5. Осындай міндеттемені орындау үшін қажетті материалдардың, жиынтықтаушы немесе қосалқы бөлшектердің болмауына байланысты оны орындау мүмкін болмайтын жағдайда кепілдік міндеттеме тоқтатылмайды.
2016.21.04. № 504-V ҚР Заңымен 24-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2019.08.01. № 215-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 24-бап өзгертілді
24-бап. Сатушының (дайындаушының, орындаушының) міндеттері
Сатушы (дайындаушы, орындаушы):
1) тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы, сондай-ақ сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы қазақ және орыс тілдерінде ақпарат беруге;
2) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;
3) тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) еркін таңдауды қамтамасыз етуге;
4) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) тиісті сапасын қамтамасыз етуге;
5) тиісті де, тиісті емес те сападағы тауардың ауыстырылып берілуін немесе қайтарылуын қамтамасыз етуге;
6) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан тұтынушының өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген залалды (зиянды) толық көлемде өтеуге;
7) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәртіппен және жағдайларда бақылау-кассалық машиналарының болуына;
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 8) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8) бақылау-кассалық машиналар орналастырылған жерде тұтынушының бақылау (тауарлық) чегін алу қажеттігі туралы және бақылау-кассалық машиналарын қолдану тәртібі бұзылған жағдайда оның мемлекеттік кіріс органына (тиісті мемлекеттік кіріс органының телефон нөмірін көрсетіп) жүгіну құқығы туралы қазақ және орыс тілдерінде ақпарат орналастыруға;
9) тауарларды сату (жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету) жөніндегі қызметті тікелей жүзеге асыратын жеке тұлғада оның тегі, аты және әкесінің аты (бар болғанда) көрсетілген омырау карточкасының (бейджінің) болуын және оның санитариялық ережелер мен гигиеналық нормативтерді сақтауын қамтамасыз етуге;
2020.25.06. № 346-VI ҚР Заңымен 10) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
10) тауарды сату (жұмысты орындау, қызметті көрсету) кезінде тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) фактісін растайтын құжатты немесе тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) кезінде жасалған шартты беруге;
11) мәлімделген жұмыс режимін сақтауға;
12) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де талаптарды орындауға міндетті.
Сатушы (дайындаушы) бағалар заттаңбасымен ресімделген, сауда объектісінің ішкі және сыртқы витриналарына қойылған тауардың құнын теңгемен көрсетуге, сондай-ақ тауарды сақтау жағдайларын қамтамасыз етуге міндетті.
Дайындаушы (орындаушы) жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің құнын теңгемен жазбаша түрде көрсетуге міндетті.
Дайындаушы тауардың жарамдылық мерзімін, сақтау мерзімін белгілеуге міндетті.
Электрондық саудада сатушы сатып алу-сату шартын жасасу алдында тұтынушыға тауарға ақы төлеу рәсімі және оның құны туралы ақпарат беруге міндетті.
Тауардың бағалар заттаңбасымен ресімделген, сауда объектісінің ішкі және (немесе) сыртқы витриналарына қойылған, көрсетілген құнына сәйкес сатушы (дайындаушы) сатуға міндетті, ал тұтынушы сатып алуға құқылы.
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) фото-, бейнетүсірілімді қолдануға қатысты тұтынушылардың құқықтарын шектеуге тыйым салынады.
25-бап. Сатушының (дайындаушының, орындаушының) тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы ақпарат беру жөніндегі міндеті
1. Тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы ақпарат міндетті түрде мыналарды:
1) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) атауын;
2) ұсынылатын жұмыстардың (көрсетілетін қызметтердің) түрлері мен ерекшеліктерін;
2018.05.10. № 184-VІ ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2019 ж. 11 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) егер тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) техникалық регламенттерде, стандарттау жөніндегі құжаттарда және өзге де құжаттарда белгіленген талаптарға сәйкестікті растау рәсіміне жататын жағдайда сәйкестік белгісін;
4) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) негізгі тұтынушылық қасиеттері туралы, азық-түліктің тағамдық, биологиялық және энергетикалық құндылығы туралы мәліметтерді, сондай-ақ кейбір аурулар мен сырқаттану кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда және тәртіппен оларды қолдануға болмайтындығы туралы мәліметтерді;
2015.27.11. № 424-V ҚР Заңымен 4-1) тармақшамен толықтырылды
4-1) егер өнім Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес органикалық өнім болып табылса, оған жатқызу туралы мәліметтерді;
5) тауардың құрамын, тамақ өнімдеріне қатысты - олардың құрамы, оның ішінде тамақ қоспаларының, азықтардың және азық қоспаларының, тамаққа биологиялық активті қоспалардың болуы және олардың мөлшері туралы мәліметтерді;
6) егер мұндай компоненттегі генетикалық түрлендірілген организмдер құрамы 0,9 және одан да көп процентті құрайтын болса, тамақ өнімдерінде генетикалық түрлендірілген организмдерден тұратын немесе соларды қолдана отырып алынған компоненттердің болуы туралы мәліметтерді қамтуға тиіс. Бұл ретте, оралған өнімдерде - заттаңбада, оралмаған өнімдерде - өнім туралы нұсқамаларда «Осы өнімнің құрамында генетикалық түрлендірілген организмдер бар» деген сөздер жеке сөйлем ретінде көрсетілуге тиіс;
7) дайындаушының тауарлық белгісін;
8) тауарды шығарған елді;
2019.08.01. № 215-VІ ҚР Заңымен 9) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
9) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) теңгемен құнын және сатып алу шарттарын;
10) кепілді мерзімнің болуын немесе болмауын;
11) егер бұл тауарлардың ерекшелігіне байланысты талап етілсе, тамақ өнімдерін дайындау жөніндегі ұсынымдарды;
12) тауардың дайындалған күні мен орнын, қызмет ету мерзімін және (немесе) жарамдылық мерзімін және (немесе) сақтау мерзімін, егер тауарды сақтаудың талаптары тиісті тауарды сақтаудың әдеттегідей жағдайларынан ерекшеленетін не арнайы сақтау талаптарын қажет ететін болса, оларды сақтау талаптарын көрсетуді, сондай-ақ, егер тауар көрсетілген мерзімдер өткеннен кейін тұтынушының өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне және қоршаған ортаға қауіп төндіретін болса немесе мақсаты бойынша пайдалануға жарамсыз болса, көрсетілген мерзімдер өткеннен кейін тұтынушының қажетті іс-әрекеттері және мұндай іс-әрекеттерді орындамаған кездегі ықтимал салдарлар туралы мәліметтерді;
13) сатушының (дайындаушының, орындаушының) атауын (фирмалық атауын), орналасқан жерін (заңды мекенжайын), сатушы (дайындаушы) тұтынушыдан қойылған кінәларды қабылдауға уәкілеттік берген және тауарды жөндейтін әрі оған техникалық қызмет көрсететін дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның (оның филиалының, өкілдігінің) орналасқан жерін;
14) егер мұның жұмыс (көрсетілетін қызмет) сипатымен байланысты мәні болса, жұмысты орындайтын (қызмет көрсететін) нақты тұлғаны көрсетуді және ол туралы ақпаратты;
15) музыкалық туындыларды орындаушылардың ойын-сауық қызметтерін көрсетуі кезінде фонограммаларды, дыбыс-бейне жазбаны пайдалануын көрсетуді;
16) тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) массасының шамасын (нетто), көлемін, санын және (немесе) жиынтықталымын;
17) тауардың мақсаты туралы және тиімді әрі қауіпсіз қолданылу жағдайлары туралы мәліметтерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тұтынушыға ұсынылуы міндетті болып табылатын не тұтынушы мен сатушы (дайындаушы, орындаушы) арасында жасалған шартта көзделген өзге де мәліметтерді қамтуға тиіс.
Егер тұтынушы иеленетін тауар пайдалануда болса немесе ондағы кемшілік жойылған болса, тұтынушыға ол жөнінде ақпарат берілуге тиіс. Мұндай тауарды иеленген жағдайда кемшіліктің болуы туралы мәліметтер иелену фактісін растайтын құжатта көрсетілуге тиіс.
2016.21.04. № 504-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Сатушы (дайындаушы) осы Заңның 30-бабының 1-тармағына сәйкес айырбастауға немесе қайтарып беруге жатпайтын тиісті сападағы азық-түлікке жатпайтын тауар туралы уақтылы хабарлауға міндетті.
2016.21.04. № 504-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген ақпарат тұтынушының назарына тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) қоса берілетін құжаттамада, тұтыну ыдысында, затбелгілерде немесе тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) жекелеген түрлері үшін қабылданған өзге тәсілмен қазақ және орыс тілдерінде жеткізіледі.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды
3-1. Тауарды электрондық сауда арқылы өткізу кезінде тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) атауы, тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) сатып алу құны мен шарттары туралы ақпарат, сондай-ақ тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) негізгі тұтынушылық қасиеттері туралы, өнімнің тағамдық, биологиялық және энергетикалық құндылығы туралы мәліметтер, сондай-ақ оларды жекелеген аурулар кезінде қолдануға қарсы көрсетілімдер туралы мәліметтер Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда және тәртіппен тұтынушының назарына ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы қазақ және (немесе) орыс тілдерінде жеткізіледі.
Сатушы электрондық сауда мақсатында пайдаланатын интернет-ресурста тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) негізгі тұтынушылық қасиеттері туралы мәліметтер қамтылған интернет-ресурстарға сілтемелерді орналастыруға жол беріледі.
4. Дайындалған жерінен басқа жерде тұтыну ыдысына бөлшектеп салынған және оралған азық-түлік өнімдері мен басқа да тауарларда осы баптың 1-тармағында көрсетілген ақпараттан басқа, бөлшектеп салушы және ораушы (тегі, аты және әкесінің аты (бар болғанда), сондай-ақ бөлшектеп салынған және оралған күні мен уақыты туралы ақпарат қамтылуға тиіс.
2016.21.04. № 504-V ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды; 2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Тауарды үлгі және (немесе) сипаттама бойынша сату кезінде, сондай-ақ тауарды электрондық саудада өткізу кезінде сатушы тұтынушыға үлгіге және (немесе) сипаттамаға сәйкес келетін тауарды беруге міндетті.
2016.21.04. № 504-V ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды
6. Тұтынушыға сәйкестіктің тиісті сертификаттары немесе сәйкестік туралы декларация, оның ішінде сәйкестігі міндетті расталуға жататын импорттық тауарға берілуге тиіс.
2016.21.04. № 504-V ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды
7. Бір тілде не шет тілінде берілген ақпарат берілмеген болып есептеледі.
26-бап. Сатушының (дайындаушының, орындаушының) сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы ақпарат беру жөніндегі міндеттері
2020.25.06. № 346-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Сатушы (дайындаушы, орындаушы) өзінің атауын (фирмалық атауын), орналасқан жерін (заңды мекенжайын) және жұмыс режимін қазақ және орыс тілдерінде аталған ақпаратты тауарды өткізу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) орнында орналастырып, тұтынушының назарына жеткізуге міндетті.
Дара кәсіпкер болып табылатын сатушы (дайындаушы, орындаушы) тұтынушыға өзінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болғанда) туралы, сондай-ақ мемлекеттік тіркеуден өткені және оны дара кәсіпкер ретінде тіркеуді жүзеге асырған органның атауы туралы ақпаратты да ұсынуға тиіс.
2. Егер сатушы (дайындаушы, орындаушы) жүзеге асыратын қызметтің түрі лицензиялауға жатса, тұтынушыға қазақ және орыс тілдерінде лицензия, оның қолданылу мерзімі, оны берген мемлекеттік орган туралы ақпарат берілуге, сондай-ақ тұтынушының талабы бойынша лицензияның түпнұсқасымен немесе нотариат куәландырған көшірмесімен танысу мүмкіндігі берілуге тиіс.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген ақпарат сауда-саттық, тұтынушыларға көрсетілетін тұрмыстық және өзге де қызмет түрлері сатушының (дайындаушының, орындаушының) тұрақты орналасқан жерінен тысқары жерде, уақытша үй-жайларда, жәрмеңкелерде, сөрелерден және басқа да жағдайларда жүзеге асырылған кезде тұтынушының назарына жеткізілуге тиіс.
2016.21.04. № 504-V ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды; 2020.25.06. № 346-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Сатушы (дайындаушы, орындаушы) уәкілетті органның байланыс деректерін (мекенжайын және телефон нөмірін), тауарларды өткізу (жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету) шарттарын, сондай-ақ сатушының тауарды сату (жұмысты орындау, қызметті көрсету) кезінде тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) фактісін растайтын құжатты немесе тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) кезінде жасалған шартты беру міндеті туралы ақпаратты тауарды өткізу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) орнында орналастырып, көрсетілген ақпаратты қазақ және орыс тілдерінде тұтынушының назарына жеткізуге міндетті.
Осы баптың 1-тармағында және осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген талаптар осы Заңның 33-2-бабы 2-тармағының талаптары ескеріле отырып, электрондық коммерциядағы сатушыларға (дайындаушыларға, орындаушыларға) қолданылады.
27-бап. Сатушының (дайындаушының, орындаушының) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттері
2020.25.06. № 346-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Сатушы (дайындаушы, орындаушы) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) белгіленген кепілдік мерзімі, сақтау мерзімі немесе жарамдылық мерзімі ішінде оның қауіпсіздігі үшін жауап беруге міндетті.
2. Сатушы (дайындаушы, орындаушы) тұтынушыға ықтимал тәуекел туралы және тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) қауіпсіз пайдаланудың шарттары туралы хабарлауға міндетті. Бұл ретте, егер тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) қауіпсіз пайдалану, оны сақтау, тасымалдау немесе кәдеге жарату үшін арнаулы ережелерді сақтау қажет болса, онда дайындаушы (орындаушы) оларды тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) қоса берілген құжаттамада, тұтыну ыдысында, жапсырмаларда немесе тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) жекелеген түрлері үшін қабылданған өзге де тәсілмен көрсетуге міндетті.
3. Сәйкестігі міндетті расталуға жататын тауарды, оның ішінде импорттық тауарды сәйкестіктің тиісті сертификаттарынсыз немесе сәйкестік туралы декларациясыз өткізуге жол берілмейді.
4. Тұтынушы тауарды пайдаланудың, сақтаудың, тасымалдаудың немесе кәдеге жаратудың белгіленген ережелерін сақтаған кезде тауар тұтынушының өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне, қоршаған ортаға зиян келтірсе немесе келтіруі мүмкін болса, сатушы (дайындаушы) зиянның себептері жойылғанға дейін оны өндіруді (өткізуді) дереу тоқтата тұруға міндетті. Егер зиянның себептерін жою мүмкін болмаса, сатушы (дайындаушы) мұндай тауарды өндірістен (өткізуден) алуға және ол жөнінде тиісті мемлекеттік органдарға уақтылы хабарлауға, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұтынушыға оның өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне, қоршаған ортаға ықтимал қауіп туралы уақтылы хабарлау, тауарды айналымнан алып қою және тұтынушыдан қайтарып алу жөніндегі барлық қажетті шараларды қабылдауға міндетті.
Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұтынушыға оның өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне, қоршаған ортаға қауіп төндіретін тауарлар туралы хабарлау сатушының (дайындаушының) қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
5. Сатушы (дайындаушы) осы баптың 4-тармағында көзделген міндеттерін орындамаған кезде тауарды өндірістен алу, оны айналымнан алып қою және тұтынушыдан қайтарып алу тиісті мемлекеттік органның нұсқамасы бойынша жүргізіледі. Тиісті мемлекеттік органның нұсқамасын орындамау Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады.
Тауарды қайтарып алуға байланысты тұтынушыға келтірілген залалды сатушы (дайындаушы) толық көлемде өтеуге тиіс.
28-бап. Сатушының (дайындаушының, орындаушының) тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) еркін таңдауды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттері
2016.21.04. № 504-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Сатушы (дайындаушы, орындаушы) тиісті сападағы тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) сатушының (дайындаушының, орындаушының) жұмыс режимін ескере отырып, тұтынушыға ыңғайлы уақытта еркін таңдауын қамтамасыз етуге міндетті. Тұтынушыны тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) өзіне қажетсіз мөлшерде және (немесе) ассортиментте сатып алуға мәжбүрлеуге тыйым салынады.
2020.25.06. № 346-VI ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Бір тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатып алуды өзге де тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) міндетті түрде сатып алумен байланыстыруға тыйым салынады.
Тұтынушының тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) еркін таңдау құқығының бұзылу салдарынан оған келтірілген залалдарды (нұқсанды) сатушы (дайындаушы, орындаушы) толық көлемде өтейді.
Тұтынушылардың кепілдік мерзімі ішінде қойылатын талаптарын қанағаттандыруды тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) кемшіліктерімен байланысты емес шарттармен байланыстыруға және дайындаушының (орындаушының) талаптарында көзделген тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) қоспағанда, тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатып алуды кепілдік міндеттемені орындау шарты ретінде таңуға тыйым салынады.
2. Сатушы тауарды сату кезінде Қазақстан Республикасының өлшем бірліктерін қамтамасыз ету туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға рұқсат етілген өлшем құралдарын пайдалануға тиіс.
3. Тауардың (жұмыстың) салмағы, саны, ұзындығы және өзге де өлшемдері тұтынушының күмәнін туғызған жағдайларда сатушы (дайындаушы) аталған сипаттамаларды Қазақстан Республикасының өлшем бірліктерін қамтамасыз ету туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға рұқсат етілген өлшем құралдарының көмегімен дербес тексеруге мүмкіндік беруге міндетті.
4. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) таңдау кезінде қандай да бір артықшылықтарды, тікелей немесе жанама шектеулерді белгілеуге жол берілмейді.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды
5. Сатушы тауарды электрондық саудада өткізген кезде, техникалық өткізу жағдайында тұтынушыға тауарды және сатушыны бағалау немесе түсіндіру (тауар және сатушы туралы пікір қалдыру) мүмкіндігі берілуге тиіс.
29-бап. Сатушының (дайындаушының, орындаушының) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) тиісті сапасын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттері
1. Егер шартта тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапасына қойылатын міндетті талаптар көзделсе, сатушы (дайындаушы, орындаушы) тұтынушыға осы талаптарға сай келетін тауарды беруге (жұмысты орындауға, қызметті көрсетуге) міндетті.
2020.25.06. № 346-VI ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Сатушы (дайындаушы, орындаушы) белгіленген кепілдік мерзімі, сақтау мерзімі немесе жарамдылық мерзімі ішінде тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапасына жауап беруге міндетті.
2. Сатушы (дайындаушы, орындаушы), егер бұл тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сипатына қарай мүмкін болса, тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) қасиеттері мен оны пайдалануды көрсетуге және тұтынушыға сапасы тауар (орындалған жұмыс, көрсетілген қызмет) туралы берілген ақпаратқа және шарттың талаптарына сай келетін тауарды беруге (жұмысты орындауға, қызмет көрсетуге), сондай-ақ тұтынушының талабы бойынша оған тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапасы мен қауіпсіздігін және оның жиынтықталымын растайтын құжаттарды ұсынуға міндетті.
3. Шартта тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапасы туралы талаптар болмаған кезде сатушы (дайындаушы, орындаушы) тұтынушыға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сай келетін және осындай тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) пайдаланылатын мақсаттарға жарамды тауарды беруге (жұмысты орындауға, қызметті көрсетуге) міндетті.
4. Егер тұтынушы шарт жасасу кезінде сатушыны (дайындаушыны, орындаушыны) тауарды сатып алудың (жұмысты орындаудың, қызметті көрсетудің) нақты мақсаттары туралы хабардар етсе, сатушы (дайындаушы, орындаушы) тұтынушыға тиісті сападағы, осы мақсаттарға сәйкес пайдалануға жарамды тауарды беруге (жұмысты орындауға, қызметті көрсетуге) міндетті.
5. Тауарды үлгі және (немесе) сипаттама бойынша сату кезінде сатушы тұтынушыға үлгіге және (немесе) сипаттамаға сай келетін тауарды беруге міндетті.
30-бап. Сатушының (дайындаушының) тиісті сападағы да, тиісті емес сападағы да тауарды сату кезіндегі міндеттері
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Мыналарды:
2018.28.12. № 211-VІ ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды;
2) іш киімді;
3) шұлық-ұйық бұйымдарын;
4) жануарлар мен өсімдіктерді;
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
5) метрлеп сатылатын тауарларды, атап айтқанда, барлық түрдегі талшықтардан жасалған маталарды, тоқыма және перделік кенеп матаны, жасанды теріні, кілем бұйымдарын, тоқыма емес материалдарды, ленталарды, шілтерді, таспаны, сымдарды, бауларды, кәбілдерді, линолеумды, багетті, пленканы, клеенканы;
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 6) тармақшамен толықтырылды
6) ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын қоспағанда, егер тиісті сападағы азық-түліктік емес тауар пайдаланылмаса, оның тауарлық түрі, тұтынушылық қасиеттері, пломбалары, заттаңбалары, сондай-ақ тауарды сатып алу фактісін растайтын құжат сақталса, егер шартта неғұрлым ұзақ мерзім белгіленбесе, тауар сатып алынған күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде сатушы (дайындаушы) оны айырбастауды немесе қайтаруды қамтамасыз етуге міндетті.
Егер тауарды сатып алу фактісін растайтын құжат жоғалған немесе қандай да бір себептермен тұтынушыға берілмеген жағдайда, егер тұтынушы осы сатушыдан (дайындаушыдан) сатып алу фактісін дәлелдесе, онда тауарды айырбастау немесе қайтару жүргізілуге тиіс.
2016.21.04. № 504-V ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды; 2018.05.10. № 184-VІ ҚР Заңымен 1-1-тармақ өзгертілді (2019 ж. 11 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1-1. Сатушы (дайындаушы) жарамдылық мерзімі өткен соң сатылған, техникалық регламенттерде, стандарттау жөніндегі құжаттарда белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін, оның ішінде зияткерлік меншік құқықтары бұзыла отырып шығарылған тауарды оның пайдаланылғанына, тауарлық түрінің, тұтынушылық қасиеттерінің, пломбаларының, заттаңбаларының сақталуына-сақталмауына қарамастан, тауар сатып алынған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде ауыстыруды немесе сатып алынған тауар үшін ақшалай соманы тұтынушыға қайтара отырып, қайтаруды қамтамасыз етуге міндетті.
2016.21.04. № 504-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Тұтынушы тауардың кемшіліктерін тапқан және оны ауыстыру туралы талап қойған жағдайда, сатушы (дайындаушы) оны дереу ауыстыруға, ал сатушыға (дайындаушыға) тауардың сапасын қосымша тексеру (сараптама жасау) қажет болған кезде - тиісті талап қойылған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде ауыстыруға міндетті.
Тиісті емес сападағы тауар соған ұқсас жаңа тауарға, яғни бұрын пайдаланылмаған тауарға ауыстырылуға тиіс.
Егер талап қойылған кезде сатушыда (дайындаушыда) ауыстыруға қажетті тауар болмаса, ауыстыру осындай талап қойылған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде жүргізілуге тиіс.
Тауар сапасын қосымша тексерудің (сараптаманың) құнын сатушы (дайындаушы) төлейді. Егер тауарды тексеру (оның сараптамасы) нәтижесінде тауардың кемшіліктері жоқ екендігі немесе кемшіліктер тұтынушының тауарды пайдаланудың, сақтаудың белгіленген қағидаларын бұзуы немесе үшінші тұлғалардың іс-әрекеттерінен не еңсерілмейтін күштің салдарынан тауар тұтынушыға берілгеннен кейін пайда болғаны белгіленсе, тұтынушы сатушыға (дайындаушыға) тексеру (сараптама) жүргізуге жұмсалған шығыстарды, сондай-ақ оны жүргізуге байланысты тауарды тасымалдауға жұмсалған шығыстарды өтеуге міндетті.
Тұтынушы сапаны тексеруге және тауарға сараптама жүргізуге өзі немесе өзінің өкілі арқылы қатысуға, сондай-ақ тауарды тексеруді (оның сараптамасын) өз есебінен жүргізуге құқылы.
Тауар (жиынтықтаушы бұйым) ауыстырылған кезде, егер шартта өзгеше көзделмесе, кепілдік мерзімі оны тұтынушыға берген күннен бастап қайтадан есептеледі.
2016.21.04. № 504-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Тауарда табылған кемшіліктерді тұтынушының келісімімен сатушы (дайындаушы), егер шартта өзгеше мерзім белгіленбесе, тиісті талап қойылған кезден бастап күнтізбелік он күн ішінде жоюға тиіс.
Тауардың кемшіліктерін жоюдың шартта айқындалатын мерзімі күнтізбелік жиырма күннен аспауы тиіс. Егер тауарда табылған кемшіліктерді жою кезінде олардың мерзімінде жойылмайтыны айқын болған жағдайда, тараптар тауардың кемшіліктерін жоюға арналған мерзімді күнтізбелік он күнге ұзарту туралы қосымша келісім жасасуы мүмкін. Бұл ретте тауардың кемшіліктерін жоюға қажетті қосалқы бөлшектердің (детальдардың, материалдардың), жабдықтардың, маманның және басқалардың болмауы дайындаушыны (сатушыны) тауардың кемшіліктерін жою мерзімдерін бұзғаны үшін жауаптылықтан босатуға негіз болып табылмайды.