2) індеттердің, эпизоотиялардың және карантиндік объектілер таралуының жолын кесу мақсатында оларды жою талап етілетін жағдайдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес қорғалатын түрлерге жататын жануарлар мен өсімдіктерге, олардың бөліктері мен дериваттарына;
3) кепіл қатынастары тоқтатылғанға дейін кеден органдары кепілзат ретінде қабылдаған тауарларға;
4) алып қойылған тауарларға немесе тыйым салынған, соның ішінде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес заттай дәлелдемелер болып табылатын тауарларға қатысты қолданылмайды.
3. Комиссия осы баптың 2-тармағында көзделгендерге қарағанда, оларға қатысты жою кедендік рәсімі қолданылмайтын өзге де тауарлардың тізбесін айқындауға құқылы.
4. Егер тауарларды жою:
1) қоршаған ортаға зиян келтіруі мүмкін болса немесе адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірсе;
2) тауарларды әдеттегі мақсатына сәйкес тұтыну арқылы жүргізілсе;
3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары үшін шығыстарға алып келуі мүмкін болса, жою кедендік рәсімі қолданылмайды.
330-бап. Жою кедендік рәсімімен тауарларды орналастыру шарттары
Жою кедендік рәсімімен тауарларды орналастыру шарттары:
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) тауарларды көму, залалсыздандыру, кəдеге жарату немесе өзге тəсілмен жою мүмкіндігі туралы мəселе құзыретіне кіретін уəкілетті органдардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес берілетін қорытындысының болуы, онда жою тəсілі мен орны көрсетіледі. Кедендік жою рəсімімен орналастырылатын тауарларды көму, залалсыздандыру, кəдеге жарату немесе өзге тəсілмен жою мүмкіндігі туралы мəселе құзыретіне кіретін уəкілетті органдардың қорытындысын беру Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес жүзеге асырылады.
Тауарлар авария немесе еңсерілмейтін күш əсері салдарынан қайтарымсыз жоғалған жағдайларда, тауарларды көму, залалсыздандыру, кəдеге жарату немесе өзге тəсілмен жою мүмкіндігі туралы мəселе құзыретіне кіретін уəкілетті органдардың қорытындысы талап етілмейді. Мұндай тауарларды кедендік жою рəсімімен орналастыру үшін авария немесе еңсерілмейтін күштің əсерінен тауарлардың қайтарымсыз жоғалу фактісін растайтын құжаттар ұсынылуға тиіс.
Уəкілетті орган мұндай қорытындыны беру тəртібін тауарларды көму, залалсыздандыру, кəдеге жарату немесе өзге тəсілмен жою мүмкіндігі туралы шешім қабылдау құзыретіне кіретін уəкілетті органдармен келісу бойынша бекітеді;
2) осы Кодекстің 8-бабына сәйкес тыйымдар мен шектеулерді сақтау болып табылады.
331-бап. Жою кедендік рәсімін қолданудың ерекшеліктері
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Жою кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды жою осы тауарларды іс жүзінде жою үшін қажетті уақыт, оларды жою тәсілі мен орны негізге алына отырып, сондай-ақ мұндай мерзімдер болған кезде тауарларды көму, залалсыздандыру, кəдеге жарату немесе өзге тəсілмен жою мүмкіндігі туралы мəселе құзыретіне кіретін уəкілетті органдардың қорытындысында көрсетілген мерзімдер есепке алына отырып, кеден органы белгілеген мерзімдерде жүргізіледі.
2. Тауарларды жою жою кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардың декларанты есебінен жүргізіледі.
3. Жою тауардың жою кедендік рәсімімен орналастырылуын бақылауды жүзеге асыратын кеден органының, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің өкілдерінен кеден органы құратын комиссияның көзінше және декларанттың қатысуымен жүргізіледі. Қажет болған жағдайда жою кедендік рәсімімен тауардың орналастырылуын бақылауды жүзеге асыратын кеден органы өзге де мемлекеттік органдардың мамандарын және тәуелсіз сарапшыларды тартуға құқылы.
Жою:
1) нәтижесінде тауарлар толығымен жойылатын термиялық, химиялық, механикалық не өзге де әсер ету (өртеу, бұзу, көму және басқа) жолымен жүргізіледі. Тауарларды жою тәсілі оларды қалпына келтіру, мақсаты бойынша пайдалану үшін бастапқы күйіне келтіру мүмкіндігін болғызбауды қамтамасыз етуге тиіс;
2) мұндай зақымдаулар тауарларды кейіннен қалпына келтіруді және оларды пайдалану мүмкіндігін болғызбайтындай етіп тесіп тастауды, жарықтар салуды, өзге де тәсілдермен зақымдауды қоса алғанда, бөлшектеу, бұзу, механикалық зақымдау жолымен жүргізіледі.
Сақтаудың ерекше жағдайларын талап ететін, технологиялық себептерге байланысты сақталу орындарынан алынуы және пайдаланылуы мүмкін болмайтын тауарларға қатысты жою комиссияның тауарларды сақталу орындарынан алудың және оларды одан әрі пайдаланудың мүмкін еместігі туралы актісі негізінде жүргізілген болып есептеледі.
4. Тауарлар іс жүзінде жойылғаннан кейін мынадай негізгі мәліметтер:
тауарларды жою күні мен орны;
жою кедендік рәсімін мәлімдеген тұлға туралы мәліметтер;
жою кезінде қатысқан тұлғалар туралы мәліметтер;
жойылатын тауарлардың атаулары, олардың өлшем бірлігіндегі саны;
тауарларды жою тәсілі;
жойылғаннан кейінгі қалдықтардың болуы және саны, оларды одан әрі пайдалану мүмкіндігі;
уәкілетті орган бекіткен нысанға сәйкес өзге де мәліметтер қамтылатын, уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша жою актісі жасалады.
5. Жою актісі комиссияның барлық мүшелерінің және қатысқан адамдардың қолымен расталады, үш данада ресімделеді: бірінші данасы кеден органында сақталады; екінші данасы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне беріледі; үшінші данасы декларантта қалады.
6. Тауарларды жою фактісі фото және (немесе) бейнетүсірілімдер қолданыла отырып тіркеледі, оның нәтижелері кеден органында сақталатын жою актісіне қоса тіркеледі.
332-бап. Жою кедендік рәсімінің аяқталуы
1. Жою кедендік рәсімі осы баптың ережелері ескеріле отырып, осы Кодекстің 331-бабының 4-тармағында көзделген жою актісінің негізінде тауарларды іс жүзінде жоюмен аяқталады.
2. Осы баптың 4-тармағында көрсетілген қалдықтарды қоспағанда, тауарларды жою нәтижесінде пайда болған қалдықтар шетелдік тауарлар мәртебесіне ие болады.
3. Пайда болған қалдықтар оларды одан әрі коммерциялық пайдалануға жарамсыз не Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көмуге, залалсыздандыруға немесе өзге тәсілмен кәдеге жаратуға немесе жойылуға жататын жағдайларды қоспағанда, тауарларды жою нәтижесінде пайда болған қалдықтар осы Кодексте көзделген жағдайларда шетелдік тауарларға қатысты қолданылатын кедендік рәсімдермен орналастыруға жатады.
Жою нәтижесінде пайда болған қалдықтар декларант таңдаған кедендік рәсіммен орналастырылған кезде сол күйінде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген тауарлар ретінде қаралады.
2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Кедендік рәсімдермен орналастыруға жатпайтын, жою нәтижесінде түзілген қалдықтар Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары мәртебесіне ие болады және түзілген қалдықтар одан әрі коммерциялық пайдалануға уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жарамсыз деп танылған күннен бастап не түзілген қалдықтарды көму, залалсыздандыру, кәдеге жарату немесе өзге тәсілмен жою фактісін не оларды осындай операциялар жасау үшін беру фактісін растайтын құжаттар кеден органына берілген күннен бастап кедендік бақылауда емес деп есептеледі.
37-тарау. МЕМЛЕКЕТ ПАЙДАСЫНА БАС ТАРТУДЫҢ КЕДЕНДІК РӘСІМІ
333-бап. Мемлекет пайдасына бас тартудың кедендік рәсімінің мазмұны мен қолданылуы
1. Мемлекет пайдасына бас тарту кедендік рәсімі шетелдік тауарларға қатысты қолданылатын кедендік рәсім болып табылады, оған сәйкес тауарларды осы кедендік рәсіммен орналастыру шарттары сақталған кезде осындай тауарлар кедендік әкелу баждары, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары төленбей, мемлекет меншігіне өтеусіз беріледі.
2. Мемлекет пайдасына бас тарту кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар Еуразиялық экономикалық одақ тауарларының мәртебесіне ие болады.
3. Мемлекет пайдасына бас тарту кедендік рәсімі мынадай:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айналымына тыйым салынған;
2) жарамдылық (тұтыну, өткізу) мерзімі өткен тауарларға қатысты қолданылмайды.
4. Мемлекет пайдасына бас тарту кедендік рәсімін қолдану тәртібі осы Кодекстің 335-бабына сәйкес белгіленеді.
334-бап. Тауарларды мемлекет пайдасына бас тартудың кедендік рәсімімен орналастыру шарттары
Тауарларды мемлекет пайдасына бас тарту кедендік рәсімімен орналастыру шарттары:
осы Кодекстің 8-бабына сәйкес тыйымдар мен шектеулерді сақтау;
көрсетілген кедендік рәсімді қолдану нәтижесінде кеден органдары үшін қандай да бір шығыстардың болмауы;
осы Кодекстің 335-бабында белгіленген талаптардың сақталуы болып табылады.
335-бап. Мемлекет пайдасына бас тарту кедендік рәсімінің аяқталуы және тауарлардан мемлекет пайдасына бас тарту тәртібі
1. Мемлекет пайдасына бас тарту кедендік рәсімі декларанттың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тауарларды Қазақстан Республикасының тиісті уәкілетті мемлекеттік органына беруімен аяқталады. Бұл ретте қабылдап алу-тапсыру актісі жасалады, оның көшірмесі кедендік декларацияға қоса тіркеледі. Көрсетілген кедендік рәсімді кедендік декларациялау аяқталғаннан кейін өзгертуге жол берілмейді.
Мемлекет пайдасына бас тарту кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды кедендік декларациялау аяқталғаннан кейін осындай тауарлар осы Кодекстің 20-тарауына сәйкес мемлекет меншігіне айналады.
38-тарау. АРНАУЛЫ КЕДЕНДІК РӘСІМ
336-бап. Арнаулы кедендік рәсімнің мазмұны мен қолданылуы
1. Арнаулы кедендік рәсім шетелдік тауарлардың жекелеген санаттарына және Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларына қатысты қолданылатын кедендік рәсім болып табылады, оған сәйкес тауарларды осы кедендік рәсіммен орналастыру және (немесе) оларды осындай кедендік рәсімге сәйкес пайдалану шарттары сақталған кезде осындай тауарлар кедендік әкелу баждары, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары төленбей Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізіледі, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында немесе оның шегінен тыс жерде болады және (немесе) пайдаланылады.
2. Арнаулы кедендік рәсім тауарлардың мынадай санаттарына қатысты:
1) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін, дипломатиялық өкілдіктердің, консулдық мекемелердің, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы шегінен тыс жерде орналасқан халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасы өкілдіктерінің жұмыс істеуін қамтамасыз етуге арналған тауарларға;
2) құрметті консулдық лауазымды адамдар басқаратын консулдық мекемелерді қоспағанда, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы арқылы өткізілетін, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында орналасқан димпломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелердің ресми пайдалануына арналған тауарларға;
3) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін, құрметті консулдық лауазымды адамдар басқаратын, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында орналасқан консулдық мекемелердің ресми пайдалануына арналған, консулдық мекемелер өкілдік білдіретін мемлекеттен немесе өкілдік білдіретін мемлекеттің талабы бойынша алатын мемлекеттік елтаңбаларға, туларға, маңдайшаларға, мөрлер мен мөртабандарға, кітаптарға, ресми баспа материалдарға, кеңсе жиһазына, кеңсе жабдығы мен басқа да ұқсас тауарларға;
4) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес оларға қатысты кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босату көзделген, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін, халықаралық ұйымдардың жанындағы өкілдіктердің, халықаралық ұйымдардың немесе олардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында орналасқан өкілдіктерінің ресми түрде пайдалануына арналған тауарларға;
5) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес оларға қатысты кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босату көзделген, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін, өзге де ұйымдардың немесе олардың Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан өкілдіктерінің ресми пайдалануына арналған тауарларға қолданылады. Комиссия осы тауарлар санатына жатпайтын тауарларды айқындауға құқылы;
6) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында және (немесе) оның шегінен тыс орналасқан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің әскери бөлімдерінің (мекемелерінің, құралымдарының) әскери даярлығына қолдау көрсету, қойылған міндеттерді орындау үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін, Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары болып табылатын қару-жараққа, әскери техникаға, оқ-дәрілер мен өзге де материалдық құралдарға;
7) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер мен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттер қарулы күштерінің (басқа да әскерлерінің және әскери құралымдарының, уәкілетті ұйымдарының) бірлескен (халықаралық) оқу-жаттығуларға, жарыстарға, сондай-ақ шерулер мен өзге де салтанатты іс-шараларға қатысуы үшін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін қару-жараққа, әскери техникаға, оқ-дәрілер мен өзге де материалдық құралдарға;
8) алкоголь өнімдерін (этил спиртінен басқа), сыраны, темекі өнімін, бағалы металдар мен асыл тастарды, сондай-ақ олардан жасалатын бұйымдарды қоспағанда, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін, табиғи зілзалалар мен өзге де төтенше жағдайлардың алдын алу мен олардың зардаптарын жоюға арналған тауарлар мен көлік құралдарына, оның ішінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының, олардың құрылымдық бөлімшелерінің немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген ұйымдардың төтенше жағдайлардың салдарынан зардап шеккен адамдарға тегін таратуына арналған тауарларға, сондай-ақ авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу және құзыретіне төтенше жағдайлардың медициналық-санитариялық зардаптарын жою, медициналық эвакуациялауды қоса алғанда, медициналық көмекті ұйымдастыру мен көрсету саласындағы мәселелерді шешу кіретін авариялық-құтқару құралымдарының, медициналық қызметтер мен ұйымдардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажетті тауарлар мен көлік құралдарына;
9) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің мүддесінде Арктика мен Антарктикада Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер тұлғаларының ғылыми-зерттеу жұмыстарын коммерциялық емес негізде жүргізуіне, сондай-ақ көрсетілген жұмыстарды жүргізу үшін ұйымдастырылған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ғылыми-зерттеу экспедицияларының қызметін қамтамасыз етуге арналған тауарларға;
10) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін допинг-бақылау мақсаттарына арналған тауарларға қолданылады. Комиссия тауарлардың осы санатына жататын тауарларды айқындайды;
11) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің мүддесінде спорт түрлері бойынша ұлттық және құрама командаларға кандидаттарға, мұндай командалардың мүшелеріне қатысты емдеу және қалпына келтіру іс-шараларын коммерциялық емес негізде өткізуге, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер министрліктері қатысатын жоғары (биік) жетістікті спорт саласындағы ғылыми-зерттеу топтарының қызметін қамтамасыз етуге арналған шетелдік тауарларға (дәрілік препараттарға (дәрілік заттарға), арнайы спорт тағамына, тамаққа биологиялық белсенді қоспаларға);
12) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін (өткізілген) спорт жарақтары мен жабдығы, ресми халықаралық спорттық іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізу немесе жаттығу іс-шараларын өткізу кезінде оған дайындалу кезінде пайдалануға ғана арналған өзге де тауарларға қолданылады. Комиссия тауарлардың осы санатына жататын тауарларды айқындайды;
13) Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жерде орналасқан, оларға қатысты Қазақстан Республикасы айрықша юрисдикцияға ие жасанды аралдар, қондырғылар, құрылыстар немесе өзге объектілер салуға (жасауға, тұрғызуға), олардың жұмыс істеуін қамтамасыз етуге арналған шетелдік тауарларға қолданылады. Комиссия тауарлардың осы санатына жатпайтын тауарларды айқындайды;
14) ғарыш кеңістігін зерттеу және пайдалану, соның ішінде ғарыш аппараттарын ұшыру бойынша қызметтер көрсету саласында халықаралық ынтымақтастық шеңберінде пайдалануға арналған тауарларға қолданылады. Комиссия тауарлардың осы санатына жататын тауарларды айқындайды;
15) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін, Комиссия сипаттамаларын айқындайтын, ресми халықаралық көрмелерді ұйымдастыруға және өткізуге арналған шетелдік тауарларға қолданылады. Комиссия тауарлардың осы санатына жатпайтын тауарларды айқындайды.
3. Комиссия тауарлардың осы санатына жататын немесе жатпайтын тауарларды қоса алғанда, оларға қатысты арнаулы кедендік рәсім қолданылатын тауарлардың өзге де санаттарын айқындауға құқылы.
337-бап. Арнаулы кедендік рәсіммен орналастыру шарттары және арнаулы кедендік рәсім қолданылатын тауарлардың санаттарына қарай оны қолдану тәртібі
Арнаулы кедендік рәсім қолданылатын тауарлардың санаттарына қарай Комиссия және Комиссия көздеген жағдайларда Қазақстан Републикасының Үкіметі тауарларды арнаулы кедендік рәсіммен орналастыру, оның ішінде тарифтік емес реттеу, техникалық реттеу шараларын, санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шараларды қолдану шарттары және мыналарды:
Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарлардың мәртебесін айқындауды;
арнаулы кедендік рәсімге сәйкес тауарларды пайдаланудың мерзімі мен өзге де шарттарын;
арнаулы кедендік рәсімнің қолданысын аяқтау тәртібін;
арнаулы кедендік рәсімді тоқтата тұру және қолданысын қайта бастау жағдайлары мен тәртібін;
арнаулы кедендік рәсіммен орналастырылатын (орналастырылған) тауарларға қатысты кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндет орындалуға жататын кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндеттің туындауы мен тоқтатылу мән-жайларын және оларды төлеу мерзімін;
арнаулы кедендік рәсімді аяқтау және қолданысын тоқтата тұру үшін тауарлар орналастырылуы мүмкін кедендік рәсімдерді, тауарлар осы кедендік рәсімдермен орналастырылған кезде кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын есептеу мен төлеу ерекшеліктерін және оларды төлеу мерзімін;
Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін және (немесе) Қазақстан Республикасының аумағынан әкетілетін тауарларды арнаулы кедендік рәсіммен орналастыруға құқығы бар тұлғалардың тізбесін қоса алғанда, арнаулы кедендік рәсімді қолдану тәртібін айқындайды.
5-БӨЛІМ. ТАУАРЛАРДЫҢ ЖЕКЕЛЕГЕН САНАТТАРЫН ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚТЫҢ КЕДЕНДІК ШЕКАРАСЫ АРҚЫЛЫ ӨТКІЗУ ТӘРТІБІ МЕН ШАРТТАРЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
39-тарау. ЖЕКЕ ПАЙДАЛАНУҒА АРНАЛҒАН ТАУАРЛАРДЫ ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚТЫҢ КЕДЕНДІК ШЕКАРАСЫ АРҚЫЛЫ ӨТКІЗУ ТӘРТІБІ МЕН ШАРТТАРЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
338-бап. Осы тарауда пайдаланылатын ұғымдар
Осы тараудың мақсаттары үшін мыналарды білдіретін ұғымдар пайдаланылады:
1) жеке пайдалануға арналған, тасымалдаушы жеткізетін тауарлар - Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өтпеген жеке тұлғаның атына не Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өтпеген жеке тұлғаның атынан көліктік (тасымалдау) құжаттарымен расталатын халықаралық тасымалдау шарты бойынша тасымалдаушы (көлік экспедициясы) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізетін, жеке пайдалануға арналған тауарлар:
2) иесімен бірге жөнелтілетін багаж - жеке тұлға іс жүзінде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына келген немесе ол Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан кеткен кезде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілген қолжүгін қоса алғанда, жеке пайдалануға арналған тауарлар;
3) иесімен бірге жөнелтілмейтін багаж - жеке тұлғаға тиесілі, осы жеке тұлғаның Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына келуіне немесе оның Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан кетуіне байланысты Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы іс жүзінде өткізу үшін көліктік (тасымалдау) құжаттарымен расталатын халықаралық тасымалдау (көлік экспедициясы) шарты бойынша тасымалдаушыға берілген немесе берілетін жеке пайдалануға арналған тауарлар;
4) кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босатыла отырып әкелу - Комиссия айқындаған жағдайларда және шарттар сақталған кезде кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босатыла отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына жеке пайдалануға арналған тауарларды әкелу;
5) қос дәліз жүйесі - Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өтетін жеке тұлғаларға «жасыл» және «қызыл» дәліздер арасында дербес таңдауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін кедендік бақылау жүргізудің оңайлатылған жүйесі.
339-бап. Жеке пайдалануға арналған тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізудің тәртібі мен шарттары туралы жалпы ережелер
1. Осы тарау жеке пайдалануға арналған тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізудің тәртібі мен шарттарының Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында немесе оның шегінен тыс жерде олардың болу және пайдалану ерекшеліктерін, жеке пайдалануға арналған тауарларды уақытша сақтауға, кедендік декларациялауға және шығаруға байланысты кедендік операциялар жасау тәртібінің ерекшеліктерін, жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты кедендік транзит кедендік рәсімін қолдану ерекшеліктерін, сондай-ақ жеке пайдалануға арналған тауарлардың құнын айқындау мен осындай тауарларға қатысты кедендік төлемдерді қолдану тәртібін айқындайды.
2. Осы тараудың ережелері жеке тұлғалардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізетін қолма-қол ақшалай құралдары мен ақша қаражатына қатысты, сондай-ақ осы Кодекстің 35-тарауына сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу орындарында орналасқан бажсыз сауда дүкендерінде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына келген жеке тұлғалар сатып алған тауарларға қатысты қолданылады.
3. Жеке пайдалануға арналған тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы мынадай тәсілдермен:
1) жеке тұлға Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өтетін кезде иесімен бірге жөнелтілетін немесе иесімен бірге жөнелтілмейтін багажда;
2) халықаралық пошта жөнелтілімдерімен;
3) тасымалдаушы арқылы Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасын кесіп өтпеген жеке тұлғаның атына не Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасын кесіп өтпеген жеке тұлғаның атынан өткізілуі мүмкін.
4. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларды жеке пайдалануға арналған тауарларға жатқызуды кеден органы:
1) жеке тұлғаның Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар туралы ауызша нысандағы немесе жолаушыларға арналған кедендік декларацияны пайдалана отырып жазбаша нысандағы өтінішін;
2) тауарлардың сипаты мен санын;
3) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасын жеке тұлғаның кесіп өту және (немесе) осы жеке тұлғаның немесе оның атына Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу жиілігін негізге ала отырып жүзеге асырады.
5. Осы баптың 4-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген өлшемшарттардың сандық сипаттамалары және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларды жеке пайдалануға арналған тауарларға жатқызудың қосымша өлшемшарттарын Комиссия айқындайды.
6. Осы баптың 4-тармағында көрсетілген өлшемшарттарға қарамастан, жеке пайдалануға арналған тауарларға мынадай:
1) осы Кодекстің 346-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларда мәлімделген кедендік транзит кедендік рәсімін қоспағанда, оларға қатысты осы Кодексте көзделген кедендік рәсімдермен орналастыру үшін кедендік декларациялауды жеке тұлға жүзеге асыратын тауарлар;
2) Комиссия айқындайтын тауарлардың санаты жатпайды.
7. Осы тарауға сәйкес жеке тұлғалардың жеке пайдалануға арналған тауарларға жатқызылмаған Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларына қатысты осы тараудың ережелері қолданылмайды. Осындай тауарлар осы Кодекстің өзге тарауларында белгіленген тәртіппен және шарттармен Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізуге жатады.