су, әуе кемелерінің жолаушылары мен экипаж мүшелерінің немесе пойыз жолаушылары мен пойыз бригадалары жұмыскерлерінің тұтынуы және (немесе) пайдалануы үшін, сондай-ақ осындай адамдарға таратуға немесе сатуға арналған тауарлар;
24) «коммерциялық құжаттар» - сыртқы сауда және өзге қызметті жүзеге асыру кезінде, сондай-ақ тауарларды Одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізуге байланысты мәмілелердің жасалуын растау үшін пайдаланылатын құжаттар (шот-фактуралар (инвойстар), өзіндік ерекшеліктер, тиеу (орау) парақтары және өзге де құжаттар);
25) «көлік құралдары» - су кемесін, әуе кемесін, автомобиль көлігі құралын, тіркемені, жартылай тіркемені, теміржол көлігі құралын (теміржол жылжымалы құрамы, теміржол жылжымалы құрамының бірлігі), олар үшін көзделген техникалық паспорттары немесе техникалық формулярлары, қосалқы бөлшектері, керек-жарақтары мен жабдықтары, егер көрсетілген көлік құралдарымен бірге тасымалданатын болса, олардың конструкциясында көзделген май құю ыдыстарындағы жанар-жағармай материалдары, салқындату және өзге де техникалық сұйықтықтары бар контейнерді қамтитын тауарлар санаты;
26) «көлік (тасымалдау) құжаттары» - тауарларды тасымалдау шартының бар екенін растайтын және оларды мұндай тасымалдау кезіндегі ілеспе құжаттар (коносамент, жүкқұжат, көлік экспедициясы шартының жасалғанын растайтын құжат және өзге де құжаттар);
27) «қолма-қол ақшалай қаражат» - айналымнан алып тасталғандарды не алып тасталатындарды, бірақ айналымда болатын ақша белгілеріне айырбастауға жататындарды қоса алғанда, мүше мемлекеттерде немесе Одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттерде (мемлекеттер тобында) айналымда болатын және заңды төлем құралы болып табылатын банкноттар және қазынашылық билеттері, бағалы металдардан жасалған монеталарды қоспағанда, монеталар түріндегі ақша белгілері;
28) «құрылысжайлар, қондырғылар» - оларды құруға арналған жобалау құжаттамасына сәйкес орналасқан жері бойынша бекітілген, мүше мемлекеттердің қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өңірлік геологиялық зерделеу, геологиялық зерделеу, минералдық ресурстарды барлау және өндіру, су биологиялық ресурстарының теңіз ресурстық зерттеулерін жүргізу және балық аулауды жүзеге асыру, теңізде ғылыми зерттеулер жүргізу мақсатында мүше мемлекеттердің үшінші тараппен жасасқан халықаралық шарттарына және мүше мемлекеттердің заңнамасына қайшы келмейтін өзге де мақсаттарда пайдаланылатын ұңғымаларды, стационарлық теңіз платформаларын, стационарлық бұрғылау қондырғыларын, басқа да жүзетін және стационарлық объектілерді қоса алғанда, су асты құрылысжайлары, жүзетін бұрғылау қондырғылары, теңіздегі жүзетін платформалар;
29) «қылмыстар» - мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес іс жүргізілуі кеден органдарының қарауына жатқызылған қылмыстар немесе қылмыстық құқық бұзушылықтар;
30) «межелі кеден органы» - қызмет атқаратын өңірде жөнелтуші кеден органы айқындаған тауарларды жеткізу орны тұрған не кедендік транзит кедендік рәсімінің қолданысын аяқтайтын кеден органы;
31) «мүдделі тұлға» - тауарларға қатысты мүдделері кеден органдарының немесе олардың лауазымды тұлғаларының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) қарай қозғалатын тұлға;
32) «мүше мемлекеттердің үшінші тараппен халықаралық шарттары» - мүше мемлекеттердің бірінің үшінші тараппен халықаралық шарты немесе бірнеше не барлық мүше мемлекет қатысушылары болып табылатын үшінші тараппен халықаралық шарт;
33) «мүше мемлекеттің тұлғасы» - мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлға, заңды тұлға болып табылмайтын ұйым, сондай-ақ мүше мемлекетте тұрақты тұратын жері бар жеке тұлға, оның ішінде мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес тіркелген дара кәсіпкер;
34) «Одақ тауарлары»:
Одақтың кедендік аумағында тұрған, толығымен Одақтың кедендік аумағында өндірілген (шығарылған, алынған, өсірілген) тауарлар;
Одақтың кедендік аумағында тұрған, осы Кодекске сәйкес не ол күшіне енгенге дейін Одақ тауарлары мәртебесін алған не Одақ тауарлары деп танылған тауарлар;
Одақтың кедендік аумағында тұрған, осы тармақшаның екінші және үшінші абзацтарында көрсетілген тауарлардан бір немесе бірнеше мүше мемлекеттерде өндірілген (дайындалған) тауарлар;
осы Кодекске сәйкес Одақтың кедендік аумағынан әкетілген және Одақ тауарлары мәртебесін сақтаған тауарлар;
35) «Одақтың кедендік аумағына тауарларды әкелу» - Одақтың кедендік шекарасын кесіп өтуге байланысты әрекеттерді жасау және соның нәтижесінде тауарларды халықаралық пошта жөнелтімдері арқылы жіберуді, құбыржол көлігін және электр беру желілерін пайдалануды қоса алғанда, кеден органдары осындай тауарларды шығарғанға дейін, тауарлар Одақтың кедендік аумағына кез келген тәсілмен келген әрекеттерді жасау;
36) «Одақтың кедендік аумағынан тауарларды әкету» - Одақтың кедендік аумағынан кез-келген тәсілмен тауарларды әкетуге бағытталған әрекеттерді жасау, оның ішінде Одақтың кедендік шекарасын кесіп өтуді қоса алғанда, халықаралық пошта жөнелтімдері арқылы жіберу, құбыржол көлігін және электр берілісі желілерін пайдалану;
37) «Одақтың кеден шекарасы арқылы тауарларды заңсыз өткізу» - осы Кодекстің 10-бабына сәйкес тауарлар Одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілуге тиіс немесе жүзеге асырылуы мүмкін жерлерден тыс, немесе осы жерлерде орналасқан кеден органдарының жұмыс уақытынан тыс не кедендік бақылаудан жасырын не тауарларды дұрыс декларацияламау немесе декларацияламау не тауарлар туралы дұрыс емес мәліметтер қамтылған құжаттарды пайдалана отырып және (немесе) қолдан жасалған не басқа тауарларға жататын идентификаттау құралдарын пайдалана отырып, Одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу;
38) «Одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу» - тауарларды Одақтың кедендік аумағына әкелу немесе тауарларды Одақтың кедендік аумағынан әкету;
39) «салықтар» - тауарларды Одақтың кедендік аумағына әкелуге байланысты алынатын қосылған құн салығы, акциздер (акциздік салық немесе акциздік алым);
40) «су кемелері» - теңіз кемелері, аралас жүзу (өзен-теңіз) кемелері, сондай-ақ мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес мемлекеттік тіркеуге жататын ішкі су (жүзу) көлігі кемелері;
41) «пошта байланысының тағайындалған операторы» - Дүниежүзілік пошта одағына мүше ел ресми тағайындайтын және мүше мемлекеттердің заңнамасына және Дүниежүзілік пошта одағының актілеріне сәйкес пошта байланысы қызметтерін көрсетуді қамтамасыз ететін тұлға;
42) «тасымалдаушы» - тауарларды және (немесе) жолаушыларды Одақтың кедендік шекарасы арқылы тасымалдауды (тасымалды) және (немесе) Одақтың кедендік аумағы бойынша кедендік бақылаудағы тауарларды тасымалдауды жүзеге асыратын тұлға. Тауарларды құбыржол көлігімен немесе электр беру желілері арқылы өткізу кезінде құбыржол көлігін немесе электр беру желілерін пайдалану үшін және (немесе) тауарларды құбыржол көлігімен немесе электр беру желілері арқылы өткізу үшін және (немесе) осы тауарларды бақылау және есепке алу үшін жауапты тұлға тасымалдаушы болып табылады;
43) «тауар» - кез келген жылжымалы мүлік, оның ішінде мүше мемлекеттердің валютасы, бағалы қағаздар және (немесе) валюталық құндылықтар, жол чектері, электр энергиясы, сондай-ақ жылжымайтын мүлікке теңестірілген өзге де өткізілетін заттар;
44) «тауарларды шығару» - әрекеттер жасағаннан кейін, мәлімделген кедендік рәсімге сәйкес немесе осы Кодекске сәйкес кедендік рәсімдерге орналастыруға жатпайтын, жекелеген тауар санатына қатысты белгіленген тәртіппен және шарттарда мүдделі тұлғалар тауарларды пайдалануға құқылы болатын кеден органының әрекеті;
45) «тұлға» - жеке тұлға, заңды тұлға, сондай-ақ заңды тұлға болып табылмайтын ұйым;
46) «тыйым салулар мен шектеулер» - Одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларға қатысты қолданылатын, тарифтік емес реттеу, оның ішінде Одақ туралы шартқа сәйкес біржақты тәртіппен енгізілетін тарифтік емес реттеу шаралары, техникалық реттеу шаралары, санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шаралар, экспорттық бақылау шаралары, оның ішінде әскери мақсаттағы өнімдерге қатысты шаралар және Одақ туралы шартқа және (немесе) мүше мемлекетердің заңнамасына сәйкес белгіленген радиациялық талаптар;
47) «халықаралық пошта жөнелтілімдері» - Дүниежүзілік пошта одағының актілеріне сәйкес пошта алмасу объектілері болып табылатын, Дүниежүзілік пошта одағының актілерінде көзделген құжаттар ілестіре берілетін, халықаралық пошта алмасу орындарынан (мекемелерінен) Одақтың кедендік аумағының шегінен тысқары жіберілетін не Одақтың кедендік аумағына халықаралық пошта алмасу орындарына (мекемелеріне) келіп түсетін не Одақтың кедендік аумағы арқылы транзитпен жүретін посылкалар және жазбаша хат-хабар жөнелтілімдері;
48) «халықаралық тасымалдың көлік құралдары» - жүктерді тиеуге, түсіруге, өңдеуге және қорғауға арналған арнайы жабдығы, материалдық-техникалық жабдықтау және жасақтау заттары, сондай-ақ жүру жолында көлік құралдарын жөндеуге, техникалық қызмет көрсетуге немесе пайдалануға арналған қосалқы бөлшектері мен жабдықтары бар жүктерді, жолаушыларды және (немесе) багажды халықаралық тасымалдау үшін пайдаланылатын көлік құралдары;
49) «шетелдік тауарлар» - Одақтың тауары болып табылмайтын, оның ішінде осы Кодекске сәйкес Одақтың тауарлары мәртебесінен айырылған тауарлар, сондай-ақ осы Кодекске сәйкес шетелдік тауарлар мәртебесін алған (шетелдік тауарлар болып танылған) тауарлар;
50) «шетелдік тұлға» - мүше мемлекеттің тұлғасы болып табылмайтын тұлға;
51) «ішкі нарықты қорғау шаралары» — үшінші елдерде шығарылатын және Одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарларға қатысты енгізілетін арнайы қорғау, демпингке қарсы, өтемақы шаралары және Одақ туралы шартқа сәйкес белгіленген, ішкі нарықты қорғаудың өзге де шаралары;
52) «экспресс-жүк» - халықаралық пошта жөнелтілімдерінде жіберілетін тауарды қоспағанда, осы тауарды барынша мүмкін болатын және (немесе) тіркелген уақыт аралығы ішінде дара жүкқұжатқа сәйкес алушыға дейін жеткізу мақсатында тасымалдауларды ұйымдастыру мен қадағалаудың электрондық ақпараттық жүйесін пайдалана отырып, көліктің кез келген түрімен жедел тасымалдау шеңберінде тасымалданатын тауар;
2. Осы Кодекстің мақсаттары үшін:
1) «еркін (арнайы, ерекше) экономикалық аймақ» (бұдан әрі - ЕЭА), «логистикалық ЕЭА», «порттық ЕЭА» және «ЕЭА резиденті (қатысушысы, субъекті)»ұғымдары Одақ шеңберінде халықаралық шарттарда айқындалған мағыналарда пайдаланылады;
2) «дипломатиялық өкілдік басшысы», «дипломатиялық өкілдіктің дипломатиялық персонал мүшелері», «дипломатиялық өкілдіктің әкімшілік-техникалық персонал мүшелері», «дипломатиялық өкілдіктің қызмет көрсетуші персоналының мүшелері», «консулдық мекеме басшысы», «консулдық мекемелердің консулдық лауазымды адамдары», «консулдық мекемелердің консулдық қызметшілері», «консулдық мекемелердің қызмет көрсетуші персоналының жұмыскерлері», «отбасы мүшелері», «дипломатиялық өкілдік қызметкерлері», «консулдық мекеме жұмыскерлері» ұғымдары 1961 жылғы 18 сәуірдегі Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясында және 1963 жылғы 24 сәуірдегі Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясында айқындалған мағыналарда пайдаланылады.
3. Осы Кодексте:
1) ЕЭА аумағы деп аумағында ЕЭА құрылған мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес еркін кедендік аймақтың кедендік рәсімі қолданылатын ЕЭА бүкіл аумағы немесе ЕЭА бір бөлігі түсініледі;
2) Одақтың кедендік аумағында орналасқан дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелер деп мүше мемлекеттердің аумақтарында орналасқан, Одақ мүшелері болып табылмайтын мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелері және басқа мүше мемлекеттердің аумақтарында орналасқан тек мүше мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері, консулдық мекемелері түсініледі;
3) өзге де ұйымдар немесе олардың өкілдіктері деп мүше мемлекеттің аумағында осы мүше мемлекеттің халықаралық шарттарына сәйкес артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланатын және Еуразиялық экономикалық комиссия (бұдан әрі - Комиссия) қалыптастыратын тізбеге енгізілген ұйымдар немесе олардың өкілдіктері түсініледі.
4. Комиссия мүше мемлекеттер табыс ететін ақпарат негізінде мүше мемлекеттің аумағында осы мүше мемлекеттің халықаралық шарттарына сәйкес артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланатын ұйымдардың немесе олардың өкілдіктерінің тізбесін қалыптастырады және оны Одақтың «Интернет» ақпараттық-телекоммуникациялық желісіндегі (бұдан әрі - Интернет желісі) ресми сайтында орналастыруды қамтамасыз етеді.
5. Осы Кодексте пайдаланылатын өзге де ұғымдар осы Кодекстің тиісті баптарында, сондай-ақ Одақ туралы шартта айқындалған мағыналарда қолданылады.
6. Азаматтық заңнамадағы және осы Кодексте пайдаланылатын заңнаманың басқа салаларындағы ұғымдар, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, мүше мемлекеттің әрқайсысында мүше мемлекет заңнамасының тиісті салаларында пайдаланылатын мағынада қолданылады.
3-бап. Кедендік реттеу саласындағы халықаралық шарттар мен актілер туралы ақпараттандыру
Кедендік реттеу саласындағы халықаралық шарттар мен актілер туралы ақпараттандыру Комиссия және кеден органдары оларды тиісінше Одақтың ресми сайтында және кеден органдарының Интернет желісіндегі ресми сайттарында орналастыру жолымен, сондай-ақ олар туралы ақпаратты телевизия мен радионы, ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы жалпы жұртшылықтың назарына жеткізу жолымен, сондай-ақ өзге де жалпыға бірдей қолжетімді ақпарат тарату тәсілдерімен жүзеге асырады.
4-бап. Кедендік реттеу саласындағы халықаралық шарттар мен актілерде белгіленетін мерзімдерді есептеу тәртібі
1. Кедендік реттеу саласындағы халықаралық шарттар мен актілерде белгіленген мерзім күнтізбелік датамен немесе жылдармен, айлармен, күндермен немесе сағаттармен есептелетін уақыт кезеңінің өтуімен айқындалады.
Мерзімі туындауға тиіс оқиғаны немесе жасалуға тиіс әрекетті көрсете отырып та айқындалуы мүмкін.
2. Егер кедендік реттеу саласындағы халықаралық шарттар мен актілерде уақыт кезеңімен айқындалған мерзімнің басталуын және аяқталуын айқындау үшін мерзімді есептеудің арнайы тәртібі белгіленбесе, кедендік реттеу саласындағы халықаралық шарттар мен актілерде осы баптың 3 - 9-тармақтарында көзделген қағидалар қолданылады.
3. Жылдармен, айлармен немесе күндермен есептелетін уақыт кезеңімен айқындалған мерзімнің өтуі күнтізбелік күннен кейінгі келесі күні немесе оның басталуы айқындалған оқиға болған күні, ал сағатпен есептелетін уақыттың өтуі - оның басталуы айқындалған оқиға болған сағаттан кейінгі сағаттан басталады.
4. Жылдармен есептелетін мерзім, мерзімнің соңғы жылының тиісті айында және күнінде бітеді.
5. Айлармен есептелетін мерзім, мерзімнің соңғы айының тиісті күнінде бітеді.
Егер айлармен есептелетін мерзімнің аяқталуы тиісті күні жоқ айға тура келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күнінде бітеді.
6. Егер мерзімнің соңғы күні жұмыс істемейтін күнге тура келетін болса, одан кейінгі жақын жұмыс күні мерзімнің аяқталу күні болып есептеледі.
7. Егер мерзім қандай да бір әрекетті жасау үшін белгіленсе, ол мерзімнің соңғы күнгі сағат 24-ке дейін орындалуы мүмкін.
Алайда, егер бұл әрекет ұйымда жасалуға тиіс болса, онда мерзім белгіленген қағидалар бойынша осы ұйымда тиісті операциялар тоқтатылған сағатта бітеді.
Егер жазбаша өтініштер мен хабарламалар мерзімнің соңғы күнгі сағат 24-ке дейін пошта байланысы мекемесіне (ұйымына) тапсырылған болса, белгіленген мерзім өтіп кеткен болып есептелмейді.
8. Егер мерзім жұмыс күндерімен есептелетін болса, жұмыс күндері деп:
1) мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес жұмыс істемейтін күн деп жарияланған күндері тура келмейтін, аптаның дүйсенбіден жұмаға дейінгі күндері;
2) мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес жұмыс күндеріне ауыстырылған демалыс күндері түсініледі.
9. Егер тауарларды Одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізетін жерлерде және кеден органдары орналасқан өзге де жерлерде кеден органдарының жұмыс уақыты болып жұмыс істемейтін күндері белгіленсе, осы кеден органдарының жұмыс күндерімен есептелетін кедендік операцияларды жасау мерзімі жұмыс істемейтін күндерді қамтиды.
5-бап. Одақтың кедендік аумағы және Одақтың кедендік шекарасы
1. Одақтың кедендік аумағын мүше мемлекеттердің аумағы, сондай-ақ мүше мемлекеттердің аумақтары шегінен тысқары орналасқан жасанды аралдар, құрылысжайлар, қондырғылар және оларға қатысты мүше мемлекеттердің айрықша юрисдикциясы бар өзге де объектілер құрайды.
2. Одақтың кедендік аумағының шегі, сондай-ақ Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарға сәйкес - мүше мемлекеттердің аумақтарында орналасқан жекелеген аумақтардың шегі Одақтың кедендік шекарасы болып табылады.
6-бап. Кедендік-тарифтік реттеу шараларын, тыйым салулар мен шектеулерді, ішкі нарықты қорғау шараларын, кедендік реттеу саласындағы халықаралық шарттар мен актілерді, мүше мемлекеттердің салық салу саласындағы заңнамалық актілерін қолдану
1. Одақ туралы шартқа немесе Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарға сәйкес, егер осы Кодексте, ал мүше мемлекеттердің салық салу саласындағы заңнамалық актілерін қолдануға қатысты - мүше мемлекеттердің заңнамасында да өзгеше белгіленбесе, кедендік операциялар жасау және кедендік бақылау жүргізу кезінде кедендік декларацияны немесе өзге де кедендік құжаттарды тіркеу күніне қолданылатын кедендік-тарифтік реттеу шаралары, тыйым салу мен шектеулер, ішкі нарықты қорғау шаралары, мүше мемлекеттердің салық салу саласындағы заңнамалық актілері қолданылады.
2. Одақ туралы шартқа немесе Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарға сәйкес, егер осы Кодексте, ал мүше мемлекеттердің салық салу саласындағы заңнамалық актілерін қолдануға қатысты - мүше мемлекеттердің заңнамасында да өзгеше белгіленбесе, тауарларды кедендік реттеу саласындағы халықаралық шарттарда және актілерде белгіленген талаптарды бұза отырып, Одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларға қатысты Одақтың кедендік шекарасынан тауарларды іс жүзінде өткізу күніне қолданылатын кедендік-тарифтік реттеу шаралары, тыйым салу мен шектеулер, ішкі нарықты қорғау шаралары, кедендік реттеу саласындағы халықаралық шарттар мен актілер, мүше мемлекеттердің салық салу саласындағы заңнамалық актілері қолданылады.
Одақ туралы шартқа немесе Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарға сәйкес, егер осы Кодексте, ал мүше мемлекеттердің салық салу саласындағы заңнамалық актілерін қолдануға қатысты - мүше мемлекеттердің заңнамасында да өзгеше белгіленбесе, егер Одақтың кедендік шекарасынан тауарларды іс-жүзінде өткізу күні белгіленбесе, бұзушылықтар анықталған күні қолданылатын кедендік-тарифтік реттеу шаралары, тыйым салу мен шектеулер, ішкі нарықты қорғау шаралары, кедендік реттеу саласындағы халықаралық шарттар мен актілер, мүше мемлекеттердің салық салу саласындағы заңнамалық актілері қолданылады.
3. Егер мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында осы Кодекстің 104-бабының 8-тармағына сәйкес кедендік декларациялаудың ерекшеліктері ретінде тауарларға екі және одан да көп декларация беру көзделген болса, кедендік декларациялау осындай ерекшеліктермен жүзеге асырылатын тауарларға қатысты кедендік-тарифтік реттеу шаралары, тыйым салулар мен шектеулер, ішкі нарықты қорғау шаралары, мүше мемлекеттердің салық салу саласындағы заңнамалық актілері тауарларға бірінші декларация тіркелген күні қолданылады.
7-бап. Тыйым салулар мен шектеулерді сақтау
1. Тауарлар Одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізіледі және (немесе) тыйым салулар мен шектеулер сақтала отырып, кедендік рәсімдерге орналастырылады.
2. Тарифтік емес реттеу шараларын, оның ішінде біржақты тәртіппен енгізілетін шараларды және техникалық реттеу шараларын сақтау Одақ туралы шартқа сәйкес Комиссия айқындаған немесе мүше мемлекеттердің заңнамасында айқындалған жағдайларда және тәртіппен, ал экспорттық бақылау шараларын, оның ішінде әскери мақсаттағы өнімге қатысты шараларды сақтау - осындай шаралардың сақталуын растайтын, құжаттарды және (немесе) мәліметтерді табыс ету арқылы мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес айқындалған жағдайларда және тәртіппен расталады.
3. Санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шаралар мен радиациялық талаптарды сақтау Одақ туралы шартта және оған сәйкес қабылданған Комиссияның актілерінде белгіленген тәртіппен және (немесе) мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген тәртіппен санитариялық-эпидемиологиялық, ветеринариялық, карантиндік фитосанитариялық, радиациялық бақылау (қадағалау) нәтижелері бойынша расталады.
4. Жеке тұлғалардың Одақ туралы шартта көзделген, үшінші елдермен саудада тарифтік емес реттеу шаралары қолданылатын тауарлардың бірыңғай тізбесіне енгізілген тауарларды жеке пайдалануға арналған тауарлар ретінде Одақтың кедендік аумағына әкелу және (немесе) әкету ерекшеліктерін Комиссия айқындайды.
5. Егер тыйым салулар мен шектеулерді белгілейтін актілерде олардың сақталуын растау жағдайлары және (немесе) тәртібі айқындалмаған болса, осындай тыйым салулар мен шектеулерді сақтау тауарларды Одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу кезінде, сондай-ақ тауарларды ішкі тұтыну үшін кедендік шығару рәсіміне немесе кедендік экспорт рәсіміне орналастыру кезінде расталады.
6. Тыйым салула мен шектеулерді сақтау жөніндегі міндет, егер олар:
1) келген жерінен бастап халықаралық пошта жөнелтілімдерінде жіберілетін тауарлармен кедендік операциялар жасау жеріне дейін;
2) келген жерінен кеткен жеріне дейін тасымалданса, халықаралық пошта жөнелтілімдерін кедендік транзит кедендік рәсіміне орналастыру кезінде декларанттарға жүктелмейді.
8-бап. Кедендік құжаттар
1. Егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, кедендік құжаттар орыс тілінде немесе кеден органына кедендік құжаттар табыс етілетін мүше мемлекеттің мемлекеттік тілінде толтырылады.
Бір мүше мемлекеттің аумағында толтырылатын және кедендік операциялар жасау кезінде басқа мүше мемлекеттің кеден органына табыс етілуге жататын кедендік құжаттар орыс тілінде толтырылады.
2. Кедендік құжаттарда кодталған түрде көрсетілуге жататын мәліметтер Комиссия бекітетін сыныптауыштар пайдаланыла отырып, ал Комиссия оларды бекіткенге дейін - мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасына сәйкес қолданылатын сыныптауыштар пайдаланыла отырып көрсетіледі.
3. Электрондық құжаттар түріндегі кедендік құжаттардың құрылымы мен форматы, осы Кодекске, кедендік реттеу саласындағы өзге халықаралық шарттарға және актілерге сәйкес Комиссия айқындайтын жағдайларды қоспағанда, мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес белгіленеді.
4. Мүше мемлекеттің кедендік реттеу туралы заңнамасында осы Кодексте, кедендік реттеу саласындағы өзге де халықаралық шарттар мен актілерде көзделмеген кедендік құжаттар, олардың нысандары, осы нысандарды толтыру, осындай кедендік құжаттарға өзгерістер (толықтырулар) енгізу тәртібі белгіленуі мүмкін.
5. Егер осы Кодексте, кедендік реттеу саласындағы өзге де халықаралық шарттар мен актілерде кедендік құжаттардың нысандарын толтыру тәртібін және (немесе) кедендік құжаттарға өзгерістер (толықтырулар) енгізу тәртібін айқындау көзделмесе, мұндай тәртіп мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында айқындалуы мүмкін.
2-тарау
Одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу, Одақтың кедендік аумағында немесе оның шегінен тысқары жерлерде оларды иелену,
пайдалану және (немесе) оларға билік ету туралы жалпы ережелер
9-бап. Одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу
1. Барлық тұлғалардың осы Кодексте белгіленген тәртіппен және шарттарда немесе осы Кодекске сәйкес Одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды тең негізде өткізуге құқығы бар.
2. Одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар осы Кодекске сәйкес кедендік бақылауға жатады.
10-бап. Одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізетін орындар
1. Одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу осы баптың 3-тармағына сәйкес өзге де орындарда және осы орындарда орналасқан кеден органдарының жұмыс уақытында жүзеге асырыла алатын жағдайларды қоспағанда, Одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу Одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін орындарда жүзеге асырылады.
2. Мүше мемлекеттердің мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері не мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес айқындалған өзге де орындар Одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарлар өткізілетін орындар болып табылады.
3. Одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу осы баптың 2-тармағында көрсетілген орындардан өзге орындарда мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес белгіленген жағдайларда және тәртіппен жүзеге асырыла алады.
4. Одақтың кедендік аумағынан тауарлар келетін Одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу орындары келетін орындар болып табылады.
Одақтың кедендік аумағынан тауарлар кететін Одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу орындары кететін орындар болып табылады.
Келетін және кететін орындар туралы ақпаратты кеден органдары келтін орындардың және кететін орындарының жалпы тізбесін қалыптастыру үшін және оларды Одақтың интернет желісіндегі ресми сайтына орналастыру үшін Комиссияға жібереді.