2019.19.04. № 249-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Азаматтық авиация әуеайлақтарын (тiкұшақ айлақтарын), бiрлесiп пайдаланылатын және бiрлесiп орналастырылатын әуеайлақтарды есепке алуды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым жүзеге асырады.
2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Пайдаланушылар сертификатталмайтын әуеайлақтарды (тікұшақ айлақтарын), уақытша әуеайлақтарды (тікұшақ айлақтарын) және қону алаңдарын азаматтық және мемлекеттiк авиация салаларындағы уәкiлеттi органдар айқындаған тәртiппен есепке алуға тиiс.
68-бап. Әуе кемелеріне әуеайлақтық қызмет көрсету
1. Әуеайлақтарды (тікұшақ айлақтарын) пайдаланушылар, аэронавигациялық, метеорологиялық ұйымдар ортақ пайдалану үшін ашылған әуеайлақтарда (тікұшақ айлақтарындарда) әуе кемелерінің ұшуына әуеайлақтық, аэронавигациялық және метеорологиялық қызмет көрсетуді бірдей жағдайларда және шарттар (жария шарттар) негізінде жүзеге асырады.
2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Әуеайлақтар (тікұшақ айлақтары), әуежайлар ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн техникалық немесе метеорологиялық жағдайлар бойынша, сондай-ақ төтенше жағдайлар туындаған және төтенше жағдай енгізілген кезде ғана олардың жұмысының жарияланған сағаттарында әуе кемелерiн қабылдау және ұшуға шығару үшiн жабық болуы мүмкiн.
2019.19.04. № 249-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Әуе кемелерінің ұшуы мен қонуын, оларды күтіп алу мен ұшуға шығаруды және авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерді көрсету:
1) апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған, сондай-ақ борттағы авариялық жағдайға, материалдық бөлігі істен шығуына немесе бұзылуына байланысты ұшу маршруттары өзгерген;
2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) iздестiру-құтқару жұмыстарын жүргізу немесе дүлей зілзалалар кезінде халыққа көмек көрсету, сондай-ақ сыртқы саяси қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік орган растаған Қазақстан Республикасының халқына медициналық және (немесе) гуманитарлық көмек көрсету үшін;
3) авиация қызметіне заңсыз араласу актісіне байланысты төтенше жағдайдың салдарынан әуе кемелерінің ұшуын орындаған жағдайда өтеусіз жүзеге асырылады.
69-бап. Бірлесіп орналастыру және пайдалану әуеайлақтары
1. Азаматтық, мемлекеттік және (немесе) эксперименттік авиация ұйымдары бірлесіп орналастыратын әуеайлақ бірлесіп орналастырылатын әуеайлақ болып табылады.
2. Азаматтық, мемлекеттік және (немесе) эксперименттік авиация бірлесіп пайдаланатын әуеайлақ бірлесіп пайдалану әуеайлағы болып табылады.
3. Бірлесіп орналастыру әуеайлақтарын және бірлесіп пайдалану әуеайлақтарын пайдалану азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп бекіткен Қазақстан Республикасының азаматтық және мемлекеттік авиациясының бірлесіп орналастыру әуеайлақтарын пайдалану қағидаларына сәйкес шарттар негізінде жүзеге асырылады.
4. Бірлесіп орналастыру әуеайлақтары және бірлесіп пайдалану әуеайлақтары тиесілігіне қарай азаматтық немесе мемлекеттік авиацияға жатады. Мұндай әуеайлақтардың тізбесі Қазақстан Республикасының азаматтық және мемлекеттік авиациясы салаларындағы уәкілетті органдар басшыларының бірлескен бұйрығымен бекітіледі.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 70-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
70-бап. Әуе кемелерінің халықаралық ұшуын қамтамасыз етуге арналған әуежайлар
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасының аумағына (аумағынан) халықаралық ұшуларды орындайтын барлық азаматтық әуе кемелері халықаралық ұшуға арналған ашық халықаралық әуежайда ұшуды және қонуды жүзеге асыруға тиіс.
Әуе кемелерінің халықаралық ұшуын қамтамасыз етуге арналған әуежайларды ашу және жабу тәртібін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
2. 2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3. Шет мемлекеттердің мемлекеттік және эксперименттік әуе кемелерінің халықаралық ұшуы, сондай-ақ шет мемлекеттердің әскери құралымдарын, қару-жарақтарын және әскери техникасын тасымалдауға арналған әуе кемелерінің халықаралық ұшуы үшін ашылған әуежайларды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 71-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
71-бап. Әуеайлақтар мен әуежайларды немесе арнайы объектілерді салу, реконструкциялау, тарату немесе көшіру
2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Әуежайды, сертификатталатын әуеайлақты (тікұшақ айлағын) салу мен реконструкциялау жобалары ұшу қауіпсіздігін, авиациялық және қоғамдық қауіпсіздікті, қоршаған ортаны қорғауды, сондай-ақ әуежайға қызмет көрсету үшін көлік инфрақұрылымының (жолдар мен басқа да жер үстіндегі қатынас жолдары, телекоммуникациялар) қажеттіліктерін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды көздеуге тиіс.
2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
1-1. Халықаралық әуежайдың әуежай инфрақұрылымын дамытудың егжей-тегжейлі кезеңдерін және басым міндеттерді іске асыру жоспарын қоса алғанда, олардың тізбесін қамтитын бас жоспары болуға тиіс. Бас жоспарды әуежайды пайдаланушы экономикалық орындылық туралы ақпараттың, тасымалдар болжамдарының, әуе кемелерін пайдаланушылар қоятын ағымдағы және болашақ талаптардың негізінде әзірлейді, сондай-ақ әуеайлақтағы әуе қозғалысының көлемін ескере отырып, кезең-кезеңмен қайта қарайды.
Бас жоспарды жасау кезінде әуеайлақ қызметіне қатысушы тараптармен, атап айтқанда, әуе кемелерін пайдаланушылармен консультациялар жүргізу қажет. Әуе кемелерін пайдаланушылар әуежайды дамытудың бас жоспарын жасауға жәрдемдесу мақсатында әуежайды пайдаланушыға пайдалануға беру болжанып отырған әуе кемелерінің типтері, сипаттамалары мен саны, әуе кемелері операциялары санының күтілетін ұлғаюы және жолаушылар мен жүк тасымалының болжамды көлемі туралы ақпарат беруге тиіс.
2019.19.04. № 249-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Әуеайлақты салу немесе реконструкциялау кезінде әуеайлақты салу немесе реконструкциялау толық аяқталғанға дейін әуеайлақты пайдаланушы әуеайлақта ұшу қауіпсіздігінің баламалы деңгейін қамтамасыз еткен жағдайда, жекелеген технологиялық аяқталған объектілердің әуе кемелерін қабылдауға және шығаруға уақытша жіберуге рұқсат беріледі. Әуеайлақты пайдаланушы уақытша жіберуді азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйыммен келісу бойынша жүзеге асырады.
3. Әуеайлақтар мен әуежайларды тарату немесе басқа жерге көшіру меншік иесiнiң шешiмi бойынша жүзеге асырылады.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 72-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
72-бап. Әуеайлақ маңы аумағының шегіндегі құрылыс
Әуеайлақ маңының аумағы шегінде қалалық және ауылдық елді мекендерді жобалау, салу және дамыту, сондай-ақ өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы объектілерін және өзге де объектілерді салу және реконструкциялау әуеайлақ жабдықтарының және әуе кемелері ұшуының адамдардың денсаулығына әрі жеке және заңды тұлғалардың қызметіне ықтимал келеңсіз әсері ескеріле отырып, сондай-ақ осы Заңның 90-бабының талаптары ескеріле отырып, ұшу қауіпсіздігі талаптары сақталып жүргізілуге тиіс.
73-бап. Әуежайды уақытша басқару
1. Стратегиялық объект болып табылатын әуежайды елдің мүддесiне, адамдардың өмiрi мен денсаулығына қарамастан пайдаланудан Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгіне қатер төнген жағдайда азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының Үкіметімен келiсім бойынша халықаралық ұшуға қызмет көрсетуге рұқсат етiлген әуежайды пайдаланушыға қатысты уақытша басқаруды енгiзеді.
2. Халықаралық ұшуға қызмет көрсетуге рұқсат етiлген әуежайды пайдаланушыны уақытша басқаруды уақытша әкiмшiлiк жүзеге асырады.
Халықаралық ұшуға қызмет көрсетуге рұқсат берiлген әуежайды пайдаланушыны уақытша басқару әуежайды пайдаланушының есебінен жүзеге асырылады.
2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Уақытша басқаруды енгізу туралы шешімге әуежайдың меншік иесі, оны пайдаланушы немесе пайдаланушы акционерлерінің жалпы жиналысы уәкілеттік берген тұлға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасауы мүмкін.
4. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган уақытша әкімшілікті қалыптастырады, оның құрамына өзіне қатысты уақытша басқару енгізілетін әуежай меншік иесінің және пайдаланушының өкілдері енгізіледі.
5. Халықаралық ұшуға қызмет көрсетуге рұқсат етілген әуежайды пайдаланушының уақытша басқаруының қолданылуы кезеңінде:
1) әуежайды пайдаланушының басқару жөніндегі барлық өкілеттіктері уақытша әкімшілікке ауысады;
2) пайдаланушының әуежайды басқару жөніндегі құқықтары тоқтатыла тұрады;
3) әуежайды пайдаланушының басқару органдарының және оның басшы қызметкерлерінің өкілеттіктері тоқтатыла тұрады.
6. Уақытша әкімшілік:
1) осы Заңда айқындалған құзыреті шегінде әуежайды пайдаланушы қызметінің барлық мәселелері бойынша шешімдерді дербес қабылдайды;
2) әуежайды пайдаланушының атынан шарттар жасасады және құжаттарға қол қояды;
3) әуежайды пайдаланушының атынан және соның мүддесінде, оның ішінде сотта өкілдік етуді жүзеге асырады;
4) әуежайды пайдалануға байланысты өндірістік мәселелерді бағалау үшін тәуелсіз сарапшыларды тартады.
7. Әуежайды пайдаланушының уақытша басқаруы мынадай негіздер:
1) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның шешімімен белгіленген уақытша басқару мерзімінің өтуі;
2) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның уақытша басқаруды мерзімінен бұрын аяқтау туралы шешім қабылдауы;
3) уақытша басқарудың тоқтатылуы туралы сот шешімінің заңды күшіне енуі бойынша тоқтатылады.
8. Халықаралық ұшуды орындауға рұқсат етілген әуежайды пайдаланушыға уақытша басқару кезеңінде заңсыз әрекеттермен (әрекетсіздікпен) келтірген залалы үшін уақытша әкімшілік мүшелері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
9-тарау. ӘУЕМЕН ТАСЫМАЛДАУ. АВИАЦИЯЛЫҚ ЖҰМЫСТАР
74-бап. Әуемен тасымалдауды жүзеге асыру құқығы.
Авиакомпаниялар
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Жолаушыларды, багажды, жүктерді және пошта жөнелтілімдерін ақысын алып немесе жалдау бойынша әуемен тасымалдауды (коммерциялық әуе тасымалдарын) тұрақты және тұрақты емес рейстермен жүзеге асыру құқығына пайдаланушының қолданыстағы сертификаты бар авиакомпаниялар ие болады.
2. Авиакомпаниялар осы Заңға сәйкес азаматтық авиация саласындағы өзге де қызметті жүзеге асыруы мүмкін.
3. Тұрақты әуемен тасымалдауды орындайтын әуе компаниялары Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен акционерлік қоғам нысанында құрылады.
4. 2015.04.12. № 435-V ҚР Заңымен алып тасталды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
4-1. 2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
5. Авиакомпанияда сертификаттау талаптарына сәйкес әуе кемелерінің резервтерін қоса алғанда, әуе кемелері, әуе кемелерін қауіпсіз пайдалану және оларды ұшуға жарамдылықта ұстау үшін, сондай-ақ авиация персоналын даярлауды және қайта даярлауды ұйымдастыру үшін қаржы ресурстары мен мүлкі, әуе кемелерінің ұшуын және көрсетілетін қызметтердің сапасын ұйымдастыру және қамтамасыз ету үшін әуе кемелеріне қосалқы бөлшектерінің қоры болуға тиіс.
6. 2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен алып тасталды (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен 74-1-баппен толықтырылды
74-1-бап. Акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпанияға шетелдік қатысуды (бақылауды) шектеу
1. Шетелдік заңды тұлғаға, заңды тұлға болып табылмайтын шетелдік ұйымға, шетелдікке және (немесе) азаматтығы жоқ адамға дербес не басқа шетелдік заңды тұлғалармен, заңды тұлға болып табылмайтын шетелдік ұйымдармен, шетелдіктермен және (немесе) азаматтығы жоқ адамдармен жиынтықта:
1) акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпанияның акцияларын және (немесе) Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шығарылған, акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпанияның акциялары базалық активі болып табылатын туынды бағалы қағаздарды көрсетілген авиакомпанияның орналастырылған (авиакомпанияның өзі сатып алған акциялар шегеріле отырып) акциялары жалпы санының қырық тоғыз және одан көп пайызынан асатын мөлшерде тікелей және (немесе) жанама иеленуге, пайдалануға және (немесе) билік етуге;
2) акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпанияға қатысты тиімді бақылауды жүзеге асыруға тыйым салынады.
2. Акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпанияның акционері мұндай авиакомпанияға өзі туралы, сондай-ақ оған қатысты тиімді бақылауды жүзеге асыратын тұлғалар туралы, тиімді бақылауды жүзеге асыратын соңғы меншік иелеріне дейін ақпаратты ашуға міндетті.
Егер акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпанияның акционері әрқайсысы осындай акционерге қатысты тиімді бақылауды жүзеге асырмайтын, өзара үлестес емес бірнеше тұлға тікелей және (немесе) жанама иеленетін, пайдаланатын және (немесе) билік ететін заңды тұлға немесе заңды тұлға болып табылмайтын шетелдік ұйым болып табылса, мұндай акционер Қазақстан Республикасы немесе Қазақстан Республикасының азаматы акцияларды, қатысу үлестерін, пайларды не осындай акционерге үлестік қатысудың басқа да нысандарын тікелей және (немесе) жанама иеленетін, пайдаланатын және (немесе) билік ететін барлық жағдай туралы ақпаратты авиакомпанияға қосымша ашуға міндетті.
Акционерлердің осы тармақта көрсетілген ақпаратты ашу тәртібі, мерзімдері және басқа да шарттары акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпанияның жарғысында айқындалады.
3. Акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпания осы баптың 2-тармағына сәйкес осындай авиакомпанияның акционерлері олар туралы ақпаратты ашуға тиіс тұлғаларды тоқсан сайын есепке алуды жүргізуге міндетті.
4. Акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпанияға осы баптың 2-тармағының талаптарына сәйкес ақпаратты ішінара немесе толық бермеген акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпанияның акционері:
1) акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпания акционерлерінің жалпы жиналысы кворумын айқындау кезінде есепке алынбайды;
2) акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпания акционерлерінің жалпы жиналысында қаралатын мәселелерге дауыс беруге және (немесе) оларды талқылауға қатысуға құқылы емес.
5. Акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпания акционерлерінің жалпы жиналысы шешім қабылдағаннан кейін анықталған, акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпанияның акционері осы баптың 2-тармағының талаптарына сәйкес ұсынған ақпарат анық болмаған кезде:
1) егер мұндай шешім үшін дауыс беретін акциялардың көпшілігі (анық емес ақпарат ұсынған акционердің дауыс беретін акцияларын есепке алмағанда) дауыс берген жағдайда, акционерлердің жалпы жиналысының шешімі «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген, акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпания акционерлерінің жалпы жиналысы шешімді қабылдады деп есептелетін кворумның болуы жөніндегі талаптар сақталған кезде аталған акционердің дауысы есепке алынбай қабылданды деп есептеледі;
2) егер анық емес ақпарат берген акционердің дауысы шешуші болған жағдайда, бұл мән-жай Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен, акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпанияның не өзге де мүдделі тұлғалардың талап етуі бойынша акционерлердің жалпы жиналысының тиісті шешімін жарамсыз деп тану үшін негіз болып табылады.
6. Осы баптың 1-тармағында белгіленген шектеулер бұзылған жағдайда, бұзған акционер:
1) жасалған бұзушылық толық жойылғанға дейін акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпаниядағы өз акцияларымен дауыс беруге құқылы емес;
2) жасалған бұзушылық толық жойылғанға дейін акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпанияның акциялары бойынша дивидендтер алуға құқылы емес;
3) акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпаниядағы өзіне тиесілі акциялардың санын осы баптың 1-тармағында белгіленген шектеулерден төмен деңгейге дейін азайту жолымен акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпанияның директорлар кеңесінен тиісті талапты алған күнінен бастап он жұмыс күні ішінде жасалған бұзушылықты жоюға міндетті.
7. Акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпанияның директорлар кеңесі бұзған акционерді айқындайды және оған осы баптың 1-тармағында белгіленген шектеулерді бұзушылықты жою туралы талапты акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпанияға шетелдік қатысуды (бақылауды) шектеу жөніндегі қағидаларда және акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпанияның жарғысында айқындалған тәртіппен жібереді.
8. Егер акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпания акциялары номиналды ұстауда болса, онда осы баптың ережелері акцияларды номиналды ұстаушының клиенті болып табылатын осындай акциялардың меншік иесіне қатысты қолданылады.
Ескертпе: осы баптың мақсаттары үшін мынадай ұғымдар қолданылады:
1) бұзған акционер - осы баптың 1-тармағында белгіленген шектеулерді бұзған акционер не осы баптың 1-тармағында белгіленген шектеулерді бұзған тұлғаның тиімді бақылауындағы акционер;
2) тиімді бақылау - заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын шетелдік ұйымның шешімдерін айқындау мүмкіндігі, ол мынадай шарттардың бірі болған кезде:
заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын шетелдік ұйымның орналастырылған (артықшылықты және заңды тұлға сатып алғандарды шегере отырып) акцияларының, қатысу үлестерінің, пайларының не үлестік қатысудың басқа да нысандарының елу пайыздан астамын тікелей және (немесе) жанама иеленгенде, пайдаланғанда және (немесе) билік еткенде;
заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын шетелдік ұйымның басқару органы немесе атқарушы органы құрамының кемінде жартысын тікелей немесе жанама сайлау мүмкіндігі болғанда;
бір тұлғаның дербес не бір немесе бірнеше тұлғамен бірлесіп, заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын шетелдік ұйымның шешімдерін Қазақстан Республикасы заңнамалық актісінің, сот шешімінің негізінде, шартқа (растайтын құжаттарға) орай немесе акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпанияға шетелдік қатысуды (бақылауды) шектеу жөніндегі қағидаларда көзделген жағдайларда өзгеше түрде тікелей немесе жанама айқындау мүмкіндігі болғанда туындайды.
75-бап. Халықаралық әуемен тасымалдау
1. Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерiнде халықаралық әуе тасымалдары кезінде, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардан өзгеше жағдай туындамаса, әуемен тасымалдау туралы жалпы ережелер қолданылады.
2. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын әуе қатынасы туралы халықаралық шартқа сәйкес тұрақты әуемен тасымалдауды жүзеге асыру үшін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган осы Заңның 80-бабында белгіленген тәртіппен айқындаған тасымалдаушы тағайындалған әуемен тасымалдаушы болып табылады.
3. Почта жөнелтілімдерінің халықаралық әуемен тасымалдау Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың қағидалары сақтала отырып жүзеге асырылады.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 75-1-баппен толықтырылды
75-1-бап. Формальдылықтарды оңайлату
1. Әуе тасымалдарына жәрдемдесу және оларды жылдамдату, сондай-ақ әуе кемелерінің, экипаждардың, жолаушылар мен жүктің негізсіз кешіктірілуін болғызбау мақсатында азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган басқа мемлекеттік органдармен келісу бойынша шекаралық, кедендік, санитариялық және басқа да бақылау түрлерімен байланысты формальдылықтарды оңайлатуға бағытталған бағдарламаны әзірлейді.
2. Әуе тасымалына байланысты формальдылықтарды оңайлату жөніндегі шаралар авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыру жөніндегі шараларға залал келтіретіндей етіп жүргізілмеуге тиіс.
76-бап. Коммерциялық әуемен тасымалдау саласындағы негізгі ережелер
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Коммерциялық әуе тасымалдары әуе тасымалы шартының негізінде орындалады. Әуе тасымалы шарты авиакомпания не ол уәкілеттік берген тұлғалар (агенттер) беретін тасымалдау құжаттарын ресімдеумен куәландырылады.
Жолаушылардың, багаждың және жүктердің коммерциялық әуе тасымалдары азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Әрбір жолаушыға жеке билет ресімделеді, ол:
1) жолаушының әуемен тасымалдау шартының талаптарымен танысқанын;
2) жолаушы мен авиакомпания арасында әуемен тасымалдау шартының жасалғанын растайды.
Билет жолаушының жеке басын куәландыратын құжаттың деректері негізінде ресімделеді.
3. Авиакомпания әуе кемесінің бортында жолаушыларға қызмет көрсеткен кезде ұсынылатын тағам өнімдерінің жарамдылық мерзімдерін сақтауға міндетті.
Авиакомпания және оның лауазымды адамдары әуе кемесінің бортында жолаушыларға қызмет көрсеткен кезде ұсынылатын тағам өнімдерінің жарамдылық мерзімдерін бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
4. Тiркелген багажды тасымалдаған кезде жөнелту және межелі пункттерi көрсетiлген багаж түбіртегi берiледi.
2015.27.10. № 363-V ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 5-тармақ өзгертілді
5. Жүкті тасымалдаған кезде жөнелту және межелі пункттері, жүктің салмағы, оны тасымалдаудың шарттары көрсетілген жүкқұжаты берiледi. Жүкқұжат қағаз жеткізгіште немесе электрондық түрде жазып беріледі. Жөнелтуші мәліметтер ұсынуға және жүк берілгенге дейін Қазақстан Республикасы мен шет мемлекеттердің заңнамасында белгіленген рәсімдерді орындау үшін алушыға қажетті барлық құжаттарды жүкқұжатына қоса беруге тиіс.
Электрондық түрде жазып берілетін жүкқұжаттарды қабылдау, өңдеу, беру және сақтау авиакомпаниялар қолданатын ақпараттық жүйе мен ақпараттық технологиялар арқылы жүзеге асырылады.
Бiрыңғай тауар-көлiк жүкқұжаты (бірыңғай коносамент) бойынша әртүрлi көлiк түрлерiмен жүктердi аралас тасымалдауға қатысатын тасымалдаушылардың, сондай-ақ басқа да тұлғалардың қарым-қатынастары Қазақстан Республикасының көлік туралы заңнамалық актiлерiнде айқындалады.
Азаматтық әуе кемелерінде қауіпті жүктерді тасымалдау ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңнамасында, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен азаматтық әуе кемелерінде қауіпті жүктерді әуеде тасымалдау жөніндегі нұсқаулықта, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында айқындалады.
2015.27.10. № 363-V ҚР Заңымен 5-1-тармақпен толықтырылды
5-1. Жүк жөнелтушінің, жүкті алушының жүкті әуе тасымалдауына арналған құжаттарда көрсетілген межелі пунктке әуе тасымалдаушының уақтылы жеткізуіне және оның сақталуын қамтамасыз етуіне құқығы бар.
Жүкті, багажды немесе пошта жөнелтілімдерін тасымалдау шарты бұзылған жағдайда, жүк жөнелтушінің немесе жүкті алушының тасымалдаушыдан жүктің, багаждың немесе пошта жөнелтілімдерінің сақталмау себептері туралы құжаттарды (коммерциялық акт, жалпы нысандағы акт және өзге де құжаттар) жасауды талап етуге құқығы бар.
Егер жүктің сапасы оның тiкелей мақсаты бойынша пайдаланылуы мүмкін болмайтындай өзгергендігі анықталған болса, жүк алушының бүлінген немесе бұзылған жүкті қабылдаудан бас тартуға және оны жоғалтқаны үшiн өтем талап етуге құқығы бар.