тауарды өндіру мен өткізу үшін қажетті шығыстар өзгеріссіз қалса немесе олардың өзгеруі тауар бағасының өзгеруімен мөлшерлес болмаса;
тауарды сатушылар немесе сатып алушылар құрамы өзгеріссіз қалса не тауарды сатушылар немесе сатып алушылар құрамының өзгеруі болмашы болса;
тауардың тауар нарығындағы, оның ішінде салық салуды, кедендік-тарифтік, тарифтік және тарифтік емес реттеуді қоса алғанда, мемлекеттік реттеу шараларымен байланысты айналым жағдайлары өзгеріссіз қалса немесе олардың өзгеруі тауар бағасының өзгеруімен мөлшерлес болмаса;
2022.03.01. № 101-VII ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2022 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) тауардың бұрын белгіленген бағасын түсірмеу арқылы белгіленген баға, егер бұл ретте жиынтығында мынадай шарттар орындалса:
тауарды өндіру мен өткізу үшін қажетті шығыстар елеулі түрде төмендесе;
тауарды сатушылар немесе сатып алушылар құрамы тауардың бағасын азайту жағына қарай өзгерту мүмкіндігін туғызса;
тауардың тауар нарығындағы, оның ішінде салық салуды, кедендік-тарифтік, тарифтік және тарифтік емес реттеуді қоса алғанда, мемлекеттік реттеу шараларымен байланысты айналым жағдайлары тауардың бағасын азайту жағына қарай өзгерту мүмкіндігін қамтамасыз етсе, егер бұл баға осындай тауарды өндіру мен өткізу үшін қажетті шығыстар мен пайда сомасынан және тиісті немесе салыстырмалы тауар нарығында бәсекелестік жағдайларында қалыптасқан бағадан асып кетсе, тауардың монополиялық жоғары бағасы болып табылады.
2019.28.10. № 268-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Басқа тауармен алмастырылмайтын тауардың (оның ішінде шетелде шығарылған тауардың) немесе өзара алмастырылатын тауарлардың айналыс аясы тауар нарығы болып табылады, оның шекарасында (оның ішінде географиялық) сатып алушы экономикалық, техникалық немесе өзге де мүмкіндікті не орындылықты негізге ала отырып, тауарды сатып ала алады және оның шегінен тыс жерде мұндай мүмкіндік не орындылық болмайды.
3. Салыстырмалы тауар нарығы деп тауарды сатып алу немесе сату мақсаттары негізге алына отырып айқындалатын сатылатын тауар көлемі, тауарды сатып алушылар немесе сатушылар (берушілер) құрамы және тауар нарығына кіру шарттары бойынша салыстырылатын басқа тауар нарығы түсініледі.
Нақ сол тауар нарығында бағаны салыстыру мүмкін болмаған жағдайда, салыстырмалы тауар нарығындағы, оның ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі салыстырмалы тауар нарығындағы тауар бағасымен салыстыру жүргізіледі.
Егер салыстырмалы тауар нарығында бәсекелестік жағдайында қалыптасқан бағаны не салыстырмалы тауар нарығын айқындау, оның ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде айқындау мүмкін болмаған жағдайда, нарық субъектісінің шығыстарына және пайдасына талдау жүргізіліп, тауардың негізделген бағасы айқындалады.
4. Нарық субъектісіне Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленген тауар бағасы монополиялық жоғары баға деп танылмайды.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды; 2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 4-1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4-1. Биржалық тауарлардың тауар биржаларында және электрондық сауда алаңдарында тиісінше өткізілген сауда-саттық барысында қалыптасқан бағасы, егер мұндай баға осы Кодексте шектелген монополистік қызметті жүзеге асыру нәтижесінде белгіленбеген жағдайда, монополияға қарсы орган айқындайтын тәртіппен монополиялық жоғары (төмен) деп танылмайды.
Егер биржалық тауардың бағасы қаралып отырған кезеңде тауар биржаларында және электрондық сауда алаңдарында тиiсінше өткізілген сауда-саттық барысында қалыптасқан бағадан аспаған жағдайда, ол монополияға қарсы орган айқындайтын тәртіппен монополиялық жоғары деп танылмайды.
Монополиялық жоғары (төмен) бағаны белгілеу фактісі Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтарды тергеп-тексеру арқылы анықталады.
5. Үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісі белгілеген баға, егер:
1) осы баға нақ сол тауар нарығында үстем жағдайға ие нарық субъектісімен бір тұлғалар тобына кірмейтін нарық субъектісі белгілейтін бағадан төмен болса;
2) осы баға осындай тауарды өндіру мен өткізудің нақты шығыстары сомасынан төмен болса, тауардың монополиялық төмен бағасы болып табылады.
6. Егер тауардың бағасы осы баптың 5-тармағында көрсетілген өлшемшарттардың ең болмағанда біреуіне сәйкес келмесе, ол монополиялық төмен баға деп танылмайды. Нарық субъектісіне Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленген тауар бағасы монополиялық төмен баға деп танылмайды.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды
7. Осы баптың 1-тармағына сәйкес тауардың монополиялық жоғары бағасын айқындау кезінде ұқсас тауардың әлемдік және қазақстандық нарықтарында белгіленген бағалардың биржа және биржадан тыс индикаторлары ескеріледі.
176-бап. Монопсониялық жағдай және монопсониялық төмен баға
1. Сатып алушы ретінде үстем немесе монополиялық жағдайға ие, тиісті тауар нарығындағы үлесі жетпіс және одан көп пайызды құрайтын нарық субъектісінің жағдайы монопсониялық жағдай деп танылады.
2. Монопсониялық жағдайға ие нарық субъектісінің тауарды сатып алатын тауар бағасы, егер:
1) осы баға монопсониялық жағдайға ие нарық субъектісіне тауар өткізетін нарық субъектілері есебінен өндіру және (немесе) өткізу шығындарын төмендету жолымен оған қосымша кіріс алуға мүмкіндік берсе;
2) осы баға тауар өткізетін нарық субъектісіне осындай тауарды өндіру мен өткізуіне қажетті шығыстар мен пайда сомасынан төмен болса, монопсониялық төмен баға болып табылады.
3. Егер тауардың бағасы осы баптың 2-тармағында көрсетілген өлшемшарттардың ең болмағанда біреуіне сәйкес келмесе, ол монопсониялық төмен баға болып танылмайды.
2022.03.01. № 101-VII ҚР Заңымен 176-1-баппен толықтырылды (2022 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
176-1-бап. Негізгі қуатқа тең қолжетімділікті қамтамасыз ету
1. Үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісінің тауары, инфрақұрылым объектісі (бұдан әрі - негізгі қуатты иеленуші) негізгі қуат болып табылады, оларға қол жеткізбей басқа да нарық субъектілері тиісті немесе сабақтас тауар нарығында тауарды өндіруді және (немесе) өткізуді жүзеге асыра алмайды.
2. Нарық субъектісінің тауары, инфрақұрылым объектісі мынадай шарттардың жиынтығы кезінде:
1) технологиялық ерекшеліктерге байланысты тауарды, инфрақұрылым объектісін қайталау мүмкін болмаса немесе экономикалық тұрғыдан орынсыз болса;
2) негізгі қуатты иеленуші тиісті тауарды, инфрақұрылым объектісін иеленуге, пайдалануға және оған билік етуге құқылы болса;
3) негізгі қуатты иеленушіде тиісті тауарға, инфрақұрылым объектісіне қолжетімділікті беру мүмкіндігі болса;
4) негізгі қуатты иеленушінің тиісті тауарға, инфрақұрылым объектісіне қол жеткізуден негізсіз бас тартуы бәсекелестікке теріс әсер ететін болса;
5) негізгі қуатты иеленушінің тиісті тауар көлеміне, инфрақұрылым объектісіне қолжетімділік биржалық сауда-саттық арқылы берілмесе, негізгі қуат деп танылады.
3. Тиісті негізгі қуатқа қол жеткізудің өзге тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасымен регламенттелген жағдайды қоспағанда, негізгі қуатты иеленушілер монополияға қарсы орган бекітетін негізгі қуатқа тең қол жеткізу қағидаларына сәйкес басқа да нарық субъектілеріне негізгі қуатқа тең қолжетімділік беруге міндетті.
Егер негізгі қуат шикізат тауары болып табылған жағдайда, тиісті негізгі қуатты иеленушілер оған көрсетілген шикізатты пайдаланатын тауар өндірушілерге ғана тең қолжетімділік беруге міндетті.
Егер негізгі қуат бағдарламалық өнім болып табылған жағдайда, оған қолжетімділік Қазақстан Республикасының зияткерлік меншік саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Негізгі қуатқа тең қолжетімділік нарықтық шарттармен беріледі.
5. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген талаптар одан әрі қайта сату мақсатынсыз, өз мұқтаждары үшін және (немесе) олармен бір тұлғалар тобына кіретін тұтынушылар пайдаланатын көлемде негізгі қуатты иеленушілерге қолданылмайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережесі квазимемлекеттік сектор субъектілеріне қолданылмайды.
16-тарау. ЖОСЫҚСЫЗ БӘСЕКЕЛЕСТІК
177-бап. Жосықсыз бәсекелестік ұғымы
2022.03.01. № 101-VII ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2022 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасының заңнамасына, іскерлік айналым ғұрыптарына, парасаттылық, зерделілік пен әділдік талаптарына қайшы келетін және басқа да нарық субъектілеріне - бәсекелестерге зиян келтірген немесе келтіруі мүмкін не олардың іскерлік беделіне нұқсан келтірген немесе келтіруі мүмкін нарық субъектісінің (тұлғалар тобының) немесе бірнеше нарық субъектісінің (тұлғалар тобының) кәсіпкерлік қызметте артықшылықтар алуға бағытталған кез келген әрекеттері жосықсыз бәсекелестік болып табылады.
2022.03.01. № 101-VII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2022 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Жосықсыз бәсекелестікке оның ішінде мынадай әрекеттер жатады:
1) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ авторлық құқық объектілерін дараландыру құралдарын құқыққа сыйымсыз пайдалану;
2) басқа өндірушінің тауарын құқыққа сыйымсыз пайдалану;
3) бұйымның сыртқы түрін көшіріп алу;
4) нарық субъектісінің беделін түсіру;
5) көрінеу жалған, жосықсыз және анық емес жарнама;
6) мәжбүрлі ассортиментпен тауар өткізу (сатып алу);
7) бәсекелестің сатушысына (өнім берушісіне) бойкот жасауға шақыру;
8) сатып алушыны (өнім берушіні) кемсітуге шақыру;
9) нарық субъектісін бәсекелеспен шартты бұзуға шақыру;
10) сатушының (өнім берушінің) қызметкерін сатып алушылық;
11) сатып алушының қызметкерін сатып алушылық;
12) коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты құқыққа сыйымсыз пайдалану;
13) тұтынушыға тауардың сипатына, өндірілу тәсілі мен орнына, тұтынушылық қасиеттеріне, сапасы мен санына және (немесе) оны өндірушілерге қатысты анық емес ақпарат ұсына отырып, тауарды өткізу;
14) нарық субъектiсiнiң өзi өндiретiн және (немесе) өткiзетiн тауарларын нарықтың басқа субъектiлерi өндiретiн және (немесе) өткiзетiн тауарлармен орынсыз салыстыруы;
2022.03.01. № 101-VII ҚР Заңымен 15) тармақшамен толықтырылды (2022 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
15) тауар сатушыны (берушіні) ауыстыруға кедергі жасау.
2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 178-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
178-бап. Тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ авторлық құқық объектілерін дараландыру құралдарын құқыққа сыйымсыз пайдалану
Бөгде тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, фирмалық атауын, тауар шығарылған жердің атауын немесе біртекті тауарлар үшін олармен ұқсас белгілерді заңсыз пайдалану немесе құқық иеленушінің немесе осыған уәкілеттік берілген тұлғаның рұқсатынсыз әдеби, көркем шығармалардың, мерзімді басылымдардың атауларын пайдалану немесе оларды қаптамада тұтынушыны тауардың сипатына, өндірілу тәсілі мен орнына, тұтынушылық қасиеттеріне, сапасы мен санына қатысты немесе оны өндірушілерге қатысты жаңылыстыруға ұшыратуы мүмкін болатындай етіп пайдалану тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді дараландыру құралдарын, сондай-ақ авторлық құқық объектілерін құқыққа сыйымсыз пайдалану болып табылады.
179-бап. Басқа өндірушінің тауарын құқыққа сыйымсыз пайдалану
Құқық иеленушінің немесе осыған уәкілеттік берілген тұлғаның рұқсатынсыз өндірушінің белгілерін өзгерту не алып тастау жолымен басқа өндірушінің тауарын өз белгісімен шаруашылық айналымына енгізу басқа өндірушінің тауарын құқыққа сыйымсыз пайдалану болып табылады.
180-бап. Бұйымның сыртқы түрін көшіріп алу
1. Нарықтың басқа субъектісі бұйымының сыртқы түрін қайта жасап шығару және оны тұтынушыны тауар өндірушіге қатысты жаңылыстыруға ұшыратуы мүмкін болатын шаруашылық айналымға енгізу бұйымның сыртқы түрін көшіріп алу деп табылады.
2. Бұйымның сыртқы түрін немесе оның бөліктерін көшіріп алу, егер мұндай көшіріп алу олардың функционалдық қолданылуына ғана байланысты болса, құқыққа сыйымсыз деп танылмайды.
181-бап. Нарық субъектісінің беделін түсіру
Нарық субъектісінің қызметіне байланысты көрінеу жалған, анық емес мәліметтерді кез келген нысанда тарату нарық субъектісінің беделін түсіру болып табылады.
182-бап. Көрінеу жалған, жосықсыз және анық емес жарнама
Жосықсыз, анық емес және көрінеу жалған жарнаманың белгілері Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленеді.
183-бап. Мәжбүрлі ассортиментпен тауар өткізу (сатып алу)
Сатушының (өнiм берушiнiң) немесе сатып алушының тауарды өткiзуі (сатып алуы) кезiнде сатушының (өнім берушінің), тұтынушының құқығына қысым жасайтын және өзiнiң мазмұны бойынша немесе iскерлiк айналым дәстүрiне сәйкес мәмiленiң нысанасына қатысы жоқ қосымша талаптарды немесе шарттарды белгiлеу жөнiндегi кез келген әрекеттерi мәжбүрлi ассортиментпен тауар өткiзу (сатып алу) болып табылады.
184-бап. Бәсекелестің сатушысына (өнім берушісіне) бойкот жасауға шақыру
Бәсекелестің тікелей өзі немесе делдал арқылы ұйымдастырған, сатып алушылардың бәсекелестің сатушысымен (өнім берушісімен) шарттық қатынастар орнатудан немесе оның тауарларын сатып алудан бас тартуға бағытталған әрекеттері бәсекелестің сатушысына (өнім берушісіне) немесе оның тауарына бойкот жасауға шақыру болып табылады.
185-бап. Сатып алушыны (өнім берушіні) кемсітуге шақыру
Сатып алушы (өнім беруші) бәсекелестің тікелей өзі немесе делдал арқылы өнім берушіні (сатып алушыны) шарт жасасудан бас тартуға немесе мәні бірдей шарттар бойынша өзге де сатып алушыларға (өнім берушілерге) кемсітушілік шарттар қолдануға мәжбүрлеуге бағытталған әрекеттері сатып алушыны (өнім берушіні) кемсітуге шақыру болып табылады.
186-бап. Бәсекелеспен шартты бұзуға шақыру
Нарық субъектісінің тікелей өзі немесе делдал арқылы материалдық сыйақы, басқа да артықшылықтар беру немесе ұсыну не нарық субъектісінің өз қызметін жүзеге асыруына негізсіз кедергі келтіру арқылы бәсекелеспен шартқа қатысушының - нарықтың өзге де субъектісінің шарттық міндеттемелерді орындамауына немесе тиісінше орындамауына бағытталған әрекеттері бәсекелеспен шартты бұзуға шақыру болып табылады.
187-бап. Сатушының (өнім берушінің) қызметкерін сатып алушылық
Сатып алушы бәсекелестің тікелей өзі немесе делдал арқылы сатушы (өнім беруші) қызметкерінің қызметтік міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін оған мүліктік немесе мүліктік емес игіліктерді беруі, бұл сатып алушы бәсекелесінің сатып алушы алдында белгілі бір артықшылықтар алуына және (немесе) сатып алушының залал шегуіне әкеп соқса немесе әкеп соғу мүмкін болса, сатушының (өнім берушінің) қызметкерін сатып алушылық болып табылады.
188-бап. Сатып алушының қызметкерін сатып алушылық
Сатушы (өнім беруші) бәсекелестің тікелей өзі немесе делдал арқылы сатып алушы қызметкерінің қызметтік міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін оған мүліктік немесе мүліктік емес игіліктерді беруі, бұл сатушы (өнім беруші) бәсекелесінің сатушы (өнім беруші) алдында белгілі бір артықшылықтар алуына және (немесе) сатушының (өнім берушінің) залал шегуіне әкеп соқса немесе әкеп соғуы мүмкін болса, сатып алушының қызметкерін сатып алушылық болып табылады.
189-бап. Коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты құқыққа сыйымсыз пайдалану
Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес коммерциялық құпияны құрайтын мәліметтерді құқық иеленушінің рұқсатынсыз пайдалану коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты құқыққа сыйымсыз пайдалану болып табылады.
190-бап. Тұтынушыға тауардың сипатына, өндірілу тәсілі мен орнына, тұтынушылық қасиеттеріне, сапасы мен санына және (немесе) оны өндірушілерге қатысты анық емес ақпарат ұсына отырып, тауар өткізу
Анық емес ақпарат ұсына отырып, тауар өткізу тұтынушыға тауардың сипатына, өндірілу тәсілі мен орнына, тұтынушылық қасиеттеріне, сапасы мен санына және (немесе) оны өндірушілерге қатысты кез келген нысанда анық емес ақпарат ұсыну болып табылады.
191-бап. Нарық субъектісінің өзі өндіретін және (немесе) өткізетін тауарларын нарықтың басқа субъектілері өндіретін және (немесе өткізетін) тауарлармен орынсыз салыстыруы
Өз тауарының бәсекелестің тауарынан мәлімдеген артықшылығын құжаттамалық растауы (өз тауарын бәсекелестік тауарына қосу) болмаған кезде артықшылық дәрежесін пайдалануды қоса алғанда, өз тауарларын нарықтың басқа субъектілерінің тауарларымен салыстырылатын (тауарларға қосылатын), кез келген нысанда және кез келген құралдардың көмегімен жүзеге асырылатын жария айту, мәлімдеу, бекіту нарық субъектісінің өзі өндіретін және (немесе) өткізетін тауарларын нарықтың басқа субъектілері өндіретін және (немесе) өткізетін тауарлармен орынсыз салыстыруы болып табылады.
2022.03.01. № 101-VII ҚР Заңымен 191-1-баппен толықтырылды (2022 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді); 2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 191-1-бап жаңа редакцияда (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
191-1-бап. Тауар сатушыны (берушіні) ауыстыруға кедергі жасау
Шартты бұзу кезінде тұтынушыға шарт жасасу кезінде бұрын көзделмеген немесе болған талаптардан артық талаптар қою тауар сатушыны (берушіні) ауыстыруға кедергі жасау болып табылады.
17-тарау. МЕМЛЕКЕТТІҢ КӘСІПКЕРЛІК ҚЫЗМЕТКЕ ҚАТЫСУЫ
192-бап. Мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуының негіздері
2020.29.06. № 352-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Мемлекет мынадай:
1) мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін, қорғаныс қабілетін немесе қоғам мүдделерін қорғауды қамтамасыз етудің өзге мүмкіндігі болмаған;
2) мемлекеттік меншіктегі стратегиялық объектілер пайдаланылған және күтіп-ұсталған;
3) мемлекеттік монополияға жатқызылған салалардағы қызмет жүзеге асырылған;
4) тиісті тауар нарығында бәсекелестік болмаған не оның даму деңгейі төмен болған;
5) қызметті бұрын құрылған мемлекеттік кәсіпорындар, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар және олармен үлестес тұлғалар жүзеге асыратын жағдайларда кәсіпкерлік қызметке қатысады.
Мемлекеттік кәсіпорындар, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар және олармен үлестес тұлғалар жүзеге асыратын қызмет түрлерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
2. Мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуы:
1) мемлекеттік кәсіпорындар (мемлекеттік кәсіпкерлік) құру;
2) заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарына тікелей немесе жанама қатысу арқылы жүзеге асырылады.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар және олармен үлестес тұлғалар тауар нарығында жеке кәсіпкерлік субъектілері және акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар және олармен үлестес тұлғалар ұсынып қойған қызметті жүзеге асыратын еншілес ұйымдарды құруға құқылы емес.
2022.03.01. № 101-VII ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2022 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Өз қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорындарды, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларды және олармен үлестес тұлғаларды құру монополияға қарсы органның келісімімен жүзеге асырылады.
Осы Кодексте белгіленген өлшемшарттарға сәйкес шағын кәсіпкерлік субъектілеріне жататын, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларды және олармен үлестес тұлғаларды құруға, сондай-ақ мемлекеттің оларға қатысуына тыйым салынады.
Өз қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорындар, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар және олармен үлестес тұлғалар жүзеге асыратын қызмет түрлері кеңейтілген және (немесе) өзгертілген кезде монополияға қарсы органның келісімі қажет.
2022.03.01. № 101-VII ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды (2022 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
4-1. Мемлекеттік кәсіпорындардың, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалардың және олармен үлестес тұлғалардың жүзеге асыратын қызмет түрлерін құруды, кеңейтуді және (немесе) өзгертуді көздейтін құқықтық актілердің жобалары монополияға қарсы органмен міндетті түрде келісуге жатады.
5. Өз қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) жиырма бес пайызынан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларды және олармен үлестес тұлғаларды құру жобаның өзін-өзі ақтау мерзімі ескеріле отырып, кейіннен мемлекеттің акциялары (жарғылық капиталға қатысу үлестері) сатыла отырып, жүзеге асырылады.
6. Осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайда өз қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорынды, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаны және олармен үлестес тұлғаларды құру туралы шешім қабылдайтын орган монополияға қарсы органға негіздейтін материалдарды ұсына отырып, монополияға қарсы орган белгілеген нысан бойынша мұндай құру туралы өтінішхат ұсынады.
Өтінішхат келіп түскен кезден бастап күнтізбелік алпыс күн ішінде монополияға қарсы орган:
1) өз қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорынды, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаны және онымен үлестес тұлғаны құру болжанатын тауар нарықтарын зерттеп-тексеруге:
2) осы тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің даму деңгейі туралы, оның ішінде мемлекеттік кәсіпорынның, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаның және онымен үлестес тұлғаның осы тауар нарығында болу мерзімі туралы қорытынды дайындауға;
3) өтінішхатты ұсынған органға негізделген шешім жіберуге міндетті.
7. Монополияға қарсы орган, егер мұндай құру бәсекелестікті шектеуге әкелетін болса, өз қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорынды, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаны және онымен үлестес тұлғаны құруға келісім беруден бас тартады.
2022.03.01. № 101-VII ҚР Заңымен 8-тармақ жаңа редакцияда (2022 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8. Өз қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорындардың, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалардың және олармен үлестес тұлғалардың жүзеге асыратын қызмет түрлерін монополияға қарсы органның келісімінсіз құруға, кеңейтуге және (немесе) өзгертуге тыйым салынады және бұл Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген жағдайларда, монополияға қарсы орган бұзушылықтар мен олардың салдарларын жою туралы нұсқама шығарады.
2016.28.12. № 34-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.29.06. № 352-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 9-тармақ жаңа редакцияда
9. Осы баптың 4-тармағы бірінші және екінші бөліктерінің 5, 6, 7 және 8-тармақтарының талаптары осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 4) және 5) тармақшаларында көзделген жағдайларға ғана қолданылады.
2022.03.01. № 101-VII ҚР Заңымен 193-бап жаңа редакцияда (2022 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
193-бап. Мемлекеттік монополия және арнайы құқық
1. Осы Кодексте көзделген тәртіппен енгізілетін, бәсекелестік нарықта қандай да бір тауарды өндіруге, өткізуге және (немесе) сатып алуға мемлекеттің айрықша құқығы мемлекеттік монополия болып табылады.
Бәсекелестік нарықта қандай да бір тауарды өндіруге, өткізуге және (немесе) сатып алуға нарық субъектісінің заңда бекітілетін айрықша немесе артықшылықты құқығы арнайы құқық болып табылады.