Әскери мүлік айналымының кейбір мәселелері
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 16 шілдедегі № 687 Қаулысы
(2017.08.11. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2019 жылғы 29 тамызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 7 қаңтардағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
ҚР Үкіметінің 2017.08.11. № 724 Қаулысымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Қоса беріліп отырған Пайдаланылмайтын әскери мүлікті құрту, кәдеге жарату, көму арқылы беру, өткізу және жою, сондай-ақ қорғаныс объектілерін мүліктік жалға беру (жалгерлікке беру) қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі бір ай мерзімде осы қаулыны іске асыру үшін тиісті ведомстволық актілерді әзірлесін.
3. «Қару-жарақ, әскери техника айналымы, қорғаныс объектілері мен басқа да әскери мүліктің жекелеген мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 7 тамыздағы № 1039 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
тақырыбындағы «Қару-жарақ, әскери техника айналымы, қорғаныс объектілері мен басқа да» деген сөздер алынып тасталсын;
кіріспедегі «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 9 сәуірдегі Заңына сәйкес» деген сөздер алынып тасталсын;
1-тармақтағы «пайдаланылмайтын қаруға, әскери техника мен өзге де әскери мүлікке» деген сөздер «қару-жарақтан басқа, пайдаланылмайтын әскери мүлікке» деген сөздермен ауыстырылсын;
5-тармақтың 1) тармақшасында:
«өзге де» деген сөздерден кейін «пайдаланылмайтын» деген сөзбен толықтырылсын;
«Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде пайдаланылмайтын» деген сөздер алынып тасталсын.
4. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының қару-жарағын, әскери техникасын, қорғаныс объектілері мен басқа да әскери мүлкін беру, мүліктік жалдауға беру (жалға беру), сату және пайдаға асыру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 30 қыркүйектегі № 1006 қаулысы;
2) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 30 қаңтардағы № 1006 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 28 қаңтардағы № 70 қаулысы.
5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және жариялауға жатады.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
ҚР Үкіметінің 2017.08.11. № 724 Қаулысымен қағида жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2008 жылғы 16 шілдедегі
№ 687 қаулысымен
бекітілген
Пайдаланылмайтын әскери мүлікті беру, өткізу және құртып жіберу, кәдеге жарату,
көму арқылы жою, сондай-ақ қорғаныс объектілерін мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру
қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Пайдаланылмайтын әскери мүлікті беру, өткізу және құртып жіберу, кәдеге жарату, көму арқылы жою, сондай-ақ қорғаныс объектілерін мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) пайдаланылмайтын әскери мүлікті құртып жіберу, кәдеге жарату, көму арқылы беру, өткізу және жою, сондай-ақ қорғаныс объектілерін мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру тәртібін реттейді.
2. Әскери мүлік уәкілетті орган белгілеген тәртіпке сәйкес тікелей мақсаты бойынша пайдалануға жарамсыз немесе Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда қорда сақтаудың кепілдендірілген мерзімін өткерген болып танылады.
3. Мемлекеттік орган басшысының шешіміне сәйкес Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды жабдықтау нормаларынан шығарылған қару-жарақ қаруланудан шығарылған әскери мүлік болып табылады.
4. Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Әскери мүлікті есепке алу және есептен шығару қағидаларына сәйкес есептен шығарылған мүлік есептен шығарылған әскери мүлік болып табылады.
5. Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды жабдықтау нормаларында көзделген шектен артық, ол балансында тұрған мемлекеттік мекемеге қажеттілігі жоқ әскери мүліктің бір бөлігі артық мүлік болып табылады.
6. Пайдаланылмайтын әскери мүлікті беру, өткізу және құртып жіберу, кәдеге жарату, көму арқылы жою, сондай-ақ қорғаныс объектілерін мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру үшін Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар ағымдағы жылғы 1 ақпаннан кешіктірмей пайдаланылмайтын әскери мүлік тізбелерін заңнамамен белгіленген негізде және шектерде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріндегі, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарындағы пайдаланылмайтын әскери мүлікке иелік ету құқығын жүзеге асыратын уәкілетті органға (бұдан әрі - уәкілетті орган) жолдайды.
7. Уәкілетті орган тізбелерді алғаннан кейін бір ай мерзімде пайдаланылмайтын әскери мүліктің жалпы тізбесін жасайды және оны пайдаланылмайтын әскери мүлікке қажеттілікті айқындау үшін Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдарға жолдайды.
8. Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдар жалпы тізбені алғаннан кейін бір ай мерзімде уәкілетті органға әскери мүлікке қажеттілікке арналған өтінім жолдайды немесе бірінші басшының не болмаса оны алмастыратын адамның қолымен осындай қажеттіліктің жоқтығы туралы жазбаша хабарлайды.
Қарулы Күштерден, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардан, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдардан өтінімдерді алғаннан кейін пайдаланылмайтын әскери мүліктердің түпкілікті тізбесі Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің жанындағы Әскери-техникалық комиссия отырысында қаралады.
9. Уәкілетті орган Қарулы Күштерден, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардан, арнаулы мемлекеттік органдардан, сондай-ақ мемлекеттік білім беру ұйымдарынан жалпы тізбеден пайдаланылмайтын әскери мүлікке қажеттілікке арналған өтінімдер алғаннан кейін осы Қағидалардың 2-тарауына сәйкес пайдаланылмайтын әскери мүлікті беру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырады.
10. Уәкілетті орган Қарулы Күштерден, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардан, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдардан пайдаланылмайтын әскери мүлікке қажеттіліктің жоқтығы туралы хабарлама алған жағдайда, сондай-ақ мемлекеттік білім беру ұйымдарынан өтінім болмаған кезде пайдаланылмайтын әскери мүлік осы Қағидалардың 3-тарауына сәйкес өткізуге және 4-тарауына сәйкес құртып жіберу, кәдеге жарату және көму арқылы жоюға жатады.
2. Пайдаланылмайтын әскери мүлікті беру тәртібі
11. Пайдаланылмайтын әскери мүлікті Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының, арнаулы мемлекеттік органдардың жедел басқаруына беру, сондай-ақ қару-жарақ пен әскери техниканың жекелеген үлгілерін Қазақстан Республикасы қорғаныс өнеркәсібі кешенінің ұйымдарына беру Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің жанындағы Әскери-техникалық комиссия ұсынымдарының негізінде уәкілетті органның шешімі бойынша жүзеге асырылады.
Пайдаланылмайтын әскери мүлікті мемлекеттік орган шегінде беру мемлекеттік органның бірінші басшысы актісінің негізінде жүзеге асырылады.
12. Білім беру бағдарламаларын іске асыру үшін пайдаланылмайтын әскери мүлікке қажеттілік кезінде мемлекеттік білім беру ұйымдары ағымдағы жылғы бірінші сәуірге қарай уәкілетті органға пайдаланылмайтын әскери мүлікке қажеттілікке арналған өтінім береді, оны уәкілетті орган бір ай мерзімде қарайды.
13. Жалпы тізбеден Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар және арнаулы мемлекеттік органдар талап етпеген пайдаланылмайтын әскери мүлік әскери-патриоттық тәрбиені арттыру және Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар үшін кадрлар даярлау үшін мемлекеттік білім беру ұйымдарына уақытша өтеусіз пайдалануға берілуі мүмкін.
Бұл ретте мемлекеттік білім беру ұйымдарына берілетін қару-жарақ, арнайы құралдар мен әскери техника түріндегі пайдаланылмайтын әскери мүлік тірі немесе өзге де нысаналарды талқандау, сондай-ақ белгі беру мүмкіндіктерін конструктивті түрде болдырмауы тиіс.
14. Пайдаланылмайтын әскери мүлікті (оның ішінде қару-жарақты) беру кезінде тапсыратын және қабылдайтын тараптар арасында тиісті шарт жасалады.
15. Пайдаланылмайтын әскери мүлік жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына мүліктік салым ретінде не мемлекет қатысатын акционерлік қоғамның акциясын төлеуге берілуі мүмкін.
Қару-жарақ пен әскери техника түріндегі пайдаланылмайтын әскери мүлік жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына мүліктік салым ретінде қорғаныс өнеркәсібі кешенінің ұйымдарына не өндірістік қызметте және/немесе әскери және қосарланған мақсаттағы тауарларды (өнімдерді) шығаруда, әскери мақсаттағы жұмыстар мен қызметтер көрсетуде пайдалану үшін мемлекет қатысатын акционерлік қоғамның акциясын төлеуге берілуі мүмкін.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қорғаныс объектілері және автомобиль көлік құралдары түріндегі пайдаланылмайтын әскери мүлкі Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне ведомостволық бағынысты жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына мүліктік салым ретінде не мемлекет қатысатын акционерлік қоғамның акцияларын төлеуге берілуі мүмкін.
Пайдаланылмайтын әскери мүлікті жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына мүліктік салым ретінде не мемлекет қатысатын акционерлік қоғамның акцияларын төлеуге беру Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің жанындағы Әскери-техникалық комиссияның ұсынымдары негізінде мемлекеттік мүлік туралы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.
Тікелей мақсаты бойынша пайдалануға жарамсыз, есептен шығарылған, запаста сақтаудың кепілдік мерзімін өтеген пайдаланылмайтын әскери мүлік жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына мүліктік салым ретінде не мемлекет қатысатын акционерлік қоғамның акцияларын төлеуге беруге жатпайды.
16. Барлық талап етілмейтін пайдаланылмайтын әскери мүлік осы Қағидалардың 3-тарауына сәйкес өткізуге және 4-тарауына сәйкес құртып жіберу, кәдеге жарату, көму арқылы жоюға жатады.
3. Пайдаланылмайтын әскери мүлікті өткізу тәртібі
17. Пайдаланылмайтын әскери мүлік уәкілетті органның шешімі бойынша Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің жанындағы Әскери-техникалық комиссия ұсынымдарының негізінде өткізіледі.
18. Пайдаланылмайтын әскери мүлік оны кәдеге жарату арқылы жою шартымен өткізілуі мүмкін.
19. Пайдаланылмайтын әскери мүлікті өткізуден түсетін қаражат республикалық бюджет кірісіне жіберіледі.
20. Барлық өткізілмеген әскери мүлік осы Қағидалардың 4-тарауына сәйкес құртып жіберу, кәдеге жарату және көму арқылы жоюға жатады.
21. Қару-жарақ пен әскери техниканы қоспағанда, пайдаланылмайтын әскери мүлікті Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген ұйым (бұдан әрі - ұйым) жекешелендіру объектілері үшін заңнамада белгіленген жекешелендіру тәртібіне және шарттарына сәйкес жеке және заңды тұлғаларға өткізеді.
22. Пайдаланылмайтын қару-жарақ пен әскери техниканы ұйым пайдаланылмайтын қару-жарақ пен әскери техниканы (бұдан әрі - сату объектісі) өткізу бойынша жабық тендер өткізу жолымен заңды тұлғаларға өткізеді.
23. Жабық тендер өткізуге дайындық мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
1) қажетті материалдар жинау жүргізіледі;
2) бағалау негізінде сату объектісінің бастапқы бағасы айқындалады;
3) әрбір сату объектісін саудалау әдісі айқындалады;
4) сатушы комиссия шешімінің негізінде тендерлік құжаттаманы бекітеді;
5) кепілдік жарна енгізу тәртібі айқындалады;
6) жабық тендерді өткізу мерзімі белгіленеді;
7) қажет болған кезде ұйымдастырушы тартылады;
8) жабық тендерге қатысушылар тобы қалыптастырылады, айқындалады және бекітіледі;
9) жабық тендерге қатысуға шақыру-хат жіберіледі;
10) кепілдік жарналар қабылданады;
11) қатысушыларды тіркеу жүргізіледі;
12) сатып алу-сату шартының жобасын дайындау жүзеге асырылады.
24. Баланстық құны республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржылық жылдың 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 2500000 еселенген мөлшерінен астам болатын пайдаланылмайтын қару-жарақ пен әскери техниканы бағалауды халықаралық бағалау стандарттарына сәйкес тәуелсіз консультанттар жүзеге асырады.
25. Баланстық құны республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржылық жылдың 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 2500000 еселенген мөлшерінен кем болатын пайдаланылмайтын қару-жарақ пен әскери техниканы бағалау Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
26. Сатушының функциялары мыналар болып табылады:
1) сату объектісін бағалауды жүргізуді қамтамасыз ету;
2) әрбір сату объектісі бойынша комиссия шешімінің негізінде сауда-саттық шарттарын және нысандарын айқындау;
3) сауда-саттықты өткізу мерзімін (күні мен уақыты) және сауда-саттықты өткізу орнын белгілеу;
4) сауда-саттықты дайындауды және өткізуді жүзеге асыру;
5) комиссия шешімінің негізінде сату объектілерінің бастапқы бағасын айқындау;
6) жабық тендерге қатысушылардың кепілдік жарналарын қабылдау;
7) сату объектілерін сауда-саттықтан алып тастау туралы шешім қабылдау;
8) жабық тендерге қатысушылар құжаттарының қосымша талаптарға сәйкестігін қарау және оларды сауда-саттыққа жіберу;
9) ұйымдастырушы тартылған жағдайда онымен сауда-саттықты ұйымдастыруға және өткізуге арналған шарт жасасу;
10) сауда-саттықты ұйымдастыру және өткізу барысын бақылауды жүзеге асыру;
11) сауда-саттықтың жеңімпаздарымен сатып алу-сату шартын жасасу және олардың орындалуын бақылау;
12) қатысушылармен, сатып алушылармен, ұйымдастырушылармен сауда-саттық өткізу рәсімдеріне байланысты есептерді жүзеге асыру;
13) комиссия шешімінің негізінде жабық тендердің объектіні өткізу жөніндегі тендерлік құжаттамасын бекіту;
14) ұсынылған өтінімдердің (өтініштердің) негізінде жабық тендерге қатысушылардың тобын (тізбесін) қалыптастыру және оны комиссия шешімінің негізінде бекіту;
15) сауда-саттықты өткізу үшін қажетті басқа да іс-шараларды өткізу.
27. Жабық тендерге қатысу үшін кепілдік жарна шақыру-хатта белгіленген нысанда және тәртіппен сатушының деректемелеріне енгізіледі.
Кепілдік жарнаны қатысушы не қатысушының атынан кез келген басқа жеке немесе заңды тұлға енгізеді.
28. Қатысушыларға кез келген көлемде кепілдік жарна енгізуге рұқсат етіледі, бұл ретте бір кепілдік жарна тендерге қатысу үшін қатысушы осы кепілдік жарнаны сол үшін енгізген қару-жарақ пен әскери техниканы сатып алуға құқық береді.
29. Сауда-саттықта жеңген және сатып алу-сату шартын жасасқан қатысушының кепілдік жарнасы сатып алу-сату шарты бойынша есептелетін төлемдердің есебіне жатады.
30. Сатушы кепілдік жарнаны:
1) жеңімпазға - сауда-саттық нәтижелері туралы хаттамаға не сатып алу-сату шартына қол қоймаған жағдайларда;
2) сатып алушыға - сатып алу-сату шарты бойынша міндеттемелерін орындамаған немесе тиісті түрде орындамаған жағдайда қайтармайды.
Барлық қалған жағдайларда кепілдік жарналар сатып алушыға өтініш берген күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде қайтарылады. Кепілдік жарналар сауда-саттыққа қатысушылар, жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлғалар кепілдік жарнаны қайтару туралы өтініште көрсеткен деректемелерге қайтарылады.
31. Жабық тендерге мүдделі мемлекеттік органдар ұсыныстарының негізінде комиссия айқындайтын қатысушылардың шектеулі тобы қатысады.
Қатысушылардың тобын (тізбесін) қалыптастыру кезеңінде сатушы және/немесе ұйымдастырушы мүдделі мемлекеттік органдарға және/немесе шет мемлекеттердің органдарына қатысушылардың халықаралық міндеттемелердің сыртқы экономикалық қызметін сақтауы және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігі туралы мәліметтер беру жөнінде сұрау салулар жолдайды.
Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың сәйкестігін тексеруді уәкілетті органмен, сондай-ақ экпорттық бақылау жөніндегі уәкілетті органмен өзара іс-қимыл жасау арқылы сатушы және/немесе ұйымдастырушы жүзеге асырады.
Тексеруді жүзеге асыру нәтижелері бойынша сатушы және/немесе ұйымдастырушы сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың тізімін қалыптастырады және пайдаланылмайтын қару-жарақ пен әскери техниканы өткізу бойынша жабық тендерге қатысушылардың тобын айқындау үшін комиссияға ұсынады.
32. Жабық тендердің барлық шарттары бар жабық тендерге қатысуға арналған жазбаша шақыру хатын сатушы оны өткізгенге дейін кемінде күнтізбелік 15 (он бес) күн бұрын таратады.
Жабық тендерге қатысуға арналған шақыру хат мынадай мәліметтерді қамтиды:
1) сауда-саттықты өткізу күні, орны және уақыты;
2) сауда-саттық әдісі;
3) объект туралы мәлімет;
4) сатуға қойылатын объектілердің алғашқы және ең төмен бағалары;
5) кепілдік жарна мөлшері және оны аудару үшін банк деректемелері;
6) өтінімдер қабылдау орны және мерзімі;
7) сауда-саттықты өткізу тәртібі, оның ішінде сауда-саттыққа қатысуды ресімдеу, сауда-саттықтың жеңімпаздарын айқындау шарттары туралы мәліметтер;
8) сатушының және/немесе сауда-саттық ұйымдастырушысының және баланста ұстаушының телефондары мен орналасқан жері;
9) сатушының шешімі бойынша қосымша ақпарат.
Шақыру-хатқа мынадай құжаттар қоса беріледі:
1) тендерлік құжаттама;
2) пайдаланылмайтын қару-жарақ пен әскери техниканың фото-суреттері және/немесе техникалық сипаттамалары;
3) сатып алу-сату шартының жобасы.
Жабық тендерге қатысуға шақыру-хат жолданған адамдардың өтінімдерін тіркеуді сатушы жазбаша шақыру хаттар жіберілген күннен бастап тіркеу журналында жүргізеді және ол басталғанға дейін 24 (жиырма төрт) сағат бұрын аяқталады.
33. Сату объектілерін сату туралы шақыру-хат жіберілгеннен кейін баланста ұстаушы барлық ниет білдірушілерге сату объектісін сатып алуға рұқсатты қамтамасыз етеді.
34. Жабық тендердің қатысушыларын тіркеу шақыру-хат жіберілген күннен бастап жүргізіледі және жабық тендер басталғанға дейін 24 (жиырма төрт) сағат бұрын аяқталады, одан кейін қатысушылар берілген өтінімді қайтарып ала алмайды.
35. Жабық тендердің қатысушысы ретінде тіркеу үшін:
1) осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша сауда-саттыққа қатысуға арналған өтінім;
2) заңды тұлғалар үшін:
салыстыру үшін міндетті түрде түпнұсқасын немесе көрсетілген құжаттың нотариус куәландырған көшірмесін ұсына отырып, жарғының көшірмесін;
салыстыру үшін міндетті түрде түпнұсқасын немесе көрсетілген құжаттың не заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтаманың нотариус куәландырған көшірмесін ұсына отырып, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің көшірмесін;
банк шотының барын растайтын банк анықтамасының түпнұсқасын ұсыну қажет.
Құжаттардың түпнұсқалары салыстырылғаннан кейін бір жұмыс сағаты ішінде қайтарылады.
Банк (ағымдағы) шоттың барын растайтын банк анықтамасының түпнұсқасы қайтарылмайды;
3) кепілдік жарнаның енгізілгенін растайтын төлем құжатының түпнұсқасы мен көшірмесі (төлем құжатының түпнұсқасы қатысушы жүгінген кезде сауда-саттық өткізілгеннен кейін қайтарылады);
4) заңды тұлға өкілінің өкілеттігін растайтын құжаттың түпнұсқасы, сондай-ақ салыстырғаннан кейін қайтарылатын түпнұсқасын ұсына отырып, заңды тұлға өкілінің паспортының немесе жеке басын куәландыратын құжатының көшірмесі не заңды тұлға өкілінің паспортының немесе жеке басын куәландыратын құжаттың нотариус растаған көшірмесі;
5) тендерге қатысушы қол қойған бағалық ұсыныс;
6) лицензиар (уәкілетті орган) беретін қару-жарақ, әскери техника және қарудың жекелеген түрлерінің, оларды қолдана отырып жасалатын жарылғыш заттар мен бұйымдар айналымы саласындағы қызметтің түрін (кіші түрін) жүзеге асыруға арналған рұқсат беру құжаттарының нотариус растаған көшірмелері.
Шетелдік заңды тұлғалар нотариус растаған қазақ және/немесе орыс тілдеріне аудармасымен резиденті өтініш білдіруші болып табылатын елдің не өтініш білдіруші сыртқы экономикалық қызметтің қатысушысы ретінде тіркелген кез келген басқа елдің лицензиары (уәкілетті органы) беретін рұқсат беру құжаттарын (лицензиялар, рұқсаттамалар) береді;
7) тендер құжаттамаларында және пайдаланылмайтын қару-жарақ пен әскери техниканы өткізу бойынша жабық тендерге қатысуға арналған шақыру-хатта көрсетілген қосымша талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттардың түпнұсқалары не нотариус растаған көшірмелері.
Жабық тендерге қатысу үшін ұсыныс жабық конвертте жазбаша түрде мәлімделеді.
36. Өтінімдер қабылдау және жабық тендерге қатысуға ниет білдірген адамдарды тіркеу талап етілетін құжаттардың толық жиынтығы болған кезде жүргізіледі.
Өтінімді қолма-қол тәсілмен ұсынған кезде талап етілетін құжаттарды тексеруді сатушы сол орнында бір жұмыс сағаты ішінде жүзеге асырады және осы Қағидалардың 35-тармағында көрсетілген құжаттардың біреуі болмаған жағдайда ұсынылған өтінім тіркелмейді.
Өтінім поштамен келіп түскен кезде Қағидалардың 35-тармағында көрсетілген құжаттардың біреуі болмаған жағдайда ұсынылған өтінім тіркелмейді, ол туралы сатушы бір жұмыс сағаты ішінде өтінім берген адамға жазбаша нысанда хабарлайды.
37. Жабық тендерге қатысушылардың құжаттары өтінімдерді тіркеу журналында тіркелгеннен кейін сейфте сақталады және оны өткiзетiн күні комиссияға қарау және жабық тендерге жіберу үшін берiледi.
38. Сатушы мен ұйымдастырушыға:
1) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, сауда-саттықты дайындаудың және өткізудің барлық кезеңі ішінде сауда-саттыққа қатысушыларға қатысы бар ақпаратты жариялауға;
2) осы Қағидалардың 35-тармағында санамаланған құжаттардан басқа қосымша құжаттар ұсынуды талап етуге жол берілмейді.
39. Қатысушының осы Қағидалардың 35-тармағында көрсетілген талаптарды сақтамауы, сондай-ақ сатушының шотына сауда-саттықты өткізу туралы шақыру-хатта көрсетілген кепілді жарнаның сауда-саттық басталғанға дейін екі сағат бұрын түспеуі сатушының жабық тендерге қатысуға арналған өтінімді қабылдаудан бас тартуы үшін негіз болып табылады.
40. Жабық тендерді ұйымдастыруды және өткізуді сатушы жүзеге асырады. Объектіні бірінші жабық тендерге қойған кезде жекешелендіру объектісінің бастапқы бағасы алғашқы бағаға тең болады.
Тендерді ұйымдастыру және өткізу үшін сатушы міндетті түрде комиссия құрады, оның құрамына уәкілетті органның, ішкі істер органының, арнаулы мемлекеттік органдардың және мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органның өкілдері қамтылады.
Комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) өз жұмысының регламентін дербес әзірлейді;
2) әрбір сату объектісі бойынша сауда-саттық әдістері туралы шешім қабылдайды;
3) бағалау негізінде сату объектісінің бастапқы бағасын белгілеу туралы шешім қабылдайды;
4) сату объектілерінің жабық тендерінің шарттары туралы шешім қабылдайды;
5) қатысушыларға (сатып алушыға) қойылатын қосымша талаптар туралы шешім қабылдайды;
6) осы Қағидалардың 43-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, сауда-саттыққа арналған объектіні одан әрі сатуға қоюдың орындылығы туралы шешім қабылдайды;
7) сату объектілерін өткізу бойынша жабық тендерге қатысушылардың құжаттарын қарайды;
8) мүдделі мемлекеттік органдар ұсыныстарының негізінде жабық тендерге қатысушылардың тобын (тізбесін) айқындайды;
9) жабық тендердің тендерлік құжаттамасын айқындайды;
10) жабық тендердің қорытындылары туралы хаттамаларға қол қояды;
11) пайдаланылмайтын қару-жарақ пен әскери техниканы өткізу бойынша жабық тендердің жеңімпазын жариялайды.
41. Жабық тендер сатушы белгілейтін орында және уақытта өткізіледі. Жабық тендер Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген мереке және демалыс күндерін қоспағанда, сейсенбіден жұмаға дейін Астана қаласының уақыты бойынша сағат 10:00-13:00-ге дейінгі кезеңде өткізіледі.
42. Объектіні екінші және үшінші сауда-саттыққа қойған кезде бастапқы баға алдыңғы жабық тендердің алғашқы бағасынан елу пайызға төмендейді.
43. Егер жабық тендердің тiркелген қатысушыларының саны екеуден аз болса, онда жекешелендiру объектiсi жалғыз қатысушыға сатылуы мүмкiн үшiншi сауда-саттықты қоспағанда, тендер өткен жоқ деп жарияланады.
44. Егер тендер немесе жабық тендер өткен жоқ деп жарияланса, комиссия өткізілмеген жабық тендер туралы хаттамаға қол қояды.