5. Диагностикалық және ғылыми мақсаттарға арналған немесе биомедициналық зерттеулер жүргізу процесінде алынған жасушалардың, тіндердің, биологиялық сұйықтықтар мен сөлдердің, оның ішінде адамның тіршілік әрекеті өнімдерінің, физиологиялық және патологиялық шығындылардың, сүртінділердің, қырындылардың, шайындылардың үлгілерін Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан әкету уәкілетті орган берген қорытынды (рұқсат беру құжаты) негізінде жүзеге асырылады.
6. Қан мен оның компоненттерін жеке тұлғалардың әкелуіне және әкетуіне жол берілмейді.
2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен 174-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2013.21.06. № 107-V ҚР Заңымен 174-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
174-бап. Адамның ағзаларын (ағзаларының бөлiктерiн) және (немесе) тiндерiн, қан мен оның компоненттерiн әкелудiң, әкетудiң тәртiбi
2014.16.05. № 203-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2017.26.12. № 124-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Осы Кодекстiң 172-бабының 3-тармағында және 173-бабының 4-тармағында көрсетiлген денсаулық сақтау ұйымдарының адамның ағзаларын (ағзаларының бөлiктерiн) және (немесе) тiндерін, қан мен оның компоненттерiн Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелуі және Қазақстан Республикасының аумағынан осы елдерге әкетуі тауарлардың сыртқы саудасын лицензиялау саласындағы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда және «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен берілетін лицензия негізінде жүзеге асырылады.
2. Уәкілетті орган адамның тіндерін, қан мен оның компоненттерін әкелуге, әкетуге арналған лицензияны беру немесе беруден бас тарту туралы шешімді үш жұмыс күні ішінде, ал адамның ағзаларын әкелуге, әкетуге арналған лицензияны беру немесе беруден бас тарту туралы шешімді бір жұмыс күні ішінде қабылдайды.
8-Бөлім. Денсаулық сақтау саласындағы білім беру және ғылыми қызмет
29-тарау. Денсаулық сақтау саласындағы білім беру қызметі
175-бап. Денсаулық сақтау саласындағы білім беру қызметі
1. Денсаулық сақтау жүйесі үшін кәсіптік ғылыми-педагог, медицина және фармацевтика кадрларын даярлау, оладың біліктілігін арттыру және қайта даярлау денсаулық сақтау саласындағы білім беру қызметінің міндеттері болып табылады.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Денсаулық сақтау саласындағы білім беру қызметі Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасына сәйкес техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын медициналық және фармацевтикалық білім беру ұйымдарында және білім беру ұйымдарының медициналық және фармацевтикалық факультеттерінде жүзеге асырылады. Ғылыми орталықтар мен клиникалардың шарттарын жасасу арқылы білімді, ғылым мен практиканы интеграциялауға негізделген интеграцияланған академиялық жүйені қалыптастыру медициналық білім беру бағдарламаларын іске асырудың міндетті шарты болып табылады.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Мемлекеттік жалпыға бірдей міндетті стандарттар мен медициналық және фармацевтикалық мамандықтар бойынша үлгілік кәсіптік оқу бағдарламаларын, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдарының клиникалық базалары туралы ережені және оларға қойылатын талаптарды уәкілетті орган бекітеді.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Резидентураның тыңдаушыларын қоспағанда, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын меңгерген адамдар үшін мемлекеттік үлгідегі білім туралы құжат, ал клиникалық мамандықтар бойынша маман сертификаты да олардың медициналық ұйымдарда лауазымдар атқаруы үшін негіз болып табылады.
5. Жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық және фармацевтикалық білім резидентураны, магистратураны және докторантураны қамтиды. Резидентура туралы ережені уәкілетті орган бекітеді.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Қосымша білім беру қосымша білім берудің білім беру оқу бағдарламаларын іске асыратын медициналық білім және ғылым ұйымдарында жүзеге асырылады.
Медицина және фармацевтика кадрларының біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау қосымша білім берудің негізгі нысандары болып табылады. Медицина және фармацевтика кадрларының біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау тәртібін, сондай-ақ қосымша медициналық және фармацевтикалық білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарға қойылатын біліктілік талаптарын уәкілетті орган айқындайды.
7. Медицина және фармацевтика кадрларын даярлауды жоспарлауды уәкілетті орган, сондай-ақ денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары саланың қажеттіліктерін ескере отырып, өз өкілеттіктері шегінде жүзеге асырады.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 176-бап жаңа редакцияда (2012 ж. 9 қазанан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
176-бап. Денсаулық сақтау саласындағы мамандарды сертификаттау
1. Денсаулық сақтау саласындағы мамандарды сертификаттау орта (техникалық және кәсіптік), орта білімнен кейінгі, жоғары медициналық білімі бар адамдардың, сондай-ақ кадрларды қайта даярлаудан өткен және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім алған адамдардың медициналық қызметті жүзеге асыруға дайындығын айқындау және оларға маман сертификатын бере отырып, оларды клиникалық практикаға (пациенттермен жұмысқа) жіберу мақсатында жүргізіледі.
Денсаулық сақтау саласындағы мамандарды сертификаттау уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен уәкілетті орган аккредиттеген денсаулық сақтау саласындағы кәсіптік даярлықты бағалауды және мамандар біліктілігіне сәйкестікті растауды жүзеге асыратын ұйымдар жүргізетін кәсіптік даярлықты бағалау, денсаулық сақтау саласындағы мамандар біліктілігіне сәйкестікті растау негізінде жүргізіледі.
2. Тиісті сертификаты бар маманның басшылығымен клиникалық практикаға (пациенттермен жұмысқа) жіберілетін резидентура тыңдаушыларын қоспағанда, тиісті маман сертификаты болмаса, жеке тұлғаның клиникалық практикамен айналысуына тыйым салынады.
Денсаулық сақтау саласындағы маманның сертификатынан айыру Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
3. Денсаулық сақтау саласындағы мамандарды сертификаттауды жүргізу тәртібі мен мерзімдерін, сондай-ақ кәсіптік даярлықты бағалау және денсаулық сақтау саласындағы мамандар біліктілігіне сәйкестікті растау тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
4. Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде медициналық білім алған адамдарды денсаулық сақтау саласындағы мамандарды сертификатталуға жіберу тәртібі мен шарттарын уәкілетті орган айқындайды.
5. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес медициналық қызметтi жүзеге асыруға шақырылған шетелдік мамандардың шет елде алған медициналық қызметпен айналысу құқығын беретін немесе біліктiлiк санатының берілгені туралы куәландыратын құжат маман сертификатына теңестіріледі.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен кодекс 176-1-баппен толықтырылды (2012 ж. 9 қазанан бастап қолданысқа енгізілді)
176-1-бап. Біліктілік санаттарын беру және кері қайтарып алу
1. Біліктілік санатын беру тиісті біліктілік санатын беру арқылы нақты мамандық бойынша біліктілік санатын беру туралы куәлік бере отырып, медициналық және фармацевтикалық білімі бар мамандардың біліктілік деңгейін айқындау үшін жүргізілетін ерікті рәсім болып табылады.
Біліктілік санатын беруді уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен уәкілетті орган аккредиттеген, кәсіптік даярлықты бағалауды және денсаулық сақтау саласындағы мамандар біліктілігіне сәйкестікті растауды жүзеге асыратын ұйымдар кәсіптік даярлықты бағалау және денсаулық сақтау саласындағы мамандар біліктілігіне сәйкестікті растау негізінде жүргізеді.
2. Денсаулық сақтау саласындағы маман уәкілетті орган берген біліктілік санатын беру туралы куәлігі болған кезде маман сертификатын алуға құқылы.
3. Біліктілік санаттарының тізбесін уәкілетті орган бекітеді.
4. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мамандарды қоспағанда, денсаулық сақтау саласындағы мамандар үшін біліктілік санатын беру туралы куәлікті беру және кері қайтарып алу тәртібін, мерзімдерін уәкілетті орган айқындайды.
5. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мамандар үшін біліктілік санатын беру туралы куәлікті беру және кері қайтарып алу тәртібін, мерзімдерін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайды.
177-бап. Қазақстан Республикасы дәрігерінің анты
Жоғары білім беру ұйымдарын медициналық мамандықтар бойынша оқып бітірген түлектер мынадай мазмұндағы Қазақстан Республикасы дәрігерінің антын қабылдайды: «Дәрігердің құрметті атағын ала отырып, өз ұстаздарым мен әріптестерімнің алдында өзімді азаматтардың денсаулығын сақтауға бар болмысыммен бағыштап, дәрігерлік ұлы іске адал әрі қалтқысыз қызмет етуге салтанатты түрде ант етемін. Өз қызметімде денсаулығы ең жоғары құндылық болып табылатын өз пациенттерімнің мүдделерін ғана басшылыққа аламын деп ант етемін. Жасына, жынысына, ұлтына, діни сеніміне, әлеуметтік жағдайы мен азаматтығына қарамастан, мұқтаж болған әрбір адамға бірдей ынта-жігермен және шыдамдылықпен медициналық көмек көрсетуге ант етемін. Дәрігерлік құпияны сақтауға, оны ешқашан пайдакүнемдік мақсатта пайдаланбауға ант етемін. Өз білімім мен дағдыларымды ұдайы жетілдіруге, өзіме де, өз шәкірттеріме де талапшыл болуға, ешқашан риясыз көмек көрсетуден бас тартпауға және егер оны пациенттің мүддесі талап етсе, әріптестеріммен кеңесуге ант етемін. Қазақстандық медицинаның игі дәстүрлерін сақтауға және байытуға, мені дәрігерлік өнерге баулыған адамдарға алғыс білдіре отырып, оларды құрметтеуге ант етемін.».
30-тарау. Денсаулық сақтау саласындағы ғылыми қызмет
178-бап. Денсаулық сақтау саласындағы ғылыми қызметтің субъектілері
1. Денсаулық сақтау саласында ғылыми кадрлар даярлауды негізгі ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет ретінде жүзеге асыратын заңды тұлға денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйым (бұдан әрі - ғылыми ұйым) болып табылады.
2. Ғылыми ұйымдар ғылыми-зерттеу ұйымдары (ғылыми-зерттеу институттары, ғылыми орталықтар), жоғары медициналық және фармацевтикалық білім беру ұйымдары және ғылыми қызметпен айналысатын өзге де ұйымдар болып бөлінеді.
3. Ғылыми ұйымдар Қазақстан Республикасының білім беру және денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес медициналық, фармацевтикалық және білім беру қызметімен айналысуы мүмкін.
179-бап. Денсаулық сақтау саласындағы ғылыми қызметті үйлестіру
1. Іргелі және қолданбалы сипаттағы ғылыми әзірлемелердің басымдықтарын қалыптастыруды, денсаулық сақтау саласында ғылыми қолдауды үйлестіруді, медицина ғылымының тұжырымдамасын әзірлеуді уәкілетті орган жүзеге асырады.
2. Уәкілетті орган ғылыми ұйымдардың құрылтайшысы болады.
3. Уәкілетті орган денсаулық сақтау саласындағы ғылыми бағдарламалардың ғылыми-медициналық сараптамасын жүзеге асырады.
180-бап. Медициналық-биологиялық эксперименттер, клиникаға дейінгі (клиникалық емес) және клиникалық зерттеулер жүргізу, диагностиканың,емдеудің және медициналық оңалтудың жаңа әдістерін қолдану
1. Медициналық-биологиялық эксперименттер, клиникаға дейінгі (клиникалық емес) және клиникалық зерттеулер жүргізудің мақсаты олардың қауіпсіздігі мен тиімділігін бағалау және дәлел дерін ғылыми әдістермен алу болып табылады.
2. Клиникаға дейінгі (клиникалық емес) зерттеулер жануарларға жүргізіледі.
3. Адамның (пациенттің немесе ерік білдірген адамның) қатысуымен болатын клиникалық зерттеулер, клиникаға дейінгі (клиникалық емес) зерттеулердің оң нәтижелері алынған жағдайда, оның жазбаша хабардар етілген келісімімен ғана жүргізілуі мүмкін.
4. Кәмелетке толмаған адамдардың қатысуымен болатын клиникалық зерттеулер кәмелетке толған адамдарға зерттеулер жүргізумен қатар мынадай:
1) балаларды емдеуге арналған медициналық технологиялар немесе дәрілік заттар;
2) кәмелетке толмаған адамдарды емдеуге арналған дәрілік заттың ең оңтайлы мөлшерлемесі туралы деректер алу мақсатында жүргізіледі.
Кәмелетке толмаған адамдардың қатысуымен клиникалық зерттеулер жүргізу олардың заңды өкілдерінің жазбаша хабардар етілген келісімімен ғана жүргізіледі.
5. Клиникалық зерттеуге қатысуға келісімі алынған жағдайда, кәмелетке толмаған адамның заңды өкіліне, пациентке немесе ерік білдірген адамға:
1) медициналық технология, фармакологиялық немесе дәрілік зат, клиникалық зерттеудің мәні мен ұзақтығы туралы;
2) медициналық технологияның, фармакологиялық немесе дәрілік заттың қауіпсіздігі мен тиімділігі туралы, сондай-ақ денсаулық үшін қолдану қатерінің дәрежесі туралы;
3) медициналық технологияны, фармакологиялық немесе дәрілік затты қолданудың денсаулықтың жай-күйіне күтілмеген әсері жағдайындағы іс-әрекеттер туралы;
4) денсаулықты сақтандыру шарттары туралы ақпарат берілуге тиіс.
6. Клиникалық зерттеулер кез келген сатыда:
1) зерттеулерге қатысушы кәмелетке толмаған адамның, оның заңды өкілінің, пациенттің немесе ерік білдірген адамның талап етуі бойынша;
2) кәмелетке толмаған адамның, пациенттің немесе ерік білдірген адамның өміріне, денсаулығына қауіп төнген жағдайда тоқтатылады.
7. Зерттеулерге қатысатын пациенттердің және ерік білдірген адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтандыру туралы құжаттарды ресімдеу, сондай-ақ зерттеулер материалдарын этикалық бағалау клиникалық зерттеулер жүргізудің міндетті шарттары болып табылады.
8. Диагностиканың, емдеу мен медициналық оңалтудың жаңа әдістері клиникалық зерттеулердің оң нәтижелері алынған жағдайда қолданылуы мүмкін.
9. Мыналарға:
1) заңды өкілдері жоқ кәмелетке толмаған адамдарға;
2) егер қажетті ақпарат жүкті әйелдерге клиникалық зерттеулер жүргізу кезінде ғана алынуы мүмкін болса және жүкті әйел мен оның шаранасына зиян келтіру қатері толық жойылған жағдайда жүкті әйелдерге арналған медициналық технологиялар мен дәрілік заттарға клиникалық зерттеулер жүргізілетін жағдайларды қоспағанда, жүкті әйелдерге;
3) әскери қызметшілерге;
4) бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жүрген адамдарға және уақытша ұстау изоляторлары мен тергеу изоляторларында отырған адамдарға;
5) психикасының бұзылуын (ауруын) емдеуге арналған медициналық технологиялар мен дәрілік заттарға клиникалық зерттеулерді қоспағанда, сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдарға, психикасы бұзылған (ауыратын) науқастарға медициналық технологияларға, фармакологиялық және дәрілік заттарға клиникалық зерттеулер жүргізуге тыйым салынады.
10. Клиникалық зерттеулер (тиісті клиникалық және ғылыми практика) жүргізу стандарттарын уәкілетті орган және өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдар бекітеді.
11. Медициналық-биологиялық эксперименттер, клиникаға дейінгі (клиникалық емес) және клиникалық зерттеулер жүргізу тәртібін, сондай-ақ диагностиканың, емдеудің және медициналық оңалтудың жаңа әдістерін қолдану тәртібін уәкілетті орган бекітеді.
12. Фармакологиялық және дәрілік заттарға клиникаға дейінгі (клиникалық емес) және клиникалық зерттеулер, сондай-ақ медициналық технологияларға клиникалық зерттеулер жүргізуге рұқсат беруді уәкілетті орган жүзеге асырады.
13. 2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
181-бап. Этика мәселелері жөніндегі комиссиялар
1. Зерттелушілердің және зерттеушілердің құқықтарын қорғауды, қауіпсіздігі мен қолайлы жағдайын жасауды, сондай-ақ клиникалық зерттеу материалдарына имандылық-этикалық және құқықтық баға беруді жүзеге асыратын тәуелсіз сарапшы органдар Этика мәселелері жөніндегі комиссиялар болып табылады.
2. Этика мәселелері жөніндегі комиссиялар қызметінің мақсаты биология мен медицина жетістіктерінің пайдаланылуына байланысты адамның құқықтары мен қадір-қасиетін қорғау болып табылады.
3. Этика мәселелері жөніндегі комиссиялардың міндеттері:
1) зерттеулердің құжаттарына тәуелсіз сараптама жүргізу;
2) зерттеулерді жоспарлау және жүргізу сатыларында адамның қауіпсіздігі мен құқықтарының сақталуын тәуелсіз бағалау;
3) клиникалық зерттеу бағдарламасының тиісті клиникалық және ғылыми практика стандарттарына, сондай-ақ зерттеушілердің біліктілігіне және осы зерттеуді жүргізетін денсаулық сақтау ұйымының техникалық жарақталуына сәйкестігін бағалау;
4) клиникалық зерттеулер жүргізу кезінде халықаралық және ұлттық этикалық нормалардың сақталуын бағалау;
5) биологиялық және медициналық этика мәселелері бойынша құжаттар әзірлеуге қатысу болып табылады.
4. Этика мәселелері жөніндегі комиссиялардың құрамына денсаулық сақтау, ғылым, өнер, құқық саласындағы мамандар, діни конфессиялар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кіре алады.
5. Қазақстан Республикасында Этика мәселелері жөніндегі орталық және жергілікті комиссиялар жұмыс істейді.
6. Этика мәселелері жөніндегі орталық комиссия халықаралық және республикалық деңгейде жүргізілетін зерттеулерді тәуелсіз бағалау үшін уәкілетті органның жанынан құрылады.
Этика мәселелері жөніндегі орталық комиссияның құрамы мен ол туралы ережені уәкілетті орган бекітеді.
7. Этика мәселелері жөніндегі жергілікті комиссиялар денсаулық сақтау ұйымдарының базасында жүргізілетін зерттеулерді тәуелсіз бағалау үшін осы ұйымдардың жанынан құрылады.
Этика мәселелері жөніндегі жергілікті комиссияның құрамы мен ол туралы ереже оның жанынан осы комиссия құрылатын денсаулық сақтау ұйымы басшысының бұйрығымен бекітіледі.
9-Бөлім. Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің құқықтық мәртебесі, оларды әлеуметтік қорғау
31-тарау. Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің құқықтары мен міндеттері,
еңбек қатынастары,ар-намыс кодексі
182-бап. Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің құқықтары мен міндеттері
1. Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің:
1) кәсіптік қызметін жүзеге асыру үшін қажетті жағдайлармен қамтамасыз етілуге;
2) жеке медициналық практика мен фармацевтикалық қызмет жүргізуге;
3) бес жылда кемінде бір рет бюджет қаражаты есебінен немесе мемлекеттік емес денсаулық сақтау секторы ұйымдарының қызметкерлері болса, жұмыс берушінің есебінен біліктілік деңгейін арттыруға;
4) штат санының қысқаруына немесе мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарының таратылуына байланысты қызметкер босап қалған жағдайда, бюджет қаражаты немесе жұмыс берушінің есебінен қайта даярлаудан өтуге;
5) еңбек (қызметтік) міндеттерін атқаруына байланысты өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиянды өтетуге;
6) азаматтың өміріне қауіп төнген жағдайларда ұйымдарға немесе азаматтарға тиесілі байланыс құралдарын, сондай-ақ қолда бар көліктің кез келген түрін оны таяу жердегі медициналық ұйымға жеткізу үшін кедергісіз және тегін пайдалануға;
7) қызметтік тұрғын үй берілуге;
8) жүріп-тұру сипатындағы қызметіне байланысты көлік шығыстарын өтетуге;
9) кәсіптік міндеттерін жоғары сапалы деңгейде орындағаны үшін көтермеленуге;
10) өзінің кәсіптік ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға;
11) медицина қызметкері тарапынан ұқыпсыз немесе немқұрайлы көзқарас болмаған кезде, азаматтың денсаулығына келтірілген зиян үшін кәсіптік жауапкершілікті сақтандыруға құқығы бар.
2. Мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарының ғылыми-педагог кадрларының біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау бюджет қаражаты, жұмыс берушінің қаражаты, өз қаражаты есебінен, сондай-ақ тыйым салынбаған басқа көздер есебінен жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттік денсаулық сақтау секторы ұйымдарының ауылдық жерде және қала үлгісіндегі кенттерде жұмыс істейтін медицина және фармацевтика қызметкерлеріне мынадай әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары ұсынылады:
1) жергілікті өкілді органдар айқындайтын мөлшерде лауазымдық айлықақыға қосымша ақы;
2) коммуналдық қызметтерге және отынға арналған шығыстарды облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті өкілді органдары белгілеген мөлшерде бюджет қаражаты есебінен өтеу;
3) жеке меншігінде малы барлар жергілікті өкілді және атқарушы органдардың шешімі бойынша жемшөппен, мал жаюға және шөп шабуға арналған жер учаскелерімен қамтамасыз етіледі;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жеңілдіктерден басқа, денсаулық сақтау қызметкерлеріне жергілікті өкілді органдар жергілікті бюджеттердің қаражаты есебінен қосымша жеңілдіктер белгілеуі мүмкін.
4. Мемлекеттік денсаулық сақтау секторы ұйымдарының ауылдық жерде жұмыс істейтін медицина және фармацевтика қызметкерлеріне «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары ұсынылады.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Қызметтік және кәсіптік міндеттерін атқару кезінде АИТВ жұқтырылған материалмен жұмыс істейтін денсаулық сақтау ұйымдарының медицина және фармацевтика қызметкерлерінің АИТВ жұқтыруы кәсіптік ауруға жатады.
Осы адамдарға кәсіптік ауруына байланысты еңбекке уақытша жарамсыздығы кезеңінде Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша әлеуметтік жәрдемақы тағайындалады.
Қызметтік міндеттерін атқаруы ЖИТС кәсіптік ауруына әкеп соқтыруы мүмкін медицина қызметкерлері мен басқа да қызметкерлер міндетті әлеуметтік сақтандырылуға жатады.
АИТВ/ЖИТС-пен байланысты профилактикалық, емдеу-диагностикалық және ғылыми-зерттеу жұмысымен тікелей айналысатын медицина қызметкерлерінің, қызметшілердің және техникалық қызметкерлердің алты сағаттық қысқартылған жұмыс күніне, ұзақтығы күнтізбелік жиырма төрт күн қосымша ақы төленетін демалысқа, кәсіптік зияндылық үшін еңбегіне лауазымдық айлықақының алпыс пайызы мөлшерінде қосымша ақы төленуіне құқығы бар.
6. Медицина және фармацевтика қызметкерлері:
1) өздерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындауға, пациенттерге құрметпен және ізгілікпен қарауға, медициналық этика және деонтология қағидаттарын басшылыққа алуға;
2) аурулардың профилактикасына және азаматтардың денсаулығын нығайтуға жәрдемдесуге, медициналық көмек көрсетуге;
3) шұғыл жағдайларда халыққа кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсетуге;
4) халық арасында медициналық білімді және саламатты өмір салтын насихаттау жөніндегі жұмысты жүргізуге;
5) медицина және фармацевтика қызметкерлерінің Ар-намыс кодексін сақтауға, дәрігерлік құпияны сақтауға, азаматтардың аурулары, ішкі және отбасылық өмірі туралы мәліметтерді жария етпеуге;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6) өзінің кәсіптік деңгейін үздіксіз, оның ішінде әрбір бес жыл сайын біліктілігін арттырудан өту арқылы дамытуға және арттыруға;
7) қажет болған жағдайларда консультация алу үшін басқа бейіндегі немесе біліктілігі неғұрлым жоғары мамандарды тартуға міндетті.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 6-1-тармақпен толықтырылды
6-1. Медицина қызметкерлерінің кәсіптік даярлығы міндетті бағалауға және денсаулық сақтау саласындағы мамандардың біліктілігіне сәйкестігі расталуға жатады.
7. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың, сондай-ақ азаматтардың тарапынан медицина және фармацевтика қызметкерлерінің кәсіптік қызметіне араласуға тыйым салынады.
2011.11.10. № 484-IV ҚР Заңымен 8-тармақпен толықтырылды
8. Кәсіптік міндеттерін орындау кезінде медицина және фармацевтика қызметкерлерiнің өз діни нанымдары бойынша қандай да бір іс-әрекеттер (әрекетсіздік) жасауына, сол сияқты олардың жеке тұлғалардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіруге әкеп соғуы мүмкін діни жоралар мен рәсімдерді өткізуіне (жасауына) жол берілмейді
183-бап. Денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің еңбек қатынастары
1. Денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен реттеледі.
2. Мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың, оның ішінде білім беру мен ғылыми ұйымдар басшыларын және олардың орынбасарларын қызметке тағайындауды және қызметтен босатуды уәкілетті орган жүзеге асырады.
184-бап. Қазақстан Республикасының медицина және фармацевтика қызметкерлерінің Ар-намыс кодексі