165-бап. Кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі
1. Кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі Одақтың кедендік аумағында тауарларды қайта өңдеу шарттары туралы құжатта белгіленген Одақтың кедендік аумағында тауарларды қайта өңдеу мерзімі негізінде белгіленеді.
2. Кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімінің белгіленген қолданылу мерзімі Одақтың кедендік аумағында тауарларды қайта өңдеу мерзімін ұзарту кезінде тұлғаның өтініші бойынша ұзартылады.
3. Мүше мемлекеттердің заңнамасында тауарларды Одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу мерзімін ұзарту кезінде кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімінің белгіленген қолданылу мерзімі өткеннен кейін 10 жұмыс күніне ұзартыла алатыны көзделуі мүмкін. Кеден органы белгілеген кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу мерзімін ұзарту кезінде ол өткеннен кейін осындай кедендік рәсімнің қолданылуы осы кедендік рәсімнің қолданысы тоқтатылған күннен бастап жаңғыртылады.
166-бап. Одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу жөніндегі операциялар
1. Одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу жөніндегі операциялар:
1) тауарларды қайта өңдеуді және өңдеуді;
2) монтаждауды, жинауды, бөлшектеуді және шақтауды қоса алғанда, тауарларды дайындауды;
3) қалпына келтіруді, құрамдас бөлшектерді өткізуді, жаңғыртуды қоса алғанда, тауарларды жөндеуді;
4) тауарлардың қайта өңдеу процесінде толық немесе ішінара тұтынылатынына қарамастан, қайта өңдеу өнімдерінің өндірісіне жәрдемдесетін немесе оны жеңілдететін осы тауарларды пайдалануды қамтиды. Бұл операция осы тармақтың 1 - 3-тармақшаларында көрсетілген операциялардың бірімен бір мезгілде жасалуға тиіс.
2. Одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу жөніндегі операцияларға:
1) тауарларды сатуға және тасуға (тасымалдауға) дайындау кезінде олардың сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі операциялар, оның ішінде тауарлар өз дербес сипаттамаларын жоғалтпайтын тауарларды буып-түю, өлшеп орау және сұрыптау;
2) төл алу, құстарды, балықтарды қоса алғанда, жануарларды өсіру және бордақылау, сондай-ақ шаян тектестер мен моллюскалар өсіру;
3) ағаштар мен өзге де өсімдіктер өсіру;
4) ақпаратты, дыбыс және бейне жазбаларды ақпарат жеткізгіштердің кез келген түрлеріне көшіру және көбейту;
5) технологиялық процесте шетел тауарларын көмекші құралдар (жабдық, станоктар, керек-жарақтар және басқасы) ретінде пайдалану;
6) Комиссия айқындайтын өзге де операциялар жатпайды.
3. Одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасау кезінде мүше мемлекеттердің заңнамасында кедендік әкету баждарының мөлшерлемелері белгіленген және Комиссия айқындайтын тізбеге кірген тауарларды қоспағанда, Одақ тауарларын пайдалануға жол беріледі.
Комиссия мүше мемлекеттердің заңнамасында кедендік әкету баждарының мөлшерлемелері белгіленген және осы Кодекстің бірінші абзацында белгіленген тізбеге кірген Одақ тауарлары Одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу жөніндегі операциялар жасау кезінде пайдаланылуы ықтимал жағдайларды аайқындауға құқылы.
167-бап. Шетелдік тауарларды қайта өңдеу өнімдерінде идентификаттау
Шетелдік тауарларды қайта өңдеу өнімдерінде идентификаттау мақсатында мынадай тәсілдер пайдаланылуы мүмкін:
декларанттың, қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын тұлғаның немесе кеден органдары лауазымды адамдарының шетел тауарларына мөрлерді, мөртабандарды, цифрлық және басқа да таңбаларды қоюы;
шетелдік тауарлардың ауқымын егжей-тегжейлі сипаттау, фотосуретке түсіру, бейнелеу;
шетелдік тауарлардың және оларды қайта өңдеу өнімдерінің алдын ала іріктеп алынған сынамаларын және (немесе) үлгілерін салыстыру;
тауарларда бар таңбаларды, оның ішінде сериялық нөмірлер түрінде пайдалану;
тауарлар сипатын және Одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу жөнінде жасалатын операцияларды негізге ала отырып, оның ішінде Одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу жөніндегі операцияны жасаудың технологиялық процесінде шетелдік тауарларды пайдалану туралы, сондай-ақ қайта өңдеу өнімдері өндірісінің технологиясы туралы егжей-тегжейлі мәліметтерді қамтитын құжаттарды зерттеу арқылы немесе Одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасау уақытында кедендік бақылауды жүзеге асыру арқылы қолданылуы ықтимал өзге де тәсілдер.
168-бап. Тауарларды Одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу шарттары туралы құжат
1. Тауарларды Одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу шарттары туралы мүше мемлекеттің уәкілетті органы беретін құжатты, осы құжат берілетін, оның ішінде қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын немесе тікелей осындай операцияларды жасамайтын аумақта мүше мемлекеттің кез келген тұлғасы ала алады.
2. Тауарларды Одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу шарттары туралы құжатта:
1) құжатты берген мүше мемлекеттің уәкілетті органы туралы;
2) құжат берілген тұлға туралы;
3) Одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу жөніндегі операцияларды тікелей жасайтын тұлға (тұлғалар) туралы;
4) шетел тауарлары және оларды қайта өңдеу өнімдері туралы мәліметтерді (Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес атауы, коды, саны мен құны) қамтиды. Мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының тауарлық позициясы деңгейінде шетел тауарларының және оларды қайта өңдеу өнімдерінің кодын көрсету мүмкіндігі, сондай-ақ тауарлар мен оларды қайта өңдеу өнімдерінің құнын көрсетпеу мүмкіндігі көзделуі мүмкін;
5) егер мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленсе, шетел тауарларын қайта өңдеудің технологиялық процесін жүзеге асыруды қамтамасыз ететін (Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес атауы, коды, саны мен құны), мүше мемлекеттердің заңнамасында кедендік әкету баждарының мөлшерлемелері белгіленген Одақ тауарлары туралы;
6) тауарларды иемдену, пайдалану және (немесе) оларға билік ету құқығын растайтын құжаттар туралы;
7) қайта өңдеу өнімдерінің сандық және (немесе) пайыздық көріністегі шығу нормалары туралы;
8) кедендік аумақта қайта өңдеу жөніндегі операциялар, оларды жасау тәсілдері туралы;
9) кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарларды қайта өңдеу өнімдерінде идентификаттау тәсілдері туралы;
10) қалдықтар мен қалған қалдықтар туралы мәліметтерді (Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес атауы, коды, саны мен құны) қамтиды. Мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының тауарлық позициясы деңгейінде қалдықтар мен қалған қалдықтардың кодын көрсету мүмкіндігі, сондай-ақ осындай қалдықтар мен қалған қалдықтардың құнын көрсетпеу мүмкіндігі ескерілуі мүмкін;
11) тауарларды Одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу мерзімі;
12) тауарларды осы Кодекстің 172-бабында айқындалғандай, егер мұндай өткізуге жол берілсе, балама тауарлармен өткізу туралы;
13) қалдықтарды одан әрі коммерциялық пайдалану мүмкіндіктері туралы;
14) тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастыру және осы кедендік рәсімнің қолданылуын аяқтау болжанатын кеден органы (кеден органдары) туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.
3. Тауарларды Одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу мерзімі 3 жылдан не Комиссия тауарлардың жекелеген санаттары үшін айқындайтын неғұрлым ұзақ мерзімнен аспауға тиіс.
4. Тауарларды Одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу мерзімі:
1) тауарларды өндірістік қайта өңдеу процесінің ұзақтығын;
2) Одақтың кедендік аумағынан қайта өңдеу өнімдерін нақты әкету және шетел тауарларының қалдықтары мен қалған қалдықтарын қолдануға байланысты кедендік операцияларды жасау үшін қажетті уақытты қамтиды.
5. Тауарларды Одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу мерзімі - тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған күннен бастап, ал тауарларды бірнеше партиямен кедендік декларациялаған кезде кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардың бірінші партиясын орналастырған күннен бастап есептеледі.
6. Тауарларды Одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу мерзімі осы баптың 3-тармағында көрсетілген мерзім шегінде ұзартылуы мүмкін.
7. Мүше мемлекеттердің заңнамасында тауарларды Одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу шарттары туралы құжатта көрсетілуге жататын қосымша мәліметтер белгіленуі мүмкін.
8. Тауарларды Одақтың кедендік аумағында қайта өңдеудің шарттары туралы құжат нысаны, оны толтыру тәртібі мен мұндай құжатты беру тәртібі, оған өзгерістер (толықтырулар) енгізу, сондай-ақ оны қайтарып алу (жою) нысаны және (немесе) қалпына келтіру тәртібі мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленеді.
9. Тауарларға декларацияны тауарларды Одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу шарттары туралы құжат ретінде пайдаланған жағдайда, тауарларды Одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу шарттары туралы декларант тауарларға декларацияда көрсетеді.
169-бап. Қайта өңдеу өнімдерінің шығу нормалары
1. Қайта өңдеу өнімдерінің шығу нормасы деп шетел тауарларының белгілі бір санын Одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасау нәтижесінде пайда болған қайта өңдеу өнімдерінің саны және (немесе) пайыздық құрамы түсініледі.
2. Егер Одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу жөніндегі операциялар сипаттамалары белгіленген техникалық талаптарға сәйкес іс жүзінде тұрақты күйінде қалатын және қайта өңдеудің өзгермеген сападағы өнімдерін алуға әкеп соғатын тауарларға қатысты жасалса, мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары қайта өңдеу өнімдерінің стандартты шығу нормаларын белгілеуі мүмкін.
170-бап. Одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу жөніндегі операциялар нәтижесінде пайда болған қалдықтар және өндірістік ысыраптар
1. Одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу жөніндегі операциялар нәтижесінде пайда болған қалдықтар, көрсетілген қалдықтар мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес одан әрі коммерциялық пайдалану үшін жарамсыз деп танылған жағдайда не мұндай қалдықтар мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес көмілуге, залалсыздандырылуға, кәдеге жаратылуға немесе өзге де тәсілмен жойылуға жататын жағдайларды қоспағанда, осы Кодексте көзделген кедендік рәсіммен орналастырылуға жатады.
2. Одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу жөніндегі операциялар нәтижесінде пайда болған қалдықтар декларант таңдаған кедендік рәсіммен орналастырылған кезде Одақтың кедендік аумағына осы күйінде әкелінгендер ретінде қарастырылады.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген, кедендік рәсіммен орналастыруға жатпайтын қалдықтар Одақ тауарлары мәртебесіне ие болады және мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес одан әрі коммерциялық пайдалану үшін жарамсыз деп танылған күнінен бастап не кеден органына пайда болған қалдықтарды көму, залалсыздандыру, кәдеге жарату немесе өзге де тәсілмен жою фактісін не осындай операцияларды жүзеге асыру үшін олардың тапсырылу фактісін растайтын құжаттарды табыс еткен күннен бастап кедендік бақылауда емес деп есептеледі.
4. Кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған, Одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жүзеге асыру нәтижесінде қайтарымсыз жоғалған және кеден органдары өндірістік ысыраптар деп таныған шетел тауарлары кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылуы аяқталған кезде кедендік рәсіммен орналастыруға жатпайды.
171-бап. Одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу жөніндегі операцияны жасау нәтижесінде пайда болатын шетел тауарларының қалған қалдықтары
Қайта өңдеу өнімдерінің шығу нормаларына сәйкес Одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасау нәтижесінде пайда болған шетел тауарларының қалған қалдықтары осы Кодекстің 173-бабына сәйкес кедендік рәсімдермен орналастырылуға жатады.
172-бап. Шетел тауарларын балама тауарлармен ауыстыру
1. Кеден органының рұқсатымен кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған не тауарларды Одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу шарттары туралы құжатқа сәйкес кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастыру жоспарланған шетел тауарларын өздерінің сипаты, сапасы және техникалық сипаттамалары бойынша осындай шетел тауарларына сәйкес келетін Одақ тауарларымен (осы бапта бұдан әрі - балама тауарлар) ауыстыруға жол беріледі.
Одақтың кедендік аумағына бұрын экспорт кедендік рәсіміне сәйкес Одақтың кедендік аумағынан әкетілген, тауарлардың құрамына кіретін бұзылған түрдегі бөлшектерді, желілерді, агрегаттарды жөндеу үшін әкелген жағдайда, өздерінің сипаты, сапасы және техникалық сипаттамалары бойынша Одақтың кедендік аумағына әкелінген осындай бөлшектерге, желілерге, агрегаттарға сәйкес келетін Одақ тауарлары олардың жарамдылық және (немесе) тозу жағдайы ескерілместен, балама тауарлар ретінде қарастырылады.
2. Балама тауарларды Одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу жөніндегі операциялар нәтижесінде алынған қайта өңдеу өнімдері осы тараудың ережелеріне сәйкес шетел тауарларын қайта өңдеу өнімдері ретінде қарастырылады.
3. Балама тауарлар - шетел тауарлары мәртебесін, ал олар ауыстырған тауарлар Одақ тауарлары мәртебесін алады.
4. Егер шетел тауарларын балама тауарлармен ауыстыруға рұқсат етілсе, балама тауарлардан алынған қайта өңдеу өнімдерін Одақтың кедендік аумағынан әкетуге шетел тауарларын Одақтың кедендік аумағына әкелгенге дейін жол беріледі.
5. Шетел тауарларын балама тауарлармен ауыстыру тәртібі мен шарттары мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында белгіленеді.
173-бап. Кедендік аумақтағы қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданысын аяқтау, тоқтата тұру және тоқтату
1. Кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімі қолданысының белгіленген мерзімі өткенге дейін осы кедендік рәсімнің қолданылуы Одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу жөніндегі операциялардың нәтижесінде алынған (пайда болған) тауарларды (қайта өңдеу өнімдерін, осы Кодекстің 170-бабының 3-тармағында көрсетілген қалдықтарды қоспағанда, қалдықтарды) және (немесе) қалған қалдықтарды кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған және Одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу жөніндегі операцияларға ұшырамаған шетел тауарларын кері экспорт кедендік рәсімімен орналастыру арқылы аяқталады.
2. Кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімі қолданылуының белгіленген мерзімі өткенге дейін осы кедендік рәсімнің қолданылуы:
1) Одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу жөніндегі операциялардың нәтижесінде алынған (найда болған) тауарларды (қайта өңдеу өнімдерін, осы Кодекстің 170-бабының 3-тармағында көрсетілген қалдықтарды қоспағанда, қалдықтарды және (немесе) қалған қалдықтарды) және (немесе) кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсіміне орналастырылған және Одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу жөніндегі операцияларға ұшырамаған шетел тауарларын ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен немесе кедендік транзит кедендік рәсімін, уақытша әкелу (рұқсат беру) кедендік рәсімін қоспағанда, осы Кодексте көзделген шарттармен шетел тауарларына қатысты қолданылатын өзге де кедендік рәсіммен орналастырғанда аяқталуы мүмкін. Бұл ретте қайта өңдеу өнімдеріне қатысты арнайы, демпингке қарсы, өтем баждары төленбейді және арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарына және (немесе) Одақ туралы шарттың 50-бабына сәйкес белгіленген өзге де баждарға қарағанда, өзгеше түрде ішкі - нарықты қорғау шараларының сақталуын растайтын құжаттарды ұсыну талап етілмейді;
2) қолданысы осы Кодекстің 224-бабының 3-тармағына сәйкес тоқтатыла тұрған уақытша әкелу (рұқсат беру) кедендік рәсімінің қолданысын қайта қалпына келтіргенде;
3) мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасына сәйкес кеден органдары Одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу жөніндегі операциялар нәтижесінде алынған (пайда болған) тауарлардың (қайта өңдеу өнімдерінің, қалдықтардың және (немесе) қалған қалдықтардың) және (немесе) кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған және Одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу жөніндегі операцияларға ұшырамаған шетел тауарларының авария немесе еңсерілмейтін күштің әсері салдарынан жойылу және (немесе) қайтарымсыз жоғалу фактісін не тасудың (тасымалдаудың) және (немесе) сақтаудың қалыпты жағдайлары кезіндегі табиғи шығын нәтижесінде қайтарымсыз жоғалу фактісін танығанда;
4) мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасына сәйкес Одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу операциялары нәтижесінде пайда болған қалдықтарды одан әрі коммерциялық пайдалану үшін жарамсыз деп танығанда не кеден органына өзге тәсілмен пайда болған қалдықтарды көму, залалсыздандыру, кәдеге жарату немесе жою фактісін не оларды осындай операциялар жасау үшін беру фактісін растайтын құжаттар табыс етілгенде;
5) кеден органдары кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған шетел тауарларының бір бөлігін өндірістік ысыраптар деп танығанда;
6) Комиссия айқындайтын және (немесе) мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында айқындалатын мән-жайлар басталғанға дейін тауарлар кедендік бақылауда болса, осындай мән-жайлар басталған кезде аяқталуы мүмкін.
3. Кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімі қолданылуының белгіленген мерзімі өткенге дейін осы кедендік рәсімнің қолданылуы кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды және (немесе) оларды қайта өңдеу өнімдерін кедендік қойма кедендік рәсімімен немесе оларды қайта өңдеу өнімдерін уақытша әкелу (рұқсат беру) кедендік рәсімімен орналастырған жағдайда тоқтатыла тұруы мүмкін.
4. Қайта өңдеу өнімдері кедендік рәсімдермен бір немесе бірнеше партиялармен орналастырылуы мүмкін.
5. Кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімінің белгіленген қолданылу мерзімі өткеннен кейін осы кедендік рәсімнің қолданысы тоқтатылады.
174-бап. Кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпинге қарсы, өтем баждарын төлеу жөніндегі міндеттің туындауы және тоқтатылуы, оларды төлеу және есептеу мерзімі
1. Кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпинге қарсы, өтем баждарын төлеу жөніндегі міндет декларантта - тауарларға декларацияны кеден органы тіркеген кезден бастап, ал тауарларға декларацияны бергенге дейін тауарлар шығару туралы өтініш берілген тауарларға қатысты тауарлар шығару туралы өтініш берген тұлғада - тауарларға декларацияны бергенге дейін тауарлар шығару туралы өтінішті кеден органы тіркеген кезден бастап туындайды.
2. Кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпинге қарсы, өтем баждарын төлеу жөніндегі міндет декларантта мынадай мән-жайлар басталған кезде:
1) кеден органы белгілеген кедендік аумақтағы қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі өткенге дейін, оның ішінде осы баптың 4-тармағы 1 және 2-тармақшаларында көрсетілген мән-жайлар басталғаннан кейін осы Кодекстің 173-бабының 1-тармағына және 2-тармағының 1, 2, 4 - 6-тармақшаларына сәйкес кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданысы аяқталғанда;
2) кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданысы тоқтатылған тауарларды және (немесе) қолданысы тоқтатылған осындай кедендік рәсімді қолдану шеңберінде Одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу жөніндегі операциялар нәтижесінде алынған (пайда болған) тауарларды осы Кодекстің 129-бабының 6-тармағына сәйкес уақытша сақтауға орналастырғанда;
3) кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданысы тоқтатылған тауарларды және (немесе) қолданысы тоқтатылған осындай кедендік рәсімді қолдану шеңберінде Одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу жөніндегі операциялар нәтижесінде алынған (пайда болған) тауарларды осы Кодекстің 129-бабының 7-тармағына сәйкес кедендік рәсіммен орналастырғанда;
4) кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпинге қарсы, өтем баждарын төлеу жөніндегі міндетті орындағанда және (немесе) оларды осы баптың 5-тармағына сәйкес есептелген және төленуге жататын мөлшерлерде өндіріп алғанда;
5) мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасына сәйкес кеден органы кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған шетел тауарларының және (немесе) кедендік аумақта қайта өңдеу жөніндегі операциялар нәтижесінде алынған (пайда болған) тауарлардың авария немесе еңсерілмейтін күштің әсері салдарынан жойылу және (немесе) қайтарымсыз жоғалу фактісін не осы Кодекске сәйкес осындай жоюға немесе қайтарымсыз жоғалуға дейін бұл тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпинге қарсы, өтем баждарын төлеу мерзімі басталған жағдайларды қоспағанда, тасудың (тасымалдаудың) және (немесе) сақтаудың қалыпты жағдайлары кезіндегі табиғи шығын нәтижесінде осы тауарлардың қайтарымсыз жоғалу фактісін танығанда;
6) тауарларға декларацияны не тауарларға декларацияны бергенге дейін тауарлар шығару туралы өтінішті тіркеу кезінде туындаған кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпинге қарсы, өтем баждарын төлеу жөніндегі міндетке қатысты - кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды шығарудан бас тартқанда;
7) тауарларға декларацияны тіркеу кезінде туындаған кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпинге қарсы, өтем баждарын төлеу жөніндегі міндетке қатысты — осы Кодекстің 113-бабына сәйкес тауарларға декларацияны қайтарып алу және (немесе) осы Кодекстің 118-бабы 4-тармағына сәйкес тауарлар шығарылымының күшін жойғанда;
8) мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес тауарларды тәркілегенде немесе осы мүше мемлекеттің меншігіне (кірісіне) айналдырғанда;
9) осы Кодекстің 51-тарауына сәйкес кеден органы тауарларды кідірткенде;
10) қылмыс туралы хабарламаны тексеру барысында, қылмыстық іс немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу (әкімшілік процесті жүргізу) барысында алынған немесе тыйым салынған және оларға қатысты оларды қайтару туралы шешім қабылданған тауарларды, егер бұрын мұндай тауарлар шығарылмаған болса, уақытша сақтауға орналастырғанда немесе кедендік рәсімдердің бірімен орналастырғанда тоқтатылады.
3. Кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпинге қарсы, өтем баждарын төлеу жөніндегі міндет осы баптың 4-тармағында көрсетілген мән-жайлар басталған кезде орындалуға жатады.
4. Мынадай мән-жайлар басталған кезде:
1) кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған шетел тауарларын осындай кедендік рәсімнің қолданысы аяқталғанға дейін кедендік аумақта қайта өңдеу шарттары туралы құжатта көрсетілмеген тұлғаға (тұлғаларға) берген жағдайда - тауарларды беру күні, ал егер бұл күн белгіленбесе - тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастыру күні;
2) авария немесе еңсерілмейтін күштің әсері салдарынан жойылуын және (немесе) қайтарымсыз жоғалуын немесе тасудың (тасымалдаудың) және сақтаудың қалыпты жағдайлары кезіндегі табиғи шығын нәтижесінде қайтарымсыз жоғалуын қоспағанда, кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған шетел тауарлары осындай кедендік рәсімнің қолданысы аяқталғанға дейін жоғалған жағдайда - тауарларды жоғалту күні, ал бұл күн белгіленбесе - тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастыру күні;
3) кеден органы белгілеген кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімі қолданысының мерзімі өткенге дейін кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімінінің қолданысы аяқталмаған жағдайда - кеден органы белгілеген кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімі қолданысының мерзімі өткен күн кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпинге қарсы, өтем баждарын төлеу мерзімі болып есептеледі.
5. Осы баптың 4-тармағында көрсетілген мән-жайлар басталған кезде кедендік әкелу баждары, салықтар, арнайы, демпинге қарсы, өтем баждары, егер кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі тарифтік преференциялар мен жеңілдіктерді қолданбай ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылған болса, төленуге жатады.