қаржы лизингі шеңберіндегі қызметті жүзеге асырмайтын салық төлеушілер қолдануға құқылы.
2021.24.06. № 53-VII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Агенттiк шарттар (келiсiмдер) негiзiнде қызмет көрсететiн дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар патент, оңайлатылған декларация негізінде немесе арнаулы мобильді қосымша пайдаланылатын арнаулы салық режимiн қолдануға құқылы емес.
Осы тармақтың мақсаттары үшін агенттік шарттар (келісімдер) деп Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жасасқан
азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар (келісімдер) түсініледі, олар бойынша бір тарап (агент) сыйақы үшін екінші тараптың тапсырмасы бойынша өз атынан, бірақ екінші тараптың есебінен не екінші тараптың атынан және есебінен белгілі бір әрекеттер жасауға міндеттенеді.
4. Шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимін қолдануға:
1) құрылымдық бөлімшелері бар заңды тұлғалар;
2) заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелері;
3) әртүрлi елді мекендерде өзге де оқшауланған құрылымдық бөлiмшелерi және (немесе) салық салу объектiлерi бар салық төлеушiлер құқылы емес.
Арнаулы салық режимдері қолданылатын тұлғаларға салық салу мақсатында салық төлеушінің өзге де оқшауланған құрылымдық бөлімшесі деп оның функцияларының бір бөлігін орындайтын, тұрған жерінде стационарлық жұмыс орындары жабдықталған аумақтық оқшауланған бөлімше танылады. Егер жұмыс орны бір айдан асатын мерзімге құрылса, ол стационарлық болып есептеледі.
Осы тармақшаның ережесі қызметін тек қана мүлікті мүліктік жалдауға (жалға) беру бойынша жүзеге асыратын салық төлеушілерге қолданылмайды;
4) басқа заңды тұлғалардың қатысу үлесі 25 пайыздан асатын заңды тұлғалар;
5) құрылтайшысы немесе қатысушысы бір мезгілде арнаулы салық режимін немесе салық салу ерекшеліктерін қолданатын басқа заңды тұлғаның құрылтайшысы немесе қатысушысы болып табылатын заңды тұлғалар;
6) коммерциялық емес ұйымдар;
7) ойын бизнесi салығын төлеушiлер құқылы емес.
5. Осы баптың мақсаттары үшін дара кәсіпкердің шекті кірісі:
1) осы Кодекстің 681-бабына сәйкес айқындалатын салық салу объектісінен;
2) дара кәсіпкердің негізгі құралдары болып табылатын мүлікті өткізумен және жарғылық капиталға берумен байланысты туындайтын, осы Кодекстің 330-бабында көрсетілген құн өсімі түріндегі кірістерден;
3) осы Кодекстің 366-бабына сәйкес айқындалатын кірістен тұрады.
6. Осы баптың мақсаттары үшін заңды тұлғаның шекті кірісі:
1) осы Кодекстің 681-бабына сәйкес айқындалатын салық салу объектісінен;
2) осы Кодекстің 241-бабында көзделген түзетулер ескеріле отырып, осы Кодекстiң 7-бөліміне сәйкес айқындалатын жылдық жиынтық кірістен тұрады.
7. Осы бапқа сәйкес шағын бизнес субъектісі болып табылатын дара кәсіпкер шағын бизнес субъектілеріне арналған арнаулы салық режимін қолданған кезде салықтық есепке алуды осы бөлімде көзделген оңайлатылған тәртіппен жүргізуге құқылы.
684-бап. Салықтық кезең
2021.24.06. № 53-VII ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2022.21.12. № 165-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Күнтізбелік жыл патент негізіндегі арнаулы салық режимін, тіркелген шегерім пайдаланылатын арнаулы салық режимін немесе арнаулы мобильді қосымша пайдаланылатын арнаулы салық режимін қолдану үшін салықтық кезең болып табылады.
Күнтізбелік ай арнаулы мобильді қосымшада жеке табыс салығы мен әлеуметтік төлемдерді есептеу және төлеу жүргізілетін кезең болып табылады.
2. Оңайлатылған декларация негiзiнде арнаулы салық режимiн қолдану үшін салықтық кезең жартыжылдық болып табылады.
2-параграф. Патент негізіндегі арнаулы салық режимі
685-бап. Қолдану тәртібі
1-тармақтың қолданысы 2020 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақ 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 47-бабының редакциясында қолданылды
1. Патент негізіндегі арнаулы салық режимін осы Кодекстің 683-бабында шағын бизнес субъектілері үшін белгіленген шарттарға сәйкес келумен қатар:
1) жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбайтын;
2) қызметiн жеке кәсіпкерлiк нысанында жүзеге асыратын;
3) мынадай қызмет түрлерінің біреуін немесе бірнешеуін:
сылақ жұмыстарын;
ағаш ұсталығы мен ағаш шеберлігі жұмыстарын;
еден жабу және қабырға қаптау жөніндегі жұмыстарды;
бояу және шынылау жұмыстарын;
такси қызметін;
автомобиль көлігімен жүк тасымалдауды;
сыйақы үшін немесе шарт негізінде жылжымайтын мүлікті басқаруды;
фотография саласындағы қызметті;
аударма (ауызша және жазбаша) ісін;
мүліктік жалдауға (жалға) беруді;
көлік құралдарын мүліктік жалдауға (жалға) беруді;
ойын-сауық және спорттық керек-жарақтарды прокатқа және мүліктік жалдауға (жалға) беруді;
бейнежазбалар мен дискілерді прокатқа беруді;
басқа да жеке тұтыну заттарын және тұрмыстық тауарларды прокатқа беруді және мүліктік жалдауға (жалға) беруді;
ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдығын мүліктік жалдауға (жалға) беруді;
есептеуіш техниканы қоса алғанда, кеңсе машиналары мен жабдығын мүліктік жалдауға (жалға) беруді;
спорттық білім және бос уақытты ұйымдастыру мамандарына білім беру саласында көрсетілетін қызметтерді;
мәдениет саласындағы білім берудің көрсетілетін қызметтерін;
басқа да білім беру саласында көрсетілетін қызметтерді;
қосалқы білім беру қызметтерін;
өнер саласындағы қызметті;
компьютерлерді және перифериялық жабдықты жөндеуді;
коммуникациялық жабдықты жөндеуді;
жеке тұтыну заттарын және тұрмыстық тауарларды жөндеуді;
шаштараз қызметтерін;
маникюрді және педикюрді;
ветеринариялық көрсетілетін қызметтерді;
жер учаскелерін өңдеу бойынша көрсетілетін қызметтерді;
тұрғын үй-жайларды жинау және үй шаруашылығын жүргізу бойынша көрсетілетін қызметтерді;
базарларда, вокзалдарда жүк тасушылар көрсететін қызметтерді;
музыкалық аспаптарды жасауды және жөндеуді;
үй жануарларын бағуды жүзеге асыратын дара кәсiпкерлер қолдануға құқылы.
2. Патент негiзiндегі арнаулы салық режимiн қолдану үшiн тұрған жеріндегі салық органына патент құнының есеп-қисабы (бұдан әрi осы тараудың мақсатында - есеп-қисап) ұсынылады.
Есеп-қисапты қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда, оның ішінде «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы:
1) жаңадан құрылған дара кәсіпкерлер - Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасында айқындалған тәртіппен дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебіне қою үшін хабарлама берілген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей;
2) жалпыға бірдей белгіленген тәртіптен немесе өзге де арнаулы салық режимінен ауысуды жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер - патент негізінде арнаулы салық режимі қолданылатын айдың 1-күніне дейін;
3) кезекті патентті алу үшін патент негізіндегі арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер - алдыңғы патенттің қолданылу мерзімі немесе салықтық есептілікті табыс етуді тоқтата тұру мерзімі өткенге дейін ұсынады.
3. Есеп-қисап патенттің құнын есептеуге арналған салықтық есептілік болып табылады.
Патенттің құны осы Кодекстің 686-бабына сәйкес есептеледі.
4. Салық төлеуші патенттің құнын төлеуді есеп-қисап ұсынылғанға дейін жүргізеді.
Патент құны екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы төленген жағдайда төлем құжатының деректемелеріне сұрау салуда көрсетілген кезде «электрондық үкіметтің» веб-порталында қалыптастырылатын «электрондық үкіметтің» төлем шлюзінің хабарламасы электрондық нысанда ұсынылатын есеп-қисапқа қоса беріледі.
Қағаз жеткізгіштегі есеп-қисаппен бір мезгілде патент құнының төленгенін растайтын құжаттар ұсынылады.
5. Электрондық нысанда, оның ішінде «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы табыс етілген есеп-қисапта дара кәсіпкерлер патент құнына қосылатын салықтар және әлеуметтік төлемдер сомаларын төлеу бойынша төлем құжаттарының деректемелерін көрсетеді.
Дара кәсіпкерлер есеп-қисапты табыс еткеннен кейін салық органы есеп-қисап ұсынылған күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде салық органының ақпараттық жүйесінде патент қалыптастыруды жүргізеді.
Патенттің нысанын уәкілетті орган бекітеді.
6. Егер осы тармақта өзгеше көзделмесе, патент негізіндегі арнаулы салық режимі бір салықтық кезең шегінде кемінде бір ай қолданылады.
Патент негізіндегі арнаулы салық режимін:
1) ағымдағы салықтық кезеңнің соңғы айында жаңадан тіркелген;
2) ағымдағы салықтық кезеңнің соңғы айында салықтық есептілікті табыс етудің тоқтатыла тұру мерзімі аяқталғанға дейін немесе аяқталғаннан кейін қызметін қайта бастаған дара кәсіпкерлер бір айдан кем мерзім ішінде қолданады.
7. Патент негізіндегі арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер салықтық есептілікті ұсынуды тоқтата тұру үшін осы Кодекстің 214-бабында айқындалған тәртіппен салықтық өтінішті тұрған жеріндегі салық органына ұсынады.
686-бап. Патент құнын есептеу
1. Патент құнына жеке табыс салығы (төлем көзінен ұстап қалатын жеке табыс салығынан басқа) мен әлеуметтік төлемдердің төлеуге жататын сомалары қосылады.
2-тармақтың қолданысы 2020 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақ 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 48-бабының редакциясында қолданылды
2. Патент құнына кіретін жеке табыс салығының сомасын есептеу салық салу объектісіне 1 пайыз мөлшеріндегі мөлшерлемені қолдану жолымен жүргізіледі.
2-1. 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңымен 2022 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылды (бұр.ред.қара)
3. Патент құнына кіретін әлеуметтік төлемдерді есептеу «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы», «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» және «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргізіледі.
4. Егер патенттің қолданылу мерзімі ішінде іс жүзінде алынған кіріс сомасы есеп-қисапта көрсетілген кіріс мөлшерінен асса, дара кәсіпкерлер бес жұмыс күні ішінде асқан сомаға қосымша салықтық есептілік түрінде есеп-қисапты ұсынуға және осы сомадан салықтар төлеуді жүргізуге міндетті.
Егер іс жүзінде алынған кіріс сомасы осы Кодекстің 683-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында белгіленген шекті кіріс мөлшерінен асқан жағдайда, осы тармақтың ережелері қолданылмайды.
Көрсетілген есеп-қисаптың негізінде бұрын қалыптастырылған патенттің орнына жаңа патент қалыптастырылады.
5. Егер патенттің қолданылу мерзімі ішінде нақты алынған кіріс сомасы (оның мерзімінен бұрын тоқтатылатын жағдайларын ескере отырып) есеп-қисапта көрсетілген кірістің мөлшерінен аз болса, дара кәсіпкерлер патент құнының азаю сомасына қосымша салықтық есептілік түрінде есеп-қисапты табыс етуге құқылы.
Көрсетілген жағдайда артық төленген салық сомаларын қайтару осы Кодекстің 11-тарауында айқындалған тәртіппен жүргізіледі.
6. Іс жүзінде алынған кіріс сомасы осы Кодекстің 683-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында белгіленген шекті кіріс сомасынан асқан жағдайда, осы Кодекстің 679-бабында белгіленген жалпыға бірдей белгіленген тәртіпті немесе өзге де арнаулы салық режимін қолдану басталған күннен бастап алынған дара кәсіпкердің кірісіне тиісінше жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен немесе арнаулы салық режимінде айқындалған тәртіппен салық салынады.
7. Дара кәсiпкер әрекетке қабiлетсiз деп танылған жағдайды қоспағанда, патенттiң қолданылу мерзiмi өткенге дейiн кәсiпкерлiк қызмет тоқтатылған кезде салықтың енгiзiлген сомасы қайтаруға және қайта есептеуге жатпайды.
2021.24.06. № 53-VII ҚР Заңымен 2-1-параграфпен толықтырылды (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
2-1-параграф. Арнаулы мобильді қосымша пайдаланылатын арнаулы салық режимі
686-1-бап. Арнаулы мобильді қосымша
1. Арнаулы мобильді қосымша - осы параграфта белгіленген арнаулы салық режимін қолдану кезінде салықтық міндеттемелерді және әлеуметтік төлемдер бойынша міндеттемелерді орындаудың оңайлатылған тәртібін қолдану, салық төлеушінің электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы куәландырылған электрондық құжат негізінде дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебіне қою (осындай тіркеу есебінен шығару) мақсаттары үшін уәкілетті орган әзірлеген мобильді қосымша.
Арнаулы салық режимдерін қолдану кезінде салықтық міндеттемелерді және әлеуметтік төлемдер бойынша міндеттемелерді орындау мақсаттары үшін арнаулы мобильді қосымшаны пайдалану тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
2022.21.12. № 165-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Арнаулы мобильді қосымшада арнаулы мобильді қосымша пайдаланылатын немесе оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын, қосылған құн салығын төлеуші болып табылмайтын дара кәсіпкер мен жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алушы (клиент), алушы арасында есеп айырысуларды жүзеге асыру фактісін растайтын құжат ретінде арнаулы мобильді қосымшаның чегі қалыптастырылады.
2022.21.12. № 165-VІІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Арнаулы мобильді қосымшаның чегі мынадай ақпаратты:
1) салық төлеушінің атауын;
2) салық төлеушінің сәйкестендіру нөмірін;
3) арнаулы мобильді қосымша чегінің реттік нөмірін;
4) жұмыстар орындалған, қызметтер көрсетілген тұлғаның (заңды тұлғаның, дара кәсіпкердің) атауын, оның сәйкестендіру нөмірін қамтиды.
Осы тармақшада көрсетілген ақпарат жұмыстар орындалған, қызметтер көрсетілген дара кәсіпкердің, заңды тұлғаның талап етуі бойынша, белгілі бір шығыстарға шегерімдерді растау мақсатында толтырылады;
2022.21.12. № 165-VІІ ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5) өткізілетін тауар санаты, орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер үшін ақы төлеу күні мен уақытын;
2022.21.12. № 165-VІІ ҚР Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6) өткізілетін тауар санатының, орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің құнын (өлшем бірлігі үшін);
2022.21.12. № 165-VІІ ҚР Заңымен 7) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7) өткізілетін тауар санатының, орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің атауын;
2022.21.12. № 165-VІІ ҚР Заңымен 8) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8) өткізілетін тауарлар санаттарының, орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің көлемін (олардың өлшем бірліктерімен);
2022.21.12. № 165-VІІ ҚР Заңымен 9) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9) өткізілетін тауарлар санаттарының, орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің жалпы құнын;
10) арнаулы мобильді қосымшаның чегі туралы ақпаратты кодталған түрде қамтитын штрих-кодты қамтиды.
Осы тармақтың мақсаты үшін тауар санаты деп функционалдық мақсаты бойынша біріктірілген тауарлар тобы түсініледі.
2022.21.12. № 165-VІІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Арнаулы мобильді қосымша пайдаланылатын немесе оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер екінші деңгейдегі банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның, электрондық алаңдар операторының мобильді қосымшасын пайдаланған кезде оларға арнаулы мобильді қосымшаның чектерін қалыптастыруға уәкілеттік беруге құқылы.
Осы бапта электрондық алаң операторы деп Интернетте орналастырылған, электрондық форматта делдалдық қызметтерді көрсетуге, жұмыстарды орындауға арналған ақпараттық жүйелердің операторы түсініледі.
5. Уәкілеттік берілген екінші деңгейдегі банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың, электрондық алаң операторларының арнаулы мобильді қосымшаға операциялар бойынша мәліметтерді беру мақсаттары үшін салық органдарымен өзара іс-қимыл жасау тәртібін уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша айқындайды.
6. Арнаулы мобильді қосымшаның чегін салық төлеуші қолма-қол ақшамен және (немесе) қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдауға арналған жүйені (құрылғыны) пайдаланып есеп айырысу кезінде жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алушыға (клиентке), алушыға, оның ішінде олар көрсеткен электрондық пошта мекенжайына беруге тиіс.
Қолма-қол ақшасыз нысанда есеп айырысулардың өзге нысандары кезінде арнаулы мобильді қосымшаның чегі есеп айырысулар жүргізілген күннен бастап күнтізбелік үш күннен кешіктірілмей қалыптастырылуға және жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алушыға (клиентке), алушыға, оның ішінде олар көрсеткен электрондық пошта мекенжайына берілуге тиіс.
7. Арнаулы мобильді қосымша арнаулы мобильді қосымшаның чектері және өзге де көздерден алынған кірістер туралы басқа да мәліметтер негізінде кірістер тізілімін қалыптастырады.
2022.21.12. № 165-VІІ ҚР Заңымен 8-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8. Арнаулы мобильді қосымшаны оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер арнаулы мобильді қосымшаның чегін қалыптастыру және беру үшін, жеке табыс салығы мен әлеуметтік төлемдерді есептеу, оларды төлеу және оңайлатылған декларацияны ұсыну бойынша салықтық міндеттемелерді орындау үшін пайдалана алады.
686-2-бап. Қолдану тәртібі
1. Осы Кодекстің 683-бабында шағын бизнес субъектілері үшін белгіленген шарттарға сәйкес келуден бөлек:
1) жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбайтын;
2) қызметін өзіндік кәсіпкерлік нысанында жүзеге асыратын;
2023.20.03. № 213-VІІ ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2023 ж. 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) мынадай қызмет түрлерінің біреуін немесе бірнешеуін:
сылақ жұмыстарын;
ағаш ұсталығы мен ағаш шеберлігі жұмыстарын;
еден жабу және қабырға қаптау жөніндегі жұмыстарды;
бояу және шынылау жұмыстарын;
такси қызметін;
автомобиль көлігімен жүк тасымалдауды;
сыйақы үшін немесе шарт негізінде жылжымайтын мүлікті басқаруды;
фотография саласындағы қызметті;
аударма (ауызша және жазбаша) ісін;
мүліктік жалдауға (жалға) тапсыруды;
көлік құралдарын мүліктік жалдауға (жалға) тапсыруды;
ойын-сауық және спорттық мүкәммалды прокаттауды және мүліктік жалдауды (жалға беруді);
бейнежазбалар мен дискілерді прокаттауды;
өзге де жеке тұтыну заттарын және тұрмыстық тауарларды прокаттауды және мүліктік жалдауды (жалға беруді);
ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдығын мүліктік жалдауға (жалға) тапсыруды;
есептеуіш техниканы қоса алғанда, офис машиналары мен жабдығын мүліктік жалдауға (жалға) тапсыруды;
спорттық білім және бос уақытты ұйымдастыру мамандарына білім беру саласында көрсетілетін қызметтерді;
мәдениет саласында көрсетілетін білім беру қызметтерін;
өзге де білім беру саласында көрсетілетін қызметтерді;
қосалқы білім беру қызметтерін;
өнер саласындағы қызметті;
компьютерлерді және перифериялық жабдықты жөндеуді;
коммуникациялық жабдықты жөндеуді;
жеке тұтыну заттарын және тұрмыстық тауарларды жөндеуді;
шаштараз қызметтерін;
маникюрді және педикюрді;
ветеринариялық көрсетілетін қызметтерді;
жер учаскелерін өңдеу бойынша көрсетілетін қызметтерді;
тұрғын үй-жайларды жинау және үй шаруашылығын жүргізу бойынша көрсетілетін қызметтерді;
базарларда, вокзалдарда жүк тасушылар көрсететін қызметтерді;
музыкалық аспаптар жасауды және жөндеуді;
үй жануарларын бағуды;
пошта жөнелтілімдерін жеткізу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді қоспағанда, курьерлік жеткізуді жүзеге асыратын;
4) осы Кодекстің 367-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген қосылған құн салығын төлеушілер болып табылмайтын дара кәсіпкерлер арнаулы мобильді қосымша пайдаланылатын арнаулы салық режимін қолдануға құқылы.
2. Арнаулы мобильді қосымша пайдаланылатын арнаулы салық режимі таңдалған күн арнаулы мобильді қосымша пайдаланылатын арнаулы салық режимін қолдану басталған күн деп есептеледі.
3. Арнаулы мобильді қосымша пайдаланылатын арнаулы салық режимінен басқа арнаулы салық режимдеріне немесе жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне ауысқан кезде қолданылатын салық салу режимі туралы тиісті хабарлама ұсынылған айдың соңғы күні режимнің аяқталған күні болып табылады.
686-3-бап. Арнаулы мобильді қосымшада жеке табыс салығы мен әлеуметтік төлемдерді есептеу тәртібі және оларды төлеу
1. Жеке табыс салығының сомасын есептеу салық салу объектісіне 1 пайыз мөлшеріндегі мөлшерлемені қолдану арқылы жүргізіледі.
2. Әлеуметтік төлемдерді есептеу «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы», «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» және «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргізіледі.
3. Жеке табыс салығының және әлеуметтік төлемдердің сомасын есептеу арнаулы мобильді қосымша арқылы ай сайын есепті айдан кейінгі айдың 15-күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.
4. Жеке табыс салығы мен әлеуметтік төлемдер есепті айдан кейінгі айдың 25-күнінен кешіктірілмей төленуге жатады.
3-параграф. Оңайлатылған декларация негiзiндегi арнаулы салық режимi
687-бап. Оңайлатылған декларация бойынша салықтарды есептеу
1. Салықтарды оңайлатылған декларация бойынша есептеуді салық төлеуші салық салу объектiсiне есептi салықтық кезең үшін 3 пайыз мөлшерiндегi мөлшерлемені қолдану арқылы дербес жүргiзедi.
2018.26.12. № 203-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Егер есепті кезеңнің қорытындылары бойынша жұмыскерлердiң орташа айлық жалақысы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және салықтық кезеңнің бірінші күніне қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің дара кәсіпкерлерде - кемінде 23 еселенген, заңды тұлғаларда кемінде 29 еселенген мөлшерін құраса, осы баптың 1-тармағына сәйкес салықтық кезең үшін есептелген салық сомасы жұмыскерлердiң орташа тiзiмдiк саны негiзге алына отырып, әрбiр жұмыскер үшiн салық сомасының 1,5 пайызы мөлшерiндегi сомаға азайтылу жағына қарай түзетiлуге жатады.
2-1. 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңымен 2022 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылды (бұр.ред.қара)
3. Осы Кодекстің 683-бабында белгіленген арнаулы салық режимін қолдану талаптарына сәйкес келмеу жағдайлары туындаған кезде, салық төлеушінің жалпыға бірдей белгіленген тәртіпті немесе өзге де арнаулы салық режимін қолдану басталған күннен бастап алынған кірісі тиісінше жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен немесе өзге де арнаулы салық режимінде белгіленген тәртіппен салық салуға жатады.
688-бап. Оңайлатылған декларацияны тапсыру мен салықтарды төлеу мерзімдері
1. Оңайлатылған декларация салық төлеушінің тұрған жеріндегі салық органына есепті салықтық кезеңнен кейінгі екінші айдың 15-күнінен кешіктірілмей тапсырылады.
2022.21.12. № 165-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Оңайлатылған декларацияда көрсетілген салықтарды бюджетке төлеу жеке (корпоративтік) табыс салығы мен әлеуметтiк салық түрiнде есепті салықтық кезеңнен кейiнгi екінші айдың 25-күнінен кешіктірілмей жүргiзiледi.
Бұл ретте жеке (корпоративтік) табыс салығы - оңайлатылған декларация бойынша есептелген салық сомасының 1/2 мөлшерiнде, әлеуметтiк салық «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және осы Кодекстің 89-1-тарауына сәйкес есептелген Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар сомасын немесе бірыңғай төлемдегі әлеуметтік аударымдардың үлесіне тура келетін әлеуметтік аударымдардың сомасын шегергендегі оңайлатылған декларация бойынша есептелген салық сомасының 1/2 мөлшерiнде төленуге жатады.
Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдар сомасы әлеуметтiк салық сомасынан асып кеткен кезде әлеуметтiк салық сомасы нөлге тең деп есептеледі.
2022.21.12. № 165-VІІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Оңайлатылған декларацияда төлем көзінен ұстап қалатын жеке табыс салығының, әлеуметтік төлемдердің және (немесе) бірыңғай төлемнің бюджетке төленуге жататын сомалары көрсетіледі.
2022.21.12. № 165-VІІ ҚР Заңымен 689-бап өзгертілді (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
689-бап. Жекелеген салық түрлерін, әлеуметтік төлемдерді және бірыңғай төлемді есептеу, төлеу және олар бойынша салықтық есептілікті ұсыну
Оңайлатылған декларацияның негізінде арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеуші төлем көзінен ұстап қалатын жеке табыс салығының сомаларын есептеуді, төлеуді және әлеуметтік төлемдерді аударуды жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен және (немесе) осы Кодекстің 89-1-тарауында көзделген тәртіппен жүргізеді.