14-бап. Табиғи монополия субъектісінің уәкілетті органды реттеліп көрсетілетін қызметтерге жатпайтын қызметті жүзеге асыруы туралы хабардар ету тәртібі
1. Табиғи монополия субъектісі реттеліп көрсетілетін қызметтерге жатпайтын қызметті жүзеге асырған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде бұл жөнінде уәкілетті органды хабардар етуге міндетті.
2. Табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтерге жатпайтын қызметті жүзеге асыруы туралы хабарламасы уәкілетті органға тікелей де, рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы да берілуі (жіберілуі) мүмкін.
3-тарау. ТАРИФТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ
15-бап. Тарифті қалыптастыру тәртібі
1. Тариф реттеліп көрсетілетін қызметті ұсыну бойынша шығындардың орнын толтыруды және табиғи монополия субъектісін дамытуға және оның тиімді жұмыс істеуіне және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де мақсаттарға бағытталатын пайда алуды қамтамасыз етуге тиіс.
2. Осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, тариф бес және одан көп жыл мерзімге белгіленеді.
2025.12.06. № 194-VIII ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды (2025 ж. 24 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді)
2-1. «Электр энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 2-2-тармағына сәйкес табиғи монополия субъектісі дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) кемінде жиырма бес пайызы тікелей немесе жанама түрде Ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі, жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйыммен электр энергиясын сатып алу-сату шартын жасасқан жағдайда, уәкілетті орган тарифтерді белгілеу кезінде электр энергиясын сатып алу-сату шартының қолданылу мерзімі ішінде электр энергиясын сатып алуға табиғи монополия субъектісінің шығындарын есепке алады.
2025.17.07. № 213-VIII ҚР Заңымен 2-2-тармақпен толықтырылды (2025 ж. 29 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
2-2. Осы Заңның 5-бабы 1-тармағының 3), 4) және 14) тармақшаларында көзделген салалардағы табиғи монополия субъектісінің энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде елді мекендерде бар активтерді кеңейту, жаңғырту, реконструкциялау, жаңарту, қолдау және жаңа активтер құру жөніндегі жобаларды іске асыру үшін тартылған қарыз қаражатын қайтаруын қамтамасыз ету мақсатында уәкілетті орган тарифті бекітудің алдағы кезеңіне және табиғи монополия субъектісі борышты өтеу жөніндегі міндеттемелерді орындағанға дейін тарифті бекітудің кейінгі кезеңдеріне арналған шығындарды тарифке енгізуді қамтамасыз етеді.
Бұл ретте, қарыз шартының талаптары өзгерген жағдайларды қоспағанда, табиғи монополия субъектісінің тартылған қарыздары бойынша бекітілген тарифтегі шығындар көлемі өзгертілуге жатпайды.
Табиғи монополия субъектісі энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде бекітілген инвестициялық бағдарлама мен тарифтік сметаның іс-шаралары орындалған кезде қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындауға міндетті.
3. Тарифтің қолданылу мерзімі өткен жағдайда, табиғи монополия субъектісі, бекітілген инвестициялық бағдарламаны іске асыруға тартылған қарыздар бойынша негізгі борышты өтеуге бағытталған қаражатты қоспағанда, бекітілген инвестициялық бағдарламаны іске асыруға бағытталған қаражатты (амортизациялық аударымдар мен пайданы) есепке алмастан, уәкілетті орган бекіткен тариф бойынша реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынады.
4. Уәкілетті органның тарифті бекітуі үшін табиғи монополия субъектісі өтінім ұсынады.
5. Өтінім электрондық нысанда ұсынылады.
6. Уәкілетті орган өтінімді ұсынылған күнінен бастап тоқсан жұмыс күні ішінде қарайды.
7. Өтінімге мыналар қоса беріледі:
1) тарифтің (не салалық ерекшеліктерді есепке ала отырып прейскуранттың) жобасы;
2) негіздейтін материалдар уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша қоса тіркеле отырып тарифтік сметаның жобасы;
3) тарифті бекіту қажеттігі туралы анықтама-негіздеме;
4) инвестициялық бағдарламаның жобасы немесе бекітілген инвестициялық бағдарлама;
2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен 4-1) тармақшамен толықтырылды (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
4-1) инвестициялық бағдарламалар шеңберінде нысаналы көрсеткіштері бар субъектілерді жөндеу картасы;
5) негізгі құралдар құнының өсуіне алып келмейтін жөндеуге бағытталған шығындар сметасы;
6) алдыңғы күнтізбелік екі жыл үшін қаржылық есептілік;
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7) мыналар:
қаржы-шаруашылық қызметі туралы, инвестициялық қызмет туралы;
мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысандар бойынша алдыңғы күнтізбелік екі жыл үшін негізгі қорларының жай-күйі туралы, еңбек бойынша жалақының құрылымы мен бөлінуі туралы есептер;
8) шығыстардың баптар бойынша есеп-қисаптары;
9) пайданың есеп-қисабы;
10) тиісті салада (аяда) қолданылатын үлгілік нормалар мен нормативтер негізінде жүргізілген персонал санының, шикізат, материалдар, отын, энергия қажеттілігінің және техникалық ысыраптардың есеп-қисаптары;
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 11) тармақша өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
11) алдыңғы күнтізбелік жыл үшін тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу жөніндегі конкурстық (тендерлік) комиссиялар шешімдерінің көшірмесі;
12) бекітілген инвестициялық бағдарлама (жоба) іске асырылғанға дейін пайдаланылатын және жылдарға бөле отырып, ұзақ мерзімді кезеңде бекітілген инвестициялық бағдарламаны (жобаны) іске асыру кезінде пайдалануға берілетін негізгі құралдарға амортизациялық аударымдардың есеп-қисабы;
13) қарыз ресурстарын қаржыландыру және олардың орнын толтыру шарттары туралы растайтын құжаттар;
14) табиғи монополия субъектісінің жобалық қуаты және оны нақты пайдалану туралы деректер;
2023.05.04. № 221-VІІ ҚР Заңымен 14-1) тармақшамен толықтырылды (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
14-1) ақпараттандыру объектілерінен алынған табиғи монополия субъектісінің қуатын нақты пайдалану туралы деректер;
2024.08.07. № 121-VІІІ ҚР Заңымен 15) тармақша өзгертілді (2024 ж. 9 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
15) реттеліп көрсетілетін қызметтердің жоспарланатын көлемін растайтын құжаттар (реттеліп көрсетілетін қызметтерді тұтынудың нақты көлемдері көрсетілген шарттардың тізілімі, реттеліп көрсетілетін қызметтерді тұтыну көлемдерінің төмендегенін растайтын құжаттар, жалпыға бірдей сапалы қызмет көрсету міндеті және табиғи монополия субъектісінің мүмкіндіктері, тарифтер деңгейін ұстап-тұру немесе өсіру мақсатында көлемдерді төмендетуге жол бермеу негізінде реттеліп көрсетілетін қызметтерді тұтыну көлемдерінің есеп-қисаптары, тұтынушылық сұранысты маркетингтік зерттеу материалдары);
Жылу энергетикасы саласындағы реттеліп көрсетілетін қызметтер үшін Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасына сәйкес бекітілген жылумен жабдықтауды дамыту схемалары да реттеліп көрсетілетін қызметтердің жоспарланып отырған көлемін растайтын құжаттар болып табылады;
16) өтінім ұсынудың алдындағы төрт тоқсан үшін және алдыңғы күнтізбелік жыл үшін реттеліп көрсетілетін қызметтердің шығындары туралы және көлемдері туралы нақты деректерді растайтын құжаттар.
Тарифтік реттеудің ынталандыру әдісін қолдана отырып тарифті бекіту кезінде өтінімге осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 3), 4), 6), 7), 9), 10), 13), 14) және 15) тармақшаларында көзделген құжаттар, сондай-ақ негіздейтін материалдарды қоса тіркей отырып, реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерінің және табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштерінің жобалары қоса беріледі.
8. Тізбесін уәкілетті орган айқындайтын табиғи монополиялар субъектілері үшін тарифтік реттеудің ынталандыру әдісі қолданылатын тарифтерді бекіту жағдайларын қоспағанда, табиғи монополия субъектісі уәкілетті органға бекітілген тарифтің қолданылу мерзімі өткеннен кейін тарифтік реттеудің ынталандыру әдісі қолданылатын тарифті бекітуге өтінім ұсынуға құқылы.
9. Уәкілетті орган өтінімді алған күннен бастап жеті жұмыс күнінен кешіктірмей қоса берілетін есеп-қисаптар мен негіздейтін материалдардың толықтығын осы баптың 7-тармағына сәйкестігіне тексереді және табиғи монополия субъектісіне өтінімнің қарауға қабылданғаны немесе осы баптың 11-тармағына сәйкес бас тарту себептерін көрсете отырып, оны қабылдаудан бас тартылғаны туралы жазбаша түрде хабарлайды.
2024.08.07. № 121-VІІІ ҚР Заңымен 10-тармақ өзгертілді (2024 ж. 9 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
10. Осы баптың 7-тармағына сәйкес өтінімге қоса берілетін есеп-қисаптар мен негіздейтін материалдар мынадай рәсімдер сақтала отырып ұсынылады:
1) тігіледі, нөмірленеді және табиғи монополия субъектісінің басшысы не оны алмастыратын адам, не табиғи монополия субъектісі басшысының орынбасары қол қояды. Бұл талап өтінімді электрондық нысанда ұсынуға қолданылмайды;
2) реттеліп көрсетілетін қызметтердің әрбір түріне жеке дайындалады.
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес табиғи монополия субъектісі тарифті, тарифтік сметаны және инвестициялық бағдарламаны бекітуге арналған өтінімге қоса берілетін, сондай-ақ бекітілген тарифтік сметаның орындалуы, бекітілген инвестициялық бағдар ламаның орындалуы туралы есептерге қоса берілетін есеп-қисаптардың, құжаттардың, ақпараттың және басқа да материалдардың толықтығы, негізділігі мен анықтығы үшін жауапты болады.
11. Өтінімді қабылдаудан бас тартуға мыналар негіздер болып табылады:
1) табиғи монополия субъектісінің осы баптың 7-тармағында көзделген құжаттарды ұсынбауы;
2) ұсынылған құжаттардың осы баптың 10-тармағына сәйкес келмеуі;
3) осы Заңның 25-бабының 7-тармағында көзделмеген мәліметтерді коммерциялық құпияға жатқызу.
12. Өтінімді қараған кезде қосымша ақпарат қажет болған жағдайда, уәкілетті орган оны табиғи монополия субъектісінен мерзімді, бірақ кемінде бес жұмыс күнін белгілей отырып, жазбаша түрде сұратуға құқылы.
13. Жария тыңдауларды уәкілетті орган тарифті бекіту кезінде - тариф бекітілгенге дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, тарифті оңайлатылған тәртіппен бекіту кезінде, сондай-ақ осы Заңның 22-бабы 1-тармағының 4), 6), 7), 8) және 9) тармақшаларында көзделген жағдайларда тариф бекітілгенге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей өткізеді.
14. Табиғи монополия субъектісі жария тыңдаулардың өткізілетін күні мен орны туралы хабарландыру мерзімді баспасөз басылымында жарияланғаннан кейін жария тыңдауларға қатысушылардың талабы бойынша:
тарифтің және тарифтік сметаның жобаларын;
экономикалық негізделген есеп-қисаптармен бірге тарифтің өзгеру себептері туралы ақпаратты ұсынуға міндетті.
15. Уәкілетті орган өтінімді қараудың қорытындысы бойынша тарифтің, тарифтік сметаның және инвестициялық бағдарламаның жобаларын түзетуге құқылы.
16. Бекітілетін кезде тариф:
1) тұтынушының есепке алу аспабының болуына немесе болмауына;
2) тұтынушылар тобына;
3) таситын жүктердің түріне, жылжымалы құрамның типіне, тасудың арақашықтығына, таситын жүктердің көлеміне (салмағына) қарай саралануы мүмкін.
2024.08.07. № 121-VІІІ ҚР Заңымен 16-1-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 9 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
16-1. Табиғи монополия субъектісі тарифті саралауды қолдану кезінде алынған қосымша кірісті инвестициялық бағдарламаны ұлғайтуға жұмсауға міндетті.
17. Тарифті бекіту туралы шешім табиғи монополия субъектісіне оны бекіту туралы шешім қабылданған күннен бастап күнтізбелік бес күннен кешіктірілмей жіберіледі.
Тарифті бекіту туралы шешіммен бірге табиғи монополия субъектісі өтініммен бірге ұсынған шығындар, пайда және бекітілген инвестициялық бағдарлама іс-шараларының баптарына өзгерістер мен нақтылаулардың негіздемесі жіберіледі.
18. Тариф, осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, тариф бекітілген айдан кейінгі екінші айдың бірінші күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.
19. Табиғи монополия субъектісі тарифтің бекітілгені туралы ақпаратты ол қолданысқа енгізілгенге дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей тұтынушының назарына жеткізуге міндетті.
20. Егер табиғи монополия субъектісі осы Заңда белгіленген мерзімдерде тұтынушыға тарифтің енгізілетіні туралы хабарламаса, онда көрсетілген тариф уәкілетті органның шешімінде көрсетілген күннен бастап енгізілмейді. Бекітілген тарифті енгізу тариф бекітілген айдан кейінгі үшінші айдың бірінші күнінен бастап жүзеге асырылады.
2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен 21-тармақ өзгертілді (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
21. Табиғи монополия субъектісі уәкілетті органға тарифті жоғарылатпай бекітілген тарифтік сметаны өзгерту туралы электрондық нысандағы өтінішпен ағымдағы күнтізбелік жылдың 1 қарашасына дейін жүгінуге құқылы.
22. Тарифтерді қалыптастыру қағидалары мыналарды айқындайды:
1) осы Заңда көзделген табиғи монополиялар салаларының тарифтік реттеу әдістері ескерілген тарифті есептеу тетігі;
2) уақытша өтемдік тарифті бекіту тәртібі;
3) тарифті саралау тәртібі;
4) тарифті оңайлатылған тәртіппен бекіту тәртібі;
5) инвестициялық бағдарламаны және оның өзгерісін бекіту тәртібі;
2025.15.03. № 172-VIII ҚР Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (2025 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6) жасалған мемлекеттік-жекешелік əріптестік шарты негізінде тарифті айқындау тəртібі;
7) уақытша төмендету коэффициентін бекіту тәртібі;
8) реттеліп көрсетілетін қызметтердің әрбір түрі бойынша және тұтастай алғанда реттеліп көрсетілетін қызметтерге жатпайтын қызмет бойынша кірістерді, шығындар мен тартылған активтерді бөлек есепке алуды жүргізу тәртібі;
2025.17.07. № 213-VIII ҚР Заңымен 8-1) тармақшамен толықтырылды (2025 ж. 29 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
8-1) үйге ортақ коммерциялық есепке алу аспаптарын сатып алуға, орнатуға, салыстырып тексеруге және ағымдағы пайдалануға арналған шығындарды жылу энергиясын өндіру, беру, бөлу және іске асыру жөніндегі көрсетілетін қызметтердің тарифіне ендіру тәртібі;
2024.08.07. № 121-VІІІ ҚР Заңымен 9) тармақша жаңа редакцияда (2024 ж. 9 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9) сырттағы ауаның нақты температурасын ескере отырып, жылу энергиясын өткізу бойынша реттеліп көрсетілетін қызметтің құнын қайта есептеу тәртібі;
10) табиғи монополия субъектісі пайдасының жол берілетін деңгейін айқындау тәртібі;
11) уәкілетті орган бекіткен тарифті оның қолданылу мерзімі өткенге дейін өзгерту тәртібі;
12) тарифте есепке алынатын және есепке алынбайтын шығындар тізбесі, тарифте есепке алынатын шығындардың мөлшерін шектеу тәртібі;
13) тарифті индекстеу тәртібі;
14) тариф, тарифтік смета, инвестициялық бағдарлама жобаларының, бекітілген тарифтік сметаның орындалуы туралы, бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалуы туралы есептердің нысандары;
15) магистральдық теміржол желілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне баға шектерін есептеудің және оларды жыл сайынғы түзетудің тетігі;
16) магистральдық теміржол желілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне баға шектерін қолдану тәртібі;
17) тарифтің болжамды индексін есептеу және қолдану тәртібі.
23. Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін жүзеге асыру қағидалары мыналарды айқындайды:
1) Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркеліміне енгізу және одан алып тастау тәртібі;
2) жария тыңдаулар өткізу тәртібі;
3) «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес табиғи монополия субъектісінің жекелеген әрекеттерді жасауына келісім беру, сондай-ақ табиғи монополия субъектісінен реттеліп көрсетілетін қызметтерге жатпайтын қызметті жүзеге асыруы туралы хабарламаны қабылдау тәртібі;
4) табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуды өткізу тәртібі;
5) реттеліп көрсетілетін қызметтерге қол жеткізудің тең жағдайларын қамтамасыз ету тәртібі;
6) тұтынушылар мен өзге де мүдделі тұлғалар алдында бекітілген тарифтік сметалардың орындалуы туралы, бекітілген инвестициялық бағдарламалардың орындалуы туралы, реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерінің сақталуы және табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштеріне қол жеткізу туралы есептерін өткізу тәртібі;
7) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттік құпияларға және заңмен қорғалатын өзге де құпияға жататын мәліметтерді қоспағанда, бос және қолжетімді қуаттардың, сыйымдылықтардың, орындардың, табиғи монополия субъектісі желілерінің өткізу қабілеттерінің бар екендігі туралы ақпаратты, сондай-ақ табиғи монополиялар салаларындағы коммуналдық көрсетілетін қызметтердің инженерлік коммуникацияларының схемаларын орналастыру тәртібі;
8) есепке алу аспабын сатып алу және орнату үшін төлемақыны келісу тәртібі;
9) табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштерін бекіту тәртібі;
10) табиғи монополиялар салаларындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртібі;
11) мыналардың:
егер ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлiк баланста есепке алынған мүліктің баланстық құны ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлiк балансқа сәйкес оның активтерiнiң баланстық құнының 0,05 пайызынан асатын болса, реттеліп көрсетілетін қызметті ұсыну үшін пайдаланылатын мүлікпен мәмiлелер жасауға және табиғи монополия субъектiсін қайта ұйымдастыруға немесе таратуға келісім беру туралы өтінішхаттардың;
табиғи монополия субъектісінің тұтынушылар мен өзге де мүдделі тұлғалар алдындағы:
бекітілген тарифтік сметаның орындалуы туралы;
бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалуы туралы;
реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерінің сақталуы туралы;
табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштеріне қол жеткізу туралы есептерінің нысандары;
12) тұтынушыларға және (немесе) уәкілетті органға тариф, оның өзгергені туралы хабарлау тәртібі;
13) реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерін бекіту тәртібі;
2024.08.07. № 121-VІІІ ҚР Заңымен 13-1) тармақшамен толықтырылды (2024 ж. 9 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
13-1) бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалуына техникалық сараптама жүргізу, реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапасы мен сенімділігі көрсеткіштерін сақтау және табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділігі көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін уәкілетті тұлғаларға (сарапшыларға, сараптама ұйымдарына) қойылатын өлшемшарттар мен талаптар;
14) бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалуына, реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерінің сақталуына және табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштеріне қол жеткізуге қоғамдық мониторинг және (немесе) техникалық сараптама жүргізу тәртібі;
2024.08.07. № 121-VІІІ ҚР Заңымен 15) тармақшамен толықтырылды (2024 ж. 9 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
15) халықаралық қаржы ұйымдарынан, мамандандырылған салалық банктерден, Қазақстанның Даму Банкінен және Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінен қарыздар тарту үшін табиғи монополиялар субъектілерінің кредиттік келісімдерін уәкілетті органның келісу тәртібі;
2024.08.07. № 121-VІІІ ҚР Заңымен 16) тармақшамен толықтырылды (2024 ж. 9 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
16) табиғи монополиялар субъектілері реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынған кезде технологиялық циклде пайдаланылатын және мүлікті балансқа және (немесе) сенімгерлік басқаруға беру жоспарына сәйкес жергілікті атқарушы органдардан табиғи монополия субъектісіне берілетін мүлікті беру шартын мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органмен, жергілікті атқарушы органмен келісу тәртібі;
2024.08.07. № 121-VІІІ ҚР Заңымен 17) тармақшамен толықтырылды (2024 ж. 9 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
17) табиғи монополиялар субъектілері реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынған кезде технологиялық циклде пайдаланылатын мүлікті балансқа және (немесе) сенімгерлік басқаруға беру жоспарын жергілікті атқарушы органмен келісу тәртібі.
24. Тарифтерді қалыптастыру тәсілдері:
1) уәкілетті органның тарифті бекітуі;
2) табиғи монополия субъектісінің тарифті белгілеуі;
2025.15.03. № 172-VIII ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (2025 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) жасалған мемлекеттік-жекешелік əріптестік шарты негізінде тарифті айқындау.
16-бап. Тарифтік реттеудің шығындық әдісі
1. Тарифтік реттеудің шығындық әдісі қолданылатын тарифті уәкілетті орган экономикалық негізделген шығындар мен пайданы айқындау жолымен бес және одан көп жыл мерзімге бекітеді.
2. Тарифтік реттеудің шығындық әдісі мыналарды көздейді:
1) экономикалық негізділігін ескере отырып, тарифте есепке алынатын шығындардың түрлері мен мөлшерлерін шектеу;
2) тиісті салада (аяда) қолданылатын үлгілік нормалар мен нормативтер негізінде айқындалған, олар болған жағдайда шикізат, материалдар, отын, энергия шығыстарының техникалық және технологиялық нормаларын, нормативтік техникалық ысыраптарды, персоналдың нормативтік санын қолдану;
3) жылдарға бөле отырып тарифтік сметаны бекіту;
4) тозуды есепке жазудың тікелей әдісін қолдану;
5) осы Заңның 23-бабына және табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін жүзеге асыру қағидаларына сәйкес табиғи монополия субъектісінің сатып алуларды өткізуі;
6) табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметті ұсыну кезінде тартылған активтерінің баланстық немесе қайта бағаланған құнын және уәкілетті орган айқындаған әдіс бойынша есептелген пайда мөлшерлемесін және бекітілген инвестициялық бағдарламаны іске асыру үшін қажетті қаражат көлемін ескере отырып пайданың жол берілетін деңгейін айқындау;
7) инвестициялық бағдарламаны бекіту;
8) бекітілген тарифтік смета шығындарының баптарын орындамағаны, амортизациялық аударымдардың және бекітілген инвестициялық бағдарлама іс-шараларының қаражатын мақсатқа сай пайдаланбағаны үшін уақытша өтемдік тарифті бекіту.
17-бап. Тарифтік реттеудің ынталандыру әдісі
1. Тарифтік реттеудің ынталандыру әдісі қолданылатын тарифті уәкілетті орган реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерін және табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштерін ескере отырып, бес және одан көп жыл мерзімге бекітеді.
2. Тарифтік реттеудің ынталандыру әдісі мыналарды көздейді:
1) экономикалық негізділігін ескере отырып, тарифте есепке алынатын шығындардың түрлері мен мөлшерлерін шектеу;
2) тиісті салада (аяда) қолданылатын үлгілік нормалар мен нормативтердің негізінде айқындалған, олар болған жағдайда шикізат, материалдар, отын, энергия шығыстарының техникалық және технологиялық нормаларын, нормативтік техникалық ысыраптарды, персоналдың нормативтік санын қолдану.
Осы тармақшаның күші тарифтік реттеудің шығындық әдісінен тарифтік реттеудің ынталандыру әдісіне өткен жағдайда тарифті бекіту кезінде қолданылады;
3) бақыланатын және бақыланбайтын шығындарды айқындау;
4) бекітілген инвестициялық бағдарламаның іс-шараларын орындамағаны үшін уақытша өтемдік тарифті және бақыланбайтын шығындарды бекіту;
5) инвестицияланған капиталды қайтаруды және инвестицияланған капиталдың кірістілік нормаларын, сондай-ақ табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметті ұсынуы кезінде тартылған активтерінің баланстық құнын және уәкілетті орган айқындаған әдіс бойынша есептелген пайда мөлшерлемесін ескере отырып пайданы айқындау;
6) реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерін айқындау;
7) табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштерін айқындау;
8) тозуды есепке жазудың тікелей әдісін қолдану;
9) инвестициялық бағдарламаны бекіту;
2024.08.07. № 121-VІІІ ҚР Заңымен 10) тармақшамен толықтырылды (2024 ж. 9 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
10) экономикалық және технологиялық тұрғыдан оң әсер алу мақсатында жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғыртуға (техникалық қайта жарақтандыруға) және кеңейтуге, қазіргі заманғы инфрақұрылым құруға және оны дамытуға бағытталған реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсыну кезінде инновацияларды енгізу.
2024.08.07. № 121-VІІІ ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 9 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
3. Осы Заңда және тарифтерді қалыптастыру қағидаларында белгіленген тарифтік реттеудің ынталандырушы әдісі бойынша тарифті есептеу тетігіне қолданылмайтын осы Заңның жекелеген талаптары, оның ішінде табиғи монополиялар субъектілерінің міндеттері тарифтік реттеудің ынталандырушы әдісі бойынша тариф бекітілген табиғи монополиялар субъектілеріне қолданылмайды.
18-бап. Индекстеу әдісі
1. Индекстеу әдісі қолданылатын тарифті қуаты аз табиғи монополия субъектісі бекітілген тарифті уәкілетті орган айқындайтын деңгейден асырмай индекстеу жолымен жыл сайын белгілейді.
2. Тарифті индекстеу деңгейі Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму өлшемдері ескеріле отырып, жыл сайын күнтізбелік жыл басталғанға дейін екі айдан кешіктірілмей айқындалады.
2025.15.03. № 172-VIII ҚР Заңымен 19-бап жаңа редакцияда (2025 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
19-бап. Жасалған мемлекеттік-жекешелік əріптестік шарты негізінде тарифті айқындау
1. Мемлекеттік-жекешелік əріптестік шартының жобасын қарау кезінде тариф реттеліп көрсетілетін қызметті ұсыну үшін қажетті шығындар құнынан төмен болмауға, сондай-ақ мемлекеттік əріптес пен жекеше əріптес салған инвестициялардың қайтарылуын жəне мемлекеттік-жекешелік əріптестік шарты жобасының техникалық-экономикалық негіздемесіне сəйкес салынған инвестициялардың кірістілік деңгейін қамтамасыз етуге тиіс.