2) салық агентіне осы Кодекстің 666-бабының 4-тармағында белгіленген мерзімде алушы (иеленуші) болып табылатын бейрезиденттің резиденттігін растайтын құжат ұсынылған талаптар орындалған кезде осындай түпкілікті (нақты) кіріс алушы (иеленуші) резиденті болып табылатын мемлекетпен жасасқан халықаралық шартта көзделген, табыс салығынан босатуға немесе оның төмендетілген мөлшерлемесін қолдануға құқылы.
3. Салық агенті өзі тұрған жердегі салық органына төртінші тоқсанның салықтық есептілігін ұсыну үшін белгіленген күннен бастап күнтізбелік бес күннен кешіктірмей түпкілікті (нақты) кіріс алушы (иеленуші) бейрезиденттің резиденттігін растайтын құжаттың көшірмесін ұсынуға міндетті.
4. Салық агенті халықаралық шарттың ережелерін қолданбаған жағдайда салық агенті осы Кодекстің 645-бабында айқындалған тәртіппен төлем көзінен табыс салығын ұстап қалуға міндетті.
Ұстап қалған табыс салығының сомасы осы Кодекстің 647-бабында белгіленген мерзімде бюджетке аударылуға жатады.
5. Салық агенті түпкілікті (нақты) кіріс алушы (иеленуші) бейрезидент кірісінің төлем көзінен ұстап қалған табыс салығын бюджетке аударған жағдайда оның халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес төлем көзінен артық ұстап қалған табыс салығын осындай бейрезидентке қайтаруға құқығы бар. Артық ұстап қалған табыс салығын бейрезидентке қайтаруды салық агенті жүргізеді.
Бұл ретте түпкілікті (нақты) кіріс алушы (иеленуші) бейрезидент салық агентіне:
1) делдалмен жасасқан, мұндай тұлғаның деректерін (жеке тұлғаның тегін, атын, әкесінің атын (егер бұл жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) немесе заңды тұлғаның атауын, инкорпорация еліндегі салықтық тіркелу нөмірін немесе оның аналогын (бар болған кезде), инкорпорация еліндегі мемлекеттік тіркелу нөмірін немесе оның аналогын (бар болған кезде) көрсете отырып, мұндай бейрезиденттің сыйақы сомасы көрсетілген шарттың (келісімшарттың) нотариат куәландырған көшірмесін;
2) осындай бейрезидентке сыйақы түрінде кіріс есепке жазылған кезең үшін бейрезиденттің резиденттігін растайтын құжатты ұсынуға міндетті.
Осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген құжаттарды, егер халықаралық шартта өзге мерзімдер белгіленбесе, бейрезидент бюджетке төлем көзінен ұстап қаллған табыс салығын соңғы аудару күнінен бастап осы Кодекстің 48-бабында белгіленген талап қою мерзімі өткенге дейін ұсынады.
6. Осы баптың 5-тармағына сәйкес бейрезидентке ұстап қалған табыс салығы қайтарылған жағдайда салық агенті өзінің тұрған жеріндегі салық органына түпкілікті (нақты) кіріс алушы (иеленуші) бейрезиденттің сыйақы түрінде кірістерінен табыс салығын ұстап қалу және аудару жүргізілген салықтық кезеңге төмендетілген салықтық мөлшерлемені немесе салық салудан босату қолданылған кездегі азайтылған сомаға төлем көзінен ұстап қалатын табыс салығы бойынша қосымша есеп-қисапты ұсынуға құқылы.
Көрсетілген жағдайда төлем көзінен ұстап қалған табыс салығының артық төленген сомасын салық агентінің есебіне жатқызу осы Кодекстің 102-бабында айқындалған тәртіппен жүргізіледі.
668-бап. Бейрезиденттiң депозитарлық қолхаттардың базалық активі болып табылатын акциялар бойынша дивидендтер түріндегі кірістерін салық салудан ішінара босатуға қатысты халықаралық шартты қолдану тәртiбi
1. Депозитарлық қолхаттардың базалық активі болып табылатын акциялар бойынша дивидендтер түріндегі кірістерді түпкілікті (нақты) кіріс алушы (иеленуші) - бейрезидентке депозитарлық қолхаттарды номиналды ұстаушы арқылы төлеу кезінде бір мезгілде мынадай талаптар орындалған:
1) мыналарды:
базалық активі Қазақстан Республикасының резиденті шығарған акциялар болатын депозитарлық қолхаттардың меншік иелері болып табылатын жеке тұлғалардың тегін, атын, әкесінің атын (бар болған кезде) немесе заңды тұлғалардың атауын;
депозитарлық қолхаттардың саны және түрі туралы ақпаратты;
жеке тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттардың атауы мен деректемелерін немесе заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу нөмірі мен күнін қамтитын депозитарлық қолхаттарды ұстаушылар тізімінің болуы.
Депозитарлық қолхаттарды ұстаушылардың тізімін мына тұлғалар:
егер депозитарлық қолхаттар бойынша меншік құқықтарын есепке алуды және оны растауды жүзеге асыруға арналған шарт депозитарлық қолхаттардың базалық активі болып табылатын акциялардың резидент-эмитенті мен орталық депозитарий арасында жасалған жағдайда орталық депозитарий;
немесе егер депозитарлық қолхаттар бойынша меншік құқықтарын есепке алуды және оны растауды жүзеге асыруға арналған шарт депозитарлық қолхаттардың базалық активі болып табылатын акциялардың резидент-эмитенті мен осындай ұйым арасында жасалған жағдайда шет мемлекеттің бағалы қағаздар нарығында депозитарлық қызметті жүзеге асыру құқығын иеленетін өзге ұйым жасайды;
2) депозитарлық қолхаттардың базалық активі болып табылатын акциялар бойынша түпкілікті (нақты) дивидендтер алушы (иеленуші) болып табылатын бейрезиденттің резиденттігін растайтын құжаттың болуы кезінде салық агентінің осындай түпкілікті (нақты) кіріс алушы (иеленуші) резиденті болып табылатын мемлекетпен тиісті халықаралық шартта көзделген табыс салығының төмендетілген мөлшерлемесін қолдануға құқығы бар.
Бұл ретте резиденттікті растайтын құжат осы Кодекстің 666-бабының 4-тармағында белгіленген мерзімде салық агентіне ұсынылады.
2. Салық агенті халықаралық шарттардың ережелеріне сәйкес есептелген (төленген) және ұстап қалған, салық ұстап қалудан босатылған кірістер сомасын, табыс салығының мөлшерлемесін және халықаралық шарттардың атауын салық органына табыс етілетін салықтық есептілікте көрсетуге міндетті.
Бұл ретте салық агенті өзі тұрған жердегі салық органына бейрезидент-салық төлеушінің резиденттігін растайтын құжаттың көшірмесін ұсынуға міндетті. Мұндай көшірме төртінші тоқсанға салықтық есептілікті ұсыну үшін белгіленген күннен бастап күнтізбелік бес күннен кешіктірілмей ұсынылады.
3. Осы баптың 1-тармағында айқындалған тәртіппен депозитарлық қолхаттардың базалық активі болып табылатын акциялар бойынша дивидендтер түрінде бейрезидентке кірістер төлеу кезінде салық агенті халықаралық шарттың ережелерін қолданбаған жағдайда, салық агенті осы Кодекстің 646-бабында белгіленген мөлшерлеме бойынша төлем көзінен табыс салығын ұстап қалуға міндетті.
Ұстап қалған табыс салығының сомасы осы Кодекстің 647-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында белгіленген мерзімде бюджетке аударылуға жатады.
4. Салық агенті түпкілікті (нақты) табыс алушы бейрезиденттің кірістерінен ұстап қалған табыс салығын бюджетке аударған жағдайда, осындай бейрезиденттің халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес төлем көзінен артық ұстап қалған табыс салығын қайтаруға құқығы бар.
Бұл ретте бейрезидент салық агентіне:
1) базалық активі резидент-эмитенттің акциялары болып табылатын депозитарлық қолхаттарға меншік құқығын растайтын құжаттың нотариат куәландырған көшірмесін;
2) мұндай бейрезидентке кіріс дивидендтер түрінде есепке жазылған кезең үшін оның резиденттігін растайтын құжатты ұсынуға міндетті.
Осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген құжаттарды, егер халықаралық шартта өзге мерзім белгіленбесе, бейрезидент бюджетке төлем көзінен ұстап қалған табыс салығын соңғы аудару күнінен бастап осы Кодекстің 48-бабында белгіленген талап қою мерзімі өткенге дейін ұсынады.
Бұл ретте артық ұстап қалған табыс салығын бейрезидентке қайтаруды салық агенті жүргізеді.
5. Салық агенті өзі тұрған жердегі салық органына депозитарлық қолхаттардың базалық активі болып табылатын акциялар бойынша дивидендтер түріндегі бейрезиденттің кірістерінен табыс салығын ұстап қалу және аудару жүргізілген салықтық кезең үшін төмендетілген салықтық мөлшерлеме қолданылған кездегі табыс салығының азаю сомасына төлем көзінен ұстап қалатын табыс салығы бойынша қосымша есеп-қисапты ұсынуға құқылы.
Көрсетілген жағдайда төлем көзінен ұстап қалған табыс салығының артық төленген сомасын салық агентінің есебіне жатқызу осы Кодекстің 102-бабында айқындалған тәртіппен жүргізіледі.
669-бап. Бейрезиденттiң тұрақты мекеме арқылы халықаралық тасымал бойынша қызметтер көрсетуден түскен кірістерін салық салудан босатуға қатысты халықаралық шартты қолдану тәртібі
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Егер бейрезидент кірісті түпкілікті алушы және халықаралық шарт жасасқан мемлекеттің резиденті болып табылса, халықаралық шарт ережелеріне сәйкес мұндай бейрезиденттің халықаралық тасымал бойыншаі қызметтер көрсетуден түсетін кірістерді салық салудан босатуды қолдануға құқығы бар.
Халықаралық шарт салық салудан босату бөлігінде бейрезидентте корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны тапсыру күніне оның резиденттігін растайтын құжат болған кезде қолданылады.
Бейрезидент резиденттікті растайтын құжатты корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны берген кезде тұрақты мекеме тұрған жердегі салық органына ұсынады.
2. Бейрезидент салықтық кезеңде халықаралық тасымал бойынша қызметтер көрсетуден түсетін кірістер мен Қазақстан Республикасындағы көздерден түсетін басқа да кірістердің сомаларын бөлек есепке алуды жүргізуге мiндеттi.
3. Халықаралық тасымал бойынша қызметтер көрсетумен байланысты шығыстардың сомасы тікелей немесе пропорционалды әдіспен айқындалады.
Шығыстарды айқындаудың таңдап алынған әдісі осындай бейрезиденттің тұрақты мекемесі тұрған жердегі салық органына қатысты жоғары тұрған орган болып табылатын салық органымен (уәкілетті органды қоспағанда) келісу бойынша ғана салықтық кезең басталғанға дейін өзгертілуі мүмкін.
Бір салықтық кезең ішінде шығыстарды айқындаудың біреуден артық әдісі қолданылмайды.
4. Шығыстарды айқындаудың тікелей әдісін қолдану кезінде бейрезидент халықаралық тасымал бойыншаі қызметтер көрсетумен байланысты шығыстарды және басқа да шығыстарды бөлек есепке алуды жүргізеді.
5. Пропорционалды әдісті қолдану кезінде шығыстар сомасы салықтық кезеңдегі Қазақстан Республикасында қызметті жүзеге асырумен байланысты бейрезидент шығыстарының үлесі мен жалпы сомасының көбейтіндісі ретінде айқындалады.
Үлес халықаралық тасымал бойыншаі қызметтер көрсетуден түсетін кірістер сомасының салықтық кезеңдегі Қазақстан Республикасында қызметті жүзеге асырумен байланысты кірістердің жалпы сомасына арақатынасы ретінде айқындалады.
6. Корпоративтік табыс салығы бойынша декларация тапсырған күнге бейрезиденттің резиденттігін растайтын құжат болмаған кезде бейрезидент халықаралық шарттың ережелерін қолдануға құқылы емес.
Бұл ретте корпоративтік табыс салығы бюджетке есептелген және төленген жағдайда бейрезидент осы Кодекстің 48-бабында белгіленген талап қою мерзімі өткенге дейін, егер халықаралық шартта өзге мерзімдер белгіленбесе, салық органына корпоративтік табыс салығы бойынша қосымша декларация мен бейрезиденттің резиденттігін растайтын құжат ұсынылған жағдайда халықаралық шарттың ережелерін қолдануға құқығы бар.
670-бап. Бейрезиденттің тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасындағы қызметтен түсетін таза кірісін салық салудан ішінара босатуға қатысты халықаралық шартты қолдану тәртібі
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Егер бейрезидент халықаралық шарт жасасқан мемлекеттің резиденті болып табылса және осындай халықаралық шартта бейрезиденттің таза кірісіне салық салудың осы Кодекстің 652-бабында белгіленген тәртіптен өзгеше тәртібі көзделген болса, оның тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасындағы қызметтен түсетін таза кірісіне халықаралық шартта көзделген төмендетілген салықтық мөлшерлемені қолдануға құқығы бар.
Төмендетілген салықтық мөлшерлеме бейрезидентте корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны тапсыру күніне оның резиденттігін растайтын құжат болған кезде қолданылады.
Бейрезидент резиденттікті растайтын құжатты корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны тапсырған кезде тұрақты мекеме тұрған жердегі салық органына тапсырады.
2. Корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны тапсырған күнге бейрезиденттің резиденттігін растайтын құжат болмаған кезде бейрезидент халықаралық шарттың ережелерін қолдануға құқылы емес.
Бұл ретте корпоративтік табыс салығы бюджетке есептелген және төленген жағдайда бейрезидент осы Кодекстің 48-бабында белгіленген талап қою мерзімі өткенге дейін, егер халықаралық шартта өзге мерзімдер белгіленбесе, салық органына корпоративтік табыс салығы бойынша қосымша декларация мен бейрезиденттің резиденттігін растайтын құжат ұсынылған жағдайда халықаралық шарттың ережелерін қолдануға құқығы бар.
671-бап. Бейрезидент-жеке тұлғаның салық агенттері болып табылмайтын тұлғалардан алған кірістерін салық салудан босатуға қатысты халықаралық шартты қолдану тәртібі
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Егер бейрезидент-жеке тұлға кірісті түпкілікті алушы және халықаралық шарт жасасқан мемлекеттің резиденті болып табылса,
бейрезидент-жеке тұлғаның халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес салық агенттері болып табылмайтын тұлғалардан алған кірістерін салық салудан босатуды қолдануға құқығы бар.
Салық салудан босату бөлігінде халықаралық шарт бейрезидентте жеке табыс салығы бойынша декларация тапсырған күнге оның резиденттігін растайтын құжат болған кезде қолданылады.
Бейрезидент-жеке тұлға резиденттікті растайтын құжатты жеке табыс салығы бойынша декларацияны берген кезде өзі болатын (тұрғылықты) жердегі салық органына тапсырады.
2. Бейрезидент-жеке тұлға жеке табыс салығы бойынша декларацияны тапсыру кезінде резиденттікті растайтын құжаты болмаған кезде осы Кодекстің 658-бабында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде бюджетке табыс салығын төлеуді жүргізуге міндетті.
Бұл ретте бейрезидент-жеке тұлғаның осы Кодекстің 672, 673 және 674-баптарында айқындалған тәртіппен төленген табыс салығын бюджеттен қайтарып алуға құқығы бар.
672-бап. Бейрезиденттің төленген табыс салығын халықаралық шарт негізінде бюджеттен қайтарып алуға өтініш беру тәртібі
1. Халықаралық шарттың ережелерін қолданған кезде бейрезиденттің осы бапта және осы Кодекстің 673, 674-баптарында айқындалған тәртіппен табыс салығын қайтарып алуға мынадай:
1) салық агенті осы Кодекстің ережелеріне сәйкес Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған бейрезиденттің кірістерінен табыс салығын ұстап қалған және бюджетке аударған;
2) бейрезидент халықаралық шартқа сәйкес тұрақты мекеме құруға алып келмейтін құрылымдық бөлімше арқылы Қазақстан Республикасындағы қызметті жүзеге асырудан түсетін кірістерінен табыс салығын есептеген және төлеген;
3) бейрезидент Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған кірістерінен осы Кодекстің ережелеріне сәйкес табыс салығын төлеген жағдайларда құқығы бар.
Бұл ретте бейрезидент төленген табыс салығын бюджеттен қайтарып алуға осы баптың 3 және 4-тармақтарында айқындалған құжаттарды қоса бере отырып, салықтық өтінішті (бұдан әрі осы Кодекстің осы бабының және 673, 674-баптарының мақсатында - өтініш) салық органына ұсынуға міндетті.
2. Өтінішті бейрезидент уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша салық агенті тұрған (тұрғылықты, болатын) жердегі салық органына қатысты жоғары тұрған орган болып табылатын салық органына екі данада ұсынады.
Өтінішті салық органына ұсыну күні салық органының өтінішті алған күні болып табылады.
3. Өтінішке мынадай құжаттар:
1) жұмыстарды орындауға, қызметтер көрсетуге немесе өзге де мақсаттарға келісімшарттардың (шарттардың, келісімдердің) көшірмелері;
2) бейрезиденттің резиденттігін растайтын құжат;
3) алынған кірістер мен ұстап қалған немесе төленген салықтардың сомасын растайтын бухгалтерлік немесе өзге де құжаттардың көшірмелері;
4) бейрезидент Қазақстан Республикасының аумағында осындай мақсаттар үшін жалдаған жұмыскерлер немесе басқа да персоналдар арқылы жұмыстарды орындаған, қызметтер көрсеткен жағдайда - осындай жеке тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттарының және олардың Қазақстан Республикасының аумағында болу мерзімін растайтын құжаттардың көшірмелері;
5) өтінішті заңды тұлға берген жағдайда қосымша:
құрылтай құжаттарының нотариат куәландырған көшірмелері не құрылтайшыларды (қатысушыларды) және бейрезидент-заңды тұлғаның мажоритарлық акционерлерін көрсете отырып, сауда тізілімінен (акционерлер тізілімінен) немесе бейрезидент тіркелген мемлекеттің заңнамасында көзделген өзге де ұқсас құжаттан үзінді көшірмелер қоса берілуге тиіс.
Бейрезиденттің шет мемлекет заңнамасының талаптарына сәйкес құрылтай құжаттары немесе сауда тiзiлiмiнде (акционерлердiң тiзiлiмiнде) немесе бейрезидент тіркелген мемлекеттің заңнамасында көзделген өзге де ұқсас құжатта тiркеу бойынша мiндеттемесі болмаған жағдайда мұндай бейрезидент салық агентіне:
бейрезидентті құруға негiз болған, құқықтық (заңдық) күшін мұндай бейрезидент тіркелген шет мемлекеттiң тиiстi органы растаған құжатты (актіні), не қатысушысы бейрезидент болып табылатын шоғырландырылған топтың ұйымдық құрылымын көрсететін, оның барлық қатысушылары мен олардың географиялық орналасқан жерін (шоғырландырылған топ қатысушылары жасалған (құрылған) мемлекеттердің (аумақтардың) атауын) және барлық шоғырландырылған топ қатысушыларының мемлекеттік және салықтық тіркеу нөмірлері көрсетілген өзге де құжатты ұсынады;
6) өтінішті жеке тұлға ұсынған жағдайда қосымша - жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі қоса берілуге тиіс.
Өтініш осы баптың 4-тармағына сәйкес ұсынылған жағдайда осы тармақтың ережелері қолданылмайды.
4. Бейрезидент депозитарлық қолхаттардың базалық активі болып табылатын акциялар бойынша алынған кірістерден табыс салығын қайтарып алуға өтінішті ұсынған кезде өтінішке мынадай құжаттар:
1) мыналарды:
бейрезиденттің атауын немесе тегін, атын, әкесінің атын (егер бұл жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе);
депозитарлық қолхаттардың саны мен түрі туралы ақпаратты;
бейрезиденттің жеке басын куәландыратын құжаттың атауын және деректемелерін (жеке тұлға үшін), бейрезиденттің инкорпорация еліндегі салықтық тіркелу нөмірін немесе оның аналогын (ол болған кезде), бейрезиденттің мемлекеттік тіркелу нөмірін және күнін (заңды тұлға үшін) қамтитын орталық депозитарийден алынған шоттан үзінді көшірме;
2) депозитарлық қолхаттардың базалық активі болып табылатын акциялар эмитентінің акционерлері жалпы жиналысының бір акция есебінен дивидендтің мөлшерін және дивидендтер алуға құқығы бар акционерлердің тізімі жасалған күнді көрсете отырып, белгілі бір кезең үшін дивидендтер төлеу туралы шешімі;
3) келіп түскен дивидендтердің сомалары бойынша валюта шотынан үзінді көшірме;
4) депозитарлық қолхаттардың базалық активі болып табылатын акциялар бойынша кірістерді түпкілікті (нақты) алушы (иеленуші) болып табылатын бейрезиденттің резиденттігін растайтын құжат қоса беріледі.
5. Егер осы баптың 3 және 4-тармақтарында көрсетілген құжаттар шет тілінде жасалған болса, бейрезидент олардың қазақ немесе орыс тілдеріндегі нотариат куәландырған аудармасын қоса беруге міндетті.
6. Бейрезидент жұмыстарды орындаудан, қызметтер көрсетуден түскен кірістерден ұстап қалған табыс салығын қайтаруға өтінішті Қазақстан Республикасында жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету аяқталған соң ұсынады.
Бейрезидент ұзақ мерзімді келісімшарттар бойынша салық органына өтінішті жұмыстарды орындаудың, қызметтер көрсетудің әрбір кезеңі аяқталуына қарай ұсынуға құқылы.
Осы бөлімнің мақсатында ұзақ мерзімді келісімшарт оның жасалған күнінен бастап он екі айлық кезең ішінде аяқталмаған, жұмыстарды орындауға, қызметтер көрсетуге арналған келісімшарт (шарт) болып табылады.
7. Егер халықаралық шартта өзгеше белгіленбесе, бейрезидент өтінішті салық органына осы Кодекстің 48-бабында белгіленген талап қою мерзімі өткенге дейін ұсынады.
8. Салық органы мынадай:
1) бейрезидент өтінішті осы баптың 7-тармағында белгіленген мерзім өткеннен кейін берген жағдайда өтінішті қараудан бас тартады. Бұл ретте бейрезидент өтінішті қайта беруге құқылы емес;
2) резиденттікті растайтын құжат осы Кодекстің 675-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген;
3) бейрезидент осы баптың 3 және 4-тармақтарында айқындалған құжаттарды ұсынбаған;
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) бейрезидент осы баптың 2-тармағының ережелерін сақтамаған жағдайларда;
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
5) бұрын қаралған (тексерілген) кезең үшін, қорытындысы бойынша салық органы мынадай негіздердің бірі:
осы Кодекстің 220-бабына сәйкес бейрезиденттің Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекемесі (қызметін жүзеге асыратын тұрақты орны) деп тану;
осы Кодекстің 645-бабының 5-тармағына сәйкес өз қаражаты есебінен салық агентінің Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған бейрезиденттің кірістерінен табыс салығын ұстап қалуы және бюджетке аударуы бойынша бюджеттен табыс салығын қайтарудан бас тарту туралы шешім шығарған өтініш қайта ұсынылған кезде өтінішті қараудан бас тартады.
Бұл ретте салық органының өтінішті қараудан бас тарту туралы шешімі бейрезидентке оның қолын қойғыза отырып табыс етіледі немесе бас тарту себептері көрсетіле отырып, салық органы алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде өтінішті және ұсынылған құжаттарды қоса бере отырып, алуы туралы хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы жіберіледі.
Салық органы осы тармақтың 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша өтінішті қараудан бас тартқан жағдайда, бейрезидент, егер ол жол берілген бұзушылықтарды жоятын болса, осы баптың 7-тармағында белгіленген мерзім шегінде қайта өтініш беруге құқылы.
673-бап. Бейрезиденттің өтінішін қарау және оны қарау нәтижелері бойынша шешім қабылдау тәртібі
1. Салық органы бейрезиденттің осы Кодекстің 672-бабына сәйкес ұсынылған өтінішін оны бейрезидент ұсынған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қарайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген өтінішті қарау мерзімі:
1) осы баптың 3-тармағында көрсетілген тақырыптық тексеріс жүргізу кезеңіне;
2) салық органы осы баптың 2, 4 және 5-тармақтарында көрсетілген сұрау салу жіберген күннен бастап осындай сұрау салуға жауап алған күнге дейінгі кезеңге тоқтатыла тұрады.
2. Бейрезиденттің өтінішін қарау барысында салық органы басқа салық органдарына, уәкілетті мемлекеттік органдарға, шет мемлекеттердің құзыретті органдарына, банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға және Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын өзге де ұйымдарға қажетті ақпарат беру туралы, сондай-ақ салықты қайтарып алуға байланысты мәселелер бойынша бейрезидентке сұрау салулар жіберуге құқылы.
3. Бейрезиденттің өтінішін қарау кезінде салық органы, осы баптың 5 және 6-тармақтарында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекстің 18-тарауында айқындалған тәртіппен бейрезиденттің өтініші негізінде төленген табыс салығын бюджеттен қайтару мәселесі бойынша тақырыптық тексеру жүргізеді.
4. Егер бейрезиденттiң Қазақстан Республикасында құрылымдық бөлімшесі болған жағдайда, өтiнiштi қарайтын салық органы бейрезиденттi оның осы Кодекстiң 48-бабында белгiленген талап қою мерзiмi кезеңiнде салықтық мiндеттемелерді орындауы және Қазақстан Республикасында тұрақты мекемесiнiң болуы не болмауы тұрғысынан жоспардан тыс кешендi тексеру жүргiзуге сұрау салуды осындай құрылымдық бөлімше тұрған жердегі салық органына жiберуге мiндеттi.
5. Салық агенті таратылған (қызметі тоқтатылған), банкрот болған жағдайда салық органы өтініші қаралып жатқан бейрезиденттің резиденттiк елiнiң құзыреттi органына салық агентi мен бейрезиденттiң өзара қатынастары туралы ақпарат беру жөнінде сұрау салу жiберуге құқылы.
Бұл ретте осы баптың 7-тармағында көрсетілген шешім салық органының сұрау салуына бейрезиденттің резиденттiк елiнiң құзыреттi органынан алынған ақпарат және (немесе) таратылған (қызметі тоқтатылған) немесе банкрот деп танылған салық агенті ұсынған, төлем көзінен ұстап қалған табыс салығы бойынша салықтық есептіліктің деректері негізінде қабылданады.