148-бап. Тауарларды түсіру, қайта тиеу (ауыстырып тиеу) және олармен жасалатын өзге де жүк операциялары, сондай-ақ Одақтың кедендік аумағында кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды тасу (тасымалдау) кезінде көлік құралдарын өткізу
1. Одақтың кедендік аумағы бойынша кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тасымалданатын тауарларды түсіруге, қайта тиеуге (ауыстырып тиеуге), оның ішінде бір көлік түрінің көлік құралынан көліктің басқа түрінің көлік құралына және олармен тасымалданатын өзге де жүк операцияларына, сондай-ақ мұндай тауарларды тасымалдайтын көлік құралдарын өткізуға осы баптың 2-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, қызмет өңірінде осындай операциялар жасалатын кеден органының рұқсатымен жол беріледі.
2. Егер осы баптың 1-тармағында көрсетілген тауарлар мен көлік құралдарына қатысты операциялар салынған кедендік пломбалар мен мөрлерді алусыз жасалса не, егер тауарларға кедендік пломбалар мен мөрлер салынбаса, мұндай операцияларды жасауға, қызмет өңірінде осындай операциялар жасалатын кеден органын электрондық немесе жазбаша нысанда тиісті түрде хабардар еткеннен кейін жол беріледі.
3. Одақтың кедендік аумағы бойынша кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тасымалданатын тауарларды түсіруге, қайта тиеуге (ауыстырып тиеуге) және олармен жасалатын өзге де жүк операцияларына, сондай-ақ осындай тауарларды тасымалдайтын көлік құралдарын ауыстыруға кеден органынан рұқсат алуға байланысты кедендік операцияларды жасау немесе осындай операцияларды жасау туралы кеден органын хабардар ету тәртібін Комисссия айқындайды.
4. Кеден органы Одақтың кедендік аумағы бойынша кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тасымалданатын тауарлармен жүк операцияларын жасауға рұқсат беруден көлік (тасымал) құжаттарында, шектеулердің сақталғанын растайтын құжаттарда не мемлекеттік органдар берген өзге де құжаттарда осындай операцияларды жасауға тыйым болған кезде бас тартуға құқылы.
5. Одақтың кедендік аумағы бойынша кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тасымалданатын тауарлармен жүк операциялары кеден органының рұқсатымен тұлғаның өтініші бойынша кеден органының жұмыс уақытынан тыс кезде жасалуы мүмкін.
149-бап. Кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды тасу (тасымалдау) кезінде пайда болған авария, еңсерілмейтін күштің әсері немесе өзге де мән-жайлар кезінде қолданылатын шаралар
1. Тасымалдаушының осы Кодекстің 150-бабында көзделген міндеттерді сақтауына кедергі келтіретін авария, еңсерілмейтін күштің әсері немесе өзге де мән-жайлар кезінде тасымалдаушы тауарлар мен көлік құралдарының сақталуын қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қабылдауға, осы жағдайлар және тауарлардың тұрған жері туралы жақын кеден органына дереу хабарлауға, сондай-ақ тауарлардың орнын өткізуға немесе оларды жақын кеден органына не кеден органы көрсеткен өзге жерге тасуды (тасымалдауды) қамтамасыз етуге (егер оның көлік құралы бұзылған болса) міндетті.
Осы мән-жайлар туралы хабар алған кеден органы кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды тасуға (тасымалдауға) кедергі болатын мән-жайлар туралы жөнелтуші кеден органын және межелі кеден органын хабардар етуге міндетті,
2. Тауарларды кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тасу (тасымалдау) кезінде пайда болған авария, еңсерілмейтін күштің әсері немесе өзге де мән-жайлар кезінде кедендік операцияларды жасау тәртібін Комиссия айқындайды.
3. Осы баптың 1-тармағының талаптарын сақтауға байланысты тасымалдаушы шеккен шығыстарды кеден органдары өтемейді.
150-бап. Тасымалдаушының тауарларды кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тасу (тасымалдау) кезіндегі міндеттері
1. Тауарларды кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тасымалдау кезінде тасымалдаушы осы баптың 2-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, өзінің осындай кедендік рәсіммен орналасқан тауарлардың декларанты болу-болмауына қарамастан:
1) тауарларды және оларға арналған құжаттарды жөнелтуші кеден органы белгілеген мерзімде, егер белгіленген болса, тауарларды тасудың (тасымалдаудың) белгілі бір маршруты бойынша жүре отырып, тауарларды жеткізу орнына жеткізуге;
2) тауарлардың, кедендік пломбалар мен мөрлердің не, егер қолданылған болса, өзге де идентификаттау құралдарының сақталуын қамтамасыз етуге;
3) осы Кодекстің 148-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тасылатын (тасымалданатын) тауарларды түсіруге, қайта тиеуге (ауыстырып тиеуге) және олармен жасалатын өзге де жүк операцияларына, сондай-ақ осындай тауарларды тасымалдайтын көлік құралдарын өткізуға кеден органдарының рұқсатынсыз жол бермеуге міндетті.
2. Егер тауарларды тасу (тасымалдау) екі және одан да көп көлік түрлерін пайдалана отырып жүзеге асырылса, осы баптың 1-тармағында көрсетілген міндеттер кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардың декларантына жүктеледі.
3. Теміржол көлігімен тасымалданатын, кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар жөнелтуші кеден органы айқындаған тауарларды жеткізу орнына жеткізілмеген кезде көрсетілген тауарларды тасымалдауға қабылдаған әрбір мүше мемлекеттің теміржол тасымалдаушысы кеден органының талап етуі бойынша осы жеткізілмеген тауарлар туралы ақпаратты табыс етуға міндетті. Тиісті талап және ақпарат жазбаша нысанда да, ақпараттық жүйелер мен ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы да берілуі мүмкін.
151-бап. Кедендік транзит кедендік рәсімі қолданысының аяқталуы мен тоқтатылуы
1. Кедендік транзит кедендік рәсімінің қолданысы тауарларды жөнелтуші кеден органы айқындаған тауарларды жеткізу орнына тауарлар жеткізілгеннен кейін аяқталады.
2. Тауарларды жеткізу орнында кедендік транзит кедендік рәсімінің қолданысы аяқталғанға дейін тауарлар кедендік бақылау аймағында, оның ішінде тауарларды олар жеткізілген көлік құралынан түсірмей орналастырылады.
Тауарлар кедендік бақылау аймағында тәуліктің кез келген уақытында орналастырылады.
3. Кедендік транзит кедендік рәсімінің қолданысын аяқтау үшін тасымалдаушы не, егер мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында ескерілсе, кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар декларанты межелі кеден органына транзиттік декларацияны, сондай-ақ өзінде бар:
1) автокөлікпен тасымалданған тауарларға қатысты басқа да құжаттарды, - тауарларды жеткізу орнына келген кезінен бастап 3 сағаттың ішінде, ал тауарлар кеден органының жұмыс уақытынан тыс кезде келген жағдайда - осы кеден органы жұмысының басталған кезінен бастап 3 сағаттың ішінде;
2) су, әуе және теміржол көлігін пайдалана отырып, тасымалданатын тауарларға қатысты - халықаралық тасымалды жүзеге асыру кезінде порттың, әуежайдың немесе теміржол станциясының технологиялық процесінде (кестесінде) белгіленген уақыт ішінде не мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында белгіленген өзге мерзім ішінде басқа да құжаттарды ұсынуға тиіс.
4. Тасымалдаушы атынан осы баптың 3-тармағында көзделген әрекеттер, егер бұған мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасына сәйкес жол берілген болса, сондай-ақ тасымалдаушының тапсырмасы бойынша әрекет ететін тұлғалар жасауы мүмкін.
5. Кеден органының талабы бойынша тасымалдаушы тауарларды көрсетуге тиіс.
6. Межелі кеден органы осы баптың 3-тармағында көрсетілген құжаттарды ұсынған кезден бастап 1 сағаттың ішінде олардың берілуін мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында белгіленетін тәртіппен тіркейді.
7. Межелі кеден органы кедендік транзит кедендік рәсімін мүмкіндігінше қысқа мерзімде, бірақ осы баптың 3-тармағында көрсетілген құжаттарды берген кезден бастап кеден органы жұмысының 4 сағатынан кешіктірмей, ал егер мұндай құжаттарды беру кеден органы жұмысының аяқталуына 4 сағаттан аз уақыт қалған кезде жүзеге асырылған болса - осы кеден органының жұмысы басталған кезден бастап 4 сағаттың ішінде аяқтайды.
8. Кеден органы кедендік жете тексеруді өткізу туралы шешім қабылдаған жағдайда кедендік транзит кедендік рәсімінің қолданысын аяқтау мерзімі межелі кеден органы жетекшісінің (басшысының), ол уәкілеттік берген межелі кеден органы жетекшісі орынбасарының (басшысы орынбасарының) немесе оларды ауыстыратын адамдардың жазбаша рұқсатымен, егер мүше мемлекеттердің заңнамасында тауарларды тасу (тасымалдау) жүзеге асырылатын көлік түріне байланысты неғұрлым ұзақ емес мерзім белгіленбесе, кедендік жете тексеру үшін қажетті уақытқа, бірақ осы баптың 3-тармағында көрсетілген құжаттардың берілуін тіркеу күнінен кейінгі күннен бастап 10 жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
9. Кедендік транзит кедендік рәсімі қолданысының аяқталуы кеден органының ақпараттық жүйесін пайдалана отырып, электрондық құжат жасау не транзиттік декларацияда немесе транзиттік декларация ретінде пайдаланатын өзге де құжаттарда тиісті белгілер қою арқылы ресімделеді.
10. Кедендік транзит кедендік рәсімі қолданысының аяқталуына байланысты кедендік операцияларды, оның ішінде тауарларды тасу (тасымалдау) жүзеге асырылатын көлік түріне байланысты жасау тәртібін Комиссия айқындайды.
11. Мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында кедендік транзит кедендік рәсімінің қолданысы тауарларды уақытша сақтауға орналастырумен, кедендік декларацияны тіркеумен, тауарларды шығарумен, тауарлардың Одақтың кедендік аумағынан әкетілуімен, сондай-ақ осы Кодекстің 51-тарауына сәйкес тауарларды кеден органдарының кідіртуімен аяқталатын жағдайлар айқындалуы мүмкін.
Кедендік транзит кедендік рәсімі қолданысының аяқталуына байланысты кедендік операцияларды жасау тәртібі, оның ішінде тауарларды тасу (тасымалдау) жүзеге асырылатын көлік түріне байланысты тәртіп бұл жағдайларда мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында белгіленеді.
12. Осы Кодекстің 145-бабының 7-тармағында көзделген, сондай-ақ, егер тауарлар межелі кеден органынан ерекшеленетін кеден органына жеткізілген болса, кедендік транзит кедендік рәсімінің қолданысы осы бапта белгіленген тәртіппен аяқталады.
13. Егер тауарларды жеткізу орнына тауарлар толықтай немесе ішінара жеткізілмесе және кедендік рәсімнің қолданысы осы баптың 12-тармағында көзделген жағдайларда аяқталмаса, кедендік транзит кедендік рәсімінің қолданысы тоқтатылады.
Кедендік транзит кедендік рәсімі қолданысының тоқтатылуына байланысты кедендік операцияларды жасау тәртібін, кедендік транзит кедендік рәсімі тоқтатылуға жататын мерзімдерді, сондай-ақ кедендік транзит кедендік рәсімі қолданысының тоқтатылуын ресімдеу тәртібін Комиссия айқындайды.
14. Екінші немесе үшінші типтегі куәлігі бар уәкілетті экономикалық оператордың құрылысжайларында, үй-жайларында (үй-жайлардың бөліктерінде) және (немесе) ашық алаңқайларда (ашық алаңқайлардың бөліктерінде) құрылған кедендік бақылау аймағына тауарларды жеткізу кезінде кедендік транзит кедендік рәсімінің қолданысы осы Кодекстің 440-бабында белгіленген ерекшеліктермен аяқталады.
152-бап. Тауарларды жеткізу орнына тауарларды жеткізгеннен кейін жасалатын кедендік операциялар
1. Егер мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында өзгеше көзделмесе, межелі кеден органы осы Кодекстің 151-бабының 3-тармағында көрсетілген құжаттардың берілуін тіркегеннен кейін осы Кодекстің 83-бабы 1-тармағының 1 - 3-тармақшаларында аталған адамдар тауарларды уақытша сақтауға орналастыруға немесе оларды:
1) автомобиль көлігімен тасымалданатын тауарларға қатысты - межелі кеден органы құжаттардың берілуін тіркегеннен кейін кеден органы жұмыс уақытының 8 сағатынан кешіктірмей;
2) су, әуе кемелерін немесе теміржол көлігін пайдалана отырып, тасымалданатын тауарларға қатысты - халықаралық тасымалды жүзеге асыру кезінде порттың, әуежайдың немесе теміржол станциясының технологиялық процесінде (кестесінде) белгіленген уақыт ішінде не мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында белгіленген өзге мерзім ішінде кедендік декларациялауға байланысты кедендік операцияларды жасауға міндетті.
2. Су кемелері пайдаланылып тасымалданатын тауарларға қатысты тауарларды уақытша сақтауға орналастыруға байланысты кедендік операцияларды осы Кодекстің 83-бабының 1-тармағы 1-тармақшасының алтыншы абзацында және 4-тармақшасында көрсетілген адамдар жасауға міндетті.
3. Осы Кодекстің 83-бабы 1-тармағының 1 - 3-тармақшаларында көрсетілген адамдар осы баптың 1-тармағының бірінші абзацында көзделген кедендік операцияларды жасамаған жағдайда, тасымалдаушы осы Кодекстің 16-тарауына сәйкес тауарларды уақытша сақтауға орналастырумен байланысты кедендік операцияларды межелі кеден органы құжаттардың берілуін тіркеген күннен кейінгі 1 жұмыс күнінен кешіктірмей жасауға міндетті.
Мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында тасымалдаушыны осы Кодекстің 83-бабы 1-тармағының 1 - 3-тармақшаларында аталған адамдардың тауарларды уақытша сақтауға орналастырумен немесе оларды кедендік декларациялаумен байланысты кедендік операцияларды жасамағаны туралы хабардар ету мерзімдері және (немесе) тәртібі белгіленуі мүмкін.
4. Осы баптың 1 - 3-тармақтарының ережелері, егер тауарларға қатысты алдын ала кедендік декларациялау жүзеге асырылған болса, қолданылмайды.
5. Осы баптың 1-тармағына сәйкес тауарларды декларациялаумен байланысты кедендік операцияларды жасау кезінде осы Кодекстің 83-бабы 1-тармағының 1 - 3-тармақшаларында көрсетілген тұлғалар тауарларды осы Кодекстің 16-тарауына сәйкес уақытша сақтауға орналастырумен байланысты кедендік операцияларды:
1) осы Кодекстің 113-бабына сәйкес кедендік декларацияны қайтарып алуға кеден органының рұқсатын;
2) осы Кодекстің 124-бабына сәйкес тауарларды шығару мерзімін тоқтата тұру туралы кеден органының шешімін;
3) осы Кодекстің 125-бабына сәйкес тауарларды шығарудан бас тартуды алған кезден бастап 3 сағат ішінде жасауға міндетті.
6. Осы бапта белгіленген кедендік операциялар осы баптың 1 және 5-тармақтарында көрсетілген мерзімде жасалмаған тауарларды кеден органдары осы Кодекстің 51-тарауына сәйкес кідіртеді.
7. Осы баптың ережелері:
1) Одақтың кедендік аумағына әкелінген және осы Кодекстің 302-бабының 4-тармағында көрсетілген, Одақ мүшесі болып табылмайтын мемлекеттің аумағы арқылы тасу (тасымалдау) үшін кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылған Одақ тауарларына және шетел тауарларына қатысты;
2) халықаралық пошта жөнелтімдеріне қатысты;
3) Одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарларға қатысты әкету орнында кедендік транзит кедендік рәсімінің қолданысы аяқталған кезде;
4) екінші немесе үшінші типтегі куәлігі бар уәкілетті экономикалық оператордың құрылысжайларында, үй-жайларында (үй-жайлардың бөліктерінде) және (немесе) ашық алаңқайларында (ашық алаңқайлардың бөлітерінде) құрылған кедендік бақылау аймағына жеткізілген тауарларға қатысты кедендік транзит кедендік рәсімінің қолданысы аяқталған кезде қолданылмайды.
153-бап. Одақтың кедендік аумағы бойынша тасу (тасымалдау) кезінде кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) шетел тауарларына қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтардаы, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын төлеу жөніндегі міндеттің туындауы және аяқталуы, оларды төлеу мерзімі және есептеу
1. Кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылатын шетел тауарларына қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтардаы, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын төлеу жөніндегі міндет:
1) декларантта - транзиттік декларацияны кеден органы тіркеген кезден бастап;
2) егер тауарларды беру мүше мемлекеттердің теміржол тасымалдаушылары арасында жүзеге асырылса, теміржол көлігі саласындағы халықаралық шарттарда және Тәуелсіз Мемлекеттер Достығына қатысушы мемлекеттердің Теміржол көлігі жөніндегі кеңесінің актілерінде белгіленген тәртіппен не, егер тауарларды беру бір мүше мемлекеттің теміржол тасымалдаушылары арасында жүзеге асырылса, мүше мемлекеттердің көлік саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды мүше мемлекеттердің бірінің аумағы шеңберінде теміржол көлігімен тасымалдауға қабылдаған мүше мемлекеттің теміржол тасымалдаушысында - тауарларды белгіленген тәртіппен тасымалдауға қабылдаған кезден бастап туындайды.
2. Арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын төлеу жөніндегі міндет жеке пайдалануға және халықаралық пошта жөнелтімдеріне арналған тауарларды кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастыру кезінде туындамайды.
3. Кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) шетел тауарларына қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын төлеу жөніндегі міндет:
декларантта, сондай-ақ жөнелтуші кеден органы айқындаған тауарларды жеткізу орнына дейін тауарларды тасуды (тасымалдауды) жүзеге асыратын, осы баптың 1-тармағының 2-тармақшасында көрсетілген мүше мемлекеттің теміржол тасымалдаушысында мынадай мән-жайлар басталған кезде:
1) осы тармақтың 2-тармақшасында көрсетілген жағдайды қоспағанда, осы Кодекстің 151-бабына сәйкес кедендік транзит кедендік рәсімінің қолданылуы аяқталғанда;
2) уәкілетті экономикалық оператор тауарларды осы Кодекстің 440-бабына сәйкес қабылдағанда;
3) кедендік транзит кедендік рәсімінің қолданысы аяқталған тауарларды осы Кодекстің 129-бабының 6-тармағына сәйкес уақытша сақтауға орналастырғанда;
4) кедендік транзит кедендік рәсімінің қолданысы аяқталған тауарларды осы Кодекстің 129-бабының 7-тармағына сәйкес кедендік рәсіммен орналастырғанда;
5) кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын төлеу жөніндегі міндетті орындағанда және (немесе) оларды осы баптың 6-тармағына сәйкес есептелген және төлеуге жататын мөлшерлерде өндіріп алғанда;
6) мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасына сәйкес кеден органы, осы Кодекске сәйкес жойылғанға дейін немесе қайтарымсыз жоғалғанға дейін шетел тауарларына қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын төлеу мерзімі басталған жағдайларды қоспағанда, осындай жою фактісін және (немесе) авария салдарынан немесе еңсерілмейтін күштің әсерінен не тасудың (тасымалдаудың) және (немесе) сақтаудың қалыпты жағдайы кезіндегі табиғи шығын нәтижесінде осы тауарлардың қайтарымсыз жоғалу фактісін танығанда;
7) транзиттік декларацияны тіркеу кезінде туындаған кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын төлеу жөніндегі міндетке қатысты - тауарларды кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес шығарудан бас тартқанда;
8) транзиттік декларацияны тіркеу кезінде туындаған кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын төлеу жөніндегі міндетке қатысты — осы Кодекстің 113-бабына сәйкес транзиттік декларациядан бас тартқанда және (немесе) осы Кодекстің 118-бабының 4-тармағына сәйкес тауарларды шығарудың күшін жойғанда;
9) мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес тауарларды осы мүше мемлекеттің меншігіне (кірісіне) тәркілегенде және айналдырғанда;
10) осы Кодекстің 51-тарауына сәйкес тауарларды кеден органы кідірткенде;
11) қылмыс туралы хабарламаны тексеру барысында, қылмыстық іс немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу (әкімшілік процесті жүргізу) барысында алынған және тыйым салынған және бұрын мұндай тауарлар шығарылмаған болса, оларға қатысты қайтару туралы шешім қабылданған тауарларды уақытша сақтауға қойғанда немесе кедендік рәсімдердің бірімен орналастырғанда тоқтатылды.
4. Кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) шетел тауарларына қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын төлеу жөніндегі міндет теміржол көлігі саласындағы халықаралық шарттарда және Тәуелсіз Мемлекеттер Достығына қатысушы мемлекеттердің Теміржол көлігі жөніндегі кеңесінің актілерінде белгіленген тәртіппен теміржол көлігімен тасымалданатын кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды басқа мүше мемлекеттің теміржол тасымалдаушысына не көлік саласындағы мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген тәртіппен өз мүше мемлекетінің теміржол тасымалдаушысы берген мүше мемлекеттің теміржол тасымалдаушысында - тауарларды белгіленген тәртіппен берген кезде тоқтатылады.
5. Тауарлар кеден органы белгілеген кедендік транзит мерзімінде жеткізу орнына жеткізілмесе және осы Кодекстің 151-бабының 12-тармағында көзделген жағдайларда кедендік рәсімнің қолданысы аяқталмаса, кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын төлеу жөніндегі міндет орындалуға жатады.
Көрсетілген мән-жайлар басталған кезде тауарларды кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастыру күні кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын төлеу мерзімі болып есептеледі.
6. Осы баптың 5-тармағында көрсетілген мән-жайлар басталған кезде, егер кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастылыған шетел тауарлары тарифтік преференцияларды және кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі жеңілдіктерді қолданбай ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылса, ал жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты - егер жеке пайдалануға арналған тауарларды еркін айналымға шығару жүргізілсе, кедендік әкелу баждары, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждары төленуге жатады.
Кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын есептеу үшін кеден органы транзиттік декларацияны тіркеу күні қолданылатын кедендік әкелу баждарының, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарының мөлшерлемелері қолданылады.
Кеден органында тауарлар (сипаты, атауы, саны, шығарылған жері және (немесе) кедендік құны) туралы нақты мәліметтері болмаған жағдайда, төленуге жататын кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын есептеуге арналған база кеден органында бар мәліметтер негізінде айқындалады, ал тауарларды сыныптау осы Кодекстің 20-бабының 3-тармағын ескере отырып жүзеге асырылады.
Егер Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес тауарлар коды 10-нан аз белгілер санымен топтама деңгейінде айқындалса:
осындай топтамаға кіретін тиісті тауарларға сәйкес келетін кедендік әкелу баждарының ең көп мөлшерлемесі кедендік әкелу баждарын есептеу үшін қолданылады;
кедендік әкелу баждарының ең көп мөлшерлемесі белгіленген осындай топтамаға кіретін тауарларға сәйкес келетін акциздердің (акциздік салықтың немесе акциздік алымның) ең көп мөлшерлемесі және қосылған құн салығының ең көп мөлшерлемесі салықтарды есептеу үшін қолданылады;
осы тармақтың сегізінші абзацы ескеріле отырып, осындай топтамаға кіретін тауарларға сәйкес келетін арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарының ең көп мөлшерлемесі арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын есептеу үшін қолданылады.
Арнайы, демпингке қарсы, өтем баждары осы Кодекстің 4-тарауына сәйкес расталған тауарлардың шығарылған жері және (немесе) көрсетілген баждарды айқындау үшін қажетті өзге де мәліметтер негізге алына отырып, есептеледі. Тауарлардың шығарылған жері және (немесе) көрсетілген баждарды айқындау үшін қажетті өзге де мәліметтер расталмаған жағдайда, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждары, егер тауардың сыныптамасы 10 белгі деңгейінде жүзеге асырылса, Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының сол бір кодындағы тауарларға не, егер Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес тауарлардың кодтары 10-нан кем белгілері бар топтама деңгейінде айқындалса, топтамаға кіретін тауарларға қатысты белгіленген арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарының ең көп мөлшерлемесі негізге алына отырып, есептеледі.
Тауарлар туралы дәл мәліметтерді кейіннен анықтаған кезде кедендік әкелу баждары, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждары осындай дәл мәліметтерді негізге ала отырып, есептеледі және кедендік әкелу баждарының, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарының артық төленген және (немесе) артық өндіріп алынған сомаларын қайтару (есепке жатқызу) осы Кодекстің 10 және 11-тараулары мен 76 және 77-баптарына сәйкес төленбеген сомаларды өндіріп алу жүргізіледі.
Халықаралық пошта жөнелтімдеріне қатысты кедендік әкелу баждары, салықтар осы Кодекстің 287-бабының 7-тармағында белгіленген мөлшерде төленуге жатады.
7. Осы Кодекстің 129-бабының 6-тармағына сәйкес тауарларды кедендік транзит кедендік рәсімімен уақытша сақтауға орналастырған не осындай тауарларды осы Кодекстің 129-бабының 7-тармағына сәйкес кедендік рәсіммен орналастырған не кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын төлеу және (немесе) оларды өндіріп алу (толықтан немесе ішінара) жөніндегі міндет орындалғаннан кейін кеден органдары тауарларды осы Кодекстің 51-тарауына сәйкес кідірткен жағдайда, осы бапқа сәйкес төленген және (немесе) өндіріп алынған кедендік баждардың, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарының сомалары осы Кодекстің 10-тарауына және 76-бабына сәйкес қайтаруға (есепке жатқызуға) жатады.
8. Осы Кодекстің 62-бабының 3-тармағына сәйкес кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз етуді кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардың декларантынан өзге тұлға табыс еткен жағдайда, мұндай өзге тұлға кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын төлеу бойынша декларантпен ортақ міндетті көтереді.
9. Кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылған шетел тауарларын таситын халықаралық тасымалдың көлік құралдарын осы Кодекстің 343-бабының 3-тармағына сәйкес мүше мемлекеттің заңнамасына сай айқындалған ұйымдар қоса алып жүрген жағдайларда, мұндай ұйым кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын төлеу бойынша декларантпен ортақ міндетті көтереді.
10. Тауарларды теміржол көлігімен тасымалдаған кезде кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардың көліктік декларанты теміржол көлігі саласындағы халықаралық шарттарда және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Теміржол көлігі жөніндегі кеңесінің актілерінде не мүше мемлекеттердің көлік саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды тасымалдауға қабылдаған мүше мемлекеттің теміржол тасымалдаушысы болып табылмаса, мұндай теміржол тасымалдаушысы кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын төлеу бойынша декларантпен ортақ міндетті көтереді.