсаннан, 2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2020.30.12. № 397-VI ҚР Заңымен (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 7-бөлік өзгертілді
7. Бiрiншi қажеттiлiк заттары болып табылатын мүлікке және тізбесі Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын өзге де заттарға тыйым салынбайды.
Мүлікке билік етуге уақытша шектеу, мүлікпен мәмілелер және өзге де операциялар жасауға шектеулер белгілеуге, мемлекеттік бюджеттен және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді, тұрғын үй төлемдерін, тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін біржолғы зейнетақы төлемдерін есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшаға және (немесе) электрондық ақшаның электрондық әмияндарындағы электрондық ақшаға, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының банктік шоттардағы активтеріне, тұрғын үй төлемдерін пайдалану есебінен жинақталған тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы түріндегі тұрғын үй құрылысы жинақ банктеріндегі банктік шоттардағы ақшаға, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізу мақсатында жасалатын шарттар бойынша міндеттемелердің орындалмауы туралы істер бойынша сот шешімдері негізінде өндіріп алуларды қоспағанда, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге арналған жинақтар түріндегі екінші деңгейдегі банктердегі банктік шоттардағы ақшаға, нотариус депозиті шарттарында енгізілген, «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жасалған білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша банктік шоттардағы ақшаға, уәкілетті мемлекеттік орган лицензиядан айырған және (немесе) мәжбүрлеп тарату (қызметін мәжбүрлеп тоқтату) процесінде тұрған банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктері филиалдарының, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары филиалдарының ақшасына, жеке сот орындаушысының өндіріп алушылардың пайдасына өндіріп алынған сомаларды сақтауға арналған ағымдағы шотындағы ақшаға тыйым салуға жол берілмейді.
Осы бөліктің екінші абзацының ережесі атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган, оның аумақтық органдары лицензиясының қолданысы тоқтатыла тұрған немесе тоқтатылған не лицензиясынан айырылған жеке сот орындаушысының өндіріп алушылардың пайдасына өндіріп алынған сомаларды сақтауға арналған көрсетілген ағымдағы шоты бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру бойынша қоятын шектеулерге қолданылмайды.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 8-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8. Егер басқа тұлғалардағы мүлік күдіктінің, айыпталушының қылмыстық әрекеттері нәтижесінде алынған не қылмыстық құқық бұзушылық қаруы немесе құралы ретінде не экстремизмді, терроризмді, ұйымдасқан топты, заңсыз әскери құралымды, қылмыстық қоғамдастықты қаржыландыру үшін пайдаланылған немесе пайдалануға арналған деп пайымдауға жеткілікті негіздер болса, ол мүлікке тыйым салу қолданылуы мүмкін.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2021.02.07. № 62-VII ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 9-бөлік жаңа редакцияда
9. Тыйым салынуға жататын мүлік жасырылуы немесе жоғалтылуы мүмкін деп пайымдауға негіз болған жағдайларда сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам прокурорды және сотты жиырма төрт сағат ішінде хабардар ете отырып, он тәуліктен аспайтын мерзімге мүлікпен мәмілелер және өзге де операциялар жасауды тоқтата тұруға не мүлікті алып қоюға құқылы.