42-бап. Банкноттар мен тиындарды жасап шығару және олардың сипаттамасы
Қазақстан Ұлттық Банкi банкноттар мен тиындардың қажеттi мөлшерiне дiлгерлiктi анықтайды, олардың жасалып шығарылуын қамтамасыз етедi, қолдағы ақшаны сақтау, жою және инкассациялау тәртібін белгiлейдi.
Монеталар мынадай түрлерге бөлiнедi:
инвестициялық монеталар - инвестициялау және жинақтау объектiсi болып табылатын, бағалы металдардан жасалған монеталар;
коллекциялық монеталар - коллекциялау және жинақтау объектiсi болып табылатын, бағалы металдардан, сол сияқты бағалы емес металдардан жасалған, шектеулi таралыммен дайындалған мерекелiк, естелiк және өзге де арнайы соғылған монеталар;
айналыстағы монеталар - бағалы емес металдардан дайындалған және қолма-қол ақша айналысына арналған монеталар.
Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының банкноттары мен монеталары ұлттық валюта - Қазақстан теңгесі банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасына сәйкес әзірленеді. Банкноттар мен монеталардың бейнесі және сипаты бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
ҚР 16.07.99 ж. № 436-1 Заңымен; 2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара) 43-бап өзгертiлдi
43-бапқа өзгерістерді қараңыз - 2015.24.11. № 422-V ҚР Заңы (2020 ж. 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізіледі)
43-бап. Банкноттар мен тиындардың қабылдауға қойылатын талаптар
Қазақстан Ұлттық Банкінің айналысқа шығарған банкноттары мен тиындары олардың белгiленген құнымен Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында төлемдердiң барлық түрлерi бойынша, сондай-ақ банк шоттарына, енгізу және ақша аудару үшiн қабылдауға мiндеттi, оларды барлық банктер және Ұлттық пошта операторы шектеусiз ұсатады және айырбастайды.
Қазақстан Ұлттық Банкiнен басқа ешкiм Қазақстан Ұлттық Банкi шығарған банкноттар мен тиындарды жарамсыз деп жариялай алмайды.
2005.08.07. № 69-III ҚР Заңымен 43-1-баппен толықтырылды
43-1-бап. Қазақстан Ұлттық Банкінің банкноттар мен монеталарды сатуы және сатып алуы
Қазақстан Ұлттық Банкінің банкноттар мен айналыстағы монеталарды сатуы, сатып алуы олардың белгіленген құны бойынша жүзеге асырылады.
Қазақстан Ұлттық Банкінің инвестициялық және коллекциялық монеталарды сатуы және сатып алуы Қазақстан Ұлттық Банкінің нормативтiк құқықтық актілерінде белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
ҚР Президентінің 05.12.95 ж. № 2672 Заң күшi бар жарлығымен 44-бап жаңа редакцияда
44-бап. Ақша бірлiгiн айырбастау құқығы
Ақша бірлiгiн айырбастауға Қазақстан Республикасы Президентінің құқығы бар. Қазақстан Республикасының Президентi Қазақстан Республикасы ақша бірлiгiнiң қолданылу тәртібін, мерзiмiн және шарттарын белгiлейдi.
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 45-бап жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
45-бап. Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының банкноттары мен монеталарын айналысқа шығару, ауыстыру және айналыстан алып қою
Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының банкноттары мен монеталарын айналысқа шығару туралы шешімді, оларды ауыстыру және айналыстан алып қою тәртібін Қазақстан Ұлттық Банкi қабылдайды және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
ҚР 16.07.99 ж. № 436-1 Заңымен 46-бап өзгертiлдi; ҚР 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңымен; 2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара) 46-бап жаңа редакцияда
46-бапқа өзгерістерді қараңыз - 2015.24.11. № 422-V ҚР Заңы (2020 ж. 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізіледі)
46-бап. Тозған, күмәнді банкноттар және ақаулы (бүлiнген), күмәнді монеталар
Тозған, Қазақстан Ұлттық Банкі белгілеген банкноттар көлемінің кемінде жетпіс пайызы сақталған банкноттарды және ақаулы (бүлінген) монеталарды Қазақстан Ұлттық Банкі, банктер және Ұлттық пошта операторы шектеусіз айырбастайды.
Елу пайызынан астамы сақталған күмәнді банкноттарды және күмәнді монеталарды Қазақстан Ұлттық Банкі, банктер және Ұлттық пошта операторы Қазақстан Ұлттық Банкінің нормативтік-құқықтық актісіне сәйкес қабылдайды.
Қазақстан Ұлттық Банкі күмәнді банкноттарды және күмәнді монеталарды Қазақстан Ұлттық Банкінің нормативтік-құқықтық актісінде көзделген тәртіппен айырбастайды.
Қазақстан Ұлттық Банкi жоғалған немесе жойылған банкноттар мен монеталарды өтеуге мiндеттi емес.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен 47-бап өзгертiлдi; 2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 47-бап жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
47-бап. Жалған банкноттар мен монеталарды жасағаны, сақтағаны және өткізгені үшiн жауаптылық
Жалған банкноттар мен монеталарды өткізу мақсатында жасауға, сақтауға, жалған банкноттар мен монеталарды өткізуге, сондай-ақ қолма-қол ақшаның санкциясыз эмиссиясын жүзеге асыруға кiнәлi адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
47-1-бап. 2009.11.07 № 185-ІV Заңымен алып тасталды (жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
ҚР 16.07.99 ж. № 436-1 Заңымен тараудың атауы жаңа редакцияда
8 тарау. Ақша төлемі мен аударымын ұйымдастыру
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен 48-бап өзгертiлдi; ҚР 16.07.99 ж. № 436-1 Заңымен 48-бап жаңа редакцияда; ҚР 29.03.00 ж. № 42-II; 09.07.03 ж. № 482-II Заңдарымен 48-бап өзгертiлдi; 2005.08.07. № 69-III ҚР Заңымен 48-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2009.11.07 № 185-ІV Заңымен (жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара) 48-бап өзгертілді; 2016.26.07. № 12-VІ ҚР Заңымен 48-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
48-бап. Қазақстан Ұлттық Банкінің төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын, төлем жүйелерiн және көрсетілетін төлем қызметтері нарығын ұйымдастырудағы және реттеудегi өкілеттiктерi
Қазақстан Ұлттық Банкінің төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын, төлем жүйелерiн және көрсетілетін төлем қызметтері нарығын ұйымдастырудағы және реттеудегi, көрсетілетін төлем қызметтері нарығына мемлекеттік бақылауды және төлем жүйелерін қадағалауды (оверсайтты) жүзеге асырудағы өкілеттiктерi «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес айқындалады.
48-1-бап. 2005.08.07. № 69-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен; 2009.11.07 № 185-ІV Заңымен (жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 49-бап өзгертiлдi
49-бап. Шоттар
Қазақстан Ұлттық Банкi банк шоттарының түрлерін, құқықтық режимін және құрылымын, шоттарды ашу, жүргізу және жабу тәртібі мен шарттарын белгiлейдi.
ҚР 16.07.99 ж. № 436-1 Заңымен 50-бап жаңа редакцияда
50-бап. Ақша төлемi мен аударымын жүзеге асыру тәсiлдерi
Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын ақша төлемi мен аударымын жүзеге асыру тәсiлдерi Қазақстан Республикасының заң актілерінде және соларға сәйкес қабылданған нормативтiк құқықтық актілерінде белгіленедi.
51-бап. 11.07.97 ж. № 154-1 ҚР Заңымен алып тасталды
2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен 8-1-тараумен толықтырылды
8-1-тарау. ҚАРЖЫ ЖҮЙЕСІНІҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУГЕ ЖӘРДЕМДЕСУ
51-1-бап. Қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды әзірлеу және жүзеге асыру
Қазақстан Ұлттық Банкi дербес және (немесе) өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп өздерінің құзыреті шеңберінде қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған шараларды әзірлейді және жүзеге асырады.
Қазақстан Ұлттық Банкi қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесу мақсатында:
1) қаржы жүйесінің тұрақтылығына ықпал ететін макроэкономикалық және макроқаржылық факторларға ұдайы мониторинг жүргізеді;
2) қаржы жүйесін макропруденциалдық реттеуді жүзеге асырады;
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
3) осы Заңда және Қазақстан Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде көзделген тәртіппен және шарттарда соңғы сатыдағы қарыздарды береді;
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi, 2016 ж. 31 желтоқсанға дейін қолданылады)
4) Қазақстан Ұлттық Банкінің Басқармасы белгілеген тәртіппен, шарттармен және мерзімдерде еркін құбылмалы айырбастау бағамы режиміне өтуге байланысты ұлттық валютада (теңге) қабылданған жеке тұлғалардың депозиттері (салымдары) бойынша біржолғы өтемақы, оның ішінде екінші деңгейдегі банктердің кредиттік порфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын ұйым арқылы төлеуді жүзеге асырады;
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 5), 6) және 7) тармақшалармен толықтырылды (2014 ж 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
5) Қазақстан Ұлттық Банкінің Басқармасы белгілеген тәртіппен, шарттармен және мерзімдерде жұмыс істемейтін қарыздар үлесін азайту мақсатында екінші деңгейдегі банктерде, оның ішінде өзінің еншілес ұйымдары арқылы депозиттерді орналастырады;
6) Қазақстан Ұлттық Банкінің Басқармасы белгілеген тәртіппен, шарттармен және мерзімдерде жеке тұлғалардың ипотекалық тұрғын үй қарыздарын және ипотекалық қарыздарын қайта қаржыландыру үшін екінші деңгейдегі банктерде, оның ішінде өзінің еншілес ұйымдары арқылы депозиттерді орналастырады;
7) Қазақстан Ұлттық Банкінің Басқармасы белгілеген тәртіппен, шарттармен және мерзімдерде екінші деңгейдегі банктермен, халықаралық қаржы ұйымдарымен, оның ішінде өзінің еншілес ұйымдары арқылы туынды қаржы құралдарымен операциялар жүргізеді;
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 8) тармақшамен толықтырылды
8) ақпараттық жүйелердегі бұзушылықтар, іркілістер туралы мәліметтерді қоса алғанда, банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың ақпараттық қауіпсіздігінің оқыс оқиғалары туралы ақпаратты талдауды жүргізеді.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 51-2-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
51-2-бап. Макропруденциалдық реттеу
Макропруденциалдық реттеу деп қаржы жүйесінің жүйелік тәуекелдерін реттеуге бағытталған әкімшілік, ұйымдастырушылық және құқықтық шаралар кешені түсініледі.
Қаржы жүйесінің жүйелік тәуекелдері деп бүкіл қаржы жүйесінің немесе оның бір бөлігінің қаржылық жай-күйінің нашарлауына алып келетін және (немесе) оның тұрақты жұмыс істеуіне нұқсан келтіретін қаржылық көрсетілетін қызметтердің ұсынылуын бұзу тәуекелдері түсініледі. Қаржы жүйесінің жүйелік тәуекелдеріне жүйе құраушы қаржы ұйымдарының тәуекелдері де жатады.
Жүйе құраушы қаржы ұйымдары деп тұрақты жұмыс істеуіне тұтастай алғанда, қаржы жүйесінің тұрақтылығы байланысты болатын қаржы ұйымдары түсініледі.
Қазақстан Ұлттық Банкi макропруденциалдық реттеуді жүзеге асыру мақсатында:
1) тұрақты негізде қаржы жүйесінің жүйелік тәуекелдеріне мониторинг жүргізеді;
2) қаржы ұйымдарын жүйе құраушылар қатарына жатқызу тәртібін айқындайды;
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
2-1) жүйе құраушы қаржы ұйымдарының тізімін қалыптастырады;
3) қаржы жүйесі жүйелік тәуекелдерінің деңгейін төмендету және олардың басталуының алдын алу үшін пруденциалдық нормативтерді және (немесе) жүйе құраушы қаржы ұйымдары үшін сақталуы міндетті өзге де нормалар мен лимиттерді белгілеуге құқылы;
4) жүйелі қаржы дағдарысы туындаған немесе туындау қаупі төнген жағдайда, дербес немесе Қазақстан Республикасының Үкіметімен бірлесе отырып, қаржы ұйымдарының банк операцияларының жекелеген түрлерін және басқа да операцияларды жүргізуіне шектеу енгізеді.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 51-3-баппен толықтырылды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
51-3-бап. Соңғы сатыдағы қарыздар
1. Соңғы сатыдағы қарыздар деп өтімділіктің қысқа мерзімді тапшылығын бастан кешіріп отырған банктерге Қазақстанның Ұлттық Банкі беретін қарыздар түсініледі.
Қазақстанның Ұлттық Банкі соңғы сатыдағы қарыз беруші ретінде мынадай жағдайларда ғана әрекет етеді:
1) өз депозиторлары мен кредиторларының мүдделеріне қатер төндіретін және (немесе) қаржы жүйесінің тұрақтылығына қатер төндіретін қаржылық жағдайы орнықсыз банктер санатына немесе төлемге қабілетсіз банктер санатына жатқызылмаған Қазақстан Республикасының резидент-банкі қарыз алушы болып табылады;
2) қарыз тізбесін және оларға белгіленетін дисконттарды Қазақстанның Ұлттық Банкі айқындайтын активтердің кепілімен беріледі.
Дисконтты есепке алғанда, кепілге берілетін активтердің құны қарыз бойынша сыйақыны есепке алғанда, оның мөлшерін толық көлемде жабуға тиіс.
3) қарыз ұлттық валютада беріледі;
4) қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі Қазақстанның Ұлттық Банкі белгілеген қосымша пайыздық сыйақы есепке алына отырып, Қазақстан Ұлттық Банкінің ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесінен төмен емес деңгейде белгіленеді;
5) қарыз мерзімін үш реттен асырмай ұзарту мүмкіндігі беріле отырып, күнтізбелік он төрт күннен тоқсан күнге дейінгі мерзімге беріледі. Барлық ұзарту мерзімдерін есептегенде қарызды пайдаланудың жалпы мерзімі бір жылдан аса алмайды. Соңғы сатыдағы қарыздың мерзімін ұзарту осы бапта көрсетілген шарттарда жүзеге асырылады.
2. Қазақстанның Ұлттық Банкі жүйе құраушы инфрақұрылымдық қаржы ұйымдарына соңғы сатыдағы қарыздарды беруге құқылы.
3. Банк соңғы сатыдағы қарыз бойынша міндеттемелерді орындамаған (тиісінше орындамаған) жағдайда, Қазақстанның Ұлттық Банкі кепілге салынған активтерді соттан тыс тәртіппен өткізуге құқылы.
Банк кепілге салынған активтерді Қазақстанның Ұлттық Банкіне немесе Қазақстанның Ұлттық Банк көрсеткен үшінші тұлғаға өткізуді жүзеге асыра алады.
Соңғы сатыдағы қарыз шарты бойынша қамтамасыз ету болып табылатын активтерге құқықты (талап етуді) басқаға беру:
1) банк акционерлерінің, борышкерлерінің, сондай-ақ өзге де мүдделі тұлғалардың (кепіл берушілерді, кепілдерді, кепілгерлерді қоса алғанда) келісуін талап етпейді. Бұл ретте жаңа кредитордың жеке басы борышкер үшін айтарлықтай маңызы жоқ деп танылады;
2) банк банктің борышкерлерімен, сондай-ақ өзге тұлғалармен (кепіл берушілерді, кепілдерді, кепілгерлерді қоса алғанда) жасасқан шарттарға шарттың жаңа тарапын көрсету бөлігінде өзгерістер енгізуді талап етпейді.
4. Соңғы сатыдағы қарыздарды беру және өтеу, сондай-ақ соңғы сатыдағы қарыз шарты бойынша қамтамасыз ету болып табылатын активтерге өндіріп алуды қолдану тәртібін, шарттарын Қазақстанның Ұлттық Банкі айқындайды.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 8-2-тараумен толықтырылды
8-2-тарау. ЕРЕКШЕ РЕТТЕУ РЕЖИМІ
51-4-бап. Ерекше реттеу режимін енгізу мақсаттары және оның шеңберінде қызметті жүзеге асырудың жалпы шарттары
1. Ерекше реттеу режимі Қазақстанның Ұлттық Банкі белгілейтін қаржы саласындағы қызметті, қаржы ресурстарын шоғырландыруға және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтеріне байланысты қызметті жүзеге асырудың арнайы шарттарының жиынтығын білдіреді.
2. Ерекше реттеу режимі мынадай мақсаттарға қол жеткізуге:
1) қаржылық көрсетілетін қызметтер нарығындағы бәсекелестікті және қаржы нарығының инвестициялық тартымдылығын арттыруға;
2) қанағаттану дәрежесін арттыру және тұтынушылардың, кәсіпкерлік субъектілерінің және мемлекеттің мүдделеріне сәйкес келу үшін жаңа көрсетілетін қызметтерді енгізуге және қаржы нарығын дамытуға;
3) қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын оңтайлы реттеу мен қадағалауды қалыптастыруға, қаржылық тұрақтылықты және тұтынушылардың мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған.
3. Ерекше реттеу режимінің қағидаттары:
1) ерекше реттеу режимі шеңберінде қатысу шарттарының теңдігін қамтамасыз ету;
2) ерекше реттеу режимі қатысушыларының тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін сақтауы болып табылады.
4. Ерекше реттеу режимі Қазақстан Ұлттық Банкі Басқармасының шешімімен енгізіледі, онда қаржы саласындағы қызметтің, қаржы ресурстарын шоғырландыруға және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтеріне байланысты қызметтің түрлері (көрсетілетін қызметтер, өнімдер), оларды ерекше реттеу режимі шеңберінде жүзеге асырудың арнайы шарттары, ерекше реттеу режимінің қатысушыларына Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын қолдану тәртібі мен шарттары көрсетіледі.
Қазақстанның Ұлттық Банкі енгізетін ерекше реттеу режимінің жалпы мерзімі бес жылдан аспайды.
5. Ерекше реттеу режимі енгізілген мерзім өткеннен кейін ол өз қолданысын тоқтатады.
6. Ерекше реттеу режимін енгізу және оның күшін жою, ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру тәртібі Қазақстан Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісімен бекітіледі.
51-5-бап. Ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру
1. Қаржы саласындағы қызметті, қаржы ресурстарын шоғырландыруға және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтеріне байланысты қызметті жүзеге асыратын қаржы ұйымдары және (немесе) өзге де заңды тұлғалар ерекше реттеу режимінің қатысушылары (бұдан әрі - ерекше реттеу режимінің қатысушылары) бола алады.
2. Ерекше реттеу режимі қатысушысының қызметі Қазақстанның Ұлттық Банкімен жасалатын, ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру туралы шартқа сәйкес жүзеге асырылады.
Ерекше реттеу режимінің шеңберінде қызметті жүзеге асыру туралы үлгілік шартты Қазақстанның Ұлттық Банкі бекітеді.
Үлгілік шартта ерекше реттеу режимінің қатысушысы көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларды ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыратыны туралы хабардар етуі міндетті болатын шарт қамтылуға тиіс.
3. Ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру туралы шартты жасауға арналған құжаттарды іріктеу өлшемшарттары және қарау тәртібі Қазақстан Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісімен бекітіледі.
4. Мәлімделген қызмет түрі - ерекше реттеу режимін енгізу мақсаттарына, ерекше реттеу режимінің қатысушыларын іріктеу өлшемшарттарына және (немесе) ұсынылған құжаттар Қазақстан Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайларда, Қазақстанның Ұлттық Банкі ерекше реттеу режимінің қатысушысына ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасасудан бас тартады.
5. Ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру туралы шарттың қолданысы:
1) ерекше реттеу режимі енгізілген мерзімнің өтуіне не оның күшінің жойылуына байланысты оның қолданысы тоқтатылған кезде;
2) ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру туралы шарттың мерзімі өткен немесе ол мерзімінен бұрын бұзылған кезде;
3) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында немесе ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру туралы шартта көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылады.
6. Ерекше реттеу режимінің қатысушысы шартта көзделген міндеттемелерді орындамаған жағдайда, сондай-ақ, егер ерекше реттеу режимінің қатысушысы Қазақстан Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленген талаптарға сәйкес келуді тоқтатқан жағдайда, Қазақстанның Ұлттық Банкі ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру туралы шартты біржақты тәртіппен бұзуға құқылы.
Қазақстанның Ұлттық Банкі ерекше реттеу режимінің қатысушысын ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру туралы шартта айқындалған міндеттемелердің орындалмағаны және бұзушылықтарды хабарлама берілген күннен бастап алпыс жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жою қажеттігі туралы хабардар етеді.
Ерекше реттеу режимінің қатысушысы анықталған бұзушылықтарды және (немесе) олардың жасалуына ықпал еткен себептерді, сондай-ақ жағдайларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын уәкілетті органның хабарламасын алған күннен бастап бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде әзірлейді және Қазақстанның Ұлттық Банкіне ұсынады. Іс-шаралар жоспарында жоспарланған іс-шаралардың тізбесі, оларды жүзеге асыру мерзімдері, сондай-ақ жауапты лауазымды адамдар көрсетіледі.
Қазақстанның Ұлттық Банкі іс-шаралар жоспарын мақұлдаған жағдайда, ерекше реттеу режимінің қатысушысы оны іске асыруға кіріседі және іс-шараларды орындау туралы есепті Қазақстанның Ұлттық Банкі белгілеген мерзімдерде Қазақстанның Ұлттық Банкіне ұсынады.
Қазақстанның Ұлттық Банкі іс-шаралар жоспарымен келіспеген жағдайда, ерекше реттеу режимінің қатысушысы Қазақстан Ұлттық Банкінің ескертулерін жояды.
Іс-шаралар жоспары мақұлданбаған және (немесе) ерекше реттеу режимінің қатысушысы көрсетілген ескертулерді жою бойынша шаралар қабылдамаған жағдайда, Қазақстанның Ұлттық Банкі ерекше реттеу режимінің қатысушысын ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру туралы шартты біржақты тәртіппен бұзатыны туралы хабардар етеді.
7. Ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру туралы шарттың қолданысы тоқтатылғаннан кейін қаржы ұйымы және (немесе) өзге де заңды тұлға ерекше реттеу режимі шеңберінде жүзеге асырылатын, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес лицензиялануға жататын немесе өзіне қатысты рұқсат беру тәртібі қолданылатын қызметті дереу тоқтатуға, сондай-ақ өзінің клиенттері алдындағы міндеттемелерін Қазақстан Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген тәртіппен және мерзімдерде орындауға міндетті.
8. Ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру туралы шарттың қолданысы тоқтатылғаннан кейін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес лицензиялануға жататын немесе өзіне қатысты рұқсат беру тәртібі қолданылатын қызметті жүзеге асыру заңсыз болып табылады және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
9 тарау. Қазақстан Ұлттық Банкінің операциялары
ҚР Президентінің 27.01.96 ж. № 2830 Заң күшi бар жарлығымен; ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен 52-бап өзгертiлдi; ҚР 16.07.99 ж. № 436-1 Заңымен 52-бап жаңа редакцияда; 2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 52-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
52-бапқа өзгерістерді қараңыз - 2015.24.11. № 422-V ҚР Заңы (2020 ж. 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізіледі)
52-бап. Қазақстан Ұлттық Банкіндегі банк шоттарының иелерi
Қазақстанның Ұлттық Банкі белгiлеген тәртiппен Қазақстан Ұлттық Банкiнде банк шоттарын ашқан заңды тұлғалар және банктер ондағы банк шоттарының иелерi болып есептеледi.
ҚР 16.07.99 ж. № 436-1 Заңымен 52-1-баппен толықтырылды; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара); 2006.05.07. № 165-III (01.07.2006. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 52-1-бап өзгертілді
52-1-бап. Қазақстан Ұлттық Банкінің ұлттық валютамен операциялары және мәмiлелерi
Қазақстанның Ұлттық Банкi ұлттық валютамен мынадай операциялар жүргiзедi:
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
1) қарыздар алуға құқығы бар ұйымдарға Қазақстан Ұлттық Банкінің құқықтық актілерінде көзделген тәртіппен осындай қарыздарды береді;
2) 2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен алып тасталды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
3) мемлекеттік бағалы қағаздарды сатып алады және сатады;
4) Қазақстанның Ұлттық Банкi кредиттердi қамтамасыз ету үшiн жарамды деп есептейтiн депозиттiк сертификаттарды, борыштық бағалы қағаздарды сатып алады және сатады;
5) депозиттердi қабылдайды, ақша төлемi мен аударымдарын жүзеге асырады, бағалы қағаздар мен өзге де құндылықтарды сақтауға және басқаруға қабылдайды;
6) туынды қаржы құралдарымен операцияны жүзеге асырады;
7) тармақшаға өзгерістерді қараңыз - 2015.24.11. № 422-V ҚР Заңы (2020 ж. 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізіледі)
7) қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының аумағындағы және одан тыс жерлердегi банктер мен қаржы ұйымдарында шоттар ашады;
8) чек жазып бередi және вексельдер бередi;
9) егер осы Заңда тікелей тыйым салынбаған болса, басқа банк операцияларын, сондай-ақ өз міндеттеріне сәйкес өз атынан мәмілелерді жүзеге асырады.