Келетін орындардың және кететін орындардың жалпы тізбесінің нысандарын, оларды қалыптастыру, жүргізу және олардан мәліметтерді пайдалану тәртібін, сондай-ақ келетін орындар және келетін орындар туралы ақпаратты табыс ету тәртібі мен техникалық шарттарын, оның ішінде құрылымы мен форматын Комиссия айқындайды.
5. Тауарлардың жекелеген санаттары, мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес тауарлардың осындай санаттарын Одақтың кедендік аумағына әкелу (келетін) немесе оларды Одақтың кедендік аумағынан әкету (кететін) үшін айқындалған, Одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізетін орындар арқылы ғана Одақтың кедендік аумағына келуі немесе Одақтың кедендік аумағынан кетуі мүмкін.
6. Кеден органдары тауарлардың шыққан жеріне, жөнелткен және межелі еліне қарай тауарларды Одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу жерлерін таңдауда тұлғаны шектеуге құқылы емес.
7. Одақтың кедендік шекарасында орналасқан мүше мемлекеттердің мемлекеттік шекаралары арқылы өткізу пункттері туралы ақпараттандыру мақсатында Комиссия мүше мемлекеттердің уәкілетті мемлекеттік органдары табыс ететін мәліметтер негізінде осындай өткізу пункттерінің ақпараттық-анықтамалық тізбесін және осындай өткізу пункттерінің жалпы паспорттар тізілімін қалыптастырады және Одақтың Интернет желісіндегі ресми сайтына орналастырады.
Аталған тізбе мен тізілім нысандарын, оларды қалыптастыру, жүргізу және оларда қамтылған мәліметтерді пайдалану тәртібін, сондай-ақ Одақтың кедендік шекарасында орналасқан мүше мемлекеттердің мемлекеттік шекаралары арқылы өткізу пункттері туралы мәліметтерді табыс етудің техникалық шарттарын, оның ішінде құрылымы мен форматын Комиссия айқындайды.
8. Осы баптың ережелері Одақтың кедендік шекарасы арқылы құбыржол көлігімен немесе электр берілісі желілерімен өткізілетін тауарларды өткізу кезінде қолданылмайды.
11-бап. Кеден органдарына алдын ала ақпаратты табыс ету
1. Алдын ала ақпаратты табыс ету мақсаты Одақтың кедендік аумағына тауарлар келгенге дейін кеден органдарының тәуекелдерді бағалауы және объектілерді таңдау туралы алдын ала шешімдер қабылдауы, кедендік бақылау нысандары және кедендік бақылау жүргізуді қамтамасыз ететін шараларды қолдану үшін Одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілуге жоспарланатын тауарлар туралы мәліметтерді кеден органдарының алуы болып табылады.
Алдын ала ақпаратты кеден органдары кедендік операциялар жасауды жеделдету және кедендік бақылау жүргізуді оңтайландыру үшін пайдаланады.
2. Кеден органдарына табыс етілетін алдын ала ақпараттың құрамы оны пайдалану мақсаттарына қарай:
1) кеден органдары тәуекелдерді бағалау және объектілерді, кедендік бақылау нысандары мен кедендік бақылау жүргізуді қамтамасыз ететін шараларды қолдану үшін пайдаланатын алдын ала ақпарат құрамына;
2) кеден органдары кедендік операциялар жасауды жеделдету және кедендік бақылау жүргізуді оңтайландыру үшін пайдаланатын алдын ала ақпарат құрамына бөлінеді;
3. Міндетті түрде осы баптың 2-тармағының 1-тармақшасында көзделген мақсаттарда айқындалған құрамдағы алдын ала ақпарат табыс етіледі.
Осы баптың 2-тармағының 1-тармақшасында көзделген мақсаттар үшін айқындалатын құрамдағы алдын ала ақпарат оны табыс ете алатын тұлғалардың қалауы бойынша табыс етіледі.
4. Алдын ала ақпарат электрондық құжат түрінде табыс етілуі мүмкін.
Электрондық құжат түрінде табыс етілген алдын ала ақпарат тауарлардың Одақтың кедендік аумағына келгендігі туралы хабарламаға, тауарлардың уақытша сақтауға орналастырылуына, кедендік декларациялауға байланысты кедендік операцияларды, сондай-ақ Комиссия айқындайтын өзге де кедендік операцияларды жасау кезінде пайдаланылуы мүмкін.
5. Алдын ала ақпарат тауарлар Одақтың кедендік аумағына келгенге дейін, аумағында тауарларды Одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу жоспарланған жері орналасқан мүше мемлекеттің кеден органына табыс етіледі.
6. Алдын ала ақпарат Интернет желісінің ресурстарын пайдалана отырып, кеден органының ақпараттық жүйесі мен алдын ала ақпаратты табыс ететін тұлғалардың ақпараттық жүйелерінің өзара әрекеттесуі арқылы және (немесе) Комиссия айқындайтын өзге де тәсілмен табыс етіледі.
7. Алдын ала ақпарат орыс тілінде табыс етіледі, ал егер кеден органына алдын ала ақпарат табыс етілетін мүше мемлекеттің мемлекеттік тілі орыс тілі болмаса, тұлғаның таңдауы бойынша алдын ала ақпарат орыс тілінде немесе осы мүше мемлекеттің мемлекеттік тілінде табыс етіледі.
Кеден органына алдын ала ақпарат табыс етілетін мүше мемлекеттің кедендік реттеу туралы заңнамасында алдын ала ақпаратты ағылшын тілінде табыс ету мүмкіндігі белгіленуі мүмкін.
8. Кеден органы табыс етілген алдын ала ақпаратты Комиссия айқындайтын тәртіппен және мерзімде тіркейді немесе оны тіркеуден бас тартады.
9. Кеден органы табыс етілген алдын ала ақпаратты оған тіркеу нөмірін беру арқылы тіркейді.
10. Кеден органы, егер табыс етілген ақпарат Комиссия айқындаған құрамға, құрылым мен форматқа және (немесе) осы баптың 7-тармағында көзделген талапқа сәйкес келмесе, алдын ала ақпаратты тіркеуден бас тартады.
11. Тіркеу нөмірі көрсетіле отырып, алдын ала ақпаратты тіркеу туралы не бас тарту себептері көрсетіле отырып, оны тіркеуден бас тарту туралы мәліметтер алдын ала ақпаратты табыс еткен тұлғаға электрондық нысанда жіберіледі.
12. Алдын ала ақпарат кеден органдарының ақпараттық жүйелерінде ол тіркелген күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде, ал егер Комиссия өзге мерзімді айқындаған болса, Комиссия айқындаған мерзім ішінде сақталады, одан кейін кеден органдарында мұндай ақпарат алдын ала ақпарат ретінде пайдаланылмайды.
Комиссия осы тармақтың бірінші абзацында белгіленген мерзімге қарағанда, кеден органдарының ақпараттық жүйелерінде алдын ала ақпаратты сақтаудың өзге мерзімін айқындауға құқылы.
13. Міндетті түрде табыс етілуге тиіс алдын ала ақпарат берілмеген немесе оны табыс ету мерзімдері бұзылған кезде, кеден органына осындай алдын ала ақпарат беруге тиіс мүше мемлекеттің кедендік реттеу туралы заңнамасына сәйкес белгіленетін шаралар қолданылады.
14. Мүше мемлекеттердің заңнамасында кеден органдарына алдын ала ақпарат табыс етілмегені немесе оны табыс ету мерзімдері бұзылғаны үшін жауапкершілік белгіленуі мүмкін.
15. Алдын ала ақпарат:
1) Одақтың кедендік шекарасы арқылы жеке тұлғалар өткізетін, жеке басына пайдалануға арналған тауарларға;
2) халықаралық пошта жөнелтілімдерінде жіберілетін тауарларға;
3) осы Кодекстің 296-бабының 1-тармағында көрсетілген тауарларға;
4) дүлей зілзалалардың, авариялар мен апаттардың салдарын жою үшін өткізілетін тауарларға;
5) мәртебесі мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес берілген рұқсатнамамен (әскери рұқсатнамамен) расталатын әскери жүктерге;
6) келген орнында арнайы кедендік рәсімге орналастырылатын тауарларға;
7) Одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттердің аумағы арқылы тасымалданатын Одақ тауарларына;
8) Одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін және шектері Одақтың кедендік шекарасының учаскелерімен сәйкес келетін, егер бұл аумағында осындай ЕЭА құрылған мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген болса, ЕЭА аумағына әкелінетін тауарларға;
9) Комиссия айқындайтын жағдайларда өзге де тауарларға қатысты табыс етілуі мүмкін.
16. Құбыржол көлігімен немесе электр беру желілерімен өткізілетін тауарларға қатысты алдын ала ақпарат табыс етілмейді.
17. Алдын ала ақпараттың құрамын, осындай ақпараттың құрылымы мен форматын, алдын ала ақпаратты, оның ішінде электрондық құжат түрінде табыс етілетін ақпаратты табыс ету тәртібі мен мерзімдерін, электрондық құжат түріндегі алдын ала ақпаратты қалыптастыру мен пайдалану тәртібін, алдын ала ақпаратты кеден органдарына табыс етуге міндетті не құқылы тұлғаны, тауарларды тасу (тасымалдау) жүзеге асырылатын көліктің түріне және осындай алдын ала ақпаратты кеден органының пайдалану мақсатына қарай Комиссия айқындайды.
18. Алдын ала ақпарат ретінде кедендік декларациялануы, Комиссия айқындайтын жағдайларда және тәртіппен, ал оларды Комиссия айқындағанға дейін - мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес белгіленетін жағдайларда және тәртіппен осы Кодекстің 114-бабында айқындалған ерекшеліктермен жүзеге асырылатын тауарларға қатысты берілген электрондық құжат түріндегі кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтер пайдаланылуы мүмкін.
12-бап. Одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу кезінде тыйым салулар мен шектеулерді сақтау
1. Белгіленген тыйым салу мен шектеулерге сәйкес Одақтың кедендік аумағына әкелуге жатпайтын, Одақтың кедендік аумағына келген тауарлар, егер осы Кодексте, мүше мемлекеттердің үшінші тараппен халықаралық шарттарында және (немесе) мүше мемлекеттердің заңнамасында өзгеше белгіленбесе, оларды халықаралық көлік құралынан түсірмей әкету мақсатында, халықаралық тасымалдаудың басқа көлік құралына қайта тиеуді қоспағанда, халықаралық тасымалдаудың көлік құралынан олар түсірілмей Одақтың кедендік аумағынан дереу әкетілуге тиіс.
Аталған тауарларды Одақтың кедендік аумағынан әкету шараларын тасымалдаушы, ал ол болмаған жағдайда - егер мүше мемлекеттердің үшінші тараппен халықаралық шарттарында және (немесе) мүше мемлекеттердің заңнамасында өзге тұлғалар айқындалмаса, Одақтың кедендік аумағына әкелу кезінде тауарларды иелену, пайдалану және (немесе) оларға билік ету құқығына ие тұлға қолданады.
2. Белгіленген тыйым салу мен шектеулерге сәйкес Одақтың кедендік аумағынан әкетілуге жатпайтын тауарлар, егер мүше мемлекеттердің үшінші тараппен халықаралық шарттарында өзгеше белгіленбесе, іс жүзінде Одақтың кедендік аумағынан әкетіле алмайды.
3. Тауарлар Одақтың кедендік аумағына келген немесе тауарлар Одақтың кедендік аумағынан кеткен кезде тыйым салу мен шектеулердің сақталмауы анықталған жағдайда, кеден органы тауарларды Одақтың кедендік аумағына әкелуге немесе Одақтың кедендік аумағынан әкетуге тыйым салу туралы шешім қабылдайды және мұны тасымалдаушының, ал ол болмаған жағдайда - оларды Одақтың кедендік аумағына әкелу кезінде немесе Одақтың кедендік аумағынан әкету кезінде тауарларды иелену, пайдалану және (немесе) оларға билік ету құқығына ие тұлғаның назарына жеткізеді.
4. Тауарларды Одақтың кедендік аумағына әкелуге тыйым салу туралы кеден органының шешімін алғаннан кейін осы баптың 1-тармағының бірінші абзацында көрсетілген тауарларды Одақтың кедендік аумағынан дереу әкету мүмкін болмаған жағдайда, мұндай тауарларды кеден органдары осы Кодекстің 51-тарауына сәйкес ұстайды.
5. Кеден органының тауарларды Одақтың кедендік аумағынан әкетуге тыйым салу туралы шешімі алынған және мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген мерзім ішінде оларды кету орнынан Одақтың кедендік аумағына әкету жүзеге асырылмаған кезде, осы баптың 2-тармағында көрсетілген тауарларды кеден органдары осы Кодекстің 51-тарауына сәйкес ұстайды.
13-бап. Тауарларды Одақтың кедендік аумағында немесе оның шегінен тысқары жерлерде иелену, пайдалану және (немесе) оларға билік ету
1. Одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарларды иелену, пайдалану және (немесе) оларға билік ету Одақтың кедендік шекарасын кесіп өткеннен кейін және оларды кеден органы шығарғанға дейін осы Кодекстің осы тарауында, 14 және 16-тарауларында белгіленген тәртіппен және жағдайларда, ал жекелеген тауарлар санаттарына қатысты - осы Кодекстің 37 - 43-тарауларына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Тауарларды шығарғаннан кейін кеден органы оларды Одақтың кедендік аумағында немесе оның шегінен тысқары жерлерде иеленуді, пайдалануды және (немесе) оларға билік етуді тауарлар орналастырылған кедендік рәсімге сәйкес немесе кедендік декларациялауға және (немесе) кедендік рәсімдерге орналастырылмай шығарылуға жататын тауарлардың жекелеген санаттары үшін белгіленген тәртіппен және шарттарда жүзеге асырады.
3. Одақтың кедендік шекарасын кесіп өткенге дейін кету орнына келгеннен кейін, Одақтың кедендік аумағынан шығарылатын тауарларды иелену, пайдалану және (немесе) оларға билік ету осы тарауда және осы Кодекстің 15-тарауында, ал тауарлардың жекелеген санаттарына қатысты - осы Кодекстің 37 - 43-тарауларында белгіленген тәртіппен және жағдайларда жүзеге асырылады.
14-бап. Тауарлардың кедендік бақылауда болуы
1. Одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарлар Одақтың кедендік шекарасын кесіп өткен кезден бастап кедендік бақылауда болады.
2. Одақтың кедендік аумағынан әкетілетін Одақ тауарлары кедендік декларация тіркелген кезден бастап немесе тауарларды Одақтың кедендік аумағынан әкетуді жүзеге асыруға тікелей бағытталған іс-қимыл жасалған кезден бастап кедендік бақылауда болады.
3. Осы Кодекске сәйкес шетелдік тауарлар мәртебесін иеленген, Одақтың кедендік аумағында алынған (түзілген) және орналасқан қайта өңдеу өнімдері, шығарындылар мен қалдықтар алынған (түзілген) кезден бастап кедендік бақылаудағы тауарлар деп есептеледі.
4. Еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарлардан дайындалған (алынған) тауарлар, сондай-ақ еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарлардан және Одақ тауарларынан дайындалған (алынған) тауарлар олар дайындалған (алынған) кезден бастап кедендік бақылаудағы тауарлар болып есептеледі.
Еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарлардан дайындалған (алынған) тауарлар, сондай-ақ еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарлардан және Одақ тауарларынан дайындалған (алынған) тауарлар олар дайындалған (алынған) кезден бастап кедендік бақылаудағы тауарлар деп есептеледі.
5. Еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) Одақ тауарлары, порттық ЕЭА немесе логистикалық ЕЭА аумағына әкелінетін (әкелінген) және порттық ЕЭА немесе логистикалық ЕЭА аумағына әкелгеннен бастап кедендік бақылауда болатын Одақ тауарларын қоспағанда, еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) тауарлар, тауарларды осы кедендік рәсіммен орналастыру үшін тауарларға берілген декларация тіркелген кезден бастап кедендік бақылауда болады.
Еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған Одақ тауарларынан дайындалған (алынған) тауарлар және еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған Одақ тауарларынан дайындалған (алынған) тауарлар және еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылмаған Одақ тауарларынан дайындалған (алынған) тауарлар дайындалған (алынған) кезден бастап кедендік бақылаудағы тауарлар болып есептеледі.
6. Еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) Одақ тауарлары, тауарларды осы кедендік рәсіммен орналастыру үшін тауарларға берілген декларация тіркелген кезден бастап кедендік бақылауда болады.
Еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған Одақ тауарларынан дайындалған (алынған) тауарлар және еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған Одақ тауарларынан дайындалған (алынған) тауарлар және еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылмаған Одақ тауарларынан дайындалған (алынған) тауарлар дайындалған (алынған) кезден бастап кедендік бақылаудағы тауарлар деп есептеледі.
7. Осы баптың 1 және 3-тармақтарында, сондай-ақ осы баптың 4-тармағында көрсетілген тауарлар, осы Кодекстің 210 және 218-баптарына сәйкес Одақ тауарлары деп танылмаған тауарлар:
1) осы баптың 12-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, осы Кодекске сәйкес Одақтың тауарлары мәртебесін иеленгенге;
2) осы тауарлар Одақтың кедендік аумағынан іс жүзінде әкетілгенге;
3) кедендік жою рәсімімен орналастырылған тауарлар іс жүзінде жойылғанға;
4) кедендік аумағында қайта өңдеу немесе ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімдеріне орналастырылған шетелдік тауарлардың бір бөлігі өндірістік қалдықтар деп танылғанға;
5) мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес Одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу, кедендік жою рәсімімен орналастырылған тауарларды ішкі тұтыну және жою үшін қайта өңдеу операцияларын жасау нәтижесінде пайда болған қалдықтар одан әрі коммерциялық пайдалану үшін жарамсыз деп танылғанға немесе кеден органына пайда болған қалдықтарды көму, залалсыздандыру, кәдеге жаратпау немесе өзге тәсілмен жою фактісін және осындай операцияларды жасау үшін оларды беру фактісін растайтын құжаттарды табыс еткенге;
6) қайтып ұшып келетін ғарыштық аппаратты және ондағы бар тауарларды қоспағанда, осы тауарларды ғарыш кеңістігіне ұшырғанға;
7) Одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттердің аумағы арқылы тасымалданатын Одақ тауарларына қатысты кедендік транзит кедендік рәсімінің қолданылуы аяқталғанға;
8) мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасына сәйкес кеден органы авария немесе еңсерілмейтін күш әрекетінің салдарынан осы тауарлардың жойылу және (немесе) қайтарымсыз жоғалу фактісі не тасымалдаудың және (немесе) сақтаудың қалыпты жағдайлары кезінде табиғи кему нәтижесінде осы тауарлардың қайтарымсыз жоғалу фактісі мойындалғанға;
9) осы Кодекстің 207-бабының 10-тармағының 1-тармақшасында және 215-бабының 7-тармағының 1-тармақшасында көрсетілген жағдайларда, осы тауарларды көму, залалсыздандыру, кәдеге жарату немесе өзге де тәсілмен жою фактісін растайтын құжаттарды кеден органына табыс еткенге;
10) осы Кодекстің 207-бабының 10-тармағының 3-тармақшасында көрсетілген жағдайда еркін кеден аймағы кедендік рәсімінің қолданылуы аяқталғанға;
11) осы Кодекстің 266-бабының 8-тармағына сәйкес белгіленген, жеке пайдалануға арналған тауарларды кедендік баждарды, салықтарды төлеуден және (немесе) осы тауарларды пайдалану және (немесе) оларға билік ету жөніндегі шектеулерден босата отырып, Одақтың кедендік аумағына әкелу шарттарын бұзатын әрекеттер жасалған жағдайда жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты кедендік баждар, салықтар төленгенге және (немесе) өндіріп алынғанға;
12) осы Кодекстің 272-бабының 2-тармағы 2-тармақшасының екінші және үшінші абзацтарында көрсетілген, шартты түрде шығарылған тауарлар болып саналатын халықаралық тасымалдаудың көлік құралдарын және осы Кодекстің 272-бабының 2-тармағы 2-тармақшасының төртінші абзацында көрсетілген халықаралық тасымалдаудың көлік құралдарын қоспағанда, Одақтың кедендік аумағына қайта әкелу кезінде Одақтың кедендік аумағынан уақытша әкетілген халықаралық тасымалдаудың көлік құралдарын шығарғанға;
13) осы Кодекстің 279-бабының 8-тармағында көрсетілген мән-жайлар туындаған кезде уақытша әкелінген халықаралық тасымалдаудың көлік құралдарына қатысты кедендік баждар, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждары төленгенге және (немесе) өндіріп алынғанға;
14) Комиссия айқындайтын және (немесе) мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында белгіленетін өзге мән-жайлар туындағанға дейін кедендік бақылауда деп есептеледі.
8. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген Одақ тауарлары Одақтың кедендік шекарасын іс жүзінде кесіп өткенге дейін, осы Кодекстің 113-бабына сәйкес кедендік декларация кері қайтарып алығанға дейін немесе осы баптың 9 және 10-тармақтарында көрсетілген мән-жайлар туындағанға дейін кедендік бақылауда болады.
9. Кедендік декларациялауға жатпайтын, Одақтың кедендік аумағынан әкетілетін жеке пайдалануға арналған тауарлар, сондай-ақ шығарудан бас тартылған жеке пайдалануға арналған тауарлар мынадай мән-жайлардың бірі туындаған кезде:
1) мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес Одақтың кедендік шекарасын іс жүзінде кесіп өткенге дейін мұндай тауарлар мүше мемлекеттің меншігіне (кірісіне) айналғанға дейін не мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасына сәйкес кеден органы авария немесе еңсерілмейтін күш әсерінен осы тауарлардың жойылу және (немесе) қайтарымсыз жоғалу фактісі не тасымалдаудың және (немесе) сақтаудың қалыпты жағдайлары кезінде табиғи кему нәтижесінде осы тауарлардың қайтарымсыз жоғалу фактісі мойындалғанға дейін;
2) мұндай тауарлар кеден органының рұқсатымен кету орнынан Одақтың кедендік аумағының қалған бөлігіне шығарылған кезде кедендік бақылауда деп саналмайды.
10. Кедендік аумағынан тыс кедендік қайта өңдеу рәсімімен немесе уақытша әкету кедендік рәсімімен орналастырылған және Одақтың кедендік аумағынан әкетілген Одақ тауарлары тиісті кедендік рәсім аяқталғанға немесе қолданылуы тоқтатылғанға дейін кедендік бақылауда болады.
11. Осы баптың 4-тармағында көрсетілген, осы Кодекстің 210 және 218-баптарына сәйкес Одақ тауарлары деп танылған тауарлар, сондай-ақ осы баптың 5 және 6-тармақтарында көрсетілген Одақ тауарлары мына мән-жайлардың бірі туындағанға дейін:
1) егер еркін кеден аймағы кедендік рәсімінің немесе еркін қойма кедендік рәсімнің қолданысы осы тауарларды кедендік экспорт рәсіміне орналастырумен аяқталса, Одақтың кедендік шекарасын іс жүзінде кесіп өткенге;
2) осы тауарлар кедендік кері импорт рәсімімен орналастырылғанға;
3) мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасына сәйкес кеден органы авария немесе еңсерілмейтін күш әрекетінің салдарынан осы тауарлардың жойылу және (немесе) қайтарымсыз жоғалу фактісі не тасымалдаудың және (немесе) сақтаудың қалыпты жағдайлары кезінде табиғи кему нәтижесінде осы тауарлардың қайтарымсыз жоғалу фактісін мойындағанға;
4) осы Кодекстің 207-бабының 10-тармағының 1-тармақшасында және 115-бабының 7-тармағының 1-тармақшасында көрсетілген жағдайларда осы тауарларды көму, залалсыздандыру, кәдеге жарату немесе өзге тәсілмен жою фактісін растайтын құжаттар кеден органына берілгенге;
5) осы Кодекстің 207-бабының 10-тармағының 3-тармақшасында көрсетілген жағдайда еркін кеден аймағы кедендік рәсімінің қолданысы аяқталғанға дейін кедендік бақылауда болады.
12. Одақ тауарлары мәртебесін иеленген және декларациялануы осы Кодекстің 117-бабында көзделген ерекшеліктермен жүзеге асырылған тауардың соңғы құрамдауышы шығарылған күнге дейін немесе осы Кодекстің 117-бабының 9-тармағына сәйкес тауар құрамдауышына қатысты тауарлар декларациясындағы мәліметтерге өзгерістер (толықтырулар) енгізілгенге дейін кедендік бақылауда болады.
13. Осы Кодекстің 207-бабының 12 және 13-тармақтарында көрсетілген, еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар осы тармақтарда көзделген жағдайларда, осы Кодекстің 207-бабының 12 және 13-тармақтарына сәйкес осы тауарларға қатысты еркін кеден аймағы кедендік рәсімінің қолданысы аяқталғанға дейін кедендік бақылауда болады.
14. Осы Кодекстің 215-бабының 9-тармағында көрсетілген, еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар осы тармақта көзделген жағдайларда, осы Кодекстің 215-бабының 9-тармағына сәйкес осы тауарларға қатысты еркін қойма кедендік рәсімінің қолданысы аяқталғанға дейін кедендік бақылауда болады.
15. Бажсыз сауда кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) Одақ тауарлары осы Кодекстің 246-бабының 1-тармағына және 5-тармағының 2-тармақшасына сәйкес тауарларды осы кедендік рәсіммен орналастыру үшін берілген кедендік декларация тіркелген кезден бастап бажсыз сауда кедендік рәсімінің қолданысы аяқталғанға дейін кедендік бақылауда болады.
15-бап. Жарамсыз, бұзылған немесе зақымданған тауарлар
1. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген тауарларды қоспағанда, Одақтың кеден аумағына әкелінген, декларацияланғанға дейін жарамсыз болып қалған, бұзылған немесе аварияның немесе еңсерілмейтін күш әсерінің салдарынан, оның ішінде оларды уақытша сақтау кезеңінде, сондай-ақ кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тасымалданған (тасымалдау) кезде зақымданған тауарлар, оларға қатысты одан әрі кедендік операцияларды жасау кезінде Одақтың кеден аумағына жарамсыз, бұзылған немесе зақымданған күйде әкелінген тауар ретінде қарастырылады.
2. Кеден одағының аумағына әкелінген, оларды осы Кодекстің 120-бабына сәйкес тауарларға арналған декларация берілгенге дейін шығаруға мәлімдегеннен бұрын немесе осы Кодекстің 204-бабына сәйкес порттық ЕЭА немесе логистикалық ЕЭА аумағында еркін кеден аймағы кедендік рәсіміне орналастырылған болып есептелетін күнге дейін, оның ішінде оларды уақытша сақтау кезеңінде, сондай-ақ кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тасымалданған (тасымалдау) кезде аварияның немесе еңсерілмейтін күш әсерінің салдарынан жарамсыз болып қалған, бұзылған немесе зақымданған осындай тауарлар одан әрі оларға қатысты кедендік операциялар жасалған кезде Одақтың кеден аумағына жарамыз, бұзылған немес зақымданған күйінде әкелінген тауарлар ретінде қарастырылады.
16-бап. Сот шешімімен тәркіленген немесе мүше мемлекеттің меншігіне (кірісіне) өндіріп алынған немесе өндіріп алу қолданылған шетелдік тауарлар
1. Сот шешімімен тәркіленген немесе мүше мемлекеттің меншігіне (кірісіне) өндіріп алынған шетелдік тауарлар - кедендік рәсімдермен орналастырылуға, ал жеке пайдалануға арналған тауарлар еркін айналысқа шығарылуға жатпайды. Көрсетілген тауарлар осындай шешім күшіне енген күннен бастап Одақ тауарлары мәртебесіне ие болады.
2. Сот шешімімен кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждары төлеу есебінен өндіріп алынған шетелдік тауарлар мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес Одақ тауарлары мәртебесіне ие болады.
17-бап. Мүдделі тұлғалардың және мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарының тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеп алуы
1. Мүдделі тұлғалар және мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдары кеден органының рұқсатымен кедендік бақылаудағы тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеп алуға құқылы.
2. Кеден органы, егер мұндай іріктеу:
1) кедендік бақылау жүргізуді қиындатпаса;
2) тауарлардың сипаттамаларын өзгертпесе;
3) кедендік баждарды, салықтарды төлеуден жалтаруға немесе тыйым салу мен шектеулерді, ішкі нарықты қорғау шараларын сақтамауға әкеп соқпаса, тауарлардан сынамалар және (немесе) үлгілер алуға рұқсат береді.