1. Тауарларға арналған декларацияда мынадай:
1) мәлімделетін кедендік рәсім туралы;
2) декларант, кеден өкілі, тауарларды жөнелтуші, алушы, сатушы және сатып алушы туралы;
3) халықаралық тасымалдаудың көлік құралдары, сондай-ақ Одақтың кедендік аумағы бойынша тауарлар тасымалданған (тасымалданатын) көлік құралдары туралы;
4) тауарлар туралы:
кедендік төлемдерді, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждары мен алынуы тыйым салулар мен шектеулерлің сақталуын, ішкі нарықты қорғау шараларын, кеден органдарының зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау бойынша шараларды қабылдауын қамтамасыз ету, Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының 10-таңбалық кодына идентификаттау, жатқызу үшін кеден органдарына жүктелген өзге де төлемдерді есептеу жөне алу үшін қажетті атау, сипаттама;
Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес тауарлар коды;
тауарлар шығарылған ел;
жөнелтуші елдің және межелі ел атауы;
тауарларды өндіруші;
тауар белгісі;
мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізіліміне және (немесе) кеден органына тауарларға арналған декларация берілетін мүше мемлекеттің кеден органы жүргізетін зияткерлік меншік объектілерінің ұлттық кедендік тізіліміне қосылған зияткерлік меншік объектісі болып табылатын тауар шығарылған жердің атауы;
орамалардың сипаттамасы;
килограмының (брутто салмағы және нетто салмағы) және қосымша өлшем бірліктерінің бағасы, саны;
тауарлардың кедендік құны (тауарлардың кедендік құнының шамасы, айқындау әдісі);
статистикалық құны;
5) кедендік төлемдерді, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын есептеу туралы:
кедендік баждардың, салықтардың, кедендік алымдардың, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарының мөлшерлемелері;
кедендік төлемдерді төлеу бойынша жеңілдіктер;
тарифтік преференциялар;
есептелген кедендік баждардың, салықтардың, кедендік алымдардың, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарының сомалары;
осы Кодекске сәйкес кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын есептеу үшін қолданылатын валюталар бағамы;
6) тауарлармен мәміле және оның шарттары туралы;
7) осы Кодекстің 7-бабына сәйкес тыйым салулар мен шектеулердің сақталуы туралы;
8) тауарларды кедендік рәсіммен орналастыру шарттарының сақталуы туралы;
9) осы Кодекстің 108-бабында көрсетілген тауарларға арналған декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттар туралы;
10) сақталуын бақылау кеден органдарына жүктелген мүше мемлекеттер заңнамасының сақталуын растайтын құжаттар туралы;
11) тауарларға арналған декларацияны толтырған адам туралы және оның жасалған күні;
12) Комиссия айқындайтын өзге де мәліметтер көрсетілуі тиіс.
2. Тауарларға арналған декларация нысанын толтыру тәртібін айқындау кезінде Комиссия кедендік рәсімге, тауарлардың, оларды Одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізетін адамдардың санаттарына және (немесе) тауарларды тасу (тасымалдау) жүзеге асырылатын көліктің түріне қарай тауарларға арналған декларацияда көрсетілуі тиіс мәліметтерді қысқартуға құқылы.
107-бап. Транзиттік декларацияда көрсетілуі тиіс мәліметтер
1. Транзиттік декларацияда мынадай:
1) көліктік (тасымалдау) құжаттарына сәйкес тауарларды жөнелтуші мен алушы, декларант, тасымалдаушы туралы;
2) тауарларды жөнелтуші ел және тауарлардың межелі елі туралы;
3) тауарлар тасымалданатын көлік құралы туралы;
4) коммерциялық, көліктік (тасымалдау) құжаттарына сәйкес тауарлардың атауы, саны және құны туралы;
5) Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес кемінде алғашқы 6 белгі деңгейіндегі тауарлар коды туралы. Одақтың кедендік шекарасы арқылы жиналмаған немесе бөлшектелген түрде, оның ішінде жиынтықталмаған немесе жасалып бітпеген түрде белгілі бір кезең ішінде бір немесе бірнеше көлік құралымен өткізілетін тауарларға (тауарлар құрамдауыштарына) қатысты осындай тауарларға қатысты қабылданған тауарларды сыныптау туралы алдын ала шешімге не Одақтың кедендік шекарасы арқылы жиналмаған немесе бөлшектелген түрде, оның ішінде жиынтықталмаған немесе жасалып бітпеген түрде өткізілетін тауарларды сыныптау туралы шешімге сәйкес 10 белгі деңгейінде Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес тауар коды туралы мәліметтер көрсетілуі мүмкін;
6) тауарлардың брутто салмағы немесе көлемі, сондай-ақ тауарлардың қосымша өлшем бірліктеріндегі саны туралы, егер Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифінде декларацияланатын тауарға қатысты қосымша өлшем бірлігі белгіленген болса, Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының әрбір коды бойынша;
7) жүк орындарының саны туралы;
8) көліктік (тамсымалдау) құжаттарына сәйкес тауарлардың межелі пункті туралы;
9) осы Кодекстің 7-бабына сәйкес тыйым салулар мен шектеулердің сақталуы туралы;
10) тауарлардың жоспарланатын ауыстырылып тиелуі немесе жолдағы жүк операциялары туралы мәліметтер көрсетілуі тиіс.
2. Транзиттік декларация нысанын толтыру тәртібін айқындау кезінде Комиссия тауарлардың, оларды Одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізетін адамдардың санатына және (немесе) тауарларды тасу (тасымалдау) жүзеге асырылатын көліктің түріне қарай транзиттік декларацияда көрсетілуі тиіс мәліметтерді қысқартуға құқылы.
3. Транзиттік декларация ретінде осы Кодекстің 305-бабының 2-тармағында және 306-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, көліктік (тасымалдау), коммерциялық және (немесе) өзге де құжаттарды, оның ішінде мүше мемлекеттердің үшінші тараппен халықаралық шарттарында көзделген құжаттарды пайдалануға жол беріледі.
Транзиттік декларация ретінде көліктік (тасымалдау), коммерциялық және (немесе) өзге де құжаттарды, оның ішінде мүше мемлекеттердің үшінші тараппен халықаралық шарттарында көзделген құжаттарды пайдалану кезінде мұндай құжаттарда осы баптың 1-тармағында көрсетілген мәліметтер қамтылуы тиіс.
Егер транзиттік декларация ретінде пайдаланылатын аталған құжаттарда осы баптың 1-тармағында көзделген мәліметтер болмаса, жетіспейтін мәліметтер осындай транзиттік декларацияға қоса берілетін не кеден органына ұсынылатын, онымен бірге жүретін құжаттарда қамтылуы тиіс.
4. Транзиттік декларацияда Одақтың мүшесі болып табылмайтын мемлекеттің аумағы арқылы тасымалданатын Одақ тауарларына қатысты осы Кодекстің 7-бабына сәйкес тыйым салулар мен шектеулердің сақталуы туралы, осындай тауарлардың құны туралы мәліметтерді және егер бұл осы Кодекске сәйкес белгіленген болса, өзге де мәліметтерді қоспағанда, осы баптың 1-тармағында көрсетілген мәліметтер мәлімделеді. Комиссия транзиттік декларацияда Одақтың мүшесі болып табылмайтын мемлекеттің аумағы арқылы тасымалданатын Одақ тауарларына қатысты тауарлардың құны туралы мәліметтерді көрсетуге не жататынын айқындауға құқылы.
5. Транзиттік декларацияда осы баптың 1-тармағында көрсетілген мәліметтерге қосымша осы Кодекстің 302-баптың 4-тармағында көрсетілген шетелдік тауарларға қатысты оларға сәйкес тауарлар кедендік аумақта қайта өңдеудің кедендік рәсімімен немесе ішкі тұтыну үшін қайта өңдеудің кедендік рәсімімен немесе уақытша әкелу (жол беру) кедендік рәсімімен орналастырылған кедендік декларациялар туралы мәліметтер мәлімделеді.
108-бап. Кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттар
1. Кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттарға:
1) тауарлармен мәмілелер жасалғанын растайтын құжаттар, ал мұндай мәміле болмаған жағдайда - тауарларды иелену, пайдалану және (немесе) оларға билік ету құқығын растайтын өзге құжаттар, сондай-ақ декларанттың иелігіндегі өзге де коммерциялық құжаттар;
2) көліктік (тасымалдау) құжаттары;
3) кедендік декларацияны беруші адамның өкілеттіктерін растайтын құжаттар;
4) тыйым салулар мен шектеулердің, ішкі нарықты қорғау шараларының сақталуын растайтын құжаттар;
5) тауарлардың шығарылған жері туралы құжаттар;
6) Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес сыныптау кезінде пайдаланылған тауарлардың сипаттамасын растайтын құжаттар, ол болған жағдайда тауарларды сыныптау туралы алдын ала шешім, ал кез келген мүше мемлекеттің кеден органы қабылдаған - кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес Одақтың кедендік шекарасы арқылы жиналмаған немесе бөлшектелген түрде, оның ішінде жиынтықталмаған немесе жасалып бітпеген түрде өткізілетін тауарларды (тауарлар құрамдауыштарын) кедендік декларациялаған жағдайда - осындай тауарларға қатысты тауарларды сыныптау туралы алдын ала шешім не Одақтың кедендік шекарасы арқылы жиналмаған немесе бөлшектелген түрде, оның ішінде жиынтықталмаған немесе жасалып бітпеген түрде өткізілетін тауарларды сыныптау туралы шешім;
7) кедендік төлемдердің, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждардың төленгенін және (немесе) кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын төлеу жөніндегі міндеттердің орындалуын қамтамасыз етуді растайтын құжаттар;
8) кедендік төлемдерді төлеу бойынша жеңілдіктер берудің мақсаттары мен шарттарының сақталуын растайтын құжаттар;
9) кедендік баждарды, салықтарды төлеу мерзімдерінің өзгергенін растайтын құжаттар;
10) тауарлардың мәлімделген кедендік құнын, оның ішінде оның шамасын және тауарлардың кедендік құнын айқындау әдісін растайтын құжаттар;
11) тауарларды кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырған кезде оларды автомобиль көлігімен тасымалдаған жағдайда - халықаралық тасымалдаудың көлік құралының тіркелуі және ұлттық тиесілілігі туралы құжат;
12) тауарларды мәлімделген кедендік рәсімдермен орналастырудың шарттарын растайтын құжаттар;
13) тауарларды кедендік аумақтан тыс жерде қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды қайта өңдеу өнімдерін ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастыру кезінде тауарларды қайта өңдеу бойынша операциялардың мәлімделген құнын растайтын құжаттар;
14) осы Кодекстің 261-бабында көрсетілген құжаттар жатады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген құжаттарда кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын мәліметтер болмаған жағдайда, мұндай мәліметтер өзге құжаттармен расталады.
3. Осы Кодекстің 104-бабының 8-тармағына сәйкес мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында белгіленген немесе осы Кодекстің 114 - 117-баптарында айқындалған тауарларды кедендік декларациялаудың ерекшеліктеріне қарай кедендік декларацияны беру кезінде осындай құжаттар болмауы мүмкін жағдайларды қоспағанда, кедендік декларацияны берген кезінде декларантта кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттар болуы тиіс.
109-бап. Кедендік декларацияны берумен байланысты кедендік операциялар және оларды жасау тәртібі
1. Кедендік декларация мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасына сәйкес кедендік декларацияларды тіркеуге құқылы кеден органына беріледі.
2. Кедендік декларацияны тапсыру кезінде тауарлар мынадай:
1) оларға қатысты осы Кодекске сәйкес Одақтың кедендік аумағына әкелмей, кедендік рәсіммен орналастыру рұқсат етілген, Одақтың кедендік аумағынан әкетілген тауарларды;
2) құбыржол көлігімен немесе электр беру желілері бойынша өткізілетін тауарларды;
3) кедендік декларациялау осы Кодекстің 104-бабының 8-тармағына сәйкес мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында белгіленген ерекшеліктермен жүзеге асырылатын шетелдік тауарларды;
4) кедендік декларация осы Кодекстің 114 және 116-баптарында айқындалған ерекшеліктермен жүзеге асырылатын шетелдік тауарларды қоспағанда, осындай тауарларға қатысты кеден органына кедендік декларация берілетін мүше мемлекеттің аумағында болуы тиіс.
3. Комиссия Одақ тауарларының кеден органына осындай тауарларға қатысты кедендік декларация берілетін мүше мемлекеттің аумағында бола алмайтын жағдайларды, сондай-ақ осындай жағдайларда кедендік операциялар жасаудың ерекшеліктерін айқындауға құқылы.
4. Кедендік декларация тапсыру күні мен уақытын кеден органы тіркейді.
5. Кедендік декларацияны қағаз жеткізгіште беру, егер осы Кодексте, Комиссияда және Комиссия көздеген жағдайларда мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында өзгеше белгіленбесе, кеден органына оның электрондық түрін тапсырумен сүйемелденеді.
6. Егер кедендік декларация ретінде көліктік (тасымалдау), коммерциялық және (немесе) өзге де құжаттардың, оның ішінде мүше мемлекеттердің үшінші тараппен халықаралық шарттарында көзделген құжаттар пайдаланылса және осы Кодекстің 11-бабына сәйкес осы Кодекстің 107-бабының 1-тармағында көрсетілген мәліметтер қамтылған алдын ала ақпарат ұсынылса, алдын ала ақпарат пен көрсетілген құжаттарда қамтылған мәліметтердің арасында айырмашылық болмаған жағдайда, мұндай транзиттік декларацияны тапсыру кеден органына оның электрондық түрін ұсынумен сүйемелденбейді.
7. Тауарларға арналған декларацияны беру кеден органына осы тармақтың екінші абзацында көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарларға арналған декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттарды ұсынумен сүйемелденбейді.
Тауарларға арналған декларацияны қағаз жеткізгіште беру кеден органына, егер мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында өзгеше белгіленбесе, тауарларға арналған декларацияны беруші адамның өкілеттігін растайтын құжаттарды ұсынумен сүйемелденеді.
Егер осы Кодекстің 80-бабының 2-тармағына сәйкес кеден органы тауарларға арналған декларацияны бергенге дейін немесе тауарлар шығарылғанға дейін тауарларға арналған декларацияны бергеннен кейін тауарлардың шығарылған жері, тыйым салулар мен шектеулердің сақталуы туралы мәліметтерді растайтын құжаттарды ала алмаса, мүше мемлекеттердің заңнамасында осындай құжаттар туралы мәліметтерді және (немесе) олардан алынатын мәліметтерді декларанттың ұсыну құқығы көзделуі мүмкін, сондай-ақ көрсетілген құжаттарды ұсыну тәртібі белгіленуі мүмкін.
8. Транзиттік декларацияны беру кеден органына осы тармақтың екінші және үшінші абзацтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, транзиттік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттарды ұсынумен сүйемелденбейді.
Транзиттік декларацияны беру, егер осы Кодекстің 80-бабының 2-тармағына сәйкес осындай құжаттар туралы мәліметтерді және (немесе) олардан алынатын мәліметтерді кеден органы ала алмайтын болса, тыйым салулар мен шектеулердің сақталуын растайтын құжаттарды, кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша міндеттердің орындалуын қамтамасыз етудің ұсынылғанын растайтын құжаттарды, сақталуын бақылау кеден органдарына жүктелген мүше мемлекеттер заңнамасының сақталуын растайтын құжаттарды ұсынумен сүйемелденеді.
Транзиттік декларацияны қағаз жеткізгішге беру кеден органына, егер мүше мемлекеттердің заңнамасында өзгеше белгіленбесе, транзиттік декларацияны беруші адамның өкілеттігін растайтын құжаттарды ұсынумен сүйемелденеді.
9. Жолаушының кедендік декларациясын беру кеден органына онда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттарды ұсынумен сүйемелденеді.
Жолаушының кедендік декларациясында мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттар тізбесін Комиссия және Комиссия көздеген жағдайларда, мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында қысқартылуы мүмкін.
10. Тауарларға арналған декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттар, егер мұндай құжаттар бұрын осындай кеден органына кедендік операцияларды жасау кезінде немесе осы кеден органының кедендік бақылау жүргізуі кезінде берілген болса және осы Кодекстің 320-бабына сәйкес осы кеден органында сақталып тұрған болса, кеден органына ұсынылмауы мүмкін.
Мұндай жағдайда, осы Кодексте айқындалған адамдар бұл құжаттар туралы мәліметтерді тауарларға арналған декларацияда көрсетеді немесе оларды кеден органдарына мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасына сәйкес өзге тәсілмен ұсынады.
110-бап. Кедендік декларацияны беру мерзімі
1. Одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарларға қатысты кедендік декларация тауарларды уақытша сақтау мерзімі аяқталғанға дейін не осы Кодексте белгіленген өзге мерзімде беріледі.
2. Одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарларға қатысты кедендік декларация егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, олар Одақтың кедендік аумағынан шыққанға дейін беріледі.
111-бап. Берілген кедендік декларацияны тексеру, берілген кедендік декларацияны тіркеумен не тіркеуден бас тартумен байланысты кедендік операциялар және оларды жасау тәртібі
1. Кеден органы берілген кедендік декларацияны тексеруді осы баптың 5-тармағында көзделген оны тіркеуден бас тарту үшін негіздердің жоқтығын белгілеу мақсатында жүргізеді.
2. Кедендік декларацияны тіркеумен немесе тіркеуден бас тартумен байланысты кедендік операцияларды кеден органы, егер мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында бұдан азырақ мерзім белгіленбесе, кедендік декларацияны берген кезден бастап кеден органы жұмыс уақытының 1 сағатынан кешіктірмей жасайды.
3. Тауарларға арналған декларацияны, транзиттік декларацияны және көлік құралдарына арналған декларацияны тіркеу немесе тіркеуден бас тарту Комиссия айқындайтын тәртіппен, ал Комиссия реттемеген бөлікте - мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасына сәйкес белгіленген тәртіппен ресімделеді.
4. Жолаушының кедендік декларациясын тіркеу немесе тіркеуден бас тарту мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен ресімделеді.
Оларға қатысты жолаушының кедендік декларациясы ретінде Дүниежүзілік пошта одағының актілерінде көзделген және халықаралық пошта жөнелтімдерін сүйемелдейтін құжаттар пайдаланылатын, халықаралық пошта жөнелтімдерімен жіберілетін жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты жолаушының кедендік декларациясын тіркеу немесе тіркеуден бас тарту, егер бұл мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында көзделген болса, жүргізілмеуі мүмкін.
5. Кеден органы мына:
1) кедендік декларация кедендік декларацияны тіркеуге құқылы емес кеден органына берілген;
2) кедендік декларацияны уәкілеттігі жоқ адам берілген және (немесе) тиісінше қол қойылмаған не куәландырылмаған;
3) кедендік декларациялау нысаны сақталмаған;
4) кедендік декларацияда кедендік реттеу саласындағы халықаралық шарттар мен актілерге сәйкес көрсетілуге тиіс мәліметтер көрсетілмеген және (немесе) кедендік декларация оны толтырудың белгіленген тәртібіне сәйкес толтырылмаған;
5) қағаз жеткізгіштегі кедендік декларация белгіленген нысан бойынша жасалмаған және (немесе) электрондық кедендік декларацияның немесе қағаз жеткізгіштегі кедендік декларацияның электрондық түрінің құрылымы мен форматы осындай құжаттардың белгіленген құрылымдары мен форматтарына сәйкес келмеген;
6) осы Кодекстің 109-бабының 2-тармағында көрсетілген тауарларды қоспағанда, оларға қатысты кедендік декларация берілетін тауарлар не осы Кодекстің 109-бабының 3-тармағына сәйкес Комиссия айқындаған жағдайларда кеден органына кедендік декларация берілген мүше мемлекеттің аумағында тауарлар болмаған;
7) осы Кодекске және (немесе) мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес кедендік декларацияны бергенге дейін немесе берумен бір уақытта жасалуы тиіс әрекеттер жасалмаған;
8) кедендік декларацияны бергенге дейін немесе берумен бір уақытта сақталуы тиіс, мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында белгіленген осы Кодекстің 104-бабының 8-тармағына сәйкес белгіленген тауарлары кедендік декларациялау ерекшеліктері сақталмаған негіздер бойынша кедендік декларацияны тіркеуден бас тартады.
6. Кедендік декларацияны тіркеуден бас тартуды ресімдеу кезінде кеден органы осы баптың 5-тармағына сәйкес бас тарту үшін негіз болып табылатын барлық себептерді, сондай-ақ егер бұл мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында көзделген болса, - оларды жою бойынша ұсынымдарды көрсетеді.
Қағаз жеткізгіштегі кедендік декларацияны тіркеуден бас тартқан жағдайда, егер кедендік декларацияны беру құжаттар ұсынумен сүйемелденсе, мұндай кедендік декларация және оны беру кезінде ұсынылған құжаттар, декларантқа немесе кеден өкіліне қайтарылады, бұл ретте кедендік декларацияның бір данасы кеден органында қалады.
7. Егер кедендік декларацияны кеден органы тіркемеген болса, кедендік мақсаттар үшін мұндай декларация берілмеген болып есептеледі.
8. Кедендік декларация тіркелген кезден бастап заңдық маңызы бар фактілер туралы куәландыратын құжат болады.
9. Кеден органдары пайдаланатын ақпараттық жүйелердің техникалық істен шығуынан, байланыс құралдары (телекоммуникациялық желілер және Интернет желісі) жұмысының бұзылуынан, электр энергиясының сөндірілуінен туындаған жарамсыздығы жағдайында кеден органы қағаз жеткізгіштегі кедендік декларацияның электрондық түрінің құрылымы мен форматының белгіленген құрылым мен форматқа сәйкестігіне қатысты осы баптың 5-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген негіздемені қоспағанда, тіркеуден бас тарту үшін негіздемелер болмаған кезде берілген кедендік декларацияны ақпараттық жүйелерді пайдаланбай, қағаз жеткізгіште тіркеуді жүзеге асырады.
Кеден органдары пайдаланатын ақпараттық жүйелердің жарамсыздығы кезінде кедендік декларацияны тіркеумен не тіркеуден бас тартумен байланысты кедендік операцияларды жасау тәртібінің ерекшеліктері мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында белгіленеді.
112-бап. Кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтердің өзгеруімен (толықтырылуымен) байланысты кедендік операциялар және оларды жасау тәртібі
1. Тауарлар шығарылғанға дейін кеден органының рұқсатымен электрондық құжат немесе қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде берілген декларанттың дәлелді өтініші бойынша кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтер, егер декларанттың өтінішін алған кезге қарай кеден органы осы Кодекстің 325-бабына сәйкес құжаттарды және (немесе) мәліметтерді сұратпаған, оны кедендік тексеріп қарауды жүргізу орны мен уақыты туралы хабарламаған, кедендік қарап тексеруді жүргізу туралы шешім қабылдамаған және (немесе) кедендік сараптама жүргізуді тағайындамаған болса, өзгертілуі (толықтырылуы) мүмкін.
Осы баптың бірінші абзацының ережелеріне қарамастан, тауарлар шығарылғанға дейін кеден органының рұқсатымен электрондық құжат немесе қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде берілген декларанттың дәлелді өтініші бойынша кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді өзгертуге (толықтыруға), егер мұндай өзгертулер (толықтырулар) декларацияланатын тауарлардың тұрған орны туралы мәліметтерді өзгертумен не тауарларды шығаруға әсер етпейтін жаңсақ жазылуларды немесе грамматикалық қателерді түзетуге байланысты болса рұқсат етіледі.
Тіркелген кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді өзгерту (толықтыру) осы тіркелген кедендік декларацияда көрсетілген тауарлардан өзге тауарлар туралы мәліметтерді мәлімдеуге әкеп соқпайды.
Тауарлар шығарылғанға дейін кедендік декларацияда және қағаз жеткізгіштегі кедендік декларацияның электрондық түрінде мәлімделген мәліметтерді өзгертумен (толықтырумен) байланысты кедендік операцияларды жасау тәртібін Комиссия айқындайды.
2. Егер кедендік бақылау жүргізу кезінде осы Кодекстің 125-бабының 1-тармағының 9-тармақшасының екінші және үшінші абзацтарына сәйкес кедендік реттеу саласындағы халықаралық шарттар мен актілердің бұзылуы анықталған жағдайда, олар жойылған жағдайда тауарлар шығарудан бас тарту үшін негіз болып табылмайтын болса және кеден органы осындай бұзылуларды жою үшін кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді өзгерту (толықтыру) қажеттігін белгілеген болса, мұндай мәліметтерді осы Кодекстің 119-бабының 3 және 6-тармақтарында белгіленген тауарларды шығару мерзімі шегінде, кеден органының талап етуі бойынша декларант өзгертуі (толықтыруы) тиіс.
Тауарлар шығарылғанға дейін кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерге өзгертулер (толықтырулар) енгізу туралы талаптың нысанын Комиссия айқындайды.
3. Тауарлар шығарылғаннан кейін тауарларға арналған декларацияда және қағаз жеткізгіштегі тауарларға арналған декларацияның электрондық түрінде мәлімделген мәліметтерді өзгерту (толықтыру) осы Кодексте көзделген және (немесе) кеден органының шешімі бойынша не кеден органының рұқсатымен Комиссия айқындайтын жағдайларда жүргізіледі.
Тауарлар шығарылғаннан кейін тауарларға арналған декларацияда мәлімделген мәліметтерге өзгертулер (толықтырулар) енгізу туралы кеден органы шешімінің нысанын Комиссия айқындайды.
Тауарлар шығарылғаннан кейін тауарларға арналған декларацияда және қағаз жеткізгіштегі тауарларға арналған декларацияның электрондық түрінде мәлімделген мәліметтерді өзгертумен (толықтырумен) байланысты кедендік операцияларды жасау мерзімдері мен тәртібін Комиссия айқындайды.
4. Тауарларға арналған декларацияда мәлімделген және қағаз жеткізгіштегі тауарларға арналған декларацияның электрондық түрінде мәлімделген мәліметтерді өзгерту (толықтыру) үшін, Комиссия айқындайтын, мәліметтер осы кедендік құжат қолданылмай өзгертілуі (толықтырылуы) мүмкін жағдайларды қоспағанда, тауарларға арналған декларацияны түзету қолданылады.
Тауарларға арналған декларацияны түзету нысанын, электрондық құжат түріндегі тауарларға арналған декларацияны түзету құрылымы мен форматын және қағаз жеткізгіштегі тауарларға арналған декларацияны түзетудің электрондық түрін, оларды толтыру тәртібін Комиссия айқындайды.
5. Тауарларға арналған декларацияны түзету осындай тауарларға арналған декларацияның ажырамас бөлігі болып табылады.
Қағаз жеткізгіштегі тауарларға арналған декларацияны түзетуді беру, егер Комиссия өзгеше айқындамаса, кеден органына оның электрондық түрін ұсынумен сүйемелденеді.
6. Комиссия тауарлар шығарылғаннан кейін транзиттік декларацияда, жолаушының кедендік декларациясында және көлік құралына арналған декларацияда және қағаз жеткізгіштегі осындай кедендік декларациялардың электрондық түрлерінде мәлімделген мәліметтерге өзгерту (толықтыру) жүргізілетін жағдайларды, сондай-ақ осындай кедендік декларацияларда мәлімделген мәліметтерге өзгертулер (толықтырулар) енгізу мерзімдері мен тәртібін, осындай кедендік декларацияларда мәлімделген мәліметтерді өзгертетін (толықтыратын) кедендік құжаттардың нысандарын, электрондық құжаттар түріндегі осындай кедендік құжаттардың және қағаз жеткізгіштегі осындай кедендік құжаттардың электрондық түрлерінің құрылымы мен форматтарын, сондай-ақ оларды толтыру тәртібін айқындауға құқылы.