Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы Қазақстан
Республикасының 1996 ж. 10 маусымдағы
N 6-I Заңы
Осы редакция 2004 ж. 9 шілдедегі N 586-II ҚР Заңымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
I. Тарау. Жалпы ережелер (1 - 4 баптар)
II Тарау. Авторлық құқық (5 - 33 баптар)
III Тарау. Сабақтас құқықтар (34 - 42 баптар)
IV Тарау. Мүліктік құқықтарды ұжымдық басқару (43 - 47 баптар)
V Тарау. Авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау (48 - 49 баптар)
I. Тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Реттелетiн мәселелер
Осы Заң санаткерлiк меншiк саласында ғылым, әдебиет және өнер туындыларын (авторлық құқық), қойылымдарды, орындаушылықты, фонограммаларды, эфирлiк және кабельдiк хабар тарату ұйымдарының хабарларын (сабақтас құқықтар) жасауға және пайдалануға байланысты туындайтын қатынастары реттейдi.
2-бап. Негiзгi ұғымдар
Осы Заңның мақсаты үшiн төменде көрсетiлген терминдердiң мынадай мәнi бар:
автор - шығармашылық еңбегiмен туынды жасаған жеке тұлға; авторлық құқық - автордың мүлiктiк және мүлiктiк емес жеке құқықтары;
дыбыс-бейнежазу туындысы - тиiстi техникалық құрылғылардың көмегiмен көрiп және естiп (дыбыспен сүйемелденген жағдайда) қабылдауға арналып жасалған, өзара байланысты кадрлар серияларынан құралатын (дыбыспен сүйемелденетiн немесе сүйемелденбейтiн) туынды. Дыбыс-бейнежазу туындылары кинематографиялық туындыларды және кинематографияға ұқсас құралдармен бейнеленген туындылардың бәрiн: бастапқы немесе одан кейiнгi түсiрiлу әдiсiне қарамастан, теле және бейнефильмдердi, диафильмдер мен слайдфильмдердi және сол сияқтыларды қамтиды;
деректер базасы - деректер (мақалалар, есептер, фактiлiк және сол сияқтылар) жиынтығы, ол деректер материалдардың iрiктелуi және (немесе) орналасуы жағынан шығармашылық еңбектiң нәтижесi болып табылады және сол деректер электрондық есептеу машинасының (ЭЕМ) көмегiмен табылатындай және өңделетiндей етiп жүйеге түсiрiлген;
қайта шығару - туындының немесе фонограмманың бiр немесе одан көп данасын кез-келген материалдық нысанда, соның iшiнде үнжазба және бейнежазба нысанында дайындау. Туындыны немесе фонограмманы уақытша немесе тұрақты сақтау үшiн электрондық (санын қоса), оптикалық немесе өзге де машинамен оқылатын нысанда жазып алу да қайта шығару болып табылады;
жазу - дыбыстарды және (немесе) бейнелердi көп рет қабылдауға, қайта шығаруға немесе хабарлауға мүмкiндiк беретiн белгiлi бiр материалдық нысанда техникалық құралдардың көмегiмен жазып алу;
дыбыс-бейнежазу туындыларын дайындаушы - осындай туындыны дайындаудың бастамасы мен жауапкершiлiгiн, соның iшiнде материалдық жауапкершiлiктi мойнына алған жеке немесе заңды тұлға. Өзге дәлелдер болмаған кезде, осы туындыда есiмi немесе атауы қойылған жеке немесе заңды тұлға дыбыс-бейнежазу туындысын дайындаушы деп танылады;
санаткерлiк меншiк - шығармашылық қызметтiң объектiлендiрiлген нәтижесiне меншiк;
айрықша құқық - автордың немесе сабақтас құқықтар иесiнiң туындыны, орындаушылықты, фонограмманы, хабарды осы Заңмен белгiленген мерзiм iшiнде өз қалауы бойынша кез-келген әдiспен пайдалану жөнiндегi мүлiктiк құқығы;
орындау - туындыны, фонограмманы көрсету, рөлдi, ән, бидi тiкелей орындап немесе қандай да болсын техникалық құралдардың (телерадио хабарларының, кабельдiк теледидардың және сол сияқтылардың) көмегiмен көрсету, қою. Дыбыс-бейнежазу туындысының кадрларын олардың ретi бойынша дыбыспен сүйемелдеп немесе сүйемелдемей көрсету;
орындаушы - актер, әншi, музыкашы, бишi немесе рөл ойнайтын, ән салатын, оқитын, мәнерлеп оқитын, музыкалық аспапта ойнайтын немесе әдебиет пен өнер туындыларын (соның iшiнде эстрада, цирк немесе қуыршақ нөмiрлерiн) қандай да бiр басқа жолмен орындайтын өзге адам, сондай-ақ спектакльдi қоюшы-режиссер және дирижер;
контрафактiлiк даналар - туындының немесе фонограмманың дайындалған немесе таратылған жағдайда авторлық және сабақтас құқықтардың бұзылуына әкеп соғатын даналары, сондай-ақ сол туынды мен фонограмма ешқашан қорғалмаған немесе қорғауы тоқтатылған мемлекеттерден Қазақстан Республикасына авторлық және сабақтас құқықтар иелерiнiң келiсiмiнсiз импортталған туындылар мен фонограммалардың осы Заңға сәйкес Қазақстан Республикасында қорғалатын даналары;
айырықша емес құқық - авторлық құқық пен сабақтас құқықтар иесiмен бiрге бұған автордың тиiстi рұқсатын алған басқа адамның осы Заңда белгiленген жағдайлардан басқа ретте туындыны пайдалана алатын құқығы;
авторлық және (немесе) сабақтас құқықтар иесi
мүлiктiк құқық берiлген жағдайдағы автор немесе орындаушы;
мүлiктiк құқықтар берiлген жеке немесе заңды тұлға;
автордан немесе орындаушыдан өзге жеке тұлға немесе осындай жеке немесе заңды тұлғаға бастапқыда мүлiктiк құқықтар берiлген жағдайда - заңды тұлға;
туындыны жариялау - автордың келiсiмiмен жариялау, көпшiлiк алдында орындау, қандай да болмасын өзге бiр әдiспен эфирге беру арқылы туындыны жалпы көпшiлiкке алғаш рет жеткiзетiн iс-әрекеттi жүзеге асыру;
жариялау (жарыққа шығару) - туынды авторының, фонограмма жасаушының келiсiмiмен туындының, фонограмманың даналарын көпшiлiктiң қажеттерiн қанағаттандыру үшiн айналысқа шығару. Жариялау деп ақпараттың электрондық жүйесi арқылы туындыға, фонограммаға ие болу да түсiнiледi;
эфирге беру - туындыны, фонограмманы, орындаушылықты, қойылымды, эфирлiк немесе кабельдiк хабар тарату ұйымының хабарларын, кабельдiк теледидарды қоспағанда, радио немесе теледидармен беру арқылы жалпы көпшiлiкке (көрсетудi немесе орындауды қоса) тарату. Туындыны, фонограмманы, орындаушылықты, қойылымды, эфирлiк немесе кабельдiк хабар тарату ұйымының хабарларын жерсерiктерi арқылы эфирде беру кезiндегi туынды, фонограмма, орындаушылық, қойылым, эфирлiк немесе кабельдiк хабар тарату ұйымдары хабарларын жердегi станциядан жерсерiктерiне сигналдар беру мен жерсерiктерiнен сигналдар қабылдау арқылы, оларды көпшiлiктiң нақты түрде қаншалықты қабылдап жатқанына қарамастан жалпы жұрттың назарына жеткiзу де эфирде беру деп түсiнiледi;
эфирлiк немесе кабельдiк хабар тарату ұйымдарының хабары - эфирлiк немесе кабельдiк хабар тарату ұйымының өзi, сондай-ақ соның қаражаты есебiнен тапсырыс бойынша басқа ұйым жасаған хабар;
туындыны көрсету - туындының түпнұсқасын немесе бiр данасын тiкелей немесе үнтаспаның, диапозитивтiң, теледидар кадрының көмегiмен немесе басқа да техникалық құралдар арқылы көрсету, сондай-ақ дыбыс-бейнежазу туындысының жекелеген кадрларын олардың ретiн сақтамай көрсету;
эфирге қайталап беру - бұрын эфирде берiлген туындыларды, фонограммаларды, орындаушылықтарды, қойылымдарды, эфирлiк немесе кабельдiк хабар тарату ұйымдарының хабарларын эфирде қайталап беру;
ЭЕМ-ге арналған бағдарлама - электрондық есептеу машинасында (ЭЕМ) немесе басқа бiр компьютерлiк құрылғыда тапсырылған қызметтi немесе берiлген тапсырманы орындау мақсатымен немесе ЭЕМ үшiн бағдарлама әзiрлеу процесiнде алынған дайындық материалдарын да қоса алғанда көкейдегi нәтижеге жету мақсатымен пайдаланылуы мүмкiн сөздер, сандар, кодтар, нышандар, таңбалар, диаграммалар арқылы немесе басқа бiр түрде көрсетiлген нұсқаулардың немесе ережелердiң жиынтығы және содан туындайтын дыбыс-бейнежазу кейiптелуi;
сәндiк-қолданбалы өнер туындысы - көркемдiк кәсiпшiлiк туындысын немесе өнеркәсiптiк әдiспен дайындалған туындыны қоса алғанда iс жүзiнде пайдаланылатын заттарға көшiрiлген екi өлшемдi немесе үш өлшемдi өнер туындысы;
фонограмманы шығарушы - белгiлi бiр орындаушылықты немесе өзге де дыбыстардың тұңғыш дыбыс жазбасының бастамасы мен жауапкершiлiгiн мойнына алған жеке немесе заңды тұлға. Өзге дәлелдер болмаған кезде, есiмi немесе атауы сол фонограммада және (немесе) соның сыртындағы қорапта жазылған адам фонограмманы дайындаушы деп танылады;
туынды шығарма - бұрыннан бар басқа бiр туындыға негiзделген санаткерлiк шығармашылық өнiмi (аударма, бейiмдеу, өңдеу және сол сияқтылар). Оның сонылығы бұрыннан бар туындыны шығармашылықпен қайта өңдеу немесе басқа тiлге шығармашылықпен аудару болып табылады;
көпшiлiкке көрсету, көпшiлiк үшiн орындау немесе жалпы жұрт назарыүшiн хабарлау - туындыларды, фонограммаларды, орындаушылықтарды, қойылымдарды, эфирлiк немесе кабельдiк хабар тарату ұйымдарының хабарларын тiкелей не техникалық құралдар арқылы отбасына жатпайтын адамдар едәуiр мөлшерде қатысатын жерде туындылар, фонограммалар, орындаушылықтар, қойылымдар, эфирлiк немесе кабельдiк хабар тарату ұйымының хабарлары жүрiп жатқан жерде және туындының, фонограмманың, орындаушылықтың, қойылымның, эфирлiк немесе кабельдiк хабар тарату ұйымдары хабарының таратылуымен бiр мезгiлде басқа бiр жерде қабылдануына қарамастан, олардың кез-келген көрсетiлуi, орындалуы немесе хабарлануы;
спектакльдi қоюшы-режиссер - театр, цирк, қуыршақ, эстрада спектаклiн немесе өзге де спектакль (көрсетiлiм) қойылымын жүзеге асырған адам;
көшiрмелеу (репрографиялық қайта шығару) - хатқа түскен және басқа да жазба туындыларының түпнұсқаларынан немесе көшiрмелерiнен суретке түсiру жолымен немесе басып шығарудан өзге басқа да техникалық құралдар арқылы кез-келген мөлшерде және нысанда бiр немесе одан да көп данасын дәлме-дәл көшiрме түрде қайта шығару. Репрографиялық қайта шығаруға аталып өткен көшiрмелердi электрондық (сан көшiрмелерiн қоса), оптикалық немесе машинамен оқылатын өзге де нысанда сақтау немесе қайта шығару кiрмейдi;
жалға беру (жалдау) - туындының немесе фонограмманың данасын тiкелей немесе жанама коммерциялық пайда табу мақсатында уақытша пайдалануға беру;
хабарлау - көрсету, орындау, эфирге беру немесе туындылар, фонограммалар, орындаушылықтар, қойылымдар, эфирлiк немесе кабельдiк хабар тарату ұйымдарының хабарлары оларды көпшiлiктiң нақты қабылдануына қарамастан, естiп және (немесе) көрiп қабылдау мүмкiн болатын өзге де әрекет жасау (бұған туындының немесе фонограмманың даналарын тарату кiрмейдi);
жалпы жұрт назарына кабель бойынша хабарлау - туындыларды, фонограммаларды, орындаушылықтарды, қойылымдарды, эфирлiк немесе кабельдiк хабар тарату ұйымдары хабарларын жалпы жұрттың назарына кабель, сым, оптикалық тапшықтар арқылы немесе немесе солар сияқты құралдардың көмегiмен хабарлау;
уәкiлдiк берiлген орган - авторлардың және сабақтас құқықтар иелерiнiң құқықтарын жүзеге асыруға байланысты қатынастарды мемлекеттiк реттеу саласындағы өкiлеттiгiн Қазақстан Республикасының заң актiлерi, Қазақстан Республикасының Президентi, Үкiметi белгiлейтiн мемлекеттiк орган;
фонограмма - жазылу әдiсiне қарамастан, орындаушылықтардың немесе өзге де дыбыстардың тек қана дыбыстық кез-келген жазбасы;
туындының данасы - туындының кез-келген материалдық нысанда дайындалған көшiрмесi;
фонограмманың данасы - фонограммадан тiкелей немесе жанама түрде дайындалған және сол фонограммада жазылған барлық дыбыстарды немесе дыбыстардың бөлiгiн қамтитын кез-келген материалдық жеткiзгiштегi фонограмма көшiрмесi.
3-бап. Қазақстан Республикасының авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңдары
Қазақстан Республикасының авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңдары Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнен, осы Заңнан және соларға сәйкес шығарылатын басқа да нормативтiк актiлерден тұрады.
4-бап. Халықаралық шарттар
Егер Қазақстан Республикасы бекiтетiн халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленген болса, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
II Тарау. Авторлық құқық
5-бап. Авторлық құқықтың қолданылу аясы
1. Осы Заңға сәйкес авторлық құқық:
1) авторларының немесе олардың құқық мұрагерлерiнiң азаматтығына қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағында жарияланған не жарияланбаған, бiрақ қандай болсын объективтi нысандағы туындыларға;
2) жарияланған не жарияланбаған, бiрақ Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегi қандай да болсын объективтi нысандағы туындыларға қолданылады және Қазақстан Республикасының азаматтары авторлар және олардың құқық мұрагерлерi деп танылады;
3) жарияланған не жарияланбаған, бiрақ Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде қандай да болсын объективтi нысандағы туындыларға қолданылады және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес басқа мемлекеттердiң азаматтары авторлар (олардың құқық мұрагерлерi) деп танылады.
2. Егер туынды Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде алғаш жарияланған күннен кейiнгi отыз күн iшiнде Қазақстан Республикасының аумағында жарияланса, ол Қазақстан Республикасында жарияланды деп саналады.
3. Қазақстан Республикасы аумағында туынды халықаралық шарттарға сәйкес қорғалатын болған жағдайда туындының авторы авторлық құқықты алуға негiз болған iс-әрекет немесе мән-жай орын алған мемлекеттiң заңы бойынша анықталады.
6-бап. Авторлық құқық объектiсi. Жалпы ережелер
1. Авторлық құқық мақсатына, мазмұны мен маңызына, сондай-ақ берiлу әдiсi мен нысанына қарамастан, шығармашылық еңбектiң нәтижесi болып табылатын ғылым, әдебиет және өнер туындыларына қолданылады.
2. Авторлық құқық белгiлi бiр объективтi түрге ие болған:
1) жазбаша (қолжазба, машинкаға басылған, нотаға жазылған және сол сияқты);
2) ауызша (көпшiлiк алдында айтушылық, көпшiлiк алдында орындаушылық және сол сияқты);
3) үнжазба немесе бейнежазба (механикалық, сандық, магниттiк, оптикалық және сол сияқты);
4) бейнелеу (сурет, нобай, көркемсурет, жоспар, сызба, кино, телебейне - немесе фотокадрлар және сол сияқты);
5) көлемдi - кеңiстiктi (мүсiн, үлгi, макет, ғимарат, және сол сияқты) түрiндегi жарияланған туындыларға да, жарияланбаған туындыларға да қолданылады.
3. Заңның осы бабының 1-тармағында аталған белгiлерi бар және дербес қолдануға болатын туынды бөлiгi (оның атауымен қоса) авторлық құқық объектiсi болып табылады.
4. Авторлық құқық идеялардың, тұжырымдамалардың, принциптердiң, әдiстердiң, жүйелердiң, процестердiң, жаңалықтардың, фактiлердiң өздерiне қолданылмайды.
5. Туындыға деген авторлық құқық туынды жасалған материалдық объектiнi меншiктену құқығымен байланысты емес.
Материалдық объектiнi меншiктену құқығының немесе материалдық объектiнi иелену құқығының өзгеге берiлуi, осы Заңның 18-бабында көзделген реттердi қоспағанда, сол объектiде көрсетiлген туындыға қандай да болсын авторлық құқықтың ауысуына өздiгiнен әкеп соға алмайды.
7-бап. Авторлық құқық объектiлерi болып табылатын туындылар
1. Мыналар авторлық құқық объектiлерi болып табылады:
1) әдеби туындылар;
2) драмалық және музикалық-драмалық туындылар;
3) сценарий туындылары;
4) хореография және пантомима туындылары;
5) мәтiнi бар немесе мәтiнi жоқ музыкалық туындылар;
6) дыбыс-бейнежазу туындылары (кино-, теле- және бейнефильмдер, диафильмдер және басқа кино- және телетуындылар);
7) мүсiндеме, кескiндеме, графика және бейнелеу өнерiнiң басқа да туындылары;
8) қолданбалы өнер туындылары;
9) сәулет, қала құрылысы және бау-саябақ өнерi туындылары;
10) суретке түсiру туындылары және суретке түсiруге орайлас әдiстермен жасалған туындылар;
11) карталар, жоспарлар, нобайлар, безендiрулер және географияға, топография мен басқа ғылымдарға қатысты үш өлшемдi туындылар;
12) ЭЕМ-ге арналған бағдарламалар;
13) өзге де туындылар.
2. ЭЕМ-ге арналған бағдарламаларды қорғау ЭЕМ-ге арналған бағдарламалардың (соның iшiнде операциялық жүйелердiң) бастапқы мәтiн мен объектiлiк кодты қоса алғанда, кез-келген тiлде және кез-келген нысанда жасалуы мүкiн барлық түрiне қолданылады.
3. Авторлық құқық объектiлерiне мыналар да жатады:
1) туынды шығармалар (аудармалар, өңделген дүниелер, аннотациялар, рефераттар, түйiндер, шолулар, инсценировкалар, музыкалық өңдеулер және басқа да ғылым, әдебиет пен өнер шығармаларын өңдеулер);
2) жинақтар (энциклопедиялар, антологиялар, деректер базалары) және материалдарының iрiктелуi және (немесе) орналасуы жағынан шығармашылық еңбектiң нәтижесi болып табылатын басқа да құрама туындылар.
Туынды және құрама шығармалар, өздерiнiң негiзге алынған немесе өздерiне енген туындылардың авторлық құқық объектiлерi болу болмауына қарамастан, авторлық құқықпен қорғалады.
8-бап. Авторлық құқық объектiлерi болмайтын туындылар
Мыналар авторлық құқық объектiлерi болмайды;
1) ресми құжаттар (заңдар, сот шешiмдерi, заң әкiмшiлiк, сот сипатындағы және дипломатиялық сипаттағы өзге де мәтiндер), сондай-ақ олардың ресми аудармалары;
2) мемлекеттiк нышандар мен белгiлер (жалаулар, елтаңбалар, ордендер, ақша белгiлерi және өзге де мемлекеттiк нышандар мен белгiлер);
3) халық шығармашылығы туындылары;
4) оқиғалар мен фактiлер туралы ақпараттық сипаттағы хабарлар.
9-бап. Авторлық құқықтың пайда болуы. Авторлықтың ақиқаттылығы
1. Ғылым, әдебиет және өнер шығармасына авторлық құқық оның жасалу дерегiне қарай туындайды. Авторлық құқықтың пайда болуы және жүзеге асуы үшiн туындыны тiркеу, өзге де арнайы рәсiмдеу немесе әлдебiр шарттылықтың орындалуы талап етiлмейдi.
Айрықша авторлық құқықтардың иесi өзiнiң құқықтарын хабарлау үшiн авторлық құқық қорғау белгiсiн пайдалануға құқылы, ол белгi туындының әр данасына қойылады және мынадай үш элементтен тұрады:
1) қоршауға алынған латынша "C" әрiп: с;
2) айрықша авторлық құқықтар иесiнiң есiмi (атауы);
3) туындының алғаш жарияланған жылы.
Туындыға авторлық құқықтың немесе қандай да бiр айрықша құқықтың иесi жарияланған немесе жарияланбаған туындыға авторлығын, туындының жариялану фактiсi мен мерзiмiн немесе автордың туындыға құқығына қатысты жасалған шарттарды куәландыру үшiн авторлық құқығы қорғалатын мерзiм iшiнде кез-келген уақытта оны ресми тiзiмдемелерге тiркей алады.
Тiркеудi белгiленген нормативтiк құқықтық актiлерге сәйкес уәкiлдiк берiлген орган жүзеге асырады.
2. Өзге дәлелдер болмаған жағдайда туындының түпнұсқасында немесе данасында автор ретiнде көрсетiлген адам туындының авторы деп саналады.
3. Туынды жасырын немесе бүркеншiк атпен жарияланған жағдайда (автордың бүркеншiк аты оның өзi екенiне күмән туғызбайтын жағдайды қоспағанда), туындыда есiмi немесе атауы көрсетiлген баспагер өзге дәлелдер болмаған кезде осы Заңға сәйкес автордың өкiлi болып табылады және оның өкiл ретiнде автордың құқығын қорғауға, оның жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге құқығы бар. Бұл ереже сондай туындының авторы өзiнiң кiм екенiн ашқанша және өзiнiң авторлығын мәлiмдегенше қолданыла бередi.
4. Егер өзiн жарияланбаған туынды қолжазбасының авторымын деп санайтын жеке тұлға оны басқалардың заңсыз пайдалануына немесе иемденiп кетуiне жол бермеу үшiн сақтауға өткiзудi қажет деп тапқан жағдайларда уәкiлдiк берiлген орган қолжазбаны қабылдап алуға мiндеттi, ол туралы қолжазбаны өткiзген адамға оның түскен мерзiмi туралы анықтама берiледi.
10-бап. Тең авторлар
1. Екi немесе одан да көп адамның (тең авторлардың) бiрлескен шығармашылық еңбегiмен жасалған туындының авторлық құқығы, мұндай туындының бөлiнбес бiртұтас болуына немесе әрқайсысы өз алдына жеке мәнге ие бөлiмдерден тұратындығына қарамастан, тең авторларға тиесiлi болады;
Егер туындының бiр бөлiгiн осы туындының басқа бөлiктерiне қарамастан пайдалану мүмкiн болса, бұл бөлiгi дербес мәнi бар туынды деп танылады.
Егер тең авторлар арасындағы келiсiмде өзгеше көзделмесе, олардың әрқайсысы туындының дербес мәнi бар өзi жасаған бөлiгiн өз қалауы бойынша пайдалануға құқылы.
2. Тұтас алғанда туындыны пайдалану құқығы тең авторларға ортақ. Тең авторлардың өзара қатынастары олардың арасында жасалған келiсiм арқылы белгiленуi мүмкiн. Егер тең авторлардың туындысы бөлiнбейтiн бiртұтас дүние болса, тең авторлардың бiр де бiрiнiң туындыны пайдалануға жеткiлiктi негiздерi болмайынша тыйым салуға құқығы жоқ.
11-бап. Жинақтар мен басқа да құрамада туындыларды құрастырушылардың авторлық құқығы
1. Жинақтың және басқа да құрама туындылардың авторына (құрастырушысына) шығармашылық (құрастырушылық) еңбек нәтижесi болып табылатын материалдарды iрiктеудi және (немесе) орналастыруды жүзеге асырғандығы үшiн авторлық құқық берiледi.
Құрастырушының өзi құрама туындыға енгiзiлген әрбiр туынды авторларының құқықтарын сақтаған жағдайда авторлық құқықты пайдаланады. Егер авторлық шартта өзгеше көзделмесе, құрама туындыға енгiзiлген туындылардың авторлары өз туындыларын құрама туындыға қарамастан пайдалана беруге құқылы.
Құрастырушысының авторлық құқығы басқа адамдардың сол материалдарды басқа құрама туындылар жасау үшiн дербес iрiктеуiне және (немесе) орналастыруына кедергi жасамайды.
2. Энциклопедияларды, энциклопедиялық сөздiктердi, мерзiмдi және шығуы жалғаса беретiн ғылыми еңбектер жинақтарын, газеттердi, журналдарды және басқа да мерзiмдi басылымдарды жарыққа шығаратын баспагерге мұндай басымдарды тұтас пайдалануға айрықша құқық берiледi. Баспагер мұндай басылымдарды кез-келген жағдайда пайдаланса да өзiнiң атауын көрсетуге немесе оны көрсетудi талап етуге құқылы.
Мұндай басылымдарға енгiзiлген туындылардың авторлары жалпы басылымға қарамастан өз туындыларын пайдалануға айрықша құқықтарын сақтап қалады.
12-бап. Аудармашылардың және басқа да туынды шығармалар авторларының авторлық құқығы
1. Аудармашыларға және басқа да туынды шығармалардың авторларына өздерiнiң жасаған аудармасына, қайта жасағанына, музыкалық әуендерден немесе басқа да өңдеуден өткiзгенiне авторлық құқық берiледi.
Аудармашы және басқа да туынды шығарма авторы өзi аударатын, қайта жасайтын, музыкалық әуендейтiн немесе басқа да өңдеуден өткiзетiн туынды авторының авторлық құқығын сақтаған жағдайда өзi жасаған туындыға авторлық құқықты пайдаланады.
2. Аудармашылардың және басқа да туынды шығарма авторларының авторлық құқығы сол туындыларды өзге адамдардың аударуына және өңдеуiне кедергi болмайды.
13-бап. Дыбыс-бейнежазу туындысына авторлық құқық
1. Дыбыс-бейнежазу туындысының авторлары (тең авторлары):
1) сценарий авторы;
2) дыбыс-бейнежазу туындысына арнайы жасалған музыкалық туындының (мәтiнi немесе мәтiнсiз) авторы (сазгер);
3) қоюшы-режиссер;
4) қоюшы-оператор;
5) қоюшы суретшi болып табылады.
Бұрын шығарылған, қайта өңделген немесе дыбыс-бейнежазу туындысының құрамдас бөлiгi ретiнде енгiзiлген туынды авторы да дыбыс-бейнежазу туындысының тең авторы болып саналады.
2. Дыбыс-бейнежазу туындысын жасауға немесе бұрын жасалған туындыға құқық беруге авторлық шарттың жасалуы, осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, осы туынды авторларының (немесе бұрын жасалған туынды авторларының және өзге де авторлық құқықтар иелерiнiң) дыбыс-бейнежазу туындысын дайындаушыға, егер авторлық шартта өзгеше көзделмесе, дыбыс-бейнежазу туындысын пайдалануға айрықша құқық беруiне әкеп соғады.
Дыбыс-бейнежазу туындысын дайындаушы бұл туынды кез келген жағдайда пайдаланылса да өз есiмiн немесе атауын көрсетуге, не солай көрсетiлуiн талап етуге құқылы.
3. Дыбыс-бейнежазу туындысына арнайы шығарылған музыкалық туындының (мәтiнмен немесе мәтiнсiз) авторы осы музыкалық туындының дыбыс-бейнежазу туындысы ретiнде көпшiлiк алдында әрбiр орындалуы жағдайында оның көпшiлiкке хабарланғаны, сондай-ақ дыбыc-бейнежазу туындысы данасының жалға берiлгенi үшiн сыйақы алу құқығын сақтап қалады.
4. Дыбыс-бейнежазу туындысына құрамдас бөлiк ретiнде енген, бұрыннан бар (сценарий негiзiне алынған роман авторы және басқалар), сондай-ақ жұмыс процесiнде туған (қоюшы-оператор, қоюшы-суретшi және басқалар) туындылар авторларының әрқайсысы өз туындысына авторлық құқықты пайдаланады.
14-бап. Қызметтiк туындыларға авторлық құқық
1. Қызмет бабында мiндеттердi немесе жұмыс берушiнiң қызметтiк тапсырмасын орындау тәртiбi бойынша жасалған туынды авторының мүлiктiк емес жеке құқығын қызметтiк туынды авторы иеленедi.
2. Егер жұмыс берушi мен автор арасындағы шартта көзделсе және өзгеше көзделмесе, қызметтiк туындыны пайдалануға мүлiктiк құқықты жұмыс берушi иелендi.
3. Қызметтiк туынды кез келген жағдайда пайдаланылса, жұмыс берушi өз атауын көрсетуге немесе солай көрсетiлуiн талап етуге құқылы.
4. Туынды табыс етiлген кезден бастап он жыл өткеннен кейiн, ал жұмыс берушi келiскен жағдайда - одан да ертерек, жұмыс берушiмен жасасқан шартқа қарамастан, оның туындыны пайдалануға және авторлық сыйақыны алуға толық көлемде авторлық құқығы болады.