2) осы Кодекстің 7-бабына сәйкес тыйым салулар мен шектеулердің сақталуын растайтын құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсынады.
3. Одақтың кедендік аумағынан кетуі үшін транзиттік декларация:
1) кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес Одақтың кедендік аумағы бойынша келу орнында орналасқан жөнелтуші кеден органынан кету орнында орналасқан межелі кеден органына дейін тасымалданған;
2) осы Кодекстің 145-бабының 7-тармағына сәйкес тауарларды жеткізу орындарының өзгеруіне байланысты кету орнында орналасқан кеден органына жеткізілген;
3) Одақтың кедендік аумағының бір бөлігінен Одақтың мүшелері болып табылмайтын мемлекеттердің аумақтары арқылы және (немесе) осы Кодекстің 43-тарауына сәйкес теңізбен Одақтың кедендік аумағының басқа бөлігіне тасу (тасымалдау) үшін кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға беріледі.
4. Осы баптың 2-тармағының 1-тармақшасында көрсетілген құжаттар немесе мәліметтер Одақтың кедендік аумағынан шетелдік тауарлардың кетуі үшін:
1) бұл шетелдік тауарлар Одақтың кедендік аумағына келгеннен кейін Одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарлардың өткізілу орындарынан кетпеген;
2) бұл шетелдік тауарлар әуе кемесінде тұрған және осы Кодекстің 142-бабының 6-тармағының 1-тармақшасына сәйкес кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылмаған жағдайларда ұсынылмайды.
5. Егер осы баптың 1 және 2-тармақтарына сәйкес ұсынылуға тиіс мәліметтер тасымалдаушы табыс еткен құжаттарда болмаса, не, егер тауарларға декларация, транзиттік декларация және (немесе) тыйым салулар мен шектеулердің сақталуын растайтын құжаттар осы Кодекстің 80-бабының 2-тармағына сәйкес ұсынылмаса, тасымалдаушы еркін түрде өтініш беру арқылы жетіспейтін мәліметтер бар өзге құжаттарды табыс етуға не жетіспейтін мәліметтерді және (немесе) ұсынылмайтын құжаттар туралы мәліметтерді мәлімдеуге құқылы.
6. Халықаралық пошта жөнелтілімдері Одақтың кедендік аумағынан кеткен кезде тасымалдаушы осындай халықаралық пошта жөнелтілімдеріне қатысты оларды тасымалдаған кезде халықаралық пошта жөнелтілімдерін сүйемелдейтін, Дүниежүзілік пошта одағының актілерінде айқындалған құжаттарды және осы Кодекстің 286-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес мәліметтерді ұсынады.
7. Тасымалдаушының атынан осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген құжаттар мен мәліметтерді кеден өкілі не, егер бұл мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес рұқсат етілетін болса, тасымалдаушының тапсырмасы бойынша әрекет ететін өзге адамдар ұсынуы мүмкін.
8. Тауарларды су кемесімен тасымалдаған кезде осы баптың 2-тармағында көрсетілген құжаттар мен мәліметтерді декларант немесе егер бұл мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес рұқсат етілетін болса, экспедитор ұсынуы мүмкін.
9. Тауарлардың Одақтың кедендік аумағынан кетуі кеден органының рұқсатымен жүргізіледі.
Жеке пайдалануға арналған тауарларды қоспағанда, тауарлардың Одақтың кедендік аумағынан кетуіне кеден органының рұқсаты кеден органының ақпараттық жүйесін пайдаланумен және кедендік декларацияда не оның көшірмесінде не тауарларды Одақтың кедендік аумағынан әкетуге рұқсат ететін өзге құжатта және көліктік (тасымалдау) құжаттарында кеден органының тиісті белгілерін қою арқылы ресімделеді.
Егер тауарлардың Одақтың кедендік аумағынан кетуі үшін кедендік декларация осы Кодекстің 80-бабының 2-тармағына сәйкес ұсынылмайтын болса, тауарлардың Одақтың кедендік аумағынан кетуіне кеден органының рұқсаты кеден органының ақпараттық жүйесін пайдаланумен және көліктік (тасымалдау) құжаттарда кеден органының тиісті белгілерін қою арқылы ресімделеді.
Иесімен бірге алып жүрілетін багажда өткізілетін жеке пайдалануға арналған тауарлардың Одақтың кедендік аумағынан кетуіне кеден органының рұқсаты мұндай тауарларды шығару болып табылады.
10. Иесімен бірге алып жүрілетін багажда өткізілетін жеке пайдалануға арналған тауарларды қоспағанда, тауарлардың Одақтың кедендік аумағынан кетуіне кеден органының рұқсат беруі туралы мәліметтер кеден органдарының ақпараттық жүйелеріне енгізіледі.
11. Тауарларды тасу (тасымалдау) жүзеге асырылатын көліктің түріне байланысты, Комиссия белгілі бір кезең ішінде бір халықаралық тасымалдау көлік құралымен Одақтың кедендік шекарасы арқылы тұрақты өткізілген кезде тауарлардың Одақтың кедендік аумағынан кетуі үшін тасымалдаушының құжаттар мен мәліметтерді табыс ету ерекшеліктерін айқындауға құқылы.
12. Осы баптың 9-тармағын қоспағанда, осы тараудың ережелері жеке тұлғалар Одақтың кедендік аумағынан әкететін жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты қолданылмайды.
Жеке тұлғалар Одақтың кедендік аумағынан әкететін жеке пайдалануға арналған тауарлардың Одақтың кедендік аумағынан кетуі үшін осындай тауарларға қатысты кедендік операциялар осы Кодекстің 37-тарауына сәйкес жүргізіледі.
13. Осы тараудың ережелері:
1) Одақтың кедендік аумағында орналасқан портқа кірмей немесе әуежайға қонбай, Одақтың кедендік аумағын кесіп өтетін су және әуе кемелерімен тасымалданатын тауарларға;
2) Одақтың кедендік аумағының бір бөлігінен осы Кодекстің 302-бабының 5-тармағының 1-тармақшасымен көзделген жағдайларда, Одақтың мүшелері болып табылмайтын мемлекеттердің аумақтары арқылы Одақтың кедендік аумағының екінші бөлігіне су және әуе кемелерімен тасымалданатын Одақтың тауарларына және шетелдік тауарларға;
3) құбыржол көлігімен немесе электр тарату желілері арқылы тасымалданатын тауарларға қатысты қолданылмайды.
93-бап. Одақтың кедендік аумағынан тауарлардың іс жүзінде әкетілуін растау
Кеден органдарының Одақтың кедендік аумағынан тауарлардың іс жүзінде әкетілуін растау тәртібін Комиссия айқындайды.
94-бап. Одақтың кедендік аумағынан тауарлар кеткен кезде оларға қойылатын талаптар
1. Шетелдік тауарлар, белгілі бір кедендік ресіммен орналастырылған кезде не Одақтың кедендік аумағына келген кезде болған күйінде және саны мен, егер, осы тармақтың екінші абзацымен көзделген жағдайларды қоспағанда, бұл тауарлар Одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарлар өткізілетін орындардан кетпеген болса, Одақтың кедендік аумағынан іс жүзінде әкетілуге тиіс.
Мұндай шетелдік тауарлардың табиғи тозу немесе залалды болу салдарынан не қалыпты тасу (тасымалдау) және (немесе) сақталу жағдайларында тауарлардың табиғи қасиеттерінің өзгеруі салдарынан немесе көлік құралында төгілмейтін қалдықтың болуы салдарынан олардың санының өзгеруі салдарынан санын және (немесе) күйін өзгертуге рұқсат етіледі.
2. Одақтың тауарлары, осы тармақтың 3 және 5-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, белгілі бір кедендік ресіммен орналастырылған кезде болған күйінде және санымен Одақтың кедендік аумағынан іс жүзінде әкетілуге тиіс.
3. Мына жағдайларда:
1) табиғи тозу немесе залалды болу салдарынан не қалыпты тасу (тасымалдау) және (немесе) сақталған жағдайда тауарлардың табиғи қасиеттерінің өзгеруі немесе көлік құралында төгілмейтін қалдықтың болуы салдарынан олардың санының өзгеруі салдарынан;
2) Одақтың кедендік аумағынан үйінді ретінде, үю, құю арқылы су кемелерімен тасымалданатын, Одақтың осындай тауарларын су кемесінің жүк тиейтін орынжайларына (бөліктеріне, ыдыстарына) тиеу кезінде араластыру нәтижесінде орын алған Одақ тауарларының санын және (немесе) күйін өзгертуге рұқсат етіледі.
4. Одақтың кедендік аумағынан үйінді ретінде, үю, құю арқылы тасымалданатын, су кемелерімен әкетілетін және оларға қатысты Одақтың кедендік аумағынан кеткен кезде осындай тауарларды су кемесінің жүк тиейтін орынжайларына (бөліктеріне, ыдыстарына) тиеу кезінде араласу нәтижесінде орын алған олардың санын және (немесе) күйін өзгертуге рұқсат етілетін Одақ тауарларының тізбесін Комиссия айқындайды.
5. Одақ тауарлары, тауарлар санының кемуі орын алған себептерге қарамастан, оларды белгілі бір кедендік ресіммен орналастыру кезінде мәлімделген санға қарағанда, аз санмен Одақтың кедендік аумағынан әкетілуі мүмкін.
Осы тармақтың бірінші абзацы осы Кодекстің 207-бабының 5-тармағы 2-тармақшасының төртінші абзацында және 215-бабының 4-тармағы 2-тармақшасының төртінші абзацында көрсетілген тауарларға қатысты қолданылмайды.
6. Тұлғалар, егер тауарларды қайтарымсыз жоғалту және (немесе) санының және (немесе) күйінің өзгеруі аварияның немесе еңсерілмес күш әсерінің салдарынан болған жағдайда, осы баптың 1-тармағының бірінші абзацы және 2-тармағының ережелерін сақтамағаны үшін жауапты болмайды.
95-бап. Тауарларды түсіру, ауыстырып тиеу және тауарлармен жүргізілетін өзге де жүк операциялары, сондай-ақ Одақтың кедендік аумағынан тауарлар кеткенге дейін жүзеге асырылатын халықаралық тасымалдаудың көлік құралдарын өткізу
1. Тауарларды түсіру, қайта тиеу (ауыстырып тиеу) және кедендік бақылаудағы және Одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарлармен өзге де жүк операциялары, сондай-ақ осындай тауарларды тасымалдайтын халықаралық тасымалдау көлік құралдарын басқа көлік құралдарымен ауыстыру қызмет өңірінде тиісті операция жасалатын кеден органының рұқсатымен жол беріледі, ал егер тауарларға және халықаралық тасымалдау көлік құралдарына қатысты мұндай операциялар салынған кедендік пломбаларға және мөрлерге зақым келтірілмей жасалатын болса не тауарларға кедендік пломбалар және мөрлер салынбаған жағдайда - кеден органына электронды немесе жазбаша нысанда хабарланғаннан кейін жасалуы мүмкін.
2. Егер осындай операцияларды бірінші және үшінші типтегі куәліктері бар уәкілетті экономикалық операторлар жасайтын болса, осы баптың 1-тармағында көрсетілген операциялар кеден органының рұқсатын алмай немесе оны хабардар етпестен жасалуы мүмкін.
3. Кеден органы көліктік (тасымалдау) құжаттарда, тыйым салулар мен шектеулердің сақталғанын растайтын құжаттарда не мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдары берген өзге де құжаттарда осындай операцияларды жүргізуға тыйым салынған болса, осы баптың 1-тармағында көрсетілген операцияларды жасауға рұқсат беруден бас тартуға құқылы.
4. Тұлғаның өтініші бойынша кеден органы осы баптың 3-тармағын ескере отырып, кеден органының жұмыс уақытынан тыс, кедендік бақылаудағы тауарлармен жүк операцияларын жасауға рұқсат етеді.
5. Осы тарауды қолдану мақсаттары үшін Одақтың кедендік аумағы шегінде Одақтың кедендік аумағында тауарлар тасымалдайтын көлік құралы да халықаралық көлік тасымалдау құралы деп түсініледі.
6. Кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тасылатын (тасымалданатын) тауарларға қатысты осы баптың 1-тармағымен көрсетілген операциялар осы Кодекстің 148-бабына сәйкес жасалады.
96-бап. Авария, еңсерілмейтін күштің әсер етуі немесе өзге де мән-жайлар кезінде қолданылатын шаралар
1. Егер тауарларды кету орнынан Одақтың кедендік шекарасын нақты кесіп өтетін жерге дейін жеткізу аварияның, еңсерілмейтін күш әсерінің не тауарларды осылайша жеткізуге кедергі келтіретін өзге де мән-жайлардың салдарынан тоқтап қалған жағдайда, тасымалдаушы тауарлардың сақталуын қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қолдануға, және осындай мән-жайлар туралы және тауарлардың орналасқан орны туралы жақын жердегі кеден органына дереу хабарлауға, сондай-ақ кеден органы көрсеткен жақын жердегі кеден органына не өзге орынға тасымалдауға немесе оларды тасуды (тасымалдауды) (көлік құралы бұзылған кезде) қамтамасыз етуге міндетті.
2. Осы баптың 1-тармағының талаптарын сақтауға байланысты тасымалдаушыда немесе өзге де тұлғаларда туындаған шығыстарды кеден органы өтемейді.
97-бап. Одақтың кедендік аумағынан шетелдік тауарлардың кетуі кезінде кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын төлеу жөніндегі міндеттің туындауы мен тоқтатылуы, оларды төлеу мерзімі және оны есептеу
1. Одақтың кедендік аумағынан шетелдік тауарлардың кетуі кезінде тасымалдаушыда кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын төлеу жөніндегі міндет кеден органы тауарлардың Одақтың кедендік аумағынан кетуіне рұқсат берген кезден бастап туындайды.
2. Одақтың кедендік аумағынан шетелдік тауарлардың кетуі кезінде тасымалдаушыда кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын төлеу жөніндегі міндеті мынадай мән-жайлар:
1) тауарлардың Одақтың кедендік шекарасын нақты кесіп өтуі;
2) осы баптың 3-тармағында көрсетілген мән-жайлар басталғаннан кейін тауарларды шетелдік тауарларға қолданылатын кедендік рәсімдермен орналастыру;
3) кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын төлеу жөніндегі міндетті орындау және (немесе) осы баптың 4-тармағына сәйкес есептелген және төлеуге жататын мөлшерде өндіріп алу;
4) мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасына сәйкес кеден органының, осындай жойылуға немесе қайтарымсыз жоғалуға дейін осы Кодекске сәйкес осы шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын төлеу мерзімі туындаған жағдайларды қоспағанда, аварияның немесе еңсерілмес күш әсерінің салдарынан шетелдік тауарлардың жойылу және (немесе) қайтарымсыз жоғалу фактісін не қалыпты тасу (тасымалдау) және (немесе) сақтау жағдайларын бұл тауарлардың табиғи түрде кемуі нәтижесінде қайтарымсыз жоғалу фактісін мойындауы;
5) мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес тауарларды тәркілеу немесе осы мүше мемлекеттің меншігіне (кірісіне) айналдыру;
6) кеден органының осы Кодекстің 51-тарауына сәйкес тауарларды кідіртуі;
7) қылмыстық іс немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс (әкімшілік процесті жүргізу) бойынша іс жүргізу барысында қылмыс туралы хабарламаны тексеру кезінде алып қойылған немесе тыйым салынған және егер бұрын мұндай тауарларды шығару жүргізілмеген болса, оларға қатысты қайтару туралы шешім қабылданған тауарларды уақытша сақтауға орналастыру немесе кедендік рәсімдердің біреуімен орналастыру туындаған кезде тоқтатылады.
3. Кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын төлеу жөніндегі міндет, аварияның немесе еңсерілмес күштің әсер етуі салдарынан жойылу және (немесе) қайтарымсыз жоғалу не қалыпты тасу (тасымалдау) және (немесе) сақтау жағдайларында табиғи кему нәтижесінде қайтарымсыз жоғалуды қоспағанда, Одақтың кедендік шекарасын іс жүзінде кесіп өткенге дейін Одақтың кедендік аумағынан кетуі кезінде шетелдік тауарлар жоғалған жағдайда орындауға жатады.
Көрсетілген мән-жайлар басталған кезде кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын төлеу мерзімі тауарлар жоғалған күн болып есептеледі, егер ол күн белгіленбесе - кеден органы Одақтың кедендік аумағынан тауарлардың кетуіне рұқсат беру күні болып есептеледі.
4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген мән-жайлар басталған кезде, егер тауарлар, кедендік әкелу баждарын, салықтар төлеу жөніндегі тарифтік преференциялар мен жеңілдіктерді қолданбай, ішкі тұтынуға шығару кедендік рәсімімен орналастырылған болса, кедендік әкелу баждары, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждары төлеуге жатады.
Кедендік әкелу баждары, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждары осы Кодекстің 7 және 12-тарауларына сәйкес есептеледі.
Кедендік әкелу баждары, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждары есептеу үшін осы баптың 3-тармағына сәйкес кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын төлеу мерзімі болып табылатын күні қолданыста болатын кедендік әкелу баждары, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарының мөлшерлемесі қолданылады.
Егер тауарлардың кедендік құнын анықтау үшін, сондай-ақ кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын есептеу үшін шетелдік валютаны мүше мемлекеттің валютасына қайта есептеу талап етілетін жағдайда, мұндай қайта есептеу осы баптың 3-тармағына сәйкес кедендік әкелу баждары, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждары төлеу мерзімі болып табылатын күні қолданыстағы валюта бағамы бойынша жүргізіледі.
Егер кеден органының тауарлар туралы дәл мәліметтері (сипаты, атауы, саны, шығарылған жері және (немесе) кедендік құны) болмаса, төлеуге жататын кедендік әкелу баждары, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын есептеуге арналған база кеден органының қолда бар мәліметтері негізінде айқындалады, ал тауарларды жіктеу осы Кодекстің 20-бабының 3-тармағы ескеріле отырып, жүзеге асырылады.
Егер тауар коды Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес кемінде 10 белгі саны бар топтамалар деңгейінде айқындалған жағдайда:
кедендік әкелу баждарын есептеу үшін осындай топтамаға кіретін тауарларға сәйкес келетін кедендік баждың ең жоғарғы мөлшерлемесі қолданылады;
салықтарды есептеу үшін қосылған құн салығының ең жоғарғы мөлшерлемесі, кедендік баждың ең жоғарғы мөлшерлемесі белгіленген осындай топтамаға кіретін тауарларға сәйкес келетін акциздердің (акциз салығы немесе акциз алымы) ең жоғарғы мөлшерлемесі қолданылады;
арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын есептеу үшін осы баптың оныншы абзацын ескере отырып, осындай топтамаға кіретін тауарларға сәйкес келетін арнайы, демпингке қарсы, өтем бажының ең жоғарғы мөлшерлемесі қолданылады.
Арнайы, демпингке қарсы, өтем баждары осы Кодекстің 4-тарауына сәйкес расталған тауарлардың шыққан жерін және (немесе) көрсетілген баждарды анықтау үшін қажет мәліметтерге сүйене отырып есептеледі. Егер тауарлардың шыққан жерін және (немесе) көрсетілген баждарды анықтау үшін қажет өзге мәліметтер расталмаса, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждары, егер тауарды жіктеу 10 белгі деңгейінде жүзеге асырылатын болса, Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының коды бар тауарларға не топтамаға кіретін тауарларға қатысты, егер тауарлардың кодтары Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес 10 белгі санынан кем топтама деңгейінде белгіленген болса, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарының ең жоғарғы мөлшерлемесіне сүйене отырып есептеледі.
Тауарлар туралы дәл мәліметтер кейін анықталған кезде кедендік әкелу баждары, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждары осындай дәл мәліметтерге сүйене отырып есептеледі, кедендік әкелу баждарының, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарының артық төленген және (немесе) артық өндіріп алынған сомаларын қайтару (есепке жазу) не осы Кодекстің 10 және 11-тарауларына және 76 және 77-баптарына сәйкес төленбеген сомаларды өндіріп алу жүзеге асырылады.
5. Тауарлар шетелдік тауарларға қолданылатын кедендік рәсімдермен орналастырылған жағдайда кеден органдарының осы Кодекстің 51-тарауына сәйкес тауарларды кідіртуі, кедендік әкелу баждары, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын төлеу міндетін орындағаннан кейін уақытша сақтауға қою және (немесе) осы бапқа сәйкес кедендік әкелу баждары, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарының сомасын (толық немесе ішінара) өндіріп алулары, төленген және (немесе) өндіріп алынған кедендік әкелу баждары, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждары осы Кодекстің 10-тарауына және 76-бабына сәйкес қайтаруға (есепке жатқызу) жатады.
16-тарау
Тауарларды уақытша сақтау және тауарларды уақытша сақтауға қоюға байланысты кедендік операциялар
98-бап. Тауарларды уақытша сақтау туралы жалпы ережелер
1. Уақытша сақтау орындарында шетелдік тауарларды кеден органы оларды шығарғанға дейін не егер шетелдік тауарлар Одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарлар өткізілетін орындарда сақталған болса, Одақтың кедендік аумағынан тауарлардың кетуіне кеден органының рұқсатын алғанға дейін не қылмыстық іс бойынша немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс (әкімшілік процесті жүргізу) бойынша іс жүргізу барысында қылмыс туралы хабарламаны тексеру кезінде алып қою немесе тыйым салу қолданылатын күнге дейін сақтау тауарларды уақытша сақтау деп түсініледі.
2. Осы баптың 4-тармағында, осы Кодекстің 88-бабының 7 және 8-тармақтарында, 114-баптың 7-тармағында, 129-баптың 6-тармағында, 152-бапта, 240-баптың 3-тармағында, 259-бапта және 286-баптың 12-тармағында көзделген, сондай-ақ осы Кодекстің 88-бабының 7-тармағының алтыншы абзацына және 8-тармағының екінші абзацына сәйкес мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында белгіленген жағдайлар мен мерзімдерде тауарлар уақытша сақтауға орналастыруға жатады.
3. Тауарларды уақытша сақтау құбыржол көлігімен немесе электр беру желілері бойынша өткізілетін тауарларға қатысты, сондай-ақ осы Кодексте көзделген жағдайларда қолданылмайды.
4. Қылмыстық іс бойынша немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс (әкімшілік процесті жүргізу) бойынша іс жүргізу барысында қылмыс туралы хабарламаны тексеру кезінде алып қойылған немесе тыйым салынған және кедендік декларациялауға жататын, оларға қатысты қайтару туралы шешім қабылданған тауарлар, оның ішінде тауарларды тәркілеу туралы шешім жойылған не тәркілеу түріндегі жаза (өндіріп алу) өзге жаза түрімен (өндіріп алу) ауыстырылған жағдайда, мыналар:
1) қылмыстық не әкімшілік жауапкершіліктен босату туралы соттың немесе өзге уәкілетті органның (лауазымды тұлғаның) шешімі;
2) қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы уәкілетті органның (лауазымды тұлға) шешімі;
3) қылмыстық істі не әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі тоқтату туралы соттың немесе уәкілетті органның (лауазымды тұлғаның) шешімі;
4) соттың айыптау (ақтау) үкімі;
5) әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы соттың немесе уәкілетті органның (лауазымды тұлғаның) шешімі;
6) тауарларды тәркілеу туралы шешімді жою не тәркілеу түріндегі жазаны (өндіріп алуды) өзге жаза түрімен (өндіріп алу) ауыстыру туралы соттың шешімі күшіне енген күннен кейінгі күннен бастап күнтізбелік 10 күннен кешіктірілмей уақытша сақтауға қойылуға тиіс.
5. Осы баптың 4-тармағында көрсетілген уақытша сақтауға орналастырылмаған тауарларды кеден органы осы Кодекстің 51-тарауына сәйкес ұстап қалады.
6. Осы баптың 4-тармағының ережелері, егер осы тармақта көрсетілген тауарларға қатысты тауарларды уақытша сақтауға орналастыруға арналған осы тармақта көзделген мерзім аяқталғанға дейін кедендік декларация берілген болса, қолданылмайды.
7. Уақытша сақтауда тұрған тауарларға қатысты өкілеттіктері бар тұлғалар осындай тауарларды пайдалануға, оның ішінде олар шығарылғанға дейін уақытша сақтау орнының аумағынан әкетуге құқығы жоқ, ал егер шетелдік тауарлар - олар шығарылғанға дейін не Одақтың кедендік аумағынан тауарлардың кетуіне кеден органының рұқсатын алғанға дейін Одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу орнында уақытша сақтауда тұрған болса, оларды пайдалануға құқығы жоқ.
Осы тармақтың бірінші абзацы мүше мемлекетке тұрақты тұруға қоныс аудару, мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес босқын, мәжбүрлі қоныс аударушы мәртебесін алуға, олардың уақытша сақталуы осы Кодекстің 259-бабына сәйкес жүзеге асырылатын, ниеті бар шетелдік жеке тұлғаның жеке пайдалануға арналған тауарларына қатысты қолданылмайды.
8. Тауарлар шығарылғанға дейін мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген жағдайларда тауарларды уақытша сақтау орнын өзгертуге жол беріледі.
Шетелдік тауарларды бір уақытша сақтау орнынан басқа уақытша сақтау орнына тасу (тасымалдау) кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес, не егер бұл мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында көзделген болса, - осындай заңнамада белгіленген тәртіппен кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылмай-ақ жүзеге асырылады.
99-бап. Тауарларды уақытша сақтау орындары
1. Тауарларды уақытша сақтау орындары осы баптың 2-тармағына сәйкес тауарларды уақытша сақтауды жүзеге асыруға болатын (бұдан әрі - уақытша сақтау орындары) уақытша сақтау қоймалары мен өзге де орындар болып табылады.
2. Тауарларды уақытша сақтауды тауарларды алушының еркін қоймасының аумағында, ЕЭА аумағында, үй-жайларда, қоймаларда, ашық алаңдарда және өзге де аумақтарда, сондай-ақ осы Кодексте немесе мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында белгіленген өзге орындарда жүзеге асыруға болады.
3. Басқа тауарларға зиян келтіруі мүмкін немесе ерекше сақтау жағдайларын талап ететін тауарлар осындай тауарларды сақтауға арнайы бейімделген уақытша сақтау орындарында сақталуға тиіс.
4. Уақытша сақтау орындарына тауарларды орналастыру мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасына сәйкес расталады.
100-бап. Тауарларды уақытша сақтауға орналастыруға байланысты кедендік операциялар және оларды жүргізу тәртібі
1. Тауарларды уақытша сақтауға орналастыру үшін тасымалдаушы немесе тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге тұлға кеден органына көліктік (тасымалдау), коммерциялық және (немесе) тауарлар туралы мәліметтер, тауарларды жөнелтуші және алушы, оларды жөнелтуші елі және межелі елі туралы мәліметтер қамтылған кедендік құжаттарды не электрондық құжат түрінде ұсынылған алдын ала ақпараттың тіркеу нөмірі туралы мәліметтер бар құжатты ұсынады.
Кеден органына құжаттарды беру электрондық түрде жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Кеден органы тауарларды уақытша сақтауға орналастыру үшін ұсынылған құжаттарды, кеден органына осындай құжаттар берілген кезден бастап 1 сағаттан кешіктірмей тіркейді және тұлғаға осы баптың 1-тармағында көрсетілген құжаттардың тіркелгені туралы растауды береді.