5. Сатушылар (дайындаушылар, орындаушылар) мемлекеттік бақылау субъектілері болып табылады.
6. Осы баптың 4-тармағында көзделген ақпарат пен есептілікті қарау нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасын бұзушылықтар анықталған жағдайда, бақылау субъектісіне оларды жою тәртібі міндетті түрде түсіндіріле отырып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалмай, бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыным бақылау субъектісіне жіберіледі.
7. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыным бақылау субъектісіне жеке қолын қойғызып немесе оны жөнелту мен алу фактілерін растайтын өзге де тәсілмен табыс етілуге тиіс. Төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберілген, бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыным мынадай жағдайларда:
1) қолма-қол - алғаны туралы ұсынымда белгі қойған күннен бастап;
2) поштамен - тапсырысты хатпен пошта жөнелтімін алғаны туралы хабарланған күннен бастап;
3) электрондық тәсілмен - уәкілетті орган немесе оның аумақтық бөлімшелері сұрау салған кезде хатта көрсетілген бақылау субъектісінің электрондық мекенжайына уәкілетті орган немесе оның аумақтық бөлімшелері жөнелткен күннен бастап табыс етілді деп есептеледі.
8. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыным ол табыс етілген (хабарланған) күннен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні ішінде орындалуға тиіс.
9. Бақылау субъектісі бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымда көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген жағдайда, бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыным табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органға немесе оның аумақтық бөлімшелеріне қарсылық жіберуге құқылы.
10. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау жарты жылда бір реттен жиі жүргізілмейді.
2020.25.06. № 346-VI ҚР Заңымен 6-3-баппен толықтырылады (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі)
3-тарау. Тұтынушылардың құқықтары және оларды қорғау
7-бап. Тұтынушылардың құқықтары
Тұтынушылардың:
1) тауарларды (орындалатын жұмысты және көрсетілетін қызметті) иеленуге еркін шарт жасасуға;
2016.21.04. № 504-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2020.25.06. № 346-VI ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы ағартуға және тұтынушының өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелерінде құқықтық сауаттылығын арттыруға;
3) тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы, сондай-ақ сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы ақпарат алуға;
4) қауіпсіз тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) сатып алуға;
5) тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) еркін таңдауға;
6) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) тиісті сапасына;
7) тиісті де, тиісті емес те сападағы тауарды айырбастап алуға немесе қайтарып беруге;
8) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан өздерінің өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген залалды (зиянды) толық көлемде өтетуге;
2020.25.06. № 346-VI ҚР Заңымен 9) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9) сатушыдан (дайындаушыдан, орындаушыдан) тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) фактісін растайтын құжатты немесе тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) кезінде жасалған шартты алуға;
10) ұтыс түрінде берілген (орындалған, көрсетілген) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапасы бойынша ойындардың бастамашысына (ұйымдастырушысына) кінә қоюға;
11) тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерін құруға;
12) моральдық зиянды өтетуге;
13) құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға;
14) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
8-бап. Тауарларды (орындалатын жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді) иеленуге еркін шарт жасасу құқығы
Тұтынушының тауарларды (орындалатын жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді) иеленуге еркін шарт жасасуға құқығы бар.
Тұтынушыны тауарларды (орындалатын жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді) иеленуге шарт жасасуға мәжбүрлеуге жол берілмейді.
2016.21.04. № 504-V ҚР Заңымен 8-1-баппен толықтырылды
8-1-бап. Шарт жасасу кезінде тұтынушылардың құқықтарын бұзатын талаптар
1. Сатушы (орындаушы, дайындаушы) тұтынушымен жасалған шарттарға тұтынушының құқықтарын бұзатын және (немесе) оларға қысым жасайтын талаптарды енгізбеуге тиіс.
2. Шарт жасасу кезінде тұтынушылардың құқықтарын бұзатын және (немесе) оларға қысым жасайтын талаптар:
1) тұтынушының өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне зиян келтірілген жағдайда сатушыны (орындаушыны, дайындаушыны) жауапкершіліктен босату немесе оны негізсіз шектеу;
2) сатушы (дайындаушы, орындаушы) шарттық міндеттемелерін толық немесе ішінара орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда тұтынушының құқықтарын болғызбау немесе шектеу;
3) өтеулі тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) бойынша сатушы (орындаушы, дайындаушы) қосымша таңған тұтынушылардың міндеттерін белгілеу;
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) туристік қызмет көрсетуге арналған шарттарды және қайтарылмайтын тарифтер бойынша авиабилеттер сатып алу шарттарын қоспағанда, тұтынушы шарт бойынша міндеттемелерін орындамаған жағдайда, оның мөлшерлес емес үлкен (тауар, көрсетілетін қызмет, жұмыс құнының отыз пайызынан астам) соманы төлеуі жөнінде талап белгілеу;
2020.25.06. № 346-VI ҚР Заңымен 4-1) тармақшамен толықтырылды
4-1) төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді қабылдау кезінде қолма-қол ақшамен төленген жағдайдағы тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сату бағасынан асатын баға белгілеу;
5) сатушыға (орындаушыға, дайындаушыға) шартты өзгерту және бұзу негiздерi мен тәртібі туралы Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің нормаларын сақтамастан, шартты біржақты тәртіппен өзгерту және (немесе) бұзу құқығын беру;
6) сатушыға (орындаушыға, дайындаушыға) шартты бұзған жағдайда ұсынылмаған тауар (көрсетілмеген қызмет, жұмыс) үшін төленген ақшалай соманы қайтармау құқығын беру;
7) тұтынушыға шартты бұзу құқығын берместен, сатушыға (орындаушыға, дайындаушыға) бағаны ұлғайту мүмкіндігін беру;
8) сатушыға (орындаушыға, дайындаушыға) тауардың шарт талаптарына сәйкестігін анықтау құқығын беру немесе оған шартты түсіндіру құқығын беру;
9) сатушының (орындаушының, дайындаушының) өкілдері алған міндеттемелер бойынша оның жауапкершілігін шектеу;
10) егер сатушы (орындаушы, дайындаушы) өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда, тұтынушының барлық міндеттемелерді орындау міндетін белгілеу;
11) міндеттемедегі адамдардың ауысуы туралы Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің нормаларын сақтамастан, сатушыға (орындаушыға, дайындаушыға) шарт бойынша өз құқықтарын және міндеттерін үшінші тұлғаға беру құқығын беру;
2020.25.06. № 346-VI ҚР Заңымен 12) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
12) тұтынушылардың Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында айқындалған құқықтарын және заңды мүдделерін бұзатын және (немесе) оларға қысым жасайтын өзге де талаптар.
3. Егер тұтынушының құқықтарын бұзатын және (немесе) оларға қысым жасайтын шарттың талаптарын қолдану нәтижесінде тұтынушыға залал келтірілген болса, кінәлі адам оларды толық көлемде өтеуге тиіс.
4. Тұтынушының өзіне сатушы (орындаушы, дайындаушы) өз жағдайының артықшылықтарын пайдалануына байланысты келтірген залалды өтетіп алуға құқығы бар.
5. Сатушы (орындаушы, дайындаушы) мен тұтынушының арасында жасалған тауарды сату, жұмысты орындау, қызметті көрсету туралы кез келген шарт оларды түсіну үшін арнайы білімді қажет етпейтін, нақты тұжырымдалған және екіұшты түсіндіруді болғызбайтын талаптарды қамтуға тиіс.
2016.21.04. № 504-V ҚР Заңымен 9-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2020.25.06. № 346-VI ҚР Заңымен 9-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
9-бап. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы тұтынушылардың ағарту және өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелерінде тұтынушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру құқығы
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы тұтынушылардың ағарту және өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелерінде тұтынушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру құқығы тиісті талаптарды мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына және білім беру бағдарламаларына енгізу арқылы, сондай-ақ тұтынушыларды олардың құқықтары және сол құқықтарды қорғау жөніндегі қажетті іс-қимылдар туралы ақпарат беру жүйесін ұйымдастыру арқылы қамтамасыз етіледі.
10-бап. Тұтынушылардың тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы, сондай-ақ сатушы (дайындаушы,орындаушы) туралы ақпарат алу құқығы
1. Тұтынушының тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы, сондай-ақ сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы осы Заңның 25-бабына сәйкес толық, дұрыс және уақтылы ақпарат алуға құқығы бар.
2. Егер тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы, сондай-ақ сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы толық емес, дұрыс емес және уақтылы емес ақпарат беру:
тұтынушыға қажетті қасиеттері жоқ тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) сатып алуға әкеп соқса, ол шартты бұзуға және өзіне келтірілген залалды өтеуді талап етуге құқылы;
сатып алынған тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) мақсатына сай пайдалану мүмкіндігінің болмауына әкеп соқса, тұтынушы тауарды сатып алған (жұмыс орындалған, қызмет көрсетілген) күннен бастап күнтізбелік үш күн ішінде тиісті ақпарат беруді талап етуге құқылы. Егер көрсетілген мерзімде ақпарат берілмесе, тұтынушы шартты бұзуға және өзіне келтірілген залалды өтеуді талап етуге құқылы;
тұтынушының өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне зиян келтіруге әкеп соқса, ол сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) осы Заңның 16 және 31-баптарында көзделген талаптарды қоюға құқылы.
2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен 11-бап жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
11-бап. Тұтынушылардың қауіпсіз тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) сатып алу құқығы
Тұтынушының тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) пайдаланудың, сақтаудың, тасымалдаудың және кәдеге жаратудың белгіленген шарттарына сай оның тұтынушы өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне, қоршаған ортаға қауіпсіз болуына құқығы бар. Тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс талаптар міндетті болып табылады және Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына сәйкес белгіленеді.
12-бап. Тұтынушылардың тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) еркін таңдау құқығы
Тұтынушының азаматтық айналымнан алынып қоймаған немесе айналымы шектелмеген тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) сатушының (дайындаушының, орындаушының) жұмыс режимін ескере отырып, өзіне ыңғайлы уақытта еркін таңдауға құқығы бар.
13-бап. Тұтынушылардың тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) тиісті сапасына құқығы
1. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапасына қойылатын міндетті талаптар көзделсе, тұтынушының осы талаптарға сай келетін тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) алуға құқығы бар.
2. Тұтынушының иеленетін тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапасын, жиынтықталымын, салмағын, көлемін, санын, мөлшерін тексеруге, егер бұл тауардың сипатына қарай мүмкін болатын болса, өзінің қатысуымен тауардың қасиеттерін тексертуді немесе оның дұрыс және қауіпсіз пайдаланылуын көрсетуді жүргізуге құқығы бар.
3. Егер тұтынушы шарт жасасу кезінде сатушыға (орындаушыға) тауарды иеленудің (жұмысты орындаудың, қызмет көрсетудің) нақты мақсаттары туралы хабардар етсе, оның тиісті сападағы, осы мақсаттарға сәйкес пайдалануға жарамды тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) алуға құқығы бар.
4. Тауарды үлгісі және (немесе) сипаттамасы бойынша сату кезінде тұтынушының үлгіге және (немесе) сипаттамаға сай келетін тауарды алуға құқығы бар.
14-бап. Тұтынушылардың тиісті сападағы тауарды айырбастау немесе қайтарып беру құқығы
2016.21.04. № 504-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Сатып алушы өзіне азық-түлікке жатпайтын тауар берілген кезден бастап он төрт күн ішінде, егер сатушы (дайындаушы) неғұрлым ұзақ мерзім жарияламаса, сатып алынған тауарды сатып алу орнында немесе сатушы (дайындаушы) хабарлаған өзге де орындарда бағасында айырма болған жағдайда сатушымен қажетті қайта есеп айырыса отырып, басқа мөлшердегі, нысандағы, габариттегі, пішіндегі, түстегі, жиынтықталымдағы және осы тәріздегі соған ұқсас тауарға не тараптардың келісімі бойынша басқа тауарға айырбастауға құқылы.
Айырбастау осы Заңның 30-бабына сәйкес жүргізіледі.
2. Сатушыда (дайындаушыда) айырбастауға қажетті тауар болмаған жағдайда сатып алушы сатып алынған тауарды сатушыға (дайындаушыға) қайтарып беруге және оған төленген ақшалай соманы қайтарып алуға құқылы.
3. Егер шартта өзгеше көзделмесе, тауарды сатып алу орны айырбастау немесе қайтарып беру орны болып табылады.
15-бап. Тұтынушылардың тиісті емес сападағы тауар сатылған жағдайдағы құқығы
1. Тиісті емес сападағы тауар сатылған тұтынушы, егер сатушы (дайындаушы) оған тауардағы кемшіліктер жөнінде айтпаса, өз таңдауы бойынша:
1) сатып алу бағасын мөлшерлес кемітуді;
2) тауардың кемшіліктерін өтеусіз жоюды талап етуге құқылы.
Тиісті емес сападағы тауарды сатушы оның дайындаушысы болып табылмаған жағдайда, осы тармақтың 2), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген талаптар сатып алушының таңдауы бойынша сатушыға не дайындаушыға қойылуы мүмкін;
3) тауардағы кемшіліктерді жоюға жұмсаған өз шығыстарын өтеуді;
4) соған ұқсас маркалы (модельді, артикулді) тауарға ауыстыруды;
5) сатып алу бағасын тиісінше қайта есептей отырып, басқа маркалы (моделді, артикулді) сондай тауарға ауыстыруды;
6) шартты бұзуды және тауар үшін төленген ақшалай соманы қайтаруды талап етуге құқылы.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1)-6) тармақшаларында көрсетілген талапты таңдауына қарамастан, келтірілген залалды өтету құқығы тұтынушыға тиесілі болады.
2. Егер шартта өзгеше көзделмесе, тұтынушы тауарды сатып алу орны бойынша осы баптың 1-тармағында көрсетілген талаптарды қоюға құқылы.
3. Тұтынушы, осы баптың 1-тармағында белгіленген талаптар осы Заңда белгіленген мерзімде анықталған жағдайда, осы талаптарды қоюға құқылы.
16-бап. Тұтынушылардың тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан өздерінің өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген залалды (зиянды) толық көлемде өтету құқығы
1. Тұтынушының тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) құрастыру, рецептілік немесе өзге де кемшіліктері салдарынан өз өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген залалды (зиянды) толық көлемде өтетуге құқығы бар.
2. Сатушының (дайындаушының, орындаушының) кінәсіне және тұтынушының онымен шарттық қатынастарда тұрғанына немесе тұрмағанына қарамастан, кез келген тұтынушының тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан келтірілген залалды (зиянды) өтеуді талап ету құқығы танылады.
17-бап. Тұтынушының тауардағы кемшіліктерге қатысты талаптар қою мерзімдері
1. Жарамдылық мерзімі белгіленген тауарға қатысты тұтынушы тауардағы кемшіліктер туралы, егер олар тауардың жарамдылық мерзімі ішінде табылса, талаптар қоюға құқылы.
2016.21.04. № 504-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Егер тауарға кепілдік мерзімі белгіленген болса, тауардағы кемшіліктер кепілдік мерзімі ішінде табылған кезде тұтынушы тауардың кемшіліктерімен байланысты талаптарды қоюға құқылы.
Егер шартта өзгеше көзделмесе, кепілдік мерзімі тауар сатып алушыға берілген кезден бастап есептеледі.
Егер тауарға кепілдік мерзімі немесе жарамдылық мерзімі белгіленбесе, сатылған тауардағы кемшіліктер тауар тұтынушыға берілген күннен бастап екі жыл шегінде табылған жағдайда, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе шартта бұдан да ұзақ мерзімдер белгіленбесе, тұтынушы тауардың кемшіліктерімен байланысты талаптарды қоя алады.
Шартта көзделген кепілдік мерзімі екі жылдан аз уақытты құраған және тұтынушы тауардағы кемшіліктерді кепілдік мерзімі өткеннен кейін, бірақ тауар тұтынушыға берілген күннен бастап екі жыл ішінде тапқан жағдайларда, егер тұтынушы тауардағы кемшіліктердің тауар тұтынушыға берілгенге дейін немесе сол кезге дейін туындаған себептер бойынша туындағанын дәлелдесе, сатушы (дайындаушы) жауапты болады.
Егер шартта өзгеше көзделмесе, жиынтықтаушы бұйымға кепілдік мерзімі негізгі бұйымға кепілдік мерзіміне тең болып есептеледі және негізгі бұйымға кепілдік мерзіммен бір мезгілде жүре бастайды.
Тауарды (жинақтаушы бұйымды) ауыстырған жағдайда, егер шартта өзгеше көзделмесе, кепілдік мерзімі қайта есептеледі.
Шартта жиынтықтаушы бұйымдарға және тауардың құрамдас бөлігіне кепілдік мерзімінің ұзақтығы негізгі бұйымға кепілдік мерзімінің ұзақтығынан аз болып белгіленген жағдайда, тұтынушы жиынтықтаушы бұйымдағы және тауардың құрамдас бөлігіндегі кемшіліктер туралы талаптарды олар негізгі бұйымның кепілдік мерзімі ішінде табылған кезде қоюға құқылы.
Егер шартта жиынтықтаушы бұйымдарға кепілдік мерзімінің ұзақтығы негізгі бұйымға кепілдік мерзімінің ұзақтығынан артық болып белгіленсе, егер негізгі бұйымға кепілдік мерзімінің өтіп кетуіне қарамастан, жиынтықтаушы бұйымның кемшіліктері оған белгіленген кепілдік мерзімі ішінде табылса, тұтынушы тауардың кемшіліктері туралы талаптар қоюға құқылы.
Тауарларды үлгілері бойынша, пошта арқылы, электрондық сауда жолымен сату кезінде, сондай-ақ сатып алу-сату шартын жасасу кезі мен тауарды тұтынушыға беру кезі сәйкес келмейтін жағдайларда, кепілдік мерзімі не тауардың кемшіліктерін анықтау мерзімі - тауарды тұтынушыға берген (жеткізген) күнінен бастап, ал егер тауар арнайы орнатуды (қосуды) немесе жинауды қажет ететін болса, оны орнату (қосу) немесе жинау күнінен бастап есептеледі. Егер тұтынушы сатушыға (дайындаушыға) байланысты мән-жайлар бойынша тауарды пайдалану мүмкіндігінен айырылса, кепілдік мерзімі не тауардың кемшіліктерін анықтау мерзімі сатушы (дайындаушы) осындай мән-жайларды жойғанға дейін есептелмейді. Егер тауарды беру (жеткізу), орнату (қосу) немесе жинау, соның салдарынан тұтынушы тауарды мақсаты бойынша пайдалана алмайтын сатушыға байланысты мән-жайларды жою күнін анықтау мүмкін болмаса, бұл мерзім сатып алу-сату шартын жасасқан күннен бастап есептеледі.
Егер берілген күнді анықтау мүмкін болмаса, бұл мерзімдер тауар дайындалған күннен бастап есептеледі.
Егер тауардың дайындалу күнінде тауардың дайындалған айы мен жылы немесе жылы ғана көрсетілсе, оның дайындалу күні тиісті айдың немесе жылдың соңғы күні болып есептеледі.
2016.21.04. № 504-V ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Осы бапта көрсетілген мерзімдер тұтынушының назарына осы Заңның 25-бабына сәйкес тұтынушыға берілетін тауар туралы ақпаратта жеткізіледі.
2016.21.04. № 504-V ҚР Заңымен 18-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2020.25.06. № 346-VI ҚР Заңымен 18-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
18-бап. Тұтынушының сатушыдан (дайындаушыдан, орындаушыдан) тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) фактісін растайтын құжатты немесе тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) кезінде жасалған шартты алу құқығы
1. Тұтынушының сатушыдан (дайындаушыдан, орындаушыдан) тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) фактісін растайтын құжатты немесе тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) кезінде жасалған шартты алуға құқығы бар.
2. Тұтынушыда тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) фактісін растайтын құжаттың немесе тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) кезінде жасалған шарттың болмауы тауарды сатып алу фактісін растау үшін оны куәлардың айғақтарына, сондай-ақ құжаттарға және басқа да дәлелдеу құралдарына, оның ішінде фото- және (немесе) бейнетіркеуге сілтеме жасау құқығынан айырмайды.
19-бап. Тұтынушының ойын бастамашысына (ұйымдастырушысына) ұтыс түрінде берілген (орындалған, көрсетілген) тауардың (жұмыстың, қызметтің) сапасы бойынша кінә қою құқығы
Егер ойын бастамашысы (ұйымдастырушысы) тауардағы (жұмыстағы, көрсетілетін қызметтегі) кемшіліктердің оларды тұтынушыға бергеннен (орындағаннан, көрсеткеннен) кейін тұтынушының тауарды пайдалану немесе сақтау ережелерін бұзуы не үшінші бір тұлғалардың іс-әрекеттері немесе еңсерілмейтін күш салдарынан туындағанын дәлелдей алмаса, тауардағы (жұмыстағы, көрсетілетін қызметтегі) кемшіліктерді жою жөнінде сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) жүгіну жолымен күнтізбелік жиырма күн ішінде тұтынушының талаптарын қанағаттандыруға тиіс.
20-бап. Тұтынушылардың тұтынушылар қоғамдық бірлестіктерін құру құқығы
Тұтынушылар ерікті негізде тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктеріне бірігуге құқылы.
2020.25.06. № 346-VI ҚР Заңымен 21-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
21-бап. Моральдық зиянды өтету құқығы
Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасында көзделген тұтынушының құқықтары мен заңды мүдделерін сатушының (дайындаушының, орындаушының) бұзуы салдарынан оған келтірілген моральдық зиянды өтеуді, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, сот немесе тұтынушылық дауларды сотқа дейінгі реттеу субъектілері жүзеге асыруы мүмкін.
Моральдық зиянды өтеу тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан келтірілген залалдарды (нұқсанды) өтеуге қарамастан жүзеге асырылады.
Тұтынушыға келтірілген моральдық зиянды өтеу мөлшерін, тұтынушыға келтірілген дене азабы мен адамгершілік күйзеліс сипатына қарай, моральдық зиян келтірілген нақты мән-жайларды және тұтынушының жеке ерекшеліктерін ескере отырып, тұтынушылық даудың тараптары айқындайды.
Сатушының (дайындаушының, орындаушының) Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасында көзделген тұтынушының құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуы салдарынан оған келтірілген моральдық зиянды өтетуді тараптардың келісімі болған кезде ғана тұтынушылық дауларды сотқа дейінгі реттеу субъектілері жүзеге асыра алады.
22-бап. 2020.25.06. № 346-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
4-тарау. Сатушының (дайындаушының, орындаушының) құқықтары мен міндеттері
2016.21.04. № 504-V ҚР Заңымен 23-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
23-бап. Сатушының (дайындаушының, орындаушының) кепілдік мерзімін белгілеу жөніндегі құқықтары мен міндеттері
1. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше айқындалмаса, дайындаушы (орындаушы) тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) кепілдік мерзімін белгілеуге құқылы, ол мерзім ішінде тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшілігі табылған жағдайда дайындаушы (орындаушы) тұтынушының осы Заңда белгіленген талаптарын қанағаттандыруға міндетті.
2. Дайындаушы (орындаушы) белгілеген кепілдік мерзімін сатушы ұзартуға құқылы, бірақ оны қысқартуға құқығы жоқ.
3. Сатушы (дайындаушы, орындаушы) тауардың кепілдік мерзімі аяқталғаннан кейін табылған кемшіліктеріне қатысты міндеттемелерді (қосымша міндеттемені) қабылдауға құқылы.
Дайындаушының қосымша міндеттемесінің мазмұнын, мұндай міндеттеменің қолданылу мерзімін және тұтынушының осындай міндеттеме бойынша құқықтарды жүзеге асыру тәртібін сатушы (дайындаушы, орындаушы) айқындайды.
4. Егер дайындаушы (орындаушы) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тауарға кепілдік мерзімін белгілеу жөніндегі міндеттемені орындамаса немесе оны тиісінше орындамаса, сатушы оны белгілеуге міндетті.