42-8-бап. Тұтынушылық дауды сотқа дейінгі реттеу
1. Тұтынушы сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) осы Заңның 33-2-бабына сәйкес ол туралы ақпаратты сатушы (дайындаушы, орындаушы) орналастырған, тұтынушылық дауды сотқа дейінгі реттеу субъектісінің - төреліктің, медиатордың, тұтынушылардың қоғамдық бірлестігінің, қауымдастықтардың (одақтардың) не сатушы (дайындаушы, орындаушы) мүшесі болып табылатын өзін-өзі реттейтін ұйымның қарауына беруді ұсынуға құқылы.
Бұл ретте сатушы (дайындаушы, орындаушы) тұтынушымен келісуге және тұтынушылық дауды сотқа дейінгі тәртіппен қарауға қатысуға құқылы.
Тұтынушылық дауды сотқа дейінгі реттеу субъектісінің қарауына тұтынушылық дауды беру туралы келісім жазбаша нысанда ресімделеді.
2. Тұтынушы тұтынушылық дауды сотқа дейінгі тәртіппен қарау туралы өтінішті тараптардың тұтынушылық дауды сотқа дейінгі реттеу субъектісінің қарауына тұтынушылық дауды беру туралы жазбаша келісімі болған кезде тұтынушылық дауды сотқа дейінгі реттеу субъектісіне жүгіну арқылы немесе Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы беруі мүмкін.
Тұтынушылық дауды сотқа дейінгі реттеу субъектісі тұтынушылардың өтініштерін қарау қорытындылары туралы тоқсан сайынғы ақпаратты уәкілетті органға береді.
3. Тұтынушылық дауды сотқа дейінгі тәртіппен қарау осы Заңның және Қазақстан Республикасының төрелік, медиация, өзін-өзі реттеу туралы заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
7-тарау. Қорытынды ережелер
43-бап. Қазақстан Республикасының тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік
Қазақстан Республикасының тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады.
44-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
«Тұтынушылардың праволарын қорғау туралы» Қазақ Советтік Социалистік Республикасының 1991 жылғы 5 маусымдағы Заңының (Қазақ CСР Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1991 ж., № 23, 267-құжат; 1992 ж., № 13-14, 313-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2010 жылғы мамырдың 4-і.
№ 274-ІV ҚРЗ