154-бап. Тұлғалардың кедендік транзит кедендік рәсімін бұзған кездегі жауапкершілігі
1. Осы Кодекстің 150-бабында көрсетілген тұлғалар кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылған барлық тауарларды және оларға құжаттарды тауарларды жеткізу орнына жеткізбеген кезде, кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды шығаруды жүргізген кеден органы мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес жауаптылықта болады.
Тауарларды кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тасу (тасымалдау) кезінде міндеттер орындалмаған жағдайларда, оның ішінде кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардың бір бөлігі жеткізілмеген жағдайда, осы Кодекстің 150-бабында көрсетілген тұлғалар аумағында бұзушылықтар анықталған мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес жауаптылықта болады.
2. Тауарларды кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес теміржол көлігімен тасымалдау кезінде тасымалдаушының міндеттерді орындамағаны үшін теміржол көлігі саласындағы халықаралық шарттарда және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Теміржол көлігі жөніндегі кеңесінің актілерінде не, егер тауарларды беру бір мүше мемлекеттің теміржол тасымалдаушылары арасында жүзеге асырылса, мүше мемлекеттердің көлік саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен тауарларды бір мүше мемлекеттің аумағы бойынша тасымалдауға қабылдаған теміржол тасымалдаушысы жауаптылықта болады.
Тауарларды кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес теміржол көлігімен тасымалдау кезінде міндеттерін орындамағаны үшін осы тармақтың бірінші абзацында көрсетілген теміржол тасымалдаушысы аумағында тауарлар тасымалдауға қабылданған мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес жауаптылықта болады.
23-тарау
Кеден қоймасы кедендік рәсімі
155-бап. Кеден қоймасы кедендік рәсімінің мазмұны және қолданылуы
1. Кеден қоймасы кедендік рәсімі — шетел тауарларына қатысты қолданылатын кедендік рәсім, оған сәйкес мұндай тауарлар оларды осындай кедендік рәсіммен орналастырудың және оларды осындай кедендік рәсімге сәйкес пайдаланудың шарттары сақталған жағдайда кедендік әкелу баждары, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждары төленбей кеден қоймасында сақталады.
2. Кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар шетелдік тауарлар мәртебесін сақтайды.
3. Кеден қоймасы кедендік рәсімін қолдануға:
1) бұрын уақытша әкелу (рұқсат беру) кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастыру арқылы уақытша әкелу (рұқсат беру) кедендік рәсімінің;
2) кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды және (немесе) бұрын кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды қайта өңдеу өнімдерін кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастыру арқылы кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімінің;
3) ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды және (немесе) бұрын ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды қайта өңдеу өнімдерін кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастыру арқылы ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданысын тоқтата тұруға жол беріледі.
4. Кеден қоймасы кедендік рәсімін өздерінің үлкен көлемдеріне немесе тиеудің, түсірудің және (немесе) сақтаудың ерекше шарттарына байланысты кеден қоймасында орналастыруға болмайтын тауарларға қатысты қолдануға жол беріледі.
Мұндай тауарларды сақтау мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасына сәйкес берілетін, осындай орындарда сақтауға кеден органының рұқсаты болған жағдайда, кеден қоймалары болып табылмайтын орындарда жүзеге асырылуы мүмкін.
5. Комиссия кеден қоймасы кедендік рәсімі қолданылмайтын тауарлар тізбесін айқындауға құқылы.
156-бап. Тауарларды кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастыру және оларды осындай кедендік рәсімге сәйкес пайдалану шарттары
1. Тауарларды кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастыру шарттары:
1) кеден қоймасы кедендік рәсіміне сәйкес тауарлардың кедендік декларациялау күнгі жарамдылық және (немесе) өткізу мерзімі күнтізбелік 180-нен астам күнді құрауы;
2) осы Кодекстің 7-бабына сәйкес тыйым салулар мен шектеулерді сақтау болып табылады.
2. Тауарларды кеден қоймасы кедендік рәсіміне сәйкес пайдалану шарттары:
1) тауарлардың кеден қоймасында, ал осы Кодекстің 155-бабының 4-тармағында көрсетілген тауарлардың - кеден органының тауарларды кеден қоймасы болып табылмайтын орында сақтауға берілген рұқсатында көрсетілген орындарда орналастырылуы және болуы;
2) кеден қоймасы кедендік рәсімін қолдану мерзімінің сақталуы;
3) кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлармен операциялар жасау кезінде осы Кодекстің 158-бабы ережелерінің сақталуы болып табылады.
157-бап. Кеден қоймасы кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі
1. Кеден қоймасы кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі осы баптың 3 және 4-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарларды осындай кедендік рәсіммен орналастырған күннен бастап 3 жылдан аспайды.
2. Одақтың кедендік аумағында тұрған шетелдік тауарларға қатысты Кеден қоймасы кедендік рәсімі бірнеше рет қолданылған, оның ішінде осы тауарлардың декларанттары әртүрлі тұлғалар болып табылған жағдайда, кеден қоймасы кедендік рәсімінің жалпы қолданылу мерзімі осы баптың 1-тармағында көзделген мерзімнен аспайды.
3. Кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар осы баптың 1-тармағында көзделген мерзім өткенге дейін осы Кодексте көзделген кедендік рәсімдермен орналастырылуға не осы Кодекстің 39-тарауына сәйкес керек-жарақтар ретінде шығарылуға тиіс.
Жарамдылық және (немесе) өткізу мерзімі шектеулі тауарлар жарамдылық және (немесе) өткізу мерзімі өткенге дейін күнтізбелік 180 күннен кешіктірілмей, өзге кедендік рәсіммен орналастырылуға тиіс.
4. Кеден қоймасы жұмыс істеуі тоқтатылған жағдайда, Кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастырылған және осындай кеден қоймасында тұрған тауарлар осы Кеден қоймасы жұмыс істеуі тоқтатылған күннен кейінгі күннен бастап күнтізбелік 60 күннен кешіктірілмей басқа кеден қоймасына орналастырылуға не осы Кодексте көзделген кедендік рәсімдермен орналастырылуға не осы Кодекстің 39-тарауына сәйкес керек-жарақтар ретінде шығарылуға тиіс.
158-бап. Кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлармен жасалатын операциялар
1. Тауарларға қатысты өкілеттіктері бар адамдар немесе олардың өкілдері кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлармен олардың сақталуын қамтамасыз ету үшін қажетті әдеттегі операцияларды жасауға, оның ішінде тауарларды қарап-тексеруге және өлшеуге, кеден қоймасы шегінде олардың орнын ауыстыруға, ал осы Кодекстің 155-бабының 4-тармағында көрсетілген тауарларға қатысты - осы операциялар тауарлар жай-күйінің өзгеруіне, олардың орамасының және (немесе) идентификаттау құралдарының бұзылуына алып келмейтін жағдайда, осындай тауарларды сақтау орындары шегінде құқылы.
2. Кеден органының рұқсатымен кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлармен қарапайым жинау операциялары, сондай-ақ мыналар:
1) тауарлардың сынамасын және (немесе) үлгілерін алу;
2) тауарларды сатуға және тасымалдауға дайындау, оған қоса партияларға бөлу, жөнелтілімдерді, сұрыптауды, орауды, қайта орауды, таңбалауды қалыптастыру бойынша, тауардың сыртқы пішінін жақсарту бойынша операциялар;
3) сақтау мерзімі ішінде осындай операцияларды жасау талап етілетін тауарларға қатысты техникалық қызмет көрсету бойынша операциялар жасалуы мүмкін.
3. Кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлармен жасалатын операциялар осы тауарлардың Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес кодын өзгертумен байланысты сипаттамасын өзгертпеуге тиіс.
4. Кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды олардың функционалдық нысанасы бойынша пайдалануға жол берілмейді.
5. Кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардың барлығына немесе бір бөлігіне қатысты осы тауарларды иелену, пайдалану және (немесе) оларға билік ету құқықтарын беруді көздейтін мәмілелер жасалуы мүмкін.
159-бап. Тауарларды кеден қоймасында сақтау
1. Тауарлар кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастырылған күннен кейінгі күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде олар кеден қоймасында не кеден органының тауарларды кеден қоймасы болып табылмайтын орында сақтауға берілген рұқсатында көрсетілген орындарда орналастырылуға тиіс.
2. Басқа тауарларға зиян келтіруі мүмкін немесе ерекше сақтау шарттарын қажет ететін тауарлар осындай тауарларды сақтау шарттарына сәйкес жабдықталған кеден қоймаларында орналастырылуға тиіс.
160-бап. Кеден қоймасында сақтау кезеңінде жарамсыз болып қалған, бүлінген немесе зақымданған тауарлар
Кеден қоймасында сақтау кезеңінде, оларды декларант таңдаған кедендік рәсіммен орналастыру кезінде апаттың немесе еңсерілмейтін күштің әсері салдарынан жарамсыз болып қалған, бүлінген немесе зақымданған тауарлар Одақтың кедендік аумағына жарамсыз болып қалған, бүлінген немесе зақымданған күйде әкелінген ретінде қаралады.
161-бап. Кеден қоймасы кедендік рәсімі қолданылуының аяқталуы және тоқтатылуы
1. Осы Кодекстің 157-бабында көзделген кеден қоймасы кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі өткенге дейін осы кедендік рәсімнің қолданылуы:
1) егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, кеден транзит кедендік рәсімін қоспағанда, осы Кодексте көзделген шарттарда тауарларды шетелдік тауарларға қатысты қолданылатын кедендік рәсімдермен орналастырумен;
2) қолданылуы осы Кодекстің 173-бабының 3-тармағына сәйкес тоқтатыла тұрған кеден аумағында қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылуын жаңартумен;
3) қолданылуы осы Кодекстің 197-бабының 3-тармағына сәйкес тоқтатыла тұрған ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылуын жаңартумен;
4) қолданылуы осы Кодекстің 224-бабының 3-тармағына сәйкес тоқтатыла тұрған уақытша әкелу (рұқсат беру) кедендік рәсімінің қолданылуын жаңартумен;
5) егер тауарлар осы кедендік рәсіммен тауарларды Кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастыру кезінде кеден органы тауарлар шығаруды жүргізген мүше мемлекеттің аумағынан басқа мүше мемлекеттің аумағына тасымалдау үшін орналастырылған болса, осындай тауарларды кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырумен;
6) осы Кодекстің 39-тарауына сәйкес тауарлардың керек-жарақ ретінде шығарылуымен;
7) мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасына сәйкес кеден органдарының авария немесе еңсерілмейтін күштің әсері салдарынан тауарлардың жойылу және (немесе) қайтарымсыз жоғалу фактісін не осы тауарлардың тасымалдаудың және (немесе) сақтаудың қалыпты жағдайлары кезінде табиғи шығынның нәтижесінде қайтарымсыз жоғалу фактісін тануымен;
8) олар басталғанға дейін тауарлар кедендік бақылауда тұратын, Комиссия айқындайтын және (немесе) мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында айқындалатын жағдайлардың басталуымен аяқталады.
2. Кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар кедендік рәсімге бір немесе бірнеше партиямен орналастырылуы мүмкін.
3. Кеден қоймасы кедендік рәсімімен жиналмаған немесе бөлшектелген түрде, оның ішінде жиынтықталмаған немесе жасалып бітпеген түрде орналастырылған тауарлар, Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес, Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының XVI бөліміне ескертулерді және (немесе) Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасын түсіндіру қағидаларын 2 (а) қолдану мүмкін болған жағдайда, мынадай шарттар сақталған кезде:
1) кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардың және кеден қоймасы кедендік рәсімінің қолданылуын аяқтау үшін кедендік рәсімдермен орналастырылатын тауарлардың декларанты бір тұлға болып табылғанда;
2) тауарлар Одақтың кедендік шекарасы арқылы бір мәміле шеңберінде өткізілгенде;
3) Комиссия айқындайтын жағдайларда, Одақтың кедендік шекарасы арқылы жиналмаған немесе бөлшектелген түрде, оның ішінде жиынтықталмаған немесе жасалып бітпеген түрде орналастырылатын тауарларды сыныптау туралы шешім ұсынылғанда;
4) Комиссия айқындайтын өзге де шарттар сақталғанда Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес жиынтықталған немесе жасалып біткен түрдегі тауардың кодына сәйкес келетін тауардың кодын мәлімдеу арқылы кеден қоймасы кедендік рәсімінің қолданылуын аяқтау үшін өзге де кедендік рәсімдермен орналастырылуы мүмкін.
4. Кеден қоймасы кедендік рәсімінің қолданылуы аяқталғаннан кейін тауарлар осы баптың 1-тармағы 1 - 6 және 8-тармақшаларында көзделген мән-жайлар басталған күннен кейінгі күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірмей кеден қоймасынан әкетуге жатады.
5. Кеден қоймасы кедендік рәсімінің қолданылуы аяқталмаған кезде осы баптың 1-тармағына сәйкес кеден қоймасы кедендік рәсімінің қолданылуы осы Кодекстің 157-бабының 1 және 2-тармақтарында көрсетілген мерзімдер өткеннен кейін тоқтатылады, ал мұндай тауарларды осы Кодекстің 51-тарауына сәйкес кеден органдары кідіртеді.
6. Осы Кодекстің 157-бабы 3-тармағының екінші абзацында және 4-тармағында көрсетілген әрекеттер, онда көрсетілген мерзім аяқталмаған жағдайда, кеден қоймасы кедендік рәсімінің қолданылуы осы мерзімдер өткеннен кейін тоқтатылады, ал мұндай тауарларды осы Кодекстің 51-тарауына сәйкес кеден органдары кідіртеді.
162-бап. Кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын төлеу жөніндегі міндеттің туындауы және тоқтатылуы, оларды төлеу мерзімі және есептеу
1. Кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын төлеу жөніндегі міндет:
1) декларантта — кеден органы тауарларға арналған декларацияны тіркеген кезден бастап;
2) Кеден қоймасы иесінде - тауарларды кеден қоймасында орналастырған кезден бастап туындайды.
2. Кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын төлеу жөніндегі міндет декларантта мына мән-жайлар басталан кезде:
1) тауарларды кеден қоймасында орналастырғанда;
2) кеден қоймасы кедендік рәсімінің қолданылуы, егер тауарларды сақтау кеден қоймасында жүзеге асырылмаса, осы Кодекстің 161-бабына сәйкес аяқталғанда, оның ішінде кеден қоймасы кедендік рәсімінің қолданылуы осы баптың 6-тармағының 1-тармақшасында көрсетілген мән-жайлар басталғаннан кейін аяқталғанда тоқтатылады.
3. Кеден қоймасы иесінде кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын төлеу жөніндегі міндет осы Кодекстің 161-бабына сәйкес кеден қоймасы кедендік рәсімінің қолданылуы аяқталған кезде, оның ішінде кеден қоймасы кедендік рәсімінің қолданылуы осы баптың 6-тармағының 2-тармақшасында көрсетілген мән-жайлар басталғаннан кейін аяқталған кезде тоқтатылады.
4. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында көрсетілген тұлғада кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын төлеу жөніндегі міндет мынадай мән-жайлар басталған кезде:
1) кеден қоймасы кедендік рәсімінің қолданылуы тоқтатылған тауарлар осы Кодекстің 129-бабының 7-тармағына сәйкес кедендік рәсіммен орналастырылғанда;
2) кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын төлеу жөніндегі міндетті орындағанда және (немесе) оларды осы баптың 7-тармағына сәйкес есептелген және төлеуге жататын мөлшерлерде өндіріп алғанда;
3) мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасына сәйкес шетел тауарларының авария немесе еңсерілмейтін күштің әсері салдарынан жойылу және (немесе) қайтарымсыз жоғалу фактісін не тасудың (тасымалдаудың) және (немесе) сақтаудың қалыпты жағдайлары кезіндегі табиғи шығын нәтижесінде осы тауарлардың қайтарымсыз жоғалу фактісін кеден органы, осы шетел тауарларына қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын төлеу мерзімі осы Кодекске сәйкес осындай жоюға немесе қайтарымсыз жоғалуға дейін басталған жағдайларды қоспағанда, таныған кезде;
4) тауарларға декларацияны тіркеу кезінде туындаған кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын төлеу жөніндегі міндетке қатысты - кеден қоймасы кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды шығарудан бас тартылғанда;
5) осы Кодекстің 113-бабына сәйкес тауарларға декларация қайтарып алынғанда және (немесе) тауарларға декларацияны тіркеу кезінде туындаған кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын төлеу жөніндегі міндетке қатысты - осы Кодекстің 118-бабының 4-тармағына сәйкес тауарлардың шығарылымы жойылғанда;
6) мүше мемлекеттің кедендік реттеу туралы заңнамасына сәйкес тауарларды тәркілеу немесе осы мүше мемлекеттің меншігіне (кірісіне) айналдыру;
7) осы Кодекстің 51-тарауына сәйкес кеден органы тауарларды кідірткенде;
8) қылмыс туралы хабарламаны тексеру барысында, қылмыстық іс немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу (әкімшілік процесті жүргізу) барысында алынған немесе тыйым салынған, егер бұрын мұндай тауарлар шығарылмаған болса, олардың жасы туралы шешім қабылданған тауарларды уақытша сақтауға қою немесе кедендік рәсімдердің бірімен орналастыру басталғанда тоқтатылады.
5. Кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын төлеу жөніндегі міндет осы баптың 6-тармағында көрсетілген мән-жайлар басталған кезде орындалуға жатады.
6. Мынадай мән-жайлар басталған кезде:
1) декларантта:
авария немесе еңсерілмейтін күштің әсері салдарынан жойылуды және (немесе) қайтарымсыз жоғалуды не тасудың (тасымалдаудың) және (немесе) сақтаудың қалыпты жағдайлары кезіндегі табиғи шығын нәтижесінде қайтарымсыз жоғалуды қоспағанда, тауарлар кеден қоймасына орналастырылғанға дейін жоғалған жағдайда - осындай жоғалу күні, ал егер бұл күн белгіленбеген болса - тауарларды кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастыру күні;
авария немесе еңсерілмейтін күштің әсері салдарынан жойылуды және (немесе) қайтарымсыз жоғалуды не тасудың (тасымалдаудың) және (немесе) сақтаудың қалыпты жағдайлары кезіндегі табиғи шығын нәтижесінде қайтарымсыз жоғалуды қоспағанда, егер тауарларды сақтау кедендік емес қоймада жүзеге асырылса, кеден қоймасы кедендік рәсімінің қолданылуы аяқталғанға дейін тауарлар жоғалған немесе өзге адамға берілген жағдайда - осындай жоғалту немесе беру күні, ал егер бұл күн белгіленбеген болса - тауарларды кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастыру күні;
егер тауарларды сақтау осы Кодекстің 155-бабының 4-тармағына сәйкес кедендік емес қоймада жүзеге асырылса, тауарлар сақтау орнынан тыс жерлерге әкетілген жағдайда — осындай әкету күні, ал егер бұл күн белгіленбеген болса - тауарларды кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастыру күні;
2) кеден қоймасының иесінде:
авария немесе еңсерілмейтін күштің әсері салдарынан жойылуды және (немесе) қайтарымсыз жоғалуды тасудың (тасымалдаудың) және (немесе) сақтаудың қалыпты жағдайлары кезіндегі табиғи шығын нәтижесінде қайтарымсыз жоғалуды қоспағанда, тауарлар жоғалған жағдайда - тауарларды жоғалту күні, ал егер бұл күн белгіленбеген болса - тауарларды кеден қоймасында орналастыру күні;
кеден қоймасы кедендік рәсімінің қолданылуы аяқталғанын растайтын құжаттарды оның иесіне берместен, кеден қоймасынан тауарлар берілген жағдайда - тауарларды беру күні, ал егер бұл күн белгіленбеген болса - тауарларды кеден қоймасында орналастыру күні кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын төлеу мерзімі болып есептеледі.
7. Осы баптың 6-тармағында көрсетілген мән-жайлар басталған кезде кедендік әкелу баждары, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждары, егер кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі тарифтік преференциялар мен жеңілдіктер төленбей орналастырылса, төлеуге жатады.
Кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын есептеу үшін тауарларды Кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастыру үшін берілген тауарларға декларацияны кеден органы тіркеген күнгі қолданыста болған кедендік әкелу баждарының, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарының мөлшерлемелері қолданылады.
Егер кеден органында тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін қажетті нақты мәліметтер болмаса, тауарлардың кедендік құны кеден органының қолында бар мәліметтердің негізінде айқындалады.
Кейіннен тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін қажетті нақты мәліметтер белгіленген кезде тауарлардың кедендік құны осындай нақты мәліметтер негізге алына отырып айқындалады және кедендік әкелу баждарының, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарының артық төленген және (немесе) артық өндіріп алынған сомаларын қайтару (есепке жатқызу) не осы Кодекстің 10 және 11-тараулары мен 76 және 77-баптарына сәйкес төленбеген сомаларды өндіріп алу жүзеге асырылады.
9. Кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын төлеу жөніндегі міндет орындалғаннан және (немесе) кедендік әкелу баждарының, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарының сомаларын (толығымен немесе ішінара) өндіріп алғаннан кейін осы Кодекстің 161-бабына сәйкес кеден қоймасы кедендік рәсімінің қолданылуы аяқталған не осы Кодекстің 129-бабының 7-тармағына сәйкес шетел тауарларына қолданылатын кедендік рәсімдермен орналастырылған не осы Кодекстің 51-тарауына сәйкес кеден органдары мұндай тауарларды кідірткен жағдайда, осы бапқа сәйкес төленген және (немесе) өндіріп алынған сомалар осы Кодекстің 10-тарауына және 76-бабына сәйкес қайтаруға (есепке жатқызуға) жатады.
24-тарау
Кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімі
163-бап. Кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімінің мазмұны және қолданылуы
1. Кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімі - шетел тауарларымен Одақтың кедендік аумағынан одан әрі әкетуге арналған осы тауарларды қайта өңдеу өнімдерін алу мақсатында Одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу жөніндегі операциялар жасалатын, осындай шетел тауарларына қатысты тауарларды осы кедендік рәсіммен орналастыру және оларды осындай кедендік рәсімге сәйкес пайдалану шарты сақталған кезде кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын төлемей шетелдік тауарларға қатысты пайдаланылатын кедендік рәсім.
2. Кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар шетелдік тауарлар мәртебесін сақтайды, ал Одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу жөніндегі операциялар нәтижесінде алынған (пайда болған) тауарлар (қайта өңдеу өнімдері, қалдықтар, қалған қалдықтар) шетелдік тауарлар мәртебесіне ие болады.
3. Уақытша әкелу (рұқсат беру) кедендік рәсімінің қолданысын онымен уақытша әкелу (рұқсат беру) кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды орналастыру арқылы тоқтату үшін кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімін қолдануға жол беріледі.
4. Комиссия кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімі қолданылмайтын тауарлардың тізбесін айқындауға құқылы.
164-бап. Тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырудың және оларды осындай кедендік рәсімге сәйкес пайдаланудың шарттары
1. Тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастыру шарттары:
1) мүше мемлекеттің уәкілетті органы берген және осы Кодекстің 168-бабында айқындалған мәліметтері бар тауарларды Одақтың кедендік аумағында қайта өңдеудің шарттары туралы құжаттың бар-жоғы болып табылады. Егер кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімін қолданудың мақсаты тауарларды жөндеу болып табылса, сондай-ақ Комиссия айқындайтын өзге де жағдайларда, тауарларға декларация осындай құжат ретінде пайдаланылуы мүмкін;
2) осы Кодекстің 172-бабына сәйкес шетел тауарларын балама тауарлармен өткізу жағдайларын қоспағанда, кеден органдарының кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған шетел тауарларын идентификаттау мүмкіндігі;
3) осы Кодекстің 7-бабына сәйкес тыйым салулар мен шектеулерді сақтау болып табылады.
2. Тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсіміне сәйкес пайдалану шарттары:
1) кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімінің белгіленген қолданылу мерзімін сақтау;
2) кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлармен операциялар жасаған кезде осы Кодекстің 166-бабының ережелерін сақтау;
3) кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардың Одақтың кедендік аумағында қайта өңдеудің шарттары туралы құжатта көрсетілген тұлғаларда орналасуы және осындай тауарларды осы тұлғалардың тауарларды қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасау үшін пайдалануы болып табылады.
3. Осы тарауды қолдану мақсаттары үшін кеден органының шетел тауарларын қайта өңдеу өнімдерінде оларды идентификаттау деп қайта өңдеу өнімдерін алу мақсатында Одақтың кедендік аумағында тауарларды қайта өңдеу бойынша операцияларға кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар ғана ұшырайтыны жөнінде осы Кодекстің 167-бабында айқындалған тәсілдердің бірін белгілеу түсініледі.