2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2021.24.05. № 43-VІІ ҚР Заңымен (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Ақша, бағалы қағаздар, заттар, зияткерлiк қызмет нәтижесi құқығын қоса алғанда, мүлiктiк құқықтар және өзге де мүлiк (жарғылық капиталы тек қана ақшамен қалыптастырылатын, Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру туралы заңнамасына сәйкес құрылатын арнайы қаржы компанияларын, Қазақстан Республикасының микроқаржылық қызмет туралы заңнамасына сәйкес құрылатын, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарды, Қазақстан Республикасының коллекторлық қызмет туралы заңнамасына сәйкес құрылатын коллекторлық агенттіктерді және Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасына сәйкес құрылатын исламдық арнайы қаржы компанияларын қоспағанда) шаруашылық серiктестiктiң жарғылық капиталына салынатын салым бола алады.
Құрылтайшылардың (қатысушылардың) жарғылық капиталға заттай нысанда немесе мүлiктiк құқықтар түрiнде салған салымдары барлық құрылтайшылардың келісімi бойынша немесе серiктестiктiң барлық қатысушыларының жалпы жиналысының шешiмi бойынша ақшалай нысанда бағаланады. Егер мұндай салымның құны жиырма мың айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiне барабар сомадан асып кетсе, оның бағасын бағалаушы растауға тиiс.
Шаруашылық серiктестiгiн қайта тiркеген кезде оған қатысушының салымын ақшалай бағалау серiктестiктiң бухгалтерлiк құжаттарымен не аудиторлық есеппен расталуы мүмкiн.
Серiктестiктiң құрылтайшылары (қатысушылары) осындай баға берiлген кезден бастап бес жыл бойы серiктестiктiң несие берушiлерi алдында салым бағасы арттырылған сома шегiнде бiрлесiп жауап бередi.
Серiктестiкке салым ретiнде мүлiктi пайдалану құқығы берiлетiн жағдайларда бұл салымның мөлшерi құрылтай құжаттарында көрсетiлген барлық мерзiмге есептелген осы мүлiктi пайдалану төлемiмен анықталады.
Жеке мүліктік емес құқықтар және өзге де материалдық емес игіліктер түрінде салымдар енгізуге жол берілмейді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, серіктестікке қатысушылардың талаптарын есепке жатқызу жолымен салымдар енгізуге жол берілмейді.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Егер құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, жарғылық капиталдағы барлық қатысушылардың үлестерi және тиiсiнше олардың шаруашылық серiктестiгi мүлкiнiң құнындағы үлестерi (мүлiктегi үлес) жарғылық капиталдағы салымдарына барабар болады.
Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерінде немесе құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, шаруашылық серiктестiгіне қатысушының серiктестiк мүлкіндегі (жарғылық капиталындағы) өз үлесін немесе оның бір бөлігін кепілге салуға және (немесе) сатуға құқығы бар.
Тарапы жеке тұлға болып табылатын шаруашылық серiктестiгінің шығатын қатысушысының серіктестік мүлкіндегі (жарғылық капиталындағы) үлесіне немесе оның бір бөлігіне құқығын иеліктен шығару (басқаға беру) шарты нотариаттық куәландырылуға жатады.
3. Жарғылық капиталға салым салудың тәртібі мен мерзiмi, сондай-ақ жарғылық капиталды құру жөніндегі мiндеттердi орындамағаны үшiн жауапкершiлiк заң құжаттарында және (немесе) құрылтай құжаттарында белгiленедi.
4. Шаруашылық серiктестiгiнiң жарғылық капиталын азайтуға оның барлық несие берушiлерiне хабарланғаннан кейiн жол берiледi. Олар бұл жағдайда серiктестiктiң мерзiмiнен бұрын тоқтатылуын немесе тиiстi мiндеттемелерiн орындауын және оның зиянды өтеуiн талап етуге құқылы.
Осы тармақта белгiленген тәртiптi бұза отырып жарғылық капиталды азайту мүдделi адамдардың арызы негізінде сот шешiмiмен серiктестiктi таратуға негiз болып табылады.
02.03.98 ж. № 211-1; 22.04.98 ж. № 221; 2006.05.05. № 139-III (бұр. ред. қара); 2007.12.01. № 225-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен; 2014.07.03. № 177-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 60-бап өзгертiлдi
60-бап. Шаруашылық серiктестiктi басқару
1. Шаруашылық серiктестiктiң жоғары органы оның қатысушыларының жалпы жиналысы болып табылады.
Толық серіктестіктен және сенім серіктестігінен басқа, бір тұлға құрған шаруашылық серiктестiктерде жалпы жиналыстың өкiлеттiгi оның бiрден бiр қатысушысына тиесiлi болады.
2. Шаруашылық серiктестiкте оның қызметiне күнделiктi басшылық жасайтын және оның қатысушыларының жалпы жиналысына есеп берiп отыратын атқарушы орган (алқалық және (немесе) жеке-дара құрылады). Жеке-дара басқару органы оның қатысушылары арасынан сайланбауы мүмкiн.
Серiктестiктiң алқалы органдары ретiнде:
1) басқарма (дирекция);
2) байқаушы кеңес;
3) заң актілерінде немесе шаруашылық серiктестiгi қатысушыларының жалпы жиналысының шешiмiнде көзделген жағдайларда басқа да органдар құрылуы мүмкiн.
2-1. Шаруашылық серіктестігі банкрот деп танылған немесе оңалту рәсімі қолданылған және заңда белгіленген тәртіппен уақытша не банкроттықты немесе оңалтуды басқарушы тағайындалған жағдайда, оны басқару жөніндегі барлық өкілеттік тиісінше уақытша не банкроттықты немесе оңалтуды басқарушыға өтеді.
3. Шаруашылық серiктестiктiң органдарының құзыретi, оларды сайлау (тағайындау) тәртібі, сондай-ақ олардың шешiмдер қабылдау тәртібі осы Кодекске, заң құжаттарына және құрылтай құжаттарына сәйкес белгiленедi.
4. Шаруашылық серiктестiгi қаржы есептерiнiң дұрыстығын тексеру және растату үшiн серiктестiкпен немесе оның қатысушыларымен мүлiктiк мүдделер жөнiнен байланысы жоқ аудиторлық ұйымды тарта алады (сыртқы аудит).
Шаруашылық серiктестiгiн аудиторлық тексеру серiктестiк бiр немесе бiрнеше қатысушысының талап етуi бойынша соның (солардың) есебiнен кез келген уақытта жүргiзiлуге тиiс.
Шаруашылық серiктестiгiнiң қызметiне аудиторлық тексерудi жүргiзу тәртібі заңдармен және серiктестiктiң құрылтай құжаттарымен белгiленедi.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1; 2007.19.02. № 230-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 61-бап өзгертiлдi
61-бап. Шаруашылық серiктестiкке қатысушылардың құқықтары мен мiндеттерi
1. Шаруашылық серiктестiкке қатысушылардың:
1) құрылтай құжаттарында белгiленген тәртiппен шаруашылық серiктестiктiң iстерiн басқаруға қатысуға;
2) шаруашылық серiктестiктiң қызметi туралы ақпарат алуға және құрылтай құжаттарында белгiленген тәртiппен оның құжаттамаларымен танысуға;
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) таза табысты бөлiсуге қатысуға құқығы бар. Құрылтай құжаттарының бiр немесе бiрнеше қатысушыны таза табысты бөлiсуге қатысудан шеттетудi көздейтiн талаптары маңызсыз болады;
4) шаруашылық серiктестiк таратылған жағдайда несие берушiлермен есеп айырысқаннан кейiн қалған серiктестiк мүлкіндегі өздерiнiң үлесiне сәйкес мүлiктiң бiр бөлiгiн немесе оның құнын алуға;
5) 1998.02.03. № 211-1 Заңымен алып тасталды
Шаруашылық серіктестікке қатысушылардың заң құжаттарында және құрылтай құжаттарында көзделген басқа да құқықтары болуы мүмкін.
2. Шаруашылық серiктестiкке қатысушылар:
1) құрылтай құжаттарының талаптарын сақтауға;
2) салымдарды құрылтай құжаттарында көзделген тәртiп, мөлшер, әдiстер және мерзiмдер бойынша салып отыруға;
3) шаруашылық серiктестiк коммерциялық құпия деп жариялаған мәлiметтердi жария етпеуге мiндеттi.
Шаруашылық серiктестiктiң қатысушылары Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде және құрылтай құжаттарында көзделген басқа да мiндеттердi атқаруы мүмкiн.
ҚР 15.07.96 ж. № 30-I; 16.07.99 ж. № 436-I Заңдарымен 62-бапқа өзгерістер енгізілді
62-бап. Шаруашылық серiктестiктердi қайта құру
1. Шаруашылық серiктестiктер заң құжаттарында белгiленген реттер мен тәртiп бойынша қатысушылардың жалпы жиналысының шешiмiмен шаруашылық серiктестiктiң бiр түрiнен екiншi түрi не акционерлік қоғамдар немесе өндiрiстiк кооперативтер болып қайта құрылуы мүмкiн.
2. Толық серiктестiк немесе сенім серiктестiгi акционерлік қоғам, жауапкершiлiгi шектеулi немесе қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiк болып қайта құрылған жағдайда акционерлік қоғамның, жауапкершiлiгi шектеулi немесе қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiктiң қатысушысы болған әрбiр толық серiктес толық серiктестiктен немесе сенім серiктестiгiнен акционерлік қоғамға, жауапкершiлiгi шектеулi немесе қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiкке көшкен мiндеттемелер бойынша екi жыл бойы өзiнiң барлық мүлкiмен субсидиялық жауапты болады. Бұрынғы толық серiктестiң өзiне тиесiлi акцияларды (үлестердi) иелiктен шығаруы оны мұндай жауапкершiлiктен босатпайды.
2. Толық серiктестiк
63-бап. Толық серiктестiк туралы негiзгi ережелер
1. Толық серiктестiктiң мүлкi жеткiлiксiз болған жағдайда қатысушылары серiктестiктiң мiндеттемелерi бойынша өзiне тиесiлi барлық мүлкiмен ортақ жауапкершiлiкте болатын серiктестiк толық серiктестiк деп танылады.
2. Азамат бiр ғана толық серiктестiктiң қатысушысы бола алады.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1 Заңдарымен 64-бап өзгертiлдi; 2012.26.11 № 57-V ҚР Заңымен 64-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2021.24.05. № 43-VІІ ҚР Заңымен (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 64-бап өзгертілді
64-бап. Толық серiктестiктiң жарғылық капиталы
Толық серiктестiктiң жарғылық капиталының мөлшерiн оның құрылтайшылары айқындайды, бiрақ ол Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгiленген ең төменгi мөлшерден кем болмауы керек.
Толық серiктестiк нысанында құрылған, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың жарғылық капиталының ең төменгі мөлшерi Қазақстан Республикасының микроқаржылық қызмет туралы заңнамасында айқындалады.
Толық серіктестік нысанында құрылған коллекторлық агенттіктердің жарғылық капиталының ең төмен мөлшері Қазақстан Республикасының коллекторлық қызмет туралы заңнамасында айқындалады.
ҚР 11.07.97 ж. № 154 Заңымен 65-бап өзгертiлдi
65-бап. Толық серiктестiктiң iсiн жүргiзу
1. Толық серiктестiктiң ең жоғары органы қатысушылардың жалпы жиналысы болып табылады. Толық серiктестiктiң iшкi мәселелерi жөнiнде шешiм барлық қатысушылардың жалпы келісімi бойынша қабылданады. Серiктестiктiң құрылтай шартында қатысушылардың көпшiлiк даусымен шешiм қабылданатын реттер көзделуi мүмкiн. Егер құрылтай шартында оның қатысушыларының дауыс санын анықтаудың өзгеше тәртібі көзделмесе, толық серiктестiктiң әрбiр қатысушысының бiр даусы болады. Құрылтай шартында қатысушылар алатын дауыс санын олардың жарғылық капиталдағы үлесiне сай белгiленетiндiгi көзделуi мүмкiн.
2. Толық серiктестiктi осы баптың 1-тармағының ережелерiн ескере отырып басқаруды толық серiктестiктiң атқару органдары жүзеге асырады. Басқару органдарының түрлерi, құрылу тәртібі және олардың құзыретi құрылтай құжаттарында белгiленедi.
3. Толық серiктестiкке қатысушының қалған қатысушылардың келісімiнсiз өз атынан және өз мүдделерi немесе үшiншi жақтардың мүдделерi үшiн серiктестiк қызметi мәнiмен бiртектес мәмiлелер жасасуға құқығы жоқ. Бұл ереже бұзылған жағдайда серiктестiк өз қалауы бойынша мұндай қатысушылардан не серiктестiкке келтiрiлген залалдың орнын толтыруын, не осындай мәмiлелерден тапқан бүкiл пайданы серiктестiкке беруiн талап етуге құқылы.
4. Серiктестiктiң iсiн жүргiзу тапсырылған толық серiктестiктiң органдары барлық қатысушыларға олардың талап етуi бойынша өз қызметi туралы толық ақпарат берiп отыруға мiндеттi.
5. Өкiлеттiгi болмаса да ортақ мүдделер үшiн әрекет жасаған қатысушыны, оның әрекеттерiн қалған қатысушылар мақұлдамаған жағдайда, егер өз әрекеттерiнiң арқасында серiктестiк құны жөнiнен серiктестiк шеккен шығындардан асып түсетiн мүлiктi сақтап қалғандығын немесе тиiсiнше сатып алғандығын дәлелдеген жағдайда серiктестiктен өзi жасаған шығындардың орнын толтыруды талап етуге құқылы.
66-бап. Толық серiктестiкке қатысушы үлесiнiң үлесiнiң бiр бөлiгiнiң) ауысуы
1. Толық серiктестiкке қатысушының өз үлесiн (үлесiнiң бiр бөлiгiн) оның басқа қатысушыларына немесе үшiншi жақтарға қалған барлық қатысушылардың келісімiмен ғана беруiне болады.
2. Үлес (үлестiң бiр бөлiгi) үшiншi жаққа берiлген жағдайда сонымен бiрге толық серiктестiктен шыққан қатысушыға тиесiлi құқықтар мен мiндеттердiң бүкiл жиынтығы соған ауысады.
3. Толық серiктестiктiң қатысушысы қайтыс болған ретте қалған барлық қатысушылардың келiсуiмен құқықты мирасқор (мұрагер) серiктестiкке кiре алады.
4. Құқықты мирасқор (мұрагер) қатысушының толық серiктестiк алдындағы борыштары бойынша, сондай-ақ серiктестiктiң үшiншi жақтар алдындағы бүкiл серiктестiк қызметi кезiнде пайда болған борыштары бойынша жауапты болады.
5. Құқықты мирасқор (мұрагер) толық серiктестiкке кiруден бас тартқан немесе құқықты мирасқорды (мұрагердi) қабылдаудан серiктестiк бас тартқан жағдайда оған қатысушы қайтыс болған күнi белгiленген серiктестiк мүлкіндегі үлестiң құқықты мирасқорлық негiзiнде өзiне тиесiлi құны төленедi.
Бұл реттерде тиiсiнше құрылтай құжаттарында (жарғысында) көзделген мерзiмде құрылтай шартында (жарғысында) аталған серiктестiк мүлкiнiң мөлшерi азайтылады, бiрақ ол үш айдан кешiктiрiлмеуге тиiс.
ҚР 11.07.97 ж. № 154 Заңымен 67-бап өзгертiлдi
67-бап. Қатысушының толық серiктестiктен шығуы
1. Толық серiктестiктiң қатысушысы оның өзге де қатысушыларына заң құжаттарында немесе құрылтай шартында көзделген мерзiмнен кешiктiрмей ескерте отырып, серiктестiктен кез-келген уақытта шыға алады.
2. Егер қатысушы шығып кеткен уақытта толық серiктестiк сақталып қалса, оның шығып кеткен күнiнде жасалған балансқа сәйкес шығып кететiн қатысушыға серiктестiк мүлкіндегі үлесiнiң салған салымына тең құны төленедi. Қатысушының талабы бойынша және серiктестiктiң келiсуiмен салымды толық немесе iшiнара заттай түрде қайтарылуы мүмкiн. Шығып кеткен қатысушыға оның осы жылы серiктестiкте болған кезеңiнде серiктестiктiң сол жылы алған таза табысының оған тиесiлi бiр бөлiгi де төленедi.
Серiктестiкке қатысушының пайдалануға ғана берген мүлкi сыйақы төленбей заттай түрде қайтарылады.
68-бап. Қатысушыны толық серiктестiктен шығару
1. Толық серiктестiкке қатысушылар қалатын қатысушылардың бiрауыздан қабылдаған шешiмi бойынша және оған дәлелдi себептер болған жағдайда, атап айтқанда оның (олардың) өз мiндеттерiн дөрекi бұзуы немесе iс жүргiзу қабiлетсiздiгi байқалған жағдайда қатысушылардың бiреуiн немесе бiрнешеуiн серiктестiктен сот тәртібімен шығаруды талап етуге құқылы.
2. Толық серiктестiктен шығарылған қатысушыға осы Кодекстiң 67-бабының 2-тармағында белгiленген тәртiп бойынша мүлiктiң бiр бөлiгiнiң құны төленедi.
ҚР 11.07.97 ж. № 154 Заңымен 69-бап өзгертiлдi
69-бап. Қатысушының толық серiктестiктегi үлесiн өндiрiп алуға өтiнiш жасауы
1. Қатысушының толық серiктестiктiң жеке борыштары бойынша өз үлесiн өндiрiп алуға өтiнiш жасауына борыштарды өтеу үшiн оның басқа мүлiктерi жеткiлiксiз болған жағдайда ғана жол берiледi. Мұндай қатысушының несие берушiлерi толық серiктестiктен серiктестiк мүлкiнен ақы өндiрiп алу мақсатымен борышқордың жарғылық капиталдағы үлесiне сәйкес мүлiктiң бiр бөлiгiн бөлiп берудi талап етуге құқылы. Серiктестiк мүлкiн бөлiп берiлуге жататын бөлiгi немесе оның құны несие берушiлердiң бөлiп беру туралы талаптары қойылған кезде жасалған баланс бойынша анықталады.
2. Қатысушының толық серiктестiк мүлкіндегі үлесiнен ақы өндiрiп алу оның серiктестiкке қатысуын тоқтатады және осы Кодекстiң 70 және 71-баптарында көзделген салдарға әкелiп соқтырады.
70-бап. Қатысушылардың толық серiктестiктiң борыштары бойынша жауапкершiлiгi
1. Егер толық серiктестiк таратылған жағдайда оның барлық борыштарын өтеу үшiн нақтылы мүлкi жетпейтiн болса, серiктестiк үшiн жетiспейтiн бөлiгi жөнiнен оған қатысушылар ортақ жауапкершiлiктi өздерiнiң заң құжаттарына сәйкес ақы өндiрiп алынатын барлық мүлкiмен өз мойнына алады. Толық серiктестiктiң қатысушысы серiктестiктiң борышы бойынша егер заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, оған өз кiргеннен кейiн немесе кiргенге дейiн пайда болғанына қарамастан жауап бередi.
2. Серiктестiк мүлкіндегі өз үлесiнен астам бөлiгіндегі толық серiктестiктiң борыштарын өтеген қатысушы өзiнiң алдында серiктестiк мүлкіндегі өз үлесiнiң мөлшерiне тең үлестiк жауапкершiлiктi мойнына алатын өзге де қатысушыларға тиiстi бөлiгiнде керi талап қоюға құқылы.
3. Толық серiктестiктен өз қалауымен шыққан немесе серiктестiктен соттың шешiмi бойынша шығарылған қатысушы, сондай-ақ қайтыс болған қатысушының серiктестiкке кiруден бас тартқан құқықты мирасқоры (мұрагерi) серiктестiктен өздерi шыққан кезге дейiн пайда болған серiктестiк мiндеттемелерi бойынша серiктестiктiң өздерi серiктестiктен шыққан жыл iшіндегі серiктестiк қызметi туралы есеп бекітілген күннен бастап екi жыл бойы жауап бередi.
4. Өз үлесiн бiр қатысушыға немесе үшiншi жаққа беру арқылы, серiктестiк мүлкіндегі өз үлесiнен несие берушi (несие берушiлер) ақы өндiрiп алу арқылы шыққан қатысушы, сондай-ақ қайтыс болған қатысушының серiктестiкке қабылдаудан қалған қатысушылар бас тартқан құқықты мирасқоры (мұрагерi) серiктестiк мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
5. Толық серiктестiк тоқтатылғаннан кейiн қатысушылар серiктестiк тоқтатылған күннен бастап екi жыл бойы ол тоқтатылған кезге дейiн пайда болған серiктестiк мiндеттемелерi бойынша жауапты болады.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Толық серiктестiктiң мiндеттемелерi бойынша өздерiнiң жауаптылығының осы бапта көзделген тәртiбiн өзгертетiн қатысушылардың келiсiмдерi маңызсыз болып табылады.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен 71-бап өзгертiлдi
71-бап. Толық серiктестiктi тарату
1. Толық серiктестiк осы Кодекстiң 49-бабында аталған негiздерден басқа серiктестiкте жалғыз қатысушы қалып, ол алты ай iшiнде серiктестiктi қайта құрмаса немесе жаңа қатысушылар қабылдамаған жағдайда да таратылады.
2. Толық серiктестiкке қатысушылардың қайсы бiреуi шығып кеткен немесе қайтыс болған жағдайда, олардың бiрi хабар-ошарсыз кеттi, әрекет қабiлеттiгi жоқ немесе әрекет қабiлеттiгi шектеулi, не банкрот деп танылған немесе несие берушi бiр қатысушы жарғылық капиталдағы оның үлесiне сәйкес келетiн мүлкiнен ақы өндiрiп алған реттерде, егер ол серiктестiктiң құрылтай құжаттарында көзделсе немесе қалған қатысушылар келiсетiн болса, серiктестiк өз қызметiн жалғастыра бередi.
3. Егер қатысушылардың бiрi осы баптың 2-тармағында аталған негiздер бойынша серiктестiктен шығып кетсе, серiктестiктiң жарғылық капиталындағы өзге де қатысушылардың үлестерi, егер құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, олардың салымдарына қарай көбейедi.
3. Сенім (коммандиттiк) серiктестiгi
ҚР 02.03.98 ж. № 211-1 Заңымен 72-бап өзгертiлдi
72-бап. Сенім серiктестiгi туралы ережелер
1. Серiктестiктiң мiндеттемелерi бойынша өзiнiң бүкiл мүлкiмен (толық серiктерiмен) қосымша жауап беретiн бiр немесе одан да көп қатысушылармен қатар, серiктестiктiң (салымшылардың) мүлкiне өздерi салған салымдардың жиынтығымен шектелетiн бiр немесе одан көп қатысушыларды да енгiзетiн және серiктестiктiң кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға қатыспайтын серiктестiк сенім серiктестiгi деп танылады.
2. Сенім серiктестiгiне қатысатын толық серiктердiң құқықтық ережесi және олардың серiктестiк мiндеттемелерi бойынша жауапкершiлiгi толық серiктестiктiң қатысушылары туралы ережемен белгiленедi.
3. Азамат тек бiр ғана сенім серiктестiгiнiң толық серiктесi бола алады.
Сенім серiктестiгіндегі толық серiктес толық серiктестiктiң қатысушысы бола алмайды.
4. Сенім серiктестiгiне осы Кодекстiң сенім серiктестiктерi туралы ережелерiне қайшы келмейтiндiктен, осы Кодекстiң толық серiктестiк туралы ережелерi қолданылады.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 ; 02.03.98 ж. № 211-1 Заңдарымен 73-бап өзгертiлдi
73-бап. Сенім серiктестiгiнiң салымшысы
1. Сенім серiктестiгiнiң салымшысы алғашқы салымын және қосымша жарналарын (салымдарын) құрылтай құжаттарында көзделген мөлшерде, әдiс пен тәртiп бойынша салуға мiндеттi.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Командиттік серiктестiк салымшысының:
1) серiктестiктің таза табысының жарғылық капиталдағы өзіне тиесілі үлесiнің бөлігін құрылтай құжаттарында көзделген тәртiппен алуға;
2) серiктестiктiң қаржылық есебімен танысуға, сондай-ақ оның дұрыс жасалуын тексеру мүмкiндiгiн қамтамасыз етудi талап етуге;
3) жарғылық капиталдағы өз үлесiн немесе оның бiр бөлiгiн Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде және серiктестiктiң құрылтай құжаттарында көзделген тәртiппен басқа салымшыға немесе үшiншi тұлғаға беруге құқығы бар. Салымшының өзінің бүкіл үлесiн өзге тұлғаға беруi оның серiктестiкке қатысуын тоқтатады;
4) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде және құрылтай құжаттарында көзделген тәртiппен серiктестiктен шығуға құқығы бар.
Командиттік серiктестiктің құрылтай құжаттарында салымшының өзге де құқықтары көзделуі мүмкін.
Командиттік серiктестiктің салымшылары үшін осы Кодексте және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерінде көзделген құқықтардан бас тартуы немесе оларды шектеуі, соның ішінде салымшылар мен толық серіктестіктердің келісімі бойынша шектеуі маңызсыз болады.
3. Егер салымшы сенім серiктестiгiнiң мүдделерiн көздеп тиiстi өкiлеттiксiз мәмiле жасаса, оның әрекеттерiн серiктестiк мақұлдаған жағдайда мәмiле бойынша ол несие берушiлердiң алдында толық көлемiнде жауап бередi. Егер ол мақұлданбаса, салымшы үшiншi жақтың алдында заңдар бойынша өзiнiң ақы өндiрiп алынатын бүкiл мүлкiмен жеке жауап бередi.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен; 02.03.98 ж. № 211-1 Заңымен; 2012.26.11 № 57-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 74-бап өзгертiлдi
74-бап. Сенім серiктестiгiнiң жарғылық капиталы
1. Сенім серiктестiгiнiң жарғылық капиталы оның қатысушылары салатын салымнан құралады. Шаруашылық үрдiсiнде жарғылық қор өзгертiлуi мүмкiн. Салымшылардың салымдарын есептемегенде, жарғылық капитал толық серiктестердiң сенім серiктестiгi мүлкіндегі үлесiн белгiлейдi.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2021.24.05. № 43-VІІ ҚР Заңымен (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Жарғылық капиталдың мөлшерiн сенім серiктестiгiнiң толық серiктестерi белгiлейдi және ол заң құжаттарында белгiленген ең төменгi мөлшерден кем болмауы керек.
Коммандиттік серiктестiк нысанында құрылған, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың жарғылық капиталының ең төменгі мөлшерi Қазақстан Республикасының микроқаржылық қызмет туралы заңнамасында айқындалады.
Коммандиттік серіктестік нысанында құрылған коллекторлық агенттіктердің жарғылық капиталының ең төмен мөлшері Қазақстан Республикасының коллекторлық қызмет туралы заңнамасында айқындалады.
3. Сенім серiктестiгiнiң жарғылық капиталын азайтуға оның барлық несие берушiлерiне хабарланғаннан кейiн жол берiледi. Несие берушiлер бұл ретте тиiстi мiндеттемелердiң мерзiмiнен бұрын тоқтатылуын немесе орындалуын және өздерi шеккен залалдың орны толтырылуын талап етуге құқылы. Осы бапта белгiленген тәртiптi бұзып жарғылық капиталды азайту мүдделi адамдардың арызы бойынша сот шешiмiмен сенім серiктестiгiн таратуға негiз болады.
75-бап. Сенім серiктестiгiнiң iсiн басқару
Сенім серiктестiгiнiң iсiн басқаруды толық серiктестер жүзеге асырады. Сенім серiктестiгiнiң iсiн оның толық серiктестерiнiң басқару және жүргiзу тәртібін олар толық серiктестiк туралы ережелер бойынша белгiлейдi. Салымшылардың сенім серiктестiгi iсiн басқаруға қатысуға, сондай-ақ сенімхат бойынша болмаса, оның атынан әрекет жасауға құқығы жоқ. Сенім серiктестiгi салымшыларының серiктестiк iсiн басқару жөнiнде толық серiктестердiң әрекеттерiне дау жасауға құқығы жоқ.