Кедендік декларацияның көрсетілген түрлерінде мәлімделген мәліметтер өзгертілетін (толықтырылатын) қағаз жеткізгіштегі кедендік құжатты беру, егер Комиссия өзгеше айқындамаса, кеден органына оның электрондық түрін ұсынумен сүйемелденеді.
Транзиттік декларацияда, жолаушының кедендік декларациясында және көлік құралына арналған декларацияда мәлімделген мәліметтер өзгертілетін (толықтырылатын) кедендік құжаттар кедендік декларацияның аталған түрлерінің ажырамас бөлігі болып табылады.
113-бап. Кедендік декларацияны кері қайтарып алумен байланысты кедендік операциялар және оларды жасау тәртібі
1. Декларанттың электрондық құжат немесе қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде берілген өтініші бойынша, осы Кодекстің 302-бабының 4-тармағында көрсетілген шетелдік тауарларға арналған кедендік декларацияны қоспағанда, шетелдік тауарларға арналған тіркелген кедендік декларацияны ол кеден органы тауарларды шығарғанға дейін кері қайтарып алуы мүмкін.
2. Кедендік декларацияны кері қайтарып алу кезінде жаңа кедендік декларация тауарларды уақытша сақтау мерзімінің шегінде берілуі тиіс.
3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген мерзімде кедендік декларация берілмеген кезде тауарларды осы Кодекстің 51-тарауына сәйкес кеден органдары кідіртеді.
4. Декларанттың электрондық құжат немесе қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде берілген өтініші бойынша, осы Кодекстің 302-бабының 4-тармағында көрсетілген шетелдік тауарларға арналған тіркелген транзиттік декларацияны ол кеден органы тауарларды шығарғанға дейін не кеден органы тауарларды шығарғаннан кейін осындай тауарлар Одақтың кедендік аумағынан нақты шыққанға дейін кері қайтарып алуы мүмкін.
5. Декларанттың электрондық құжат немесе қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде берілген өтініші бойынша, Одақтың тауарларына арналған тіркелген кедендік декларацияны ол Одақтың кедендік аумағынан тауарлар нақты шыққанға дейін, оның ішінде осы баптың 6-тармағын ескере отырып, кеден органы тауарларды шығарғаннан кейін кері қайтарып алуы мүмкін.
6. Декларанттың электрондық құжат немесе қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде берілген өтініші бойынша, еркін кеден аймағының немесе еркін қойманың кедендік рәсімін аяқтау мақсатында экспорттың кедендік рәсімімен орналастырылған Одақтың тауарларына арналған кедендік декларацияны ол:
1) егер мұндай тауарлар ЕЭА аумағында немесе еркін қойма аумағында болса, оның ішінде кеден органы тауарларды шығарғанға дейін болса;
2) егер мұндай тауарлар осы Кодекстің 207-бабы 6-тармағының 1-тармақшасына, 215-бабы 5-тармағының 1-тармақшасына сәйкес осындай тауарларды өзге кедендік рәсіммен орналастыруға кедендік декларация бip уақытта берген жағдайда, ЕЭА аумағынан тыс немесе еркін қойма аумағынан тыс жерлерде болса және Одақтың кедендік аумағынан іс жүзінде шықпаған болса кері қайтарып алуы мүмкін.
7. Кедендік декларацияны кері қайтарып алуға кеден органының рұқсатымен жол беріледі. Кеден органының рұқсаты не осындай рұқсатты беруден бас тартуы электрондық құжат немесе қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде ресімделеді.
Кедендік декларацияны кері қайтарып алуға егер декларанттың өтінішін алғанға дейін кеден органы оған кедендік декларацияда мәлімделген тауарларға кедендік тексеріп қарауды жүргізу орны мен уақыты туралы хабарламаған, кедендік декларацияда мәлімделген тауарларға кедендік қарап тексеруды жүргізу туралы шешім қабылдамаған, кедендік сараптама жүргізуді тағайындамаған және (немесе) әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке алып келетін кедендік реттеу және (немесе) мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасы және (немесе) сақталуын бақылау кеден органдарына жүктелген мүше мемлекеттердің заңнамасы саласындағы халықаралық шарттар мен актілердің бұзылуын анықтамаған болса, рұқсат етіледі.
Тауарларға кедендік тексеріп қарау, тауарларды кедендік қарап тексеру жүргізілгеннен, кедендік сараптама нәтижелері алынғаннан кейін кедендік декларация, егер оларды жүргізу нәтижелері бойынша әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке алып келетін кедендік реттеу, мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасы және сақталуын бақылау кеден органдарына жүктелген мүше мемлекеттердің заңнамасы саласындағы халықаралық шарттар мен актілердің бұзылулары анықталмаған болса, кері қайтарылып алынуы мүмкін,
Мүше мемлекеттердің заңнамасында осы тармақта көзделгендерден өзге, тауарларға қатысты берілген кедендік декларацияны кері қайтарып алу шарттары, осы Кодекстің 104-бабының 8-тармағына сәйкес мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында белгіленетін кедендік декларациялау ерекшеліктері белгіленуі мүмкін.
8. Осы баптың 1 - 7-тармақтарының ережелері осы Кодекстің 116-бабының 9-тармағында көзделген жағдайларда тауарларға арналған декларацияны кері қайтарып алу кезінде қолданылмайды.
Осы Кодекстің 116-бабының 9-тармағында көзделген жағдайларда тауарларға арналған декларация декларанттың электрондық құжат немесе қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде берген өтініші бойынша кері қайтарып алынады.
114-бап. Алдын ала кедендік декларациялау
1. Алдын ала кедендік декларациялау кезінде кедендік декларацияны беру кезінде өзінің сипаты бойынша декларантқа белгілі емес мына:
1) тауарлар тасымалданатын көліктің түрі туралы мәліметтерден басқа, тауарлар тасымалданатын көлік құралдары туралы;
2) кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын жекелеген құжаттар туралы;
3) кедендік декларацияның түріне және (немесе) тауарлар санаттарына және олар тасымалданатын көліктің түріне байланысты Комиссия айқындайтын өзге де мәліметтерді қоспағанда, кедендік декларацияда көрсетуге жататын мәліметтер мәлімделуі тиіс.
2. Осы баптың 1-тармағының 1 - 3-тармақшаларында көрсетілген, алдын ала кедендік декларациялау кезінде мәлімделмеген не мәлімделген, бірақ нақтылауға жататын мәліметтер осы Кодекстің 112-бабының 1-тармағына сәйкес тауарлар шығарылғанға дейін өзгертілуі (толықтырылуы) тиіс.
3. Тауарлар кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес тасымалданатын жағдайларда, Одақтың кедендік аумағына әкелінгеннен кейін не жөнелту кеден органы айқындаған жеткізу орнына жеткізілгеннен кейін - оларға қатысты алдын ала кедендік декларациялау жүзеге асырылған тауарлар кедендік декларацияда көрсетілген кедендік бақылау аймағында орналастырылуы, ал су кемелерімен өткізілетін тауарлар кедендік декларацияда көрсетілген тауарлардың келу орнында болуы тиіс.
Декларант кедендік декларацияны тіркеген кеден органын тауарлардың кедендік декларацияда көрсетілген кедендік бақылау аймағында орналастырылуы туралы не су көлігімен өткізілетін тауарлардың келу орнында тұрғаны туралы хабардар етуге, кеден органына мәлімделмеген не кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді өзгерту (толықтыру) арқылы ие нақтыланған мәліметтерді ұсынуға немесе кеден органын осындай өзгерістерді (толықтыруларды) енгізу қажеттігі жоқ екені туралы хабардар етуге міндетті.
Егер оларға қатысты алдын ала кедендік декларациялау жүзеге асырылған тауарлар кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес Одақтың кедендік аумағы бойынша тасымалданған болса, декларант тауарлардың кедендік декларацияны тіркеген кеден органын кедендік транзит кедендік рәсімінің қолданылуы аяқталғаннан кейін кедендік бақылау аймағында орналастырылғаны туралы хабардар етеді.
4. Мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында оларға қатысты алдын ала кедендік декларациялау жүзеге асырылған тауарлар кедендік декларацияны тіркеген кеден органынан ерекшеленетін кеден органы қызметінің өңірінде тұрған кедендік бақылау аймағында орналастырылуы (болуы) мүмкін жағдай белгіленуі мүмкін.
5. Алдын ала кедендік декларациялау кезінде кеден органы кедендік декларацияларда мәлімделген мәліметтер өзгеретін (толықтыратын) кедендік құжатты тіркеген не кеден органы тауарларға арналған декларацияға өзгерістер (толықтырулар) енгізу қажеттігінің жоқтығы туралы хабарламаны тіркеген күні қолданыста болған тыйым салулар мен шектеулер, ішкі нарықты қорғау шаралары қолданылады.
6. Кеден органы, егер кедендік декларация тіркелген күннен кейінгі күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде:
1) тауарлар кедендік декларацияда көрсетілген кедендік бақылау аймағында орналастырылмаған;
2) су кемелерімен тасымаланатын тауарларға қатысты кеден органы осы баптың 3-тармағына сәйкес кедендік декларацияда көрсетілген келу орнында оларды түсіруге рұқсат бермеген;
3) кедендік декларацияны тіркеген кеден органы тауарлардың кедендік декларацияда көрсетілген кедендік бақылау аймағында орналастырылуы туралы хабардар етілмеген;
4) кеден органына кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді өзгерту (толықтыру) арқылы жетіспейтін мәліметтерді ұсынбаған не кеден органы осындай өзгертулерді (толықтыруларды) енгізу қажеттігі жоқ екені туралы хабардар етілмеген болса, тауарларды шығарудан бас тартады.
7. Егер тауарларды шығару мерзімі ұзартылған не тауарларды шығарудан бас тартылған жағдайда, декларант осы Кодекстің 16-тарауына сәйкес тауарларды уақытша сақтауға орналастырумен байланысты кедендік операцияларды жасауға міндетті.
8. Мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында кедендік транзит кедендік рәсімін қоспағанда, тауарларды кедендік рәсімдермен орналастыру кезінде алдын ала кедендік декларациялау міндетті түрде жүзеге асырылуы тиіс болатын жағдай белгіленуі мүмкін.
9. Комиссия осы бапта реттелмеген бөлігінде, жеке пайдалануға арналған тауарларды, халықаралық тасымалдаудың көлік құралдарын, сондай-ақ кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарларды алдын ала кедендік декларациялау кезінде кедендік операцияларды жасау тәртібін айқындауға құқылы.
115-бап. Толық емес кедендік декларациялау
1. Толық емес кедендік декларациялау Одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарларға қатысты жүзеге асырылады.
2. Толық емес кедендік декларациялау кезінде көрсетілмеуі мүмкін мынадай:
1) тауарларды алушы туралы;
2) тауарлардың межелі елі және (немесе) сауда жасаушы ел туралы;
3) декларацияланатын тауарларды тасымалдау үшін пайдаланылатын көлік құралдары туралы;
4) тауарлардың орамасы (саны, түрі, таңбалануы және реттік нөмірлері) туралы мәліметтерді қоспағанда, осы Кодекстің 106-бабына сәйкес тауарларға арналған декларацияда көрсетуге жататын мәліметтер мәлімделуі тиіс.
3. Кедендік декларациялануы осы бапқа сәйкес жүзеге асырылған тауарлар шығарылғаннан кейін декларант кеден органына, егер мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында бұдан азырақ мерзім белгіленбесе, тауарлар шығарылған күннен бастап 8 айдан кешіктірмей, тауарларға арналған декларацияда мәлімделген мәліметтерді өзгерту (толықтыру) арқылы жетіспейтін мәліметтерді ұсынуға міндетті.
4. Мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында оларға қатысты осы баптың ережелері қолданылмайтын тауарлар санаты айқындалуы мүмкін.
116-бап. Мерзімдік кедендік декларациялау
1. Мерзімдік кедендік декларациялау кезінде тауарларға арналған декларация бір мәміле бойынша міндеттемелерді орындау есебінен, жеткізу кезеңі ішінде екі немесе одан да көп партиямен Одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін барлық тауарларға қатысты, ал мәміле болмаған кезде - тауарларға иелік ету, пайдалану немесе билік ету құқығын растайтын бір құжат бойынша немесе қайта өңдеу өнімдерін кедендік декларациялау кезінде тауарларды қайта өңдеу шарттары туралы бір құжат бойынша беріледі.
2. Тауарларға арналған декларация мәлімделетін жеткізу кезеңі басталғанға дейін беріледі. Жеткізу кезеңі деп декларант мәлімдейтін кезең түсініледі, ол күнтізбелік 31 күннен аспайды және ол кезеңде:
1) кеден органына Одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарларды ұсыну;
2) Одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарларды жөнелту (тауарларды оларды халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын тасымалдаушыға не тауарларды Одақтың кедендік аумағынан әкету мақсатында басқа көлік құралына тиеумен (ауыстырып тиеумен) тауарларды халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын бірінші тасымалдаушыға тапсыру) жоспарланады.
3. Осы баптың 2-тармағына көрсетілген мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында жеткізу кезеңі күнтізбелік 1 айдан аспайды деп белгіленуі мүмкін.
4. Мерзімдік кедендік декларациялау кезінде Комиссия айқындайтын жағдайларды қоспағанда, тауарларға арналған декларацияда мәлімделген мөлшерден асатын мөлшерде тауарларды Одақтың кедендік аумағына әкелугe немесе Одақтың кедендік аумағынан әкетуге жол берілмейді.
5. Мерзімдік кедендік декларациялау кезінде тауарларға арналған декларацияны беру сәтінде өзінің сипаты бойынша декларантқа белгісіз болуы мүмкін мынадай:
1) тауарлар тасымалданатын көліктің түрі туралы мәліметтерден басқа, тауарлар тасымалданатын көлік құралдары туралы;
2) кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын жекелеген құжаттар туралы;
3) тауарлар санаттарына және олар тасымалданатын көліктің түріне байланысты Комиссия айқындайтын өзге де мәліметтерді қоспағанда, мәлімделген жеткізу кезеңі ішінде Одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу жоспарланған тауарлардың мөлшеріне сүйене отырып, осы Кодекстің 106-бабына сәйкес тауарларға арналған декларацияда көрсетуге жататын мәліметтер мәлімделуі тиіс.
6. Кедендік декларациялау осы бапқа сәйкес жүзеге асырылған тауарларды жеткізудің мәлімделген кезеңі аяқталғаннан кейін декларант кеден органына мына мерзімдерде:
1) Одақтың кедендік аумағына тауарлар әкелінген жеткізу кезеңі аяқталған күннен кейінгі күннен бастап 1 айдан кешіктірмей;
2) тауарларға арналған декларацияда мәлімделген тауарлардың барлық партиясы Одақтың кедендік аумағынан іс жүзінде әкетілген күннен кейінгі күннен бастап 2 айдан кешіктірмей тауарларға арналған декларацияда мәлімделген мәліметтерді өзгерту (толықтыру) арқылы жетіспейтін мәліметтерді, сондай-ақ тауарлардың іс жүзіндегі мөлшері туралы мәліметтерді ұсынуға міндетті.
7. Мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында осы баптың 6-тармағында белгіленгенге қарағанда, тауарларға арналған декларацияда мәлімделген мәліметтерге өзгерістер (толықтырулар) енгізудің ең аз мерзімі не осы баптың 6-тармағының 2-тармақшасында көрсетілген мерзімдерді ұзарту мүмкіндігі, ал осы баптың 3-тармағына сәйкес мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында жеткізу кезеңі белгіленген кезде - тауарларға арналған декларацияда мәлімделген мәліметтерге өзгерістер (толықтырулар) енгізудің өзге мерзімі белгіленуі мүмкін.
8. Оларға қатысты мерзімдік кедендік декларациялау жүзеге асырылған және Одақтың кедендік аумағынан әкетуге арналған тауарлар жеткізу кезеңі аяқталған күннен кейінгі күннен бастап 6 ай ішінде Одақтың кедендік аумағынан іс жүзінде әкетілуі тиіс.
Тауарларды шығаруды жүргізген кеден органы декларанттың дәлелді өтініші бойынша көрсетілген мерзімді ол өткен күннен бастап 3 айдан көп емес мерзімге ұзартады.
9. Егер мерзімдік кедендік декларациялау кезінде тауарларға арналған декларацияда мәлімделген тауарлар мәлімделген кезең ішінде осындай тауарларға арналған декларацияны тіркеген кеден органынан талап етілмеген болса, не осы баптың 8-тармағында белгіленген мерзім ішінде Одақтың кедендік аумағынан іс жүзінде әкетілмеген жағдайда мұндай тауарларға арналған декларация осы Кодекстің 113-бабының 8-тармағына сәйкес қайтарылып алынуға тиіс.
10. Осы баптың 9-тармағына сәйкес декларацияны қайтарып алу бойынша әрекеттерді декларант белгіленген мерзімде жүзеге асырмаған жағдайда, кеден органы осы Кодекстің 118-бабының 4-тармағына сәйкес тауарларды шығарудың күшін жояды.
11. Мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында осы баптың ережелері қолданылмайтын тауарлардың санаттары айқындалуы мүмкін.
12. Мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында қосымша шарттар белгіленуі мүмкін, оны орындау кезінде осы бапқа сәйкес мерзімдік кедендік декларациялау жүзеге асырылуы мүмкін.
13. Мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында мерзімдік кедендік декларациялау кезінде тауарларға арналған декларацияда мәлімделген тауарларға қатысты жеткізудің барлық кезеңі ішінде кедендік бақылауды жүргізудің ерекшеліктері айқындалуы мүмкін.
117-бап. Одақтың кедендік шекарасы арқылы жиналмаған немесе бөлшектелген түрде, оның ішінде жиынтықталмаған немесе жасалып бітпеген түрде өткізілетін тауарды кедендік декларациялау ерекшеліктері
1. Одақтың кедендік шекарасы арқылы белгіленген кезең ішінде жиналмаған немесе бөлшектелген түрде, оның ішінде жиынтықталмаған немесе жасалып бітпеген түрде жекелеген құрамдауыштар түрінде өткізілетін тауар Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес жиынтықталған немесе жасалып біткен түрдегі тауардың кодына сәйкес келетін коды көрсетіле отырып, мұндай тауардың компоненттеріне қатысты бірнеше тауарларға арналған декларациялар беру арқылы декларациялануы мүмкін.
Осы Кодекстің 21-бабының 3-тармағына сәйкес қабылданатын жиналмаған немесе бөлшектелген түрде, оның ішінде жиынтықталған немесе жасалып біткен түрде Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларды жіктеу туралы шешімде (бұдан әрі осы бапта - тауарларды жіктеу туралы шешім) осындай бөлік ретінде көрсетілген жиынтық немесе жасалып біткен түрдегі тауардың құрамдас бөлігі тауардың компоненті деп түсініледі.
2. Осы батпа белгіленген тауарларды кедендік декларациялау ерекшеліктері тауарларды ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен, экспорт кедендік рәсімімен, кедендік қойма кедендік рәсімімен, еркін кедендік аймақ кедендік рәсімімен, еркін қойма кедендік рәсімімен, кері экспорт кедендік рәсімімен және кері импорт кедендік рәсімімен орналастырылған кезде қолданылады.
3. Осы бапта белгіленген тауарларды кедендік декларациялау ерекшеліктері бір мезгілде мынадай шарттар сақталған жағдайда қолданылады:
1) тауарларға қатысты оларды жіктеу туралы шешім берілген;
2) тауарларды жіктеу туралы шешім берілген тұлға тауар компоненттерінің декларанты болып табылады;
3) тауардың барлық компоненттерін кедендік декларациялау бір кеден органына қатысты жүзеге асырылады;
4) тауардың компоненттері Одақтың кедендік аумағына бір алушының мекенжайына әкелінеді немесе мұндай аумақтан бір жөнелтушіден әкетіледі.
4. Осы баптың 3-тармағында көзделген шарттарға қосымша мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында тауар компоненттерінің бір мәміле шеңберінде Одақтың кедендік аумағына әкелінуге тиіс екендігі белгіленуі мүмкін.
5. Мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында тауардың бірінші компонентіне қатысты тауарларға арналған декларация кеден органына берілгенге дейін тауарларды жіктеу туралы шешімді алған соң, декларанттың тауар құрамдауыштарының осы мүше мемлекеттің кедендік реттеу туралы заңнамасында айқындалатын нысанда және тәртіппен жоспарланып отырған жеткізілімдері туралы хабарламаны жіберу қажеттігі көзделуі мүмкін.
6. Одақтың кедендік аумағына шетелдік тауарлар әкелінген кезде тауар компоненттерін кедендік декларациялау осы Кодекстің 114-бабында айқындалған ерекшеліктермен жүзеге асырылуы мүмкін.
7. Тауар компоненттерін кедендік декларациялау кезінде осы бапқа сәйкес кедендік-тарифтік реттеу шаралары, кедендік әкету баждарының мөлшерлемелері, салық мөлшерлемелері, кедендік әкету баждарын, салықтар төлеу бойынша жеңілдіктер, тыйым салулар мен шектеулер, жиынтықталған немесе жасалып біткен түрдегі тауарға қатысты белгіленген және тауар компоненттеріне қатысты тауарларға арналған декларацияны кеден органы тіркеген күнге қолданылып жүрген ішкі нарықты қорғау шаралары қолданылады.
8. Жиынтықталған немесе жасалып біткен түрдегі тауардың соңғы компоненттеріне қатысты тауарларға арналған декларация осындай тауардың бірінші компонентіне қатысты тауарларға арналған декларация тіркелген күннен бастап 2 жылдан аспайтын мерзімде берілуге тиіс.
Мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында осы тармақтың бірінші абзацында көрсетілген мерзімді ұзарту мүмкіндігі, мұндай ұзартудың тәртібі, сондай-ақ жиынтықталған немесе жасалып біткен түрдегі тауардың соңғы компонентіне қатысты тауарларға арналған декларацияны берудің шекті мерзімі белгіленуі мүмкін.
9. Егер осы баптың 8-тармағына сәйкес белгіленген тауардың соңғы компонентіне қатысты тауарларға арналған декларацияны беру мерзімі бұзылған және (немесе) егер мұндай мерзім аяқталғанға дейін тауарларды жіктеу туралы шешімнің қолданысы тоқтатылған не кері қайтарып алынған жағдайда, мұндай шешімнің қолданысы тоқтатылғанға дейін не кері қайтарып алынғанға шейін шығарылған тауар компонентіне қатысты тауарларға арналған декларацияларда қамтылған мәліметтерге Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес жиынтықталған немесе жасалып біткен түрдегі тауардың кодын Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес тауар компоненттерінің кодтарымен алмастыруға байланысты тиісті өзгерістер (толықтырулар) енгізіледі.
Тауар компоненттеріне қатысты тауарларға арналған декларацияда қамтылған мәліметтерге өзгерістерді (толықтыруларды) декларант осы Кодекстің 112-бабына сәйкес белгіленген тәртіппен, осы баптың 8-тармағына сәйкес белгіленген мерзім аяқталған күннен бастап күнтізбелік 30 күннен аспайтын мерзімде немесе декларантқа, егер тауарларды жіктеу туралы шешімнің қолданысы тоқтатылған немесе мұндай шешім осы баптың 8-тармағына сәйкес белгіленген мерзім аяқталғаннан басқа өзге негіздер бойынша кері қайтарып алынған болса, тауарларды жіктеу туралы шешімнің қолданысы тоқтатылатыны не кері қайтарып алынатыны туралы хабарланған жағдайда енгізеді.
10. Мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында осы бапқа сәйкес кедендік декларациялау жүзеге асырылған тауарларға қатысты кедендік бақылау жүргізу ерекшеліктері айқындалуы мүмкін.
18-тарау
Тауарларды шығару және тауарларды шығарумен байланысты кедендік операциялар
118-бап. Тауарларды шығару және тауарларды шығарумен және оларды жоюмен байланысты кедендік операциялар жасау тәртібі туралы жалпы ережелер
1. Тауарларды шығаруды, егер адам:
1) тауарларды мәлімделген кедендік рәсіммен орналастыру шарттарын немесе Одақ туралы шартқа және (немесе) мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес тыйым салулар мен шектеулер сияқты шарт тауарлар шығарылғаннан кейін расталуы мүмкін жағдайларды қоспағанда, осы Кодекске сәйкес кедендік рәсімдермен орналастыруға жатпайтын тауарлардың жекелеген санаттарын пайдалану үшін белгіленген шарттарды сақтаған;
2) кеден органдарының тауарларды шығарумен байланысты іс-қимылдарды жасағаны үшін алынатын кедендік алымдарды, егер мұндай алымдар мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес белгіленген және оларды төлеу мерзімі тауарлар шығарылғанға дейін, оның ішінде кедендік декларация тіркелгенге дейін белгіленген болса, төлеген жағдайларда, кеден органы жүргізеді.
2. Тауарларды шығару, кеден органының ақпараттық жүйесі пайдаланыла отырып, электрондық құжатты қалыптастыру арқылы не қағаз жеткізгіштегі кедендік декларацияда немесе қағаз жеткізгіште берілген тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару туралы өтініште тиісті белгілер қою арқылы ресімделеді.
3. Тауарларды шығарумен байланысты кедендік операцияларды осы Кодекстің 119-бабында көзделген мерзімдерде немесе Комиссия белгілеген және (немесе) мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында белгіленген мерзімдерде көрсетілген баптың 10-тармағына сәйкес Комиссия белгілеген тәртіппен, Комиссия реттемеген бөлігінде - мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасына сәйкес белгіленетін тәртіппен кеден органы жасайды.
Мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында тауарларды келетін жерлерінде шығарумен байланысты кедендік операцияларды жасау ерекшеліктері айқындалуы мүмкін.
4. Осы Кодекстің 113-бабының 4 - 6-тармақтарында, 116-бабының 9-тармағында көзделген жағдайларда, сондай-ақ осы Кодекстің 116-бабының 10-тармағында көзделген жағдайда кедендік декларацияны кері қайтарып алған кезде кеден органы тауарлардың шығарылуын жояды.
Комиссия және Комиссия көздеген жағдайларда, мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында, сондай-ақ декларанттың уәжді өтініші бойынша кеден органы тауарларды шығарудың күшін жоюы мүмкін жағдайлар мен шарттар айқындалуы мүмкін.
Кеден органының ақпараттық жүйесін пайдаланыла отырып, тауарларды шығарудың күшін жою электрондық құжатты қалыптастыру арқылы не қағаз жеткізгіштегі кедендік декларацияда тиісті белгілер қою арқылы ресімделеді.
Тауарларды шығарудың күшін жоюға байланысты кедендік операцияларды жасау тәртібін Комиссия айқындайды, ал Комиссия реттемеген бөлігінде - мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасына сәйкес айқындалады.
5. Егер тауарларға арналған декларацияда 2 және одан көп тауар туралы мәліметтер берілген жағдайда, кеден органы, егер мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында өзгеше белгіленбесе, осы баптың 1-тармағында көзделген шығару шарттары сақталған тауарларды шығарады.
6. Кеден органы шығару жүргізілген тауарларды уақытша сақтауды жүзеге асыратын адамға, мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында белгіленген жағдайларда - кеден органының ақпараттық жүйесі мен осындай адамдардың ақпараттық жүйелерінің өзара іс-қимыл жасауы болған кезде, өзге де адамдарды мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасына сәйкес белгіленген мерзімде электрондық нысанда тауарларды шығару туралы хабарлайды.
7. Осы Кодекстің 120 - 122 және 126-баптарында көзделген жағдайларда, сондай-ақ жеке пайдалануға арналған тауарларға, халықаралық көлікпен тасымалдау құралдары мен керек-жарақтарға қатысты осы Кодекстің 120 - 122 және 126-баптарында және 37 - 39-тарауларында белгіленген тауарларды шығару бойынша кедендік операдияларды жасаудың шарттары және (немесе) ерекшеліктері ескеріле отырып, осы бапқа сәйкес тауарларды шығару жүргізіледі.
8. Мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасына сәйкес коммерциялық, көліктік (тасымалдау) құжаттарға тауарлардың шығарылғаны туралы не тауарлардың шығарылғаны туралы белгілер қойылған коммерциялық, көліктік (тасымалдау) құжаттарға тауарларды шығарудың күшін жою туралы белгілердің қойылу жағдайлары мен тәртібі белгіленуі мүмкін.
119-бап. Тауарларды шығару мерзімдері
1. Тауарларды шығаруды кеден органы кедендік декларация тіркелген сәттен бастап не осы баптың 2-тармағында көрсетілген мән-жайлардың біреуі басталған кезден бастап 4 сағаттың ішінде, ал, егер кедендік декларация кеден органының жұмыс уақыты аяқталғанға дейін кемінде 4 сағат бұрын тіркелген не осы баптың 2-тармағында көрсетілген мән-жайлардың біреуі кеден органының жұмыс уақыты аяқталғанға дейін кемінде 4 сағат бұрын басталған жағдайларда,- осы бапта көзделген жағдайларды қоспағанда, осы кеден органының жұмыс уақыты басталған кезден бастап 4 сағаттың ішінде аяқтауға тиіс.