1. Сараптама ұйымы өнертабысқа патент беру туралы мәлiметтердi өтiнiм берiлген күннен бастап - он сегiз ай өткеннен кейін, ал пайдалы модельге және өнеркәсiптiк үлгiге патент беру туралы мәлiметтердi он екi ай өткеннен кейін бюллетеньде жариялайды. Өтiнiм берушiнiң өтiнiшхаты бойынша сараптама ұйымы мәлiметтердi көрсетiлген мерзiмнен ерте жариялайды.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. 2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
3. Автордың қорғау құжаты туралы жарияланған мәлiметтерде автор ретiнде аталынудан бас тартуға құқығы бар.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
4. Жарияланатын мәлiметтердiң толық құрамын уәкiлеттi орган белгiлейдi.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 5-тармақ толықтырылды (бұр. ред. қара)
5. Қорғау құжатын беру туралы мәлiметтер жарияланғаннан кейiн кез келген тұлға өтінiмнiң материалдарымен және сараптама жасау ұйымы дайындаған ақпараттық iздестiру туралы есеппен танысуға құқылы.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
6. Осы Заңның 5-бабы 3-тармағына сәйкес сараптама жасау ұйымы бюллетеньде қорғау құжаттарының қолданылу мерзiмiн ұзарту туралы мәлiметтер, сондай-ақ тиiстi мемлекеттік тiзiлiмдердегi жазбалардың өзгерістерi туралы мәлiметтер жариялайды.
27-бап. Өтiнiмдi қайтарып алу
Өтінiм берушi өнеркәсiптiк меншiк объектiсiне берген өтiнiмiн Қазақстан Республикасының тиiстi Мемлекеттік тiзiлiмiне тiркелгенге дейiн қайтарып алуға құқылы.
28-бап. Өтiнiмдердi қайта өзгерту
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Өнертабысқа өтiнiм бойынша сараптама жасау ұйымының тиiстi қорытындысы берiлгенге дейiн өтiнiм берушi оны тиiстi өтiнiш жасау арқылы пайдалы модельге өтiнiм етiп өзгертуге құқылы.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Пайдалы модельге өтiнiм бойынша сараптама жасау ұйымының қорытындысы берiлгенге дейiн тиiстi өтiнiш жасау арқылы пайдалы модельге өтінiмдi өнертабысқа өтiнiм етiп өзгертуге болады.
3. Аталған өзгертулер кезiнде алғашқы өтiнiмнiң басымдығы және берiлген күнi сақталады.
6-тарау. Қорғау құжатының қолданылуын тоқтату және қалпына келтіру
29-бап. Қорғау құжатына дау айту
1. Қорғау құжатына бүкiл қолданылу мерзiмi iшiнде оны беруге қарсы қарсылық бойынша мынадай жағдайларда:
1) қорғалатын өнеркәсiптiк меншiк объектiсi осы Заңда белгiленген патент қабiлеттілiгi талаптарына сәйкес келмесе;
2) өнертабыстың, пайдалы модельдiң формуласында немесе өнеркәсiп үлгiсiнiң елеулi белгiлерi жиынтығында өтiнiмнiң бастапқы материалдарында болмаған белгiлер болса;
3) қорғау құжаты өтiнiм берушiнiң осы Заңның 37-бабының ережелерiн бұзуы жағдайында берiлсе;
4) қорғау құжатында авторы (авторлары) немесе патент иеленуші дұрыс көрсетiлмесе дау айтылуы және толық немесе iшiнара жарамсыз деп танылуы мүмкін.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Осы баптың 1-тармағының 1)-3) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша қорғау құжатын беруге қарсылық уәкiлеттi органға берiледi. Қарсылық оның түскен күнiнен бастап алты ай мерзiмде шағым кеңесiнде қаралуға тиiс. Қарсылық берген тұлға патент иеленушiнi қарсылықпен таныстыруға мiндеттi.
30-бап. Қорғау құжатының күшi жоқ деп танылуы және оның қолданылуын мерзiмiнен бұрын тоқтату
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара); 2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Апелляциялық кеңес шешiмiнiң немесе сот шешiмiнiң негiзiнде қорғау құжаты толық немесе iшiнара жарамсыз деп танылады.
Қорғау құжаты ішінара жарамсыз деп танылған жағдайда өнертабыстың қалған қорғауға қабілетті объектісіне, өнертабыстың, пайдалы модельдің немесе өнеркәсіптік үлгінің нұсқасына жаңа патент беріледі.
Толық немесе ішінара жарамсыз деп танылған, өнертабысқа, пайдалы модельге немесе өнеркәсіптік үлгіге патент патентке өтінім берілген күннен бастап күшін жояды.
Кейіннен жарамсыз деп танылған патент негізінде жасалған лицензиялық шарттар патенттің жарамсыздығы туралы шешім шығарылған кезге орындалған деңгейде күшін сақтайды.
Патентті жарамсыз деп тану уәкілетті органның өнертабысқа, пайдалы модельге немесе өнеркәсіптік үлгіге патент беру туралы шешімінің күшін жоюды және тиісті мемлекеттік тізілімдегі жазбаның күшін жоюды білдіреді.
2. Қорғау құжатының қолданылуы:
1) бюллетеньде қорғау құжаты қолданылуының мерзiмiнен бұрын тоқтатылғаны туралы мәлiметтер жарияланған күннен бастап уәкiлеттi органға патент иеленушi берген арыз негiзiнде мерзiмiнен бұрын тоқтатылады. Егер қорғау құжаты бiр топ өнеркәсiптiк меншiк объектiлерiне берiлген болса, ал патент иеленушiнiң өтiнiшi осы объектiлер тобының бiр бөлiгiне ғана қатысты берiлсе, қорғау құжатының күшi тек өтiнiште көрсетiлген өнеркәсiптiк меншiк объектiлерiне қатысты ғана тоқтатылады;
2) белгiленген төлем мерзiмiнiң өткен күнiнен бастап қорғау құжатын күшiнде ұстау үшiн белгiленген мерзiмде төлем төленбеген жағдайда мерзiмнен бұрын тоқтатылады.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Сараптама жасау ұйымы бюллетеньде толық немесе iшiнара жарамсыз деп танылған, сондай-ақ қолданылуы мерзiмiнен бұрын тоқтатылған қорғау құжаттары туралы мәлiметтер жариялайды.
31-бап. Патенттің қолданылуын қалпына келтіру. Соңынан пайдалану құқығы
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Осы Заңның 30-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында аталған негiзде тоқтатылған патенттің қолданылуы, патент иеленушiнiң өтiнiшхаты бойынша патенттi күшiнде ұстап тұру үшiн төленетiн төлемнiң мерзiмi өткен күннен бастап үш жыл iшiнде, қалпына келтiрiлуi мүмкiн. Қалпына келтіру туралы өтінішхатқа патенттің қолданылуын қалпына келтiруге құжаттарды дайындағаны үшін және төлем мерзімі өтіп кеткен қолданылу кезеңінде оны күшінде ұстап тұру үшін төлемді растайтын құжат қоса беріледі.
Сараптама ұйымы қалпына келтіру туралы өтінішхат берілген күннен бастап екі айдан кешіктірмей патенттiң қолданылуын қалпына келтiру туралы мәлiметтерді бюллетеньде жариялайды. Жарияланым күнi патенттiң қолданылуы қалпына келтiрiлген күн болып табылады.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 2-тармақ толықтырылды (бұр. ред. қара)
2. Патенттiң қолданылуы тоқтатылған күн мен қалпына келтiрiлген күн аралығындағы кезеңде Қазақстан Республикасының аумағында патентпен қорғалатын өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалана бастаған немесе оған қажеттi дайындық жасаған кез келген адам оны одан әрi осындай пайдаланудың көлемiн ұлғайтпай, тегiн пайдалану құқығын сақтап қалады (соңынан пайдалану құқығы).
Соңынан пайдалану құқығы басқа адамға өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалану орын алған немесе оған қажеттi дайындық жасалған өндiрiспен бiрге ғана берiлуi мүмкiн.
7-тарау. Авторлардың, өтініш берушілердің және патент иеленушілердің құқықтарын қорғау
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 32-бап өзгертілді (бұр. ред. қара); 2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен 32-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
32-бап. Апелляциялық кеңес
2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Апелляциялық кеңес осы Заңның 22-бабының 10-тармағына, 23-бабының 3-тармағына, 24-бабының 6-тармағына және 29-бабының 2-тармағына сәйкес берiлетiн қарсылықтар бойынша дауларды сотқа дейiн қарау жөнiндегi уәкiлеттi органның бөлiмшесi болып табылады. Апелляциялық кеңес туралы ережені уәкілетті орган бекітеді.
2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Апелляциялық кеңеске мынадай:
1) уәкілетті органның өнертабысқа, пайдалы модельге, өнеркәсіптік үлгіге патент беруден бас тарту туралы шешімдеріне (сараптама ұйымының қорытындысына);
2) өнертабысқа, пайдалы модельге, өнеркәсіптік үлгіге патент беруге қарсы, еуразиялық патенттің қолданылуына қарсы қарсылықтар берілуі мүмкін.
Осы тармақтың 1) тармақшасында көзделген қарсылықты өтiнiш берушi немесе оның құқықтық мұрагерi тiкелей өзі не өкiл арқылы бере алады.
Осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген қарсылықты кез келген мүдделi тұлға тiкелей өзі не өкiл арқылы бере алады.
Қарсылық қазақ және орыс тілдерінде уәкілетті органға тiкелей берiледi немесе пошта арқылы жiберiледi. Қарсылыққа қоса берілетін материалдар қазақ және орыс тілдерінде ұсынылады. Егер қоса берілетін материалдар басқа тілде ұсынылса, онда қарсылыққа олардың қазақ және орыс тілдеріндегі нотариаттық түрде куәландырылған аудармасы қоса беріледі.
Егер қарсылық факсимильдiк байланыс немесе электрондық пошта арқылы берiлсе, ол осындай қарсылықты алған күннен бастап бiр айдан кешiктiрiлмей қағаз жеткізгіштегі түпнұсқасымен расталуға тиiс.
Қарсылық осы Заңда көрсетілген мерзiмдер iшiнде берiледi.
Осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетiлген қарсылықтарды берудiң өтiнiм берушi өткiзiп алған мерзiмі өтiнiм берушiнің өтiнiшхаты бойынша осы Заңда белгіленген мерзімдер ішінде қалпына келтіріледi. Мұндай өтiнiш апелляциялық кеңеске қарсылықпен бiр мезгілде ұсынылады.
3. Қарсылықты патенттiк сенiм бiлдiрілген өкіл немесе өзге өкiл арқылы берген жағдайда, сенімхат қазақ және орыс тілдерінде беріледі, егер сенімхат басқа тілде (шетел тілінде) берілсе, онда ол қазақ және орыс тілдеріне аударылуға тиіс, сенімхаттың аудармасы нотариаттық түрде куәландырылады. Қарсылық материалдарына нотариат куәландырған сенімхаттың түпнұсқасы қоса беріледі немесе ол нотариат куәландырғанын растау үшін апелляциялық кеңестің хатшысына көшірмесімен бірге ұсынылады.
4. Берілген қарсылық апелляциялық кеңес алқасының отырысында осы Заңда көрсетілген мерзім ішінде қаралуға тиіс. Қарсылықты қарау мерзiмi қарсылықты берген тұлғаның, сондай-ақ патент иеленушінің өтiнiшi бойынша, бiрақ қарсылықты қарау үшiн белгiленген мерзiм аяқталған күннен бастап алты айдан асырмай ұзартылуы мүмкін.
5. Қарсылық берген тұлға, патент иеленуші апелляциялық кеңестің шешiмiне осы шешім шығарылған күннен бастап алты ай iшiнде сотқа шағым жасауға құқылы.
2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен 32-1-баппен толықтырылды
32-1-бап. Қарсылықты апелляциялық кеңесте қараудан бас тарту негіздері
1. Егер:
1) қарсылық Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес апелляциялық кеңесте қаралуға жатпаса;
2) қарсылыққа қол қойылмаса не оған қол қоюға өкiлеттiгi жоқ тұлға қол қойса;
3) қарсылық белгiленген мерзiмдi бұза отырып берiлсе және көрсетілген мерзiмдi ұзарту мен қалпына келтiру мүмкiндiгi жоқ болса;
4) өтiнiш берушi қарсылықты беруді ресiмдеуге, мазмұндауға және рәсiмдеуге қойылатын талаптарға қатысты кемшiлiктердi белгiленген мерзiмде жоймаса, қарсылықты қарауға қабылдаудан бас тартылады.
Көрсетілген мән-жайлар болған жағдайда, қарсылық берген тұлғаға алынған қарсылықты қарауға қабылдауға болмайтыны және ол берiлген жоқ деп есептелетiнi туралы хабарлама жiберiледi.
Қарсылық берген тұлға немесе оның өкiлi берiлген қарсылықты апелляциялық кеңес алқасының шешiмі жарияланғанға дейiн қайтарып алуы мүмкін.
2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен 32-2-баппен толықтырылды
32-2-бап. Қарсылықты апелляциялық кеңес алқасының отырысында қарау
1. Қарсылықты қарау құрамында кемінде бес мүшесi бар апелляциялық кеңес алқасында жүзеге асырылады. Дауды қарау басталған кезге дейiн апелляциялық кеңес алқасының дербес құрамының құпиялылығы қамтамасыз етiлуге тиiс.
Апелляциялық кеңес алқасының отырысына қорытынды ұсыну үшін ғылыми ұйымдардың өкілдері мен тиісті бейіндегі мамандар шақырылуы мүмкін.
2. Апелляциялық кеңес алқасы отырысты өткізу мерзімдерін мынадай жағдайларда:
1) қарсылықты қарауға қатысу құқығы бар тұлғалардың біреуі келмегендіктен, қарсылықты бұл отырыста қарау мүмкін болмағанда;
2) мәні бойынша шешім қабылдау үшін жетіспейтін қосымша құжаттарды (дәлелдемелерді) тараптардың ұсынуы қажет болғанда;
3) тараптардың өтініші бойынша кейінге қалдыруға құқылы.
3. Қарсылықты қарауға қатысушы тұлғалардың:
1) iс материалдарымен танысуға, олардан үзінді көшiрме жасауға, олардың көшiрмесiне тапсырыс беруге және оны алуға;
2) дәлелдемелер ұсынуға;
3) дәлелдемелердi зерттеуге қатысуға;
4) апелляциялық процеске қатысушыларға сұрақтар қоюға;
5) өтiнiш мәлімдеуге;
6) апелляциялық кеңес алқасының мүшелеріне ауызша және жазбаша түсiнiктер беруге;
7) қарсылықты қарау барысында туындаған барлық мәселелер бойынша өзiнiң дәлелдерi мен пайымдауларын ұсынуға;
8) iске қатысушы басқа тұлғалардың өтiнiштерiне, дәлелдерi мен пайымдауларына қарсылық бiлдiруге құқығы бар.
4. Дау мәнi бойынша шешiлген жағдайда апелляциялық кеңес алқасы шешiм шығарады.
Шешiм апелляциялық кеңес алқасы мүшелерiнiң жай көпшiлiк даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда апелляциялық кеңес алқасының отырысында төрағалық етушiнiң дауысы шешушi болып табылады.
Қарсылықты қарау нәтижелерi бойынша мынадай:
1) қарсылықты қанағаттандыру туралы;
2) қарсылықты iшiнара қанағаттандыру туралы;
3) қарсылықты қарау мерзімін кейінге қалдыру туралы;
4) қарсылықты қанағаттандырудан бас тарту туралы шешiм шығарылады.
5. Апелляциялық кеңес алқасы шешiм шығарылған күннен бастап он жұмыс күні iшiнде апелляциялық кеңестiң шешiмiн әзiрлейдi және тараптарға жiбередi. Апелляциялық кеңестiң шешiмi жазбаша нысанда баяндалады және ол кiрiспелiк, сипаттамалық, дәлелдемелiк және қарарлық бөлiктерден тұруға тиiс.
Апелляциялық кеңестiң шешiмiне апелляциялық кеңес алқасының барлық мүшелерi қол қояды.
33-бап. Дауларды сот тәртібімен қарау
1. Мынадай даулар:
1) өнеркәсiптiк меншiк объектiсiне авторлық туралы;
2) қорғау құжатының дұрыс берiлуi туралы;
3) патент иеленушiнi анықтау туралы;
4) күштеп лицензия беру туралы;
5) патент иеленушiнiң қорғалатын өнеркәсiптік меншiк объектiсiн пайдалануға айрықша құқығын және басқа да мүлiктiк құқықтарын бұзушылық туралы;
6) қорғалатын өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалануға лицензиялық шарттардың жасалуы мен орындалуы туралы;
7) алдыңғы және соңынан пайдалану құқығы туралы;
8) жұмыс берушiнiң осы Заңның 10-бабының 4-тармағына сәйкес авторға сыйақы төлеуi туралы;
9) осы Заңда көзделген өтемақыларды төлеу туралы;
10) құқық қорғауға байланысты қорғау құжатынан туындайтын басқа да даулар сот тәртібiмен қаралуға тиiс.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Сот шешiмi негiзiнде сараптама жасау ұйымы қорғау құжаттарына қатысты өзгерістер туралы мәлiметтердiң жарияланымын жүргiзедi.
2009.10.07. № 179-IV ҚР Заңымен 34-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
34-бап. Авторлардың, өтiнiш берушiлердiң және патент иеленушiлердiң құқықтарын бұзғандық үшiн жауапкершiлiк
Авторлықты иемдену, қосалқы автор болуға мәжбүрлеу, өнеркәсiптiк меншiк объектiсiнiң мәнiн ол туралы мәлiметтер жарияланғанға дейiн автордың немесе өтiнiм берушiнiң келісімiнсiз жария ету, қорғалатын өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн заңсыз пайдалану, шет елдерде өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн патенттеу тәртібін бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершiлiкке әкеп соғады.
8-тарау. Қорытынды ережелер
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 35-бап өзгертілді (бұр. ред. қара); 2005.22.11. № 90-III ҚР Заңымен 35-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен 35-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2012.10.07. № 34-V ҚР Заңымен 35-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
35-бап. Мемлекеттiк баж
Уәкiлеттi органның қорғау құжаттарын беру, шарттарды тiркеу, патенттiк сенiм бiлдiрiлген өкiлдердi аттестаттау және патенттiк сенiм бiлдiрiлген өкiлдi тiркеу туралы куәлiк беру жөнiндегi iс-қимылдар жасағаны үшiн Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес мемлекеттiк баж алынады.
2005.22.11. № 90-III ҚР Заңымен 36-бап өзгертілді (бұр. ред. қара); 09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 36-бап жаңа редакцияда
36-бап. Патенттік сенім білдірілген өкілдер
1. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, жоғары бiлiмi және зияткерлiк меншiк саласында кемінде төрт жыл жұмыс өтілі бар, аттестаттаудан өткен және зияткерлік меншік саласындағы уәкілетті органда тiркелген Қазақстан Республикасының әрекетке қабiлеттi азаматы патенттiк сенiм білдірілген өкiл болуға құқылы.
Уәкілетті орган патенттік сенім білдірілген өкілдерге кандидаттарды аттестаттаудан өткізу үшін уәкілетті орган мен сараптама жасау ұйымының қызметкерлері арасынан аттестаттау комиссиясын құрады. Бұл ретте, аттестаттау комиссиясы мүшелерінің ең аз саны кемінде бес қызметкерден тұрады.
Уәкілетті орган патенттік сенім білдірілген өкілдерге кандидаттарды аттестаттауды кандидаттардан өтініштердің келіп түсуіне қарай жылына кемінде бір рет өткізеді.
Аттестаттау нәтижелері бойынша аттестаттау комиссиясы кандидатты аттестаттау не аттестаттаудан бас тарту туралы шешім шығарады. Аттестаттау комиссиясы шешімінің нысанын уәкілетті орган бекітеді.
Аттестаттау комиссиясы шешім шығарған кезден бастап үш ай ішінде мұндай шешімге сот тәртібімен шағым жасауға болады.
Патенттік сенім білдірілген өкілдерге аттестаттау емтиханын ойдағыдай тапсырған кандидатқа патенттік сенім білдірілген өкіл куәлігі беріледі, оның нысанын уәкілетті орган белгілейді.
Патенттiк сенiм білдірілген өкiлдерді аттестаттаудан өткізу кандидаттардан және оларға куәлік беру үшін Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленетін мемлекеттік баж алынады.
2. Патенттік сенiм білдірілген өкiлдерге кандидаттар аттестаттауына:
1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға тыйым салынған адамдар;
2) уәкілетті органның және оның ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының қызметкерлерi, сондай-ақ олардың жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) болып табылатын адамдар;
3) қылмыс жасағаны үшін заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адамдар;
4) осы Заңға сәйкес патенттiк сенiм білдірілген өкiлдердің тiзiлiмінен шығарылған адамдар жiберiлмейдi.
3. Патенттік сенiм білдірілген өкілдің қызметі аттестаттау комиссиясының хаттамалық шешімімен:
1) патенттік сенім білдірілген өкілдің аттестаттау комиссиясына берген өтініші негізінде;
2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салынатын адамдарға, оның ішінде уәкілетті органның және оның ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының қызметкерлеріне жатқызу кезеңіне;
3) осы Заңның 36-2-бабы 1-тармағының 2) және 6) тармақшаларында және 5-тармағында көзделген мән-жайларды анықтау мақсатында тоқтатыла тұрады.
Осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетілген жағдайда патенттік сенiм білдірілген өкілдің қызметі аттестаттау комиссиясы үш ай ішінде тиісті шешім қабылдағанға дейін тоқтатыла тұрады.
Патенттік сенiм білдірілген өкілдің қызметін тоқтата тұруға себеп болған негіздер жойылған жағдайда, оның қызметі аттестаттау комиссиясының хаттамалық шешімімен қайта жалғастырылады.
4. Патенттік сенiм білдірілген өкіл өтiнiш берушiнің немесе патент иеленушiнің өкілі ретінде зияткерлік меншік объектілерін құқықтық қорғау мәселелері бойынша уәкiлеттi органмен және сараптама жасау ұйымымен iс жүргiзуге байланысты қызметті жүзеге асырады. Уәкiлеттi органмен және сараптама жасау ұйымымен iс жүргiзудi өтініш беруші және (немесе) патент иеленуші дербес жүзеге асыра алады.
Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұратын жеке тұлғалар немесе шетелдiк заңды тұлғалар патенттiк сенiм білдірілген өкiлдер арқылы уәкiлеттi органда және оның ұйымдарында өтiнiш берушi, патент иеленуші ретіндегі өздерінің құқықтарын, сондай-ақ мүдделі тұлға ретіндегі құқықтарын жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын, бiрақ уақытша одан тыс жерде жүрген жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының шегiнде хат-хабар алмасу үшiн мекенжайын көрсеткен кезде патенттiк сенiм білдірілген өкiлсiз-ақ өтiнiш берушi, патент иеленушi ретіндегі өздерінің құқықтарын, сондай-ақ мүдделі тұлға ретіндегі құқықтарын жүзеге асыра алады.
5. Патенттiк сенiм білдірілген өкiл сенiм бiлдiрушiден оның тапсырмасын орындауға байланысты алатын ақпарат Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде құпиялы ақпаратқа немесе өзге де заңмен қорғалатын құпияға қойылатын талаптарды сақтаған кезде құпиялы болып танылады.
2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен 36-1-баппен толықтырылды
36-1-бап. Патенттік сенiм білдірілген өкілдің құқықтары мен міндеттері
1. Патенттік сенiм білдірілген өкіл өтініш берушінің (жеке немесе заңды тұлғаның), өзімен еңбек шартын жасасқан жұмыс берушінің немесе өзімен немесе өзінің жұмыс берушісімен азаматтық-құқықтық шарт жасасқан тұлғаның мүддесінде мынадай қызмет түрлерін:
1) зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, зияткерлік меншік құқықтарын иелену немесе беру мәселелері бойынша консультация беру;
2) тапсырыс берушінің, сенім білдірушінің, жұмыс берушінің атынан және тапсырмасы бойынша өнертабыстарға, пайдалы модельдерге және өнеркәсіптік үлгілерге өтінімдерді ресімдеу және жасау жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру;
2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) өнертабыстарға, пайдалы модельдерге және өнеркәсіптік үлгілерге құқықтарды қорғау мәселелері бойынша уәкілетті органмен және (немесе) сараптама ұйымымен өзара іс-қимыл жасау, оның ішінде хат-хабар алмасуды жүргізу, сараптама қорытындыларына қарсылықтарды дайындау және жолдау, сараптама ұйымы жанындағы сараптама кеңесінің отырыстарына қатысу;
2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) басқаға беру шарттарын, лицензиялық (қосалқы лицензиялық) шарттарды және оларға қосымша келісімдерді жасауға, қарауға және кейіннен сараптамаға беруге жәрдемдесу қызметін жүзеге асыруға құқылы.
2. Патенттiк сенiм білдірілген өкiлдiң өкiлеттiгi сенiмхатпен куәландырылады.
2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Өнертабыстарға, пайдалы модельдерге және өнеркәсіптік үлгілерге өтінімдер берумен және (немесе) қорғау құжаттарын алумен, сондай-ақ апелляциялық кеңеске қарсылықтар берумен байланысты істерді жүргізуге патенттік сенiм білдірілген өкіл сенімхаттың көшірмесін сараптама ұйымына және уәкілетті органға ұсынады.
Егер сенімхат шетел тілінде жасалса, онда міндетті түрде оның нотариус куәландырған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы ұсынылуға тиіс.
4. Егер патенттiк сенiм білдірілген өкiл осы iс бойынша мүдделерi іс жүргізу туралы өтiнiш жасаған тұлғаның мүдделерiне қайшы келетiн тұлғалардың атынан өкiлдiк етсе немесе оларға консультация берсе немесе оны қарауға өзгеше қатысса, сондай-ақ, егер iстi қарауға патенттiк сенiм білдірілген өкiлдің жақын туысы, жұбайы (зайыбы) және (немесе) оның жақын туысы болып табылатын лауазымды адам қатысса, ол тапсырманы қабылдамауға міндетті.
2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен 36-2-баппен толықтырылды
36-2-бап. Патенттік сенiм білдірілген өкілдің куәлігін қайтарып алу және оның күшін жою
1. Патенттік сенiм білдірілген өкіл аттестаттау комиссиясының шешімімен:
1) өзінің аттестаттау комиссиясына берген өтініші негізінде;
2) Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған кезде немесе Қазақстан Республикасынан тыс тұрақты тұрғылықты жерге кеткен кезде;
3) патенттік сенiм білдірілген өкілдің кәсіптік қызметінде бес жылдан астам үзіліс болған жағдайда;
4) патенттік сенiм білдірілген өкіл қылмыс жасағаны үшін сотталып, соттың айыптау үкімі күшіне енген кезде;
5) патенттік сенiм білдірілген өкіл қайтыс болған немесе хабар-ошарсыз кеткен деп танылған не ол қайтыс болды деп жарияланған жағдайда;
6) патенттік сенiм білдірілген өкіл әрекетке қабілетсіз немесе оның әрекетке қабілеті шектеулі деп танылған жағдайда патенттік сенім білдірілген өкілдердің тізілімінен шығарылады.
2. Патенттік сенiм білдірілген өкіл осы баптың 1-тармағының 4), 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша тізілімнен шығарылған жағдайда, аттестаттау комиссиясының шешімімен куәліктің күші жойылады. Куәліктің күшін жою туралы мәліметтер патенттік сенiм білдірілген өкілдердің тізіліміне енгізіледі.