654-бап. Бейрезидент-жеке тұлғаның салық салудан босатылған кірістері
Бейрезидент-жеке тұлғаның мынадай кірістері салық салуға жатпайды:
1) сыртқы сауда қызметі жөніндегі келісімшартқа байланысты Қазақстан Республикасының аумағында көрсетілген қызметтерді қоспағанда, осы сыртқы сауда қызметі шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағына тауарлар берумен байланысты төлемдер;
2) борыштық бағалы қағаздарды сатып алу кезінде олар бойынша жинақталған (есептелген) сыйақылардың резидент-сатып алушылар төлеген сомалары;
2022.11.07. № 135-VІІ ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) бағалы қағаздар бойынша дивидендтер мен сыйақыларды есепке жазу күніне Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржаларының ресми тізіміндегі осындай дивидендтер мен сыйақылар.
Бұл ретте осы тармақшаның бірінші бөлігінің ережесі күнтізбелік жылда Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өлшемшарттарға сәйкес биржада сауда-саттық жүзеге асырылған бағалы қағаздар бойынша есепке жазылған дивидендтерге қолданылады;
2018.26.12. № 203-VІ ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді, 2029 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады) (бұр.ред.қара); 2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) 2022.11.07. № 135-VІІ ҚР Заңымен алып тасталды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5) мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар, агенттік облигациялар бойынша сыйақылар және мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды және агенттік облигацияларды өткізу кезінде құн өсімінен түсетін кірістер;
6) өткізу күні Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасының ресми тізімдерінде болатын қор биржасында ашық сауда-саттық әдісімен өткізу кезінде құн өсімінен түсетін кірістер;
7) егер осы тармақтың 6) тармақшасында өзгеше белгіленбесе, уәкілетті орган бекіткен тізбеге енгізілген, жеңілдікті салық салынатын мемлекеттің резиденті болған тұлғаның кірістерін қоспағанда, осы Кодекстің 644-бабы 1-тармағының 6) тармақшасында көрсетілген, резидент-заңды тұлға шығарған акцияларды немесе резидент-заңды тұлғадағы немесе Қазақстан Республикасында құрылған консорциумдағы қатысу үлестерін өткізу кезіндегі құн өсімінен түсетін кірістер бір мезгілде мынадай:
акцияларды немесе қатысу үлестерін өткізу күніне салық төлеушінің осы акцияларды немесе қатысу үлестерін үш жылдан астам иеленуі;
осындай эмитент-заңды тұлғаның немесе қатысу үлесі өткізілетін заңды тұлғаның немесе қатысу үлесін осындай консорциумда өткізетін осындай консорциумға қатысушының жер қойнауын пайдаланушы болып табылмауы;
жер қойнауын пайдаланушылар (жер қойнауын пайдаланушы) болып табылатын осындай заңды тұлғалардың (тұлғаның) осындай эмитент-заңды тұлғаның немесе өзіндегі қатысу үлесі өткізілетін осындай заңды тұлғаның активтері құнындағы немесе қатысу үлесі өткізілетін осындай консорциумға қатысушылардың активтері жалпы құнындағы мүлкi осындай өткiзу күнiне 50 пайыздан аспауы талаптары орындалған кезде қолданылады.
Осы тармақшаның мақсатында тек қана жерасты суларын және (немесе) кең таралған пайдалы қазбаларды өз мұқтаждығы үшін өндіру құқығына ие болғандықтан жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын осындай пайдаланушы жер қойнауын пайдаланушы болып танылмайды.
Бұл ретте жер қойнауын пайдаланушылар (жер қойнауын пайдаланушы) болып табылатын тұлғалар (тұлға) мүлкінің акциялары немесе қатысу үлестері өткізілетін заңды тұлғаның немесе консорциумның активтері құнындағы үлесі осы Кодекстің 650-бабына сәйкес айқындалады;
8) осы Кодекстің 644-бабы 1-тармағының 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген кірістерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде жұмыстарды орындаудан, қызметтер көрсетуден түсетін кірістер;
9) Қазақстан Республикасындағы аз қамтылған азаматтарды қолдауға (көмек көрсетуге) бағытталған, Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын үкіметаралық келісім шеңберіндегі грант қаражаты есебінен жүргізілетін төлемдер;
10) осы Кодекстiң 291-бабының 1-тармағында көрсетілген дербес бiлiм беру ұйымы тұруға, медициналық сақтандыруға, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегi тұрғылықты жерiнен Қазақстан Республикасындағы қызметтi жүзеге асыратын жерге бару және кері қайту жолында әуе көлiгiмен ұшуға арналған шығыстарды төлеу (өтеу) түрiнде іс жүзінде жүргізген:
осындай дербес білім беру ұйымының жұмыскері;
осындай дербес білім беру ұйымының жұмыстарын орындау, қызметтерін көрсету бойынша Қазақстан Республикасындағы қызметті жүзеге асыратын;
осындай дербес білім беру ұйымының жұмыстарын орындайтын, қызметін көрсететін бейрезидент-заңды тұлғаның жұмыскері және осындай жұмыстарды тікелей орындайтын және осындай қызметтерді көрсететін жұмыскер болып табылатын бейрезидент-жеке тұлға алған материалдық пайда;
11) 2020 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылды (бұр.ред.қара)
12) 2020 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылды (бұр.ред.қара)
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 13) тармақшамен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап 2027 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады)
13) осындай кредиттерге 2012 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғанда есепке жазылған сыйақы бойынша берешекті қоса алғанда, борышты кешіру осы Кодекстің 232-бабының 2-1-тармағында белгіленген тәртіппен және шарттарда жүргізілген кредит (қарыз) бойынша берешек сомасы.
655-бап. Төлем көзінен салық салуға жататын кірістер бойынша жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және аудару тәртібі
1. Егер осы бапта өзгеше белгiленбесе, бейрезидент-жеке тұлғаның осы Кодекстiң 656-бабының 1-тармағында көрсетілген кірістерді қоспағанда, Қазақстан Республикасындағы көздерден түсетін кірістеріне осы Кодекстiң 646-бабында көрсетiлген мөлшерлемелер бойынша төлем көзiнен жеке табыс салығы салықтық шегерiмдер жүзеге асырылмай салынады.
Осы баптың мақсатында бағалы қағаздарды, қатысу үлестерін өткізу кезіндегі құн өсімі осы Кодекстің 228-бабына сәйкес айқындалады.
2. Осы баптың ережелеріне қарамастан, бейрезидент-жеке тұлғаның осы Кодекстің 650-бабының 1-тармағында көрсетілген кірістерінен төлем көзінен жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және бюджетке аудару осы Кодекстің 650-бабында айқындалған тәртіппен жүргізіледі.
2022.21.12. № 165-VІІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Төлем көзінен салық салуға жататын кірістер бойынша жеке табыс салығын есептеуді салық агенті салықтық шегерімдерді жүзеге асырмастан, осы Кодекстің 319-бабы 2-тармағында көзделген ережелерді ескере отырып, осы Кодекстің 322-бабының 1-тармағында айқындалған кірістерді қоса алғанда, бейрезидент-жеке тұлғаның мынадай кірістері:
жұмыс беруші болып табылатын резидентпен немесе бейрезидентпен жасасқан еңбек шарты (келісімі, келісімшарты) бойынша Қазақстан Республикасындғы қызметтен түсетін кірістері;
жұмыс берушіден алынған материалдық пайда түріндегі Қазақстан Республикасындағы қызметтен түсетін кірістері;
басшының гонорарлары және (немесе) басқару органы (директорлар кеңесі немесе өзге де орган) мүшелерінің аталған адамдардың осындай міндеттерді іс жүзінде орындаған жеріне қарамастан, өздеріне жүктелген резидентке қатысты басқарушылық міндеттерін орындауымен байланысты алатын өзге де төлемдері;
жұмыс беруші болып табылатын резиденттің немесе бейрезиденттің Қазақстан Республикасында тұруына байланысты оған төленетін үстемеақылары;
бейрезидент - жеке тұлғаларға зейнетақы аннуитеті шарты бойынша жүзеге асырылатын сақтандыру төлемдері;
резидент-жинақтаушы зейнетақы қоры жүзеге асыратын зейнетақы төлемдері сомасына осы Кодекстің 320-бабының 1-тармағында белгіленген мөлшерлемені қолдану арқылы жүргізеді.
4. Төлем көзінен салық салуға жататын кірістер бойынша жеке табыс салығын есептеуді және ұстап қалуды салық агенті, осы баптың 7-тармағында көрсетілген жағдайды қоспағанда, бейрезидент-жеке тұлғаға кірістерін төлеу күнінен кешіктірмей жүргізеді.
Салық агенті төлем көзінен жеке табыс салығын бейрезидент-жеке тұлғаға кіріс төлеуді жүзеге асыру нысаны мен орнына қарамастан ұстайды.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Бейрезидент-жеке тұлғаның төлем көзінен салық салуға жататын кірістерінен жеке табыс салығын салық агенті тұрған жеріндегі бюджетке аударуды салық ұстап қалуға жататын айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей жүргізеді.
6. Кіріс шетел валютасымен төленген кезде төлем көзінен салық салынатын кіріс мөлшері кірісті төлеу күнінің алдындағы соңғы жұмыс күні айқындалған валюта айырбастаудың нарықтық бағамы қолданыла отырып, теңгемен қайта есептеледі.
7. Қызметі осы Кодекстің 220-бабы 7-тармағының ережелеріне сәйкес Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құрмайтын бейрезиденттің шетелдік персоналды ұсынуы кезінде мұндай персоналдың Қазақстан Республикасындағы қызметтен алынған кірісіне төлем көзінен жеке табыс салығы салынады.
Бұл ретте бейрезидент-жеке тұлғаның кірістері, оның ішінде Қазақстан Республикасындағы қызметке байланысты мұндай тұлға алатын өзге де материалдық пайда жеке табыс салығын салу объектісі болып табылады.
Егер ұсынылған персоналға кірісті бейрезидент төлеген жағдайда, жеке табыс салығын есептеу мақсатында салық базасын осы Кодекстің 220-бабының 7-тармағына сәйкес бейрезидент ұсынатын құжаттар негізінде салық агенті айқындайды.
Шетелдік персонал кірісінен төлем көзінен жеке табыс салығын ұстап қалуды салық агенті бейрезидент-заңды тұлғаға шетелдік персоналды ұсыну жөніндегі көрсетілетін қызметтер үшін кірісті төлеу кезінде жүргізеді.
Төлем көзінен ұстап қалатын жеке табыс салығын есептеуді салық агенті салықтық шегерімдер жүзеге асырмастан, осы Кодекстің 319-бабы 2-тармағының ережелерін ескере отырып, шетелдік персоналдың осы тармаққа сәйкес айқындалған кірістерінің сомасына осы Кодекстің 320-бабының 1-тармағында белгіленген мөлшерлемені қолдану арқылы жүргізеді.
Салық агенті салық ұстап қалуға жататын айдан кейінгі айдың 25-күніне дейін төлем көзінен ұстап қалған жеке табыс салығының сомасын тұрған жері бойынша аударуға міндетті.
8. Төлем көзінен жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және бюджетке аудару жөніндегі міндет пен жауапкершілік бейрезидентке кірісті төлейтін және салық агенті деп танылған мынадай тұлғаларға:
1) дара кәсіпкерге;
2) Қазақстан Республикасында қызметті құрылымдық бөлімше арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғаға жүктеледі.
Бұл ретте бейрезидент-заңды тұлға Қазақстан Республикасының салық органдарында оның құрылымдық бөлімшесі тіркеу есебіне қойылған күннен бастап салық агенті деп танылады;
3) заңды тұлғаға, оның ішінде Қазақстан Республикасында қызметті құрылымдық бөлімше ашпай тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидентке жүктеледі.
Бұл ретте бейрезидент-заңды тұлға құрылымдық бөлімше ашпай, оның тұрақты мекемесі Қазақстан Республикасының салық органдарында тіркеу есебіне қойылған күннен бастап салық агенті деп танылады;
4) резидент-заңды тұлғаға, оның ішінде депозитарлық қолхаттардың базалық активінің эмитентіне жүктеледі.
Осы тараудың мақсаттары үшін резидент-заңды тұлға өз шешімімен осы Кодекстің 353-бабында айқындалған тәртіппен мұндай құрылымдық бөлімше төлеген (төлеуге жататын) төлем көзінен салық салынатын кірістер бойынша өзінің құрылымдық бөлімшесін төлем көзінен ұстап қалатын жеке табыс салығы бойынша салық агенті деп тануға құқылы;
5) заңды тұлғаға, оның ішінде осы Кодекстің 220-бабының 7-тармағының ережелеріне сәйкес қызметі тұрақты мекеме құрмайтын бейрезидент оған шетелдік персоналды берген, Қазақстан Республикасында қызметті тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидентке;
6) осы Кодекстің 654-бабының 7) тармақшасында белгіленген талаптар орындалмаған кезде осы Кодекстің 650-бабы 1-тармағы бірінші бөлігінің 5) тармақшасында көрсетілген мүлікті сатып алатын бейрезидент-заңды тұлғаға жүктеледі.
9. Осы Кодекстің ережелеріне сәйкес бейрезидент-жеке тұлғаның кірістерінен есептелген жеке табыс салығының сомасын салық агенті өз қаражаты есебінен оны ұстап қалмай төлеген кезде, салық агентінің төлем көзінен жеке табыс салығын ұстап қалу және аудару жөніндегі міндеті орындалған болып саналады.
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 656-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
656-бап. Қазақстан Республикасының салық төлеушісі ретінде тіркелмеген бейрезидент-заңды тұлға Қазақстан Республикасына жіберген шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың кірістеріне салық салу тәртібі
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1-тармақ жаңа редакцияда
1. Осы бапта белгіленген салық салу тәртібі Қазақстан Республикасының салық төлеушісі ретінде тіркелмеген бейрезидент-заңды тұлға Қазақстан Республикасына жіберген шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың кірістеріне, оған қоса осы Кодекстің 322-бабында айқындалған:
жұмыс беруші болып табылатын осындай бейрезидент-заңды тұлғамен жасалған еңбек шарты (келісімі, келісімшарты) бойынша Қазақстан Республикасындағы қызметтен;
осындай бейрезидент-заңды тұлғамен жасалған азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт (келісімшарт) бойынша Қазақстан Республикасындағы қызметтен;
1-тармақтың бірінші бөлігінің төртінші абзацы 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
жұмыс беруші болып табылмайтын тұлғадан алынған, материалдық пайда түрінде Қазақстан Республикасындағы қызметтен алынған (алынуға жататын) кірістерге;
Қазақстан Республикасында тұруға байланысты осындай бейрезидент-заңды тұлға төлейтін үстемеақыларға қолданылады.
Осы баптың мақсаттары үшін Қазақстан Республикасының салық төлеушісі ретінде тіркелмеген бейрезидент-заңды тұлға деп резидент-банктерде ағымдағы шот ашуына байланысты және (немесе) осы Кодекстің 650-бабына сәйкес міндеттемелердің туындауына байланысты Қазақстан Республикасының салық төлеушісі ретінде тіркелген бейрезидент-заңды тұлға да танылады.
Осы баптың ережелері, егер осы Кодекстің 655-бабының 7-тармағында өзгеше белгіленбесе, мынадай шарттар бір мезгілде орындалған:
1) шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам Қазақстан Республикасының салық төлеушісі ретінде тіркелмеген бейрезидент-заңды тұлғаның жұмыскері және (немесе) мердігері (қосалқы мердігері) не аталған бейрезидент-заңды тұлға мердігерінің (қосалқы мердігерінің) жұмыскері болып табылған;
2) шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам осы Кодекстің 217-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасында тұрақты болады деп танылған кезде, Қазақстан Республикасына жіберілген шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның осы бапта көрсетілген кірістеріне қолданылады.
1-тармақтың төртінші бөлігі 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
Бұл ретте, егер шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам осы Кодекстің 217-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасында тұрақты болады деп танылмаса, онда жұмыс беруші болып табылмайтын тұлғадан алынған, материалдық пайда түрінде Қазақстан Республикасындағы қызметтен түскен кірістер осы Кодекстің 646-бабында белгіленген мөлшерлеме бойынша салық салуға жатады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның кірісінен төлем көзінен жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және бюджетке аудару жөніндегі міндет пен жауапкершілік бейрезидент-заңды тұлға пайдасына жұмыстарды орындайтын, қызметтер көрсететін тұлғаға (оның ішінде қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидентке) жүктеледі. Мұндай тұлға салық агенті деп танылады.
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Салық агенті жеке табыс салығын есептеуді осы тармаққа сәйкес бейрезидент ұсынған құжатта көрсетілген шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның кірісінен осы Кодекстің 320-бабында белгіленген мөлшерлеме бойынша салықтық шегерімдерді жүзеге асырмай жүргізеді. Бұл ретте бейрезидент-заңды тұлға салық агентіне:
Қазақстан Республикасына жіберілген шетелдікпен немесе азаматтығы жоқ адаммен жасасқан еңбек шартының (келісімшартының) және (немесе) азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттың нотариат куәландырған көшірмелерін;
осындай бейрезидентпен жасасқан еңбек шартының және (немесе) азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттың шеңберінде жалдау бойынша жеке тұлғаның жұмыстан алынатын кірістері туралы мәліметті қамтитын басқа да құжатты ұсынуға міндетті.
Салық агентіне осы тармақта көрсетілген құжаттар ұсынылмаған жағдайда бейрезидент-заңды тұлғаға орындалған жұмыстар, көрсетілетін қызметтер үшін төленуге жататын кіріс сомасының 80 пайызы мөлшеріндегі кірісі төлем көзінен жеке табыс салығын салуға жатады, бұл барлық шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға тең үлестермен бөлінеді.
Бұл ретте осы тармақта көрсетілген кіріс:
осы тармақта айқындалған құжаттарда көрсетілген кіріс сомасына, олар ұсынылған жағдайда;
3-тармақтың үшінші бөлігінің үшінші абзацы 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
жұмыс беруші болып табылмайтын тұлғадан алынған, материалдық пайда түрінде Қазақстан Республикасындағы қызметтен түскен кіріс сомасына, егер мұндай кіріс шарттың (келісімшарттың, келісімнің) талаптарында көзделген болса, азайтылуға жатады.
4. Салық агентi кіріс төлеудi жүзеге асырудың нысаны мен орнына қарамастан, бейрезидент-заңды тұлғаға кіріс төлеу күнінен кешіктірмей төлем көзiнен жеке табыс салығын есептейді және ұстайды.
5. Бюджетке шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның кірістерінен жеке табыс салығын аударуды салық агенті өзінің тұрған жері бойынша осы баптың 4-тармағына сәйкес салық ұстап қалуға жататын айдан кейінгі айдың 25-күніне дейін жүргізеді.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
6. Кірісті шетел валютасында төлеу кезінде төлем көзінен салық салынатын кіріс мөлшері кірісті төлеу күнінің алдындағы соңғы жұмыс күні айқындалған валюта айырбастаудың нарықтық бағамы қолданыла отырып, теңгемен қайта есептеледі.
657-бап. Жеке табыс салығы мен әлеуметтік салық бойынша декларацияны тапсыру
Жеке табыс салығы мен әлеуметтік салық бойынша декларацияны салық агенті тоқсан сайын, есепті салықтық кезеңдер кіретін тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-күнінен кешіктірмей салық төлеу орны бойынша салық органына тапсырады.
658-бап. Жекелеген жағдайларда бейрезидент-жеке тұлғаның кірістерінен жеке табыс салығын есептеу мен төлеу тәртібі
1. Осы баптың ережелерi бейрезидент-жеке тұлғаның осы Кодекстiң ережелерiне сәйкес салық агенті болып табылмайтын тұлғадан Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған кірістеріне қолданылады.
2. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, бейрезидент-жеке тұлғаның осы Кодекстiң ережелерiне сәйкес салық агенті болып табылмайтын тұлғадан Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған кірістерінен жеке табыс салығын есептеу салық шегерiмдерi жүзеге асырылмай, кірістің есептелген сомасына осы Кодекстiң 646-бабында белгiленген мөлшерлемені қолдану арқылы жүргiзiледi.
3. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, жеке табыс салығын төлеудi бейрезидент-жеке тұлға салықтық кезең үшін жеке табыс салығы бойынша декларацияны тапсыру үшiн белгiленген мерзiмнен кейiнгі күнтiзбелiк он күннен кешiктiрмей дербес жүргiзедi.
4. Бейрезидент-жеке тұлғаның осы Кодекстің 650-бабының 1-тармағында көрсетілген кірістерінен жеке табыс салығын есептеу және ұстап қалу осы Кодекстің 650-бабында айқындалған тәртіппен жүргізіледі.
2018.26.12. № 203-VІ ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жасалған еңбек шарттары бойынша алынған (алуға жататын) кірістер бойынша бейрезидент-еңбекші көшіп келушілер еңбекші көшіп келушіге рұқсат негізінде салықтық кезең ішінде жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлем төлеуді жүргізеді.
Жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлем республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және тиiстi қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептiк көрсеткiштiң 2 еселенген мөлшерiнде бейрезидент-еңбекші көшіп келушінің еңбекші көшіп келушіге арналған рұқсатты алуға (ұзартуға) өтінішінде көрсеткен тиісті кезеңнің жұмыстарын орындаудың, қызметтерін көрсетудің әрбір айы үшін есептеледі.
Жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлем төлеуді бейрезидент-еңбекші көшіп келуші еңбекші көшіп келушіге арналған рұқсатты алғанға (ұзартқанға) дейін болатын жері бойынша жүргізеді.
Осы тармақта көрсетілген кірістер бойынша салықтық кезең аяқталғаннан кейін бейрезидент-еңбекші көшіп келушілер кірістің салық салынатын сомасына осы Кодекстің 320-бабының 1-тармағында белгіленген мөлшерлемені қолдану арқылы жеке табыс салығының сомасын есептеуді жүргізеді.
Кірістің салық салынатын сомасы жұмыстарды орындаудан, қызметтерді көрсетуден алынған (алынуға жататын) кірістердің республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және тиiстi қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 12 еселенген мөлшерінің еңбекші көшіп келушіге арналған рұқсатта көрсетілген тиісті кезеңнің жұмыстарын орындаудың, қызметтерін көрсетудің әрбір айы үшін есептелген сомасына азайтылған сомасы ретінде айқындалады.
Салықтық кезең ішінде бюджетке бейрезидент-еңбекші көшіп келуші төлеген алдын ала төлемдер сомасы есепті салықтық кезең үшін есептелген жеке табыс салығын төлеу есебіне есепке жатқызылады.
Егер салықтық кезең ішінде жеке табыс салығы бойынша төленген алдын ала төлемдердің сомасы есепті салықтық кезең үшін есептелген жеке табыс салығының сомасынан асып кетсе, онда мұндай асып кету сомасы артық төленген жеке табыс салығының сомасы болып табылмайды және кері қайтарылмайды немесе есепке жатқызылмайды.
Егер салықтық кезең ішінде төленген жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлемдердің сомасы есепті салықтық кезең үшін есептелген жеке табыс салығының сомасынан аз болса, онда жеке табыс салығын есептеу жеке табыс салығы бойынша декларацияда көрсетіледі және салықтық кезеңнің қорытындысымен декларация бойынша жеке табыс салығын төлеуді бейрезидент-еңбекші көшіп келуші осы Кодекстің 659-бабында көзделген жеке табыс салығы бойынша декларация тапсырылған мерзімнен кейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей болатын жері бойынша жүзеге асырады.
659-бап. Жеке табыс салығы бойынша декларацияны тапсыру
Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, жеке табыс салығы бойынша декларацияны осы Кодекске сәйкес жеке тұлға дербес салық салуға жататын кірістерді Қазақстан Республикасындағы көздерден алатын бейрезидент-жеке тұлға салық төлеушінің болатын (тұрғылықты) жеріндегі салық органына есепті салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірмей тапсырады.
Ағымдағы салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 31 наурызына дейін Қазақстан Республикасының аумағына кейіннен кірместен ағымдағы салықтық кезең ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге кету жағдайында бейрезидент-жеке тұлға жеке табыс салығы бойынша декларацияны тапсыруға және ағымдағы салықтық кезең ішінде жеке табыс салығын төлеуге құқылы. Бұл ретте жеке табыс салығы бойынша декларация ағымдағы салықтық кезеңнің басынан бастап Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге осындай тұлға кеткен күнге дейінгі кезең үшін тапсырылады.
Жеке табыс салығы бойынша декларацияны есепті салықтық кезеңге есептелген жеке табыс салығының сомасы жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлемдер сомасынан асып кеткен жағдайда осы Кодекстің 644-бабы 1-тармағының 21) тармақшасында көрсетілген кірістерді алатын бейрезидент-еңбекші көшіп келушілер болатын жеріндегі салық органына есептi салықтық кезеңнен кейiнгi жылдың 31 наурызынан кешiктiрмей тапсырады.
Бұл ретте салықтық кезең ішінде осы Кодекстің 644-бабы 1-тармағының 21) тармақшасында көрсетілген кірістерді алған бейрезидент-еңбекші көшіп келуші Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге шыққан жағдайда жеке табыс салығы бойынша декларация (декларациялар) осындай адамның Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге шығатын күніне дейін тапсырылады.