45. Сауда-саттық өткізу туралы шақыру-хатта көрсетілген, сауда-саттықтың күні мен уақыты келген кезде комиссия жабық тендерге қатысуға арналған өтінімдерді ашады.
46. Жабық тендерге қатысуға арналған өтінімдерді комиссия сауда-саттық өткізу туралы шақыру-хатта көрсетілген объектінің қатысушыларына (сатып алушысына) қойылатын қосымша талаптарға сәйкес келетін қатысушыларды айқындау мақсатында қарайды.
47. Объект үшін неғұрлым жоғары баға ұсынған қатысушы жеңімпаз болып танылады. Жабық тендерде екі және одан көп қатысушының ұсынысы бірдей жоғары бағаны қамтыған жағдайда, онда осы қатысушылардың арасынан өтінімі басқа қатысушылардың өтінімдерінен бұрын қабылданған қатысушы жабық тендердің жеңімпазы ретінде танылады.
48. Сауда-саттық нәтижелері туралы хаттамада:
1) себептерін көрсете отырып, қатысушыларға (сатып алушыға) қойылатын талаптарды қанағаттандырмайтын қатысушылардың тізімі;
2) қатысушыларға (сатып алушыға) қойылатын талаптарды қанағаттандыратын қатысушылардың тізімі, ол бойынша комиссия тендерге қатысушылардың бағалық ұсыныстарын салыстыруды жүргізеді;
3) объект үшін ең жоғары баға ұсынған жеңімпаз көрсетіледі.
49. Жабық тендердің жеңімпазы сауда-саттық нәтижелері туралы хаттамаға қол қою үшін электрондық пошта бойынша немесе өзге тәсілмен сауда-саттық нәтижелері туралы хабардар етіледі.
Жабық тендер нәтижелері туралы хаттамаға комиссия мүшелері, жабық тендердің жеңімпазы қол қояды және сатушы оны жабық тендер аяқталған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей бекітеді.
Хаттама электрондық пошта арқылы пайдаланылмайтын қару-жарақ пен әскери техниканы өткізу бойынша жабық тендердің барлық қатысушыларына жеткізіледі.
50. Жеңімпаз белгіленген мерзімде пайдаланылмайтын қару-жарақ пен әскери техниканы өткізу бойынша жабық тендердің нәтижелері туралы хаттамаға және сатып алу-сату шартына қол қоймаған жағдайда комиссия сауда-саттық нәтижелерінің күшін жою туралы хаттамаға қол қояды және осы жекешелендіру объектісі сауда-саттыққа қайтадан шығарылады.
51. Сатып алу-сату шартына сатушы және сатып алушы қол қояды. Шартта шарттың жасалу негізі ретінде сауда-саттықтың нәтижелері туралы хаттамаға сілтеме көрсетіледі.
52. Сауда-саттықта жеңген адам сауда-саттық нәтижелері туралы хаттамаға немесе сатып алу-сату шартына қол қоймаған кезде ол енгізген кепілдік жарнаны жоғалтады және сатушыға ол шеккен нақты залалдың кепілдік жарна жаппаған бөлігін өтейді.
53. Сатып алу-сату шарты бойынша есептер сатушы мен сатып алушы арасында жүргізіледі, бұл ретте сатып алушы есептерді мынадай тәртіппен жүргізеді:
1) аванстық төлем жекешелендіру объектісінің сату бағасының кемінде он бес пайызы мөлшерінде сатып алу-сату шартына қол қойылған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде (кепілдік жарна тиесілі аванстық төлем есебіне есептеледі) енгізіледі;
2) қалған сома тараптардың уағдаластығы бойынша, бірақ сатып алу-сату шартына қол қойылған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей енгізіледі.
54. Аванстық немесе түпкілікті төлемдердің мерзімі өткен жағдайларда сатушының шартты біржақты тәртіппен бұзуына және сатып алушыға ол шеккен нақты залалдың кепілдік жарна жаппаған бөлігінің орнын толтыру туралы талап қоюына жол беріледі.
55. Пайдаланылмайтын әскери мүлікті беру сатып алу-сату шартында көзделген мерзімде қабылдау-тапсыру актісі бойынша жүргізіледі.
Қол қойылған қабылдау-тапсыру актісі сатылған пайдаланылмайтын қару-жарақ пен әскери техниканың меншік иесін өзгерту туралы мемлекеттік тіркеу өткізу үшін негіз болып табылады.
56. Пайдаланылмайтын қару-жарақ пен әскери техника Қазақстан Республикасының шегінен тыс экспорттау шартымен өткізіледі.
4. Пайдаланылмайтын әскери мүлікті құртып жіберу, кәдеге жарату, көму арқылы жою тәртібі
57. Пайдаланылмайтын әскери мүлікті жою құртып жіберу, кәдеге жарату, көму арқылы жүзеге асырылады.
58. Пайдаланылмайтын әскери мүлікті құртып жіберу және көму арқылы жоюды Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес олардың құрамында зиянды заттардың болуына сүйене отырып, заңды тұлғалар жүзеге асырады.
59. Кәдеге жарату арқылы жоюға қару-жарақтың, әскери техниканың, арнайы құралдардың пайдаланылуы мүмкін емес барлық түрлері жатады.
60. Кәдеге жарату және өткізу арқылы жою мүмкін болмайтын пайдаланылмайтын әскери мүліктің барлық түрлері жоюға және/немесе көмуге жатады.
61. Өткізілмейтін, пайдаланылмайтын әскери мүліктің, оның ішінде жоюға және/немесе көмуге жатқызылатын кәдеге жарату өнімдерінің тізбесін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің жанындағы Әскери-техникалық комиссияның ұсынымы бойынша уәкілетті орган бекітеді.
62. Кәдеге жарату, құртып жіберу, көму арқылы жою үшін пайдаланылмайтын әскери мүліктің тізбесінде мыналар көрсетіледі:
1) мүліктің типі;
2) шығарылған жылы;
3) саны;
4) жиынтықтаушы бұйымдардың болуы;
5) бар болған жағдайда зиянды заттардың құрамы және мөлшерлік құрамы (қалдықтар паспорты);
6) орналасқан жері немесе қоймаланған жері;
7) бар болған кезде ыдысы;
8) техникалық құжаттамасының болуы.
63. Пайдаланылмайтын әскери мүлікті кәдеге жарату таңдалған технологияларға және экономикалық орындылығына байланысты оны сақтау орындарында немесе мамандандырылған кәсіпорындарда (цехтарда, учаскелерде, алаңдарда, аумақтарда) жүргізіледі.
64. Кәдеге жарату, құртып жіберу, көму арқылы жоюға жататын пайдаланылмайтын әскери мүлікті оны сақтау орындарынан тыс Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген талаптарға сәйкес өнеркәсіп алаңдарына немесе өндіріс цехтарына әкету кәдеге жаратуды жүргізетін ұйымдардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
65. Мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес оларға оқ-дәрілерді кәдеге жарату өнімдерін өткізу бойынша қызмет көрсету шартымен заңды тұлғалар жүргізетін оқ-дәрілерді кәдеге жаратуды қоспағанда, пайдаланылмайтын әскери мүлікті кәдеге жаратуды мемлекеттік сатып алу туралы заңнамада белгіленген тәртіппен айқындалатын заңды тұлғалар немесе уәкілетті органның, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың бөлімшелері жүргізеді.
66. Бекітілген техникалық жай-күйі актiлері (куәлiктері) алынған мүлік бөлшектеуге жатады.
Мүлiктi бөлшектеу пайдалануға жарамды агрегаттардың, тораптардың, аспаптардың, бөлшектер мен материалдардың барынша көп санын алу мақсатында қауiпсiздiк техникасының талаптарын және құпиялылық режимiн қатаң сақтай отырып, тиiстi мамандардан, есептен шығарылуға жататын мүлiктiң жай-күйi мен сақталуына жауап беретiн лауазымды адамдардан тұратын комиссия мүшелерiнiң қатысуымен тиiстi қызметтер (материалдық-техникалық, қаржы және басқа да қамтамасыз ету түрлерi) бастықтарының бақылауымен жүргізiледi.
Бекітілген техникалық жай-күйi актілері (куәлiктер) алынған қару-жарақ пен әскери техника, жауынгерлiк даярлық оқу материалдық-техникалық базасының жабдығы мен құралдары олардың агрегаттары бөлшектелмей, жөндеу әскери бөлiмдерiнде немесе бар болған кезде тиiстi бөлiмшелерде бөлшектелуге жатады.
Оларды бөлшектеу кезiнде қару-жарақ пен әскери техникадан алып тасталған және одан әрi пайдалануға жатпайтын агрегаттар белгiленген тәртiппен әскери бөлiмдердiң жөндеу базаларына жөндеуге берiледi.
Жауынгерлiк зымырандар мен олардың элементтерi, зымырандар жабдықтарының жауынгерлiк жиынтықтары, егер оған мүлiктiң тиесiлiлігi бойынша әскери бөлiм қамтамасыз етілуде тұрған тиiстi басқару органының (бұдан әрi - қамтамасыз ету органы) арнайы нұсқаулары болмаса, бөлшектеуге жатпайды.
67. Құпиялылық белгісi бар бұйымдарды (тораптарды, элементтердi) бөлшектеу оларды пайдалану тәртібін регламенттейтiн нормативтiк-құқықтық актілердiң талаптарына сәйкес жүргiзіледi.
68. Бөлшектелген мүлiктің пайдалануға жарамды, оның iшiнде жөндеудi талап ететiн барлық агрегаттарын, тораптарын, аспаптарын, бөлшектерін, материалдарын әскери бөлiмдер оқу-жаттығу мақсаттарында (табельдер, белгiленген шығыс нормалары немесе лимит шегінде), сондай-ақ жөндеу, сүрту материалы ретінде және басқа да мұқтаждарға пайдаланады.
Әскери бөлiмдер өз мұқтаждарына пайдаланбайтын жарамды және жөндеудi талап ететін агрегаттар, тораптар, аспаптар, бөлшектер, материалдар және басқа да мүлiк қамтамасыз ету органдарының нұсқауы бойынша әскери бөлiмдердiң басқа да базалары мен қоймаларына берiледi.
69. Заңды тұлғаларды оны сақтау орындарында құртып жіберу, кәдеге жарату, көму арқылы жою жөніндегі жұмыстарды жүргізуге жіберу пайдаланылмайтын әскери мүлкі жоюға жататын басшының шешімі бойынша жүзеге асырылады.
70. Кәдеге жарату жолымен жою үшін берілетін пайдаланылмайтын қару-жарақ пен әскери техника уәкілетті орган белгілеген тәртіппен қауіпсіз жай-күйге келтіріледі.
71. Кәдеге жарату өнімдерін өткізу осы Қағидалардың 3-тарауына сәйкес жүзеге асырылады.
5. Қорғаныс объектілерін мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру тәртібі
72. Мүліктік жалдауға (жалға алуға) беруге жататын пайдаланылмайтын қорғаныс объектілерінің тізбелерін баланстық құнын көрсете отырып, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының ұсынымдары негізінде қорғаныс объектілерін есепке алуды жүзеге асыратын уәкілетті орган жасайды және оны қажеттілігіне қарай, бірақ жарты жылда кемінде бір рет уәкілетті органның басшысы бекітеді.
Мүліктік жалдауға (жалға алуға) беруге жататын пайдаланылмайтын қорғаныс объектілерінің тізбесі Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің жанындағы Әскери-техникалық комиссияның ұсынымдары негізінде жасалады.
73. Мүліктік жалдауға (жалға алуға) беруді уәкілетті орган (бұдан әрі - жалға беруші) жүзеге асырады.
74. Қорғаныс объектілерін мүліктік жалдауға (жалға алуға) беруге бойынша тендерді дайындау және өткізу бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
75. Жалға беруші қорғаныс объектілерін мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру процесін ұйымдастыру үшін делдал тартуға құқылы.
76. Жалға беруші тізілімнің веб-порталында (www.gosreestr.kz мекенжайы бойынша интернет желісінде орналастырылған интернет қоры) қорғаныстық объектінің атауын, саның, өлшем бірлігін, қысқаша сипаттамасын, елді мекенді, мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру, нысаналы пайдалану мерзімін көрсете отырып, тізбесінің және мәліметтің орналастырылуын қамтамасыз етеді.
77. Қорғаныс объектілерін мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінімнің негізінде жүзеге асырылады.
Өтінім тізілімнің веб-порталында электрондық нысанда қорғаныс объектісінің атауын, оның баланста ұстаушысын, нысаналы мақсатын көрсетіп, мына құжаттардың:
1) заңды тұлғалар үшін - заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің (заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы анықтама) және жарғының;
2) жеке тұлғалар үшін - өтінім берушінің жеке құжатының, тұрғылықты орнынан мекенжай анықтамасының;
3) шетелдік жеке және заңды тұлғалар үшін - шетелдік паспортының немесе нотариус растаған мемлекеттік және/немесе орыс тілдеріндегі аудармасы бар құрылтай құжаттарының электрондық (сканерленген) көшірмелерін қоса бере отырып ресімделеді.
78. Жалға беруші өтінімді оның келіп түскен күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде қарайды.
79. Мүліктік жалдауға беруге (қорғаныс объектілерін) арналған өтінімді (өтінімдерді) және оған қоса берілген құжаттарды қарау нәтижелері бойынша жалға беруші:
1) қорғаныс объектісін нысаналы мақсаты бойынша мүліктік жалдауға (жалға алуға) беруге туралы;
2) қорғаныс объектілерін мүліктік жалдауға (жалға алуға) беруге арналған екі және одан көп өтінім берілген жағдайда тендер өткізу туралы;
3) жалға беруші объектінің заңды тағдыры бойынша өзге шешім қабылдаған, осы Қағидалардың 77-тармағында көрсетілген құжаттар болмаған жағдайларда, мүліктік жалдауға (жалға алуға) беруден бас тарту туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
80. Қорғаныс объектісіне қажеттілік туралы өтінімді (бұдан әрі - өтінім) қабылдау бірінші өтінім түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде аяқталады.
81. Қорғаныс объектілерін нысаналы мақсаты бойынша мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру кезінде жалға беру ақысының есеп айырысу мөлшерлемелері және орналасқан орнын, түрін, жай-күйін ескеретін жоғарылатушы (азайтушы) коэффициенттердің мөлшері, сондай-ақ объектілердің мақсаты өңірлік жағдайларды ескере отырып айқындалады және мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерімен және қажет болған жағдайда жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органның басқа да аумақтық бөлімшелерімен келісу бойынша жалға беруші бекітеді.
82. Тендерді дайындаған және өткізген кезде жалға беруші:
1) тендерлік комиссияны қалыптастырады;
2) тендер өткізу мерзімін және оның шарттарын айқындайды;
3) тендерлік құжаттаманы дайындайды;
4) тізілімнің веб-порталында тендер өткізілетіні туралы хабарлама жариялайды;
5) шарт жобасын даярлауды жүзеге асырады;
6) тендер жеңімпаздарымен шарт жасасады және оның шарттарының орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
7) тендерлік комиссия отырысының хаттамасына қол қояды;
8) тендер жеңімпазымен шарт жасасуды қамтамасыз етеді;
9) осы Қағидаларда көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
83. Жалға беруші тендердің ұйымдастырушысы болады.
84. Тендерлік комиссияның құрамына жалға берушінің және өзге де мүдделі ұйымдардың өкілдері енгізіледі, сондай-ақ тәуелсіз мамандар мен сарапшылар тартылуы мүмкін. Комиссия төрағасы жалға берушінің өкілі болып табылады.
85. Тендерлік комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ болуы және кемінде бес адам болуы тиіс.
86. Тендерлік комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) жалға беруші белгілеген мерзімде және олар ұсынған қорғаныс объектісі туралы деректер негізінде тендер шарттарын әзірлейді, олардың негізгісі ең төменгі жалгерлік төлем мөлшерлемесі болып табылады, ол нысаналы мақсаты бойынша мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру кезінде ұқсас қорғаныс объектілері үшін белгіленетін жалгерлік төлемінің мөлшерлемесінен төмен болуы мүмкін емес;
2) тендер жариялау үшін тендерлік құжаттаманы және басқа да қажетті құжаттарды дайындайды;
3) қажет болған жағдайда мамандар мен сарапшыларды тартады.
87. Жалға беруші тендерлік комиссияның хатшысын тағайындайды және ол тендер комиссиясының мүшесі болып табылмайды. Тендерлік комиссия шешім қабылдаған кезде хатшының дауыс беру құқығы болмайды.
88. Тендерлік құжаттаманы дайындау тәртібін, құрамын және шарттарын жалға беруші айқындайды.
89. Тендерлік құжаттама мынадай негізгі тарауларды қамтуға тиіс:
1) тендер объектісі туралы мәліметтер;
2) өтінімнің және онымен бірге ұсынылатын құжаттардың мазмұнына қойылатын талаптар;
3) тендер өткізу шарттары мен тәртібі;
4) мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру шартының жобасы.
90. Жалға беруші тендер өткізгенге дейін кемінде күнтізбелік он бес күн бұрын тізілімнің веб-порталында тендер өткізу туралы мемлекеттік және орыс тілдеріндегі хабарламаның жариялануын қамтамасыз етеді.
91. Тендер өткізу туралы хабарлама мыналарды қамтуға тиіс:
1) тендер объектісінің қысқаша сипаттамасы;
2) мүліктік жалдауға (жалға алуға) берудің мерзімін және жалгерлік төлемінің бастапқы мөлшерлемесінің мөлшері;
3) кепілдік жарнаның мөлшерін, мерзімі мен енгізу тәртібі;
4) тендердің шарттары;
5) тендер өткізу күні және уақыты;
6) тендерге қатысуға өтінімдерді қабылдау мерзімі;
7) тендерге қатысуды ресімдеу тәртібі туралы мәліметтер;
8) тендерге қатысу үшін қажетті құжаттардың тізбесі;
9) елді мекен, тендер объектісімен таныстыру мерзімі;
10) шарт жасасу мерзімі;
11) жалгерлік төлемді төлеудің мерзімділігі.
92. Бірыңғай оператор:
1) тізілім веб-порталының жұмыс істеуін қамтамасыз етеді, сондай-ақ тендерге қатысушылардың кепілдік жарналарын қабылдайды;
2) тендер өткізілетін күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде сауда-саттықта жеңген қатысушының кепілдік жарнасын тиісті бюджетке аударады;
3) сауда-саттықтың басқа қатысушылары тізілімнің веб-порталында ЭЦҚ пайдалана отырып, кепілдік жарнаны қайтаруға арналған өтінішке қол қойған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оларға кепілдік жарнаны қайтарады.
93. Тендерге қатысушыларды тізілімнің веб-порталында тіркеу тендер өткізу туралы хабарлама жарияланған күннен бастап жүргізіледі және тендер өткізуге дейін екі сағат қалғанда аяқталады, ол аяқталған кейін қатысушылар берілген өтінімді қайтарып ала алмайды.
94. Тендер өткізу туралы хабарлама жарияланғаннан кейін барлық қатысуға ниет білдірушілерге жалға беруші тізілім веб-порталы арқылы қорғаныс объектілері туралы ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етеді, ал баланста ұстаушы қорғаныс объектілерін тексеріп қарауға жіберуді қамтамасыз етеді.
95. Тендерге қатысу үшін қатысушы тізілімнің веб-порталында мыналарды көрсете отырып, алдын ала тіркелуі қажет:
1) жеке тұлғалар және дара кәсіпкерлер үшін: жеке сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі - ЖСН), тегі, аты және әкесінің аты (болған жағдайда);
2) заңды тұлғалар үшін: бизнес сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі - БСН), толық атауы, бірінші басшының тегі, аты және әкесінің аты (болған жағдайда);
3) кепілдік жарнаны қайтару үшін екінші деңгейдегі банктегі есеп шот деректемелері;
4) байланыс деректері (пошта мекенжайы, телефон, e-mail).
Жоғарыда көрсетілген деректер өзгерген кезде, қатысушы бір жұмыс күні ішінде тізілімнің веб-порталына енгізілген деректерді өзгертеді.
96. Қатысушылар кепілдік жарнаны тендер өткізу туралы хабарламада көрсетілген мөлшерде, мерзімде және тәртіппен мемлекеттік мүлікті есепке алу саласындағы бірыңғай оператордың шотына аударады.
Кепілдік жарнаны қатысушы не қатысушының атынан кез келген жеке және заңды тұлға аударады.
Кепілдік жарна мөлшері хабарлама жарияланғаннан кейін өзгермейді.
97. Бір кепілдік жарна бір қорғаныс объектісіне арналған тендерге қатысуға мүмкіндік береді.
98. Тендерге қатысуға арналған кепілдік жарнаны мүліктік жалдауға (жалға алуға) берілетін объект үшін тұрғын емес үй-жайдың түрін, жайлылық деңгейін және жалға алушының ұйымдастыру-құқықтық нысанын ескеретін коэффициенттерді ескермей есептелген айлық жалгерлік төлемнің мөлшерінде тендерлік комиссия белгілейді.
99. Кепілдік жарнаны мемлекеттік мүлікті есепке алу саласындағы бірыңғай оператор:
1) жеңімпазға ол тендер нәтижелері туралы хаттамаға қол қоймаған жағдайда;
2) тендер жеңімпазының ұсыныстарына сай келетін шарттарда шарт жасасудан бас тартқан жағдайда жеңімпазға;
3) осы Қағидалардың 93-бабында көрсетілген өтінімді қайтарып алу мерзімінің өтіп кетуіне байланысты тендерге қатысудан жазбаша бас тартқан жағдайда қатысушыға;
4) осы Қағидалардың 116-тармағына сәйкес шарт басталған кезде қатысушыға қайтармайды.
Осы Қағидалардың 129-тармағын қоспағанда, барлық қалған жағдайларда мемлекеттік мүлікті есепке алу саласындағы бірыңғай оператор тендер өткізілген күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде кепілдік жарналарды тендерге қатысушы өтінімде көрсеткен деректемелерге қайтарады.
100. Кепілдік жарна тендер женімпазының:
1) тендерде жеңген жағдайда тендер нәтижелері туралы хаттамаға қол қою;
2) тендер нәтижелері туралы хаттамаға сәйкес шарт жасасу міндеттемелерін қамтамасыз етуі болып табылады.
101. Қатысушы ретінде тіркелу үшін тізілімнің веб-порталында осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қатысушының ЭЦҚ-мен қол қойылған, қорғаныс объектісін мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру бойынша тендерге қатысуға арналған өтінімді тіркеу қажет.
102. Қатысушылар тендер шарттарымен келісуді және баға ұсынысын қамтитын, электрондық конвертке салынған тендерге қатысуға арналған өтінімді тендер өткізу туралы хабарламада көрсетілген қатысушыға (жалға алушыға) қойылатын талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттардың электрондық (сканерленген) көшірмелерін қоса бере отырып, тізілімнің веб-порталының арнайы бөлінген веб-парағында тіркейді.
Шетелдік жеке немесе заңды тұлғалар шетелдік паспорттың немесе нотариус растаған қазақ және/немесе орыс тілдеріндегі аудармасы бар құрылтай құжаттарының нотариус растаған көшірмелерін ұсынады.
Тендерге қатысуға арналған өтінімді тіркеу талап етілетін құжаттардың толық жиынтығы бар болған кезде жүргізіледі.
103. Қатысушының осы Қағидалардың 93-тармағында көрсетілген талаптарды сақтамауы, сондай-ақ тендер өткізу туралы хабарламада көрсетілген кепілдік жарнаның мемлекеттік мүлікті есепке алу саласындағы бірыңғай оператордың шотына түспеуі тізілімнің веб-порталының өтінімді қабылдаудан бас тарту үшін негіз болып табылады.
104. Кепілдік жарнаның мемлекеттік мүлікті есепке алу саласындағы бірыңғай оператордың шотына түсуі туралы мәліметтер болған жағдайда, тізілімнің веб-порталы өтінімдерді қабылдауды және қатысушыларға рұқсат беруді жүзеге асырады. Кепілдік жарнаның мемлекеттік мүлікті есепке алу саласындағы бірыңғай оператордың шотына түсуі туралы мәліметтер болмаған кезде тізілімнің веб-порталы қатысушының өтінімін қабылдамайды.
Тізілімнің веб-порталы қатысушының тізілімнің веб-порталында көрсетілген электрондық мекенжайына өтінімнің қабылданғаны не өтінімді қабылдаудан бас тарту себептері туралы электронды хабарлама жібереді.
105.Тендерге қатысушының:
1) тендерге өзі немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жасалған сенімхаттың негізінде өз өкілдері арқылы қатысуға;
2) тендерге қойылатын объектілер жөнінде қосымша мәліметтерді, нақтылауды тегін алуға;
3) объектіні алдын ала тексеріп көруге;
4) оның құқықтары бұзылған кезде сотқа жүгінуге;
5) өзінің қатысуға арналған өтінімдерін ол туралы жалға берушіге жазбаша хабарлай отырып, тендер басталғанға дейін күнтізбелік үш күн бұрын қайтарып алуға құқығы бар.
106. Егер тендер басталған сәтте бір де бір өтінім тіркелмеген болса, тендер өткізілмеген болып танылады.
Жалға беруші тендер өткізу туралы хабарламада көрсетілген тендердің уақыты мен күнінен кейін жиырма төрт сағаттың ішінде ЭЦҚ-ны пайдалана отырып, тізілімнің веб-порталында қалыптастырылған өткізілмеген тендер туралы актіге қол қояды.
107. Тізілімнің веб-порталындағы тендер Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген демалыс және мереке күндерін қоспағанда, сейсенбіден жұмаға дейін Астана қаласының уақыты бойынша сағат 10.00-13.00-ге дейінгі кезеңде өткізіледі.
Тендерге қатысуға арналған өтінімдерді ашу тізілімнің веб-порталы арқылы тендер өткізу туралы хабарламада көрсетілген тендердің күні мен уақыты келген кезде автоматты түрде жүргізіледі.
108. Тендер шарттары өзгерген не баланста ұстаушының өтінішхаты бойынша тендер болмайтын жағдайда жалға беруші тендер өткізілгенге дейін кемінде үш жұмыс күні бұрын тізілімнің веб-порталында мемлекеттік және орыс тілдерінде тендердің болмайтыны туралы хабарлама жариялайды.
Тендердің болмайтыны туралы хабарлама жарияланғанға дейін тендерге қатысуға өтінім берген адамдарға кепілдік жарна тізілімнің веб-порталында ЭЦҚ-ны пайдалана отырып, қол қойылған кепілдік жарнасын қайтаруға арналған өтініштің негізінде қайтарылады.
109. Тендерге қатысуға арналған өтінімдер және оларға қоса берілетін қатысушылар құжаттарының электрондық (сканерленген) көшірмелері тізілімнің веб-порталының дерекқорында сақталады және тендер өткізу туралы хабарламада көрсетілген уақытқа және күнге дейін жүктеуге және қарауға қолжетімсіз.
110. Тендерге қатысуға арналған өтінімдерді жалға беруші тізілімнің веб-порталында тендер өткізу туралы хабарламада көрсетілген қатысушыларға (жалға алушыларға) қойылатын талаптарға сәйкес келетін қатысушыларды айқындау мақсатында қарайды.
111. Қорғаныс объектісі үшін неғұрлым жоғары жалгерлік төлем сомасын ұсынған және тендердің барлық шарттарына сай келетін тендерге қатысушы тендер өткізу кезінде тендер жеңімпазы болып танылады.
Қатысушылар ұсынған жалгерлік төлем сомасы сәйкес (тең) болған жағдайда, тендерге қатысуға арналған өтінімді бұрын тіркеген қатысушы жеңімпаз болып танылады.
112. Тендер нәтижелері туралы хаттама тізілімнің веб-порталында қалыптастырылады және жалға беруші мен жеңімпаз ЭЦҚ-ны пайдалана отырып, оны өткізген күні қол қояды.
113. Хаттамада мынадай деректер қамтылуға тиіс:
1) тендердің шарттары;
2) объект туралы мәлімет;
3) қатысушылар туралы мәліметтер және олардың ұсыныстары;
4) тендер жеңімпазы туралы мәлімет;
5) тендерге қатысушылар туралы мәлімет және олардың ұсыныстары;
6) тараптардың шартқа қол қою бойынша міндеттемелері;
7) себептерін көрсете отырып, қатысушыларға (жалға алушыларға) қойылатын талаптарға сәйкес келмейтін қатысушылардың тізімі;
8) олар бойынша тізілімнің веб-порталында тендерге қатысушылардың бағалық ұсыныстарын автоматты түрде салыстыру жүргізілетін қатысушыларға (жалға алушыларға) қойылатын талаптарға сәйкес келетін қатысушылардың тізімі.
114. Тендер нәтижелері туралы хаттама тендер нәтижелерін және жеңімпаз бен жалға берушінің тендер нәтижесі болып табылатын талаптармен шартқа қол қою міндеттемесін белгілейтін құжат болып табылады.