Кассациялық сатыдағы сотта, сондай-ақ апелляциялық сатыдағы сотта, егер іс алқалы түрде қаралған жағдайда, өтініш хаттың осы Кодекстің 499-бабының талаптарына сәйкестігін тексеруді тиісті соттың судьясы жеке-дара жүргізеді.
Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді қозғау туралы прокурордың өтінішхатын сот тікелей қарайды.
2. Өтінішхатты алдын ала қарау нәтижелері бойынша шығарылған қаулының көшірмесі өтінішхатты берген адамға жіберіледі. Өтінішхат қайтарылған жағдайда оған қоса берілген құжаттар қайтарылуға жатады.
3. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді қайта бастау туралы судьяның қаулысы бар өтінішхатты сот іс жүргізу қайта басталған не прокурордың өтінішхаты келіп түскен күннен бастап отыз тәуліктен кешіктірмей ашық сот отырысында қарауға тиіс.
4. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді қайта бастау туралы өтінішхатты үкім, қаулы шығарған бірінші сатыдағы соттың судьясы жеке-дара қарайды. Егер іс бойынша апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттар қаулылар шығарған болса, сот шешімдерін қайта қарауды:
1) апелляциялық сатыдағы сот - егер істі апелляциялық сатыдағы сот жеке-дара қараған болса, жеке-дара және егер іс алқалы түрде қаралса, алқалы түрде;
2) кассациялық сатыдағы сот - алқалы түрде жүзеге асырады.
5. Сот отырысына арыз иесі, оның өкілі, қорғаушы, прокурор, процеске өзге де қатысушылар және сот отырысына шақырылған адамдар қатысады. Сот талқылауының уақыты мен орны туралы тиісінше хабарланған аталған тұлғалардың келмеуі өтінішхатты қарауға кедергі болмайды. Қажет болған кезде сот оларды, сондай-ақ өзге де тұлғаларды сот отырысына келуге міндеттеуге құқылы. Күзетпен ұсталып отырған сотталған адамның сот талқылауына қатысуы бейнебайланыс режимінде ғылыми-техникалық құралдар қолданыла отырып қамтамасыз етілуі мүмкін.
6. Сот отырысында қарсылық білдірулер мен өтінішхаттар қаралғаннан кейін бірінші болып сот актісін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау негіздері туралы өтінішхатты баяндайтын арыз иесі не тиісті өтінішхатпен сотқа жүгінген кезде прокурор сөз сөйлейді, сот содан соң соттың отырысына келген басқа тұлғалардың сөздерін тыңдайды, арыз иесі, жүргізілген тексеру немесе тергеп-тексеру нәтижелері бойынша прокурор ұсынған материалдарды зерттейді.
505-бап. Сот актілерін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы өтінішхатты қарау қорытындысы бойынша шығарылған соттың қаулысы
1. Сот актілерін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы өтінішхатты қарау қорытындысы бойынша сот:
1) өтінішхатты қанағаттандыру;
2) өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдыру туралы қаулылардың бірін шығарады.
2. Сот өтінішхатты қараған кезде осы Кодекстің 499-бабының екінші бөлігінде көзделген мән-жайлар анықталса және олар соттың заңсыз немесе негізсіз үкімінің, қаулысының алдында болса немесе заңсыз немесе негізсіз үкім, қаулы шығаруына әкеп соқса, өтінішхатты қанағаттандыру туралы қаулы шығарады. Мұндай жағдайларда, сот қаулыда заңды күшіне енген тиісті сот актісінің күшін жою және істі жаңадан тергеп-тексеруге немесе қарауға жіберу туралы көрсетеді. Егер жаңадан тергеп-тексеру немесе сот қарауы талап етілмесе, сот іс бойынша іс жүргізуді тоқтатудың негіздерін көрсете отырып, тоқтатады.
Мүлікті тәркілеу туралы қаулыны жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы өтінішхатты қанағаттандырған кезде сот көрсетілген қаулының күшін жояды.
3. Сот өтінішхатта көрсетілген мән-жайлар расталмаса, не олар орын алғанымен, үкімнің, қаулының заңдылығы мен негізділігіне ықпал етпесе, заңды күшіне енген сот актісін қайта қарау туралы өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдырады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен 4-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Соттың іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қозғау туралы өтінішхатты қарау қорытындылары бойынша шығарылған қаулысы сот кеңесу бөлмесінен шыққан соң жария етіледі, бұл ретте ол сотқа қатыспаған мүдделі тұлғалардың назарына жеткізіліп, оған шағым жасау, оны прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарау, оған наразылық білдіру тәртібі түсіндіріледі. Қаулының көшірмесі прокурорға және өтінішхатты мәлімдеген тұлғаға жіберіледі. Өзге мүдделі тұлғаларға қаулының көшірмесі олардың өтінуі бойынша жіберіледі.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 5-бөлік өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен 5-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Бірінші, апелляциялық сатылардағы соттың жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді қозғау туралы өтінішхатты қарау қорытындылары бойынша шығарылған қаулылары - шығарылған күнінен бастап он бес тәулік өткен соң, ал егер оларға шағым жасалса және жоғары тұрған сот оларды күшінде қалдырса, онда жоғары тұрған сот қаулыны шығарған күні заңды күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты шығарған қаулы, сондай-ақ бірінші сатыдағы соттың шағым жасалған қаулысын өзгеріссіз қалдыру, оның күшін жою немесе оны өзгерту туралы апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы түпкілікті болып табылады және одан әрі шағым жасалуға, наразылық білдірілуге жатпайды.
506-бап. 2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 507-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
507-бап. Сот қаулысын қайта қарау және сот шешiмдерiнiң күшi жойылғаннан кейiн iс жүргiзу
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Бірінші, апелляциялық сатылардағы соттың іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қозғау туралы өтінішхатты қарау қорытындылары бойынша шығарылған қаулыларына шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын, наразылықтарды осы Кодекстің 502-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген адамдар тиісті жоғары тұрған сотқа қаулы шығарылған күннен бастап он бес тәулік ішінде бере алады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Жоғары тұрған сот көрсетілген қаулыларға шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын, наразылықтарды қарауды апелляциялық, кассациялық шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын, наразылықтарды қарау үшін көзделген тәртіппен жүзеге асырады. Жоғары тұрған соттың шағым жасалған қаулыны өзгеріссіз қалдыру, оның күшін жою немесе оны өзгерту туралы қаулысы түпкілікті болып табылады және одан әрі шағым жасалуға, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуға, наразылық білдірілуге жатпайды.
Осы Кодекстің 490 және 491-баптарында көзделген қағидалар апелляциялық сатыдағы соттың қаулыларына шағымдарға, наразылықтарға қолданылмайды және оларды кассациялық сатыдағы сот тікелей қарайды.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 3-бөлікпен толықтырылды
3. Жаңадан ашылған мән-жайларға орай iс бойынша ол жөнiндегi сот шешiмдерiнiң күшi жойылғаннан кейiн тергеп-тексеру және сот талқылауы осы Кодексте белгiленген жалпы тәртiппен жүргiзiледi.
Алқабилердiң қатысуымен шығарылған заңды күшіне енген сот актісін алдын ала тыңдау сатысынан жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша iстi жаңадан қарауға жолдай отырып, қайта қарау туралы өтінішхат қанағаттандырылған жағдайда, сот iстi жаңадан қараған кезде iстi алдын ала тыңдауды жүргiзедi және сотталушының ерiк бiлдiруiне қарай iстi алқабилердiң қатысуымен не олардың қатысуынсыз жаңадан қарау туралы шешiм қабылдайды. Егер сот актісі басты сот талқылауын жүргiзу сатысынан соттың жаңадан қарауына жолдана отырып, жойылған болса, сот басты сот талқылауын тағайындайды, алқабилердiң жаңа алқасын қалыптастыруды жүргiзедi және iстi осы Кодекстiң 65-тарауының ережелерiне сәйкес қарайды.
508-бап. Істi жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта бастау кезiндегi азаматтық талап қою
Үкiмнiң күшi жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты жойылған жағдайда, қылмыстық iстi бастапқы қараған кезде қозғалған азаматтық талап қою жалпы негiздерде жаңадан қаралады. Істi азаматтық талап қою бөлiгiнде ғана қайта бастауға тек азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен ғана жол берiледi.
11-БӨЛІМ. ЕРЕКШЕ ІС ЖҮРГІЗУ
54-тарау. ЕСІ ДҰРЫС ЕМЕС АДАМДАРҒА МЕДИЦИНАЛЫҚ СИПАТТАҒЫ МӘЖБҮРЛЕУ ШАРАЛАРЫН ҚОЛДАНУ ТУРАЛЫ ІСТЕР БОЙЫНША СОТ ІСІН ЖҮРГІЗУ
509-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану бойынша iс жүргiзу үшін негiздер
1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 93-бабында көрсетілген медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану жөнiнде iс жүргiзу қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекетті есi дұрыс емес күйде жасаған немесе қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекетті жасаған соң жаза тағайындау немесе оны орындау мүмкiн болмайтын дәрежеде психикасы бұзылып ауырған адамдарға қатысты iстер бойынша жүзеге асырылады.
2. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары психикасының дерттi бұзылулары өзiне немесе басқа адамдарға қауiп төндірумен не өзге де елеулi зиян келтiру мүмкiндігімен байланысты болған жағдайда ғана тағайындалады.
3. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы iстер бойынша iс жүргiзу осы Кодекстiң жалпы қағидаларымен және осы тараудың ережелерiмен айқындалады.
510-бап. Дәлелденуге жататын мән-жайлар
1. Осы Кодекстiң 509-бабының бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген адамдарға қатысты iстер бойынша алдын ала тергеу жүргiзу мiндеттi.
2. Алдын ала тергеу жүргiзу кезiнде мынадай мән-жайлар анықталуға тиiс:
1) жасалған іс-әрекеттiң уақыты, орны, тәсiлі мен басқа да мән-жайлары;
2) осы адамның қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекеттi жасағаны;
3) іс-әрекетпен келтiрiлген залалдың сипаты мен мөлшерi;
4) қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекеттi жасаған адамның оны жасағанға дейiнгi, сондай-ақ одан кейiнгi мінез-құлқы;
5) осы адамда бұдан бұрын психикасының бұзылуы болған-болмағаны, қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекеттi жасау кезiнде немесе iстi қарау кезiнде психикалық ауыру дәрежесi мен сипаты.
511-бап. Қауiпсiздiк шаралары
1. Қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекеттi жасаған және психикалық аурулардан зардап шегетін адамдарға бұлтартпау шараларын қолдануға болмайды.
2. Осы адамдарға қажет болған жағдайда мынадай қауiпсiздiк шаралары қолданылады:
1) денсаулық сақтау органдарын хабардар ете отырып, ауруды туыстарының, қорғаншыларының, қамқоршыларының қарауына беру;
2) психиатриялық көмек көрсететiн арнаулы медициналық ұйымға орналастыру.
512-бап. Туыстарының, қорғаншыларының, қамқоршыларының қарауда ұстауына беру
1. Қылмыстық процесті жүргізетін орган психикалық ауру фактісін анықтаған кезден бастап осы адамға бұрын таңдалған бұлтартпау шарасын қолданудың күшін жояды және оған қауіпсіздік шараларын қолдану туралы қаулы шығарады.
2. Егер ауырған адам өзі және айналасындағылар үшін қауіп төндірмесе, ол денсаулық сақтау органдарын хабардар ете отырып, туыстарының, қорғаншыларының, қамқоршыларының келісімі бойынша олардың қарауда ұстауына берiлуi мүмкiн.
3. Осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген адамдар ауырған адамды қарауда ұстауды жүзеге асырудан бас тартқан кезде не осы Кодекстің 513-бабында көзделген жағдайларда, ауырған адамға қатысты медициналық ұйымға орналастыру түрінде қауіпсіздік шарасы қолданылуы мүмкін.
513-бап. Мамандандырылған медициналық ұйымға орналастыру
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Істі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын органның адамға қауіпсіздік шараларын қолдану қажеттігіне байланысты адамды медициналық ұйымға орналастыру туралы қаулысын тергеу судьясы қарап, шешім қабылдайды.
Істі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын орган қаулысының көшірмесі бір мезгілде прокурорға жіберіледі.
2. Тергеу судьясы ауру сипатын, адамның өзі немесе айналасындағы адамдар үшін қауіптілігін, сарапшы-психиатрдың ұсынымдарын ескере отырып, шешім қабылдайды және өтінішхатты қанағаттандырған кезде қаулыда өзіне қатысты осы қауіпсіздік шарасы қолданылған адам орналастырылатын, психиатриялық көмек көрсететін медициналық ұйымның түрін, сондай-ақ бұрын қолданылған бұлтартпау шарасының күшін жою туралы көрсетеді.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Медициналық ұйымға орналастыру түріндегі қауіпсіздік шарасы бүкіл сотқа дейінгі іс жүргізу барысында, бірақ бір айдан аспай сақталады, содан соң оны қолдану мерзімін тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының өтінішхаты бойынша бір айдан аспайтын мерзімге ұзартуы мүмкін не оның күші жойылуы мүмкін. Сот талқылауы барысында осы қауіпсіздік шарасы соттың қылмыстық істі қарау бойынша шығарылған, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы қаулысы заңды күшіне енгенге дейін сақталады.
4. Егер сот қылмыстық ісі қаралып жатқан адамға қатысты істі қарау кезінде адамды медициналық ұйымға орналастыру түрінде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы қаулы етсе, адам көрсетілген ұйымға түскен бойда қауіпсіздік шарасының күші жойылады. Егер сот тұрғылықты жері бойынша психиатрдың байқауында болу түрінде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы не медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолданбау туралы қаулы шығарса, ол сонымен бір мезгілде қауіпсіздік шарасының күшін жояды. Медициналық ұйымда жатқан адам осы қауіпсіздік шарасының күші жойылған кезде стационардан дереу шығарылады.
514-бап. Қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекеттi есi дұрыс емес күйде жасаған немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасағаннан кейiн психикасының бұзылуымен ауырған адамға қатысты iстi бөлiп шығару
Егер сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында сыбайлас қатысушылардың бiрiнің іс-әрекеттi есi дұрыс емес күйде жасағаны немесе қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекетті жасағаннан кейін психикасының бұзылуымен ауырғаны анықталатын болса, оған қатысты iс жеке iс жүргiзуге бөліп шығарылуы мүмкiн.
515-бап. Өзiне қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы iс жүргiзiлетiн адамның құқықтары
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Өзiне қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы iс жүргiзiлетiн адам, егер сот-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша бұған оның ауруының сипаты мен ауырлық дәрежесi кедергi келтiрмейтiн болса:
1) өзiнің қандай іс-әрекет жасауда айыпталып жатқанын бiлуге;
2) түсiнiктемелер беруге;
3) дәлелдемелер ұсынуға;
4) өтiнiшхаттар мен қарсылық білдірулерді мәлiмдеуге;
5) өзiнiң ана тiлiнде немесе бiлетiн тiлiнде түсiнiсуге;
6) аудармашының тегiн көмегiн пайдалануға;
7) қорғаушысының болуына және онымен оңаша және құпия кездесуге;
8) өзінің өтiнiшхаты немесе қорғаушысының өтiнiшхаты бойынша жүргiзiлетiн тергеу әрекеттеріне тергеушiнiң рұқсатымен қатысуға;
9) осы әрекеттердің хаттамаларымен танысуға және оларға ескертулер беруге;
10) сараптама тағайындау туралы қаулымен және сарапшының қорытындысымен танысуға;
11) алдын ала тергеу аяқталғаннан кейін істің барлық материалдарымен танысуға және мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, одан кез келген мәліметті кез келген көлемде жазып алуға, құжаттардың көшірмесін түсіріп алуға, оның ішінде ғылыми-техникалық құралдардың көмегімен түсіріп алуға;
12) сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын адамның, прокурор мен соттың әрекеттерi мен шешiмдерiне шағымдар келтіруге;
13) қылмыстық істі тоқтату туралы немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшiн iстi сотқа жiберу туралы қаулының көшiрмесiн алуға құқылы.
Істi сот талқылауында көрсетілген адамның дәлелдемелердi зерттеуге және сот жарыссөздерiне қатысуға; сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған ескертулер беруге; соттың қаулысына шағым жасауға және шағым жасалып отырған шешiмдердiң көшiрмелерiн алуға; iс бойынша берілген шағымдар, прокурордың келтірілген өтінішхаттары мен наразылықтар туралы бiлуге және оларға қарсылықтар беруге; мәлiмделген шағымдардың, прокурордың өтінішхаттарының, наразылықтардың сотта қаралуына қатысуға құқығы бар.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген адамға тергеушi оның құқықтарын түсiндiруге және олардың тiзбесiн жазбаша түрде табыс етуге мiндеттi. Соттың талқылауында құқықтардың түсiндiрiлгенi туралы сот отырысының хаттамасында белгi жасалады.
516-бап. Заңды өкiлдiң қатысуы
1. Өзiне қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы iс жүргiзiліп жатқан адамның жақын туысы немесе өзге де адам осы адамның заңды өкiлi болып танылады және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның немесе прокурордың қаулысы бойынша не соттың қаулысы бойынша iске қатысуға тартылады.
2. Өзiне қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы iс жүргiзiліп жатқан адамның заңды өкілінің сотқа қатысуы міндетті болып табылады.
3. Заңды өкiлдің:
1) өзi өкiлi болып отырған адамның қылмыстық заңда тыйым салынған қандай іс-әрекеттi жасауда айыпталып жатқанын бiлуге;
2) өтiнiшхаттар мен қарсылық білдірулерді мәлiмдеуге;
3) дәлелдемелер ұсынуға;
4) өзінің немесе қорғаушының өтiнiшхаты бойынша жүргiзiлетiн тергеп-тексеру әрекеттеріне сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның рұқсатымен қатысуға;
5) өзi қатысқан тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен танысуға және онда жасалған жазбалардың дұрыстығы мен толықтығы туралы жазбаша ескертулер жасауға;
6) алдын ала тергеу аяқталған соң iстiң барлық материалдарымен танысуға, мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, одан кез келген мәлiметтi және кез келген көлемде жазып алуға, құжаттардың көшірмесін түсіріп алуға, оның ішінде ғылыми-техникалық құралдардың көмегімен түсіріп алуға;
7) қылмыстық iстi тоқтату немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшiн iстi сотқа жiберу туралы қаулының көшiрмесiн алуға;
8) сот талқылауына қатысуға;
9) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның, прокурордың және соттың әрекеттерi мен шешiмдерiне шағымдар келтіруге;
10) соттың қаулысына шағым жасауға және шағым жасалатын шешiмдердiң көшiрмелерiн алуға;
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 11) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
11) iс бойынша берілген шағымдар, прокурордың келтiрілген өтінішхаттары мен наразылықтар туралы бiлуге және оларға қарсылықтар беруге;
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 12) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
12) мәлiмделген шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын және наразылықтарды сотта қарауға қатысуға құқығы бар.
4. Заңды өкiлге құқықтарының түсiндiрiлгенi туралы хаттама жасалады.
517-бап. Қорғаушының қатысуы
1. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы iс бойынша iс жүргiзуге қорғаушының қатысуы, егер қорғаушы бұдан бұрын iске өзге негiздер бойынша араласпаған болса, өзiне қатысты iс жүргiзiлiп отырған адамның есiнiң дұрыс еместігі немесе психикасының бұзылуы фактiсi анықталған кезден бастап мiндеттi болып табылады.
2. Iске араласқан кезден бастап қорғаушының, егер бұған қорғалушының денсаулық жағдайы кедергi келтiрмейтiн болса, қорғауындағы адаммен оңаша кездесуге құқығы бар, сондай-ақ осы Кодекстiң 66-бабында көзделген басқа да барлық құқықтарды пайдаланады.
518-бап. Алдын ала тергеудiң аяқталуы
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам алдын ала тергеу аяқталғаннан кейiн:
1) осы Кодекстің 35-бабында және 288-бабының бесiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда, сондай-ақ психикасының дертті бұзылуы өзiне немесе басқа адамдарға қауiп төндірумен не өзге елеулі зиян келтіру мүмкіндігімен байланысты болмағанда - iс жүргiзудегі істі тоқтату туралы;
2) медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшiн iстi сотқа жiберу туралы қаулы шығарады.
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам істi тоқтату туралы немесе iстi сотқа жiберу туралы, егер өзiне қатысты алдын ала тергеу жүргiзiлген адам өзiнiң психикалық жай-күйi бойынша тергеу әрекеттеріне қатысуға қабiлеттi болса, осы адамға, оның заңды өкiлiне және қорғаушысына, сондай-ақ жәбiрленушiге хабарлайды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам процестiң аталған қатысушыларына олардың iс материалдарымен танысу құқығын түсiндiредi және бұл құқығын олардың қайда және қашан пайдалана алатынын хабарлайды. Iспен танысудың, тергеп-тексерудi толықтыру туралы арыздар мен оларды шешудің тәртiбi осы Кодекстiң 295 - 297-баптарында айқындалады.
3. Iстi тоқтату туралы қаулы осы Кодекстiң 288-бабының қағидалары бойынша шығарылады. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшiн істі сотқа жiберу туралы қаулыда осы Кодекстiң 510-бабында көрсетiлген және iс бойынша белгіленген мән-жайлар; медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшiн негiздер; егер медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшін негiздерге дау айтылған болса, оларды айтатын қорғаушы мен басқа адамдардың дәлелдері жазылуға тиiс.
2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен 4-бөлік өзгертілді (күшіне енетін мерзімін қараңыз) (бұр.ред.қара)
4. Істі сотқа жіберу туралы қаулыға қосымша осы Кодекстің 299-бабы үшінші бөлігінің қағидалары бойынша жасалады.
5. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам істi сотқа жiберу туралы қаулымен бірге прокурорға береді, ол істі зерделеп, мына шешімдердің бірін қабылдайды:
1) медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшін iстi сотқа жiбередi;
2) iстi қосымша тергеп-тексеру жүргiзу үшiн қайтарады;
3) осы баптың бірінші бөлігінің 1) тармағында көзделген жағдайларда істі тоқтатады.
6. Істі тоқтату туралы не істі медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшiн сотқа жiберу туралы қаулының көшiрмесi процеске қатысушыларға жіберіледі және өзіне қатысты іс бойынша іс жүргізу жүзеге асырылып жатқан адамға және оның заңды өкіліне табыс етіледі.
519-бап. Сотта іс жүргізу
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы істерді аудандық немесе оған теңестірілген соттың судьясы қарайды. Осы Кодексте көзделген жағдайларда, есі дұрыс емес адамдарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы мәселені апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың үкіміне, қаулысына берілген немесе келтірілген апелляциялық шағымдар немесе прокурордың өтінішхаты бойынша қылмыстық істі қараған кезде қарауы мүмкін.
2. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы іс сотқа келіп түскеннен кейін судья оны осы Кодексте көзделген қағидалар бойынша сот отырысында қарауға тағайындайды.
3. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы істерді қарау кезінде соттың құрамы осы Кодекстің 52-бабына сәйкес айқындалады.
520-бап. Iс бойынша шешiм қабылдау кезiнде сот шешетiн мәселелер
1. Iстi сотта талқылау процесiнде мынадай мәселелер:
1) қылмыстық заңда көзделген іс-әрекеттің орын алғаны-алмағаны;
2) iсi қаралып отырған адамның іс-әрекетті жасағаны-жасамағаны;
3) iсi қаралып отырған адамның іс-әрекеттi есi дұрыс емес күйде жасағаны-жасамағаны;
4) осы адамның қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекетті жасағаннан кейiн жаза тағайындау немесе оны орындау мүмкiн болмайтындай психикасының бұзылуымен ауырғаны-ауырмағаны;
5) адамның психикасының дерттi бұзылуы оның өзi немесе басқа адамдар үшiн қауiп не оның өзге де елеулi зиян келтiру мүмкiндiгiн туғызатыны-туғызбайтыны;
6) медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы және оның нақты қайсысы қолданылатыны зерттелуге және шешiлуге тиiс.
2. Сот осы Кодекстiң 390-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 10), 11) және 12) тармақтарында көрсетiлген мәселелердi де шешедi.
521-бап. Соттың қаулысы
1. Сот қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекеттi осы адамның есi дұрыс емес күйде жасағаны немесе осы адамның қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекетті жасағаннан кейiн жазаны тағайындау немесе оны орындау мүмкiн болмайтын психикасының бұзылуымен ауырғаны дәлелдендi деп танып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 16 және 75-баптарына сәйкес осы адамды тиiсiнше қылмыстық жауаптылықтан немесе жазадан босату туралы және оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын және оның нақты қайсысын қолдану туралы қаулы шығарады.