4) суға батқан мүлiктi алып шығу үшiн белгiленген мерзiмдер туралы мәлiметтердi бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға;
5) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асыруға мiндеттi.
2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен 41-бап өзгертілді (бұр. ред.қара)
41-бап. Кемелерге бақылау және қадағалау жасау
2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред.қара)
1. Теңiзге шығатын кемелерге бақылау және қадағалау жасауды жүзеге асыру кезiнде теңiз портының капитаны:
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред.қара)
1) кеме құжаттарының болуын және олардың қолданылу мерзімдерін;
2) кеменiң негiзгi сипаттамасының кеме құжаттарына сәйкестiгiн;
3) кеме экипажын жинақтауға қойылатын талаптардың сақталуын тексередi.
2. Кеме құжаттары болмаған немесе кеменiң теңiзде жүзу қауiпсiздiгi талаптарын қанағаттандырмайтынына жеткiлiктi негiздер болған жағдайда теңiз портының капитаны кеменi тексерiп қарай алады.
3. Кеменiң теңiз портынан шығуына рұқсат беруге кедергi жасайтын кемшiлiктердің жойылғанын тексеру мақсатында теңiз портының капитаны кеменi бақылап тексеруi мүмкiн.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 42-бап өзгертілді (бұр. ред.қара)
42-бап. Кемелердің теңiз портынан шығуына рұқсат беру
1. Әрбір кеме теңiз портынан шығуға дейiн бұған теңiз портының капитанынан рұқсат алуға мiндеттi.
2. Теңiз портының капитаны кеменiң теңiз портынан шығуына мына жағдайларда:
2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1) кеменің сауда мақсатында теңізде жүзу саласындағы техникалық регламенттерде белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкессіздігі жағдайында;
2) тиеуге, жабдықтауға, экипаж жасақтауға қойылған талаптар бұзылғанда немесе кеменiң жүзу қауiпсiздiгiне, кемедегi адамдардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн басқа да кемшiлiктер, сондай-ақ теңiз ортасына залал келтiру қаупi болғанда;
3) кеме құжаттарына қойылатын талаптар бұзылғанда;
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред.қара)
4) тиісті мемлекеттік органдардың (шекара, санитариялық-карантиндік, фитосанитариялық, мемлекеттік кіріс органдарының және басқаларының) нұсқамасы болғанда;
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред.қара)
5) теңіз порты көрсеткен міндетті қызметтер үшін ақы төленбегенде рұқсат беруден бас тартады.
43-бап. Кеменi кiдiрте тұру
1. Теңiз портының капитаны құтқару операцияларын жүзеге асыруға, кемелердiң соқтығысуына, порт құрылыстарының, су бассейндерiнiң, кеме жүзетiн жолдар мен навигациялық жағдай құралдарының зақымдануына байланысты немесе өзге де зиян келтiрiлуiне байланысты туындаған талабы бар тұлғаның өтiнiшi бойынша кеменi кеме иесiнің, жүк иесiнiң мiндеттемелерi қамтамасыз етілгенге дейiн кiдіртіп қоюы мүмкiн.
2. Осы баптың 1-тармағында тiзiп келтiрiлген талаптар бойынша кеменi кідiрте тұру туралы өкiм, ресми түрде жұмыс күндерi емес деп қаралатын күндердi қоспағанда, жетпiс екi сағат бойы күшiнде болады. Аталған мерзiм iшiнде кеменi құзыреттi органдар тұтқындамаған жағдайда, ол дереу босатылуға тиiс.
3. Кеменi негiзсiз кiдiртуден келтiрiлген залал үшiн кiдiртiп қоюды талап еткен адам жауапты болады.
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 44-бап өзгерді (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
44-бап. Навигациялық жағдай құралдары қолданылатын аймақтағы құрылыс
Теңiз жолдарының навигациялық жағдайының құралдары қолданылатын аймақтағы құрылыс уәкiлеттi органмен, Қазақстан Республикасының Әскери-теңiз Күштерiнiң гидрографиялық қызметiмен келісілуге тиiс.
8-тарау. Теңіз лоцмандары
45-бап. Кемелердi лоцмандық алып өту
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред.қара)
1. Кемелердi лоцмандық алып өту уәкілетті орган бекiтетiн қағидаларға сәйкес жүзу қауіпсiздiгiн қамтамасыз ету және кемелердiң оқиғаларға ұшырауын болғызбау, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау мақсатында жүзеге асырылады.
2. Теңiз лоцмандары ретiнде жұмысқа Қазақстан Республикасының азаматтары, олар уәкiлеттi орган белгiлеген біліктiлiк талаптарына сәйкес болған жағдайда, жiберiлуi мүмкiн.
3. Уәкiлеттi орган кемелердi лоцмандық алып өтудiң мiндеттi аудандары мен мiндеттi емес аудандарын белгiлейдi және мұндай аудандарды теңiз порттары мен лоцияларына жалпыға бірдей ақпарат етiп жеткізеді.
4. Айдындары шектес теңiз порттарындағы кемелердi лоцмандық алып өту тәртібін теңiз порттарының капитандары белгiлейдi.
46-бап. Кемелердi мiндеттi лоцмандық алып өту
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред.қара)
1. Кемелердi лоцмандық алып өтуді жүзеге асыру қағидасына сәйкес мiндеттi лоцмандық алып өтуден босатылатын кемелер санаттарын қоспағанда, кемелердi мiндеттi лоцмандық алып өту аудандарында кеме лоцмансыз жүзудi жүзеге асыруға құқылы емес.
2. Лоцмандық алып өтуден босатылатын кемелер санаттары туралы ақпарат теңiз порттарына жалпыға бірдей мәлiмет ретiнде мiндеттi түрде жеткiзiледi.
47-бап. Кемелердi мiндеттi емес лоцмандық алып өту
1. Кемелердi лоцмандық алып өту мiндеттi болып табылмайтын аудандарда кеме капитаны кемеге лоцман алуға құқылы.
2. Кемелердi лоцмандық алып өту мiндеттi емес аудандарда теңiз портының капитаны:
1) кеме немесе ол тасымалдап келе жатқан жүк теңiз ортасына зиян келтiруi мүмкiн болған;
2) кеменiң корпусында, механизмдерiнде немесе жабдықтарында порттағы теңiзде жүзу қауiпсiздiгiне едәуiр ықпал жасауы мүмкiн елеулi ақаулары болған жағдайларда кемелердi мiндеттi лоцмандық алып өтудi белгілеуге құқылы. Бұл жағдайда кеме капитанына теңiз портының капитаны оның кемесi мiндеттi лоцмандық алып өтуге ерiп отыруға тиiс екендiгi туралы хабарлайды.
48-бап. Кеме лоцманы мен капитанының жауапкершiлiгi
Кемеде лоцманның болуы кеме капитанының кеме басқаруға жауапкершiлiгiн жоққа шығармайды. Лоцман ұсыныстарының дұрыстығына күдiктенуге жеткiлiктi негiздер болған кезде кеме капитаны кеме жүзуiнiң қауiпсiздiгi мақсатында ол лоцманның қызмет көрсетуiнен бас тартуға құқылы. Кеменi лоцмандық алып өту мiндеттi болған жағдайда кеме капитаны лоцманды ауыстыруды талап етуге тиiс.
49-бап. Кеменi тиiсiнше лоцмандық алып өтпегендiк үшiн жауапкершiлiк
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред.қара)
1. Лоцман қызметкерi болып табылатын ұйымның кеменi тиiсiнше лоцмандық алып өтпегендiгi үшiн жауапкершiлiгi осындай қызмет көрсету үшiн төленетiн ақының он есесiне тең сомамен шектеледi.
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред.қара)
2. Егер тиiсiнше лоцмандық алып өтпегендiк салдарынан кемеге келтiрiлген залалдар лоцманның немесе ол қызметкерi болып табылатын ұйымның қасақана немесе өрескел абайсыздықтан жасаған әрекетi (әрекетсiздiгi) салдарынан болғаны дәлелденсе, лоцман қызметкерi болып табылатын ұйым толық көлемiнде жауапты болады.
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред.қара)
3. Кеменi тиiсiнше лоцмандық алып өтпегендiгi үшiн кiнәлi лоцман кемелердi лоцмандық алып өтуді жүзеге асыру қағидасында белгiленген тәртiппен және жағдайларда біліктiлiк дәрежесiнен айырылуы мүмкiн.
9-тарау. Суға батқан мүлік
50-бап. Суға батқан мүлiктi оның меншiк иесiнің шығарып алуы
1. Суға батқан мүлiктiң меншiк иесi мүлiк суға батқан күннен бастап бір жыл iшінде өзiнiң сол мүлiктi шығарып алу ниетi бар екенiн ең жақын теңiз портының капитанына хабарлауға тиiс.
2. Теңiз портының капитаны суға батқан мүлiктің меншiк иесiнің өтiнiшiн алған күннен бастап үш ай iшiнде суға батқан мүлiктi шығарып алудың тәртібі мен мерзiмiн белгiлейдi. Суға батқан мүлiктің меншiк иесiнiң рұқсат алған кезден бастап бір жыл iшiнде оны шығарып алуды жүзеге асыруға құқығы бар.
3. Егер суға батқан мүлiк теңiзде жүзу қауiпсiздiгiне немесе теңiздi ластау арқылы залал келтiру қатерiн төндiрсе, не судағы биологиялық ресурстар кәсіпшiлiгiн жүзеге асыруға, порт қызметiне және порттағы жұмыстарға кедергi келтiрсе, суға батқан мүлiктің меншiк иесi суға батқан мүлiктi теңiз порты капитанының талабы бойынша және ол белгiлеген ақылға қонымды мерзiмде шығарып алуға, ал қажет болған жағдайда оны аластауға немесе жоюға мiндеттi.
4. Суға батқан мүлiк иесi белгiсiз болған жағдайда теңiз портының капитаны суға батқан мүлiктi шығарып алу үшiн белгiленген мерзiмдер туралы бұқаралық ақпарат құралдарында мәлiмет жариялайды. Егер бұл орайда суға батқан кеменiң туы белгiлi болса, теңiз портының капитаны кеме тиесiлi мемлекеттiң дипломатиялық немесе консулдық тұлғасына тиiстi хабар жiбередi.
5. Суға батқан мүлiктiң меншiк иесi мәлiмдеме жасамаған немесе мүлiктi осы бапта белгiленген ережелерге сәйкес шығарып алмаған жағдайда мұндай мүлiктi құрайтын заттар иесiз деп танылады.
51-бап. Порттың теңiз әкiмшiлiгiнiң суға батқан мүлiктi шығарып алуы, аластауы немесе жоюы
1. Порттың теңiз әкiмшiлiгiнің, егер:
1) суға батқан мүлiктiң иесi мүлiк суға батқан күннен бастап бір жыл iшiнде анықталмаса;
2) меншiк иесi осы Заңның 50-бабының 3-тармағында көзделген мiндеттемелердi орындамаса немесе тиiсiнше орындамаса;
3) суға батқан мүлiктiң меншiк иесi оны шығарып алу, аластау, жою үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген техникалық қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтiн құралдар қолданса;
2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) суға батқан мүлiктiң меншiк иесi анықталмаса, адамдардың өлiмiне, олардың денсаулығына, қоршаған орта мен шаруашылық жүргiзу объектілеріне зиян келтiруге халықты едәуiр материалдық шығынға ұшыратуға және оның тiршiлiк жағдайларының бұзылуына әкеп соғуы мүмкiн аварияларды, зiлзалаларды немесе апаттарды болдырмау мақсатында Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау туралы заңнамасына сәйкес суға батқан мүлiктi шығарып алуға және қажет болған жағдайда оны аластауға немесе жоюға құқығы бар.
2. Осы баптың 1-тармағының 1) және 4) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайларда суға батқан мүлiктi шығарып алу, аластау немесе жою мүлiктiң меншiк иесiнiң есебiнен жүзеге асырылады.
3. Егер суға батқан мүлiк шығарып алынған кезден бастап бір жылдан аспайтын уақыт өтсе, оның меншiк иесi өзiнiң суға батқан мүлкiн шығарып алуға жұмсаған шығындарын және осыған байланысты басқа да келтiрiлген, оны сақтауға жұмсалған шығындарды өтегеннен кейiн, суға батқан, осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес шығарып алынған мүлiктi талап етуi мүмкiн.
52-бап. Келтiрiлген шығындарды порттың теңiз әкiмшiлiгiнің толық өтеттiру құқығы
Суға батқан мүлiктi шығарып алу, аластау немесе жою осы Заңның 51-бабының 1-тармағына сәйкес жүзеге асырылған жағдайда, шығарып алынған кезден бастап бір жыл өткеннен кейiн порттың теңiз әкiмшiлігiнің:
1) суға батқан мүлiктi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сатудан түскен соманың есебiнен, оны шығарып алуға және сақтауға кеткен шығындардың орнын толтыруға құқығы бар. Суға батқан мүлiктi сатудан түскен сома, одан шығындар шегерiле отырып, оның меншiк иесiне, ал Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде және осы Заңның 50-бабының 5-бабында көзделген негiздер бойынша меншiк иесi меншiк құқығынан бас тартқан жағдайда - мемлекеттiң кiрiсiне берiледi;
2) суға батқан мүлiктiң иесiнен сатудан түскен сомадан асып түсетiн (соның iшiнде мүлiктердi жоюға жұмсалған) шығындарды өтеттiрiп алуға құқығы бар.
53-бап. Суға батып, кездейсоқ шығарып алынған мүлiк (олжа)
Қазақстан Республикасының аумақтық суларында немесе ашық теңiзде сауда мақсатында теңiзде жүзуге байланысты операцияларды жүзеге асыру кезiнде суға батып, кездейсоқ шығарып алынған мүлiк Қазақстан Республикасының ең жақын теңiз портына өткiзiлуге тиiс. Теңiз әкiмшiлiгi Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында осындай мүлiкке қатысты көзделген шараларды қолдануға мiндеттi.
10-тарау. Жүкті теңіз арқылы тасымалдау шарты
54-бап. Жүктi теңiз арқылы тасымалдау шарты
1. Жүктi теңiз арқылы тасымалдау шарты бойынша тасымалдаушы өзiне жөнелтушi сенiп тапсырған жүктi белгiленген портқа жеткізуге және жүктi алуға уәкiлеттi тұлғаға (алушыға) беруге мiндеттенедi, ал жөнелтушi немесе алушы жүктi тасымалдағаны үшiн шартқа немесе тарифке сәйкес ақы төлеуге және жүктi қабылдап алуды қамтамасыз етуге мiндеттенедi.
2. Жүктi теңiз арқылы тасымалдау шарты жүктi теңiз арқылы тасымалдау үшiн бүкiл кеменi, оның бір бөлiгiн немесе кемедегi белгілi бір жайларды (чартер) беру талабымен, сондай-ақ мұндай талап қойылмай жасалуы мүмкiн.
2015.27.10. № 363-V ҚР Заңымен 54-1-баппен толықтырылды
54-1-бап. Жүктерді аралас тасымалдау
Бiрыңғай тауар-көлiк жүкқұжаты (бірыңғай коносамент) бойынша әртүрлi көлiк түрлерiмен жүктердi аралас тасымалдарға қатысатын тасымалдаушылардың, сондай-ақ басқа да тұлғалардың қарым-қатынастары Қазақстан Республикасының көлік туралы заңнамалық актiлерiнде айқындалады.
55-бап. Жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартының нысаны
Жүктi теңiз арқылы тасымалдау шарты коносаментпен, чартермен, теңiз жүкқұжатымен ресiмделедi. Коносаменттiң, чартердiң, теңiз жүкқұжатының нысаны тасымалдау ережелерiмен белгіленедi.
56-бап. Жүктi теңiз арқылы тасымалдауды ұйымдастыру туралы ұзақ мерзiмді шарт
1. Жүк тасымалдауды үнемi жүзеге асыру қажет болған жағдайда тасымалдаушы мен жүк жөнелтуші жүкті теңіз арқылы тасымалдауды ұйымдастыру туралы ұзақ мерзiмдi шарттар жасаса алады.
Жүктi теңiз арқылы тасымалдауды ұйымдастыру туралы шарт бойынша тасымалдаушы жүктi белгiленген мерзiмде қабылдауға, ал жүк жөнелтушi жүктi тасымалдауға келісілген көлемде табыс етуге мiндеттенедi.
Жүктi теңiз арқылы тасымалдауды ұйымдастыру туралы шартта тасымалдаудың көлемi, мерзiмдерi, сапасы және көлiк құралдарын беру мен тасымалданатын жүктi табыс етудiң басқа да талаптары, сондай-ақ тасымалдауды ұйымдастырудың Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген өзге де талаптары белгiленедi.
2. Жүктi теңiз арқылы тасымалдауды ұйымдастыру туралы ұзақ мерзiмдi шарттағы келісілген жүктi тасымалдау талаптары, егер тараптар өзгеше келісімге келмесе, жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартына енгiзiлген болып есептеледi.
Жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартының талаптары жүктi теңiз арқылы тасымалдауды ұйымдастыру туралы ұзақ мерзiмдi шарттың талаптарына қайшы келген жағдайда жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартының ережесi қолданылады.
3. Коносаментке енгiзiлмеген жүктi теңiз арқылы тасымалдауды ұйымдастыру туралы ұзақ мерзiмдi шарттың талаптары, үшiншi тұлға үшiн, егер ол кеменi жалдаушы болмаса, мiндеттi болмайды.
57-бап. Чартердiң мазмұны. Чартер бойынша құқықтар беру
1. Чартерде тараптардың атауы, кеменiң атауы, жүктiң тегi мен түрiне сiлтеме, жалдау ақысының мөлшерi, жүктiң тиелген порты, тиелген орны, сондай-ақ кеменің баратын порты немесе бағыты көрсетiлуге тиiс. Тараптардың келісімi бойынша чартерге өзге де талаптар енгiзiлуi мүмкiн.
2. Чартер бойынша жүк тасымалдау кезiнде кеменi жалдаушы тасымалдаушының келісімiмен жүктi теңiз арқылы тасымалдау шарты бойынша үшiншi тұлғаға өз құқығын беруге құқылы. Кеменi жалдаушы, сондай-ақ ол өзiнiң құқығын берген үшiншi тұлға, егер чартерде өзгеше көзделмесе, жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартын орындамағаны үшiн тасымалдаушының алдында ортақ жауапкершiлiкте болады.
58-бап. Чартер мен коносаменттiң арақатынасы
Чартер шартының тарабы болып табылмайтын тасымалдаушы және алушы арасындағы қатынастар коносаментпен айқындалады. Егер коносаментте чартердiң талаптарына сiлтеме жасалса, олар алушы үшiн мiндеттi болады.
59-бап. Жүктi теңiз арқылы тасымалдау шарты бойынша кеменiң теңiзде жүзу жағдайын қамтамасыз ету
2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 1 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Тасымалдаушы дер кезiнде, рейс басталғанға дейiн кеменi теңiзде жүзетiн жағдайға келтiруге: кеменiң жүзуге қауіпсіздігін және техникалық жарамдылығын қамтамасыз етуге, кеменi тиiстi деңгейде жарақтауға, оны экипажбен жасақтауға және не қажеттiнiң бәрiмен жабдықтауға, сондай-ақ трюмдер мен кеменiң басқа да жүк тасымалданатын жайларын жүктi тиiсiнше қабылдауды, тасымалдауды және сақтауды қамтамасыз ететiн жағдайға келтiрiп қоюға мiндеттi.
2. Егер жүктi тасымалдау коносамент негiзiнде жүзеге асырылса немесе коносамент чартерге сәйкес берiлiп, тасымалдаушы мен кеменi жалдаушы болып табылмайтын коносамент ұстаушының арасындағы қатынасты реттейтiн болса, тараптардың осы баптың 1-тармағына қайшы келетiн келісімi жарамсыз болады.
60-бап. Кеменi ауыстыру
Жүк белгiлi бір кемеде тасымалдануға тиiс болған жағдайда, оны тиеу басталғаннан кейiн пайда болған техникалық қажеттердің салдарынан жүктi қайта тиеудi қоспағанда, жүк кеменi жалдаушының немесе жөнелтушiнiң келісімiмен ғана басқа кемеге тиелуi мүмкiн.
61-бап. Кеменiң жүк тиеуге дайын екендiгi туралы хабарлау
1. Чартер бойынша жүк тасымалдау кезiнде тасымалдаушы кеменi жалдаушыға немесе жөнелтушiге, егер ол кеменi жалдаушы болып көрсетiлсе, кеменің жүк тиеуге дайын екенiн немесе белгiлi бір уақытта дайын болатынын жазбаша нысанда хабарлауға мiндеттi. Мұндай хабар кеме тиеу портында немесе осы порт үшiн әдеттегi күту орнында тұрған жағдайда ғана берiлуi мүмкiн.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген хабар берудің күнi мен сағаты тараптардың келісімiмен, ал келісім болмаған жағдайда - осы порттағы үрдiстермен белгiленедi.
3. Кеме хабарда көрсетiлген уақытта жүк тиеуге дайын болмаған жағдайда, осыған байланысты кеменi жалдаушыға келтiрiлген залалды тасымалдаушы өтеуге тиiс.
62-бап. Жүк тиеу орны
1. Чартер бойынша жүк тасымалдау кезiнде тасымалдаушы кеменi жалдаушы көрсеткен жүк тиелетiн орынға кеменi қоюға мiндеттi. Кеменi жалдаушы жүктi тиеу үшiн қауiпсiз және жарамды, кеме жүзетiн күйiнде тұра алатын орынды көрсетуге тиiс. Егер кеменi жалдаушы көрсеткен орын жүк тиеуге жарамсыз болса немесе бірнеше кеменi жалдаушы жүк тиеуге әртүрлi орын көрсетсе, тасымалдаушы кеменi сол портта әдетте пайдаланып жүрген жүк тиеу орнына қоюға құқылы, бұл туралы кеменi жалдаушыға алдын ала ескертедi.
Кеменi жалдаушы өз есебiнен кеменi басқа жүк тиеу орнына қоюды талап етуге құқылы.
2. Желілік қатынаста жүк тасымалдау кезінде жүк тиелетiн орынды тасымалдаушы белгiлейдi. Егер жүк тиеу аталған порт үшiн әдеттен тыс орында жүргiзiлсе, тасымалдаушы жөнелтушiге жүк тиелетiн орын туралы хабарлайды.
63-бап. Кеменiң берiлу мерзiмi
Чартер бойынша жүк тасымалдау кезiнде тасымалдаушы кеменi чартерде келісілген мерзiмде беруге мiндеттi. Кеме аталған мерзiмде берiлмеген жағдайда кеменi жалдаушы жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартынан бас тартып, зияндардың өтелуiн талап етуге құқылы.
64-бап. Сталиялық уақыт
1. Сталиялық уақыт тараптардың келісімiмен, мұндай келісім болмаған жағдайда - тиеу портында әдетте қабылданған мерзiмдермен белгiленедi.
2. Сталиялық уақыт жөнелтушiге, кеменi жалдаушыға кеменiң жүк тиеуге дайын екенi туралы хабар жiберiлгеннен кейiнгi келесi күннен бастап жұмыс күндерiмен, сағаттарымен және минуттарымен есептеледi.
3. Тасымалдаушыға байланысты себептер бойынша не еңсерiлмейтiн күштiң салдарынан немесе жүктің сақталуына қауiп төндiретiн немесе оны қауiпсiз тиеуге кедергi келтiретiн гидрометеорологиялық жағдайлардың салдарынан жүк тиеу жүргiзiлмеген уақыт сталиялық уақытқа енгiзiлмейдi.
Кеменi жалдаушыға байланысты себептер бойынша жүк тиеу жүргiзiлмеген уақыт сталиялық уақытқа енгiзiледi.
4. Жүк тиеу сталиялық уақыт есептеле бастағанға дейiн басталған жағдайда жүк тиеуге нақты кеткен уақыт сталиялық уақытқа есептеледi.
5. Осы бапта белгiленген ережелер жүк түсiру портында оны түсiру кезiнде де қолданылады.
65-бап. Контрсталиялық уақыт
1. Контрсталиялық уақыттың ұзақтығы тараптардың келісімiмен, ал ол болмаған жағдайда - жүк тиеу портында әдетте қабылданған мерзiмдерiмен белгiленедi.
2. Контрсталиялық уақыт сталиялық уақыт аяқталған кезден бастап күнтiзбелiк күндермен, сағаттармен және минуттармен есептеледi.
3. Контрсталиялық уақытқа жексенбi және ресми белгiленген мерекелiк күндер, портта жұмыс iстемейтiн деп жарияланған уақыт, сондай-ақ еңсерiлмейтiн күш немесе жүктің сақталуына қатер төндiретiн не оны қауiпсiз тиеуге кедергi келтiретiн гидрометеорологиялық жағдайлар туғызған жүк тиеудегi үзiлiстер де кіреді. Тасымалдаушыға байланысты себептермен жүк тиеу жүргiзiлмеген уақыт контрсталиялық уақытқа енгiзiлмейдi.
4. Осы бапта, сондай-ақ осы Заңның 66-68-баптарында белгiленген ережелер жүк түсiру портында оны түсiру кезiнде де қолданылады.
66-бап. Демерредж
Демерредж тараптардың келісімiмен, ал мұндай келісім болмаған жағдайда - тиiстi портта әдетте қабылданған ставкаға сәйкес белгiленедi. Мұндай ставкалар болмаған жағдайда демерредж кеме мен оның экипажын күтiп-ұстауға жұмсалған шығыстармен анықталады.
67-бап. Диспач
Тараптардың келісімiмен диспач белгiленуi мүмкiн. Мұндай келісім болмаған жағдайда диспач мөлшерi демерредждiң екiден бірi мөлшерiнде есептеп шығарылады.
68-бап. Тасымалдаушының кеменi контрсталиялық уақыт бiткеннен кейiн жүзуге жөнелту құқығы
1. Егер бүкiл келісілген жүк тасымалдаушыға байланысты емес себептер бойынша кемеге тиелмесе де, тасымалдаушының контрсталиялық уақыт бiткеннен кейiн кеменi жүзуге жөнелтуге құқығы бар. Бұл орайда тасымалдаушы жалдау ақысын толық алуға құқығын сақтап қалады.
2. Жүк тасымалдау үшiн кеме тұтасымен берiлген жағдайда, жүктi қабылдау мен салып қою кеменi белгiленген мерзiмнен астам уақыт ұстауы мүмкiн болғанымен, тасымалдаушының сталиялық немесе контрсталиялық уақыт аяқталғанға дейiн, мұндай уақыт туралы келісім болған кезде, жеткiзiлген жүктi қабылдаудан бас тартуға құқығы жоқ.
3. Жүк тасымалдау үшiн кеме тұтасымен берiлмеген жағдайда, тасымалдаушы сталиялық немесе контрсталиялық уақыт бiткенге дейiн, мұндай уақыт туралы келісім болған жағдайда, жүктi қабылдаудан бас тартуға құқығы бар, кейiн ол кiдiртiлiп берiлуi салдарынан кемеге тиiстi түрде және қалған жүк үшiн зиян келтiрiлмей кемеге кешiктiрiлiп қана тиелуi мүмкiн. Бұл орайда тасымалдаушы жалдау ақысын толық алуға құқығын сақтап қалады.
69-бап. Тасымалдау үшiн жүк қабылдауды уақытша тоқтату немесе шектеу
2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1. Әлеуметтік, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар кезiнде жүктi қабылдау уәкiлеттi органға дереу хабарлана отырып, порттың теңiз әкiмшiлiгiнің өкiмiмен уақытша тоқтатылуы немесе шектелуi мүмкiн, уәкілетті орган тиiстi мемлекеттiк органдардың келiсуi бойынша тасымалдауға жүк қабылдауды уақытша тоқтатудың немесе шектеудiң қолданылу мерзiмiн белгiлейдi.
2015.27.10. № 363-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2. Порттың теңiз әкiмшiлiгi аралас тасымалда немесе тiкелей теңiз қатынастарында және көлiктiң басқа түрлерiн ұйымдастыру кезiнде тасымалдау үшiн жүк қабылдауды уақытша тоқтату немесе шектеу туралы жүктi жөнелтушiлерге дереу хабарлайды.
70-бап. Кеменiң кiдiртiлгенi үшiн залалдарды өтеу
Кеменiң контрсталиялық уақыттан артық кiдiртiлгенi үшiн жөнелтушi, кеменi жалдаушы, егер кеменiң кiдiртiлуi тасымалдаушыға байланысты емес себептерден болса, тасымалдаушыға келтiрiлген зияндарды өтеуге мiндеттi.
71-бап. Кеменi жалдаушының талап етуiмен жүзуге мерзiмiнен бұрын жөнелту
Кеменi жалдаушыға жүк тасымалдау үшiн кеме тұтасымен берiлген жағдайда тасымалдаушы кеменi жалдаушының талап етуiмен, егер барлық жүк тиелмесе де, кеменi жүзуге жөнелтуге мiндеттi. Мұндай жағдайда тасымалдаушы толық жалдау ақысына құқығын сақтап қалады.
72-бап. Жүктi буып-түю және таңбалау
2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1. Тасымалдау кезінде жүктің толық сақталуын қамтамасыз ету үшін ыдысқа салуды және буып-түюді қажет ететін жүктер тасымалдау үшін жарамды ыдысқа салынып және буып-түйіліп берілуге тиіс. Ыдыс және буып-түю техникалық регламенттерде белгіленген қауіпсіздіктің міндетті талаптарына сәйкес болуға тиіс.
2. Жөнелтушi жүктi тиiсiнше таңбалап, тасымалдаушыға ол туралы қажеттi мәлiметтердi табыс етуге мiндеттi. Жүк айрықша назар аударуды қажет ететiн жағдайда жөнелтушi жүктiң қасиеттерi мен оны қарап-ұстаудың тәртібін тасымалдаушыға хабарлауға мiндеттi.
73-бап. Палубалық жүк
1. Тасымалдаушының тек тасымалдаушы мен жөнелтушiнiң арасындағы келісімге сәйкес қана палубада жүк тасымалдауға құқығы бар.
2. Тасымалдаушы мен жөнелтушi жүктiң палубада тасымалдануы тиiс немесе мүмкiн екендiгi туралы келісімге келген жағдайда, тасымалдаушы мұндай келісімге қол жеткiзiлгенi туралы коносаментте немесе жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартын растайтын басқа құжатта көрсетуге мiндеттi. Тасымалдаушы оны көрсетпеген жағдайда, ол жүктi палубада тасымалдау туралы келісімнiң жөнелтушiмен жасалғаны туралы дәлелдеуге тиiс. Тасымалдаушының коносаментті адал жолмен иемденген үшiншi тұлғаға қатысты, соның iшiнде алушыға қатысты мұндай келісімге сiлтеме жасауға құқығы жоқ.