1. Осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, кедендік-тарифтік реттеу шараларын, тыйым салулар мен шектеулерді, ішкі нарықты қорғау шараларын қолдану тауарлардың шығарылған жеріне байланысты болған кезде, барлық жағдайларда тауарлардың шығарылған жері расталады.
2. Тауарлардың шығарылған жерін растау:
1) Одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарлар кедендік транзит кедендік рәсіміне орналастырылған;
2) тауарлар осы Кодекстің 37-тарауына сәйкес Одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілген;
3) әкелінетін тауарлардың шығарылған жерін анықтау қағидаларында немесе әкетілетін тауарлардың шығарылған жерін анықтау қағидаларында көзделген өзге де жағдайларда талап етілмейді.
3. Егер кеден органы тауарлар:
1) Одақ туралы шартқа сәйкес белгіленген тыйым салулар мен шектеулерге байланысты Одақтың кедендік аумағына немесе мүше мемлекеттің аумағына әкелуге;
2) Одақ туралы шартқа сәйкес белгіленген тыйым салулар мен шектеулерге байланысты Одақтың кедендік аумағынан немесе мүше мемлекеттің аумағынан әкетуге;
3) мүше мемлекеттің аумағына, осы мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес, әкелуге;
4) мүше мемлекеттің аумағы бойынша, осы мүше мемлекеттің үшінші тараппен халықаралық шарттарына сәйкес транзиттеуге тыйым салынған елден (елдер тобынан, елдердің кедендік одағынан, елдің өңірінен немесе бір бөлігінен) шыққан тауарлардың осындай елден шығарылғандығының белгісі анықталса, осы баптың 2-тармағының ережелеріне қарамастан тауарлардың шығарылған жері расталады.
4. Егер осы баптың 3-тармағының 1 - 3-тармақшаларында көрсетілген, мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес осы мүше мемлекеттің аумағына әкелуге тыйым салынған тауарлар, аумағына мұндай тауарларды әкелуге тыйым салынбаған мүше мемлекетке Одақтың кедендік аумағы арқылы тасу (тасымалдау) үшін кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылса, тауарлардың шығарылған жерін растау талап етілмейді.
5. Басқа мүше мемлекетке Одақтың кедендік аумағы арқылы тасымалдау үшін кедендік транзит кедендік рәсіміне орналастырылатын тауарларды қоспағанда, сақталуын бақылау кеден органдарына жүктелген мүше мемлекет заңнамасының сақталуын тексеру мақсатында мүше мемлекеттің кеден органдары осы мүше мемлекеттің заңнамасында айқындалған жағдайларда және тәртіппен тауарлардың шығарылған жерін растауды талап етуге құқылы.
6. Тауардың шығарылған жері туралы құжат тауардың шығарылған жері туралы декларация немесе тауардың шығарылған жері туралы сертификат болып табылады. Тауардың шығарылған жері әкелінетін тауарлардың шығарылған жерін анықтау қағидаларына немесе әкетілетін тауарлардың шығарылған жерін анықтау қағидаларына сәйкес тауардың шығарылған жері туралы декларациямен немесе тауардың шығарылған жері туралы сертификатпен расталады.
30-бап. Тауардың шығарылған жері туралы декларация
1. Тауарлардың шығарылған жері туралы декларация - тауарға қатысы бар және тауар шығарылған елдің (елдер тобының, елдердің кедендік одағының, ел өңірінің немесе бір бөлігінің) немесе тауар әкетілетін елдің (елдер тобының, елдердің кедендік одағының, ел өңірінің немесе бір бөлігінің) дайындаушысы, сатушысы немесе жөнелтушісі мәлімдеген тауардың шығарылған жері туралы мәліметтер қамтылған коммерциялық немесе кез келген басқа құжат.
2. Егер тауардың шығарылған жері туралы декларацияда тауардың шығарылған жері туралы мәлімделген мәліметтердің қолданылуы әкелінетін тауарлардың шығарылған жерін анықтау қағидаларында немесе әкетілетін тауарлардың шығарылған жерін анықтау қағидаларында көзделген өлшемшарттардан өзгеше өлшемшарттарға негізделсе, тауардың шығарылған жері туралы ондай декларация тауардың шығарылған жерін растайтын құжат ретінде қарастырылмайды.
31-бап. Тауардың шығарылған жері туралы сертификат
1. Тауардың шығарылған жері туралы сертификат - тауардың шығарылған жері туралы куәландыратын және тауар шығарылған елдің (елдер тобының, елдердің кедендік одағының, ел өңірінің немесе бір бөлігінің) уәкілетті мемлекеттік органы немесе уәкілетті ұйымы немесе әкелінетін тауарлардың шығарылған жерін анықтау қағидаларында немесе әкетілетін тауарлардың шығарылған жерін - тауардың әкетілетін елін (елдер тобын, елдердің кедендік одағы, ел өңірі немесе бір бөлігін) анықтау қағидаларында белгіленген жағдайларда берілген белгілі бір нысандағы құжат.
Тауардың шығарылған жері туралы сертификатқа қойылатын талаптар, оның ішінде оны ресімдеу және (немесе) толтыру тәртібіне қойылатын талаптар әкелінетін тауарлардың шығарылған жерін анықтау қағидаларында немесе әкетілетін тауарлардың шығарылған жерін анықтау қағидаларында айқындалады.
2. Егер тауарлардың шығарылған жері туралы сертификатта тауардың шығарылған жері туралы мәліметтердің қолданылуы әкелінетін тауарлардың шығарылған жерін анықтау қағидаларында немесе әкетілетін тауарлардың шығарылған жерін анықтау қағидаларында белгіленген өлшемшарттардан өзгеше өлшемшарттарға негізделсе, тауардың шығарылған жері туралы мұндай сертификат тауардың шығарылған жерін растайтын құжат ретінде қарастырылмайды.
3. Тауарлар Одақтың кедендік аумағынан әкетілген кезде, егер тауардың шығарылған жері туралы сертификат келісімшарттың талаптары бойынша, тауарлар әкелінетін елдің (елдер тобының, елдердің кедендік одағының, ел өңірінің немесе бір бөлігінің) қағидалары бойынша қажет болса немесе егер сертификаттың болуы әкетілетін тауарлардың шығарылған жерін анықтау қағидаларында көзделсе, көрсетілген сертификатты мүше мемлекеттердің уәкілетті мемлекеттік органдары немесе уәкілетті ұйымдары береді.
Тауардың шығарылған жері туралы сертификатты берген мүше мемлекеттердің уәкілетті мемлекеттік органдары немесе уәкілетті ұйымдары оның көшірмесін және олардың негізінде тауардың шығарылған жері анықталған өзге де құжаттарды тауардың шығарылған жері туралы сертификат берілген күнінен бастап кемінде 3 жыл сақтауға міндетті.
4. Тауардың шығарылған жері туралы сертификат, егер тауардың шығарылған жері туралы сертификат әкелінетін тауарлардың шығарылған жерін анықтау қағидаларында немесе әкетілетін тауарлардың шығарылған жерін анықтау қағидаларында белгіленген оны ресімдеу және (немесе) толтыру тәртібіне қойылатын талаптар бұзыла отырып ресімделсе, тауардың шығарылған жері туралы құжат ретінде қарастырылмайды.
32-бап. Одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарлардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімдер
1. Кедендік декларациялау кезінде тұлғалардың өтініші бойынша кедендік операцияларды жасау уақытын қысқарту мақсатында, кеден органдары Одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарлар кедендік декларацияланғанға дейін осындай тауарлардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімдер (бұдан әрі осы тарауда - тауарлардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімдер) қабылдайды.
2. Тауарлардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімдер кеден органдары осындай тауарлардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімдер қабылдаған мүше мемлекеттің аумағында осындай тауарлардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімдердің қолданыс мерзімі ішінде қолданылады. Тауарлардың шығарылған жері туралы оларға қатысты алдын ала шешімдер қабылданған тауарды кедендік декларациялау кезінде, олардың шығарылған жері туралы мәліметтер тауарлардың шығарылған жері туралы қабылданған алдын ала шешімге сәйкес тауарларға декларацияда көрсетіледі.
33-бап. Тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімдерді қабылдау тәртібі
1. Тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім қабылдау тәртібі осы Кодекстің осы бабында және 34 - 36-баптарында, ал көрсетілген баптарда реттелмеген бөлігінде - мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасына сәйкес айқындалады.
2. Тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімді мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында айқындалған кеден органдары қабылдайды.
3. Тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімді тауар, кедендік транзит кедендік рәсімін қоспағанда, оны кедендік рәсіммен орналастырған кезде тауарды шығару жүргізілетін мүше мемлекеттің кеден органы қабылдайды.
4. Тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім нақты елден Одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауардың әрбір атауы бойынша қабылданады.
5. Тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімнің нысаны, оны толтыру және мұндай тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімге өзгерістер (толықтырулар) енгізу тәртібін Комиссия айқындайды.
6. Тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімді алған тұлға оны жоғалтқан жағдайда, осы тұлғаға тауардың шығарылған жері туралы осындай алдын ала шешімнің телнұсқасы беріледі.
34-бап. Тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім қабылдау туралы өтініш
1. Тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімді тұлғаның электрондық құжат немесе қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде берген өтініші (бұдан әрі осы тарауда - өтініш беруші) негізінде кеден органы қабылдайды.
2. Тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімді қабылдау туралы өтініште:
1) өтініш беруші (атауы мен мекенжайы);
2) тауар (толық коммерциялық атауы, фирмалық атауы (тауар белгісі), негізгі техникалық және коммерциялық сипаттамалары (функционалдық мақсаты, сұрыбы, маркасы, моделі, артикулы, дара және көліктік орамы, Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес коды, құны);
3) тауар дайындалған материалдар, олардың шығарылған жері, Тауарларды сипаттау мен кодтаудың үйлестірілген жүйесіне сәйкес кодтары, құны;
4) тауарды дайындау үшін жасалған өндірістік және технологиялық операциялар туралы мәліметтер қамтылуы тиіс.
3. Тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім қабылдау туралы өтінішке тауар өндірілген елдің (елдер тобының, елдердің кедендік одағының, ел өңірінің немесе бір бөлігінің) сауда-өнеркәсіптік палаталарының және (немесе) басқа да сараптамалық ұйымдарының сараптама актілері және оларға қатысты тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім қабылданатын тауардың шығарылған жері туралы сертификат қоса беріледі.
Тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім қабылдау туралы өтінішке онда көрсетілген мәліметтерді растайтын өзге құжаттар: сынақтар хаттамалары, сараптамалық ұйымдар мамандарының тауарды зерттеу нәтижелері келтірілген қорытындылары, тауарды Одақтың кедендік аумағы арқылы өткізуді көздейтін мәмілелердің жасалуын растайтын құжаттар, өндірілген тауар құнының калькуляциясы, коммерциялық шоттар, бухгалтерлік құжаттар, тауарды дайындаудың технологиялық процесінің егжей-тегжейлі сипаттамасы және тауар шығарылған елдің (елдер тобының, елдердің кедендік одағының, ел өңірінің немесе бір бөлігінің) аумағында осы тауардың толық алынғанын, өндірілгенін немесе жеткілікті түрде өңдеуден (қайта өңдеуден) өткенін куәландыратын басқа да құжаттар, фотографиялар, суреттер, сызбалар, бұйымдардың паспорттары және тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім қабылдауға қажетті басқа да құжаттар қоса беріледі. Тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім қабылдау туралы өтінішке тауардың сынамалары да және (немесе) үлгілері де қоса берілуі мүмкін.
Кеден органы тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім қабылдау туралы өтінішке қоса берілген, мүше мемлекеттің мемлекеттік тілі болып табылмайтын тілде толтырылған құжаттарда қамтылған мәліметтердің аудармасын талап етуге құқылы.
4. Егер өтініш беруші табыс еткен мәліметтер тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім қабылдау үшін жеткіліксіз болған жағдайда, кеден органы тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім қабылдау туралы өтініш кеден органында тіркелген күннен бастап күнтізбелік 30 күннен кешіктірмей өтініш берушіге қосымша ақпаратты табыс ету қажеттігі туралы сұрау салу жолдайды. Мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында осындай сұрау салуды жолдау үшін ұзақтығы бұдан неғұрлым қысқа мерзім белгіленуі мүмкін.
Кеден органы өтініш берушіге жіберілген қосымша ақпарат беру туралы сұрау салуды тіркеген күннен бастап қосымша ақпарат күнтізбелік 60 күннен кешіктірілмей табыс етілуі тиіс.
Егер қосымша ақпарат белгіленген мерзімде табыс етілмесе не табыс етілген қосымша ақпаратта тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім қабылдауға мүмкіндік беретін мәліметтер қамтылмаса, кеден органы мұндай тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім қабылдаудан бас тартады және бас тарту себептерін көрсете отырып, бұл туралы өтініш берушіге хабарлайды.
5. Егер тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім қабылдау кезінде тауардың шығарылған жері туралы табыс етілген сертификат телнұсқа емес екендігінің және (немесе) дұрыс емес ақпарат қамтитынының белгілері байқалған жағдайда, кеден органы мұндай сертификатты тауардың шығарылған жері туралы сертификат берген және (немесе) оны тексеруге уәкілетті мемлекеттік органға немесе уәкілетті ұйымға осындай сертификатқа тексеру жүргізу үшін жіберуге құқылы.
Егер тауардың шығарылған жері туралы сертификатты берген және (немесе) оны тексеруге уәкілетті мемлекеттік орган немесе уәкілетті ұйым тауардың шығарылған жері туралы сертификаттың төлнұсқа болып табылмайтынын және (немесе) онда дұрыс емес мәліметтер қамтылғанан растаса, кеден органы тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім қабылдаудан бас тартады және бас тарту себептерін көрсете отырып, бұл туралы өтініш берушіге хабарлайды.
35-бап. Тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімді қабылдау мерзімі және оның қолданыс мерзімі
1. Тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім кеден органында тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім қабылдау туралы өтініш тіркелген күннен бастап күнтізбелік 90 күннен кешіктірілмей қабылданады.
Мүше мемлекеттің кедендік реттеу туралы заңнамасында тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім қабылдаудың неғұрлым қысқа мерзімі белгіленуі мүмкін.
Осы Кодекстің 34-бабының 4-тармағына сәйкес қосымша ақпарат табыс ету қажет болған жағдайда не осы Кодекстің 34-бабының 5-тармағына сәйкес тауардың шығарылған жері туралы сертификатты тексеру жүргізу үшін жолдаған жағдайда, осы тармақтың бірінші абзацында көрсетілген немесе осы тармақтың екінші абзацына сәйкес белгіленген мерзім ішінде, өтініш берушіге жіберілген қосымша ақпарат табыс ету қажеттігі туралы сұрау салуды кеден органы тіркеген күннен бастап не тауардың шығарылған жері туралы сертификат тексеру жүргізу үшін жіберілген күннен бастап тоқтатыла тұрады және кеден органы қосымша ақпаратты немесе тауардың шығарылған жері туралы сертификатты берген мемлекеттік органның (уәкілетті ұйымның) немесе тексеруге уәкілеттінің жауабы алынған күннен бастап жаңартылады.
Осы Кодекстің 34-бабының 5-тармағына сәйкес кеден органы тауардың шығарылған жері туралы сертификатты тексеру жүргізу үшін жіберген кезде кеден органы осы тармақтың бірінші абзацында көрсетілген немесе осы тармақтың екінші абзацына сәйкес белгіленген мерзімнің тоқтатыла тұратыны туралы өтініш берушіге хабарлайды
2. Тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім, оның негізінде осындай алдын ала шешім қабылданған тауардың шығарылған жері туралы сертификаттың қолданыс мерзімі ішінде қолданыста болады.
36-бап. Тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімге өзгерістер енгізу, оның қолданысын тоқтату немесе кері қайтарып алу
1. Кеден органы тауардың шығарылған жері туралы өзі қабылдаған алдын ала шешімге, сондай-ақ өзі не төмен тұрған кеден органы тауардың шығарылған жері туралы қабылданған алдын ала шешімнің қолданысын тоқтату туралы шешімге немесе кері қайтарып алу туралы шешімге өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдайды.
2. Тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімге өзгерістер енгізу туралы шешім кеден органы немесе өтініш беруші осы тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімді қабылдаған кезде жіберілген және тауардың шығарылған жері туралы мәліметтерге әсер етпейтін қателер анықталған жағдайда қабылданады.
Тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімге өзгерістер енгізу туралы шешім осы тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім қабылданған күннен бастап күшіне енеді.
3. Тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімнің қолданысын тоқтату туралы шешім:
1) кеден органы осы тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімді қабылдау үшін өтініш берушінің дұрыс емес және (немесе) толық емес мәліметтер қамтылған құжаттарды, жалған құжаттарды не дұрыс емес және (немесе) толық емес мәліметтерді табыс еткендігін анықтаған;
2) кеден органы осы тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімді қабылдау кезінде жол берілген және тауардың шығарылған жері туралы мәліметтерге әсер ететін қателерді анықтаған жағдайларда қабылданады.
4. Тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімнің қолданысын тоқтату туралы шешім осы баптың 3-тармағының 1-тармақшасында көрсетілген жағдайда, тауардың шығарылған жері туралы осы алдын ала шешім қабылданған күннен бастап күшіне енеді.
Тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімнің қолданысын тоқтату туралы шешім, осы баптың 3-тармағының 2-тармақшасында көрсетілген жағдайда, тауардың шығарылған жері туралы осы алдын ала шешім қабылданған күннен бастап күшіне енеді.
5. Осы баптың 3-тармағының 2-тармақшасында көрсетілген жағдайда, тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімнің қолданысын тоқтату туралы шешім қабылдау кезінде тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімді берген кеден органы тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімнің қолданысын тоқтату туралы шешім қабылданған күннен бастап 10 жұмыс күнінен кешіктірмей, өтініш беруші тауардың шығарылған жері туралы қолданысы тоқтатылған алдын ала шешім қабылдау туралы өтініш беру кезінде табыс еткен мәліметтердің негізінде тауардың шығарылған жері туралы жаңа алдын ала шешім қабылдайды. Тауардың шығарылған жері туралы мұндай жаңа алдын ала шешім қабылданған күнінен бастап күшіне енеді.
6. Тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімді кері қайтарып алу туралы шешім, егер тауарларға қатысты олардың шығарылған жері туралы алдын ала шешім қабылданған тауарлардың шығарылған жерін анықтауға әсер ететін, әкелінетін тауарлардың шығарылған жерін айқындау қағидаларына тауардың шығарылған жерін анықтау өлшемшарттары бөлігінде өзгерістер енгізілген жағдайда қабылданады.
Тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімді кері қайтарып алу туралы шешім әкелінетін тауарлардың шығарылған жерін айқындау қағидаларына көрсетілген өзгерістер күшіне енген күннен бастап күшіне енеді.
7. Тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімге өзгерістер енгізу туралы шешім, тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімнің қолданысын тоқтата туралы шешім, тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімді кері қайтарып алу туралы шешім, мұндай шешімдердің қабылдану себептері көрсетіле отырып, өтініш берушіге жіберіледі, сондай-ақ осындай шешімдер қабылданған күннен кейінгі күннен кешіктірілмей кеден органдарының назарына жеткізіледі.
5-тарау Тауарлардың кедендік құны
37-бап. Анықтамалар
Осы тараудың мақсаттары үшін мынаны білдіретін ұғымдар пайдаланылады:
«өзара байланысты тұлғалар» - мына шарттардың ең болмағанда біріне сай келетін:
олар бір бірінің ұйымдарының қызметкерлері немесе директорлары (басшылары) болып табылатын;
олар заңды тұрғыдан танылған іскер серіктестер болып табылатын, яғни шарттық қатынастармен байланысқан, пайда табу мақсатында әрекет етеді және бірлескен қызметті жүзеге асыруға байланысты шығыстар мен залалдарды бірге көтеретін;
олар жұмыс беруші және жұмыскер болып табылатын;
қандай да бір тұлға екеуінің бірінің айналысқа шығарылған дауыс беретін акцияларының бес немесе одан да көп пайызын тікелей немесе жанама түрде иелік ететін, бақылайтын, ұстаушы болып табылатын;
олардың біреуі тікелей немесе жанама түрде екіншісін бақылайтын;
олардың екеуін де тікелей немесе жанама түрде үшінші тұлға бақылайтын;
олар екеуі бірігіп тікелей немесе жанама түрде үшінші тұлғаны бақылайтын;
олар туысқандар немесе бір отбасының мүшелері болып табылатын тұлғалар.
Егер тұлғаларар бірлескен кәсіпкерлік немесе өзге қызметте серіктестер болып табылса және бұл ретте олардың біреуі басқаның айрықша (жалғыз) агенті, айрықша дистрибюторы немесе айрықша концессионері болып табылса, бұл қалай ұсынылса да, мұндай тұлғалар, егер олар көрсетілген шарттардың ең болмағанда біреуіне сай болса, осы тараудың мақсаттары үшін өзара байланысты деп есептелуі тиіс.
Егер тұлға заңдық немесе практикалық тұрғыдан басқа тұлғаның әрекеттерін шектеу немесе оны басқару мүмкіндігіне ие болса, ол осы тұлғаны бақылайтын болып есептеледі.
«бірдей тауарлар» - барлық жағынан, оның ішінде физикалық сипаттары, сапасы және репутациясы бойынша бірдей тауарлар. Тауарлардың сыртқы түріндегі елеусіз айырмашылықтар, егер басқа қалған жағдайда бұл тауарлар осы абзацта көзделген талаптарға сәйкес келсе, тауарларды бірдей емес деп тану үшін негіз болып табылмайды. Егер тауарлар Одақтың кедендік аумағына әкелінетін, бағаланатын тауарлар (бұдан әрі осы тарауда - бағаланатын тауарлар) сияқты сол елде өндірілмесе немесе егер осы тауарларға қатысты жобалау, әзірлеу, инженерлік, конструкторлық жұмыс, көркемдік әрлеу, дизайнын, эскиздері мен сызбаларын әзірлеу және өзге де сол сияқты жұмыстар Одақтың кедендік аумағында орындалған болса, ол тауарлар бірдей болып есептелмейді. Тауарларға қатысты «өндірілген» («өндірілді») деген ұғымның «өндірілген», «өсірілген», «оның ішінде тауарларды монтаждау, жинақтау немесе бұзу жолымен жасалған» деген мағынасы да бар. Бағаланатын тауарларды өндірушіден басқа тұлға өндірген тауарлар, сол өндірушінің бірдей тауарлары анықталмаған не қолда бар ақпарат пайдалануға болмайды деп есептелген жағдайда ғана бірдей тауарлар деп қарастырылады;
«бухгалтерлік есепке алудың жалпыға бірдей қабылданған қағидаттары» - тиісті уақыт кезеңінде тиісті мемлекетте белгіленген тәртіппен қолданылатын бухгалтерлік есепке алу қағидаларының жүйесі;
«біртекті тауарлар» - барлық жағынан бірдей болып табылмайтын, бірақ ұқсас сипаттамалары бар ұқсас құрамбөліктерден тұратын және осындай бағаланатын тауарлар сияқты функцияларды орындауға мүмкіндік беретін және олармен коммерциялық тұрғыдан өзара ауыстыруға болатын материалдардан жасалған тауарлар. Тауарлардың біртекті болып табылатындығы анықталған кезде сапасы, репутациясы және тауар белгісінің болуы сияқты сипаттамалары ескеріледі. Егер тауарлар бағаланатын елде өндірілмесе немесе егер осы тауарларға қатысты жобалау, әзірлеу, инженерлік, конструкторлық жұмыс, көркемдік әрлеу, дизайнын, эскиздері мен сызбаларын әзірлеу және өзге де сол сияқты жұмыстар Одақтың кедендік аумағында орындалған болса, тауарлар біртекті болып есептелмейді. Тауарларға қатысты «өндірілген» («өндірілді») деген ұғымның, «өндрілген», «өсірілген», «оның ішінде тауарларды монтаждау, жинақтау немесе бұзу жолымен жасалған» деген мағынасы да бар. Бағаланатын тауарларды өндірушіден өзге тұлға өндірген біртекті тауарлар, сол өндірушінің біртекті тауарлары анықталмаған не қолда бар ақпарат пайдалануға болмайды деп есептелген жағдайда ғана біртекті тауарлар деп қарастырылады;
«белгілі бір класстың немесе түрдің тауарлары» - бірдей және біртекті тауарларды қоса алғанда, тауарлардың бір тобына немесе қатарына жататын және олардың жасалуы экономикалық қызметтің тиісті түріне жататын тауарлар.
38-бап. Тауарлардың кедендік құны туралы жалпы ережелер
1. Осы тараудың ережелері 1994 жылғы Тарифтер мен сауда жөніндегі бас келісімнің (1994 жылғы ГАТТ) VII бабында және 1994 жылғы Тарифтер мен сауда жөніндегі бас келісімнің VII бабын қолдану жөніндегі келісімнің ортақ қағидаттары мен қағидаларына негізделген.
2. Егер Одақтың кедендік аумағына әкелу кезінде тауарлар Одақтың кедендік шекарасын кесіп өтсе және осындай тауарларға қатысты осы баптың 3-тармағында көрсетілгендерден өзге кедендік рәсім алғашқы рет мәлімделсе, Одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарлардың (бұдан әрі осы тарауда - әкелінетін тауарлар) кедендік құны осы тарауға сәйкес айқындалады.
Әкелінетін тауарлардың кедендік құны, егер тауарларды кедендік декларациялау оларды, осы баптың 3-тармағында көрсетілгендерден өзге кедендік рәсімге орналастырған жағдайда да осы Кодекстің 104-бабының 8-тармағына сәйкес мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген ерекшеліктермен немесе осы Кодекстің 114 және 116-баптарында айқындалған ерекшеліктермен жүзеге асырылады.
3. Осы баптың 2-тармағының ережелеріне қарамастан тауарлардың кедендік құны оларды кедендік транзит кедендік рәсіміне, кедендік қойма кедендік рәсіміне, жою кедендік рәсіміне, мемлекет пайдасына бас тарту кедендік рәсіміне немесе арнайы кедендік рәсіміне орналастырған кезде айқындалмайды.
4. Одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарлардың кедендік құны кеден органына тауарлардың кедендік декларациялануы жүзеге асырылатын мүше мемлекеттің кедендік реттеу туралы заңнамасына сәйкес айқындалады.
5. Осы Кодекстің 199-бабының 1-тармағында, 209-бабының 1-тармағының екінші абзацында, 2 және 3-тармақтарында және 217-бабының 1-тармағының екінші абзацында, 2 және 3-тармақтарында көрсетілген тауарлардың, сондай-ақ осы Кодекстің 170, 195 және 250-баптарына сәйкес кедендік рәсімдерге орналастырылуға жататын қалдықтардың құны, Комиссия айқындайтын ерекшеліктері ескеріле отырып, осы тарауға сәйкес айқындалады.