2. Арыз келіп түскен күннен бастап - он бес жұмыс күні ішінде, ал апелляциялық және кассациялық сатылардағы соттарға іс тиісті сотқа келіп түскен күннен бастап көрсетілген мерзімде қаралуға тиіс.
458-бап. Арыздың нысаны мен мазмұны
1. Арыз беретін тұлға немесе оның уәкілетті өкілі арызға қол қояды.
2. Сот актісін жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызда:
1) арыз берілетін соттың атауы;
2) арыз беретін тұлғаның және іске қатысатын басқа да тұлғалардың атауы, олардың орналасқан жері немесе тұрғылықты жері;
3) арыз беруші жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы өтініп отырған сот актісін қабылдаған соттың атауы, сот актісінің қабылданған күні, даудың нысанасы;
4) арыз беретін тұлғаның талаптары; осы Кодекстің 455-бабында көзделген және арыз берушінің пікірінше осы мән-жайдың ашылуын немесе белгіленуін растайтын құжаттарға сілтеме жасала отырып, жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша сот актісін қайта қарау туралы мәселені қоюға негіз болған жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар;
5) қоса берілетін құжаттардың тізбесі көрсетілуге тиіс. Арызда іске қатысатын адамдардың телефон, факс нөмірлері, электрондық поштасының мекенжайы және өзге де мәліметтер де көрсетілуі мүмкін.
3. Арыз беретін тұлға іске қатысатын басқа да тұлғаларға оларда жоқ арыздың және қоса берілген құжаттардың көшірмелерін жіберуге міндетті.
4. Арызға:
1) жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайларды растайтын құжаттардың көшірмелері;
2) арызданушы қайта қарау туралы өтініш жасаған сот актісінің көшірмесі;
3) іске қатысатын басқа да тұлғаларға оларда жоқ арыздың және құжаттардың көшірмелері жіберілгенін растайтын құжат;
4) сенімхат немесе тұлғаның арызға қол қою өкілеттігін растайтын өзге де құжат қоса берілуге тиіс.
459-бап. Арыз беруге арналған мерзімнің есептелуі
Арыз беруге арналған мерзім:
1) осы Кодекстің 455-бабы екінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көзделген жағдайларда - сот үкімі, қаулысы, қылмыстық іс бойынша қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың қаулылары заңды күшіне енген күннен бастап;
2) осы Кодекстің 455-бабы екінші бөлігінің 3) тармақшасында көзделген жағдайларда - шешім шығаруға негіз болған, аталған актілердің күшін жойған соттың шешімі, үкімі, ұйғарымы, қаулысы немесе өзге де мемлекеттік органның қаулысы заңды күшіне енген күннен бастап;
3) осы Кодекстің 455-бабы үшінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген жағдайларда - преюдициалдық маңызы бар сот актісінің күшін жойған сот актісі заңды күшіне енген күннен бастап;
4) осы Кодекстің 455-бабы үшінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген жағдайларда - мәмілені жарамсыз деп таныған сот актісі заңды күшіне енген күннен бастап;
2022.05.11. № 157-VII ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5) осы Кодекстің 455-бабы үшінші бөлігінің 3) тармақшасында көзделген жағдайларда - Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының нормативтік қаулысы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған күннен бастап есептеледі.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 460-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
460-бап. Арызды соттың іс жүргізуіне қабылдау
Сот актісін жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арыз келіп түскен күнінен бастап тиісті соттың іс жүргізуіне қабылданды деп есептеледі.
461-бап. 2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 462-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
462-бап. Арызды қарау
Іске қатысатын адамдар жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша шешімді, ұйғарымды немесе қаулыны қайта қарау туралы арыздың келіп түскені туралы хабарландырылады.
Сот мұндай арызды жеке-дара немесе сот отырысында қарауға құқылы, алайда сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарландырылған, іске қатысатын адамдардың келмеуі оны қарауға кедергі болып табылмайды.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 463-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
463-бап. Соттың істі қайта қарау туралы арыз бойынша ұйғарымы
1. Сот жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша шешімді, ұйғарымды немесе қаулыны қайта қарау туралы арыз бойынша:
1) осы баптың екінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша арызды қайтару туралы;
2) сот актісін қайта қараудан бас тарту туралы;
3) арызды қанағаттандыру және шешімнің, ұйғарымның немесе қаулының күшін жою туралы уәжді ұйғарым шығарады.
2. Жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша істі қайта қарау туралы арызды қайтаруға мыналар негіз болып табылады:
1) арыздың нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптардың сақталмауы;
2) арызды беруге (қол қоюға) өкілеттігі жоқ адамның не әрекетке қабілетсіз адамның оны беруі (қол қоюы);
3) осы Кодекстің 456-бабында белгіленген қағидалардың сақталмауы;
4) мерзімді қалпына келтіру туралы немесе өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тарту туралы өтінішхат болмаған кезде арызды беру мерзімінің өтіп кетуі;
5) арыз берушінің қайтарып алуы.
3. Бірінші, апелляциялық және кассациялық сатылардағы соттардың жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша арызды қайтару туралы, сот актісінің күшін жоюдан бас тарту не күшін жою туралы ұйғарымдарына осы Кодекске сәйкес шағым жасалуы, дау айтылуы, прокурордың өтінішхаты немесе наразылығы бойынша қайта қаралуы мүмкін.
56-тарау. ТӨРЕЛІК ШЕШІМДЕРДІҢ КҮШІН ЖОЮ ТУРАЛЫ ӨТІНІШХАТ БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
464-бап. Төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхат беру
1. Төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхатты төрелік талқылау тараптары, іске қатысуға тартылмаған, бiрақ төрелік заңда көзделген негiздер бойынша құқықтары мен мiндеттерiне қатысты шешiм қабылдаған үшiншi тұлғалар төрелік шешімді алған күннен бастап бір ай iшiнде бере алады.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхат Қазақстан Республикасының тиісті апелляциялық сатыдағы сотына беріледі:
1) егер төрелік шешім Қазақстан Республикасының аумағында қабылданса, төрелік дауды қараған жер бойынша;
2) егер төрелік шешім шет мемлекетте Қазақстан Республикасының заңы бойынша қабылданса, тұрақты жұмыс істейтін төреліктің орналасқан жері бойынша;
3) егер төрелік шешім шет мемлекетте Қазақстан Республикасының заңы бойынша қабылданса, Қазақстан Республикасында төреліктің құрылған жері бойынша Қазақстан Республикасының тиісті сотына беріледі.
3. Егер шешімнің күшін жою үшін осы баптың бірінші бөлігінде белгіленген мерзім өтіп кетсе және осы Кодекске сәйкес оны қалпына келтіру үшін негіздер болмаса, судья өтінішхатты қайтарады.
465-бап. Өтінішхатты қарау
1. Төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхатты сот осы Кодексте көзделген қағидалар бойынша iс қозғалған кезден бастап он жұмыс күні iшiнде қарайды.
Үшінші тұлға өтінішхат берген кезде қосымша дәлелдемелер беру қажет болса, судьяның іс бойынша іс жүргізуді бір айға дейінгі мерзімге ұзартуға құқығы бар.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 1-1-бөлікпен толықтырылды
1-1. Төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхатты апелляциялық сатыдағы сот кемінде үш алқа судьясының алқалы құрамында осы Кодекстің 3-бөлімінің қағидалары бойынша қарайды.
2. Төрелік талқылау тараптары, үшінші тұлғалар төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхат берген жағдайда, сот оларға сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарлайды. Сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарландырылған көрсетілген тұлғалардың келмей қалуы істі қарауға кедергі болмайды.
3. Сот істі қараған кезде мәлімделген талаптар мен қарсылықтарға негіз ретінде сотқа ұсынылған дәлелдемелерді зерттеу арқылы төрелік шешімнің күшін жою үшін заңда көзделген негіздердің болуын немесе болмауын анықтайды.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 3-1-бөлікпен толықтырылды
3-1. Сот тараптардың бiрiнiң өтiнiшi бойынша төрелік талқылауды қайта бастау не төрелік шешімнің күшін жою үшін негiздердi жоюға мүмкiндiк беретін өзге де шараларды қолдану үшін төрелік шешiмнiң күшiн жою туралы өтiнiшхат бойынша iс жүргiзудi белгiленген мерзiмге тоқтата тұруға құқылы.
Егер төрешілер жаңа шешім шығарса, тарап сот белгілеген мерзім ішінде талап қоюды ұсынбай, қайта басталған төрелік талқылауға немесе бастапқы шешімдегі өзгерістерге қатысты бөлігінде шешімнің күшін жою туралы өтінішхат беруге құқылы.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Сот төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхатты қарау нәтижелерi бойынша төрелік шешiмнiң күшiн жою не өтінішхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым шығарады. Соттың ұйғарымына осы Кодекске сәйкес жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкiн.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 5-бөлікпен толықтырылды
5. Сот төрелік шешімнің күшін жою туралы ұйғарымда төрелік шешімді мәжбүрлеп орындатуға беру туралы ұйғарымның күшін жою мәселелерін шешуге тиіс.
4-бөлім. ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ПРОЦЕСС
57-тарау. ШЕТЕЛДІК ТҰЛҒАЛАР ҚАТЫСАТЫН ІСТЕР БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
466-бап. Шетелдік тұлғалар қатысатын істер бойынша Қазақстан Республикасы соттарының құзыреті
1. Егер Қазақстан Республикасының аумағында жауапкер-ұйым орналасқан болса немесе жауапкер-азаматтың тұрғылықты жері болса, шетелдік тұлғалар қатысатын істі Қазақстан Республикасының соттары қарайды.
2. Қазақстан Республикасының соттары шетелдік тұлғалар қатысатын істерді де мынадай:
1) шетелдік тұлғаның басқару органы, филиалы немесе өкілдігі Қазақстан Республикасының аумағында болған;
2) жауапкердің Қазақстан Республикасының аумағында мүлкі болған;
3) алименттер өндіріп алу туралы және әке болуды анықтау туралы іс бойынша талап қоюшының Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері болған;
4) мертігумен, денсаулыққа өзге де зақым келтірумен немесе асыраушысының қайтыс болуынан келтірілген зиянды өтеу туралы іс бойынша зиян Қазақстан Республикасының аумағында келтірілгенде немесе талап қоюшының Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері болған;
5) мүлікке келтірілген зиянды өтеу туралы іс бойынша, зиянды өтеу туралы талап қою үшін негіз болған әрекет немесе өзге де мән-жай Қазақстан Республикасының аумағында орын алған;
6) талап қою, оның толық немесе ішінара орындалуы Қазақстан Республикасының аумағында орын алуға тиіс болған немесе орын алған шарттан туындаған;
7) талап қою Қазақстан Республикасының аумағында орын алған негізсіз баюдан туындаған;
8) некені бұзу туралы іс бойынша талап қоюшының Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері болған немесе ерлі-зайыптылардың ең болмағанда біреуі Қазақстан Республикасының азаматы болған;
9) ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғау туралы іс бойынша талап қоюшының Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері болған;
2023.12.07. № 23-VІІІ ҚР Заңымен 10) тармақша өзгертілді (2023 ж. 24 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
10) дербес деректер субъектілерінің құқықтарын қорғау туралы, оның ішінде залалдарды және (немесе) моральдық зиянды өтеу туралы іс бойынша талап қоюшының Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері болған;
2023.12.07. № 23-VІІІ ҚР Заңымен 11) тармақшамен толықтырылды (2023 ж. 24 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
11) «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда прокурордың талап қоюлары мен арыздары істерге негіз болған жағдайларда қарайды.
3. Қазақстан Республикасының соттары басқа істерді де, егер олар заңмен және (немесе) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартпен өз құзыретіне жатқызылса, қарайды.
467-бап. Шетелдік тұлғалар қатысатын Қазақстан Республикасы соттарының айрықша құзыреті
1. Қазақстан Республикасы соттарының айрықша құзыретіне:
1) Қазақстан Республикасында орналасқан жылжымайтын мүлік құқығына байланысты істер;
2) егер тасымалдаушылар Қазақстан Республикасының аумағында болса, тасымалдаушыларға тасымал шарттарынан туындайтын талап қою жөніндегі істер;
3) егер ерлі-зайыптылардың екеуінің де Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері болса, Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен некесін бұзу туралы істер;
2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) осы Кодекстің 30-тарауында көзделген ерекше талап қою ісін жүргізу істері жатады.
2. Қазақстан Республикасының соттары ерекше іс жүргізу істерін:
1) фактіні анықтау туралы іс бойынша арыз берушінің Қазақстан Республикасының аумағында тұрғылықты жері болған немесе анықталуы қажет факт Қазақстан Республикасының аумағында орын алған немесе орын алатын;
2020.07.07. № 361-VI ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) өзіне қатысты бала асырап алу туралы, әрекетке қабілеттігін шектеу немесе оны әрекетке қабілетсіз деп тану туралы, кәмелетке толмаған адамды толығымен әрекетке қабілетті деп жариялау (эмансипация) туралы, психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымның стационарына мәжбүрлеп емдеуге жатқызу туралы, психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамды мәжбүрлеп емдеуге жатқызу мерзімін ұзарту, туберкулезден мәжбүрлеп емдеу туралы арыз берілген азамат Қазақстан Республикасының азаматы болған не оның Қазақстан Республикасының аумағында тұрғылықты жері болған;
3) өзіне қатысты хабарсыз кетті деп тану немесе қайтыс болды деп жариялау туралы мәселе қойылған азамат Қазақстан Республикасының азаматы болған не Қазақстан Республикасының аумағында соңғы белгілі тұрғылықты жері болған және бұл ретте Қазақстан Республикасының аумағында тұрғылықты жері немесе орналасқан жері бар азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен міндеттерін анықтау осы мәселенің шешілуіне байланысты болған;
4) Қазақстан Республикасының аумағындағы затты иесіз деп тану туралы арыз берілген;
5) бағалы қағазды жоғалды деп тану туралы және оған тиісті құқықтарды қалпына келтіру (шақыртып іс жүргізу) туралы берілген арызды Қазақстан Республикасының аумағында тұратын немесе орналасқан азамат немесе ұйым берген;
6) жаңсақтығын анықтау туралы арыз берілген азаматтық хал актілеріндегі жазуды Қазақстан Республикасының азаматтық хал актілерін жазу органдары жасаған;
7) шағым жасалып отырған нотариаттық әрекеттерді (оларды жасаудан бас тартуды) Қазақстан Республикасының нотариусы немесе басқа да органы жасаған жағдайларда қарайды.
468-бап. Шарттық соттылық
Шетелдік соттың құзыреті осы Кодекстің 31-бабында көзделген жағдайлардан басқа, тараптардың жазбаша келісімімен көзделуі мүмкін. Мұндай келісім болған жағдайда сот жауапкердің өтінішхатымен, егер мұндай өтінішхат істі мәні бойынша қарау басталғанға дейін мәлімделсе, арызды қараусыз қалдырады.
469-бап. Құзыреттің өзгермейтіндігі
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген құзыреттілік қағидаларын сақтай отырып, Қазақстан Республикасының соты іс жүргізуге қабылдаған іс бұдан әрі тараптардың азаматтығының, тұрғылықты жерінің өзгеруіне және құзыретке әсер ететін басқа да мән-жайларға байланысты басқа мемлекеттің сотының соттылығына жатқызылса да, мәні бойынша шешіледі.
470-бап. Шетелдік сотта іс жүргізудің мәні
1. Қазақстан Республикасы сот шешімдерін өзара тануды және орындауды көздейтін халықаралық шарт жасасқан шет мемлекеттің соты егер сол тараптар арасындағы, сол нысанасы туралы және сол негіздер бойынша дау жөнінде шешім шығарып қойған болса, Қазақстан Республикасының соты арызды қараусыз қалдырады, ал іс бойынша іс жүргізуді тоқтатады.
2. Егер шет мемлекеттің сотында сол тараптар арасындағы, сол нысанасы туралы және сол негіздер бойынша бұрын қозғалған дау жөніндегі іс болса, ол бойынша шешім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасында тануға жатса, Қазақстан Республикасының соты арызды қараусыз қалдырады, ал іс бойынша іс жүргізуді тоқтатады.
3. Осы баптың ережелері осы іс Қазақстан Республикасы соттарының айрықша құзыретіне жатқызылатын жағдайларды қозғамайды.
471-бап. Соттылық
Қазақстан Республикасының заңнамасында Қазақстан Республикасы соттарының құзыретіне жатқызылған істердің соттылығы осы Кодекстің 3-тарауында белгіленген соттылық қағидалары бойынша айқындалады.
472-бап. Шетелдік тұлғалардың процестік құқықтары мен міндеттері
1. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік және халықаралық ұйымдардың (бұдан әрі - шетелдік тұлғалар) өздерінің бұзылған немесе дауланып отырған құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау үшін Қазақстан Республикасының соттарына жүгінуге құқығы бар.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, шетелдік тұлғалар процестік құқықтарды пайдаланады және процестік міндеттерін Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен бірдей орындайды.
3. Соттарда шетелдік тұлғалар қатысатын істер бойынша сот ісін жүргізу осы Кодекске, өзге де заңдарға және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
4. Қазақстан Республикасының азаматтары мен ұйымдарының процестік құқықтарын арнайы шектеулерге жол берілетін мемлекеттердің шетелдік тұлғаларына қатысты Қазақстан Республикасы қарсы шектеулер (реторсиялар) белгілеуі мүмкін.
473-бап. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың азаматтық процестік әрекетке қабілеттілігі
1. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың азаматтық процестік әрекетке қабілеттілігі олардың жеке заңы бойынша айқындалады.
2. Өзі азаматы болып табылатын мемлекеттің құқығы шетелдіктің жеке заңы болып табылады.
3. Азаматта бірнеше шет мемлекеттің азаматтығы болған жағдайда, ол неғұрлым тығыз байланыста болатын, оның ішінде азаматтың тұрғылықты жері бар мемлекеттің заңы оның жеке заңы болып есептеледі.
4. Азаматтығы жоқ адамның жеке заңы - ол тұрғылықты тұратын жері бар мемлекеттің заңы, ал олай болмаған жағдайда оның әдетте тұрып жатқан мемлекетінің заңы сол адамның жеке заңы болып есептеледі.
5. Өзінің жеке заңы бойынша процестік әрекетке қабілетті болып табылмайтын адам, егер Қазақстан Республикасының заңына сәйкес процестік әрекет қабілетіне ие болса, ол Қазақстан Республикасының аумағында әрекетке қабілеті бар деп танылуы мүмкін.
474-бап. Шетелдік және халықаралық ұйымның процестік құқыққа қабілеттілігі
1. Шетелдік ұйымның процестік құқыққа қабілеттілігі осы ұйым соған сәйкес құрылған шет мемлекеттің заңы бойынша айқындалады. Бұл заң бойынша процестік құқыққа қабілеті жоқ шетелдік ұйым Қазақстан Республикасының заңына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында құқыққа қабілеті бар деп танылуы мүмкін.
2. Халықаралық ұйымның процестік құқыққа қабілеттілігі осы ұйым соған сәйкес құрылған халықаралық шарттың немесе Қазақстан Республикасының өзге де халықаралық шарттарының негізінде белгіленеді.
475-бап. Шет мемлекеттердің органдары берген құжаттарды тану
1. Қазақстан Республикасының ұйымдарына немесе шетелдік тұлғаларға қатысты шет мемлекеттердің заңдары бойынша Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жасалған, шет мемлекеттердің құзыретті органдары белгілеген нысанмен берген, жасаған немесе куәландырған құжаттарды Қазақстан Республикасының соттары, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында және (немесе) халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, консулдық заңдастыру болған немесе апостиль қойылған жағдайда қабылдайды.
2. Шетел тілінде жасалған құжаттар Қазақстан Республикасының соттарына ұсынылған кезде олардың тиісті түрде куәландырылған, сот ісін жүргізу тіліне аударылған аудармасымен бірге берілуге тиіс.
476-бап. Құқықтық көмек туралы тапсырмалар
1. Қазақстан Республикасының соттары заңнамада және (немесе) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделетін көлемде құқықтық көмек көрсетеді.
Құқықтық көмек көрсету, хабарламаларды, басқа да құжаттарды тапсыруды және жіберуді, сондай-ақ өзге де процестік әрекеттерді орындауды, атап айтқанда, тараптарды, куәгерлерді тыңдауды, сараптама жүргізуді, сол жерде қарап-тексеруді, орындалуы құқықтық көмек көрсету шеңберінде заңнамада немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта не өзара негізде көзделген басқа да процестік әрекеттерді қамтиды.
2. Қазақстан Республикасының соттары:
1) тапсырманы орындау Қазақстан Республикасының егемендігіне нұқсан келтіретін немесе Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне қатер төндіретін;
2) тапсырмаларды орындау соттың құзыретіне кірмейтін жағдайларды;
3) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген өзге де жағдайларды қоспағанда, өздеріне заңда немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта не өзара негізде көзделген тәртіппен берілген жекелеген процестік әрекеттерді жүргізу туралы шетелдік соттардың тапсырмаларын орындайды.
3. Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, шетелдік соттардың жекелеген процестік әрекеттерді орындау туралы тапсырмаларын орындау осы Кодексте белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
4. Қазақстан Республикасының соттары жекелеген процестік әрекеттерді орындау туралы тапсырмалармен шетелдік соттарға жүгіне алады.
5. Қазақстан Республикасы соттарының шетелдік соттармен қарым-қатынас жасау тәртібі заңда немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда не өзара негізде айқындалады.
6. Қазақстан Республикасы соттарының құқықтық көмек көрсетуі туралы заңнамасының қолдануын және шет мемлекеттердің соттарына құқықтық көмекке жүгінуді егжей-тегжейлейтін нұсқаулықты соттардың қызметін ұйымдық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын орган бекітеді.
2023.12.07. № 23-VІІІ ҚР Заңымен 7-бөлікпен толықтырылды (2023 ж. 24 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
7. Шет мемлекеттердің соттары мен құзыретті органдарынан Қазақстан Республикасының соттарына жолданған құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуларды қабылдауды, егер бұл Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделсе, активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган, Қазақстан Республикасының өзге де құзыретті органдары жүзеге асыра алады.
477-бап. Шет мемлекеттiң иммунитетi
Осы Кодексте белгiленген жағдайларды қоспағанда, шет мемлекет Қазақстан Республикасында соттық иммунитеттi, талап қоюды қамтамасыз етуге қарсы иммунитеттi және сот актiсiн мәжбүрлеп орындатуға қарсы иммунитеттi қоса алғанда, юрисдикциялық иммунитеттi пайдаланады.
478-бап. Соттық иммунитет
Осы Кодекстiң ережелерiне сәйкес шет мемлекет, егер ол соттық иммунитеттен бас тартуға келiссе не осы Кодекстiң 484-бабына сәйкес шет мемлекетке иммунитет қолданылмайтын болса, сондай-ақ егер ол мемлекеттiң егемен билiгiн жүзеге асырудан өзге қызметтi жүзеге асырса, оның iшiнде осы Кодекстiң 484, 485, 486, 487, 488, 489, 490 және 491-баптарында көрсетiлген жағдайларда Қазақстан Республикасында соттық иммунитеттi пайдаланбайды.
479-бап. Шет мемлекеттің қарсы талап қоюға қатысты иммунитеттен бас тартуы
1. Қазақстан Республикасының сотына талап қойған шет мемлекет осы мемлекеттiң алғашқы талап қоюы сияқты сол құқықтық қатынастарға немесе фактiлерге негiзделген кез келген қарсы талап қоюға қатысты соттық иммунитеттен бас тартуға келiскен деп танылады.
2. Қазақстан Республикасының сотына қарсы талап қою берген шет мемлекет алғашқы талап қоюына қатысты соттық иммунитеттен бас тартуға келiскен деп танылады.
480-бап. Шет мемлекеттiң Қазақстан Республикасы сотының юрисдикциясына келiсуi және соттық иммунитеттен бас тартуы
1. Егер шет мемлекет тиiстi мәселеге немесе iске қатысты Қазақстан Республикасы сотының юрисдикцияны жүзеге асыруына, атап айтқанда:
1) халықаралық шартта;
2) Қазақстан Республикасының халықаралық шарты болып табылмайтын жазбаша келiсiмде;
3) Қазақстан Республикасының сотында мәлімдеме жасау немесе нақты талқылау шеңберiнде жазбаша хабардар ету арқылы тiкелей келiсiм бiлдiрсе, ол соттық иммунитеттен бас тартуға келiсті деп танылады.
2. Шет мемлекеттiң соттық иммунитеттен бас тартуға келiсуi оның талап қоюды қамтамасыз ету иммунитетінен және сот актiсiн мәжбүрлеп орындату иммунитетінен бас тартуға келiсуi ретiнде қарастырылмайды.