5) тараптардың шарт бойынша мiндеттемелердi орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн жауапкершiлiгi;
6) шарттың қолданыста болуының кемiнде үш жыл болатын ең ең аз мерзімі;
7) шарттың қолданылу мерзімін ұзарту тәртібі көзделуге тиіс.
2. Қазақстан Республикасының заң актілерінде жолаушыларды және багажды қалааралық республикаішілік автомобильмен тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру шартының өзге де мiндеттi талаптары белгiленуi мүмкiн.
3. Тасымалдаушы мен жергілікті атқарушы органдар жолаушылар мен багажды автомобильмен республикаішілік тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру шартының талаптарын сақтауға міндетті.
Тасымалдаушы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де міндеттерді атқарады.
4. Жергілікті атқарушы органдар жолаушылар мен багажды автомобильмен республикаішілік тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру кезінде:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес орнатылатын жолаушыларды отырғызу мен түсіру пункттерін безендіруді және күтіп-ұстауды қамтамасыз етуге;
2) автобустар, шағын автобустар және троллейбустар қозғалысының белгіленген кестесінің сақталуын бақылауды жүзеге асыруға міндетті.
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 24-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 24-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
24-бап. Жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты емес тасымалдауды жүзеге асыру
1. Жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты емес тасымалдауды жүзеге асыратын тасымалдаушылардың автовокзалдар (автостанциялар, жолаушыларға қызмет көрсету пункттері) аумағынан және жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдау маршруттары бойынша жолаушылар отырғызуына тыйым салынады.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Республикаішілік қатынаста тұрақты емес тасымалдау кезінде жолаушылар мен багажды тасымалдау шарты тапсырыс беруші мен тасымалдаушы арасында екі данада - тараптардың әрқайсысына бір-біреуден жазбаша нысанда жасалады.
Бұл ретте шартта:
1) шарттың мәні;
2) сапардың мақсаты;
3) жүріс маршруты, жолаушыларды отырғызу мен түсірудің бастапқы және соңғы пункттері;
4) жеткізу мерзімі;
5) кіре ақысы;
6) тараптардың құқықтары мен міндеттері;
7) шарт бойынша міндеттемелерді тараптардың орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілігі;
8) дауларды шешу тәртібі;
9) жолаушылар тізімінің болуы көзделуге тиіс.
25-бап. Ұйымдасқан балалар тобын тасымалдау
1. Ұйымдасқан балалар тобын тасымалдау кемiнде екi есiгi бар, техникалық жай-күйi Автомобиль көлiгiмен жолаушыларды және багажды тасымалдау ережелерiнде белгiленген талаптарға сай келетiн автобустармен жүзеге асырылады.
2. Ұйымдасқан балалар тобын тасымалдауға арналған автобустар сары түстi шұғылалы шырақшамен жабдықталуға тиiс.
3. Бұл автобустардың алдына және артына «Балалар тасымалы» деген тану белгiсi орнатылуға тиiс.
4. Ұйымдасқан балалар тобын тасымалдауға жасы кемiнде жиырма бестегi, тиiстi санаттағы жүргiзушi куәлiгi және кемiнде бес жыл жұмыс стажы бap жүргiзушiге рұқсат етiледi.
2014.17.04. № 195-V ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Екi және одан көп автобус колонналарына жол жүрісі қауiпсiздiгi саласындағы уәкiлеттi орган көздеген тәртiппен жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның арнаулы автомобильдерi iлесiп жүруге тиiс.
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 26-бап өзгертілді; 2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 26-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2013.13.06. № 102-V ҚР Заңымен 26-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 26-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
26-бап. Жолаушылар мен багажды таксимен тасымалдауды ұйымдастыру
2014.16.05. № 203-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Дара кәсiпкерлер немесе заңды тұлғалар таксимен тасымалдаушы ретінде қызметті жүзеге асыруды бастар алдында жергілікті атқарушы органға «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен қызметтің басталғаны туралы хабарлама жіберуге міндетті.
2. Таксимен тасымалдаушылар:
1) Жолаушылар мен багажды автомобиль көлiгiмен тасымалдау қағидаларына сәйкес жолаушылар мен багажды тасымалдау үшiн түсі біркелкі және айырым белгiлерi бар таксилердi пайдалануға;
2) әрбiр автокөлiк құралы үшiн таксометрдің немесе бақылау-кассалық аппаратының болуына;
2014.17.04. № 195-V ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) автокөлiк құралдарының рейс алдында техникалық қарап тексеруден, такси жүргiзушiлерінің рейс алдында және рейстен кейін медициналық қарап тексеруден өтуін қамтамасыз етуге;
4) ақпараттық-диспетчерлік қызметтің немесе ақпараттық-диспетчерлiк қызмет көрсету жөніндегі шарттың болуын қамтамасыз етуге;
5) таксидің ақауы болған жағдайда оны уақтылы ауыстыруды қамтамасыз етуге;
6) такси салонында такси қызметінің құны (бағасы) туралы ақпаратты орналастыруға;
7) отыз және одан да көп такси болған кезде әрбір отыз таксиге шаққанда арнайы жүріп-тұру құралдарын пайдаланатын мүгедектерді тасымалдау үшін ыңғайластырылған кем дегенде бір таксиінің болуына;
8) такси жүргізушілерінің еңбек және демалыс режимін сақтауды қамтамасыз етуге міндетті.
Таксимен тасымалдаушы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де мiндеттерді атқарады.
3. Жолаушылар мен багажды таксимен тасымалдауды ұйымдастыру кезінде тасымалдаушының:
1) такси тұрағы, жолаушыларды отырғызу және түсiру үшiн арнайы жабдықталған такси тұрақтарын пайдалануға;
2) жол жүрісі қағидаларының талаптарын сақтай отырып, жол желiсiнiң кез келген учаскелерiнде жолаушыларды отырғызуды және түсiруді жүргізуге;
3) жергілікті атқарушы органдарға арнайы жабдықталған такси тұрақтарын ұйымдастыру жөнінде ұсынымдар беруге құқығы бар.
Таксимен тасымалдаушының Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де құқықтары бap.
4. Таксимен тасымалдаушы болып табылмайтын өзге тұлға құратын ақпараттық-диспетчерлік такси қызметі таксимен тасымалдаушылар тізіліміне енгізілген таксимен тасымалдаушылармен ақпараттық-диспетчерлік қызмет көрсету бойынша шарт жасасады және таксимен тасымалдаушы осы баптың 2-тармағының 3), 5) және 8) тармақшаларының талаптарын орындаған кезде өз қызметтерін көрсетеді.
2015.27.10. № 364-V ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары әуежайларда, вокзалдарда, 1 және 2-санатты стационарлық сауда объектілерінде, сауда базарларында, театрларда, цирктерде, кинотеатрларда, мәдени-демалыс ұйымдарында (мәдениет және демалыс парктері), сондай-ақ алаңдарда, даңғылдарда, көшелерде, орамдарда такси тұрақтарын ұйымдастыруды және жабдықтауды қамтамасыз етеді.
6. Жолаушылар мен багажды таксимен тасымалдау қызметі осы Заңның талаптарына, Жолаушылар мен багажды автомобиль көлігімен тасымалдау қағидаларына, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне және ұлттық стандарттарға сәйкес болуға тиіс.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 27-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
27-бап. Жалпы пайдаланудағы көлiкпен тасымалдау кезiнде жолаушылардың жекелеген санаттарына арналған басымдықтар
1. Жолаушылардың жекелеген санаттары мынадай басымдықтарға ие:
1) автобусқа, троллейбусқа, таксиге кезектен тыс отыру құқығы;
2) автобустың, троллейбустың алдыңғы бөлiгiнде арнайы орындар бөлу.
Аталған басымдықтарды мүгедектер, зейнеткерлер, жүктi әйелдер, мектеп жасына дейiнгi балалары бар жолаушылар пайдаланады;
3) кезексiз билеттер сатып алу құқығы бар.
Аталған басымдықты Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерi және оларға теңестiрiлген адамдар пайдаланады.
2. Автовокзалдарда:
1) 5 жасқа дейiнгi балалары бар жолаушыларға және жүктi әйелдерге қосымша қызмет көрсетуге арналған ана мен бала бөлмесi;
2) мүгедек-жолаушыларды отырғызуға және түсiруге арналған қондырғылар жасалады.
2005 ж. 13 сәуірдегі № 40-III ҚР Заңымен 3 тармақпен толықтырылды
3. Жалпы пайдаланудағы көлiк мүгедек жолаушылардың мiнiп-түсуiне арналған құрылғылармен жабдықталады.
Мемлекеттік органдар жолаушыларды тасымалдау бағыттарына қызмет көрсету құқығына конкурстар өткiзген кезде, мүгедектердiң пайдалануына бейiмделген көлiк құралдары бар жеке және заңды тұлғалар артықшылыққа ие болады
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 27-1-баппен толықтырылды (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
27-1-бап. Автомобиль көлігі саласында көрсетілетін қызметтердің мүгедектер үшін қолжетімділігі
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
1. Автовокзалдар мен автостанцияларда автомобиль көлігі саласында көрсетілетін қызметтерге мүгедектердің қол жеткізу үшін:
1) мүгедектердің автокөлік құралдарын қою үшін арнайы жол белгілері орнатылған орындардың бөлінуі;
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 2) тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
2) ғимараттардың, ғимараттарға кіреберіс жолдардың (ғимаратқа кірер жолдардың, баспалдақтардың), ғимарат ішіндегі қозғалыс жолдарының халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін ыңғайластырылуы;
3) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес есту және көру қабілеті бойынша мүгедектер үшін қолжетімді ақпараттық сигналдық құрылғылармен және байланыс құралдарымен жабдықтау;
4) тірек-қозғалыс аппараты бұзылған мүгедектерге және халықтың баяу қимылдайтын басқа да топтарына қызмет көрсету үшін мүгедектерге арналған кезекші кресло-арбаның болуы;
5) күту залдарында мүгедектерге арналған кресло-арбалармен жүріп-тұратын адамдардың қажеттіліктерін ескере отырып жабдықталуға тиіс мүгедектерге арналған арнайы орындар бөлу;
6) қоғамдық дәретханаларды мүгедектерге арналған кресло-арбалармен жүріп-тұратын адамдарға арналған кабиналармен жабдықтау;
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
7) мүгедектерге қызмет көрсету үшін арнайы бейімделген билет кассаларымен жабдықтау;
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 8) тармақшамен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
8) мүгедектердің кресло-арбаларымен жүріп-тұратын адамдарға арналған арнайы таксофондардың орнатылуы қамтамасыз етілуге тиіс.
2. Осы баптың 1-тармағы 2) тармақшасының күші жолаушыларға қызмет көрсету пункттеріне қатысты қолданылады.
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
3. Әуежайларда, вокзалдарда, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, бос уақытты өткізу және демалыс объектілерінде, сондай-ақ алаңдарда, даңғылдарда, көшелерде, орамдарда мүгедектердің арнайы автокөлік құралдарын қоюға арналған тегін тұрақ орындары бөлінеді, оларға өзге автокөлік құралдары қойылмауға тиіс.
Егер тұрақ орындарының саны:
1) қоса алғанда онға дейін болса - мүгедектің арнайы автокөлік құралын қою үшін бір орын;
2) оннан астам болса, мүгедектің арнайы автокөлік құралын қою үшін тұрақ орындарының жалпы санының кемінде он пайызы бөлінеді.
Бұл ретте егер есептеу қорытындылары бойынша тұрақ орындарының саны 0,5-тен бастап және жоғары бөлшек мәнді құраса, мұндай мән бүтін бірліктерге дейін дөңгелектеуге жатады.
28-бап. Сот иесiз деп танығанға дейiн багажға билiк ету
1. Егер шартта өзгеше көзделмесе, жолаушы немесе багажды алуға уәкiлеттi адам тасымалдаушыға байланысты емес себептер бойынша багажды алмаған жағдайда, тасымалдаушы багажды сот иесiз деп танығанға дейiн межелi немесе жөнелту пунктiнiң автовокзалында немесе автостанциясында сақтауға мiндеттi.
2. Сот багажды иесiз деп таныған жағдайда, багаждың жаңа иесi тасымалдаушыға оның сақталуын қамтамасыз ету үшiн қажеттi, оны сақтауға, тиеп-түсiру операцияларына және тасымалдауға жұмсалған шығыстарды өтейдi.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 29-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
29-бап. Жолаушыларды және багажды автомобиль көлiгiмен тасымалдау ережелерi
Жолаушыларды және багажды автомобиль көлiгiмен тасымалдау ережелерiнде:
1) жол жүру құжаттарының (билеттердiң), багаж түбіртектерiнiң нысаны, сатылу тәртібі мен қолданылу мерзiмi;
2) жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру және жүзеге асыру, жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдау маршруттарының ашылу және жабылу тәртібі, тасымалдаулардың көрсетілген түрлерiн орындау үшiн пайдаланылатын автобустардың, троллейбустардың, шағын автобустардың санитариялық жай-күйiне, сыртқы безендiрiлуiне және жабдықталуына қойылатын талаптар;
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
2-1) жолаушылар мен багажды автомобильмен тасымалдауларда шұғыл шақыру жүйесін ұйымдастыру тәртібі;
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) жолаушылар мен багажды автомобильмен республикаішілік тұрақты тасымалдау маршруттарына қызмет көрсету құқығына конкурстар ұйымдастыру және өткізу тәртібі;
4) маршрутқа қызмет көрсету құқығына куәлiк беру, тоқтата тұру және керi қайтарып алу тәртібі мен шарттары, оны беруден бас тарту шарттары мен негiздерi, сондай-ақ нысаны;
5) автовокзалдарға, автостанцияларға, жолаушыларға қызмет көрсету пункттеріне қойылатын талаптар, сондай-ақ олардың жұмыс істеу тәртібі;
6) жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты емес тасымалдауды ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібі;
7) тапсырыс берiлген автобустармен, шағын автобустармен және жеңiл автомобильдермен жолаушыларды және багажды тасымалдауды ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібі;
8) жолаушыларды және багажды таксилермен тасымалдауды ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібі;
9) багажды қабылдау, сақтау және беру тәртібі;
10) жол жүру құжаттарын (билеттерiн) және олардың құнын қайтару тәртібі мен шарттары;
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 11) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
11) халықаралық және республикаішілік тұрақты тасымалдау маршруттарында жолаушыларды отырғызу және түсiру пункттерiн, сондай-ақ таксимен тасымалдау кезiнде жолаушыларды отырғызу және түсiру пункттерiн безендiру мен күтiп-ұстауға қойылатын талаптар;
2014.17.04. № 195-V ҚР Заңымен 12) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
12) жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты және тұрақты емес тасымалдау маршруттарында жүргiзушiлердi рейс алдында және рейстен кейін медициналық қарап тексеруді ұйымдастыру және одан өткізу тәртібі;
13) жол жүру құжаттарын (билеттерді) алдын ала және электронды сатуды ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібі;
14) ақпараттық-диспетчерлік такси қызметтеріне қойылатын талаптар айқындалады.
2016.09.04. № 499-V ҚР Заңымен 4-тараудың тақыры жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4-тарау. Жүктерді және пошта жөнелтілімдерін автомобильмен тасымалдау
30-бап. Жүктi автомобильмен тасымалдау шарты
1. Жүктi автомобильмен тасымалдау шарты бойынша тасымалдаушы өзiне жүк жөнелтушi сенiп тапсырған жүктi, тасымалдау шарттарын сақтай отырып, межелi пунктiне жеткізуге және оны жүктi алуға уәкiлеттi адамға (жүк алушыға) бepугe мiндеттенедi, ал жүк жөнелтушi шартқа немесе тарифке сәйкес автомобильмен жүк тасымалдағаны үшiн ақы төлеуге мiндеттенедi.
2. Жүктi автомобильмен тасымалдау шартының жасалуы тауар-көлiк жүкқұжатының жасалуымен расталады.
31-бап. Жүктi автомобильмен тасымалдау шартын өзгерту және бұзу
Жүктi автомобильмен тасымалдау шарты өзгерген немесе бұзылған жағдайда тараптар, егер шартта өзгеше көзделмесе, шарт талаптары өзгергенге дейiн немесе бұзылғанға дейiн оны орындауға байланысты шығарған шығыстардың өтелуiн талап етуге құқылы.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 32-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
32-бап. Жүктердi автомобильмен тасымалдау шарты бойынша тасымалдаушының және жүк жөнелтушiнiң құқықтары мен мiндеттерi
Тасымалдаушының жүктердi автомобильмен тасымалдау шарты бойынша:
1) өзiнiң сипаты, салмақ және көлем өлшемдерi бойынша тасымалдау құжаттарында көрсетiлген жүк туралы деректерге сәйкес келмейтiн жүктi автомобильмен тасымалдаудан бас тартуға;
2) егер жүктi одан әрi автомобильмен тасымалдау жүктi тасымалдау қауiпсiздiгiне және оның сақталуына қатер төндiрсе, жүктi түсiруге;
3) егер шартта өзгеше көзделмесе, осы баптың 2-тармағының 1), 4) тармақшаларына сәйкес, жүктердi тасымалдау қауiпсiздiгiн немесе олардың сақталуын қамтамасыз етуге байланысты шығарған шығындарын өтеуге;
4) жүк жөнелтушi (жүк алушы) көрсеткен жаңа межелi пунктiне еңсерiлмейтiн күштiң салдарынан жүктi жеткізуге мүмкiндiк болмаған жағдайда, автомобильмен тасымалдаудан бас тартуға және жүк жөнелтушiнi бұл туралы алдын ала хабардар етiп, жүктi оған қайтаруға құқығы бар; егер шартта өзгеше көзделмесе, тасымалдаушының осыларға байланысты қосымша шығыстарын жүк жөнелтушi (жүк алушы) төлейдi.
Тасымалдаушының Қазақстан Республикасының заңдарымен және шартпен белгiленген өзге де құқықтары бар.
2. Тасымалдаушы жүктердi автомобильмен тасымалдау шарты бойынша:
1) жүктердi тасымалдау қауiпсiздiгiне және олардың сақталуына қатер төнгенi туралы жүк жөнелтушiнi (жүк алушыны) дереу хабардар етуге, бұл орайда жүк жөнелтушiден (жүк алушыдан) алынған нұсқауларды сақтауға, сондай-ақ жүктердi тасымалдау қауiпсiздiгiн және олардың сақталуын қамтамасыз ету жөнiнде өзi жүргiзген әрекеттер туралы дереу хабардар етуге;
2) жүктi қабылдау кезiнде тауар-көлiк жүкқұжатындағы жүк орындарының санына, олардың маркалануы мен нөмiрлерiне қатысты жазбалардың дәлме-дәлдiгiн, сондай-ақ жүктiң және оның орамасының сыртқы жай-күйiн тексеруге;
3) автокөлiк құралына тиеудiң белгiленген нормаларын сақтау, автомобильмен тасымалдауды орындау қауiпсiздiгiн және жүктiң сақталуын қамтамасыз ету мақсаттарында жүктiң салынуы мен бекітілуiн бақылауға;
4) жүк алушы автомобильмен тасымалдаушыға қатысы жоқ себептермен жүктi алмаған жағдайда, жүктi межелi пунктiнде, келген күннен бастан отыз күн бойы, тез бүлiнетiн жүктi - төрт күн бойы сақтауға мiндеттi.
Тасымалдаушы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де мiндеттердi мойнына алады.
3. Жүк жөнелтушiнiң жүктi автомобильмен тасымалдау шарты бойынша:
1) мәлiмделген жүктi тасу үшiн тиеудiң алдында автокөлiк құралының жарамдылығын тексеруге;
2) мәлiмделген жүктi тасу үшiн автокөлiк құралы жарамсыз болған жағдайда, тасымалдаушының қызметiнен бас тартуға құқығы бар.
Жүк жөнелтушiнiң Қазақстан Республикасының заңдарына және шартқа сәйкес өзге де құқықтары бар.
4. Жүк жөнелтушi жүктi автомобильмен тасымалдау шарты бойынша:
1) автокөлiк құралының келу және кету уақыты туралы жолпараққа белгi соғуға;
2) автокөлiк құралының жарамсыздығы себептi тасымалдаушының қызметiнен бас тартқан жағдайда тиiстi акт жасауға;
3) автокөлiк құралына жүк тиеу процесiнде Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген рұқсат етiлген салмақ пен көлем өлшемдерiнен асыруға жол бермеуге;
2014.16.05. № 203-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) тасымалдаушыға тауар-көлiк жүкқұжатын, ал Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қажет болған жағдайларда, жүк тасымалдары үшiн қажеттi өзге де құжаттарды (сертификат, тиісті рұқсат, ветеринариялық құжаттар, кеден декларациялары) көрсетуге мiндеттi.
5. Жүктерді автомобильмен тасымалдау қызметтері осы Заңның, Автомобиль көлігімен жүктерді тасымалдау қағидаларының талаптарына және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес болуға тиіс.
33-бап. Автокөлiк құралдарын беру, жүктердi тиеу және түсiру
1. Тасымалдаушы Автомобиль көлiгiмен жүк тасымалдау ережелерiне және шартқа сәйкес жүктердi автомобильмен тасымалдауға жарамды автокөлiк құралдарын автомобильмен жүк тасымалдауға қабылданған өтiнiмде (тапсырыста) немесе шартта белгiленген мерзiмде тиеу үшiн жүк жөнелтуге беруге мiндеттi.
2. Жүктердi автокөлiк құралына тиеу (бекіту, жабу, байлау), сондай-ақ жүктердi түсiру Автомобиль көлiгiмен жүк тасымалдау ережелерiнде көзделген талаптар сақтала отырып, шартта көзделген тәртiп пен мерзiмдерде жүзеге асырылады.
Тасымалдаушы не жүк жөнелтушi өзiнiң сипатына қарай автомобиль жолдарының ластануын туғызуы және жол қозғалысы қауiпсiздiгiне қатер төндiруi мүмкiн жүктердiң жабылуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
3. Жүк жөнелтушi автокөлiк құралдары жүк тиейтiн орынға келгенге дейiн жүктi автомобильмен тасымалдауға тиеу, тасымалдау қауiпсiздiгi, жүктiң және автокөлiк құралының сақталуы қамтамасыз етiлетiндей етiп дайындауға мiндеттi.
34-бап. Жүктi автомобильмен тасымалдауға кедергiлер
1. Жүк жөнелтушiнiң кiнәсiнен жүктi автомобильмен тасымалдауға кедергiлер туындаған жағдайда, тасымалдаушы осындай кедергiлер туындаған сәттен бастап бір тәулiктiң iшiнде бұдан әрi тасымалдау мүмкiн еместiгi туралы жүк жөнелтушiнi хабардар етуге мiндеттi.
2. Жүк жөнелтушi жүктi автомобильмен тасымалдауға кедергiлердi жою жөнiнде шаралар қолдануға мiндеттi.
3. Егер жүк жөнелтушi осы баптың 1-тармағына сәйкес тасымалдаушы хабардар еткен сәттен бастап үш тәулiк iшiнде (тез бүлiнетiн жүкке қатысты бір тәулiк iшiнде) жүктi автомобильмен тасымалдауға кедергiлердi жою жөнiнде шаралар қолданбаған жағдайда, автомобильмен тасымалдаушы үш тәулiк iшiнде жүктiң сақталуын қамтамасыз ету жөнiнде келтiрiлген шығындарды ескере отырып, жүктi жүк жөнелтушiге соның есебiнен қайтаруға, ал тез бүлiнетiн жүктi белгiленген тәртiппен өткізуге құқылы.
35-бап. Жүктi беру
1. Тасымалдаушының жауапкершiлiгіндегі жүктiң бүлiнуi немесе бұзылуы салдарынан оның сапасының және (немесе) санының соншалықты өзгеруiнен, жүктi тiкелей мақсатында толық немесе iшiнара пайдалану мүмкiн болмайтын жағдайда ғана жүк алушы жүктi қабылдаудан бас тартуы мүмкiн.
2. Жүктердi қалааралық автомобильмен тасымалдау кезiнде тасымалдаушыға байланысты емес себептер бойынша жүктi жүк алушыға беру мүмкiн болмаған жағдайда, жүк жөнелтушi Автомобиль көлiгiмен жүк тасымалдау ережелерiнде белгiленген тәртiппен тасымалдаушыға жүктi жаңа межелi пунктiне жеткізу туралы нұсқау беруге мiндеттi.
36-бап. Құндылығы жарияланған жүктердi автомобильмен тасымалдау
1. Тасымалдаушы жүк жөнелтушiмен (жүк алушымен) келісім бойынша құндылығы жарияланған жүктер тасуы мүмкiн.
2. Iлесусiз тасымалданатын бағалы металдарды (тастарды), олардан жасалған бұйымдарды, өнер заттарын, антикварлық мүлiктердi және өзге де көркем құндылықтарды, бейне- және дыбыс аппаратураларын, электрондық-есептеу және көбейту техникаларын, машиналардың тәжiрибелiк үлгiлерiн, жабдықтарды, аспаптарды, жеке (тұрмыстық) қажетке арналған жүктердi автомобильмен тасымалдаған кезде құндылықты жариялау мiндеттi.
3. Құндылығы жарияланған жүктердi автомобильмен тасымалдау үшiн жүк жөнелтушiден (жүк алушыдан) қосымша ақы алынуы мүмкiн, оның мөлшерi жүктi автомобильмен тасымалдау шарты бойынша тараптардың келісімiмен белгiленедi.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 37-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
37-бап. Қауiптi жүктердi автомобильмен тасымалдау
1. Тасымалдау, тиеу-түсiру жұмыстарын жүргiзу және сақтау кезiнде олардың өзiндiк ерекшелiгiне байланысты техникалық құралдардың, құрылғылардың, ғимараттар мен құрылыстардың жарылысына, өрт шығуына немесе бүлiнуiне, сондай-ақ адамдардың, жануарлардың өлiм-жiтiмiне, жарақат алуына және ауруына себеп болуы, қоршаған табиғи ортаға зиян келтiруi мүмкiн кез келген заттар, материалдар, бұйымдар, өндiрiс және өзге де қызмет қалдықтары қауiптi жүктер деп танылады.
2014.17.04. № 195-V ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1-тармақтың қолданысы 2017 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды
1-1. Қауіпті жүктерді тасымалдайтын автокөлік құралдары міндетті түрде шұғыл қимылдайтын жедел қызметтерді шақыру құрылғыларымен жабдықталуға жатады.
2014.17.04. № 195-V ҚР Заңымен 1-2-тармақпен толықтырылды
1-2. 1, 6 және 7-сыныптағы қауіпті жүктерді тасымалдайтын автокөлік құралдары қозғалыс жылдамдығы, маршрутының сақталуы туралы деректерді нақты уақыт режимінде үздіксіз беру құрылғыларымен қосымша жабдықталады.
2. Қауiптi жүктердi автомобильмен тасымалдауға ұсынған кезде жүк жөнелтушi құжаттарда (тауар-көлiк жүкқұжатында, автокөлiк құралының жүргiзушiсiне арналған жазбаша нұсқаулықта) осы жүктен туатын нақты қауiптi және қолданылуы тиiс сақтық шараларын көрсетуге мiндеттi.
Автокөлiк құралының жүргiзушiсiне арналған жазбаша нұсқаулықтар автомобильмен тасымалдаушыға қауiптi жүктi автомобильмен тасымалдауға арналған тапсырыс түскеннен кешiктiрiлмей берiлуге тиiс.
3. Қауiптi жүктердi тиеудi және түсiрудi осы жұмыстарды жүргiзуге рұқсаты бар (жiберiлген) жүк жөнелтушi, жүк алушы жүргiзедi.
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Қазақстан Республикасының аумағы бойынша 1, 6 және 7-класты қауiптi жүктi тасымалдауға рұқсат беру құжаты - Қазақстан Республикасының аумағы бойынша қауiптi жүктi тасымалдауға арналған арнайы рұқсат негiзiнде, арнайы бейімделген автомобильмен немесе осы мақсаттар үшін арнайы қайта жабдықталған басқа да автокөлік құралдарымен жүзеге асырылады.