Тамақ өнімін байыту (фортификациялау) тәртібін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайды.
161-бап. Йод тапшылығы ауруларының профилактикасы
1. Йод тапшылығы ауруларының профилактикасы жөніндегі іс-шаралар:
1) мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасында йодталған ас тұзы мен жемдік тұз өндірісіне, оларды әкелуге, әкетуге, өткізуге қойылатын талаптарды қамтамасыз ету мен сақтау жолындағы жауапкершілігі;
2) йод тапшылығы ауруларынан зардап шегетін адамдардың денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық көмек алуға қол жеткізуі;
3) йодталған ас тұзының және йод қосындыларымен байытылған басқа да тамақ өнімінің зиянды әсерінің салдарынан денсаулығынан айырылған жағдайда, азаматтардың құқықтарын қорғау қағидаттарымен жүзеге асырылады.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Ас тұзын, жемдік тұзды және міндетті түрде байытылуға жататын басқа да тамақ өнімдерін йодтау Қазақстан Республикасының йод тапшылығы ауруларының профилактикасы туралы заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
7-Бөлім. донорлық және транспланттау
26-тарау. Қан мен оның компоненттерінің донорлығы
162-бап. Донорлық, қан, оның компоненттерін және препараттарын дайындау
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қан мен оның компоненттерінің донорлығы (бұдан әрі - донорлық) - қан мен оның компоненттерін медициналық мақсаттар үшін донациялау арқылы азаматтардың денсаулығын сақтауға донорлардың ерікті түрде қатысуы.
2. Донорлық донорды медициналық куәландыру, одан қан алып дайындау, қанның компоненттерін бөлу және сақтау жөніндегі іс-шаралар кешенін қамтиды.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Қан мен оның компоненттерін дайындау процесі мыналарды қамтиды:
1) қан донациялау - донор тапсыратын қанды біржолғы бөліп алу;
2) плазма донациялау - қан плазмасын плазмаферез әдісімен біржолғы бөліп алу.
Алынатын плазманы иммундық сипаттамаларына қарай былайша ерекшелеп бөледі:
қан препараттары мен диагностикалық реагенттер өндіру үшін пайдаланылатын, белгілі бір концентрациядағы өзіндік белок құрылымдары (изоиммундық қарсы денелер) бар изоиммундық плазма;
құрамында табиғи немесе жасанды түрдегі белгілі бір концентрациядағы өзіндік белок құрылымдары (изоиммундық қарсы денелер) бар, ауруларды қоздырғыштардың белгілі бір түрлеріне нысаналы түрде емдік өзара іс-әрекет жасау қасиеті бар иммундық плазма. Иммундық плазма реципиентке құю немесе қан препараттарын өндіру үшін пайдаланылады;
3) жасушалар донациялау - донор қанының жасушаларын цитаферез әдісімен біржолғы бөліп алу.
4. Қанды дайындау және өңдеу процесінде:
1) қан компоненттері - қанның одан жасушалар және жасушасыз орта түрінде бөлініп алынған құрамдас бөліктері;
2) қан препараттары - қан компоненттерін өңдеу кезінде алынған дәрілік заттар алынады.
5. Қанды, оның компоненттерін дайындау, өңдеу, сақтау, өткізу номенклатурасын, қағидаларын, сондай-ақ қанды, оның компоненттері мен препараттарын сақтау, құю қағидаларын уәкілетті орган бекітеді.
163-бап. Донорлық, қанды, оның компоненттері мен препараттарын дайындау саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары мен өзге де ұйымдар
1. Қан мен оның компоненттерін дайындауды, өңдеуді, сақтауды және өткізуді тиісті лицензиясы бар мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдары жүзеге асырады.
2. Қан препараттарын өндіруді тиісті лицензиясы бар ұйымдар жүзеге асырады.
3. Донорлық, қанды, оның компоненттері мен препараттарын дайындау саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары мен өзге де ұйымдар олардың сапасы үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылықта болады.
4. Қазақстан Республикасының аумағында төтенше немесе соғыс жағдайы енгізілген жағдайда, донорлықты ұйымдастыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
164-бап. Донорлық қанның, оның компоненттері мен препараттарының қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Донорлық қанның, оның компоненттері мен препараттарының қауіпсіздігі донорларды медициналық куәландыру, донорлық қанды зертханалық скринингтеу, қан мен оның компоненттерін дайындау бойынша, карантиндеу, лейкофильтрациялау, вирусинактивациялау, радиациялық сәулелендіру әдістерін және Қазақстан Республикасында рұқсат етілген басқа да әдістерді қолдана отырып, қан компоненттерін алу бойынша белгіленген талаптарды сақтау жолымен қамтамасыз етіледі.
2. Донорлық қан мен оның компоненттері уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен сапасын бақылауға жатады.
3. Тиісінше таңбаланбаған донорлық қанды, оның компоненттерін, препараттарын пайдалануға және өткізуге тыйым салынады.
4. Донорлық қанды, оның компоненттерін және препараттарын құюды жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары мен медицина қызметкерлері оларды қауіпсіз қолдану жөніндегі тиісті талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
165-бап. Донор, оның құқықтары мен міндеттері
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Он сегіз жасқа толған, тиісті медициналық зерттеп-қараудан өткен және қарсы көрсетілімдері жоқ, медициналық мақсаттарда қан мен оның компоненттерін донациялауды жүзеге асыруға ерікті түрде ниет білдірген жеке тұлға донор болуға құқылы.
2. Донор:
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) қан мен оның компоненттерін донациялауды өтеусіз жүзеге асыруға;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) қан мен оның компоненттерін уәкілетті орган белгілеген мөлшерде ақылы донациялауды жүзеге асыруға;
3) медициналық зерттеп-қарау нәтижелерімен танысуға;
4) осы Кодекске сәйкес көтермеленуге құқылы.
2014.03.07. № 227-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Донор қазіргі немесе бұрын ауырған барлық аурулары туралы өзіне белгілі мәліметтерді, сондай-ақ есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестер мен прекурсорларды пайдаланғаны туралы хабарлауға міндетті.
166-бап. Донорды медициналық зерттеп-қарау
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Қан мен оның компоненттерін донациялау алдында донор уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен міндетті түрде тегін медициналық зерттеп-қараудан өтеді.
2. Донорлық функцияны жүзеге асыру үшін денсаулық жағдайы туралы анықтамалар мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында тегін беріледі.
167-бап. Донорға берілетін кепілдіктер
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Донор болып табылатын қызметкерді медициналық зерттеп-қарау және қан мен оның компоненттерін донациялау күндері жұмыс беруші орташа айлық жалақысын сақтай отырып, жұмысынан босатады.
Донорлық функцияны жүзеге асыратын донор орташа жалақысы сақтала отырып, қосымша бір демалыс күнін өтеусіз алады.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Егер донор болып табылатын қызметкер жұмыс берушімен келісім бойынша қан мен оның компоненттерін донациялау күндері жұмысқа шықса, оның орташа айлық жалақысы сақтала отырып, өзінің қалауы бойынша басқа демалыс күні беріледі не бұл күн жыл сайынғы еңбек демалысына қосылуы мүмкін.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.30.06. № 80-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді
3. Донор болып табылатын қызметкерді қан мен оның компоненттерін донациялау күндері түнгі уақыттағы жұмыстарға, үстеме жұмыстарға, ауыр жұмыстарға, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарға тартуға жол берілмейді.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Донор болып табылатын әскери қызметші қан мен оның компоненттерін донациялау күндері нарядтарда, вахталарда тұрудан және қызметтің басқа да түрлерін атқарудан босатылады.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Донор болып табылатын студенттер, оқушылар қан мен оның компоненттерін донациялау күндері оқу-тәрбие процесінен босатылады.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Донорларды көтермелеу жүйесін уәкілетті орган бекітеді.
Донорға қан мен оның компоненттерін донациялаудың жиынтық санын ескере отырып, берілетін қосымша көтермелеу шаралары Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерімен айқындалады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
7. Донорлық функцияны өтеусіз жүзеге асырған донор қан мен оның компоненттерін донациялағаннан кейін өз қанының көлемі мен организмінің әл-ауқаты шығындарын толтыру үшін таңдауы бойынша тегін тамақ не уәкілетті орган белгілейтін мөлшердегі оның ақшалай баламасын алады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 8-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8. Донорлық функцияны ақылы негізде атқарған донорға қан мен оның компоненттерін дайындау саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымы уәкілетті орган белгілейтін тәртіппен және мөлшерде ақы төлейді.
168-бап. Жұмыс берушілер мен ұйымдар басшыларының донорлықты дамытуды қамтамасыз ететін жағдайлар жасау жөніндегі міндеттері
1. Жұмыс берушілер мен ұйымдардың басшылары донорлықты дамытуды қамтамасыз ететін жағдайлар жасау мақсатында:
1) денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарына, мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарына азаматтарды донорлар қатарына тартуына жәрдем көрсетуге;
2) қан мен оның компоненттерін алу үшін қажетті үй-жайларды өтеусіз беруге және жағдай жасауға;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) донор болып табылатын қызметкерді зерттеп-қарау және қан мен оның компоненттерін донациялау күні жұмыстан кедергісіз босатуға;
4) донор болып табылатын қызметкерге осы Кодексте белгіленген кепілдіктерді беруге міндетті.
2. Жұмыс берушілер мен ұйымдар басшыларының донорларды қосымша көтермелеуге құқығы бар.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 27-тарау жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
27-тарау. Тіндерді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін) транспланттау
169-бап. Тіндерді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін) транспланттау және оларды алу шарттары
1. Адам, адамның мәйiтi немесе жануар тiндердi (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлiгiн) транспланттау бойынша донорлар болуы мүмкiн.
2. Адамның тiндерiн (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларын (ағзаларының бөлiгiн) мәжбүрлеп алуға және оларды ауыстырып салуға тыйым салынады.
3. Адамның тiндерiн (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларын (ағзаларының бөлiгiн) сатып алуға-сатуға тыйым салынады.
4. Реципиентпен генетикалық байланыстағы немесе онымен тіні үйлесетін (басқа организмнің тіндеріне сіңісуіне ықпал ететін органикалық тіндердің иммунологиялық қасиеті) адам транспланттау бойынша тірі донор болуы мүмкін.
5. Тiрi донор жан-жақты медициналық зерттеп-қараудан өтуге және өзiнен тiндерді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзаларының бөлiгiн) алуға болатындығы туралы консилиумның қорытындысын алуға тиiс.
6. Кәмелетке толмаған немесе әрекетке қабiлетсiз адам болып табылатын адамнан тiндерді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлiгiн) алу осы бапта көрсетiлгендермен қатар, бiр мезгiлде мына шарттарды сақтағанда ғана:
1) осы Кодекстің 91-бабына сәйкес денсаулығының жай-күйі туралы қажетті ақпаратты алған оның заңды өкілдерінің нотариат куәландырған жазбаша келісімі болған;
2) тиісті келісімді беруге қабілетті басқа үйлесетін донор болмаған;
3) реципиент донордың аға-інісі немесе әпке-сіңілісі (қарындасы) болып табылған;
4) транспланттау реципиенттің өмірін сақтап қалуға арналған;
5) ықтимал донор алып қоюға қарсылық білдірмеген жағдайда ғана мүмкін болады.
7. Кәмелетке толмағандардың немесе әрекетке қабілетсіз адамдардың заңды өкілдерінің келісімі медициналық араласу басталғанға дейін кез келген сәтте кері қайтарып алынуы мүмкін.
8. Адамнан тiндердi (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлiгiн) алу, гемопоэздік дің жасушаларын қоспағанда, оның нотариат куәландырған жазбаша келiсiмiмен ғана жүзеге асырылуы мүмкiн.
9. Транспланттау үшін жұп ағзаның бірі, олардың болмауы денсаулықтың біржола бұзылуына әкеп соқтырмайтын ағзаның бір бөлігі немесе тін ғана алынуы мүмкін.
10. Егер алу кезінде денсаулық сақтау ұйымына осы адам тірі кезінде не оның жұбайы (зайыбы), жақын туыстары немесе заңды өкілдері ол өлгеннен кейін оның тіндерін және (немесе) ағзаларын (ағзаларының бөлігін) реципиентке транспланттау үшін алуға келіспейтінін мәлімдегені туралы хабарланған болса, мәйіттен тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін) алуға жол берілмейді.
Егер консилиум тіркеген өлім фактісінің даусыз дәлелдемелері болса, мәйіттен транспланттау үшін тіндер және (немесе) ағзалар (ағзалардың бөлігі) алынуы мүмкін.
Өлім туралы қорытынды биологиялық өлімнің немесе бас миының біржола семуінің (мидың өлімінің) расталуы негізінде уәкілетті орган айқындаған тәртіппен беріледі.
11. Кейіннен транспланттау үшін тіндерді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін) алуды қамтамасыз ететін адамдардың биологиялық өлімді немесе бас миының біржола семуін растауға қатысуына тыйым салынады.
12. Тіндерді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін) транспланттауды қамтамасыз ету үшін тіннің (тіннің бөлігінің) және (немесе) ағзалардың (ағзалардың бөлігінің) реципиенттерінің, сондай-ақ тіннің (тіннің бөлігінің) және (немесе) ағзалардың (ағзалардың бөлігінің) донорларының тіркелімдері қалыптастырылады.
Тіннің (тіннің бөлігінің) және (немесе) ағзалардың (ағзалардың бөлігінің) реципиенттерінің, сондай-ақ тіннің (тіннің бөлігінің) және (немесе) ағзалардың (ағзалардың бөлігінің) донорларының тіркелімдерін қалыптастыру және жүргізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
170-бап. Тіндерді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін) транспланттау тәртібі
1. Тіндерді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін) транспланттау қажеттілігі туралы медициналық қорытындыны тиісті денсаулық сақтау ұйымының консилиумы береді.
2. Денсаулығының жай-күйі бойынша дұрыс шешім қабылдауға қабілетсіз реципиентке тіндерді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін) транспланттау оның жұбайының (зайыбының) не жақын туыстарының бірінің немесе заңды өкілдерінің келісімімен жүргізіледі.
Транспланттау жүргізуді кешеуілдету реципиент өміріне қауіп төндіретін, ал осы тармақта көрсетілген адамдар болмаған немесе олардың тұрған жерін анықтау мүмкін болмаған айрықша жағдайларда транспланттауды жүргізу туралы шешімді дәрігерлер консилиумы, ал оны жинау мүмкін болмаған жағдайда транспланттауды жүзеге асыратын дәрігер медициналық құжаттамаға жазбаларды ресімдеп және ол туралы кейіннен бір тәулік ішінде денсаулық сақтау ұйымының лауазымды адамдарын хабардар ете отырып қабылдайды.
3. Реципиент не кәмелетке толмаған реципиенттің немесе сот әрекетке қабілетсіз деп таныған реципиенттің заңды өкілі алдағы транспланттауға байланысты реципиенттің денсаулығында орын алуы ықтимал асқынулар туралы ескертілуге тиіс.
4. Инфекция жұқтырған тіндерді (тіндердің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін) транспланттауға тыйым салынады.
5. Тірі донордан тінді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін) алу, консервациялау, дайындау, сақтау, тасымалдау және тіндерді (тіннің бөлігін) немесе ағзаларды (ағзалардың бөлігін) транспланттау уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен Денсаулық сақтау ұйымдарының тізбесіне енгізілген және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті мамандық бойынша лицензия алған денсаулық сақтау ұйымдарында жүзеге асырылады.
Тіндерді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін) алу, дайындау, сақтау, консервациялау, тасымалдау және тіндерді (тіннің бөлігін) немесе ағзаларды (ағзалардың бөлігін) транспланттау жөніндегі денсаулық сақтау ұйымдарының тізбесі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен қалыптастырылады.
6. Транспланттау мақсатында мәйіттерден тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін) алу және консервациялау денсаулық сақтау ұйымдарында уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүргізіледі.
7. Тіндерді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін) алудың, дайындаудың, сақтаудың, консервациялаудың, тасымалдаудың, донордан реципиентке транспланттауды жүргізудің тәртібі мен шарттарын уәкілетті орган айқындайды.
8. Осы баптың күші ұрпақты болу тіндерін (жыныстық жасушаларды) қамтитын, адамның өсіп-өну процесіне қатысы бар тіндерге (тіннің бөліктеріне) және (немесе) ағзаларға (ағзалардың бөліктеріне), сондай-ақ қан мен оның компоненттеріне қолданылмайды.
171-бап. Донор мен реципиенттің құқықтары
1. Донор осы Кодекстің 165-бабында көзделген құқықтардан басқа:
1) денсаулық сақтау ұйымдарынан тіндерді (тіндердің бөліктерін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) алу бойынша алдағы хирургиялық араласуға байланысты өзінің денсаулығында орын алуы ықтимал асқынулар туралы толық ақпаратты талап етуге;
2) тіндерді (тіндердің бөліктерін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) алу бойынша жүргізілген хирургиялық араласуға байланысты денсаулық сақтау ұйымында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде ем алуға, оның ішінде дәрі-дәрмек емін алуға құқылы.
2. Реципиент:
1) денсаулық сақтау ұйымдарынан тіндерді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін) транспланттау бойынша алдағы хирургиялық араласуға байланысты өзінің денсаулығы үшін ықтимал асқынулар туралы толық ақпаратты талап етуге;
2) тіндерді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін) алу бойынша жүргізілген хирургиялық араласуға байланысты денсаулық сақтау ұйымында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде ем алуға, оның ішінде дәрі-дәрмек емін алуға құқылы.
3. Денсаулық сақтау ұйымдарының медицина және өзге де қызметкерлеріне донор мен реципиент туралы мәліметтерді жария етуге тыйым салынады.
2013.21.06. № 107-V ҚР Заңымен 28-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
28-тарау. Адамның ағзаларын (ағзаларының бөліктерін) және (немесе) тіндерін, гемопоэздік дің жасушаларын, сүйек кемігін, қаны мен оның компоненттерін, жасушаларының, тіндерінің, биологиялық сұйықтықтары мен сөлдерінің үлгілерін әкелу, әкету
2011.19.01. № 395-IV ҚР Заңымен 172-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2013.21.06. № 107-V ҚР Заңымен 172-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
172-бап. Адамның ағзаларын (ағзаларының бөліктерін) және (немесе) тіндерін, гемопоэздік дің жасушаларын, сүйек кемігін әкелу, әкету үшін негіздер
1. Адамның ағзаларын (ағзаларының бөліктерін) және (немесе) тіндерін, гемопоэздік дің жасушаларын, сүйек кемігін Қазақстан Республикасының аумағына әкелу:
1) денсаулық сақтау ұйымдарында транспланттау қажет болған;
2) Қазақстан Республикасының аумағында диагностикалық зерттеулер қажет болған;
3) бiрлескен ғылыми зерттеулер жүргiзген кезде жүзеге асырылады.
2. Адамның ағзаларын (ағзаларының бөліктерін) және (немесе) тіндерін, гемопоэздік дің жасушаларын, сүйек кемігін Қазақстан Республикасының аумағынан әкету:
1) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі Қазақстан Республикасының азаматына медициналық көмек көрсету қажет болған кезде;
2) Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жердегі жақын туыстары мен жұбайына (зайыбына) медициналық көмек көрсету қажет болған кезде;
3) диагностикалық зерттеулер қажет болған кезде;
4) бiрлескен ғылыми зерттеулер жүргiзген кезде;
5) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда;
6) Қазақстан Республикасының аумағында тұратын донордың гемопоэздік дің жасушаларын, сүйек кемігін шетелде тұратын реципиентке транспланттауды жүргізу қажет болған кезде жүзеге асырылады.
2017.26.12. № 124-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында және 2-тармағының 1), 2) және 5) тармақшаларында көзделген жағдайларда, адамның ағзаларын (ағзаларының бөліктерін), тіндерін Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және Қазақстан Республикасының аумағынан осы елдерге әкетуге арналған лицензияны уәкiлеттi орган медициналық қызметке арналған лицензияға сәйкес «трансплантология», «гематология» мамандығы бойынша қызметін жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдарының өтiнiшi бойынша бередi.
4. Туыстас емес транспланттауды жүргізу мақсатында адамның гемопоэздік дің жасушалары, сүйек кемігі өткізілетін жағдайда, оларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан әкету уәкілетті орган берген қорытынды (рұқсат беру құжаты) негізінде жүзеге асырылады.
5. Адамның ағзаларын және (немесе) тіндерін жеке тұлғалардың әкелуіне және әкетуіне жол берілмейді.
6. Адамның әкелуге және әкетуге арналған тiндерін және (немесе) ағзаларын (ағзаларының бөлiктерiн) биологиялық қауiпсiздiк тұрғысынан зерттеу, консервациялау және тасымалдау тәртiбiн уәкiлеттi орган айқындайды.
2013.21.06. № 107-V ҚР Заңымен 173-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
173-бап. Адамның қаны мен оның компоненттерін, жасушаларының, тіндерінің, биологиялық сұйықтықтары мен сөлдерінің үлгілерін әкелу, әкету үшін негіздер
1. Қазақстан Республикасының аумағына қан мен оның компоненттерін әкелу:
1) Қазақстан Республикасының аумағында медициналық көмек көрсету қажет болған кезде;
2) Қазақстан Республикасының аумағында диагностикалық зерттеулер жүргізу қажет болған кезде;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу кезінде;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды
4) шет елде тұратын донордың және Қазақстан Республикасында тұратын реципиенттің тін үйлесімділігін растау үшін НLА-жүйесі бойынша зертханалық зерттеулер жүргізу, сондай-ақ гемопоэздік дің жасушаларын транспланттау шеңберінде реципиентің иммундық стимуляциясын жүргізу қажет болған кезде жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының аумағынан қан мен оның компоненттерін әкету:
1) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі Қазақстан Республикасының азаматына медициналық көмек көрсету қажет болған кезде;
2) Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жердегi жақын туыстары мен жұбайына (зайыбына) медициналық көмек көрсету қажет болған кезде;
3) диагностикалық зерттеулер қажет болған кезде;
4) бiрлескен ғылыми зерттеулер жүргiзген кезде;
5) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
6) Қазақстан Республикасының халқын қан препараттарымен қамтамасыз ету үшін (келісімшарттық фракциялау) Қазақстан Республикасының қан қызметі саласында қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында дайындалған қан компоненттерінен плазмалық қан препараттарын шетелдік өндірушінің зауыттарында өндіру үшін қан компоненттері шетелге жіберілген кезде;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 7) тармақшамен толықтырылды
7) Қазақстан Республикасында тұратын донордың және шет елде тұратын реципиенттің тін үйлесімділігін растау үшін НLА-жүйесі бойынша зертханалық зерттеулер жүргізу, сондай-ақ гемопоэздік дің жасушаларын транспланттау шеңберінде реципиентің иммундық стимуляциясын жүргізу қажет болған кезде жүзеге асырылады.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген жағдайлардан басқа, қан мен оның компоненттерін әкелу және әкету айырбастау тәртібімен жүзеге асырылуы мүмкін. Осындай айырбастау қажетті биологиялық қасиеттері бар қан мен оның компоненттері болмаған жағдайда ғана жүзеге асырылады.
2017.26.12. № 124-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында және 2-тармағының 1), 2) және 5) тармақшаларында көзделген жағдайларда, қан мен оның компоненттерін Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және Қазақстан Республикасының аумағынан осы елдерге әкетуге арналған лицензияны уәкілетті орган медициналық қызметке арналған лицензияға сәйкес «қан дайындау» мамандығы бойынша қызметін жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдарының өтiнiшi бойынша бередi.