2. Егер осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген адам өзiнiң психикалық жай-күйi бойынша қауiп төндірмейтін болса, сот iстi тоқтату туралы және медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданбау туралы қаулы шығарады.
3. Сот осы адамның іс-әрекеттi жасауға қатысқаны дәлелденген жоқ деп таныған, сол сияқты осы Кодекстiң 35-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7), 8), 9), 10), 11) және 12) тармақтарында, 36-бабының бірінші бөлігінде көзделген мән-жайлар белгіленген кезде, сот өзi белгілеген негiз бойынша адамда аурудың болуына және оның сипатына қарамастан iстi тоқтату туралы қаулы шығарады.
4. Осы баптың екiншi және үшiншi бөлiктерiнде көрсетiлген негiздер бойынша iс тоқтатылған кезде, сот қаулысының көшiрмесi психиатриялық көмекке мұқтаж адамдарды емдеу немесе психоневрологиялық мекемеге жiберу туралы мәселенi шешу үшiн бес тәулік ішінде денсаулық сақтау органдарына жiберіледi.
5. Сот өзі туралы іс қаралып жатқан адамның психикасының бұзылуы белгіленбеген немесе қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекетті жасаған адамның ауруы оған жазалау шараларын қолдануды жоққа шығармайды деп тани отырып, өзiнiң қаулысымен iстi жалпы тәртіппен тергеп-тексеруді ұйымдастыру үшін прокурорға жібереді.
6. Соттың қаулысында осы Кодекстiң 401-бабында көрсетiлген мәселелер шешiледi.
522-бап. Соттың қаулысына шағым жасау және наразылық білдіру
1. Қорғаушы, жәбірленуші және оның өкілі, өзі туралы іс қаралып жатқан адамның заңды өкілі немесе жақын туысы аудандық және оған теңестірілген соттың қаулысына - осы Кодекстің 48-тарауында көзделген қағидалар бойынша апелляциялық тәртіппен, ал осы Кодекстің 439-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайда шығарылған апелляциялық сатыдағы соттың қаулысына - кассациялық сатыға шағым жасауы, сондай-ақ прокурор наразылық білдіруі мүмкін. Осы Кодекстің 515-бабына сәйкес өзіне қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы қолданылған адам істі сотта талқылауға қатысқан жағдайда, егер сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысы бойынша оның ауруының сипаты мен ауырлық дәрежесі бұған кедергі келтірмесе, соттың қаулысына шағым жасауға құқылы.
2. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы қаулы осы Кодекстің 51-тарауында көзделген тәртіппен орындауға енгізіледі.
523-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды тоқтату, өзгерту және ұзарту
1. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдануды тоқтату, өзгерту немесе ұзарту туралы мәселелердi медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы қаулы шығарған сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 96-бабында көзделген тәртiппен қарайды, ал егер мәжбүрлеу шараларын қолдану осы соттың қызмет аумағынан тыс жерде жүзеге асырылса, оларды осы шараны қолдану орны бойынша тиісті сот қарайды.
2. Iстi тыңдауды тағайындау туралы сот медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы қолданылған адамның заңды өкiлiне, мәжбүрлеп емдеудi жүзеге асыратын мекеменiң әкiмшiлiгiне, қорғаушы мен прокурорға хабарлайды. Сот отырысына қорғаушы мен прокурордың қатысуы мiндеттi, басқа адамдардың келмеуi iстi қарауға кедергi болмайды.
3. Сот отырысында мәжбүрлеп емдеудi жүзеге асыратын мекеменiң ұсынуы (қорытындысы), психиатр дәрiгерлер комиссиясының қорытындысы зерттеледi, отырысқа қатысып отырған адамдардың пiкiрi тыңдалады. Егер психиатр дәрiгерлер комиссиясының қорытындысы күмән туғызатын болса, сот отырысқа қатысып отырған адамдардың өтiнiшхаты бойынша немесе өз бастамасы бойынша сот-психиатриялық сараптама тағайындауы, қосымша құжаттарды талап етіп алдыруы, сондай-ақ егер бұл өзіне қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдануды тоқтату, өзгерту немесе ұзарту туралы мәселе шешiлiп отырған адамның психикасының жай-күйi бойынша мүмкiн болса, одан жауап алуы мүмкін.
4. Сот адамның психикалық жай-күйi бұдан бұрын тағайындалған шараны қолдану қажеттiгi жойылатын не медициналық сипаттағы өзге шараны тағайындау қажеттiгi туындайтын жағдайда болғанда, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын тоқтатады немесе өзгертедi. Сот медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын тоқтату немесе өзгерту үшiн негiздер болмаған кезде мәжбүрлеп емдеудi ұзартады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 5-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Сот кеңесу бөлмесiнде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдануды тоқтату, өзгерту немесе ұзарту, сол сияқты оны тоқтатудан, өзгертуден немесе ұзартудан бас тарту туралы қаулы шығарады және оны сот отырысында жария етеді. Соттың қаулысы процеске қатысушылардың шағымдары бойынша не прокурордың өтінішхаты бойынша апелляциялық тәртіппен қайта қаралуы мүмкін.
524-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы қолданылған адамға қатысты қылмыстық iстi қайта бастау
1. Егер қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекетті жасағаннан кейiн психикасы бұзылып ауруының салдарынан медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы қолданылған адамды психиатр дәрiгерлер комиссиясы сауыққан деп таныса, онда сот мәжбүрлеп емдеудi жүзеге асыратын медициналық ұйым қорытындысының негiзiнде осы Кодекстiң 476-бабының 14) тармағына сәйкес медициналық сипаттағы мәжбүрлеп емдеу шарасын қолдануды тоқтату туралы қаулы шығарады және адамды жалпы тәртіппен қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы мәселені шешу үшін iстi прокурорға жібереді. Егер медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасының күші жазаны толық өтемеген сотталған адамның сауығуына байланысты жойылған болса, сот бұл кезде айыптау үкімін орындаудың ескіру мерзімі өтіп кетпесе, осы адамның жазаның қалған бөлігін өтеуін қайта бастау үшін қаулының көшірмесін жазаны орындайтын мекемеге немесе органға жібереді.
2. Медициналық ұйымда өткiзiлген уақыт жазаны өтеу мерзiмiне есептеледi.
55-тарау. ҚЫЛМЫСТЫҚ ТЕРІС ҚЫЛЫҚТАР ТУРАЛЫ ІСТЕР БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
525-бап. 2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
526-бап. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің хаттамалық нысаны
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Анықтау органы жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімі шегінде осы Кодекстің 64-бабы бірінші бөлігінің 4) тармағында көзделген тәртіппен адамнан күдікті ретінде жауап алынған кезден бастап он тәулік ішінде қылмыстық теріс қылық туралы хаттама жасайды.
2. 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3. 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
4. Арасында қылмыстардан басқа, қылмыстық теріс қылық не қылмыстық теріс қылықтар бар бірнеше қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысты қылмыстық іс бойынша іс жүргізу анықтау не алдын ала тергеу нысанында жүзеге асырылады.
527-бап. Хаттама жасау тәртібі
1. Жасалған қылмыстық теріс қылықтың күдіктіге қатысты мән-жайлары туралы хаттама жасалады, онда: хаттаманың жасалған уақыты мен орны, хаттаманы кімнің жасағаны, күдіктінің жеке басы туралы деректер, қылмыстық теріс қылық жасалған орын мен уақыт, оқиға, оның тәсілдері, себептері, салдары және басқа да елеулі мән-жайлар, қылмыстық теріс қылықтың болғанын және құқық бұзушының кінәсін растайтын нақты деректер, Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлігінде көзделген қылмыстық теріс қылық құрамының белгілері, жәбірленуші туралы деректер, оған келтірілген залалдың сипаты мен мөлшері көрсетіледі.
2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен 1-1-бөлікпен толықтырылды
1-1. Хаттамада сондай-ақ:
1) егер бар болса, куәлар мен жәбірленушілердің тегі, аты, әкесінің аты (олар болған кезде), мекенжайлары;
2) қылмыстық құқық бұзушылық іздерін тіркеу кезінде пайдаланылған болса не оларда іздер тіркелсе, ғылыми-техникалық құралдар мен электрондық жеткізгіштер көрсетіледі.
2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен 1-2-бөлікпен толықтырылды
1-2. Қылмыстық теріс қылық туралы хаттамада сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асырған адамның сот ісін жүргізу тілін айқындау, қылмыстық сот ісін жүргізу форматын таңдау, қорғаушыны, аудармашыны тарту туралы, оның ішінде олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіру, нәрселерді, құжаттарды және өзге де мүлікті заттай дәлелдемелер ретінде тану және оларды іске қоса тіркеу, процестік шығындарды анықтау, азаматтық талапкер деп тану туралы шешімдері, сондай-ақ қорғаушы қызметінен бас тарту туралы арыз көрсетілуі мүмкін.
Қылмыстық теріс қылық туралы хаттамаға қылмыстық құқық бұзушылық жасау фактісін растайтын құжаттар да қоса тіркеледі.
2017.03.07. № 84-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-бөлік жаңа редакцияда
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам өздерінің нәтижелері қылмыстық құқық бұзушылықтың іздерін және күдікті, айыпталушы кінәсінің өзге де дәлелдемелерін тіркейтін тергеу әрекеттері мен өзге де процестік әрекеттерді ғана жүргізуге құқылы.
Егер күдікті мен оның қорғаушысы, жәбірленуші істің анықталған мән-жайларына дау айтпаса, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам жиналған дәлелдемелермен шектелуге құқылы.
Қылмыстық теріс қылық туралы іс бойынша осы Кодекстің 189-бабында көзделген тәртіппен анықтау не алдын ала тергеу тағайындалған кезде, сотқа дейінгі тергеп-тексеру қылмыстық теріс қылық туралы хаттама жасаумен аяқталады.
Саралаудың қылмыстан қылмыстық теріс қылыққа өзгертілуі кезінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру қылмыстық теріс қылық туралы хаттама жасаумен аяқталады.
3. Күдіктіден, айыпталушыдан, сотталушыдан анықтау органдары мен соттың шақыруы бойынша келу және өзінің тұрғылықты жерін ауыстырғаны туралы хабарлау міндеттемесі алынуы мүмкін.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 528-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
528-бап. Хаттаманы сотқа жіберу тәртібі
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам хаттама мен оған қоса берілген материалдарды танысу үшін күдіктіге ұсынады, бұл туралы хаттамада күдіктінің және қорғаушының (ол қатысқан кезде) қойған қолымен куәландырылатын тиісті белгі жасалады. Күдікті хаттамамен және іс материалдарымен танысқаннан кейін қылмыстық іс анықтау органының бастығына жіберіледі.
2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Анықтау органының бастығы хаттама мен оған қоса берілген материалдарды зерделеп шығып, мынадай әрекеттердің бірін жасайды:
1) қылмыстық теріс қылық туралы хаттаманы келіседі және қылмыстық істі прокурорға жібереді;
2) хаттаманы келісуден бас тартады және қылмыстық істі анықтау жүргізу үшін қайтарады.
Күдікті осы Кодекстің 128-бабына сәйкес ұстап алынған жағдайда қылмыстық теріс қылық туралы іс ұстау мерзімі аяқталардан кемінде жиырма төрт сағат бұрын прокурорға жіберіледі.
2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 3-бөлікпен толықтырылды
3. Прокурор қылмыстық істі зерделеп шығып, бір тәуліктен кешіктірмей, ал күдікті осы Кодекстің 128-бабына сәйкес ұстап алынған істер бойынша дереу мынадай әрекеттердің бірін жасайды:
1) қылмыстық теріс қылық туралы хаттаманы бекітеді және қылмыстық істі сотқа жібереді;
2) хаттаманы бекітуден бас тартады және осы Кодекстің 35 және 36-баптарында көзделген негіздер бойынша қылмыстық істі не қылмыстық қудалауды толық көлемде немесе бір бөлігінде тоқтатады және оны анықтау не алдын ала тергеу жүргізу үшін қайтарады.
Күдікті осы Кодекстің 128-бабына сәйкес ұстап алынған жағдайда қылмыстық теріс қылық туралы іс ұстау мерзімі аяқталардан кемінде он екі сағат бұрын сотқа жіберіледі.
529-бап. Қылмыстық теріс қылықтар туралы істі сотта қараудың тәртібі мен мерзімдері
1. Іс сотқа келіп түскеннен кейін судья істі іс жүргізуге қабылдап және қылмыстық теріс қылық туралы істі қарауға кірісе отырып:
1) істі кімнің қарайтынын, қай істің қаралуға жататынын, кімнің және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің қай бабының негізінде жауаптылыққа тартылатынын жариялайды;
2) сотталушының, сондай-ақ істі қарауға қатысатын өзге де адамдардың келгеніне көз жеткізеді;
3) іс бойынша іс жүргізуге қатысушылардың жеке басын анықтайды және заңды өкілдері болған кезде - олардың, қорғаушының өкілеттігін тексереді;
4) іс бойынша іс жүргізуге қатысатындардың келмеу себептерін анықтайды және істі көрсетілген адамдардың қатысуынсыз қарау туралы не істі қарауды кейінге қалдыру туралы шешім қабылдайды;
5) қажет болған жағдайларда істі қарау кезінде қатысуы міндетті болып табылатын адамды күштеп әкелу туралы қаулы шығарады, аудармашы тағайындайды;
6) істі қарауға қатысатын адамдарға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді;
7) мәлімделген қарсылық білдірулер мен өтінішхаттарды шешеді;
8) қылмыстық теріс қылық туралы хаттаманы, ал қажет кезде істің өзге де материалдарын жария етеді;
9) мыналарға: егер судьяға қарсылық білдіру істің мәні бойынша қаралуына кедергі келтіретін болса, оның өздігінен бас тартуы немесе оған қарсылық білдіру туралы мәлімдеуге; егер қорғаушыға, уәкілетті өкілге, сарапшыға немесе аудармашыға қарсылық білдіру істің мәні бойынша қаралуына кедергі келтіретін болса, көрсетілген қарсылық білдіруге; істі қарауға қатысатын адамдардың келуі немесе іс бойынша қосымша материалдар талап етіп алдыру қажеттігіне байланысты істі қарауды кейінге қалдыру туралы қаулы шығарады. Қажет болған жағдайда, судья сараптама тағайындау туралы қаулы шығарады.
2. Судья қылмыстық теріс қылық туралы істі қарауға кірісе отырып, сотталушыны, іс бойынша іс жүргізуге қатысатын басқа да адамдарды, маманның түсінігін және сарапшының қорытындысын тыңдайды, өзге дәлелдемелерді зерттейді. Қажет болған жағдайларда, осы Кодексте көзделген басқа да процестік әрекеттерді жүзеге асырады.
3. Қылмыстық теріс қылықтар туралы істер сотқа келіп түскен кезден бастап он бес тәулік ішінде сотта қаралуға жатады.
Процеске қатысушылардың өтінішхаттары келіп түскен не істің мән-жайын қосымша анықтау қажет болған жағдайда, қарау мерзімі ұзартылуы, бірақ бір айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
4. Жазалау ретінде Қазақстан Республикасынан тысқары шығарып жіберу көзделген, сондай-ақ ол бойынша күдікті осы Кодекстің 128-бабының тәртібімен ұстап алынған қылмыстық теріс қылықтар туралы істер сотқа келіп түскен күні қаралады.
5. Сот қылмыстық теріс қылықтар туралы істерді қараған кезде прокурордың қатысуы міндетті.
6. Судья қылмыстық теріс қылық туралы істі қарап шығып:
1) осы Кодекстің 46-тарауында көзделген тәртіппен айыптау немесе ақтау үкімін шығарады;
2) осы Кодекстің 35 және 36-баптарында көзделген мән-жайлар болған кезде істі тоқтатады;
3) қылмыс белгілері анықталған кезде істі сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу туралы мәселені шешу үшін тиісті прокурорға жібереді.
7. Соттың қылмыстық теріс қылық туралы іс бойынша шығарған үкімі өзінің нысаны мен мазмұны бойынша осы Кодекстің 388 және 389-баптарының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
8. Қылмыстық теріс қылық туралы іс бойынша шешім істі қарау аяқталғаннан кейін дереу жарияланады. Іс бойынша шешімнің көшірмесі сотталушыға, жәбірленушіге және прокурорға дереу табыс етіледі. Көрсетілген адамдар болмағанда, шешімнің көшірмесі оларға үш тәулік ішінде жіберіледі.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 9-бөлік жаңа редакцияда
9. Қылмыстық теріс қылық туралы іс бойынша сот шешіміне осы Кодексте көзделген тәртіппен және мерзімдерде жалпы негіздерде шағым жасауға, оны прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарауға және наразылық білдіруге болады.
56-тарау. КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАРЫ ТУРАЛЫ ІСТЕР БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
530-бап. Кәмелетке толмағандардың қылмыстық құқық бұзушылықтары туралы iстер бойынша iс жүргiзу тәртiбi
1. Осы тараудың ережелерi қылмыстық құқық бұзушылық жасалған кезде кәмелеттiк жасқа, яғни он сегiз жасқа толмаған адамдардың iстерi бойынша қолданылады.
2. Кәмелетке толмағандардың қылмыстық құқық бұзушылықтары туралы iстер бойынша iс жүргiзу тәртiбi осы Кодексте белгiленген жалпы қағидалармен, сондай-ақ осы тараудың баптарымен айқындалады.
3. Кәмелетке толмағандардың қылмыстық құқық бұзушылықтары туралы iстер бойынша iс жүргiзу тәртiбi:
1) осы адамның бiрнеше қылмыстық құқық бұзушылықтары туралы iстер бiр iс жүргiзуге бiрiктiрiліп, олардың бiр бөлiгi он сегiз жасқа толғаннан кейiн жасалған болса;
2) күдікті, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам сот iсiн жүргiзу кезiнде кәмелетке толған жағдайларда қолданылмайды.
531-бап. Кәмелетке толмағандардың қылмыстық құқық бұзушылықтары туралы iстер бойынша анықталуға жататын мән-жайлар
Кәмелетке толмағандардың iстерi бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру және сот талқылауын жүргiзу кезiнде, осы Кодекстiң 113-бабында көзделген, дәлелденуге жататын мән-жайлардан басқа:
1) кәмелетке толмаған адамның жасы (туған күнi, айы, жылы);
2) кәмелетке толмаған адамның өмір сүру және тәрбиелену жағдайлары;
3) зияткерлік, ерiк-жiгерінің және психикалық даму дәрежесi, мiнезi мен темпераментінің ерекшелiктерi, қажеттіліктері мен мүдделерi;
4) кәмелетке толмаған адамға ересек адамдар мен басқа да кәмелетке толмағандардың ықпалы анықталуға жатады.
532-бап. Кәмелетке толмағандардың iстерi бойынша жариялылықты шектеу
Кәмелетке толмаған күдiктiнің, айыпталушының, сотталушының құпиялыққа құқығы қылмыстық сот iсiн жүргiзудiң барлық кезеңдерiнде сақталуға тиiс.
533-бап. Кәмелетке толмаған адам туралы iстi жеке iс жүргiзуге бөліп шығару
1. Ересектермен бiрге қылмыстық құқық бұзушылық жасауға қатысқан кәмелетке толмаған адамға қатысты iс сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында осы Кодекстiң 44-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 2) тармағына сәйкес жеке iс жүргiзуге бөлiп шығарылады.
2. Кәмелетке толмаған адамға қатысты жеке iс жүргiзуді бөліп шығару iстiң мән-жайларын жан-жақты, толық және объективтi зерттеуге айтарлықтай кедергi жасауы мүмкiн болатын жағдайларда, бiр iс бойынша ересектермен бірге жауапқа тартылған кәмелетке толмаған күдіктіге, айыпталушыға осы тараудың қағидалары қолданылады.
534-бап. Кәмелетке толмаған күдiктiнi, айыпталушыны, сотталушыны шақыру тәртiбi
1. Кәмелетке толмаған күдiктi, айыпталушы, сотталушы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға немесе сотқа - өзінің ата-анасы немесе басқа заңды да өкiлдерi арқылы, олар болмаған кезде қорғаншы және қамқоршы органдар арқылы шақырылады.
2. Бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды заңға сәйкес жүзеге асыратын ұйымда не күзетпен ұсталатын кәмелетке толмаған адам өзі ұсталатын орынның әкiмшiлiгi арқылы шақырылады.
535-бап. Кәмелетке толмаған күдiктiден, айыпталушыдан, сотталушыдан жауап алу
1. Кәмелетке толмаған күдiктiден, айыпталушыдан, сотталушыдан жауап алу осы Кодекстiң 216 және 367-баптарында көзделген тәртiппен, қорғаушының, заңды өкiлдiң, ал қажет болған кезде психологтің және педагогтiң қатысуымен жүргiзiледi. Қорғаушы жауап алынушыға сұрақтар қоюға, ал жауап алу аяқталғаннан кейiн хаттамамен танысуға және айғақтар жазбасының дұрыстығы мен толықтығы туралы ескертулер жасауға құқылы.
2. Кәмелетке толмаған күдiктiден, айыпталушыдан, сотталушыдан жауап алу тәулiктiң күндiзгi уақытында жүргiзiледi және ол үзiлiссiз екi сағаттан артық, ал жалпы алғанда күнiне төрт сағаттан артыққа созылуға тиiс емес. Кәмелетке толмаған адам анық шаршаған жағдайда, жауап алу осы уақыт аяқталмастан тоқтатылуға тиiс.
536-бап. Қорғаушының қатысуы
1. Кәмелетке толмағандардың қылмыстық құқық бұзушылықтары туралы iстер бойынша осы Кодекстiң 67-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 2) тармағына сәйкес қорғаушының қатысуы мiндеттi.
2. Кәмелетке толмағандардың қылмыстары туралы iстер бойынша қорғаушы кәмелетке толмағаннан - күдiктi ретiнде алғашқы жауап алынған кезден бастап, ал ұстап алынған жағдайда - ұстап алынған кезден бастап жіберіледі.
3. Егер кәмелетке толмаған күдiктi, айыпталушы не оның заңды өкiлдерi адвокатпен келiсiм жасаспаса, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам, прокурор, сот iс бойынша қорғаушының қатысуын қамтамасыз етуге тиiс.
537-бап. Кәмелетке толмаған күдiктiнiң, айыпталушының заңды өкiлiнiң сотқа дейінгі іс жүргізуге қатысуы
1. Кәмелетке толмаған күдiктiнiң, айыпталушының ата-анасы немесе басқа да заңды өкiлдерi болған кезде олардың iске қатысуы мiндеттi. Кәмелетке толмаған адамның ата-анасының біреуі де, сондай-ақ екеуі де заңды өкіл бола алады. Іске қорғаушы ретінде қатысып отырған ата-ана, басқа да жақын туыстар сонымен бір мезгілде кәмелетке толмаған адамның заңды өкілдері ретінде қатыса алмайды. Олар болмаған кезде қорғаншылық және қамқоршылық органы өкілінің қатысуы міндетті.
2. Заңды өкiл, ал ол болмаған кезде қорғаншылық және қамқоршылық органның өкiлi кәмелетке толмағаннан күдiктi ретiнде алғашқы жауап алынған кезден бастап тергеушінің қаулысымен iске қатысуға жіберіледі. Заңды өкiл, ал ол болмаған кезде - қорғаншылық және қамқоршылық органның өкiлi iске қатысуға жіберілген кезде, оларға осы баптың үшiншi бөлiгiнде көрсетiлген құқықтар түсiндiрiледi.
2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (күшіне енетін мерзімін қараңыз) (бұр.ред.қара)
3. Заңды өкiлдiң: кәмелетке толмағанға не жөнiнде күдiк келтiрiлiп отырғанын бiлуге; күдікті деп тану, күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулылармен, прокурор жасаған айыптау актісімен таныстыру кезінде қатысуға, кәмелетке толмаған адамнан жауап алуға, сондай-ақ кәмелетке толмаған күдiктiнiң және оның қорғаушысының қатысуымен жүргiзiлетiн өзге де тергеу әрекеттерiне сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын адамның рұқсатымен қатысуға; өзi қатысқан тергеу әрекеттерiнiң хаттамаларымен танысуға және ондағы жазбалардың дұрыстығы мен толықтығы туралы жазбаша ескерту жасауға; өтінішхаттар мен қарсылық білдірулер мәлімдеуге, тергеушінің және прокурордың әрекеттері мен шешімдеріне шағым келтіруге; дәлелдемелер ұсынуға; тергеп-тексеру аяқталғаннан кейiн iстiң барлық материалдарымен танысуға, мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, олардан кез келген мәліметті және кез келген көлемде жазып алуға, құжаттардан көшірмелер түсіріп алуға, оның ішінде ғылыми-техникалық құралдардың көмегімен түсіріп алуға құқығы бар.
4. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам сотқа дейінгі іс жүргізу аяқталғаннан кейін кәмелетке толмаған адамға керi әсер етуi мүмкiн материалдарды танысу үшiн оған көрсетпеу туралы қаулы шығаруға, ал бұл материалдармен заңды өкiлдi және қорғаушыны таныстыруға құқылы.
5. Егер заңды өкілдің әрекеттері кәмелетке толмаған адамның мүдделерiне нұқсан келтiредi немесе iстi объективтi түрде тергеп-тексеруге кедергi келтiруге бағытталған деп санауға негiз болса, не заңды өкілдің өтінішхаты бойынша заңды өкiл iске қатысудан шеттетiлуi мүмкiн. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам бұл туралы уәжді қаулы шығарады. Iске қатысуға кәмелетке толмаған адамның басқа заңды өкiлi жiберiлуi мүмкiн.
538-бап. Педагог пен психологтің қатысуы
1. Он алты жасқа толмаған, сондай-ақ осы жасқа толған, бiрақ психикалық дамуында артта қалу белгiлерi бар кәмелетке толмаған күдiктiнiң, айыпталушының, сотталушының қатысуымен процестік әрекеттер жүргізілген кезде педагогтің немесе психологтің қатысуы мiндеттi.
2. Он алты жасқа толған кәмелетке толмағандар туралы iстер бойынша педагог немесе психолог тергеушiнiң немесе соттың қалауы бойынша не қорғаушының, заңды өкiлдiң өтiнiшхаты бойынша iске қатысуға жiберiледi.
3. Педагог, психолог тергеушiнiң немесе соттың рұқсатымен кәмелетке толмаған күдiктiге, айыпталушыға, сотталушыға сұрақтар қоюға, ал процестік әрекет аяқталғаннан кейiн - тергеу әрекетінің хаттамасымен (өздерінің сот талқылауына қатысуын көрсететiн бөлiгiнде сот отырысының хаттамасымен) танысуға және онда жасалған жазбалардың дұрыстығы мен толықтығы туралы жазбаша ескерту жасауға құқылы, тергеушiнiң, соттың қалауы бойынша кәмелетке толмаған адамның жеке басын сипаттайтын iс материалдарымен танысуға құқығы бар. Бұл құқықтарды тергеушi, прокурор немесе сот процестік әрекет басталар алдында педагогке, психологке түсiндiредi, ол туралы тергеу әрекетінің хаттамасында, сот отырысының хаттамасында белгi жасалады.