312-бап. Уақытша әкету кедендік рәсімі қолданысының аяқталуы және тоқтатылуы
1. Кеден органы белгілеген уақытша әкету кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі өткенге дейін осы кедендік рәсімнің қолданысы, осы баптың 4-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайды қоспағанда, уақытша әкетілген тауарларды кері импорт кедендік рәсімімен орналастырумен аяқталады.
2. Кеден органы белгілеген уақытша әкету кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі өткенге дейін осы кедендік рәсімнің қолданысы, осы баптың 4-тармағының 2) тармақшасында көзделген, сондай-ақ, егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уақытша әкетілген тауарлар міндетті түрде Қазақстан Республикасының аумағына қайтаруға жататын жағдайды қоспағанда, уақытша әкетілген тауарларды экспорттың, кедендік аумақтан тыс жерде қайта өңдеудің, уақытша әкету кедендік рәсімдерімен орналастыру арқылы аяқталуы мүмкін.
3. Уақытша әкетілген тауарлар осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген кедендік рәсімдермен бір немесе бірнеше партиямен орналастырылуы мүмкін.
4. Кедендік рәсімнің қолданысы:
1) егер мұндай кедендік рәсімнің қолданысы ұзартылмаса, кеден органы белгілеген уақытша әкету кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі өткен соң;
2) кедендік рәсімнің қолданысы аяқталғанға дейін уақытша әкетілген тауарларға қатысты осы Кодекстің 311-бабының 2-тармағын бұзып, күрделі жөндеу, жаңғырту бойынша операциялар жасау фактісі анықталған кезде тоқтатылады.
5. Осы баптың 4-тармағының 2) тармақшасында көзделген негіз бойынша оларға қатысты уақытша әкету кедендік рәсімінің қолданысы тоқтатылған, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында болуы үшін - кері импорт кедендік рәсімін қоспағанда, шетелдік тауарларға қатысты қолданылатын кедендік рәсімдермен, ал Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкету үшін - экспорт кедендік рәсіміне орналастыруға жатады.
313-бап. Уақытша әкету кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) тауарларға қатысты кедендік әкету баждарын төлеу бойынша міндеттің туындауы және тоқтатылуы, оларды төлеу мерзімі мен есептеу
1. Декларанттың уақытша әкету кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарларға қатысты кедендік әкету баждарын төлеу бойынша міндеті кеден органы тауарларға арналған декларацияны тіркеген кезден бастап туындайды.
2. Декларанттың уақытша әкету кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) тауарларға қатысты кедендік әкету баждарын төлеу бойынша міндеті мынадай мән-жайлар басталған кезде:
1) осы Кодекстің 312-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес уақытша әкету кедендік рәсімінің қолданысы аяқталған;
2) уақытша әкету кедендік рәсімінің қолданысы оларға қатысты тоқтатылған тауарлар осы Кодекстің 209-бабының 7-тармағына немесе 312-бабының 5-тармағына сәйкес кедендік рәсімдермен орналастырылған;
3) тауарларға арналған декларацияны тіркеу кезінде туындаған кедендік әкету баждарын төлеу бойынша міндетке қатысты - уақытша әкету кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды шығарудан бас тартылған;
4) тауарларға арналған декларацияны тіркеу кезінде туындаған кедендік әкету баждарын төлеу бойынша міндетке қатысты - осы Кодекстің 184-бабына сәйкес тауарларға арналған декларация қайтарып алынған және (немесе) осы Кодекстің 192-бабының 5-тармағына сәйкес тауарлар шығарылымы тоқтатылған;
5) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тауарлар тәркіленген немесе мемлекет меншігіне айналдырылған;
6) осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес тауарларды кеден органы кідірткен;
7) қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы хабарды тексеру барысында, қылмыстық іс немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу барысында алып қойылған немесе тыйым салынған және егер бұрын тауарларды шығару жүргізілмеген болса, оларды қайтару туралы шешім қабылданған тауарлар уақытша сақтауға қойылған немесе кедендік рәсімдердің біреуімен орналастырылса тоқтатылады.
3. Кеден органы белгілеген уақытша әкету кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі өткенге дейін осы Кодекстің 312-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес уақытша әкету кедендік рәсімінің қолданысы аяқталмаған жағдайда кедендік әкету баждарын төлеу бойынша міндет орындауға жатады.
Көрсетілген мән-жай басталған кезде кеден органы белгілеген уақытша әкету кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі өткен күн кедендік әкету баждарын төлеу мерзімі болып есептеледі.
4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген мән-жайлар басталған кезде кедендік әкету баждары уақытша әкету кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар кедендік әкету баждарын төлеу бойынша жеңілдіктер қолданылмай экспорт кедендік рәсімімен орналастырылғандай төлеуге жатады.
Кедендік әкету баждарын есептеу үшін тауарларды уақытша әкету кедендік рәсімімен орналастыру үшін берілген тауарларға арналған декларацияны кеден органы тіркеген күнге қолданыста болатын кедендік әкету баждарының мөлшерлемелері қолданылады.
5. Кедендік әкету баждарын төлеу бойынша міндеттер орындалғаннан және (немесе) олар өндіріп алынғаннан (толық немесе ішінара) кейін тауарлар осы Кодекстің 209-бабының 7-тармағының екінші бөлігіне немесе 312-бабының 5-тармағына сәйкес кедендік рәсімдермен орналастырылған жағдайда осы бапқа сәйкес төленген және (немесе) өндіріп алынған кедендік әкету баждарының сомалары осы Кодекстің 11-тарауына сәйкес есепке жатқызылуға (қайтарылуға) жатады.
314-бап. Уақытша әкетілген тауарлар экспорттың кедендік рәсімімен орналастырылған кезде оларға қатысты кедендік әкету баждарын есептеу мен төлеу ерекшеліктері
Уақытша әкетілген тауарлар экспорт кедендік рәсімімен орналастырылған кезде кедендік әкету баждарын есептеу үшін, егер осы Кодекстің 84-бабының 1-тармағының екінші бөлігіне сәйкес осы Кодексте өзге күн белгіленбесе, тауарларды экспорт кедендік рәсімімен орналастыру үшін берілген тауарларға арналған декларацияны кеден органы тіркеген күнге қолданыста болатын кедендік әкету баждарының мөлшерлемелері қолданылады.
Егер кедендік әкету баждарын есептеу үшін шетел валютасын Қазақстан Республикасының ұлттық валютасына қайта есептеу талап етілген жағдайда мұндай қайта есептеу осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген күнге қолданыста болатын валюта бағамы бойынша жүргізіледі.
315-бап. Уақытша әкету кедендік рәсімінің қолданысы оларға қатысты тоқтатылған тауарлар экспорттың кедендік рәсімімен орналастырылған кезде кедендік әкету баждарын есептеу мен төлеудің ерекшеліктері
Уақытша әкету кедендік рәсімінің қолданысы оларға қатысты тоқтатылған тауарлар экспорт кедендік рәсімімен орналастырылған кезде кедендік әкету баждарын есептеу үшін, егер осы Кодекстің 84-бабының 1-тармағының екінші бөлігіне сәйкес осы Кодексте өзге күн белгіленбесе, тауарларды уақытша әкету кедендік рәсімімен орналастыру үшін берілген тауарларға арналған декларацияны кеден органы тіркеген күнге қолданыста болған кедендік әкету баждарының мөлшерлемелері қолданылады.
Егер кедендік әкету баждарын есептеу үшін шетел валютасын Қазақстан Республикасының ұлттық валютасына қайта есептеу талап етілген жағдайда, мұндай қайта есептеу осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген күнге қолданыста болатын валюта бағамы бойынша жүргізіледі.
33-тарау. КЕРІ ИМПОРТ КЕДЕНДІК РӘСІМІ
316-бап. Кері импорт кедендік рәсімінің мазмұны мен қолданылуы
1. Кері импорт кедендік рәсімі шетелдік тауарларға қатысты қолданылатын кедендік рәсім болып табылады, оған сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың аумағынан бұрын әкетілген осындай тауарлар тауарларды осы кедендік рәсіммен орналастыру шарттары сақталған кезде кедендік әкелу баждары, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары төленбей, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінеді.
2. Кері импорт кедендік рәсімі бұрын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілген, оларға қатысты:
1) экспорт кедендік рәсімі;
2) осы Кодекстің 264-бабының 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес осы кедендік рәсімнің қолданысын аяқтау үшін кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімі;
3) осы Кодекстің 312-бабының 1-тармағына сәйкес осы кедендік рәсімнің қолданысын аяқтау үшін уақытша әкету кедендік рәсімі қолданылған тауарларға қатысты қолданылады.
3. Бұрын Еуразиялық экономикалық одақтың аумағынан әкетілген, оларға қатысты уақытша әкету кедендік рәсімі немесе кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімі қолданылған және осы Кодекстің 256-бабының 3-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген тауарлар не оларды қайта өңдеу өнімдері болып табылатын тауарларды қоспағанда, кері импорт кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары мәртебесіне ие болады.
4. Мыналарға:
1) осы Кодекстің 287-бабының 6-тармағының 2) тармақшасына сәйкес еркін кедендік аймақ кедендік рәсімінің немесе осы Кодекстің 296-бабының 5-тармағының 2) тармақшасына сәйкес еркін қойма кедендік рәсімінің қолданысын аяқтау үшін Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларына;
2) осы Кодекстің 264-бабының 1-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген тауарларды қайта өңдеу өнімдерін қоспағанда, оларды өтеусіз (кепілді) жөндеу үшін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілген, кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды қайта өңдеу өнімдеріне қатысты кері импорт кедендік рәсімін қолдануға жол беріледі.
5. Осы Кодекстің 281-бабының 11-тармағында көрсетілген тауарларға қатысты кері импорт кедендік рәсімін қолдануға жол берілмейді.
317-бап. Тауарларды кері импорт кедендік рәсімімен орналастыру шарттары
1. Тауарларды кері импорт кедендік рәсімімен орналастыру шарттары:
1) осы Кодекстің 8-бабына сәйкес тыйымдар мен шектеулерді сақтау;
2) тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетудің мән-жайлары, егер Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының шегінен тыс жерде тауарларға жөндеу операциялары жасалса және олар кедендік және (немесе) өзге де құжаттарды немесе осындай құжаттар туралы мәліметтерді ұсынумен расталса, осындай операциялар туралы мәліметтерді кеден органына ұсыну;
3) тауарлардың жекелеген санаттарына қатысты осы баптың 2, 4, 5 және 6-тармақтарында белгіленген өзге де шарттар болып табылады.
2. Бұрын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілген, оларға қатысты экспорт кедендік рәсімі қолданылған тауарларды кері импорт кедендік рәсімімен орналастыру шарттары:
1) тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан іс жүзінде әкетілген күннен кейінгі күннен бастап үш жыл өткенге дейін немесе осы баптың 3-тармағына сәйкес Комиссия айқындаған өзге мерзім өткенге дейін оларды кері импорт кедендік рәсімімен орналастыру;
2) табиғи тозу салдарынан болған өзгерістерді, сондай-ақ тасымалдаудың (тасудың) және (немесе) сақтаудың қалыпты жағдайларындағы табиғи кему салдарынан болған өзгерістерді қоспағанда, тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілген күйінен өзгеріссіз күйде сақтау;
3) тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетуге байланысты мұндай салықтардың сомалары төленбесе не олар Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттармен тауарларды экспорт кедендік рәсімімен орналастыруға байланысты қайтарылса, салықтардың өтелуін растау болып табылады.
3. Комиссия тауарлардың жекелеген санаттарына қатысты осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген мерзімнен асатын мерзімді айқындауға құқылы.
4. Бұрын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілген, оларға қатысты уақытша әкету кедендік рәсімі қолданылған тауарларды кері импорт кедендік рәсімімен орналастыру шарттары:
1) уақытша әкету кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі ішінде тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелу;
2) табиғи тозу салдарынан болған өзгерістерді, сондай-ақ тасымалдаудың (тасудың) және (немесе) сақтаудың қалыпты жағдайларындағы табиғи кему салдарынан болған өзгерістерді, сондай-ақ оларды уақытша әкету кедендік рәсіміне сәйкес пайдалану кезінде осындай тауарларға қатысты жол берілетін өзгерістерді қоспағанда, тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілген күйінен өзгеріссіз күйде сақтау болып табылады.
5. Бұрын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілген, оларға қатысты кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімі қолданылған тауарларды кері импорт кедендік рәсімімен орналастыру шарттары:
1) кеден органы белгілеген кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі ішінде тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелу;
2) табиғи тозу салдарынан болған өзгерістерді, сондай-ақ тасымалдаудың (тасудың) және (немесе) сақтаудың қалыпты жағдайларындағы табиғи кему салдарынан болған өзгерістерді қоспағанда, тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілген күйінен өзгеріссіз күйде сақтау болып табылады.
6. Кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімі оларға қатысты қолданылған тауарларды қайта өңдеу өнімдерін кері импорт кедендік рәсімімен орналастыру шарттары:
1) кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды оларды өтеусіз (кепілді) жөндеу үшін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкету;
2) кеден органы белгілеген кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі ішінде қайта өңдеу өнімдерін кері импорт кедендік рәсімімен орналастыру болып табылады.
7. Осы баптың 2, 4, 5 және 6-тармақтарында көрсетілген кедендік рәсімдердің біреуіне сәйкес тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілген, солардың біреуімен орналастырылған тауарлардың декларанты болып табылатын тұлға кері импорт кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарлардың декларанты болып әрекет ете алады.
318-бап. Кедендік әкету баждарының сомасын есепке жатқызу (қайтару)
1. Осы Кодекстің 317-бабының 2-тармағында көрсетілген, кері импорт кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға қатысты кедендік әкету баждарының төленген сомасын осындай тауарлар экспорт кедендік рәсімімен орналастырылған күннен кейінгі күннен бастап алты айдан кешіктірілмей көрсетілген тауарлар кері импорт кедендік рәсімімен орналастырылған жағдайда есепке жатқызу (қайтару) жүзеге асырылады.
2. Егер тауарларды экспорт кедендік рәсімімен орналастыру кезінде тауарларды кедендік декларациялау осы Кодекстің 186, 187, 189 және 190-баптарында айқындалған ерекшеліктермен жүзеге асырылған жағдайда осындай тауарлар экспорт кедендік рәсімімен орналастырылған күннен кейінгі күннен бастап тоғыз айдан кешіктірілмей көрсетілген тауарлар кері импорт кедендік рәсімімен орналастырылған жағдайда кері импорт кедендік рәсімімен орналастырылған осындай тауарларға қатысты кедендік әкету баждарының төленген сомаларын есепке жатқызу (қайтару) жүзеге асырылады.
34-тарау. КЕРІ ЭКСПОРТ КЕДЕНДІК РӘСІМІ
319-бап. Кері экспорт кедендік рәсімінің мазмұны мен қолданылуы
1. Кері экспорт кедендік рәсімі шетелдік тауарларға және Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларына қатысты қолданылатын кедендік рәсім болып табылады, оған сәйкес шетелдік тауарлар - Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан кедендік әкелу баждары, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары төленбей және (немесе) осы Кодекстің 323-бабына сәйкес осындай баждар мен салықтардың сомалары есепке жатқызылып (қайтарылып), ал Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары - тауарларды осы кедендік рәсіммен орналастыру шарттары сақталған кезде кедендік әкету баждары төленбей әкетіледі.
2. Кері экспорт кедендік рәсімі:
1) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында болатын шетелдік тауарларға, соның ішінде кедендік рәсімдермен орналастырылған шетелдік тауарларға;
2) осы Кодекстің 253-бабының 1-тармағына сәйкес кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданысын аяқтау үшін, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу бойынша операциялардың нәтижесінде алынған (қалыптасқан) тауарларға (осы Кодекстің 250-бабының 3-тармағында көрсетілген қалдықтарды қоспағанда, қайта өңдеу өнімдеріне, қалдықтарға);
3) осы Кодекстің 277-бабының 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданысын аяқтау үшін осы Кодекстің 275-бабының 3-тармағында көрсетілген қалдықтарды қоспағанда, қалдықтарға және (немесе) ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу бойынша операцияларды жасау нәтижесінде пайда болған қалдықтарға;
4) осы Кодекстің 287-бабының 5-тармағының 1) тармақшасына сәйкес еркін кедендік аймақ кедендік рәсімінің қолданысын аяқтау үшін еркін кедендік аймақ кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарлардан дайындалған (алынған) тауарларға;
5) осы Кодекстің 296-бабының 4-тармағының 1) тармақшасына сәйкес еркін қойма кедендік рәсімінің қолданысын аяқтау үшін еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарлардан дайындалған (алынған) тауарларға;
6) тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізуге негіз болған мәміленің талаптары орындалмауы себебінен, соның ішінде саны, сапасы, сипаттамасы немесе қаптамасы бойынша Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін болса, осы Кодекстің 320-бабының 2-тармағында белгіленген шарттар сақталған жағдайда ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімі қолданылған Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларына;
7) осы Кодекстің 320-бабының 2-тармағында белгіленген шарттар сақталған жағдайда, егер тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізуге негіз болған мәміленің талаптары орындалмауы себебінен, оның ішінде саны, сапасы, сипаттамасы немесе қаптамасы бойынша Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан көрсетілген тауарлар әкетілетін болса, оларға қатысты Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарға немесе Еуразиялық экономикалық одаққа кіру туралы халықаралық шарттарға сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифінде белгіленгендерге қарағанда кедендік әкелу баждарының неғұрлым төмен мөлшерлемелері қолданылған, ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға қатысты қолданылады.
3. Осы баптың 2-тармағының 6) тармақшасында көрсетілген, кері экспорт кедендік рәсімімен орналастырылған және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан іс жүзінде әкетілген Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары Еуразиялық экономикалық одақ тауарларының мәртебесін жоғалтады.
4. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілген:
1) осы Кодекстің 264-бабының 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданысын аяқтау үшін осы Кодекстің 256-бабының 3-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген, кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға;
2) Комиссия айқындайтын жағдайларда арнаулы кедендік рәсіммен орналастырылған тауарларға;
3) осы Кодекстің 359-бабының 7-тармағына сәйкес халықаралық тасымалдау көлік құралдарына;
4) осы Кодекстің 386-бабының 5-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген шетелдік тауарларға қатысты кері экспорт кедендік рәсімін қолдануға жол беріледі.
5. Осы баптың 4-тармағында көрсетілген тауарлар, оларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелместен, кері экспорт кедендік рәсімімен орналастырылады.
320-бап. Тауарларды кері экспорт кедендік рәсімімен орналастыру шарттары
1. Осы Кодекстің 319-бабының 2-тармағының 1), 2), 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген тауарларды кері экспорт кедендік рәсімімен орналастыру шарттары:
1) осы Кодекстің 8-бабына сәйкес тыйымдар мен шектеулерді сақтау;
2) кедендік және (немесе) өзге де құжаттарды не осындай құжаттар туралы мәліметтерді ұсынумен расталатын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына тауарларды әкелудің, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тауарларды әкетудің мән-жайлары туралы мәліметтерді кеден органына ұсыну болып табылады.
2. Осы Кодекстің 319-бабының 2-тармағының 6) және 7) тармақшаларында көрсетілген тауарларды кері экспорт кедендік рәсімімен орналастыру шарттары:
1) тауарларды ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылған күннен кейінгі күннен бастап бір жыл бойы оларды кері экспорт кедендік рәсімімен орналастыру;
2) кедендік және (немесе) өзге құжаттарды не осындай құжаттар туралы мәліметтерді ұсынумен расталатын, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелудің мән-жайлары, тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізуге негіз болған мәміле талаптарының орындалмауы, осы тауарлардың ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылуы, осы тауарларды ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылғаннан кейін пайдалану туралы мәліметтерді кеден органына ұсыну болып табылады. Тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасынан өткізуге негіз болған мәміле талаптарының орындалмауын растау мақсаттары үшін кеден органына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілетті ұйымдар беретін құжаттар ұсынылуы мүмкін;
3) тауарларды пайдалану тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетуге алып келген ақауларды немесе өзге де мән-жайларды анықтау үшін қажет болған жағдайларды қоспағанда, тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында пайдаланбау және оларды жөндеуді жүргізбеу;
4) кеден органының тауарларды сәйкестендіру мүмкіндігі;
5) осы Кодекстің 8-бабына сәйкес тыйымдар мен шектеулерді сақтау болып табылады.
321-бап. Кері экспорт кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлармен жасалатын іс-қимылдар
1. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы арқылы тасымалдау (тасу) үшін кері экспорт кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар:
1) осы Кодекстің 319-бабының 2-тармағының 6) тармақшасында көрсетілген тауарларды;
2) порттық ЕЭА немесе логистикалық ЕЭА аумағынан әкетілетін және осындай тауарлардың әкетілу орны осындай порттық ЕЭА немесе логистикалық ЕЭА-ға іргелес жатқан Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарлар өткізілетін орын болып табылатын тауарларды;
3) Комиссия айқындайтын тауарлардың өзге де санаттарын қоспағанда, кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылады.
2. Кері экспорт кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар порттық ЕЭА немесе логистикалық ЕЭА аумағына әкелінген тауарларды қоспағанда, осындай тауарлар осындай кедендік рәсіммен орналастырылған күннен кейінгі күннен бастап төрт айдан аспайтын мерзімде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілуге тиіс.
3. Шетелдік тауарлар кері экспорт кедендік рәсімімен орналастырылған күннен кейінгі үш жұмыс күні ішінде осындай тауарлар кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылмаған не Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілмеген жағдайда олар уақытша сақтауға қойылуға тиіс.
4. Осы баптың 2-тармағында белгіленген мерзім өткенге дейін кері экспорт кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілмеген кезде, олардың аварияның немесе еңсерілмейтін күш әсерінің салдарынан жойылу және (немесе) қайтарымсыз жоғалу не тасымалдаудың (тасудың) және (немесе) сақтаудың қалыпты жағдайларындағы табиғи кему нәтижесінде қайтарымсыз жоғалу жағдайларын қоспағанда, кері экспорт кедендік рәсімінің қолданысы тоқтатылады, ал кеден органдары осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес мұндай шетелдік тауарларды кідіртеді.
322-бап. Кері экспорт кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндеттің туындауы мен тоқтатылуы, оларды төлеу мерзімі және есептеу
1. Декларантта кері экспорт кедендік рәсімімен орналастырылатын шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндеті кеден органы тауарларға арналған декларацияны тіркеген кезден бастап туындайды.
2. Декларанттың кері экспорт кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндеті мынадай:
1) осы Кодекстің 159-бабына сәйкес Комиссия айқындаған тәртіппен әкету орнының кеден органы растаған шетелдік тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан іс жүзінде әкету;
2) оларға қатысты кері экспорт кедендік рәсімінің қолданысы тоқтатылған тауарларды осы Кодекстің 209-бабының 7-тармағына сәйкес кедендік рәсімдермен орналастыру;
3) кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндеттің орындалуы және (немесе) оларды осы баптың 4, 5 және 6-тармақтарына сәйкес есептеу және төлеуге жататын мөлшерлерде өндіріп алу;