Шет мемлекеттің құзыретті органы осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша жіберілген сұрау салу бойынша ақпарат ұсынудан жазбаша бас тартқан немесе сұрау салу жіберілген күннен бастап кемінде екі жылдан астам мерзімде жауап ұсынылмаған жағдайда салық органы өтінішті қараудан бас тартуға міндетті. Бұл ретте салық төлеуші осы Кодекстің 221-бабының ережелеріне сәйкес өзара келісу рәсіміне бастамашылық жасауға құқылы.
6. Бейрезидент-жеке тұлға бюджетке салық агенттері болып табылмайтын адамдардан алынған кірістен табыс салығын төлеген жағдайда осы баптың 7-тармағында көрсетілген шешім осы Кодекстің 672-бабының 3-тармағында айқындалған табыс салығын қайтарып алуға өтінішке қоса берілген құжаттардың және бейрезидент ұсынған табыс салығы бойынша салықтық есептілік деректерінің негізінде қабылданады.
7. Бейрезиденттің өтінішін қарау қорытындылары бойынша салық органы мынадай:
1) табыс салығын толықтай немесе оның бір бөлігін қайтару туралы;
2) табыс салығын қайтарудан бас тарту туралы шешімдердің біреуін шығарады.
Салық органының шешімі жазбаша нысанда ресімделеді және оған басшы немесе оның орынбасары қол қояды.
Салық органы табыс салығын толықтай немесе оның бір бөлігін қайтару туралы шешім қабылдаған кезде ұсынылған өтініште халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес қайтаруға жататын табыс салығының сомасы көрсетіледі және өтініш басшының немесе оның орынбасарының қолтаңбасымен және салық органының мөрімен куәландырылады.
Өтінішті қарау нәтижелері бойынша салық органының шешімінде:
1) шешім қабылданған күн;
2) шешім қабылдаған салық органының атауы;
3) өтініш берген бейрезиденттің толық атауы;
4) бейрезиденттің инкорпорация еліндегі салықтық тіркелу нөмірі немесе оның аналогы (бар болған кезде);
5) қайтару туралы шешім қабылданған жағдайда - бюджеттен бейрезидентке қайтаруға жататын табыс салығының сомасы;
6) табыс салығын қайтарудан бас тарту туралы шешім шығарылған жағдайда - мұндай шешім шығарған кезде салық органы басшылыққа алған Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларына және (немесе) халықаралық шарттарға сілтеме жасалған және (немесе) уәкілетті органның салуы негізінде шет мемлекеттің құзыретті органынан алынған ақпарат көрсетілген негіздеме көрсетілуге тиіс.
8. Бюджетке табыс салығы төленген және салық органы табыс салығын толығымен немесе оның бір бөлігін қайтару туралы шешім қабылдаған жағдайда шешімнің көшірмелері мен бейрезиденттің өтініштері осындай салық органы табыс салығын төлеуді жүргізген салық агенті (салық төлеуші) тұрған (тұрғылықты, болатын) жері бойынша тіркелген салық органына жіберіледі.
Салық агенті (салық төлеуші) тұрған (тұрғылықты болатын) жердегі тіркелген салық органы бейрезидентке осы Кодекстің 101-бабында айқындалған тәртіппен бюджеттен табыс салығының сомасын қайтаруды осындай шешім қабылданған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде жүргізеді.
9. Салық органының шешімі бейрезиденттің өтінішінің бір данасы қоса тіркеле отырып, бейрезидентке қол қойғызып табыс етіледі немесе алуы туралы хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы жіберіледі.
Табыс ету немесе поштаның немесе өзге де байланыс ұйымының хабарламасына немесе бейрезиденттің белгі қойған күні салық органының шешімін бейрезиденттің алған күні болып табылады.
674-бап. Бейрезиденттің өтінішін қарау нәтижелері бойынша шешімге шағым жасау және шағымды қарау нәтижелері бойынша шешім шығару тәртібі
1. Бейрезидент осы Кодекстің 673-бабының 7-тармағында көрсетілген салық органының шешімімен келіспеген жағдайда оған уәкілетті органға шағымдануға құқылы.
Шағым салық органының шешімін алған күннен кейінгі күннен бастап күнтізбелік тоқсан күн ішінде жазбаша нысанда беріледі.
Бұл ретте бейрезидент шешіміне шағым жасалған салық органына шағымның көшірмесін жіберуге тиіс.
Шағымды уәкілетті органға берген күн шағымды уәкілетті орган алған күн болып табылады.
2. Шағымда:
1) бейрезиденттің шағымға қол қойған күні;
2) шағым беруші тұлғаның тегі, аты және әкесінің аты (егер бұл жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) не толық атауы, оның тұрғылықты жері (орналасқан жері);
3) бейрезиденттің инкорпорация еліндегі салықтық тіркелу нөмірі немесе оның аналогы (бар болған кезде);
4) шешіміне бейрезидент шағымданған салық органының атауы;
5) шағым беруші бейрезидент өзінің талаптарын негіздейтін мән-жайлар және осы мән-жайларды растайтын дәлелдемелер;
6) қоса берілетін құжаттардың тізбесі көрсетілуге тиіс.
Шағымға бейрезидент не оның өкілі болып табылатын тұлға қол қояды.
3. Шағымға мыналар:
1) өтініш пен салық органы шешімінің көшірмелері;
2) өтінішті қоспағанда, осы Кодекстің 672-бабының 3 немесе 4-тармақтарында белгіленген құжаттар;
3) бейрезидент өзінің талаптарын негіздейтін мән-жайларды растайтын құжаттар;
4) іске қатысы бар өзге де құжаттар қоса беріледі.
4. Уәкілетті орган мынадай:
1) бейрезидент осы баптың 1-тармағының екінші бөлігінде белгіленген мерзім өткен соң шағымды берген;
2) шағымның мазмұны осы баптың 2-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген;
3) резиденттікті растайтын құжат осы Кодекстің 675-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген;
4) бейрезидент осы Кодекстің 672-бабының 3 немесе 4-тармақтарында белгіленген құжаттарды ұсынбаған;
5) бейрезидент осы Кодекстің 673-бабының 7-тармағында көрсетілген салық органының шешіміне сотқа шағым (арыз) берген жағдайларда бейрезиденттің шағымын қараудан бас тартады.
Шағымды қараудан бас тарту туралы шешім бейрезидентке шағымды уәкілетті органға берген күннен бастап он жұмыс күні ішінде жазбаша нысанда жіберіледі.
Уәкілетті орган осы тармақтың бірінші бөлігінің 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша шағымды қараудан бас тартқан жағдайда бейрезидент, егер өзі жол берген бұзушылықтарды жоятын болса, шағымды қараудан бас тарту туралы шешімді алған күннен бастап күнтізбелік тоқсан күн ішінде оны қайта беруге құқылы.
5. Уәкілетті орган бейрезиденттің шағымын уәкілетті органға шағым берілген күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде қарайды.
Бұл ретте уәкілетті орган шет мемлекеттің құзыретті органына немесе Қазақстан Республикасының басқа да мемлекеттік органдарына, банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға, Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын өзге де ұйымдарға, сондай-ақ бейрезидентке оның өтінішін қарауға байланысты мәселелер бойынша қажетті ақпаратты ұсыну туралы сұрау салулар жіберген жағдайда, бейрезиденттің шағымын қарау мерзімі осындай ақпаратты алғанға дейін тоқтатыла тұрады.
6. Бейрезиденттің шағымын қарау қорытындылары бойынша уәкілетті орган мынадай:
1) табыс салығын толықтай немесе оның бір бөлігін қайтару туралы;
2) табыс салығын қайтарудан бас тарту туралы шешімдердің біреуін шығарады.
Уәкілетті органның шешімі бейрезидентке қол қойғызып табыс етіледі немесе алуы туралы хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы жіберіледі.
Табыс ету күні немесе поштаның немесе өзге де байланыс ұйымының хабарламасына бейрезиденттің белгі қойған күні уәкілетті органның шешімін бейрезиденттің алған күні болып табылады.
Уәкілетті органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімінде:
1) шешім қабылданған күн;
2) өтініш берген бейрезиденттің толық атауы;
3) бейрезиденттің инкорпорация еліндегі салықтық тіркелу нөмірі немесе оның аналогы (бар болған кезде);
4) қайтару туралы шешім қабылданған жағдайда - мемлекеттік бюджеттен бейрезидентке қайтаруға жататын табыс салығының сомасы;
5) табыс салығын қайтарудан бас тарту туралы шешім шығарылған жағдайда - мұндай шешім шығарылған кезде салық органы басшылыққа алған Қазақстан Республикасы заңнамасының және (немесе) халықаралық шарттың нормаларына сілтеме жасалған және (немесе) уәкілетті органның сұрау салуы негізінде шет мемлекеттің құзыретті органынан алынған ақпарат көрсетілген негіздеме көрсетілуге тиіс.
7. Уәкілетті орган шешімінің көшірмесі шешіміне бейрезидент шағымданған салық органына жіберіледі.
Уәкілетті орган табыс салығын қайтару туралы шешім қабылдаған жағдайда, шешіміне бейрезидент шағымданған салық органы бейрезиденттің осындай салық органына бұрын ұсынған өтінішінде халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес қайтаруға жататын табыс салығының сомасын көрсетеді. Осындай салық органының уәкілетті орган шешімінің көшірмесін алған күні өтінішті куәландыру күні болып табылады. Бұл ретте өтініш басшының немесе оның орынбасарының қолтаңбасымен және осындай салық органының мөрімен куәландырылады және бейрезидентке қол қойғызып табыс етіледі немесе алуы туралы хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы жіберіледі.
Шешіміне бейрезидент шағымданған салық органы көрсетілген шешімнің көшірмелерін және осындай бейрезиденттің куәландырылған өтінішін табыс салығын төлеуді жүргізген салық агентінің (салық төлеушінің) орналасқан (тұрғылықты, келген) жері бойынша тіркелген салық органына жібереді.
675-бап. Бейрезиденттің резиденттігін растайтын құжатқа қойылатын талаптар
1. Осы бөлімнің ережелерін қолдану мақсатында бейрезиденттің резиденттігін растайтын құжат кірісті алушы - бейрезиденттің Қазақстан Республикасымен халықаралық шарт жасасқан мемлекеттің резиденті болып табылатынын растайтын, мынадай:
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) резиденті бейрезидент болып табылатын шет мемлекеттің құзыретті органы куәландырған түпнұсқа түрінде ұсынылған ресми құжат болып табылады. Бейрезиденттің резиденттігін растайтын құзыретті органның лауазымды адамының қолтаңбасы мен мөрі Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен заңдастырылуға немесе құзыретті органның лауазымды адамының қолтаңбасы мен мөрін заңдастыратын құжат:
заңдастыруды жүзеге асыратын мемлекеттік органның интернет-ресурсында;
өзге мемлекеттік ұйымның немесе шет мемлекеттің электрондық апостилдерін жинауды (сақтауды) жүзеге асыратын қоғамдық нотариаттық палатаның интернет-ресурсында орналастырылуға тиіс;
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) осы тармақтың 1) тармақшасының талаптарына сәйкес келетін құжат түпнұсқасының нотариат куәландырған көшірмесі түрінде ұсынылған ресми құжат болып табылады. Шетелдік нотариустың қолтаңбасы мен мөрі Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен заңдастырылуға немесе шетелдік нотариустың қолтаңбасы мен мөрін заңдастыратын құжат:
заңдастыруды жүзеге асыратын мемлекеттік органның интернет-ресурсында;
өзге мемлекеттік ұйымның немесе шет мемлекеттің электрондық апостилдерін жинауды (сақтауды) жүзеге асыратын қоғамдық нотариаттық палатаның интернет-ресурсында орналастырылуға тиіс.
3) шет мемлекеттің құзыретті органының интернет-ресурсында орналастырылған, бейрезиденттің резиденттігін растайтын электрондық құжаттың қағаз көшiрмесi түрінде ұсынылған ресми құжат болып табылады.
2. Егер мынадай жағдайларда:
бейрезиденттің резиденттігін растайтын құжат шет мемлекеттің құзыретті органының интернет-ресурсында орналастырылған болса;
осы баптың 1-тармағында көрсетілген (көрсетілетін) тұлғаның (тұлғалардың) қолтаңбасы мен мөрінің түпнұсқалығын куәландырудың өзге тәртібі:
Қазақстан Республикасының халықаралық шартында;
осы Кодекстің 221-бабына сәйкес жүргізілетін өзара келісу рәсімі шеңберінде уәкілетті орган мен шет мемлекеттің құзыретті органы арасында;
Еуразиялық экономикалық одақ органының шешімімен белгіленсе, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен заңдастыру талап етілмейді.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Бейрезиденттің резиденттігін растайтын құжатта көрсетілген уақыт кезеңі ішінде бейрезидент Қазақстан Республикасы халықаралық шарт жасасқан мемлекеттің резиденті деп танылады. Бұл ретте, резидентік белгілі бір күнге расталған жағдайда, бейрезидент резиденттік расталған күнге дейінгі күнтізбелік жылдың басынан бергі уақыт кезеңіне Қазақстан Республикасы халықаралық шарт жасасқан мемлекеттің резиденті деп танылады.
Егер резиденттікті растайтын құжатта резиденттіктің уақыт кезеңі көрсетілмесе, бейрезидент осындай құжат берілген (шет мемлекеттің құзыретті органының интернет-ресурсында орналасқан) күнтізбелік жыл ішінде Қазақстан Республикасымен халықаралық шарт жасасқан мемлекеттің резиденті деп танылады.
676-бап. Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған кірістердің және ұстап қалған (төленген) салықтардың сомалары туралы анықтама
1. Бейрезидент Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған кірістері және ұстап қалған (төленген) салықтардың сомасы туралы анықтаманы (бұдан әрі осы баптың мақсаттары үшін - анықтама), егер осындай салық Қазақстан Республикасының бюджетіне, оның ішінде халықаралық шарт негізінде төлеуге жататын болса және осы Кодекстің 672, 673 және 674-баптарына сәйкес қайтаруға жатпайтын болса, уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша салық органынан алуға құқылы.
Салық органынан анықтаманы салық агенті де осындай салық агенті бейрезидентке есептеген және (немесе) төлеген кірістердің және осындай кірістен ұстап қалған (төленген) салықтардың сомасы бойынша алуға құқылы. Бұл ретте осы Кодекстің 16-бабына сәйкес сенімхаттың болуы талап етілмейді.
2. Анықтама алу үшін бейрезидент (салық агенті) салықтық өтінішті мынадай салық органына:
1) Қазақстан Республикасында қызметті тұрақты мекеме құрмай жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғаның кірістері бойынша - салық агентінің тұрған жеріндегі;
2) бейрезиденттің тұрақты мекемесі - осындай тұрақты мекеменің орналасқан жеріндегі;
3) Қазақстан Республикасындағы көздерден түсетін кірістерден салықты дербес төлейтін шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам - Қазақстан Республикасындағы келген (тұрғылықты) жері бойынша;
4) осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетілмеген шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның кірістері бойынша - салық агентінің тұрған жеріндегі салық органына ұсынуға міндетті.
3. Бейрезиденттің (салық агентінің) салықтық өтініші деректерінің салық төлеушінің және (немесе) салық агентінің салықтық есептілігі нысандарында көрсетілген деректерге сәйкес келмеуі анықталған кезде, сондай-ақ салықтық төлем болмаған немесе салық төлеушіде және (немесе) салық агентінде салықтық өтініш берілген күні бейрезиденттің кірістерінен салықты аудару бойынша салықтық берешек болған жағдайда, салық органы бейрезидентке (салық агентіне) анықтама беруден жазбаша бас тартуды жібереді.
4. Анықтама мынадай күндерден барынша кешіктірілмей:
салықтық өтініш берілген күннен;
бейрезиденттің есебіне жазылған және салық төлеуге жататын кірістерінің сомалары көрсетілген салықтық есептіліктің тиісті нысанын бейрезидент-салық төлеуші және (немесе) салық агенті табыс еткен күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмей беріледі.
5. Бейрезидент (салық агенті) салықтық өтінішті ұсынбаған жағдайда салық органы анықтаманы бермейді.
677-бап. Салық жинаудағы көмек
1. Уәкілетті органның халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес орындалмаған салықтық міндеттемелерін орындау мақсатында уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша салықтық талап жіберу арқылы шет мемлекеттің құзыретті органынан жәрдемдесуге сұрау салуға құқығы бар. Салықтық талап Қазақстан Республикасындағы көздерден түсетін кірістер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлердегi көздерден түсетін бейрезидент тұрақты мекемесінің кірістері бойынша салықтық мiндеттемені орындамаған немесе толық орындамаған жағдайда осы Кодексте белгiленген мәжбүрлеп өндіріп алудың барлық ықтимал шаралары қолданылғаннан кейін ғана шет мемлекеттің құзыретті органына жіберіледі.
2. Шет мемлекеттің құзыретті органынан жәрдемдесуге сұрау салу келіп түскен кезде уәкілетті органның резиденттің шет мемлекетте туындаған салықтық міндеттемесінің атқарылуын қамтамасыз етуге құқығы бар. Бұл ретте уәкілетті орган халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес резиденттің шет мемлекеттегі көздерден алынатын кірістерінен салық төлеудің заңдылығын қарайды және қорытынды шығарады.
3. Шет мемлекеттің құзыретті органының сұрау салуы бойынша оң қорытынды шығарылған жағдайда уәкілетті орган халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес резиденттің салықтық міндеттемелерді осы Кодексте айқындалған тәртіппен атқаруын қамтамасыз етеді. Резидент-салық төлеуші салық сомасын уәкілетті органның талабы бойынша халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес жіберілген салық жинауға жәрдемдесу туралы сұрау салуда көрсетілген шет мемлекеттің құзыретті органының шотына аударады.
4. Уәкілетті орган шет мемлекеттің құзыретті органының сұрау салуларын өзара түсіністік қағидаттары негізінде қарайды.
5. Егер халықаралық шартта өзгеше айқындалмаса, осы баптың ережелері осы Кодекстің 48-бабында белгіленген талап қою мерзімі өткенге дейін қолданылады.
20-БӨЛІМ. АРНАУЛЫ САЛЫҚ РЕЖИМДЕРІ
76-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
678-бап. Арнаулы салық режимдерінің түрлері
1. Осы бөлімде белгіленген жағдайларда салық төлеуші мынадай арнаулы салық режимдерінің біреуін:
2021.24.06. № 53-VII ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) шағын бизнес субъектілері үшін мыналарды:
патент негізіндегі арнаулы салық режимін;
оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін;
тіркелген шегерім пайдаланылатын арнаулы салық режимін;
арнаулы мобильді қосымша пайдаланылатын арнаулы салық режимін қамтитын арнаулы салық режимдерін;
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
1-1) бөлшек салықтың арнаулы салық режимін;
2) ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін арнаулы салық режимдерін:
шаруа немесе фермерлік қожалықтар үшін арнаулы салық режимін;
ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер мен ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін арнаулы салық режимін таңдауға құқылы.
2-тармақ 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
2. Шаруа немесе фермер қожалықтары осы Кодекстің 703-бабының 4-тармағында белгіленген жағдайда бір мезгілде екі арнаулы салық режимін қолдануға құқылы.
3. Патент жеке табыс салығын төлеу фактісін (төлем көзінен ұстап қалатын жеке табыс салығын қоспағанда), әлеуметтік төлемдерді растайтын электрондық құжат болып табылады.
679-бап. Арнаулы салық режимiн таңдау және оны қолдануды тоқтату тәртібі
1. Осы бөлімнің осындай әрбір режимі үшін белгіленген, оны қолдану шарттарына сәйкес болған кезде, арнаулы салық режимін таңдауды:
1) жеке тұлғалар - жеке кәсіпкер ретінде тіркеу есебіне қою үшін осы Кодекстің 79-бабына сәйкес жіберілетін хабарламада;
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2019 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) жаңадан құрылған заңды тұлғалар - тіркеуші органда мемлекеттік тіркеуден кейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей салық органына ұсынылатын, уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша қолданылатын салық салу режимі туралы хабарламада;
3) мыналарға:
салық салудың жалпыға бірдей белгiленген тәртібінен патент негізінде арнаулы салық режиміне ауысқан кезде - патент құнын есептеуде;
басқа да арнаулы салық режимдеріне ауысқан кезде - уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша қолданылатын салық салу режимі туралы хабарламада жүзеге асырылады.
Егер жаңадан құрылған салық төлеушi осы тармақтың бірінші бөлігінде айқындалған тәртiппен арнаулы салық режимiн таңдап алмаған жағдайда осындай салық төлеушi қолданылатын салық салу режимi туралы хабарлама бергенге дейiн салық салудың жалпыға бірдей белгiленген тәртiбiн таңдап алды деп танылады.
2. Жаңадан құрылғанын қоспағанда, салық төлеушi арнаулы салық режимiн қолдану шарттарына сәйкес келген кезде:
1) жалпыға бірдей белгiленген салық салу тәртiбiнен немесе шаруа немесе фермер қожалықтары үшiн арнаулы салық режимiнен - патент негiзiнде;
2021.24.06. № 53-VII ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
1-1) жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібінен, патент негізінде, шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимдерінен - арнаулы мобильді қосымша пайдаланылатын;
2021.24.06. № 53-VII ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібінен, патент негізінде немесе арнаулы мобильді қосымша пайдаланылатын, шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимдерінен - оңайлатылған декларация негізінде;
3) жалпыға бірдей белгiленген салық салу тәртiбiнен, шағын бизнес субъектiлерi үшiн басқа да арнаулы салық режимдерiнен, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнiмiн өндiрушiлер үшiн арнаулы салық режимдерiнен - тіркелген шегерім пайдаланылатын;
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) жалпыға бірдей белгiленген салық салу тәртiбінен немесе өзге де арнаулы салық режимiнен - ауыл шаруашылығы өнiмiн өндiрушiлер мен ауыл шаруашылығы кооперативтері үшiн;
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді); 2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5) жалпыға бірдей белгiленген салық салу тәртiбінен немесе өзге де арнаулы салық режимiнен - шаруа немесе фермер қожалықтары үшін;
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 6) тармақшамен толықтырылды (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
6) жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібінен немесе өзге де арнаулы салық режимінен бөлшек салықтың арнаулы салық режиміне ауысуға құқылы.
Осы Кодекстің 703-бабының 4-тармағында белгіленген жағдайда шаруа немесе фермер қожалықтары қолданылатын барлық салық салу режимі туралы хабарламада қолданылатын барлық салық режимдерін көрсетеді.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін таңдалған арнаулы салық режимi, осындай салық салу режимi үшін осы бөлімде белгiленген арнаулы салық режимін қолдану шарттарына сәйкес келмеу жағдайларының туындауын қоспағанда, күнтiзбелiк жыл iшiнде өзгертілуге жатпайды.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Шағын бизнес субъектілеріне арналған арнаулы салық режимiнен салық салудың жалпыға бiрдей белгiленген тәртiбіне көшкен (ауысқан) кезде шағын бизнес субъектілеріне арналған арнаулы салық режимiне кейіннен көшу жалпыға бiрдей белгiленген тәртiптi қолданудың күнтiзбелiк бiр жылынан кейін мүмкiн болады.
5. Арнаулы салық режимiн қолдануға мүмкiндiк бермейтiн талаптар туындаған жағдайларда салық төлеушi жалпыға бiрдей белгiленген салық салу тәртібіне немесе өзге де арнаулы салық режимiне көшу үшiн осындай жағдайлар туындаған күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде қолданылатын салық салу режимi туралы хабарлама беруге мiндеттi.
6. Қолданылатын салық салу режимі туралы хабарламаны салық төлеушілер тұрған жеріндегі салық органына қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда, оның ішінде «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы ұсынады.
7. Салық органы тиісті арнаулы салық режимiн қолдану үшiн осы бөлiмде белгiленген шарттарға салық төлеушiлердің сәйкес келмеуi фактiсін анықтаған кезде салық төлеушiлердi жалпыға бiрдей белгiленген тәртiпке ауыстырады.
Камералдық бақылау барысында осындай фактілер анықталған жағдайда салық органдары жалпыға бiрдей белгiленген тәртіпке ауыстырғанға дейін салық төлеушiге осы Кодекстiң 114 және 115-баптарында белгiленген мерзімде және тәртіппен осы Кодекстің 10-тарауына сәйкес камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтар туралы хабарлама немесе камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтар туралы хабарлама жолдайды.
8. Таңдалған арнаулы салық режимiн қолдануды бастау күні:
1) дара кәсіпкер ретінде қызметiн бастағаны туралы хабарламада таңдалған арнаулы салық режимiн көрсеткен жаңадан құрылған жеке кәсіпкерлер үшін - салық органдарында дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебіне қою күні;
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2019 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) қолданылатын салық салу режимі туралы хабарламаны осы бапта белгіленген мерзімде ұсынған жаңадан құрылған заңды тұлғалар үшін - тіркеуші органда мемлекеттік тіркеу күні;
2022.21.12. № 165-VІІ ҚР Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)