347-бап. Кедендік бақылауды жүргізуде жәрдем ету үшін мүше мемлекеттердің басқа мемлекеттік органдарынан мамандарды және сарапшыларды тарту
1. Кеден органдары кедендік бақылауды жүргізуге жәрдем ету үшін мүше мемлекеттердің басқа мемлекеттік органдарының мамандары мен сарапшыларын тартуға құқылы.
Мүше мемлекеттердің заңнамасында мұндай мамандарды немесе сарапшыларды тарту осындай заңнамаға сәйкес ресімделетін кеден органының шешімі бойынша белгіленуі мүмкін.
2. Мүше мемлекеттердің басқа мемлекеттік органдарынан тартылатын мамандар мен сарапшылар мемлекеттік, коммерциялық, салықтық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияларды құрайтын мәліметтерді, сондай-ақ сыртқы экономикалық және кеден ісі саласындағы өзге де қызметке қатысушыларға қатысты құпия ақпаратты жария етпеуге міндетті.
3. Мүше мемлекеттердің басқа мемлекеттік органдарынан мамандары мен сарапшыларды тартумен байланысты шығыстар, егер кеден органдарының тапсырмасы бойынша олар орындаған жұмыс олардың қызметтік міндеттерінің аясына кірмесе, осы Кодекстің 346-бабының 6-тармағында айқындалатын тәртіппен өтеледі.
348-бап. Кедендік бақылауды жүргізу үшін қажетті тауарлар мен көлік құралдарына қатысты жүк және өзге де операциялар
1. Кедендік бақылауды жүргізу кезінде кеден органының талабы бойынша декларант, уақытша сақтау қоймасының немесе кеден қоймасының иесі, кеден өкілі және (немесе) тауарларға қатысты өкілеттілігі бар өзге де тұлға кедендік бақылауға жататын тауарларды тасуда (тасымалдауды), өлшеуді жүргізуге немесе өзге тәсілмен тауарлардың санын анықтауды қамтамасыз етуге, тиеуді, түсіруді, қайта тиеуді, зақымданған орамды жөндеуді, орамды ашуды, кедендік бақылауға жататын тауарларды орауды не қайта орауды сондай-ақ осындай тауарлар орналасқан (орналасуы мүмкін) үй-жайларды, ыдыстарды және өзге де орындарды ашуды жүргізуге міндетті.
2. Тасымалдаушы өзі таситын (тасымалдайтын) тауарларға және мұндай тауарларды тасуды (тасымалдауды) жүзеге асыратын көлік құралдарына қатысты жүк және өзге де операциялардың жасалуына жәрдемдесуге міндетті.
3. Тауарлар мен көлік құралдарына қатысты жүк және өзге де операциялар кеден органы үшін қандай да бір шығыстарға әкеп соқтауға тиіс.
349-бап. Кедендік қадағалау
Кеден органдарының лауазымды адамдары тауарларға, соның ішінде кедендік бақылаудың объектілері болып табылатын көлік құралдарына және оларға қатысты жүк және өзге де операциялардың жасалуына, сондай-ақ Одақтың кедендік шекарасы арқылы өтетін және халықаралық әуежайдың кедендік бақылау аймағында немесе транзиттік аймағында болған жеке тұлғаларға тікелей немесе жанама түрде, оның ішінде техникалық құралдарды пайдалана отырып қадағалауды жүзеге асыруға құқылы.
350-бап. Тауарларды есепке алу жүйесінің болуын және тауарлардың есепке алынуын жүргізуді тексеру
1. Кеден органдары осы Кодексте және (немесе) мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген талаптардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында:
1) уәкілетті экономикалық операторлар тізіліміне, кеден ісі саласында қызметін жүзеге асыратын тұлғалар тізіліміне енгізілуге үміткер тұлғаларда және осындай тізілімдерге енгізілген тұлғаларда белгіленген талаптарға сәйкес келетін тауарларды есепке алу жүйесінің бар болуына;
2) кеден ісі саласында қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың, уәкілетті экономикалық операторлардың және тауарлардың есепке алынуын көздейтін кедендік рәсіммен орналастырылған тауарларды иеленетін және (немесе) пайдаланатын тұлғалардың тауарларды есепке алуды жүргізуін тексереді.
2. Белгіленген талаптарға сәйкес келетін тауарларды есепке алу жүйесінің бар болуын тексеру және тауарлардың есепке алынуын жүргізу тәртібі мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес белгіленеді.
VII БӨЛІМ КЕДЕН ОРГАНДАРЫ
47-тарау
Кеден органдары туралы жалпы ережелер
351-бап. Кеден органдары, олардың міндеттері және функциялары
1. Кеден органдары өз құзыреті шегінде Одақтың кедендік шекарасында мынадай міндеттердің орындалуын қамтамасыз етеді:
1) мүше мемлекеттердің ұлттық қауіпсіздігін, адам өмірі мен денсаулығын, жануарлар мен өсімдіктер әлемін, қоршаған ортаны қорғау;
2) Одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды тасуды жылдамдату және оңайлату үшін жағдайлар жасау;
3) кедендік реттеу саласындағы халықаралық шарттардың және актілердің, Одақтың құқығын құрайтын өзге де халықаралық шарттардың және актілердің, мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасын, сондай-ақ сақталуын бақылау кеден органдарына жүктелген мүше мемлекеттер заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету.
2. Кеден органдарына жүктелген міндеттердің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында кеден органдары өз құзыреті шегінде мынадай функцияларды орындайды:
1) кедендік операцияларды жасау және оның ішінде, өзара әкімшілік көмек көрсету шеңберінде кедендік бақылауды жүргізу;
2) кедендік төлемдерді, сондай-ақ арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын өндіріп алу, оларды есептеу дұрыстығын және уақытында төлеуді бақылау, қайтару (есепке жатқызу) және оларды мәжбүрлі өндіріп алу бойынша шаралар қабылдау;
3) кедендік-тарифтік реттеу шараларының, тыйым салулар мен шектеулердің, Одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларға қатысты ішкі нарықты қорғау шараларының сақталуын қамтамасыз ету;
4) Одақтың кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарының өткізілуіне кедендік бақылауды жүргізген кезде қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл;
5) қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және жолын кесу;
6) Одақтың кедендік аумағында зияткерлік меншік объектілерінің құқығын қорғау;
7) кедендік статистиканы жүргізу;
8) мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес экспорттық, радиациялық және мемлекеттік бақылаудың (қадағалаудың) өзге де түрлерін жүзеге асыру.
3. Кеден органдарына Одақ шеңберінде мүше мемлекеттердің заңнамасында және (немесе) халықаралық шарттарда айқындалатын өзге де міндеттер және функциялар жүктелуі мүмкін.
4. Мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес кедендік операцияларды жасаумен және осы Кодекстің 322-бабының екінші - төртінші абзацтарында көрсетілген нысандарда кедендік бақылауды жүргізумен және осы Кодекстің 339-бабында жеке пайдалануға арналған тауарлардың ғана Одақтың кедендік аумағына келуі және (немесе) Одақтың кедендік аумағынан кетуі жүзеге асырылатын және кеден органдары жоқ Одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу орындарында кедендік бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз ететін шараларды қолданумен байланысты кеден органдарының жекелеген функциялары мұндай орындарда бақылау функцияларын жүзеге асыратын мүше мемлекеттердің басқа мемлекеттік органдарына жүктелуі мүмкін.
5. Мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес осы Кодекстің 310-бабының 8-тармағына сәйкес кедендік бақылауды жүргізу мүше мемлекеттердің басқа мемлекеттік органдарына жүктелуі мүмкін.
6. Мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес кедендік төлемдерді, сондай-ақ арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын өндіріп алумен, оларды есептеу дұрыстығын және уақытында төлеуді бақылаумен, қайтарумен (есепке жатқызумен) және оларды мәжбүрлі өндіріп алу бойынша шаралар қабылдаумен байланысты кеден органдарының жекелеген функциялары мүше мемлекеттердің басқа мемлекеттік органдарына жүктелуі мүмкін.
7. Кеден органдарының құқықтары және міндеттері осы Кодексте және мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленеді.
8. Кеден органдарының жүйесі және кеден органдарында қызмет өткеру шарттары мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленеді.
352-бап. Кеден органдарының және олардың лауазымды тұлғаларының жауапкершілігі
1. Кеден органдары мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес заңсыз шешімдері, әрекеттері (әрекетсіздігі) арқылы келтірілген зияны үшін жауаптылықта болады.
2. Кеден органдарының не олардың лауазымды тұлғаларының заңсыз шешімдері, әрекеттері (әрекетсіздігі) арқылы келтірілген шығындар мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес өтеуге жатады.
3. Мүше мемлекеттердің заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, кеден органдары лауазымды тұлғаларының заңды шешімдері, әрекеттері арқылы тұлғаға келтірілген шығындар өтеуге жатпайды.
4. Кеден органдарының лауазымды тұлғалары мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес заңсыз шешімдер, әрекеттер (әрекетсіздігі) үшін тәртіптік, әкімшілік қылмыстық және өзге де жауаптылықта болады.
353-бап. Кедендік инфрақұрылым
1. Кедендік инфрақұрылымға кедендік бақылаудың техникалық құралдарымен, инженерлік, ақпараттық, телекоммуникациялық жүйелермен және оларды қамтамасыз ету құралдарымен жабдықталған (бұдан әрі осы бапта - кедендік инфрақұрылымның элементтері) ғимараттар, құрылысжайлар, үй-жайлар, ашық алаңдар және кеден органдарының қызметін қамтамасыз ететін әлеуметтік мақсаттағы объектілер жатады.
2. Кедендік инфрақұрылымның элементтері мынадай орындарда:
1) Одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу орындарында;
2) мүше мемлекеттер кеден органдарының жүйесіне кіретін кеден органдары және мекемелері орналасқан орындарда;
3) аумағында кедендік операциялар және кедендік бақылау жүргізілуі мүмкін өзге де орындарда орналасуы мүмкін,
3. Одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу орындарда орналасқан кедендік инфрақұрылым элементтерінің жайластырылуына және техникалық жарақтандырылуына қойылатын үлгілік талаптарды кеден органдарының қызметін қамтамасыз етуге байланысты олардың функционалдық мақсаттағы ерекшеліктерін ескере отырып, Комиссия анықтайды.
4. Мүше мемлекеттердің кеден органдарының жүйесіне кіретін кеден органдары және мекемелер орналасқан орындарда және аумағында кедендік операциялар жасалуы және кедендік бақылау жүргізілуі мүмкін өзге аумақтарда кедендік инфрақұралым элементтерінің жайластырылуына және техникалық жарақтандырылуына қойылатын талаптар мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес белгіленеді.
5. Одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу орындарында кедендік инфрақұрылымның даму үрдісін және серпінін, жай-күйін талдay, мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияға және таратылуы шектелген мәліметтерге жатпайтын мәліметтерді қамтымайтын белгілі бір кезең уақытында кеден органдары ұсынатын Одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарлар мен көлік құралдарының өткізілуі туралы жалпыланған мәліметтердің негізінде Комиссия жүргізеді.
Көрсетілген мәліметтердің құрамын, олардың құрылымын және форматын, сондай-ақ оларды ұсыну кезеңділігі мен тәртібін Комиссия анықтайды.
Кедендік инфрақұрылымның даму үрдісі және серпіні, жағдайы туралы ақпарат Одақтың ресми сайтында Интернет желісінде орналастырылады.
354-бап. Кеден органдарының құқық қорғау қызметі
1. Кеден органдары мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес іс жүргізу кеден органдарының жүргізуіне жатқызылған қылмыстар немесе қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша анықтау және (немесе) тергеу органдары болып табылады.
2. Кеден органдары мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес қылмыстар деп танылған, кұқыққа қарсы әрекетті дайындайтын, жасайтын немесе жасаған тұлғаларды анықтау, үшінші тараппен мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарына сәйкес Одақтың мүшелері болып табылмайтын мемлекеттердің халықаралық ұйымдарының, кеден және өзге құзыретті органдардың сұрау салуларын орындау мақсатында жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырады.
Жедел-іздестіру қызметін мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес кеден органдары жүзеге асырады.
3. Кеден органдары әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша әкімшілік процесті жүргізеді (іс жүргізуді жүзеге асырады) және мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес тұлғаларды әкімшілік жауаптылыққа тартады.
4. Қылмыстардың және әкімшілік құқық бұзушылықтардың түрлері (құрамы), сондай-ақ қылмыстық және (немесе) әкімшілік жауаптылыққа тұлғаларды тарту тәртібі және қағидалары, Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарда көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленеді.
5. Қылмыстық істер және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша кеден органдарының өзара іс-қимылы және құқықтық көмек Одақтың шеңберіндегі халықаралық шарттарға және (немесе) үшінші тараппен мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
355-бап. Одақтың кедендік шекарасын тастап кеткен су және әуе кемелерін ұстау (қайтару) және көлік құралдарын тоқтату бойынша кеден органдарының құқығы
1. Кеден органдары көлік құралдарын тоқтатуға, сондай-ақ кеден органының рұқсатынсыз Одақтың кедендік аумағын тастап кеткен су және әуе кемелерін мәжбүрлеп қайтаруға құқылы.
Автомобиль көлік құралдарын кедендік бақылау аймағынан тыс жерде тоқтатқан жағдайда, кедендік бақылау жүргізу уақыты осындай тоқтау сәтінен бастап 2 сағаттан аспауы тиіс.
2. Одақтың кедендік шекарасынан тыс орналасқан су және әуе кемелерін ұстау (қайтару) бойынша кеден органдарының әрекеті үшінші тараппен мүше мемлекеттердің жасаған халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
356-бап. Кеден органдары алған ақпаратқа қатысы
1. Кеден органдары осы Кодекске, кедендік реттеу саласындағы өзге халықаралық шарттарға және актілерге, үшінші тараппен мүше мемлекеттердің жасаған халықаралық шарттарына және (немесе) мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес алған кез келген ақпаратты кеден органдары жүктелген міндеттер мен функцияларды орындау үшін ғана пайдаланылады.
2. Осы Кодекске, кедендік реттеу саласындағы өзге халықаралық шарттарға және актілерге, үшінші тараппен жасаған мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарына және (немесе) мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес осы баптың 1-тармағында көрсетілген ақпаратқа қолжетімділікті алған кеден органдары, олардың лауазымды тұлғалары жариялауға жеке мақсатта пайдалануға не өзге тұлғаларға, оның ішінде мүше мемлекеттердің заңнамасында қорғалатын мемлекеттік, коммерциялық, салықтық, банктік және өзге құпияны құрайтын ақпаратты, сондай-ақ Осы Кодекске, кедендік реттеу саласындағы өзге халықаралық шарттарға және актілерге, үшінші тараппен жасаған мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарына және (немесе) мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес белгіленетін жағдайларды қоспағанда, басқа құпия ақпаратты мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарына беруге құқығы жоқ.
3. Егер көрсетілген органдарға мұндай ақпарат осы мүше мемлекеттердің заңнамасында өздеріне жүктелген міндеттерді орындау үшін қажет болса, бір мүше мемлекеттің кеден органдары өздеріне ұсынылған ақпаратты, сонымен қатар алдын ала ақпаратты осындай мүше мемлекеттің мемлекеттік, коммерциялық, банктік, салықтық және заңмен қорғалатын өзге де құпиясын сақтай отырып, не басқа да құпия ақпаратты қорғау жөніндегі заңнама талаптарын немесе осы Кодекстің 49-тарауына сәйкес алынған ақпаратқа қатысты, сондай-ақ осы Кодекстің 375-бабының талаптарына сәйкес оларды осы мүше мемлекеттің мемлекеттік органдарына береді.
357-бап. Кеден органдары қабылдаған шешімдерді және кедендік бақылауды жүргізу нәтижелерін өзара тану
Кедендік операцияларды жасау кезінде қабылданған кеден органдарының шешімдері және белгіленген тәртіппен ресімделген кедендік бақылауды жүргізу нәтижелері, осы Кодекспен белгіленген жағдайлары қоспағанда, мүше мемлекеттерде өзара танылады және Одақтың кедендік аумағында заңдық күші бірдей.
358-бап. Кеден органдарының және оның лауазымды тұлғаларының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану
Кез келген тұлға кеден органдарының әрекетіне (әрекетсіздігіне) кеден органының немесе кеден органының лауазымды тұлғаларының шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымданатын мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіпте және мерзімде шағымдануға құқылы.
359-бап. Кеден органының алдын ала шешім қабылдауы және кеңес беруі
1. Кеден органы өтеусіз негізде кеден органының құзыретіне кіретін кедендік реттеу саласындағы халықаралық шарттарды және актілерді қолдану мәселелері жөнінде және өзге де мәселелер жөнінде тұлғаларға кеңес беруді жүзеге асырады.
2. Кеден органының лауазымды тұлғалары кеңес беруді жүзеге асыру кезінде кеден органының атынан кедендік декларацияларды және өзге де құжаттарды тексермейді, олар осы Кодекске және кедендік реттеу саласындағы өзге халықаралық шарттарға және актілерге сәйкес кеден органына ұсынуға жатады, сондай-ақ құжаттарды және кедендік декларацияларды қамтымайды.
Көрсетілген құжаттарды толтыру мәселелері бойынша кеңес беру тұлға ұсынған ақпаратты және осындай құжаттарды тексерусіз жүзеге асырады.
3. Кеңес беруді жүзеге асыру кезінде тұлға ұсынған ақпарат, тауарларға қатысты кедендік операцияларды жасау кезінде кеден органының немесе лауазымды тұлғаның әрекеттерін (әрекетсіздігін) жасау немесе шешім қабылдау үшін негіздеме болып табылмайды.
4. Кеңес беруді жүзеге асыру тәртібі мен мерзімін кеден органдары мүше мемлекеттердің заңнамасында белгілейді.
5. Кеден органдары тауарларды сыныптау туралы, тауарлардың шығарылған жері туралы, осы Кодекске сәйкес әкелінетін тауарлардың кедендік құнын айқындау әдістерін қолдану мәселелері бойынша, сондай-ақ Комиссия айқындайтын өзге мәселелер бойынша мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес белгіленетін тәртіпте, егер осындай тәртіпті Комиссия айқындамаса, алдына ала шешім қабылдайды.
360-бап. Кедендік статистиканы жүргізу, кедендік статистиканың деректерін пайдалану және ұсыну
1. Кеден органдары кедендік статистиканы жүргізеді, оған Одаққа мүшелер болып табылмайтын мемлекеттермен мүше мемлекеттердің тауарларымен сыртқы сауда кедендік статистикасы (бұдан әрі осы бапта - тауарлар сыртқы саудасының кедендік статистикасы) және арнайы кедендік статистика кіреді.
Мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес тауарлардың сыртқы сауда кедендік статистикасын жүргізу осы мемлекеттің өзге де мемлекеттік органдарына жүктелуі мүмкін.
2. Кедендік статистиканы жүргізу үшін кеден органдарының ақпараттық ресурстары қолданылады.
3. Тауарлар сыртқы саудасының кедендік статистикасының деректері Одаққа мүшелер болып табылмайтын мемлекеттермен мүше мемлекеттердің тауарларымен сыртқы саудасының жай-күйін, қарқынын және даму беталысын талдау мақсатында қалыптастырылады.
Тауарлар сыртқы саудасының кедендік статистикасын жүргізу Комиссия бекіткен әдіснамаға сәйкес жүзеге асырылады.
Тауарлар сыртқы саудасының кедендік статистикасын жүргізу тәртібі мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес белгіленеді.
4. Кеден органдары тауарлар сыртқы саудасының кедендік статистикасы деректерін, оның ішінде ішкі нарықты қорғау шараларын қолдану немесе қайта қарау туралы өтінішті Одақ шеңберіндегі халықаралық шартта, мүше мемлекеттердің үшінші тараппен халықаралық шарттарында белгіленген және (немесе) мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленетін тәртіппен тұлғаларға және халықаралық ұйымдарға беру үшін ұсынады.
5. Арнайы кедендік статистика деректері кеден органдарына жүктелген міндеттерді орындау мақсатында қалыптастырылады және пайдаланылады.
Арнайы кедендік статистиканы жүргізу тәртібі мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес белгіленеді.
361-бап. Кеден органдарының тұлғалар туралы ақпаратты жинауы
1. Кеден органдары мынадай:
1) ұйымның құрылтайшылары, акционерлері, басшылары және бас бухгалтерлері туралы;
2) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу не тұлғаны дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу туралы;
3) кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін пайдаланылатын мүлік құрамы туралы;
4) ашылған банктік шоттар туралы;
5) тұлғаның сыртқы экономикалық қызметі туралы;
6) ұйымның және оның филиалдарының орналасқан жері туралы;
7) салық төлеуші ретінде салық органында есепке қойылғаны және салық төлеушінің идентификаттау (есептік, тіркеу) нөмірі туралы;
8) уәкілетті экономикалық операторлар тізіліміне енгізілген не осындай тізілімге енуге үміткер заңды тұлғалардың қаржылық тұрақтылығы туралы;
9) уәкілетті экономикалық операторлар тізіліміне енгізілген не осындай тізілімге енуге үміткер заңды тұлғалардың мүше мемлекеттердің салықтар және алымдар туралы заңнамасына (салық заңнамасы) сәйкес берешегі (бересі) туралы;
10) жеке тұлғалар туралы: дербес деректер (тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде), күні және туған жері, жынысы, тұрғылықты мекенжайы, жеке басын куәландыратын құжаттың деректемелері, жеке тұлғаның жеке (жеке сәйкестендіру) нөмірін (болған кезде), салық төлеушінің сәйкестендіру (тіркеу, есептік) нөмірін (болған кезде) қоса алғанда, осы тұлғалардың Одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарлар өткізу жиілігі туралы;
11) уәкілетті экономикалық операторлар тізіліміне енуге үміткер не осындай тізілімге енгізілген заңды тұлғаның акционерлері, оның құрылтайшылары (қатысушылары), басшылары, бас бухгалтерлері болып табылатын мүше мемлекеттердің жеке тұлғаларын іс жүргізуі кеден және өзге де мемлекеттік органдардың жүргізуіне жатқызылған қылмыстар немесе қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы мәліметтерді қоса алғанда, Одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өтізу мен байланысты сыртқы экономикалық қызметті не кедендік бақылаудағы тауарларға қатысты өзге де қызметті жүзеге асыратын тұлғалар туралы ақпаратты жинауға құқылы.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген тұлғалар туралы ақпаратты жинауды кеден органдары кедендік операцияларды жасау кезінде және оны мүше мемлекеттердің басқа мемлекеттік органдарынан алу арқылы жүргізеді.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген тұлғалардың кеден органдарындағы өзі туралы құжатталған ақпаратпен танысуға және оның толықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз ету мақсатында нақтылауға құқығы бар.
362-бап. Құжаттар және (немесе) мәліметтер алмасу
1. Осы Кодексте, кедендік реттеу саласындағы өзге де халықаралық шарттарда және актілерде көзделген жағдайларда кеден органдары мен декларанттар, тасымалдаушылар, кеден ісі саласында қызметті жүзеге асыратын тұлғалар, уәкілетті экономикалық операторлар және кедендік операцияларды жасайтын өзге де тұлғалар арасындағы құжаттар және (немесе) мәліметтер алмасу электрондық нысанда немесе құжаттарды және (немесе) мәліметтерді қағаз жеткізгіште ұсыну (жолдау) арқылы жүзеге асырылады.
2. Электрондық нысанда электрондық құжаттар және (немесе) мәліметтер алмасу кеден органдарының ақпараттық жүйелері мен осы баптың 1-тармағында көрсетілген тұлғалардың ақпараттық жүйелерінің өзара іс-қимыл жасауы арқылы не Интернет желісі ресурстарын пайдалана отырып жүзеге асырылады.
3. Құжаттарды және (немесе) мәліметтерді қағаз жеткізгіште ұсыну (жолдау) арқылы құжаттар және (немесе) мәліметтер алмасу электрондық нысанда құжаттар және (немесе) мәліметтер алмасуға техникалық мүмкіндік болмаған жағдайда, сондай-ақ осы Кодексте кедендік реттеу саласындағы өзге де халықаралық шарттарда және актілерде және (немесе) мүше мемлекеттердің заңнамасында көзделген жағдайларда жүзеге асырылады.
363-бап. Кеден органдарының сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыратын тұлғалармен (сыртқы экономикалық қызметке қатысушылармен), уәкілетті экономикалық операторлармен, кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалармен, олардың қауымдастықтарымен және бірлестіктерімен өзара қарым - қатынасы
1. Кеден органдары кедендік реттеуді жетілдіру және кедендік реттеу саласындағы халықаралық шарттардың және актілердің жобаларын көпшілік талқылay мақсатында сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыратын тұлғалармен (сыртқы экономикалық қызметке қатысушылармен), уәкілетті экономикалық операторлармен, кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалармен, олардың қауымдастықтарымен және бірлестіктерімен консультациялық сипаттағы ресми қарым-қатынасты белгілейді және қолдайды.
2. Кеден органдары кедендік бақылаудың тиімділігін арттыру үшін сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыратын тұлғалармен (сыртқы экономикалық қызметке қатысушылармен), уәкілетті экономикалық операторлармен, кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалармен, олардың қауымдастықтарымен және бірлестіктерімен өзара іс-қимыл жасайды.
3. Кеден органдары мен сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыратын тұлғалар (сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар). Уәкілетті экономикалық операторлар, кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалар, олардың қауымдастықтары және бірлестіктері арасындағы консультациялық сипаттағы ресми қарым-қатынасты белгілеу және қолдау және кедендік бақылаудың тиімділігін арттыру мақсатында өзара іс-қимыл жасау үшін кеден органдарының жанында консультациялық органдар құрылуы және мұндай өзара іс-қимыл тәртібін реттейтін құжаттар қабылдануы мүмкін.