7) үй-жайларға, қоймаларға, архивтерге және көшпелі кедендік тексеру жүргізіліп жатқан құжаттардың және тауарлар орналасқан (сақталған) өзге де жерлерге сүргі салуға;
8) тексерілетін тұлғаның өкілдерінен жеке басын куәландыратын құжаттарды және (немесе) өкілеттіктерді растайтын құжаттарды ұсынуды талап етуге;
9) тексерілетін тұлғаның ақпараттық жүйелерінің базаларына және деректер банкіне өз құзыреті шегінде қолжетімділік алуға;
10) тексерілетін тұлғадан тексеруге жататын мәселелер шеңберінде қажетті құжаттарды (олардың көшірмелерін), оның қызметіне және мүлкіне қатысты өзге де ақпаратты, соның ішінде электрондық нысанда талап етуге және алуға құқығы бар. Егер осы құжаттар (олардың көшірмелері) мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес көшпелі кедендік тексеру жүргізілетін орында болмауға тиіс болса, кеден органының лауазымды адамы оларды ұсыну үшін жеткілікті, бірақ кемінде 3 жұмыс күн болатын мерзімді белгілейді;
11) техникалық құралдарды (оның ішінде аудио- және бейне жазбаларды, фототүсірілімді жүзеге асыратын аппаратураны), сондай-ақ тексерілетін тұлға электрондық нысанда ұсынған ақпаратты өңдеуге арналған бағдарламалық өнімдерді пайдалануға;
12) мүше мемлекеттердің заңнамасында көзделген өзге де әрекеттерді жүзеге асыруға құқығы бар.
3. Кеден органының лауазымды адамдары кедендік тексеруді жүргізу кезінде:
1) тексерілетін тұлғаның құқықтарын және заңды мүдделерін сақтауға, заңсыз шешімдермен және әрекеттермен (әрекетсіздікпен) тексерілетін тұлғаға зиян келтіруге жол бермеуге;
2) осы Кодекстің 356-бабына сәйкес кедендік тексеруді жүргізу кезінде алынған ақпаратты пайдалануға;
3) мүше мемлекеттердің заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, кедендік тексерулер жүргізу кезінде алынған және жасалған құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуге, олардың мазмұнын тексерілетін тұлғаның келісімінсіз жария етпеуге;
4) қызмет этикасын сақтауға;
5) тексерілетін тұлғаға оның кедендік тексеру жүргізу, кедендік сараптама тағайындау, тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеу кезіндегі құқықтары мен міндеттері туралы, сондай-ақ кедендік тексеруді жүргізу кезінде кеден органының лауазымды адамдарының құқықтары мен міндеттері туралы аппарат беруге;
6) көшпелі кедендік тексеруді жүргізу кезеңінде тексерілетін тұлғаның белгіленген жұмыс режимін бұзбауға;
7) тексерілетін тұлғаның талабы бойынша осы Кодекстің және мүше мемлекеттер заңнамасының көшпелі кедендік тексеруді жүргізу тәртібіне қатысты ережелері туралы қажетті ақпаратты беруге;
8) көшпелі кедендік тексеруді жүргізу кезінде тексерілетін тұлғаның өкілдеріне көшпелі кедендік тексеруді жүргізу туралы шешімді (ұйғарымды) және өздерінің қызметтік куәліктерін көрсетуге;
9) мүше мемлекеттердің заңнамасында көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
336-бап. Тексерілетін тұлғаның кедендік тексеру жүргізу кезіндегі құқықтары мен міндеттері
1. Тексерілетін тұлға кедендік тексеру жүргізу кезінде:
1) кеден органдарынан осы Кодекстің және мүше мемлекеттер заңнамасының кедендік тексерулерді жүргізу тәртібіне қатысты ережелері туралы ақпаратты сұратуға және алуға;
2) кедендік реттеу саласындағы халықаралық шарттар мен актілердің және (немесе) мүше мемлекеттер заңнамасының сақталғанын растайтын өзінің билігіндегі барлық құжаттар мен мәліметтерді ұсынуға;
3) мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген тәртіппен кеден органдарының шешімдеріне және әрекеттеріне (әрекетсіздіктеріне) шағымдануға;
4) көшпелі кедендік тексеруді жүргізетін кеден органының лауазымды адамдарынан көшпелі кедендік тексеруді жүргізу туралы шешімді (ұйғарымды) және қызметтік куәліктерін көрсетуді талап етуге;
5) көшпелі кедендік тексеруді жүргізу кезінде қатысуға және көшпелі кедендік тексеру нысанасына қатысты мәселелер бойынша түсіндірулер беруге;
6) мүше мемлекеттердің заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды пайдалануға құқылы.
2. Тексерілетін тұлға кедендік тексеру жүргізу кезінде:
1) көшпелі кедендік тексеру жүргізілетін тауарларды көрсету мүмкіндігі бар болған кезде мұндай тауарларды көрсетуге;
2) кеден органының талабы бойынша белгіленген мерзімде қағаз тасымалдағышта, қажет болған кезде өзге де тасымалдағышта құжаттар мен мәліметтерді ұсынуға;
3) көшпелі кедендік тексеруді жүргізетін кеден органының лауазымды адамдарының және мұндай тексеруді жүргізуге қатысу үшін тартылатын лауазымды адамдардың тексерілетін тұлғаның объектілеріне кедергісіз қолжетімділігін қамтамасыз етуге және оларға жұмыс орнын ұсынуға;
4) егер кедендік тексеру мақсаттары үшін қажетті құжаттама кеден органы кедендік тексеруді жүргізіп отырған мүше мемлекеттің мемлекеттік тілінен өзге тілде жасалса, - кедендік тексеруді жүргізетін кеден органының лауазымды адамдарына көрсетілген құжаттаманың аудармасын ұсынуға;
5) көшпелі кедендік тексеруді жүргізу туралы шешімді (ұйғарымды) ұсынған күннен бастап күнтізбелік 2 күннен кешіктірмей кедендік тексеруді жүргізетін кеден органының лауазымды адамдарына құжаттар мен мәліметтерді ұсыну үшін жауапты тұлғалар аясын айқындауға;
6) көшпелі кедендік тексеруді жүргізу кезінде түгендеудің жүргізілуін қамтамасыз етуге;
7) көшпелі кедендік тексеруді жүргізетін кеден органының лауазымды адамдар кедендік сараптаманы тағайындау туралы шешімі қабылдаған жағдайда тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеп алу мүмкіндігін қамтамасыз етуге;
8) көшпелі кедендік тексеруді жүргізетін кеден органының лауазымды адамдарының талабы бойынша тексерілетін тұлғаның қызметі мәселелері бойынша жазбаша және ауызша түсіндірулер беруге, сондай-ақ анықтамалар мен есептеулер беруге;
9) мүше мемлекеттердің заңнамасында көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
337-бап. Кедендік тексеруді жүргізу үшін қажетті құжаттар мен мәліметтерді ұсыну
1. Мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдары кеден органының сұрау салуы бойынша ұйымдарды және дара кәсіпкерлерді тіркеуге, салықтарды төлеуге және есептеуге қатысты өздерінің иелігіндегі құжаттарды және мәліметтерді, бухгалтерлік есеп және есептілік деректерін және (немесе) құжаттарын, сондай-ақ кедендік тексеруді жүргізу үшін қажетті, оның ішінде коммерциялық, банктік, салықтық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын өзге де құжаттарды және мәліметтерді мүше мемлекеттердің мемлекеттік, коммерциялық, банктік, салықтық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғау туралы заңнамасының талаптарын сақтай отырып ұсынады.
2. Мүше мемлекеттердің банктері, банктік емес кредиттік (кредиттік-қаржы) ұйымдары және банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдары кеден органының талабы бойынша мүше мемлекеттердің ұйымдары мен дара кәсіпкерлерінің банк шоттарының бар болуы және нөмірлері туралы құжаттарды және мәліметтерді, сондай-ақ мұндай ұйымдар мен дара кәсіпкерлердің шоттары бойынша ақшалай қаражат қозғалысына қатысты кедендік тексеру жүргізу үшін қажетті, соның ішінде мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес банктік құпиясы бар құжаттарды және мәліметтерді ұсынады.
3. Тексерілетін тұлғамен кедендік тексеру жүргізілетін тауарлармен мәмілелер (операциялар) бойынша байланысты тұлғалар кеден органының талабы бойынша тексерілетін тұлғамен немесе сол тауарлармен мәмілелерге (операцияларға) қатысы бар үшінші тұлғалармен жүргізілетін операциялар және есептеулер бойынша кедендік тексеруді жүргізу үшін қажетті құжаттардың көшірмелерін және өзге де ақпаратты ұсынуға міндетті.
46-тарау
Кедендік бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз ету шаралары және оларды қолдану
338-бап. Кедендік бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз ету шаралары
1. Кедендік бақылауды жүргізу кезінде кедендік бақылау объектілеріне қарай кеден органдары осы Кодекске сәйкес кедендік бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз ететін мынадай шараларды;
1) ауызша сауалнама өткізуге;
2) кедендік бақылау жүргізу үшін қажетті құжаттарды және (немесе) мәліметтерді сұратуға, талап етуге және алуға;
3) кедендік сараптаманың жүргізілуін тағайындауға, тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеп алуға;
4) тауарлардың, құжаттардың, көлік құралдарының, үй-жайлардың және басқа орындардың идентификаттауын жүзеге асыруға;
5) кеден органдарының кедендік бақылаудың техникалық құралдарын, өзге техникалық құралдарын, су және әуе кемелерін пайдалануға;
6) кедендік алып жүруді қолдануға;
7) тауарларды тасымалдау маршрутын белгілеуге:
8) кедендік бақылаудағы тауарлардың, олармен жасалатын кедендік операциялардың есебін жүргізуге;
9) маманды тартуға;
10)мүше мемлекеттердің басқа мемлекеттік органдарының мамандарын және сарапшыларың тартуға;
11) тауарлар мен көлік құралдарына қатысты жүк және өзге операциялардың жасалуын талап етуге;
12) кедендік қадағалауды жүзеге асыруға;
13) тауарларды есепке алу жүйесінің болуын және тауарларды есепке алудың жүргізілуін тексеруге;
14) мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында белгіленетін кедендік бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз ететін өзге де шараларды қолдануға құқылы.
2. Кедендік бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз ететін шаралар дербес немесе кедендік бақылау нысандарының қолданылуын қамтамасыз ету үшін қолданылады.
3. Кедендік бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз ететін шаралар осы тарауға сәйкес, ал кедендік сараптаманың жүргізілуін тағайындау - осы Кодекстің 53-тарауына сәйкес қолданылады.
339-бап. Ауызша сауалнама
Кедендік бақылауды жүргізу үшін маңызы бар мәліметтерді алу мақсатында кеден органдарының лауазымды адамдары жеке тұлғалармен, олардың өкілдерімен, сондай-ақ ұйымдардың өкілдері болып табылатын адамдармен, сауалнама нәтижелерін ресімдеместен, ауызша сауалнама жүргізуге құқылы.
340-бап. Кеден органдарының кедендік бақылау жүргізу үшін қажетті құжаттарды және (немесе) мәліметтерді сұратуы, талап етуі және алуы
1. Кеден органдары декларанттан, кеден ісі саласында қызметті жүзеге асыратын тұлғаларды кедендік бақылау жүргізу үшін қажетті құжаттарды және (немесе) мәліметтерді кедендік бақылауды жүргізген кезде сұратуға, ал осы Кодексте белгіленген жағдайларда - талап етуге, сондай-ақ сұрау салынатын (талап етілген) құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсыну үшін жеткілікті болуға тиіс оларды ұсынудың мерзімін белгілеуге құқылы.
2. Сұрау салынатын (талап етілген) құжаттардың және (немесе) мәліметтердің тізбесін кеден органы мәміле шарттарын, тауар сипатын, оның мақсатын, сондай-ақ өзге де мән-жайларды ескере отырып, тексерілетін құжаттарға және (немесе) мәліметтерге сүйене отырып айқындайды.
3. Кеден органы құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсыну туралы сұрау салуда (талапта) белгілеген мұндай құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсыну мерзімі сұрау салу (талап), оның ішінде жоғалтып алған құжаттарды қалпына келтіру үшін жолданған тұлғаның уәждемелі өтінішінің негізінде ұзартылуы мүмкін. Құжаттардың және (немесе) мәліметтерді ұсыну ұзартылатын мерзім сұрау салу жолданған тұлғаның өтініші негізінде айқындалады, бірақ құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсынудың кеден органы белгілеген мерзімі өткен күннен бастап 2 айдан аспауы тиіс.
4. Кедендік бақылауды кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеру нысанында жүргізген кезде кеден органы осы Кодекстің 326-бабында көзделген құжаттар және (немесе) мәліметтер осы бапқа сәйкес сұратылған жағдайларды қоспағанда, осы Кодекстің 325-бабына сәйкес құжаттарды және (немесе) мәліметтерді сұратады.
5. Кеден органдары сұратқан құжаттар түпнұсқалар немесе олардың көшірмелері, оның ішінде, егер кедендік реттеу саласындағы халықаралық шарттар мен актілерде құжаттардың түпнұсқаларын міндетті түрде ұсыну белгіленбесе, электрондық құжаттардың қағаз көшірмелері түрінде ұсынылады.
Ұсынылған құжаттардың көшірмелерін оларды ұсынған тұлғалар куәландыруға тиіс.
Кеден органдары ұсынылған құжаттардың көшірмелерін олардың түпнұсқалармен сәйкес келуін тексеруге құқылы.
Егер ұсынылған құжаттар құжаттарды кеден органы сұратқан мүше мемлекеттің мемлекеттік тілінен өзге тілде жасалған жағдайда, оларды ұсынған тұлғалар кеден органы лауазымды адамының талабы бойынша көрсетілген құжаттардың аудармасын қамтамасыз етуге міндетті.
6. Декларант, тасымалдаушы, кеден ісі саласында қызметі жүзеге асыратын тұлғалар, және өзге тұлғалар кеден органдарына кедендік бақылау жүргізу үшін қажетті құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ауызша, жазбаша және (немесе) электрондық нысандарда ұсынуға міндетті.
7. Кеден органдары мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарынан, сондай-ақ мүше мемлекеттердің өзге ұйымдарынан мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес кедендік бақылау жүргізу үшін қажетті құжаттарды және (немесе) мәліметтерді сұратуға және алуға құқылы.
8. Кедендік бақылауды жүргізу үшін кеден органдары мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес банктерден және банктік емес кредиттік (кредиттік-қаржы) ұйымдардан және банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан жүзеге асырылатын мәмілелер бойынша ақша операциялары туралы құжаттарды және (немесе) мәліметтерді алуға құқылы.
341-бап. Тауарларды, құжаттарды, көлік құралдарын, сондай-ақ үй-жайларды және басқа орындарды идентификаттау
1. Кедендік бақылаудағы тауарларды және оларға құжаттарды, көлік құралдарының жүк тиейтін орынжайларды (бөліктерді), кедендік бақылауға жататын тауарлар орналасқан немесе орналасуы мүмкін орынжайларды, ыдыстарды және өзге орындарды кеден органдары идентификаттау құралдарын қолдану арқылы, сондай-ақ тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілері іріктеу, тауарларды толық сипаттау, сызбаларды жасау, ауқымды бейнелерді, фотографияларды, иллюстрацияларды жасау, тауарға ілеспе құжаттаманы және өзге құжаттаманы пайдалану арқылы, сондай-ақ өзге де тәсілдермен идентификаттауы мүмкін.
2. Идентификаттау құралдарына пломбалар, мөрлер, цифрлық, әріптік және өзге де маркалау, идентификаттау белгілері, мөртаңбалар, сынамалар сейфті-пакеттер және тауарлардың идентификатталуын қамтамасыз ететін өзге де құралдар жатады.
Кеден органдары пайдаланатын идентификаттау құралдарын қолдану тәртібі және оларға қойылатын талаптар мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасына сәйкес белгіленеді.
3. Мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында кеден органдары пайдаланатын идентификаттау тәсілдерін қолдану тәртібі, оның ішінде осы Кодекстің 167, 180, 192, 206 және 214-баптарында көзделген идентификаттау тәсілдерін қолдану тәртібі белгіленуі мүмкін.
4. Идентификаттау құралдары ретінде кеден органдары пломбаларды, мөрлерді немесе Одақтың мүшелері болып табылмайтын мемлекеттердің кеден органдары, сондай-ақ тауарлардың немесе тасымалдаушылардың жөнелтушілері қолданатын өзге де идентификаттау құралдарын тануы мүмкін.
5. Тауарлардың жойылуының, қайтарымсыз жоғалуының немесе елеулі түрде бүлінуінің нақты қаупі болған жағдайларды қоспағанда, идентификаттау құралдарын тек кеден органдары немесе олардың рұқсатымен өзгерілуі, алып тасталуы, жойылуы немесе ауыстырылуы мүмкін. Көрсетілген жағдайларда кеден органына идентификаттау құралдарының өзгертілгені, алып тасталғаны, жойылғаны немесе ауыстырылуы туралы тез арада хабарланады және аталған қауіптің бар екендігіне дәлелдер ұсынылады.
Кеден органының идентификаттау құралдарын өзгертуі, алып тастауы, жоюы немесе ауыстыруы Комиссия айқындайтын нысанда идентификаттау құралдарының өзгеруі, алып тасталуы, жойылуы немесе ауыстырылуы туралы актісін жасау арқылы не кеден органына ұсынылған көліктік (тасымалдау), коммерциялық немесе кедендік құжаттарда қойылған идентификаттау құралдарының өзгеруі, алып тасталуы, жойылуы немесе ауыстырылуы туралы белгілер қоюмен ресімделеді.
342-бап. Кеден органдарының кедендік бақылаудың техникалық құралдарын, өзге де техникалық құралдарын, су және әуе кемелерін пайдалану
1. Кеден органдары кедендік бақылауды жүргізу кезінде кедендік бақылаудың техникалық құралдарын (жабдық, аспаптар, өлшеу құралдары, құрылғылар және керек-жарақтар) және өзге де техникалық құралдарды пайдалануы мүмкін.
Кедендік бақылаудың техникалық құралдарын қолдану тізбесі және тәртібі мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында белгіленеді.
2. Кедендік бақылаудың техникалық құралдары адамның, жануарлардың және өсімдіктердің өміріне және денсаулығына қауіпсіз болуға және адамдарға, тауарларға және көлік құралдарына зиян келтірмеуге тиіс.
3. Комиссия кеден органдары пайдаланатын кедендік бақылаудың жекелеген техникалық құралдарына қойылатын үлгілік техникалық талаптар бойынша ұсынымдарды қабылдауға құқылы.
4. Кедендік бақылаудың техникалық құралдарын кеден органдары мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес кеден органдары жүзеге асыратын мемлекеттік бақылаудың (қадағалаудың) өзге түрлерін жүргізу кезінде пайдалануы мүмкін.
5. Одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларға қатысты кедендік бақылау кеден органдарының су және әуе кемелерін пайдаланумен жүргізілуі мүмкін.
Кедендік бақылау жүргізу мақсатында кеден органдарының су және әуе кемелерін пайдалану тәртібі мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленеді.
343-бап. Кедендік алып жүру
1. Кеден органдары кедендік бақылаудағы тауарлардың Одақтың кедендік аумағы бойынша тасымалдануын қамтамасыз ету мақсатында кедендік алып жүруді қолданады.
2. Кедендік алып жүру кедендік бақылаудағы тауарларды тасымалдайтын көлік құралдарын немесе кедендік бақылаудағы көлік құралдарын кедендік алып жүруді білдіреді.
3. Кедендік алып жүруді кеден органдарының лауазымды адамдары не мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес айқындалған ұйымдар жүзеге асырады.
4. Кеден органдары кедендік алып жүруді:
1) кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тауарлар мынадай жағдайларда:
осы Кодекстің 146-бабына сәйкес кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын төлеу бойынша міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ұсынылмаған не осы Кодекстің 146-бабына сәйкес айқындалған мөлшерден кем мөлшерде мұндай міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ұсынылған;
тасымалдаушы, егер көрсетілген қаулылардың кемінде біреуі орындалмаса, әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы заңды күшіне енген қаулыларда белгілі болған кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды тасымалдау кезінде міндетті бірнеше рет орындамаған;
тасымалдаушы осы Кодекстің 153-бабына сәйкес кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын төлеу бойынша міндетті белгіленген мерзімде орындамаған;
Одақтың құқығын құрайтын халықаралық шарттарды және актілерді және (немесе) мүше мемлекеттердің заңнамасын сақтамау белгілері анықталған кездегі өзге де жағдайларда тасымалданған кезде;
2) осы Кодекске сәйкес мұндай тауарлар Одақтың кедендік аумағы арқылы кедендік транзит кедендік рәсіміне орналастырылмай тасымалдануы мүмкін болғанда кедендік бақылаудағы шетел тауарларын тасымалдау кезінде қолдануға құқылы.
5. Егер бірінші немесе үшінші үлгідегі куәлігі бар уәкілетті экономикалық оператор кедендік транзит кедендік рәсіміне орналастырылатын тауарлардың декларанты болса, осы баптың 4-тармағы 1-тармақшасының бесінші абзацының ережелері қолданылмайды.
6. Кеден органы кедендік алып жүруді қолдану туралы шешімді қабылдаған жағдайда кеден органы тасымалдаушыға мұндай шешімнің қабылданғаны туралы хабарлайды және кедендік алып жүруді мұндай шешім қабылданған кезден бастап 24 сағаттан кешіктірмей ұйымдастырады.
7. Бір мүше мемлекеттің аумағы арқылы ғана көлік құралдарының кедендік алып жүруі кезінде кедендік алып жүруді ұйымдастыру тәртібі осы мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленеді.
8. Екі және одан да көп мүше мемлекеттің аумақтары бойынша көлік құралдарының кедендік алып жүруі кезінде кедендік алып жүруді ұйымдастыру тәртібі Одақтың шеңберінде халықаралық шартта айқындалады.
9. Осы баптың 4-тармағының 1-тармақшасының үшінші абзацын қолдану мақсаты үшін кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды тасымалдау кезінде тасымалдаушыны өз міндеттерін орындамағаны үшін оны әкімшілік жауапкершілікке тарту және оларды орындау туралы қаулылардың заңды күшіне енгені туралы ақпаратпен алмасу Одақтың шеңберінде халықаралық шартқа сәйкес жүзеге асырылады.
344-бап. Тауарларды тасымалдау маршруты
1. Тауарларды тасымалдау маршрутын кеден органдары Одақтың кедендік аумағы бойынша кедендік бақылаудағы тауарларды тасымалдауға бақылауды қамтамасыз ету мақсатында белгілейді.
2. Тауарларды тасымалдау маршруты кедендік транзит кедендік рәсіміне орналастырылған тауарларға не кедендік бақылауға жататын тауарларға қатысты белгіленеді, осы Кодекске сәйкес мұндай тауарлар Одақтың кедендік аумағы арқылы кедендік транзит кедендік рәсіміне орналастырмай тасымалдануы мүмкін.
3. Тауарларды тасымалдау маршруты шетел тауарларын мүше мемлекеттің және (немесе) мүше мемлекеттердің ішкі су жолдарына кірмейтін мүше мемлекеттің және (немесе) мүше мемлекеттердің теңіз порттары арасында су кемелерімен, оның ішінде аралас жүзу (өзен-теңіз) кемелерімен тасымалдауды қоспағанда, тауарларды автомобиль және су көлігімен тасымалдау кезінде белгіленеді.
4. Кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға қатысты белгіленген тауарларды тасымалдау маршрутын жөнелтуші кеден органы көліктік (тасымалдау) құжаттарда көрсетілген мәліметтерге сүйене отырып белгілейді.
5. Тасымалдаушының кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға қатысты белгіленген тауарларды тасымалдаудың маршрутын өзгертуіне жөнелтуші кеден органының не оның жүру жолы бойынша орналасқан кез келген кеден органының рұқсатымен жол беріледі, ол тасымалдаушының назарына жазбаша немесе электрондық нысанда жеткізіледі.
6. Тауарларды тасымалдау маршруты бір ғана мүше мемлекеттің аумағы бойынша тасымалданатын тауарларға қатысты белгіленген жағдайда, кеден органдары көлік құралдарының орын ауыстыруына және тауарларды тасымалдаудың белгіленген бағытын сақтауға қашықтықтан бақылауды қамтамасыз ететін ақпараттық жүйелерді және кедендік бақылаудың техникалық құралдарын пайдалануы мүмкін.
7. Кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға қатысты белгіленген тауарларды тасымалдау маршрутын белгілеумен, өзгертумен және сақтаумен байланысты кедендік операцияларды жасау тәртібін Комиссия, ал осы Кодекске сәйкес мұндай тауарлар Одақтың кедендік аумағы арқылы кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылмай тасымалдануы мүмкін болатын кедендік бақылаудағы тауарларға қатысты - мүше мемлекеттердің заңнамасында айқындалады.
345-бап. Кедендік бақылаудағы тауарларды және олар мен жасалатын кедендік операцияларды есепке алу
1. Кеден органдары кедендік бақылаудағы тауарлардың және олармен жасалатын кедендік операциялардың есепке алынуын жүргізеді.
2. Кедендік бақылаудағы тауарларға және олармен жасалатын кедендік операцияларды есепке алу тәртібі мен нысаны мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында белгіленеді.
3. Мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында кеден органдары декларанттардың есепке алынуын, сондай-ақ осындай есеп жүргізудің жағдайлары мен тәртібін жүргізетіні белгілеуі мүмкін.
346-бап. Кедендік бақылауды жүргізу кезінде маманның қатысуы
1. Кеден органдары қажет болған жағдайда кедендік бақылауды жүргізу кезінде жекелеген әрекеттерді жасау үшін мұндай әрекеттердің нәтижесіне мүдделі емес, кеден органдарына жәрдем ету үшін, оның ішінде кедендік бақылаудың техникалық құралдарын қолдану кезінде қажет болатын арнайы білімі мен дағдылары бар маманды тартуы мүмкін.
Мұндай мамандар мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес ресімделетін кеден органының шешімі бойынша тартылатын осындай заңнама белгіленуі мүмкін.
2. Кедендік бақылау жүргізу кезінде маман ретінде тұлғаны тарту шарттық негізде жүзеге асырылады.
3. Маманның:
1) өзі қатысатын әрекеттерді жүзеге асырумен байланысты материалдармен танысуға;
2) өзі катысқан әрекеттер жасау нәтижелері бойынша ресімделетін құжаттармен танысуға және өзі жасаған әрекеттер бойынша мұндай құжаттарға енгізілуге жататын өтініштер немесе ескертулер жасауға құқығы бар.
4. Маман:
1) арнайы білімді және дағдыны талап ететін әрекеттер жасауға қатысуға не осындай әрекеттерді жасауға, өзі жасап жатқан әрекеттер бойынша түсіндірме беруге;
2) осы тармақтың 1-тармақшасында көрсетілген әрекеттерді жасау фактісін, олардың мазмұны мен нәтижелерін өз қолымен куәландыруға міндетті.
5. Маман мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген жағдайларды қоспағанда, өзі алған коммерциялық, банктік, салықтық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты, сондай-ақ өзге де құпия ақпаратты жарияламауға, өзге де мақсаттарда пайдаланбауға, үшінші тұлғаларға бермеуге тиіс.
6. Егер кедендік бақылауды жүргізу барысында кедендік реттеу саласындағы халықаралық шарттар мен актілердің және (немесе) мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасының бұзылғандығы анықталса, кеден органдарының маманды тартуға байланысты туындаған шығыстары қызметіне және (немесе) тауарларына қатысты кедендік бақылау жүргізілетін тұлғаның қаражаты есебінен өтеледі. Өзге жағдайларда мұндай көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу кеден органы кедендік бақылауды жүргізетін мүше мемлекет бюджетінің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.