61-бап. Банкті және банк холдингін ерiктi түрде қайта құруға рұқсат беруден бас тарту
Банкті (банк холдингін) ерiктi түрде қайта құруға уәкiлеттi органның рұқсат беруден бас тартуы мынадай кез келген негiздер бойынша жүргiзiледi:
а) ерiктi түрде қайта құрылатын банктердің (банк холдингтерінің) жоғары органдарының тиiстi шешiмдерiнiң болмауы;
б) көзделiп отырған ерiктi түрде қайта құру салдарынан депозиторлар мүдделерiнiң бұзылуы;
в) көзделiп отырған ерiктi түрде қайта құру салдарынан пруденциалдық қалыптардың және сақталуға мiндеттi өзге де нормалар мен лимиттердiң бұзылуы;
г) көзделiп отырған қайта ұйымдастыру нәтижесінде Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасы талаптарының бұзылуы.
2009.11.07. № 185-IV ҚР Заңымен 7-1-тараумен толықтырылды (жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілді)
7-1-тарау. Банк қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі шаралар
61-1-бап. Депозиттерге міндетті кепілдік бер
1. Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктері депозиторларының мүдделерін қорғау мақсатында депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесі құрылады.
Депозиттерге міндетті кепілдік беруді арнайы құрылған коммерциялық емес ұйым жүзеге асырады.
Депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің жұмыс істеуінің құқықтық негіздері, оның қатысушыларының құқықтары, міндеттері Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
2. Ислам банктерін қоспағанда, депозиттер қабылдауға, жеке тұлғалардың банктік шоттарын ашуға және жүргізуге лицензиялары бар екінші деңгейдегі барлық банктер үшін депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысу міндетті болып табылады.
2015.27.04. № 311-V ҚР Заңымен 61-2-бап жаңа редакцияда (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
61-2-бап. Банктің активтері мен міндеттемелерін басқа банкке (банктерге) бір мезгілде беру жөніндегі операция
1. Банк кредиторлары мен депозиторларының құқықтарын қорғау мақсатында уәкілетті органмен келісу бойынша банк активтері мен міндеттемелерінің бір бөлігін не оларды толық мөлшерде басқа банкке (банктерге) (бұдан әрі - сатып алушы банк) бір мезгілде беру жөніндегі операцияны жүргізуге жол беріледі.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара); 2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Осы бапта көзделген операцияны жүргізу тәртібі, көрсетілген операцияны жүргізу кезінде берілуге жататын активтер мен міндеттемелердің түрлері, сондай-ақ осы операцияны уәкілетті органмен келісу тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
Бас банк пен еншілес банк арасында активтер мен міндеттемелерді бір мезгілде беру жөніндегі операция осы Заңның 61-4-бабында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы бапқа сәйкес жүргізіледі.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Банк банктің активтерінің және (немесе) міндеттемелерінің бір бөлігін не оларды толық мөлшерде беру туралы хабарландыруды жариялайды. Хабарландыру осы баптың 1-тармағында көрсетілген операцияны уәкілетті органмен келіскеннен кейін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында, банктің интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жарияланады.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Осы тармақтың төртінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, банктің міндеттемелерін осы бапта көзделген тәртіппен беру банк депозиторларының және (немесе) кредиторларының келісімімен жүзеге асырылады.
Банк активтер мен міндеттемелерді сатып алушы банкке бір мезгілде беру жөніндегі операцияны жүргізу кезінде хабарландыру жарияланған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде банк депозиторларынан және (немесе) кредиторларынан жазбаша қарсылықтың болмауы депозитордың және (немесе) кредитордың міндеттемелерді беруге келісуі ретінде қаралады.
Осы тармақтың төртінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Заңның 61-4-бабында көзделген операцияны жүргізу кезінде міндеттермелерді беруге қарсы депозиторлардың қарсылықтары болған кезде мұндай депозитор банктің міндеттемелерді беруіне жазбаша бас тартумен күнтізбелік он күннен кешіктірмей банкке жүгінуге міндетті. Депозитор бас тартуға Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына және банктік қызмет көрсету шартының талаптарына сәйкес ресімделген, депозитті қолма-қол ақшамен беру туралы немесе оның сомасын басқа банкке аудару туралы нұсқауды қоса береді.
Осы Заңның 61-4-бабында көзделген операцияны жүргізу кезінде, банктік шоттарына банк шоты бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға құқығы бар уәкілетті мемлекеттік органдардың өкімдерін, сондай-ақ клиенттің ақшасына тыйым салуға құқығы бар уәкілетті органдардың немесе лауазымды адамдардың шешімдерін (қаулыларын) қоса алғанда, орындалмаған талаптар, депозиторлардың банк шоттары бойынша ауыртпалықтар бар, депозиторлар алдындағы банк міндеттемелері депозиторлардың міндеттемелерді беру бойынша қарсылықтарының болуына қарамастан сатып алушы банкке беріледі.
5. Кредиторлар және (немесе) депозиторлар алдындағы банк міндеттемелері сатып алушы банкке берілгеннен кейін осындай кредиторлар және (немесе) депозиторлар алдындағы міндеттемелерді орындауды, оның ішінде депозиторлардың берілген ағымдағы және жинақ шоттарын жүргізуді сатып алушы банк жүзеге асырады.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Банк сатып алушы банкке депозиторлар алдындағы міндеттемелерді банктік қызмет көрсету шарттарына қосымша келісімдер жасамастан, банкте бар олардың банк шоттарымен (жеке сәйкестендіру кодтарын сақтай отырып), олар бойынша ақша қозғалысының тарихымен, банк шоттарын ашу және жүргізу кезінде қалыптастырылған дерекнамамен, банк шоты бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға құқығы бар уәкілетті мемлекеттік органдардың өкімдерін, сондай-ақ клиенттің ақшасына тыйым салуға құқығы бар уәкілетті органдардың немесе лауазымды адамдардың шешімдерін (қаулыларын) қоса алғанда, орындалмаған талаптармен және міндеттемелерді беру кезінде депозиторлардың банктегі банк шоттары бойынша ауыртпалықтармен бірге беруге құқылы.
7. Сатып алушы банк депозиторлардың банк шоттары деректемелерінің (оның ішінде банк берген жеке сәйкестендіру кодтарының) сақталуын қамтамасыз ету мақсатында уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген өтпелі кезең ішінде депозиторлардың сатып алушы банкке берілген банк шоттары бойынша нұсқауларды оларда көрсетілген, депозиторлардың банк берген жеке сәйкестендіру кодтарымен, сондай-ақ төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын банктің тиісті деректемелерімен орындауға құқылы. Банктің корреспонденттік шотын пайдалана отырып осындай нұсқауларды орындаудың ерекшеліктері банк пен сатып алушы банктің келісімі бойынша айқындалады.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 8-тармақ жаңа редакцияда (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8. Өтпелі кезең ішінде сатып алушы-банк депозиторлардың банктік шоттарына Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтай отырып жеке сәйкестендіру кодтарын береді және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 24-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген тәртіппен, салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органды «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 24-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген салық төлеушілердің банктік шоттары бойынша жеке сәйкестендіру кодтарының өзгергені туралы хабардар етеді.
Банктік шот бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға құқығы бар уәкілетті мемлекеттік органдардың орындауға қабылданған өкімдерін, сондай-ақ клиенттің ақшасына тыйым салуға, депозиторлардың банктік шоттары бойынша ауыртпалық салуға құқығы бар уәкілетті органдардың немесе лауазымды адамдардың шешімдерін (қаулыларын) қоса алғанда, депозиторлардың өздеріне қойылған орындалмаған талаптар бар банктік шоттарының жеке сәйкестендіру кодтарын өзгерткеннен кейін:
сатып алушы-банк депозитордың банктік шотына талапты (банктік шот бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға құқығы бар уәкілетті мемлекеттік органдардың өкімдерін, сондай-ақ клиенттің ақшасына тыйым салуға құқығы бар уәкілетті органдардың немесе лауазымды адамдардың шешімдерін (қаулыларын) қоса алғанда) жіберген немесе депозиторлардың банктік шоттарына ауыртпалықтар салған тұлғаны (органды) депозитордың банктік шоты деректемелерінің, оның ішінде жеке сәйкестендіру кодының өзгергені туралы хабардар етеді;
депозитордың сатып алушы-банкке берілген банктік шотына бұрын қойылған орындалмаған талаптарды сатып алушы-банк банктің деректемелерін (атауын, банктік сәйкестендіру кодын, бизнес-сәйкестендіру нөмірін) сатып алушы-банктің тиісті деректемелеріне, сондай-ақ депозитордың жеке сәйкестендіру кодын осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес банктік шотқа берілген депозитордың тиісті жеке сәйкестендіру кодына түзете отырып, депозиторлардың сатып алушы-банк ашқан банктік шоттарынан орындайды;
депозитордың сатып алушы-банкке берілген банктік шотына бұрын қойылған, банктік шот бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға құқығы бар уәкілетті мемлекеттік органдардың орындалмаған өкімдерін, сондай-ақ клиенттің ақшасына тыйым салуға құқығы бар уәкілетті органдардың немесе лауазымды адамдардың орындалмаған шешімдерін (қаулыларын) сатып алушы-банк олардың банкке келіп түсуінің күнтізбелік кезектілігін сақтай отырып және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген тәртіппен, депозиторлардың сатып алушы-банк ашқан банктік шоттарынан орындайды.
Сатып алушы-банк депозиторлардың банктік шоттарына қызмет көрсетуді Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына және міндеттемелері осы банкке өткен банктік қызмет көрсету шарттарының талаптарына сәйкес жүргізеді.
9. 2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
10. Егер шартта өзгеше көзделмесе, құқықтар (талаптар) түрінде банк активтерін беру борышкердің (борышкерлердің) келісімін талап етпейді.
Банк борышкерді (борышкерлерді) хабардар ету мақсатында осы баптың 3-тармағында көрсетілген, банк құқықтарының (талаптарының) бір бөлігін не оларды толық мөлшерде беру туралы хабарландыруды жариялайды. Борышкер құқықтарды (талаптарды) берген банкке өзінің міндеттемелерінің бір бөлігін немесе оларды толық мөлшерде орындаған жағдайда, осы орындау тиісті кредитор үшін орындалған деп танылады.
11. Банк активтері мен міндеттемелерін беру шартқа тапсыру актісін қоса бере отырып, активтер мен міндеттемелерді бір мезгілде беру туралы шарт жасасу арқылы жүзеге асырылады.
Тапсыру актісінде берілетін активтер, берілетін активтер бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ететін құқықтар және міндеттемелер туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.
Активтер мен міндеттемелерді бір мезгілде беру туралы шартқа Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің мiндеттемедегi тұлғалардың ауысуы туралы ережелері қолданылады.
12. Осы Заңның 61-4-бабында көзделген жағдайды қоспағанда, акциялар немесе заңды тұлғалардың, филиалдар мен өкілдіктердің жарғылық капиталына қатысу үлестері түрінде банк активтерін сатып алушы банкке беру осы Заңның және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінің талаптарына сәйкес жүргізіледі.
13. Сатып алушы банк активтер мен міндеттемелерді берген банктің банктік ақпараттық жүйесін пайдалануға құқылы.
14. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген операцияны жүргізу кезінде құқықтары (талаптары) мен міндеттемелері берілетін банк клиенттерінің дербес деректерін жинауды және өңдеуді сатып алушы банк дербес деректер субъектілерінің немесе олардың заңды өкілдерінің келісуінсіз жүзеге асырады.
15. Қайта құрылымдау процесіндегі банктің активтері мен міндеттемелерін беру осы Заңның 6-1-тарауының ережелеріне сәйкес қайта құрылымдау жоспары шеңберінде жүзеге асырылады.
61-3-бап. 2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2015.27.04. № 311-V ҚР Заңымен 61-4-баппен толықтырылды (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді); 2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 61-4-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
61-4-бап. Бас банк пен еншілес банк арасында активтер мен міндеттемелерді бір мезгілде беру жөніндегі операцияны жүргізу ерекшеліктері
1. Еншілес банктен бас банкке активтердің бір бөлігін не оларды толық мөлшерде және салымдарды орналастыру мен ұлттық басқарушы холдингтің алынған қарыздарына байланысты міндеттемелерді қоспағанда, міндеттемелерді толық мөлшерде бір мезгілде беру және бас банктен еншілес банкке күмәнді және үмітсіз активтердің бір бөлігін не оларды толық мөлшерде бір мезгілде беру жөніндегі операция бір шарттың шеңберінде уәкілетті органмен келісу бойынша жүргізіледі.
2. Осы баптың мақсаттары үшін еншілес банк деп осы Заңға сәйкес өзіне қатысты қайта құрылымдау жүргізілген, бас банкке активтердің бір бөлігін не оларды толық мөлшерде және салымдарды орналастыру мен ұлттық басқарушы холдингтің алынған қарыздарына байланысты міндеттемелерді қоспағанда, міндеттемелерді толық мөлшерде беретін және бас банктен күмәнді және үмітсіз активтердің бір бөлігін не оларды толық мөлшерде қабылдайтын еншілес банк түсініледі.
3. Осы бапта айқындалған негіздер бойынша және тәртіппен құқықтарды (талаптарды) басқаға беру бас немесе еншілес банктің жеке және заңды тұлғалармен жасасқан шарттарына жаңа кредиторды, кепіл ұстаушыны көрсету бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізуді талап етпейді.
Осы бапта айқындалған негіздер бойынша және тәртіппен құқықтарды (талаптарды) басқаға беру кезінде қарыз алушының, кепіл берушінің, кепілгердің және өзге де тұлғалардың басқаға беруге келісімі талап етілмейді. Бұл ретте, жаңа кредитордың жеке басы борышкер үшін елеулі маңызы жоқ деп танылады.
4. Активтер мен міндеттемелерді бір мезгілде беру туралы шартты (тапсыру актісі қоса беріле отырып) сатып алушы банк берілетін активтер бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ететін құқықтар өткен, бір мезгілде кепіл ұстаушы болып табылатын жаңа кредитор туралы мәліметтерді құқықтық кадастрға, сондай-ақ жылжымалы мүлік кепілінің тізіліміне, бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесіне енгізу мақсатында уәкілетті тіркеуші органға (ұйымға) береді.
Осы бапта айқындалған негіздер бойынша және тәртіппен құқықтарды (талаптарды) басқаға беру бір мезгілде кепіл ұстаушы болып табылатын жаңа кредиторға үшінші тұлғалардың немесе мемлекеттік органдардың тарапынан тіркелген ауыртпалықтар, тыйым салулар, мүлікке иелік етуге қатысты өзге де шектеулер бар мүлікке құқықтардың өтуі үшін де негіз болып табылады.
5. Сатып алушы банк активтер мен міндеттемелерді бір мезгілде беру туралы шарт жасалған күннен бастап осы Заңның 30-бабында көзделген банк операциялары мен өзге де операциялар және қызмет түрлері бойынша кредитор (қарыз беруші) деп танылады және онда құқықтары (талаптары) берілген банктің барлық құқықтары мен міндеттері болады.
6. Акциялар немесе заңды тұлғалардың, филиалдар мен өкілдіктердің жарғылық капиталына қатысу үлестері түрінде еншілес банктің активтерін бас банкке беру, осы баптың 1-тармағында көрсетілген келісімнен басқа, осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген, уәкілетті органнның қосымша рұқсаттарын, келісімдерін немесе хабарламаларын бас банктің алуын талап етпейді.
7. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген операция жүзеге асырылғаннан кейін банк операциялары мен өзге де операцияларды және бағалы қағаздар нарығындағы қызметті жүргізуге берілген лицензия еншілес банктің уәкілетті органға лицензияның қолданылуын тоқтату туралы ерікті түрдегі өтінішіне байланысты өз қолданысын тоқтатады.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
8. Банк операциялары мен өзге де операцияларды және бағалы қағаздар нарығындағы қызметті жүргізуге берілген лицензияның қолданысы тоқтатылғаннан кейін бұрын еншілес банк болып табылған заңды тұлға:
өз атауында «банк» деген сөзді сақтап қалуға құқылы;
осы бапта көрсетілген операцияны жүргізу кезінде құқықтары (талаптары) мен міндеттемелері берілген, бас банк клиенттерінің дербес деректерін жинауды және өңдеуді дербес деректер субъектілерінің немесе олардың заңды өкілдерінің келісуінсіз жүзеге асыруға құқылы;
өзіне берілген құқықтар (талаптар) бойынша кредитор (қарыз беруші) деп танылады және банктік қарыз шарттарында белгіленген, өзінде қалған құқықтар (талаптар) бойынша кредитордың (банктің, қарыз берушінің) құқықтары мен міндеттерін сақтап қалады;
жекелеген банк операцияларын жүзеге асыратын ұйым болып табылмайды және осы баптың 9-тармағында көзделген тәртіппен банк операцияларын жүзеге асыруға құқылы.
9. Лицензияның қолданысы тоқтатылғаннан кейінгі өтпелі кезеңде бұрын еншілес банк болып табылған заңды тұлға уәкілетті органның лицензиясынсыз банк операцияларының мынадай түрлерін жүзеге асыруға құқылы:
1) бас банктің төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыруына, оның ішінде депозиторлардың бас банкке берілген банк шоттары бойынша еншілес банктің корреспонденттік шотын пайдалана отырып жүзеге асыруына байланысты аударым операциялары;
2) бас банктің корреспонденттік шотын ашу және жүргізу;
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
3) депозиттерді қабылдау, ұлттық басқарушы холдингтің, екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданған ұйымның банк шоттарын ашу және жүргізу;
4) осы баптың 8-тармағына сәйкес банктік қарыз шарттарында белгіленген, өзіне берілген және өзінде қалған құқықтар (талаптар) бойынша қарыз операциялары.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 10-тармақпен толықтырылды
10. Осы баптың 1, 3, 4, 5 және 6-тармақтарының ережелері осы бапта көзделген операцияны бұрын жүзеге асырған еншілес банктен активтерді және міндеттемелерді бір мезгілде бас банкке беру жөніндегі операцияларға қолданылады.
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 61-5-баппен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
61-5-бап. Банктік көрсетілетін қызметтерді ұсынудың үздіксіздігін қамтамасыз ету
1. Банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым ақпараттық жүйенің қызметін қалпына келтіру үшін банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның ақпараттық жүйесінің резервтік орталығының, резервтік байланыс арналарының жұмысын қамтамасыз етеді.
2. Банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым ақпараттық жүйенің жұмысын қамтамасыз ететін техникалық, бағдарламалық және басқа да құралдарға енгізілетін және банктік көрсетілетін қызметтердің клиентке қолжетімділігіне әсер ететін, қолданысқа енгізілуі жоспарланып отырған өзгерістер (жаңартулар) туралы банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның ішкі қағидаларында немесе шартта белгіленген тәртіппен және мерзімде клиенттерді хабардар етеді.
3. Банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым клиенттерге көрсетілетін қызметтерді ұсынудың кепілді үздіксіз деңгейін қамтамасыз етеді, ол банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның ішкі қағидаларында белгіленеді және банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның интернет-ресурсында міндетті түрде орналастырылуға жатады.
4. Банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың ақпараттық жүйелері жұмысының қауіпсіздігі мен үздіксіздігіне қойылатын талаптарды уәкілетті орган белгілейді.
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды
5. Банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым ақпараттық қауіпсіздік қатерлеріне қарсы іс-қимыл жасау, алдын алу шараларын іске асыру және ақпараттық қауіпсіздік қатерлерінің профилактикасы мақсаттарында ақпараттық қауіпсіздікті басқару жүйесінің болуын қамтамасыз етеді, онда мыналар:
1) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті және қатерлерді анықтау мен талдау, шабуылдарға қарсы іс-қимыл жасау және ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғаларын тергеп-тексеру жөніндегі іс-шараларды мониторингілеу;
2) ақпараттық жүйелердегі бұзушылықтар, іркілістер туралы мәліметтерді қоса алғанда, ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғалары туралы ақпаратты жинау, шоғырландыру және сақтау;
3) ақпараттық жүйелердегі бұзушылықтар, іркілістер туралы мәліметтерді қоса алғанда, ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғалары туралы ақпаратты талдау;
4) уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын өзге де талаптар көзделеді.
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды
6. Банктер ақпараттық қауіпсіздікті басқару жүйелерінің бар-жоғы туралы, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын талаптардың сақталуы туралы мәліметтерді ақпараттық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен және мерзімдерде Ақпараттық қауіпсіздікті ұлттық үйлестіру орталығына ұсынады.
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды
7. Банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді және ақпараттық жүйелердегі бұзушылықтар, іркілістер туралы мәліметтерді қоса алғанда, ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғалары туралы ақпаратты уәкілетті органға береді.
Банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қойылатын талаптар, ақпараттық жүйелердегі бұзушылықтар, іркілістер туралы мәліметтерді қоса алғанда, ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғалары туралы ақпаратты беру тәртібі мен мерзімдері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 8-тармақпен толықтырылды
8. Қазақстан Республикасының қаржылық және (немесе) төлем жүйесінің тұрақтылығына қатер төнген кезде, ақпараттық жүйелердегі бұзушылықтар, іркілістер туралы мәліметтерді қоса алғанда, ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғасының елеулі екендігі туралы шешім қабылдаған жағдайда уәкілетті орган Ақпараттық қауіпсіздікті ұлттық үйлестіру орталығына ақпарат, оның ішінде банктік құпияны құрайтын ақпаратты жіберуге құқылы.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 7-2-тараумен толықтырылды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
7-2-тарау. Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету және төлемге қабілетсіз банктерді реттеу жөніндегі шаралар
61-6-бап. Банкті өз депозиторларының және кредиторларының мүдделеріне қатер төндіретін және (немесе) қаржы жүйесінің тұрақтылығына қатер төндіретін қаржылық жағдайы орнықсыз банктер санатына жатқызу
1. Уәкілетті орган мынадай белгілердің кез келгені болған кезде банкті өз депозиторларының және кредиторларының мүдделеріне қатер төндіретін және (немесе) қаржы жүйесінің тұрақтылығына қатер төндіретін қаржылық жағдайы орнықсыз банктер санатына (бұдан әрі - қаржылық жағдайы орнықсыз банк) жатқызады:
1) меншікті капиталдың жеткіліктілігі коэффициенттері мәндерінің және оның мөлшерінің уәкілетті орган белгілеген ең төмен мәндерден төмен деңгейге дейін төмендеуі;
2) банкте ақшаның болмауына немесе жеткіліксіздігіне байланысты банктің кредиторлардың ақшалай міндеттемелерін және міндеттемелер бойынша ақшалай сипаттағы өзге де талаптарын орындамауы;
3) банктің қаржылық және өзге де есептілігінде анық көрсетілуі банктің меншікті капиталының жеткіліктілігі коэффициенттерін бұзуына және (немесе) кредиторлардың ақшалай міндеттемелерін және ақшалай сипаттағы өзге де талаптарын орындамауына алып келетін фактілерді (мәмілелерді) уәкілетті органның анықтауы;
4) уәкілетті органның бақылау және қадағалау жөніндегі функцияларды жүзеге асыру шеңберінде банк қызметінде банктің тұрақты жұмыс істеуіне және (немесе) оның депозиторларының және (немесе) кредиторларының мүдделеріне және (немесе) қаржы жүйесінің тұрақтылығына қатер төндіретін жағдайдың жасалуына алып келуі мүмкін кемшіліктерді және (немесе) тәуекелдерді анықтауы.
2. Уәкілетті органның банкті қаржылық жағдайы орнықсыз банктер санатына жатқызу туралы шешімі қабылданған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде банктің назарына жеткізіледі және таратылуға жатпайды.