Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы
1996 ж. 10 маусымдағы № 6-I Қазақстан Республикасының Заңы
(2007.27.07. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2009 жылғы 10 шілдеде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
I. Тарау. Жалпы ережелер (1 - 4 баптар)
II Тарау. Авторлық құқық (5 - 33 баптар)
III Тарау. Сабақтас құқықтар (34 - 42 баптар)
IV Тарау. Мүліктік құқықтарды ұжымдық басқару (43 - 47 баптар)
V Тарау. Авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау (48 - 49 баптар)
I. Тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Реттелетiн мәселелер
Осы Заң санаткерлiк меншiк саласында ғылым, әдебиет және өнер туындыларын (авторлық құқық), қойылымдарды, орындаушылықты, фонограммаларды, эфирлiк және кабельдiк хабар тарату ұйымдарының хабарларын (сабақтас құқықтар) жасауға және пайдалануға байланысты туындайтын қатынастары реттейдi.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 2-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) автор - шығармашылық еңбегiмен туынды жасаған жеке тұлға;
2) авторлық құқық - автордың мүлiктiк және мүлiктiк емес жеке құқықтары;
3) электронды-есептеу машинасына (бұдан әрi - ЭЕМ) немесе деректер базасына арналған бағдарламаны бейiмдеу - ЭЕМ-ге немесе деректер базасына арналған бағдарламаның пайдаланушының нақты техникалық құралдарында немесе пайдаланушының нақты бағдарламаларының басқаруымен жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету мақсатында ғана жүзеге асырылатын ЭЕМ-ге немесе деректер базасына арналған бағдарламаға өзгерістер енгізу;
4) дыбыстау-бейнелеу туындысы - тиiстi техникалық құрылғылардың көмегiмен көрiп және естiп (дыбыспен берiлетiн жағдайда) қабылдауға арналған өзара байланысты кадрлардың немесе бейнелердiң тiркелген серияларынан құралатын (дыбыспен немесе дыбыссыз берiлетiн) туынды.
Дыбыстау-бейнелеу туындылары кинематографиялық туындыларды және бастапқы немесе одан кейiнгi түсiрiлу әдiсiне қарамастан кинематография құралдарына ұқсас құралдармен бейнеленген туындылардың бәрiн (теле- және бейнефильмдердi, диафильмдер мен слайдфильмдердi және сол сияқты туындыларды) қамтиды;
5) деректер базасы - деректер ЭEM көмегiмен табылатындай және өңделетiндей етiп жүйеге түсiрiлген материалдардың iрiктелуi мен (немесе) орналасуы жағынан шығармашылық еңбектiң нәтижесiн бiлдiретiн деректер (мақалалар, есептер, фактілер және басқалар) жиынтығы. Көмегімен деректер базасының материалдарына электрондық кiрудi жүзеге асыруға болатын ЭЕМ-ге арналған бағдарламаға деректер базасы ұғымы қолданылмайды;
6) қайта шығару - туындылардың немесе сабақтас құқықтар объектiлерiнiң бiр немесе одан да көп тұрақты немесе уақытша даналарын кез келген әдiспен және кез келген нысанда, толық немесе iшiнара, тiкелей немесе жанама түрде дайындау. Дыбыс- немесе бейнежазбаны дайындау, екi өлшемдiк немесе үш өлшемдiк туындының бiр немесе одан да көп даналарын дайындау, сондай-ақ туындыларды немесе сабақтас құқықтар объектiлерiн кез келген материалдық нысанда кез келген тұрақты немесе уақытша сақтау қайта шығару түрлерi болып табылады;
7) ЭЕМ-ге арналған бағдарламаны қайта құрастыру - ЭЕМ-ге арналған бағдарламаның құрылымын зерттеу және кодын белгiлеу мақсатында объектілік кодты бастапқы мәтiнге өзгертудi қамтитын техникалық тәсiл;
2005.22.11. № 90-III ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
8) жалпы жұрттың назарына жеткiзу - авторлық құқық және (немесе) сабақтас құқықтар объектiлерiн көпшiлiк оларға өзiнiң жеке қалауы бойынша кез келген жерден және кез келген уақытта (интерактивтiк режимде) қол жеткiзудi жүзеге асыра алатын сым арқылы немесе сымсыз байланыс құралдарымен хабарлау;
9) жазу - дыбыстарды және (немесе) бейнелердi техникалық құралдардың көмегiмен оларды бiрнеше қайтара қабылдауға, қайта шығаруға немесе хабарлауға мүмкiндiк беретiн кез келген құралмен және кез келген нысанда жазып алу;
10) құқықтарды басқару жөніндегі ақпарат - туындыны, туынды авторын, орындаушыны, орындаушының орындаушылығын, фонограмма жасаушыны, фонограмманы, туындыға, орындаушылыққа немесе фонограммаға немесе туындыны, орындаушылықты немесе фонограмманы пайдалану шарттары туралы ақпаратқа қайсыбiр құқық иеленушiнi бiрдейлендiретiн ақпарат. Ақпараттың кез келген элементi туындының, жазып алынған орындаушылықтың немесе фонограмманың данасына қоса берiлетiн, не жалпы жұрттың назарына туындыны хабарлауға немесе жазып алынған орындаушылықты немесе фонограмманы хабарлауға және (немесе) жеткiзуге байланысты пайда болатын кезде осындай ақпарат берiлген кез келген цифрлар немесе кодтар да құқықтарды басқару жөніндегі ақпарат деп ұғынылады;
2005.22.11. № 90-III ҚР Заңымен 11) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
11) айрықша құқық - автордың немесе сабақтас құқықтар иеленушінің туындыны, орындаушылықты, қойылымды, фонограмманы, эфирлiк немесе кәбiлдiк хабар тарату ұйымдарының хабарын осы Заңмен белгiленген мерзiм iшiнде өз қалауы бойынша кез келген әдiспен пайдалану жөніндегі мүлiктiк құқығы;
12) орындау - туындыны, фонограмманы, орындаушылықты, қойылымды тiкелей орындалатын ойын, ән, би арқылы немесе қандай да бiр техникалық құралдардың (телерадио хабарлары, кәбiлдiк телевизия және басқалары) көмегiмен көрсету. Дыбыстау-бейнелеу туындысының кадрларын ретi бойынша дыбыспен сүйемелдеп немесе сүйемелдемей көрсету;
13) орындаушы - актер, әншi, музыкант, бишi немесе рөлде ойнайтын, ән салатын, оқитын, мәнерлеп оқитын, музыкалық аспапта ойнайтын немесе әдебиет және (немесе) өнер туындыларын (соның iшiнде эстрадалық, цирк немесе қуыршақ нөмiрлерiн) немесе халық шығармашылығы туындыларын қандай да бiр өзгедей жолмен орындайтын басқа да адам, сондай-ақ дирижер;
14) авторлық құқық немесе сабақтас құқықтар объектiсiнiң контрафактілік данасы - жасалуы, таратылуы немесе өзгедей пайдаланылуы осы Заңның ережелерiне не Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттардың нормаларына сәйкес авторлық құқық және сабақтас құқықтардың бұзылуына әкеп соғатын туындының, жазылған орындаушылықтың, фонограмманың, эфирлiк және кәбiлдiк хабар тарату ұйымдары хабарының данасы. Құқық иеленушiнiң рұқсатынсыз құқықтарды басқару туралы ақпараты жойылған немесе өзгертiлген, немесе объектiлердi қорғаудың техникалық әдiстерiн айналып өтуге мүмкiндiк беретiн заңсыз пайдаланылатын құрылғылардың көмегiмен жасалған авторлық құқықтың және сабақтас құқықтардың объектiлерi де контрафактілік болып танылады;
15) ЭЕМ-ге немесе деректер базасына арналған бағдарламаны түрлендiру (өңдеу) - ЭЕМ-ге немесе деректер базасына арналған бағдарламаның бейiмделуге жатпайтын кез келген өзгерістерi;
16) айрықша емес құқық - осы Заңда белгiленген жағдайларды қоспағанда, автордың тиiстi рұқсатымен басқа адамның құқық иесiмен бiрге туындыны пайдалана алатын құқығы;
17) туындыны жариялау - туындыны жариялау, көпшiлiкке көрсету, көпшiлiк алдында орындау, жалпыжұрттың назарына жеткiзу арқылы және өзге де әдiстермен оған көпшiлiктiң алғаш рет қолын жеткiзетiн iс-әрекеттi автордың келісімiмен жүзеге асыру;
2005.22.11. № 90-III ҚР Заңымен 18) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
18) жариялау - автордың не авторлық немесе сабақтас құқықтар объектiлерiне өзге құқық иеленушiнiң келісімiмен туындының немесе фонограмманың даналарын көпшiлiктiң орынды қажеттіліктерiн қанағаттандыратын мөлшерде меншiк құқығын не туындының немесе фонограмманың данасын иелену құқығын сату, прокатқа (жалға) тапсыру немесе өзгедей беру арқылы көпшiлiкке ұсыну;
19) туындыны аудару - шығарманы түпнұсқа шығарманың тілінен басқа тiлде бiлдiру. Бұл ретте аударма дұрыс және түпнұсқа туындының мазмұнын да, стилiн де бұрмаламайтын болуға тиiс;
2005.22.11. № 90-III ҚР Заңымен 20) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
20) эфирге беру - туындыларды, орындаушылықтарды, қойылымдарды, фонограммаларды, эфирлiк немесе кәбiлдiк хабар тарату ұйымдарының хабарларын (көрсетудi немесе орындауды қоса алғанда) радио немесе телевизия арқылы (кәбiлдiк телевизияны қоспағанда) беру жолымен жалпы жұрттың назарына хабарлау. Туындыларды, орындаушылықтарды, қойылымдарды, фонограммаларды, эфирлiк немесе кәбiлдiк хабар тарату ұйымдарының хабарларын жерсерiк арқылы эфирге беру кезiнде жердегi станциядан жерсерiкке сигналдар қабылдау және жерсерiктен сигналдар беру эфирге беру деп түсiнiледi, солар арқылы туындыларды, орындаушылықтарды, қойылымдарды, фонограммаларды, эфирлiк немесе кәбiлдiк хабар тарату ұйымдарының хабарларын көпшiлiктiң нақты қабылдауына қарамастан жалпы жұрттың назарына жеткiзу мүмкiн болады. Егер көпшiлiкке кодты ажырату құралдарын эфирлiк хабар тарату ұйымы берсе немесе соның рұқсаты бойынша берiлсе, код белгiленген сигналдарды беру эфирге беру болып табылады;
21) эфирлiк немесе кәбiлдiк хабар тарату ұйымының хабары эфирлiк немесе кәбiлдiк хабар тарату ұйымының өзi жасаған, сондай-ақ соның қаражаты есебiнен соның тапсырысы бойынша басқа ұйым жасаған хабар;
22) туындыны өңдеу - түпнұсқа туындыны бiр жанрдан екiншi жанрға өзгерту. Бұл ретте түпнұсқа туындыны сахналау, қою және аранжировка жасау туындыны өңдеу түрлерi болып табылады;
23) эфирге кейiнгi беру - бұрын эфирде берiлген немесе кәбiл бойынша жалпы жұрттың назарына хабарланған шығармаларды немесе сабақтас құқықтар объектiлерiн қайталап беру;
24) құқық иеленушi - авторлық құқыққа қатысты автор (өсиетте аталған адамдар, оның мұрагерлерi), сабақтас құқықтарға қатысты орындаушы (оның мұрагерлерi), фонограммаларды жасаушы, эфирлiк немесе кәбiлдiк хабар беру ұйымы, сондай-ақ шарт бойынша немесе осы Заңмен көзделген өзге де негiз бойынша туындыны және (немесе) сабақтас құқықтар объектiлерiн пайдалануға құқық алған өзге де жеке және заңды тұлғалар;
25) ЭЕМ-ге арналған бағдарлама - табиғатына орай ЭЕМ-ге арналған бағдарлама олардың неғұрлым кейiнiрек кезеңдегi нәтижесi болып табылатын дайындық материалдарын қоса алғанда, машинада оқылатын материалдық жеткiзгiшке жазу кезiнде ЭЕМ-мен белгiлi бiр мiндеттердi орындау немесе нәтижеге қол жеткiзу қамтамасыз етiлетiн сөздер, схемалар немесе бейнелеудiң өзге де кез келген түрiнде бейнеленген командалар жиынтығы;
26) сәндiк-қолданбалы өнер туындысы - көркем кәсiпшiлiк туындысын немесе өнеркәсiптiк әдiспен дайындалған туындыны қоса алғанда, iс жүзiнде пайдаланылатын заттарға көшiрiлген екi өлшемдi немесе үш өлшемдi өнер туындысы;
27) халық шығармашылығы туындысы - дәстүрлi көркемдiк мұраларға (халық ертегiлерi, халық поэзиясы, халық әндерi, халық аспаптық музыкасы, халық билерi мен пьесалары, халықтық салт-жоралғылардың көркемдiк нысандары және басқалар) тән элементтердi қамтитын туынды;
28) дыбыстау-бейнелеу туындысын шығарушы - осындай туынды жасаудың бастамасы мен жауапкершiлiгiн мойнына алған жеке немесе заңды тұлға. Өзге дәлелдемелерi болмаған кезде, осы туындыда есiмi немесе атауы белгiленген тұлға дыбыстау-бейнелеу туындысын шығарушы деп танылады;
2005.22.11. № 90-III ҚР Заңымен 29) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
29) фонограмма шығарушы - қайсыбiр орындаушылықты немесе өзге де дыбыстардың тұңғыш дыбыс жазбасы үшiн бастамашылық пен жауапкершiлiктi мойнына алған жеке немесе заңды тұлға.;
30) туынды шығарма - басқа туындыны шығармашылықпен өңдеу нәтижесiнде жасалған туынды;
31) көпшiлiк алдында орындау - туындыны мәнерлеп оқу, ойнау, билеу немесе қандай да бiр өзге жолмен, соның iшiнде техникалық құралдардың көмегiмен (дыбыстау-бейнелеу туындысына қатысты - кадрларды дыбыспен сүйемелдеу арқылы оларды ретiмен көрсету) отбасылық ортаға жатпайтын адамдар болатын немесе болуы мүмкiн орындарда орындау;
32) көпшiлiкке көрсету - туындының түпнұсқасын немесе данасын тiкелей немесе слайд, кино-, телекадр түрiнде экранда, басқа кез келген техникалық құралдың көмегiмен немесе кез келген өзге әдiспен (дыбыстау-бейнелеу туындысына қатысты - олардың реттілігiнен тыс жеке кадрларды көрсету) отбасылық ортаға жатпайтын адамдар болатын немесе болуы мүмкiн орындарда көрсету;
33) спектакльдi қоюшы-режиссер - театр, цирк, қуыршақ, эстрада спектаклiн немесе өзге де спектакль (көрсетілім) қойылымын жүзеге асырған адам;
34) көшiрмелеу (репрографиялық қайта шығару) - жазбаша және басқа да графикалық туындылар түпнұсқаларының немесе көшiрмелерiнiң фотокөшiрме жолымен немесе басып шығарудан өзге басқа да техникалық құралдар арқылы кез келген мөлшерде және нысанда бiр немесе одан да көп данасын факсимальдiк қайта шығару. Репрографиялық қайта шығаруға аталған көшiрмелердi электрондық (цифрлық көшiрмелерiн қоса), оптикалық немесе машинамен оқылатын өзге де нысанда сақтау немесе қайта шығару кiрмейдi;
35) прокатқа (жалға) беру - туындының немесе фонограмманың данасын тiкелей немесе жанама коммерциялық пайда табу мақсатында уақытша пайдалануға беру;
36) сабақтас құқықтар - орындаушының, фонограмма жасаушының, эфирлiк және кәбiлдiк хабар тарату ұйымының мүлiктiк құқықтары және орындаушының жеке мүлiктiк емес құқықтары;
37) кәбiл бойынша жалпы жұрттың назарына хабарлау - туындыны, фонограмманы, орындаушылықты, эфирлiк немесе кәбiлдiк хабар тарату ұйымдары хабарын жалпы жұрттың назарына кәбiл, сым, оптикалық талшықтар арқылы немесе соған ұқсас құралдардың көмегiмен хабарлау;
38) құрамдас туынды - материалдарды iрiктеп алу және (немесе) орналастыру бойынша шығармашылық қызметтiң нәтижесiн бiлдiретiн туындылар мен басқа да материалдардың жинағы (энциклопедия, антология, деректер базасы);
39) техникалық құрал - осы Заңмен қорғалатын, кез келген авторлық немесе сабақтас құқықтардың бұзылуын болдырмауға немесе бұзуға кедергi келтiруге арналған тәсiлдiң, құрылғының немесе бұйымның құрамдас бөлiгi болып табылатын кез келген құрылғы, бұйым немесе компонент;
40) уәкiлеттi орган - Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын және авторлық құқық және сабақтас құқықтар саласында мемлекеттік реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
41) фонограмма - орындаушылықтардың немесе өзге де дыбыстардың дыбыстық жазбасы, сондай-ақ дыбыстау-бейнелеу туындысына енгiзiлген жазбаны қоспағанда, дыбыстарды кез келген нысанда беру;
42) туындының данасы - туындының кез келген материалдық нысанда дайындалған көшiрмесi;
43) фонограмманың данасы - фонограммадан тiкелей немесе жанама түрде дайындалған және осы фонограммада жазылған барлық дыбыстарды немесе дыбыстардың бөлiгiн қамтитын кез келген материалдық жеткiзгiштегi фонограмма көшiрмесi.
3-бап. Қазақстан Республикасының авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңдары
Қазақстан Республикасының авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңдары Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнен, осы Заңнан және соларға сәйкес шығарылатын басқа да нормативтiк актiлерден тұрады.
4-бап. Халықаралық шарттар
Егер Қазақстан Республикасы бекiтетiн халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленген болса, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
II Тарау. Авторлық құқық
5-бап. Авторлық құқықтың қолданылу аясы
1. Осы Заңға сәйкес авторлық құқық:
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1) Қазақстан Республикасының аумағында жарияланған не жарияланбаған, бiрақ авторлардың немесе олардың құқықтық мұрагерлерiнiң азаматтығына қарамастан Қазақстан Республикасының аумағында қандай да болсын объективтi нысанда болатын туындыларға қолданылады;
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жарияланған не жарияланбаған, бiрақ Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегi қандай да болсын объективтi нысандағы туындыларға қолданылады және Қазақстан Республикасының азаматтары - авторлары және олардың құқықтық мұрагерлерi деп танылады;
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
3) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жарияланған не жарияланбаған, бiрақ Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегi қандай да болсын объективтi нысандағы туындыларға қолданылады және авторлардың (олардың құқықтық мұрагерлерiнiң) - шетелдiктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес авторлық құқығы бар деп танылады.
2. Егер туынды Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде алғаш жарияланған күннен кейiнгi отыз күн iшiнде Қазақстан Республикасының аумағында жарияланса, ол Қазақстан Республикасында жарияланды деп саналады.
3. Қазақстан Республикасы аумағында туынды халықаралық шарттарға сәйкес қорғалатын болған жағдайда туындының авторы авторлық құқықты алуға негiз болған iс-әрекет немесе мән-жай орын алған мемлекеттiң заңы бойынша анықталады.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 5-бап 4-тармақпен толықтырылды
4. Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес, егер ол Қазақстан Республикасы бекiткен тиiстi халықаралық шарттың ережелерi бойынша айқындалатын туындының шыққан елiнде авторлық құқықтың осы елде белгiленген қолданылу мерзiмiнiң бiтуiнiң салдарынан қоғам игiлiгiне айналмаса және авторлық құқықтың қолданылу мерзiмiнiң бiтуiнiң салдарынан Қазақстан Республикасында қоғамның игiлiгiне айналмаса, туындыға қорғау берiледi.
6-бап. Авторлық құқық объектiсi. Жалпы ережелер
1. Авторлық құқық мақсатына, мазмұны мен маңызына, сондай-ақ берiлу әдiсi мен нысанына қарамастан, шығармашылық еңбектiң нәтижесi болып табылатын ғылым, әдебиет және өнер туындыларына қолданылады.
2. Авторлық құқық белгiлi бiр объективтi түрге ие болған:
1) жазбаша (қолжазба, машинкаға басылған, нотаға жазылған және сол сияқты);
2) ауызша (көпшiлiк алдында айтушылық, көпшiлiк алдында орындаушылық және сол сияқты);
3) үнжазба немесе бейнежазба (механикалық, сандық, магниттiк, оптикалық және сол сияқты);
4) бейнелеу (сурет, нобай, көркемсурет, жоспар, сызба, кино, телебейне - немесе фотокадрлар және сол сияқты);
2005.22.11. № 90-III ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
5) көлемдi - кеңiстiктi (мүсiн, үлгi, макет, ғимарат, және сол сияқты);
2005.22.11. № 90-III ҚР Заңымен 6) тармақшамен толықтырылды
6) өзге де нысанда жария болған да (жарияланған, жарыққа шыққан, баспадан шыққан, көпшілік алдында орындалған, көпшілік алдында көрсетілген), жарияланбаған да туындыларға қолданылады.
2005.22.11. № 90-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Заңның осы бабының 1-тармағында аталған белгiлерi бар және дербес қолдануға болатын туынды бөлiгi (оның атауымен, кейіпкерлердің атауларымен қоса) авторлық құқық объектiсi болып табылады.
4. Авторлық құқық идеялардың, тұжырымдамалардың, принциптердiң, әдiстердiң, жүйелердiң, процестердiң, жаңалықтардың, фактiлердiң өздерiне қолданылмайды.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
5. Туындыға деген авторлық құқық туынды жасалған материалдық объектiнi меншiктену құқығымен байланысты емес.
Қандай да болсын материалдық объектiге меншiк құқығын немесе иелену құқығын беру, осы Заңда көрсетiлген жағдайларды қоспағанда, осы объектiде көрсетiлген туындыға авторлық құқықтың берiлуiне әкеп соқпайды.
7-бап. Авторлық құқық объектiлерi болып табылатын туындылар
1. Мыналар авторлық құқық объектiлерi болып табылады:
1) әдеби туындылар;
2) драмалық және музикалық-драмалық туындылар;
3) сценарий туындылары;
4) хореография және пантомима туындылары;
5) мәтiнi бар немесе мәтiнi жоқ музыкалық туындылар;
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
6) дыбыс-бейнежазу туындылары;
2005.22.11. № 90-III ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
7) кескiндеме, мүсiндеме, графика және бейнелеу өнерiнiң басқа да туындылары;
8) қолданбалы өнер туындылары;
9) сәулет, қала құрылысы және бау-саябақ өнерi туындылары;
10) суретке түсiру туындылары және суретке түсiруге орайлас әдiстермен жасалған туындылар;
11) карталар, жоспарлар, нобайлар, безендiрулер және географияға, топография мен басқа ғылымдарға қатысты үш өлшемдi туындылар;
12) ЭЕМ-ге арналған бағдарламалар;
13) өзге де туындылар.
2. ЭЕМ-ге арналған бағдарламаларды қорғау ЭЕМ-ге арналған бағдарламалардың (соның iшiнде операциялық жүйелердiң) бастапқы мәтiн мен объектілік кодты қоса алғанда, кез-келген тiлде және кез-келген нысанда жасалуы мүкiн барлық түрiне қолданылады.
3. Авторлық құқық объектiлерiне мыналар да жатады:
1) туынды шығармалар (аудармалар, өңделген дүниелер, аннотациялар, рефераттар, түйiндер, шолулар, инсценировкалар, музыкалық өңдеулер және басқа да ғылым, әдебиет пен өнер шығармаларын өңдеулер);
2) жинақтар (энциклопедиялар, антологиялар, деректер базалары) және материалдарының iрiктелуi және (немесе) орналасуы жағынан шығармашылық еңбектiң нәтижесi болып табылатын басқа да құрама туындылар.
Туынды және құрама шығармалар, өздерiнiң негiзге алынған немесе өздерiне енген туындылардың авторлық құқық объектiлерi болу болмауына қарамастан, авторлық құқықпен қорғалады.
8-бап. Авторлық құқық объектiлерi болмайтын туындылар
Мыналар авторлық құқық объектiлерi болмайды;
1) ресми құжаттар (заңдар, сот шешiмдерi, заң әкiмшiлiк, сот сипатындағы және дипломатиялық сипаттағы өзге де мәтiндер), сондай-ақ олардың ресми аудармалары;
2) мемлекеттік нышандар мен белгiлер (жалаулар, елтаңбалар, ордендер, ақша белгiлерi және өзге де мемлекеттік нышандар мен белгiлер);
3) халық шығармашылығы туындылары;
4) оқиғалар мен фактiлер туралы ақпараттық сипаттағы хабарлар.
9-бап. Авторлық құқықтың пайда болуы. Авторлықтың ақиқаттылығы
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1. Ғылым, әдебиет және өнер туындысына авторлық құқық оның жасалу фактiсiне қарай туындайды. Авторлық құқықтың пайда болуы мен жүзеге асырылуы үшiн туындыны тiркеу, туындыны өзге де арнайы ресiмдеу немесе қандай да болсын шарттылықты сақтау талап етiлмейдi. Өздерiнiң айрықша мүлiктiк құқықтары туралы хабарлау үшiн автор және (немесе) құқық иеленушi авторлық құқықты қорғау белгiсiн пайдалануға құқылы, ол белгi туындының әр данасына қойылады және мiндеттi түрде мынадай үш элементтен тұрады:
1) қоршауға алынған латынша "С" әрпi;
2) айрықша авторлық құқықтар иесiнiң есiмi (атауы);
3) туындының алғаш жарияланған жылы.
Жарияланбаған туындыға жеке мүлiктiк емес құқықтарын куәландыру үшiн автор, сондай-ақ құқық иеленуші туындыға айрықша мүліктік құқықтарды иеленетiнiн растау үшiн авторлық құқықтың қорғалатын не тиiстi шарттардың қолданылатын мерзiмi iшiнде кез келген уақытта оларды ресми тiзiлiмдерде тiркеуге құқылы. Тiркеудi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Бiр жеке немесе заңды тұлғалардың тауарларын (қызметтерiн) басқа жеке немесе заңды тұлғалардың бiртектi тауарларынан (қызметтерiнен) ажырату үшiн қолданылатын (соған арналған) туындылар авторлық құқық объектiсi ретiнде тiркелмейдi.
2. Өзге дәлелдер болмаған жағдайда туындының түпнұсқасында немесе данасында автор ретiнде көрсетiлген адам туындының авторы деп саналады.
3. Туынды жасырын немесе бүркеншiк атпен жарияланған жағдайда (автордың бүркеншiк аты оның өзi екенiне күмән туғызбайтын жағдайды қоспағанда), туындыда есiмi немесе атауы көрсетiлген баспагер өзге дәлелдер болмаған кезде осы Заңға сәйкес автордың өкiлi болып табылады және оның өкiл ретiнде автордың құқығын қорғауға, оның жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге құқығы бар. Бұл ереже сондай туындының авторы өзiнiң кiм екенiн ашқанша және өзiнiң авторлығын мәлiмдегенше қолданыла бередi.
2005.22.11. № 90-III ҚР Заңымен 9-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
4. Егер өзiн жарияланбаған туынды қолжазбасының авторымын деп санайтын жеке тұлға оны басқалардың заңсыз пайдалануына немесе иемденiп кетуiне жол бермеу үшiн сақтауға өткiзудi қажет деп тапқан жағдайларда уәкiлдiк берiлген орган қолжазбаны қабылдап алуға мiндеттi, ол туралы қолжазбаны өткiзген адамға оның түскен мерзiмi туралы анықтама берiледi.