3. Тәуекелдерді басқару процесін іске асыру кезінде кеден органдары ақпараттық жүйелерді және ақпараттық технологияларды басым пайдаланады.
4. Кеден органдарының тәуекелдерді басқару процесін іске асыруы мүше мемлекеттердің кедендік реттеу саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
5. Тәуекелдер бейіндері және индикаторларында қамтылған ақпарат құпия болып табылады және мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген жағдайларды қоспағанда, таратылуға жатпайды.
6. Комиссия кеден органдарына тәуекел бейінін бекіту және тәуекелдерді азайту бойынша шараларды қолдану ұсынылатын тәуекелдер саласын айқындауға құқылы.
378-бап. Кеден органдарының тәуекелдерді басқару жүйесін пайдалануы
1. Кеден органдары кедендік бақылау объектілерін және тәуекелдерді басқару бойынша шараларды таңдау үшін тәуекелдерді басқару жүйесін пайдаланады.
2. Кеден органдары тауарлардың кедендік бақылауда болу кезеңінде және осы Кодекстің 310-бабы 7-тармағының үшінші және төртінші абзацтарында белгіленген мерзімде кедендік бақылау жүргізу үшін, сондай-ақ осы Кодекстің 310-бабының 8-тармағына сәйкес кедендік бақылауды жүргізу үшін тәуекелдерді басқару жүйесін пайдаланады.
3. Кеден органдарының тәуекелдерді басқару жүйесін пайдалануының негізгі мақсаттары:
1) кедендік бақылаудың тиімділігін қамтамасыз ету;
2) назарды деңгейі жоғары тәуекел салаларына шоғырландыру және кеден органдарының ресурстарын тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету;
3) тәуекелдерді азайту бойынша шараларды қолдану қажеттілігі анықталмаған тауарларды Одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізуді жеделдету және оңайлату үшін жағдайлар жасау болып табылады.
4. Мүше мемлекеттердің заңнамасында кеден органдарының тәуекелдерді басқару жүйелерін, оның ішінде кеден органдарына жүктелген міндеттерді және функцияларды негізге ала отырып қолданудың қосымша мақсаттарын белгіленуі мүмкін.
5. Кеден органдары өздеріне Одақтың құқықтарын құрайтын халықаралық шарттарда және актілерде және (немесе) мүше мемлекеттердің заңнамасында жүктелген мемлекеттік бақылаудың (қадағалаудың) өзге де түрлерін жүргізу кезінде тәуекелдерді басқару жүйелерін пайдалана алады.
6. Кеден органдарының тәуекелдерді басқару жүйелерін қолдану стратегиясы мен тактикасы, сондай-ақ оның жұмыс істеу тәртібі мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында белгіленеді.
51-тарау
Кеден органдарының тауарларды және оларға берілетін құжаттарды ұстауы
379-бап. Кеден органдарының тауарларды және оларға берілетін құжаттарды ұстауы және сақтауы
1. Әкімшілік құқық бұзушылықтың немесе қылмыстың заты болып табылмайтын не сондай зат болып табылатын, бірақ қылмыс туралы хабарламаны тексеру барысында қылмыстық іс бойынша немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу барысында (әкімшілік процесс жүргізу барысында) алынбаған не тыйым салынбаған тауарларды және оларға берілетін құжаттарды кеден органдары осы Кодекстің 12-бабының 4 және 5-тармақтарында, 88-бабының 10-тармағында, 98-бабының 5-тармағында, 101-бабының 3-тармағында, 113-бабының 3-тармағында, 133-бабының 5-тармағында, 139-бабының 5-тармағында, 152-бабының 6-тармағында, 161-бабының 5 және 6-тармақтарында, 205-бабының 12-тармағында, 207-бабының 3 және 4-тармақтарында, 215-бабының 3-тармағында, 240-бабының 4-тармағында, 246-бабының 6-тармағында, 258-бабының 5-тармағында, 259-бабының 7-тармағында, 264-бабының 5 және 12-тармақтарында, 286-бабының 7-тармағында және 393-бабының 9-тармағында көзделген жағдайларда ұстайды.
2. Тауарларды және оларға берілетін құжаттарды ұстау нысанын Комиссия айқындайтын тауарларды және оларға берілетін құжаттарды ұстау туралы хаттаманы жасау арқылы ресімделеді.
3. Ұсталған тауарларды және оларға берілетін құжаттарды кеден органдары осы Кодексте белгіленген мерзім ішінде алып қояды және сақтайды.
4. Ұсталған тауарларды сақтау үшін кеден органы айқындайтын және осындай тауарларды сақтау үшін жабдықталған уақытша сақтау қоймаларында немесе өзге орындарда орналастырылады.
380-бап. Ұсталған тауарларды және оларға берілетін құжаттарды сақтау мерзімі
1. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген тауарларды қоспағанда, ұсталған тауарларды және оларға берілетін құжаттарды кеден органдары күнтізбелік 30 күн ішінде, ал тез бұзылатын тауарларды - 24 сағат ішінде сақтайды.
2. Кеден органдары осы Кодекстің 12-бабының 4 және 5-тармақтарына сәйкес ұстаған тауарларды және оларға берілетін құжаттарды кеден органдары күнтізбелік 3 күн ішінде сақтайды.
3. Ұсталған тауарларды және оларға берілетін құжаттарды сақтау мерзімі оларды ұстаған күннен бастап есептеледі.
4. Осы бапты қолдану мақсаттары үшін мүше мемлекеттердің заңнамасында тез бұзылатын тауарлар тізбесі айқындалуы мүмкін.
381-бап. Ұсталған тауарларды және оларға берілетін құжаттарды қайтару
1. Ұсталған тауарларды және оларға берілетін құжаттарды қайтару - декларанттарға, ал егер тауарлардың кедендік декларациялануы жүзеге асырылмаса - тауардың меншік иесіне, ал егер меншік иесі шетелдік тұлға болса не тауардың меншік иесі туралы мәлімет кеден органында болмаған жағдайда, - осы бапта белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, ұстау сәтінде тауарлар билігінде болған тұлғаларға (бұдан әрі осы тарауда - декларант немесе өзге де тұлғалар) жүргізіледі.
2. Осы Кодекстің 12-бабының 3-тармағына сәйкес кеден органы Одақтың кедендік аумағына әкелуге тыйым салу туралы шешім қабылдаған тауарлар және Одақтың кедендік аумағына әкету кезінде ұсталған оларға берілетін құжаттар Одақтың кедендік аумағынан кері әкету үшін не осы Кодекске сәйкес тауарлар шығарылғаннан кейін декларантқа немесе өзге де тұлғаларға қайтарылады.
3. Осы Кодекстің 12-бабының 3-тармағына сәйкес кеден органы Одақтың кедендік аумағынан әкетуге тыйым салу туралы шешім қабылдаған тауарлар және Одақтың кедендік аумағынан кету кезінде ұсталған оларға берілетін құжаттар, егер бұл тауарларды кеден органы ұстаған мүше мемлекеттің заңнамасында иеленуге рұқсат етілген болса, Одақтың кедендік аумағында пайдалану үшін декларантқа немесе өзге де тұлғаларға қайтарылады.
4. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында көрсетілмеген жағдайларда ұсталған тауарлар декларанттарға оларды кеден органы шығарғаннан кейін қайтарылады.
5. Тауарларды кедендік декларациялауға байланысты кедендік операцияларды жасау қажеттілігі кезінде мұндай кедендік операцияларды жасауға құқылы тұлғаның сұрау салуы бойынша тауармен бірге ұсталған құжаттарды кеден органы мұндай тұлғаға тауарларды шығарғанға дейін қайтарады.
6. Кеден органы тауарларды ұстаған мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес белгіленген тәртіппен тауарлар қайтарылатын осы бапта көрсетілген тұлғалар ұсталған тауарларды өткізу (тасымалдау), қайта тиеу (тиеу, түсіру) және сақтау бойынша шығыстарды төлейді.
382-бап. Сақтау мерзімі өткен ұсталған тауарлармен жасалатын іс-әрекеттер
1. Кеден органдары ұстаған және осы Кодекстің 381-бабында көрсетілген тұлғалар осы Кодекстің 380-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген мерзімде сұратпаған тауарлар, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, өткізілуге тиіс.
2. Егер осы баптың 1-тармағында көрсетілген, ұсталған тауарларды өткізуді дайындауға байланысты тасымалдау, қайта тиеу (тиеу, түсіру), сақтау бойынша шығыстар, өзге де шығыстар олардың құнынан жоғары болса, сондай-ақ кеден органы тауарды ұстаған мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген басқа да жағдайларда мұндай тауарлар кеден органы тауарды ұстаған мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес пайдаланылуға немесе жойылуға тиіс.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген тауарларды өткізу, пайдалану немесе жою, оның ішінде тасымалдауға, қайта тиеуге (тиеуге, түсіруге), сақтауға байланысты шығыстарды, мұндай тауарларды өткізуді дайындауға, өткізуге немесе жоюға байланысты өзге де шығыстарды есептеу осы Кодексте айқындалған ерекшеліктер ескеріле отырып, кеден органы тауарды ұстаған мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Осы Кодекстің 380-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген мерзімде декларанттар немесе өзге де тұлғалар сұратпаған, ұсталған тауарларды тасымалдауға, қайта тиеуге (тиеуге, түсіруге), сақтауға байланысты шығыстар, мұндай тауарларды өткізуге дайындауға және өткізуге байланысты өзге де шығыстар кеден органы тауарды ұстаған мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес белгіленген тәртіппен осы Кодекстің 383-бабының 1-тармағы ескеріле отырып, көрсетілген тауарларды өткізуден алынған сомалар есебінен өтеледі.
5. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген жағдайларда тауарларды тасымалдауға, қайта тиеуге (тиеуге, түсіруге), сақтауға байланысты шығыстарды, мұндай тауарларды пайдалануға немесе жоюға байланысты өзге де шығыстарды декларант немесе өзге де тұлғалар өтейді. Көрсетілген тұлғалар болмаған кезде және, егер бұл кеден органы тауарды ұстаған мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген болса, өзге жағдайларда көрсетілген шығыстар мұндай мүше мемлекет бюджетінің қаражаты есебінен өтеледі.
6. Ұсталған тауарларды өткізгеннен немесе өзге пайдалану үшін бергеннен кейін, сондай-ақ мұндай тауарларды жою нәтижесінде пайда болған қалдықтар Одақ тауары мәртебесін алады.
383-бап. Сақтау мерзімі өткен, ұсталған тауарларды өткізуден түскен сомаларға билік ету
1. Осы Кодекстің 382-бабының 1-тармағында көрсетілген тауарларды өткізуден алынған сомалардан, бірінші кезекте, бұл тауарларды ұстаған күні ұсталған тауарларды ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастыру кезінде төленуге тиіс есептелген кедендік әкелу баждары, салықтар мөлшеріндегі сомасы, екінші кезекте - ұсталған тауарларды тасымалдауға, қайта тиеуге (тиеуге, түсіруге), сақтауға байланысты шығыстар ұсталады.
2. Мүше мемлекеттердің заңнамасында осы Кодекстің 382-бабының 1-тармағында көрсетілген тауарларды іске асырудан алынған сомалардан ұсталған тауарларды тасымалдауға, қайта тиеуге (тиеуге, түсіруге), сақтауға байланысты шығыстарды, мұндай тауарларды өткізуге дайындауға және өткізуге байланысты өзге де шығыстарды өтеу тәртібі белгіленуі мүмкін.
3. Осы баптың 1-тармағында көзделген ұстап қалулар ескеріле отырып есептелген ұсталған тауарларды өткізуден алынған сомалар декларанттарға, ал егер тауарларды декларациялау жүзеге асырылмаса - кеден органында олар туралы мәліметтің болуы кезінде тауарлардың меншік иелеріне және бұл тұлғалар кеден органы тауарды ұстаған мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес мұндай тауарларды өткізуден ақшалай қаражат түскен күннен кейінгі күннен бастап 3 жыл ішінде кеден органына жүгінген жағдайда қайтарылады.
4. Кеден органдары тауарларды өткізуден алынған қайтаруға жататын сомалардың болуы туралы көрсетілген тұлғаларды хабардар етеді.
52-тарау
Кеден органдары қабылдайтын зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау жөніндегі шаралар
384-бап. Кеден органдары қабылдайтын зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау жөніндегі шаралар туралы жалпы ережелер
1. Тауарларды кедендік транзит кедендік рәсімімен, жою кедендік рәсімімен, сондай-ақ осы баптың 2-тармағын ескере отырып, арнайы кедендік рәсіммен орналастыруды қоспағанда, кеден органдары тауарларды кедендік рәсіммен орналастыру кезінде осы Кодекстің 124-бабында көзделген зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау жөніндегі шараларды қабылдайды.
2. Мүше мемлекеттердің өтініші негізінде Комиссия арнайы кедендік рәсім қолданылатын тауарлардың жекелеген санаттарына қатысты зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау жөніндегі шаралар қабылдаудың жағдайы мен тәртібін айқындауға құқылы.
3. Кеден органдары зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау жөніндегі шараларды дипломатиялық өкілдіктердің, консулдық мекемелердің, халықаралық ұйымдар жанындағы мемлекеттер өкілдіктерінің, халықаралық ұйымдардың немесе олардың өкілдіктерінің, Одақтың кедендік аумағында орналасқан өзге де ұйымдардың немесе олардың өкілдіктерінің ресми пайдалануы үшін арналған тауарларды Одақтың кедендік шекарасы арқылы орналастырылатын кедендік рәсімдермен орналастыру кезінде қабылдамайды.
4. Кеден органдары қабылдайтын зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау жөніндегі шаралар құқық иеленушінің мүше мемлекеттердің заңнамасына және мүше мемлекеттердің үшінші тараппен халықаралық шарттарына сәйкес кез келген басқа қорғау құралдарын қолдану құқықтарын жоққа шығармайды.
5. Мүше мемлекеттің кеден органдары мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізіліміне және (немесе) мұндай мүше мемлекеттің кеден органы жүргізетін зияткерлік меншік объектілерінің ұлттық кедендік тізіліміне енгізілген зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау жөніндегі шараларды қабылдайды.
6. Мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізіліміне енгізілген тауарлардың шығарылған жерінің атауы сияқты зияткерлік меншік объектілерін құрайтын тауарларға қатысты зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау жөніндегі шаралар Комиссия айқындайтын тәртіпке сәйкес қабылданады.
7. Мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес кеден органдары көрсетілген кедендік тізілімге енгізілмеген зияткерлік меншік объектілерінен тұратын тауарларға қатысты зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау жөніндегі шараларды қабылдап жатқанын белгілеуі мүмкін.
385-бап. Мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізілімі
1. Мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізілімін Комиссия жүргізеді.
2. Мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізіліміне құқық иеленушінің немесе оның мүдделерін немесе бірнеше құқық иеленушілердің мүдделерін білдіретін тұлғаның өтініші негізінде әрбір мүше мемлекетте қорғалатын зияткерлік меншік объектілері енгізіледі.
Бірнеше құқық иеленушінің мүдделерін білдіретін тұлға ретінде басқа құқық иеленушілермен уағдаластық бойынша зияткерлік меншіктің ұқсас объектілерінің құқық иеленушісінің бірі бола алады.
3. Мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізіліміне енгізілуі мүмкін зияткерлік меншік объектілеріне авторлық құқық және аралас құқықтар объектілері, тауар белгілері, қызмет көрсету таңбалары және тауарлардың шығарылған жерлерінің атаулары жатады.
4. Одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізумен байланысты немесе кедендік бақылаудағы тауарлармен өзге де әрекеттер жасалған кезде халықаралық шарттарда және Одақтың құқығын құрайтын актілерде және (немесе) мүше мемлекеттердің заңнамасында көзделген зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарының бұзылғаны орын алуы мүмкін деп пайымдауға жеткілікті негіздері бар құқық иеленуші мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізіліміне зияткерлік меншік объектісін енгізу туралы өтініш (бұдан әрі осы тарауда - өтініш) беруге құқылы.
5. Өтініш Комиссияға зияткерлік меншік объектілерінің бір түрі бойынша беріледі.
Одақтың кедендік аумағында тұрақты өкілдігі жоқ құқық иеленушінің атынан өтініш мүше мемлекеттің бірінің аумағында тұрақты орналасқан жері бар (тіркелген) тұлғалар арқылы берілуі мүмкін.
6. Өтінішке әрбір мүше мемлекетте зияткерлік меншік объектілеріне құқығының болуын растайтын құжаттар (куәліктер, шарттар, оның ішінде құқықтарды беру және лицензиялық шарттар, құқық иеленуші не құқық иеленушінің (бірнеше құқық иеленушінің) мүдделерін білдіретін тұлға әрбір мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес зияткерлік меншік объектілеріне өзінің құқығын растауға ұсына алатын басқа да құжаттар), сондай-ақ өтініште көрсетілуге тиіс мәліметтерді растайтын құжаттар қоса беріледі.
Өтінішке құқық иеленушінің не құқық иеленушінің (бірнеше құқық иеленушінің) мүдделерін білдіретін тұлғаның пікірі бойынша зияткерлік меншік объектілеріне оның құқығын бұзу фактісін растауы мүмкін тауарлардың үлгілері қоса берілуі мүмкін.
7. Егер өтінішті құқық иеленушінің (бірнеше құқық иеленушінің мүдделерін білдіретін тұлға берсе, өтінішке құқық иеленушінің (бірнеше құқық иеленушінің) мұндай тұлғаға берген сенімхаты (сенімхаттары) да қоса беріледі. Сенімхат (сенімхаттар) Одақтың бүкіл аумағында қолданылуға тиіс.
Егер мүше мемлекеттердің аумақтарында зияткерлік меншіктің ұқсас объектілеріне құқық әртүрлі құқық иеленушілерге тиесілі болған жағдайда, өтінішке әрбір құқық иеленушіден сенімхаттар қоса берілуге тиіс.
8. Өтініш және оған қоса берілетін құжаттар орыс немесе өзге тілде ұсынылады. Құжаттар өзге тілде ұсынылған жағдайда өтінішке олардың орыс тіліндегі аудармасы қоса беріледі.
9. Өтінішпен бірге құқық иеленушінің (бірнеше құқық иеленушінің) тауарлардың шығарылуын тоқтата тұруға байланысты декларантқа, меншік иесіне, тауарларды алушыға немесе өзге тұлғаларға келтірілуі мүмкін мүліктік зиянның өтелуі туралы міндеттеме ұсынылады.
Егер мүше мемлекеттердің аумақтарында зияткерлік меншіктің ұқсас объектілеріне құқық әртүрлі құқық иеленушілерге тиесілі болған жағдайда, әрбір құқық иеленушінің мүліктік зияның өтеу туралы міндеттеме қоса берілуге тиіс.
10. Комиссия өтінішті ресімдеуге және қарауға, ұсынылатын мәліметтер мен құжаттардың құрамына қойылатын талаптарды, өтінішті қарау мерзімі мен тәртібін, сондай-ақ мұндай тізілімге зияткерлік меншік объектілерін енгізу, одан мұндай объектілерді алып тастау, оған өзгерістерді (толықтыруларды) енгізу, зияткерлік меншік объектілеріне құқық иеленушінің құқығын қорғау белгіленген мерзімді ұзарту тәртібін, мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізіліміне зияткерлік меншік объектісін енгізу кезінде кеден органдары мен Комиссияның өзара әрекет ету және мұндай тізілімді жүргізу тәртібін қамтитын мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізілімін жүргізу регламентін (бұдан әрі осы бапта - регламент) айқындайды.
11. Құқық иеленуші осы баптың 9-тармағында көзделген міндеттемені орындау кепілдігі мақсатында мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізіліміне зияткерлік меншік объектілерін енгізу мүмкіндігі туралы хабарлама жолданған күннен бастап 1 ай ішінде барлық мүше мемлекеттерде заңдық күші бар тауарлардың шығарылуын тоқтата тұруға байланысты тұлғаларға мүліктік зиян келтіргені үшін жауапкершілікті сақтандыру шартын (шарттарын) немесе көрсетілген міндеттеменің орындалуын қамтамасыз етілуін растайтын өзге де шартты (шарттарды) Комиссияға ұсынуға міндетті.
Бұл ретте сақтандыру сомасы немесе міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету сомасы жауапкершілікті сақтандыру шарты (шарттары) немесе өзге де шартты (шарттарды) не мұндай шарттарға өзгерістер енгізу шарты жасалған күні қолданылатын валюта бағасы бойынша кемінде 10 мың еуроға балама соманы құрауға тиіс.
Кеден органдарында құқық иеленушінің (бірнеше құқық иеленушінің) мүдделерін білдіруге тиісті түрде ресімделген сенімхат (сенімхаттар) не мұндай өкілеттікті растайтын өзге де құжат болған кезде осы баптың 9-тармағында көрсетілген міндеттеме және осы тармақтың бірінші абзацында көзделген шарттарды құқық иеленушінің (бірнеше құқық иеленушінің мүдделерін білдіретін тұлға ресімдеп, ұсынуы мүмкін.
12. Осы баптың 11-тармағының бірінші абзацында көзделген шарт (шарттар) ұсынылмаған жағдайда зияткерлік меншік объектілері мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізіліміне енгізілмейді, бұл туралы өтініш беруші регламентте көзделген тәртіппен және мерзімде хабардар етіледі.
13. Зияткерлік меншік объектілері мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізіліміне енгізілгені үшін төлем алынбайды.
14. Мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізілімінде қамтылған мәліметтер Одақтың және кеден органдарының ресми сайттарында, Интернет желісінде орналастырылады.
386-бап. Зияткерлік меншік объектілерінің ұлттық кедендік тізілімдері
1. Мүше мемлекеттердің кеден органдары мұндай мүше мемлекеттердің аумақтарында кеден органдары қорғауға жататын зияткерлік меншік объектілерінің ұлттық кедендік тізілімдерін жүргізеді.
2. Зияткерлік меншік объектілерінің ұлттық кедендік тізілімдеріне құқық иеленушінің немесе құқық иеленушінің (бірнеше құқық иеленушінің) мүдделерін білдіретін тұлғаның өтініші негізінде құқықтары кеден органы мұндай кедендік тізілімді жүргізетін мүше мемлекетте қорғалатын зияткерлік меншік объектілері енгізіледі.
3. Зияткерлік меншік объектілерінің ұлттық кедендік тізілімдеріне зияткерлік меншік объектілерін енгізу шарттары мен тәртібі, сондай-ақ мұндай тізілімдерді жүргізу тәртібі мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында белгіленеді.
387-бап. Кеден органдарының зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау мерзімі
1. Кеден органдарының зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау мерзімі зияткерлік меншік объектілері мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізіліміне енгізілген кезде, құқық иеленуші өтінішінде көрсеткен мерзімі, сондай-ақ өтінішке қоса берілетін құжаттардың қолданыс мерзімі ескеріле отырып, бірақ мұндай тізілімге енгізілген күннен бастап 2 жылдан аспайтын мерзімге белгіленеді.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген мерзім құқық иеленушінің немесе құқық иеленушінің (бірнеше құқық иеленушінің) мүдделерін білдіретін тұлғаның өтініші негізінде бірнеше рет шектеусіз, бірақ әрбір ретте осы тарауда көзделген талаптар сақталған жағдайда, 2 жылдан аспайтын мерзімге ұзартылады.
3. Зияткерлік меншік объектілері зияткерлік меншік объектілерінің ұлттық кедендік тізілімдеріне енгізілген кезде кеден органдарының зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау мерзімі мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасына сәйкес белгіленеді.
4. Кеден органдарының зияткерлік меншік объектілерін қорғау мерзімі құкық иеленушінің тиісті зияткерлік меншік объектілеріне айрықша құқық қолданысының мерзімінен аспайды.
Мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізіліміне енгізілу кезінде белгіленетін кеден органдарының зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау мерзімі, осы мерзім бұрын өтіп кететін мүше мемлекетте зияткерлік меншік объектісіне құқықтық қорғау мерзімінен аспайды.
53-тарау
Кеден органдары тағайындайтын кедендік сараптама
388-бап. Анықтамалар
Осы тараудың мақсаттары үшін мынаны білдіретін ұғымдар пайдаланылады:
«кедендік сарапшының (сарапшының) қорытындысы» - жүргізілген зерттеулердің және (немесе) сынақтардың нәтижелерін және қойылған сұрақтарға жауаптар түріндегі кедендік сараптаманың қорытындыларын қамтитын кедендік құжат;
«үлгі» - тауарлардың бүкіл партиясының құрылымына, құрамына және қасиеттеріне сәйкес келетін тауар бірлігі не іріктеу одан әрі зерттеу мақсатында белгіленген тәртіппен тіркелетін жалғыз дара объект (тауар - тауар партиясы болмаған кезде);
«сынама» - іріктеу белгіленген тәртіппен жүргізілетін, ұсынылатын және зерттелетін тауардың бүкіл көлемінің құрамы мен қасиетін сипаттайтын тауардың бір бөлігі;
«кедендік сараптама» - кеден органына жүктелген міндеттерді шешу үшін арнайы және (немесе) ғылыми білімдерді пайдалана отырып, кедендік сарапшы (сарапшылар) жүргізетін зерттеулер мен сынақтар;
«кедендік сарапшы» - кедендік сараптама жүргізуге уәкілетті және қажетті арнайы және (немесе) ғылыми білімі бар кеден органының лауазымды адамы;
«уәкілетті кеден органы» - мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес кедендік сараптаманы жүргізуге уәкілетті кеден органы.
389-бап. Кедендік сараптама тағайындау және оны жүргізу
1. Кедендік сараптаманы кеден органы, егер кеден органдары кедендік операцияларды және (немесе) кедендік бақылауды жүргізген кезде пайда болатын мәселелерді түсіндіру үшін арнайы және (немесе) ғылыми білімдер талап етілетін жағдайда, тағайындайды.
2. Кедендік сараптаманы уәкілетті кеден органы жүргізеді.
Уәкілетті кеден органының кедендік сараптаманы жүргізу мүмкіндігі болмаған жағдайда, ал егер мүше мемлекеттердің заңнамасында бұл көзделсе - өзге жағдайларда, кедендік сараптама осы мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес мүше мемлекеттің сараптама ұйымы (сарапшы) жүргізу үшін тағайындалуы мүмкін.
3. Кедендік сараптама тауарларға, кедендік, көліктік (тасымалдау), коммерциялық және өзге де құжаттарға, сондай-ақ мұндай тауарларды және құжаттарды идентификаттау құралдарына қатысты тағайындалады.
4. Уәкілетті кеден органы тауартанушылық, материалтанушылық, технологиялық, криминалистік, химиялық және жүргізілуіне қажеттілік туындайтын сараптаманың өзге де түрлерін жүргізеді.