Қандай да болсын материалдық объектiге меншiк құқығын немесе иелену құқығын беру, осы Заңда көрсетiлген жағдайларды қоспағанда, осы объектiде көрсетiлген туындыға авторлық құқықтың берiлуiне әкеп соқпайды.
7-бап. Авторлық құқық объектiлерi болып табылатын туындылар
1. Мыналар авторлық құқық объектiлерi болып табылады:
1) әдеби туындылар;
2) драмалық және музикалық-драмалық туындылар;
3) сценарий туындылары;
4) хореография және пантомима туындылары;
5) мәтiнi бар немесе мәтiнi жоқ музыкалық туындылар;
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
6) дыбыс-бейнежазу туындылары;
2005.22.11. № 90-III ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
7) кескiндеме, мүсiндеме, графика және бейнелеу өнерiнiң басқа да туындылары;
8) қолданбалы өнер туындылары;
2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 9) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
9) сәулет, қала құрылысы, дизайн және бау-саябақ өнерi туындылары;
10) суретке түсiру туындылары және суретке түсiруге орайлас әдiстермен жасалған туындылар;
11) карталар, жоспарлар, нобайлар, безендiрулер және географияға, топография мен басқа ғылымдарға қатысты үш өлшемдi туындылар;
12) ЭЕМ-ге арналған бағдарламалар;
13) өзге де туындылар.
2. ЭЕМ-ге арналған бағдарламаларды қорғау ЭЕМ-ге арналған бағдарламалардың (соның iшiнде операциялық жүйелердiң) бастапқы мәтiн мен объектiлiк кодты қоса алғанда, кез-келген тiлде және кез-келген нысанда жасалуы мүкiн барлық түрiне қолданылады.
3. Авторлық құқық объектiлерiне мыналар да жатады:
1) туынды шығармалар (аудармалар, өңделген дүниелер, аннотациялар, рефераттар, түйiндер, шолулар, инсценировкалар, музыкалық өңдеулер және басқа да ғылым, әдебиет пен өнер шығармаларын өңдеулер);
2) жинақтар (энциклопедиялар, антологиялар, деректер базалары) және материалдарының iрiктелуi және (немесе) орналасуы жағынан шығармашылық еңбектiң нәтижесi болып табылатын басқа да құрама туындылар.
Туынды және құрама шығармалар, өздерiнiң негiзге алынған немесе өздерiне енген туындылардың авторлық құқық объектiлерi болу болмауына қарамастан, авторлық құқықпен қорғалады.
8-бап. Авторлық құқық объектiлерi болмайтын туындылар
Мыналар авторлық құқық объектiлерi болмайды;
1) ресми құжаттар (заңдар, сот шешiмдерi, заң әкiмшiлiк, сот сипатындағы және дипломатиялық сипаттағы өзге де мәтiндер), сондай-ақ олардың ресми аудармалары;
2) мемлекеттік нышандар мен белгiлер (жалаулар, елтаңбалар, ордендер, ақша белгiлерi және өзге де мемлекеттік нышандар мен белгiлер);
3) халық шығармашылығы туындылары;
4) оқиғалар мен фактiлер туралы ақпараттық сипаттағы хабарлар.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 9-бап өзгертілді
9-бап. Авторлық құқықтың пайда болуы. Авторлықтың презумпциясы
2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (ресми жарияланған күнінен кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Ғылым, әдебиет және өнер туындысына авторлық құқық оның жасалу фактiсiне қарай туындайды. Авторлық құқықтың пайда болуы мен жүзеге асырылуы үшiн туындыны тiркеу, туындыны өзге де арнайы ресiмдеу немесе қандай да болсын шарттылықты сақтау талап етiлмейдi.
Өздерiнiң айрықша мүлiктiк құқықтары туралы хабарлау үшiн автор және (немесе) құқық иеленушi авторлық құқықты қорғау белгiсiн пайдалануға құқылы, ол белгi туындының әр данасына қойылады және мiндеттi түрде мынадай үш элементтен тұрады:
1) қоршауға алынған латынша «С» әрпi;
2) айрықша авторлық құқықтар иесiнiң есiмi (атауы);
3) туындының алғаш жарияланған жылы.
Автор жарияланбаған туындыға жеке мүлiктiк емес құқықтарын куәландыру үшiн авторлық құқықтың қорғалатын мерзiмi iшiнде кез келген уақытта қажетті мәліметтерді осы Заңға сәйкес Авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тiзiлiміне (бұдан әрі - Тізілім) енгізуге құқылы.
1-1. 2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Өзге де дәлелдеме болмаған кезде туындының түпнұсқасында немесе данасында автор ретiнде көрсетiлген адам туындының авторы - авторлықтың презумпциясы деп есептеледі.
Авторлықтың презумпциясы тек автордың өзіне қатысты ғана қолданылады.
3. Туынды жасырын немесе бүркеншiк атпен жарияланған жағдайда (автордың бүркеншiк аты оның өзi екенiне күмән туғызбайтын жағдайды қоспағанда), туындыда есiмi немесе атауы көрсетiлген баспагер өзге дәлелдер болмаған кезде осы Заңға сәйкес автордың өкiлi болып табылады және оның өкiл ретiнде автордың құқығын қорғауға, оның жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге құқығы бар. Бұл ереже сондай туындының авторы өзiнiң кiм екенiн ашқанша және өзiнiң авторлығын мәлiмдегенше қолданыла бередi.
4. 2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен алып тасталды (ресми жарияланған күнінен кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 9-1-бап жаңа редакцияда (ресми жарияланған күнінен кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9-1-бап. Мәліметтерді Тізілімге енгізу
1. Мәліметтерді және олардың өзгерістерін Тізілімге енгізу уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен, автордың өтініші алынған күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде немесе соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде жүргізіледі.
Тізілімде автордың өтініші алынған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде енгізілген мәліметтердің тиесілілігін, сипатын немесе мазмұнын өзгертпейтін техникалық сипаттағы қателер түзетілуі мүмкін.
2. Мәліметтерді Тізілімге енгізу туралы өтінішке туындының бір данасы және осы көрсетілген қызметке ақы төленгендігін растайтын құжаттың көшірмесі және қажет болған жағдайда ақы төлеу мөлшерін азайту негізін растайтын құжаттың көшірмесі қоса беріледі.
Туындының бір данасының орнына өтінішке - эскиздер, сызбалар, суреттер немесе фотосуреттер, ал ЭЕМ-ге немесе дерекқорға арналған бағдарламаларға қатысты бағдарламаның немесе дерекқордың атауын, автордың тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), жасалған күнін, қолдану саласын, мақсатын, функционалдық мүмкіндіктерін, бастапқы кодын (бастапқы мәтінді), негізгі техникалық сипаттамаларын, бағдарламалау тілін, іске асырушы ЭЕМ-нің типін қамтитын реферат қоса берілуі мүмкін.
Діни мазмұндағы туындыларға қатысты дінтану сараптамасының оң қорытындысының көшірмесі қосымша ұсынылады.
Құрамдас туындыға немесе туынды шығармаға қатысты төл туындының авторымен немесе құқық иеленушісімен жасалған авторлық шарттың көшірмесі қосымша ұсынылады.
3. Бөлек тең авторлықпен шығарылған туындыларға авторлық құқықтар туралы мәліметтер тең авторлардың кез келгені оны өзінің өтінішінде көрсеткен жағдайда Тізілімге бөлек енгізілуі мүмкін.
4. Тізілімге бір жеке немесе заңды тұлғалардың тауарларын (көрсететін қызметтерін) басқа жеке немесе заңды тұлғалардың біртектес тауарларынан (көрсететін қызметтерінен) ажыратуға қызмет ететін (арналған) туындыларға құқықтар туралы мәліметтер енгізілмейді.
5. Автор құжаттар топтамасын толық ұсынбаған жағдайда сараптама ұйымы өтінішті қабылдаудан бас тартады.
Сараптама ұйымы осы баптың талаптары сақталмаған жағдайда қызметтерді көрсетуден бас тартады.
6. Уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша куәлік беру тиісті мәліметтерді Тізілімге енгізуді растау болып табылады.
7. Тізілімнен алынған мәліметтердің күшін жою автордың өтініші бойынша, сондай-ақ соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде жүргізіледі.
8. Құжаттардың көшірмелері, тиісті туындының бір данасы және (немесе) оның сипаттамасы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, үшінші тұлғаларға автордың келісімімен беріледі.
ҚР 2018.20.06. № 161-VI Заңымен 9-2-баппен толықтырылды (ресми жарияланған күнінен кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді)
9-2-бап. Сараптама ұйымы
1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, өз қызметінде уәкілетті органға ведомстволық бағынысты сараптама ұйымы:
1) мәліметтерді және олардың өзгерістерін Тізілімге енгізеді;
2) өз қызметі шеңберінде мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды;
3) Тізілімді жүргізеді және оған қолжетімділікті қамтамасыз етеді;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қызмет түрлерін жүзеге асырады.
2020.06.05. № 323-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Сараптама ұйымы мәліметтерді Тізілімге енгізгені үшін көрсетілген қызметтерге ақы төлеу кезінде:
Ұлы Отан соғысының қатысушылары, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген адамдарға және басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне;
Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға;
1941 жылғы 22 маусым мен 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адамдарға;
мүгедектерге, сондай-ақ бала кезінен мүгедектің ата-анасының біреуіне;
оралмандарға;
кәмелетке толмағандарға жеңілдіктер береді.
Жеңілдіктер жоғарыда санамаланған адамдар санаттарының кез келгеніне жататындығы туралы растайтын құжаттар ұсынылған кезде мәліметтерді Тізілімге енгізу жөнінде көрсетілген қызмет үшін бағаның 95 пайызы мөлшерінде беріледі.
3. Уәкілетті органмен келісу бойынша сараптама ұйымы қызметтер көрсеткені үшін осы ұйым шеккен шығындарды толық өтеу, оның қызметінің шығынсыздығы және өз кірістері есебінен қаржыландыру қамтамасыз етілген жағдайда, көрсетілетін қызметтердің бағаларын бекітеді.
10-бап. Тең авторлар
1. Екi немесе одан да көп адамның (тең авторлардың) бiрлескен шығармашылық еңбегiмен жасалған туындының авторлық құқығы, мұндай туындының бөлiнбес бiртұтас болуына немесе әрқайсысы өз алдына жеке мәнге ие бөлiмдерден тұратындығына қарамастан, тең авторларға тиесiлi болады;
Егер туындының бiр бөлiгiн осы туындының басқа бөлiктерiне қарамастан пайдалану мүмкiн болса, бұл бөлiгi дербес мәнi бар туынды деп танылады.
Егер тең авторлар арасындағы келісімде өзгеше көзделмесе, олардың әрқайсысы туындының дербес мәнi бар өзi жасаған бөлiгiн өз қалауы бойынша пайдалануға құқылы.
2. Тұтас алғанда туындыны пайдалану құқығы тең авторларға ортақ. Тең авторлардың өзара қатынастары олардың арасында жасалған келісім арқылы белгiленуi мүмкiн. Егер тең авторлардың туындысы бөлiнбейтiн бiртұтас дүние болса, тең авторлардың бiр де бiрiнiң туындыны пайдалануға жеткiлiктi негiздерi болмайынша тыйым салуға құқығы жоқ.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Тең авторлардың әрқайсысы өз атынан, соның iшiнде, басқа тең авторлардың рұқсатын алмастан, егер олардың арасында келісіммен өзгеше көзделмесе, өз құқықтарын қорғауға байланысты осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде көзделген шараларды қолдануға құқылы.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 11-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
11-бап. Құрамдас туындыларға авторлық құқық
1. Жинақтың және басқа да құрама туындылардың авторына (құрастырушысына) шығармашылық (құрастырушылық) еңбек нәтижесi болып табылатын материалдарды iрiктеудi және (немесе) орналастыруды жүзеге асырғандығы үшiн авторлық құқық берiледi.
Құрастырушының өзi құрама туындыға енгiзiлген әрбiр туынды авторларының құқықтарын сақтаған жағдайда авторлық құқықты пайдаланады. Егер авторлық шартта өзгеше көзделмесе, құрама туындыға енгiзiлген туындылардың авторлары өз туындыларын құрама туындыға қарамастан пайдалана беруге құқылы.
Құрастырушысының авторлық құқығы басқа адамдардың сол материалдарды басқа құрама туындылар жасау үшiн дербес iрiктеуiне және (немесе) орналастыруына кедергi жасамайды.
2. Энциклопедияларды, энциклопедиялық сөздiктердi, мерзiмдi және шығуы жалғаса беретiн ғылыми еңбектер жинақтарын, газеттердi, журналдарды және басқа да мерзiмдi басылымдарды жарыққа шығаратын баспагерге мұндай басымдарды тұтас пайдалануға айрықша құқық берiледi. Баспагер мұндай басылымдарды кез-келген жағдайда пайдаланса да өзiнiң атауын көрсетуге немесе оны көрсетудi талап етуге құқылы.
Мұндай басылымдарға енгiзiлген туындылардың авторлары жалпы басылымға қарамастан өз туындыларын пайдалануға айрықша құқықтарын сақтап қалады.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 12-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
12-бап. Туынды шығармаларға авторлық құқық
1. Аудармашыларға және басқа да туынды шығармалардың авторларына өздерiнiң жасаған аудармасына, қайта жасағанына, музыкалық әуендерден немесе басқа да өңдеуден өткiзгенiне авторлық құқық берiледi.
Аудармашы және басқа да туынды шығарма авторы өзi аударатын, қайта жасайтын, музыкалық әуендейтiн немесе басқа да өңдеуден өткiзетiн туынды авторының авторлық құқығын сақтаған жағдайда өзi жасаған туындыға авторлық құқықты пайдаланады.
2. Аудармашылардың және басқа да туынды шығарма авторларының авторлық құқығы сол туындыларды өзге адамдардың аударуына және өңдеуiне кедергi болмайды.
13-бап. Дыбыс-бейнежазу туындысына авторлық құқық
1. Дыбыс-бейнежазу туындысының авторлары (тең авторлары):
1) сценарий авторы;
2) дыбыс-бейнежазу туындысына арнайы жасалған музыкалық туындының (мәтiнi немесе мәтiнсiз) авторы (сазгер);
3) қоюшы-режиссер;
4) қоюшы-оператор;
5) қоюшы суретшi болып табылады.
Бұрын шығарылған, қайта өңделген немесе дыбыс-бейнежазу туындысының құрамдас бөлiгi ретiнде енгiзiлген туынды авторы да дыбыс-бейнежазу туындысының тең авторы болып саналады.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Дыбыс-бейнежазу туындысын жасауға немесе бұрын жасалған туындыға құқық беруге авторлық шарттың жасалуы, осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, осы туынды авторларының (немесе бұрын жасалған туынды авторларының және өзге де авторлық құқықтар иелерiнiң) дыбыс-бейнежазу туындысын жасаушыға, егер авторлық шартта өзгеше көзделмесе, дыбыс-бейнежазу туындысын пайдалануға айрықша құқық беруiне әкеп соғады.
Дыбыс-бейнежазу туындысын жасаушы бұл туынды кез келген жағдайда пайдаланылса да өз есiмiн немесе атауын көрсетуге, не солай көрсетiлуiн талап етуге құқылы.
2005.22.11. № 90-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Дыбыс-бейнежазу туындысына арнайы шығарылған музыкалық туындының (мәтiнмен немесе мәтiнсiз) авторы осы музыкалық туындының дыбыс-бейнежазу туындысы ретiнде көпшiлiк алдында әрбiр орындалуы жағдайында оның көпшiлiкке хабарланғаны, сондай-ақ дыбыc-бейнежазу туындысы данасының прокатқа (жалға) берiлгенi үшiн сыйақы алу құқығын сақтап қалады.
4. Дыбыс-бейнежазу туындысына құрамдас бөлiк ретiнде енген, бұрыннан бар (сценарий негiзiне алынған роман авторы және басқалар), сондай-ақ жұмыс процесiнде туған (қоюшы-оператор, қоюшы-суретшi және басқалар) туындылар авторларының әрқайсысы өз туындысына авторлық құқықты пайдаланады.
14-бап. Қызметтiк туындыларға авторлық құқық
1. Қызмет бабында мiндеттердi немесе жұмыс берушiнiң қызметтiк тапсырмасын орындау тәртібі бойынша жасалған туынды авторының мүлiктiк емес жеке құқығын қызметтiк туынды авторы иеленедi.
2009.10.07. № 179-IV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2. Егер жұмыс беруші мен автор арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, қызметтік туындыға мүліктік (айрықша) құқықтарға жұмыс беруші ие болады.
3. Қызметтiк туынды кез келген жағдайда пайдаланылса, жұмыс берушi өз атауын көрсетуге немесе солай көрсетiлуiн талап етуге құқылы.
4. 2009.10.07. № 179-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
5. Қызмет бабындағы мiндеттердi немесе жұмыс берушiнiң қызметтiк тапсырмаларын орындау тәртібімен энциклопедияларды, энциклопедиялық сөздiктердi, ғылыми еңбектердiң мерзiмдi және жалғастырыла беретiн жинақтарын, газеттердi, журналдарды және басқа да мерзiмдi басылымдарды (осы Заңның 11-бабының 2-тармағы) жасауға бұл баптың ережелерi қолданылмайды.
15-бап. Мүлiктiк емес жеке құқықтар
1. Автордың өз туындысына қатысты мынадай мүлiктiк емес жеке құқықтары болады:
1) туындының авторы деп танылу құқығы және оны тануды, соның iшiнде, егер iс жүзiнде мүмкiн болса, туынды кез келген жария пайдаланылған кез келген жағдайда оның даналарына автордың есiмiн тиiстi түрде көрсету арқылы тануды талап ету құқығы (авторлық құқық);
2) туынды пайдаланылған кез келген жағдайда оның даналарына автордың шын есiмiнiң орнына лақап есiмiн (бүркеншiк есiмiн) көрсету және соны талап ету немесе есiмiн көрсетуден бас тарту құқығы, яғни жасырындық (есiмi аталу құқығы);
2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) туындының атауымен қоса, оған қол сұғылмаушылық құқығы, туындыны кез-келген жолмен бүлдiруге, бұрмалауға немесе өзге жолмен өзгертуге, сондай-ақ автордың абыройына немесе беделiне нұқсан келтiре алатын басқа кез-келген қол сұғушылыққа қарсы әрекет ету құқығы (автордың беделiн қорғау құқығы).
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды; 2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) қызметтік міндеттерді немесе жұмыс берушінің қызметтік тапсырмасын орындау тәртібімен жасалған туындыларды қоспағанда, туындыға белгiсiз адамдар тобының қол жеткiзуiне жол ашу құқығы (халыққа жария ету құқығы).
2. Бұрын қабылданған шешiмнен пайдаланушыға келтiрiлген зиян, соның iшiнде оның айрылып, қалған пайдасы өтелген жағдайда автордың туындыны жариялау туралы ондай шешiмнен бас тартуға құқығы бар (керi қайтарып алу құқығы). Егер туынды жарияланып кеткен болса, автор оны керi қайтарып алатыны туралы жария түрде хабарлауға мiндеттi. Бұл ретте ол туындының бұрын дайындалған даналарын өз есебiнен қайтып алуға құқылы.
Қызметтiк туындыларды жасаған кезде бұл тармақтың ережелерi қолданылмайды.
3. Автордың мүлiктiк құқықтарына қарамастан, оның мүлiктiк емес жеке құқықтары болады және оларды туындыны пайдалану жөніндегі айрықша құқықтарын бiреуге берген жағдайда да сақтап қалады.
4. Авторды оның осы бапта көзделген мүлiктiк емес жеке құқықтарынан айыруға болмайды.
5. Автор қайтыс болғаннан кейiн оның мүлiктiк емес жеке құқықтары осы Заңның 30-бабында белгiленген тәртiп бойынша жүзеге асырылады.
16-бап. Мүлiктiк құқықтар
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1. Автордың немесе өзге құқық иеленушiнiң сол туындыны кез келген нысанда және кез келген әдiспен пайдалануға мүлiктiк (айрықша) құқығы бap.
2. Автордың туындыны пайдалануға айрықша құқықтары төмендегi әрекеттердi жүзеге асыру, рұқсат ету немесе жүзеге асыруға тыйым салу құқығын бiлдiредi:
1) туындыны қайта шығару (қайта шығару құқығы);
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2005.22.11. № 90-III ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара); 2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2015.24.11. № 419-V ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
2) туындының түпнұсқасын немесе даналарын кез келген әдiспен таратуына: сатуына, айырбастауына, прокатқа (жалға) беруiне, өзге де операциялар, оның ішінде ашық телекоммуникациялар желісінде операциялар жасауына (тарату құқығы);
3) тарату мақсатында туынды даналары, соның iшiнде автордың немесе авторлық құқықтардың өзге иесiнiң рұқсатымен дайындалған даналарын импорттау (импортқа әкелу құқығы);
4) туындыны жария көрсету (жария көрсету құқығы);
5) туындыны жария орындау (жария орындау құқығы);
6) туындыны жария хабарлау (туындыны жалпы жұрттың назарына арнап хабарлау), соның iшiнде эфирде немесе кабель арқылы хабарлау (жария хабарлау құқығы);
7) жалпы жұрттың назарына арнап эфирде алғашқы және (немесе) кейiнгi хабарлауды қоса алғанда туындыны эфирде хабарлау (эфирде жариялау құқығы);
8) жалпы жұрттың назарына арнап кабель арқылы алғашқы және (немесе) кейiнгi хабарлауды қоса алғанда туындыны кабель арқылы хабарлау (кабель арқылы хабарлау құқығы);
9) туындыны аудару (аудару құқығы);
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 10) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
10) туындыны қайта жасау, музыкалық әуендеу немесе басқаша түрде қайта өңдеу (өңдеу құқығы);
2009.10.07. № 179-IV ҚР Заңымен 10-1) тармақшамен толықтырылды
10-1) туындыны жалпы жұрттың назарына жеткізу (жалпы жұрттың назарына жеткізу құқығы);
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 11) тармақшамен толықтырылды
11) Қазақстан Республикасының заң актілеріне қайшы келмейтiн өзге де әрекеттердi жүзеге асыру құқықтарын бiлдiредi.
3. Егер туындының заңды түрде жарияланған даналары оларды сату арқылы азаматты айналымға түсiрiлсе, онда олардың автордың келісімiнсiз және сыйақы төлемей одан әрi таратуға жол берiледi.
Туындының түпнұсқасын немесе даналарын жалға беру (және көпшiлiкке жалға беру) арқылы тарату құқығы, ол даналарға меншiк құқығына қарамастан:
1) ноталық мәтiн түріндегі музыкалық туындының;
2) фонограммаға түсiрiлген туындының;
3) дыбыс-бейнежазу туындысының;
4) деректер базасының;
5) ЭЕМ бағдарламаларының авторына немесе авторлық құқық иесiне берiледi.
4. Сәулет, қала құрылысы және бау-саябақ жобаларын пайдалануға айрықша құқықтар мұндай жобалардың нақты iске асырылуын да қамтиды.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
5. Автордың немесе өзге құқық иеленушiнiң туындыны пайдаланудың әрбiр түрi үшiн сыйақы алуға құқығы бар, оның мөлшерi мен есептелу тәртібі авторлық шартпен, сондай-ақ авторлардың мүлiктiк құқықтарын ұжымдық негiзде басқаратын ұйымдармен жасасатын шарттармен белгiленедi.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.10.07. № 179-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 6-тармақ өзгертілді
6. Осы баптың 2-тармағында көзделген мүлiктiк құқықтарды шектеулер, егер мұндай шектеулер туындыны дұрыс пайдалануға зиян келтiрмей, автордың немесе өзге де құқық иеленушінің заңды мүдделерiне негiзсiз қысым жасамайтын болса, осы Заңның 18-26-баптарымен белгiленедi.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 16-1-баппен толықтырылды; 2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен 16-1-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 16-1-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
16-1-бап. Авторлық сыйақының ең төмен ставкалары
Туындының сипатына немесе оны пайдалану ерекшелiктерiне (жұртшылық алдында, оның iшiнде радиода және телевизияда орындауға, туындыны механикалық, магниттiк немесе өзге де жазба арқылы қайта шығаруға, көшiрмелеуге, туындыны автордың келісімінсіз жеке мақсатта қайта шығаруға және басқа да жағдайларға) байланысты мүлiктiк (айрықша) құқықтарды жеке тәртіппен iс жүзiнде жүзеге асыру мүмкiн болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының Үкiметi авторлық сыйақының ең төмен ставкаларын белгiлейді.
Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйым пайдаланушылармен шарттар жасасқан кезде авторлық сыйақы мөлшерлемелерінің мөлшерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген сыйақының ең төменгі мөлшерлемелерінен төмен етіп белгілеуге құқылы емес.