Кеме экипажының мүшелері жеңілдік рұқсатының негізінде сол лауазым бойынша тиісті кәсіби дипломы жоқ лауазымды атқаруға алты айдан аспайтын мерзімге жіберіледі.
2. Кәсіби дипломдарды, кәсіби дипломдардың растамаларын, жеңілдік рұқсаттарын порттың теңіз әкімшілігі береді.
3. Теңіз көлігі мамандарын даярлау куәліктерін теңіз көлігі мамандарын даярлауды (қайта даярлауды) және олардың біліктігін арттыруды жүзеге асыратын білім беру ұйымдары, теңіз оқу-тренажер орталықтары береді.
4. Кәсіби дипломдардың растамалары кәсіби дипломдардың қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін күшін жояды.
25-бап. Кеме экипажы мүшелерiнiң азаматтығы
2005.02.06. № 55-III ҚР Заңымен 25-баптың 1-тармағы жаңа редакцияда (күшіне енетін мерзімін қара) (бұр. ред. қара); 2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред.қара)
1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтерiп жүзетін кеме экипажының құрамына Қазақстан Республикасының азаматтарынан басқа, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар кіруі мүмкiн.
ҚР 2010.28.12. № 369-IV Заңның 2-бабына сәйкес 25-баптың 1-тармағының екінші бөлігінің қолданылуы 2020 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды
Шетелдiктер және азаматтығы жоқ адамдар кеме капитаны, капитанның аға көмекшiсi және аға механик қызметін атқара алмайды.
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред.қара)
2. Шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар кеме экипажы құрамына кiре алатын жағдайларды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 26-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
26-бап. Кемедегі еңбек қатынастары
Кеме экипажының мүшелерімен еңбек шартын жасасу тәртібі, олардың құқықтары мен міндеттері, еңбек және ақы төлеу шарттары, сондай-ақ олармен еңбек шартын тоқтатудың тәртібі мен негіздері Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен және осы Заңмен айқындалады.
27-бап. Кеме экипажы мүшелерiнiң отанына оралуы
1. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде еңбек мiндеттерiн атқарушы кеме экипажы мүшелерiнiң:
1) еңбек шартының қолданылу мерзiмi бiткен;
2) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес кеме иесiнiң немесе кеме экипажы мүшесiнiң бастамасымен еңбек шарты бұзылған;
3) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген тәртiппен кеме капитаны қызметтiк міндеттерiн атқарудан шеттеткен;
4) кеме апатқа ұшыраған;
5) кемеден тыс емдеудi талап ететiн аурумен ауырған;
6) кеме иесiнiң банкроттық, кеменi сату немесе мемлекеттiң кеменi тiркеудi өзгертуi салдарынан өзiнiң кеме экипажының мүшелерiне қатысты Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы мен еңбек шарттарында көзделген мiндеттерiн орындауы мүмкiн болмаған;
7) экипаж мүшелерiнiң келісімiнсiз кеме соғыс қимылдары аймағына немесе эпидемиологиялық қауiптi аймаққа жiберiлген жағдайда отанына оралуға құқығы бар.
2. Кеме экипажы мүшесiнiң тiлегi бойынша:
1) өзi тұратын мемлекетке;
2) өзi кемеге жұмысқа алынған портқа;
3) еңбек шартын жасау кезiнде көрсетiлген басқа пунктке қайтып оралуы жүзеге асырылады.
3. Кеме иесi отанына оралтуды тиiсiнше әрi тез ұйымдастыруға мiндеттi. Отанына оралу әуе көлiгiмен, ал ол болмаған кезде немесе тараптардың келісімi бойынша, көлiктiң өзге де түрлерiмен жүзеге асырылады.
4. Отанына оралу шығындарын кеме иесi көтередi.
Кеме экипажы мүшелерiнiң отанына оралу шығындары:
1) оралу орнына дейiнгi жолақы құнын;
2) экипаж мүшесi кеменi тастап шыққан кезден бастап, экипаж мүшесi отанына оралу орнына жеткен кезге дейiнгi тамағы мен тұрағының құнын;
3) егер қажет болса, экипаж мүшесi денсаулық жағдайы бойынша отанына оралу орнына баруға жарамды болғанға дейiнгi экипаж мүшесiнiң емделу құнын;
4) отанына оралу орнына дейiн отыз килограмм багаж алып жүруді;
5) экипаж мүшесi кеменi тастап шыққан кезден бастап, кеме экипажының мүшесi отанына оралу орнына жеткен кезге дейiнгi еңбек шарты бойынша төлемдi қамтиды.
5. Экипаж мүшесiнiң отанына оралуын туғызған себептер оның еңбек мiндеттерiн орындау кезіндегі өз кiнәсiнен туындаған жағдайда не кеме экипажы мүшесiнiң бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылған жағдайда оның отанына оралуына жұмсалған шығындарды кеме иесiнiң өтеткiзiп алуға құқығы бар.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 28-бап өзгертілді (бұр. ред.қара)
28-бап. Кеме иесiнiң мiндеттерi
1. Кеме иесi экипаж мүшелерi кемеде болған уақытта оларды:
1) қауiпсiз еңбек жағдайларымен;
2) денсаулығын сақтаумен және медициналық көмекпен;
3) құтқару құралдарының болуымен;
4) азық-түлiкпен және сумен iркiлiссiз жабдықтаумен;
5) демалу, тамақтану, емделу, мәдени және тұрмыстық қызмет көрсетілуi үшiн санитариялық-гигиеналық талаптарға сай келетiн орындармен қамтамасыз етуге мiндеттi.
2009.30.12. № 234-IV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (ресми жарияланғаннан кейiн алты ай өткен соң қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
2. Кеме иесi кеме экипажының мүшелерi еңбек (қызметтiк) мiндеттерiн орындаған кезде оларды Қазақстан Республикасының мiндеттi сақтандыру туралы заңнамалық актiсiне сәйкес жазатайым оқиғалардан сақтандыруға мiндеттi.
3. Кеме ұшыраған оқиғаның салдарынан экипаж мүшесiнiң мүлкi жойылған немесе зақымданған жағдайда кеме иесi экипаж мүшесiне келтiрiлген залалды өтеуге мiндеттi. Кеме ұшыраған оқиғаға кiнәлi экипаж мүшесiнiң мүлкiне келтiрiлген залал өтелуге жатпайды.
2005.02.06. № 55-III ҚР Заңымен 28-бап 4-тармақпен толықтырылды; 2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред.қара)
4. Кеме иесі өзінің кемесімен болған авариялық жағдай туралы хабарлама алған кезден бастап жиырма төрт сағат ішінде бұл туралы теңіз порты капитанына хабарлауға, сондай-ақ өзінің кемесімен болған авариялық жағдайды тергеу кезінде жәрдем көрсетуге міндетті.
2015.13.01. № 276-V ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды
5. Кеме иесі:
1) кеме экипажының ең аз құрамына қойылатын талаптарға сәйкес экипаждың жасақталуын;
2) кеме экипажының әрбір мүшесінде оның біліктілігін растайтын құжаттардың болуын;
3) кеме экипажы мүшелерінің қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарынан өтуін;
4) құжаттаманың, оның ішінде медициналық қорытындылардың, кеме экипажы мүшелерінің біліктілігі мен тәжірибесін растайтын құжаттардың капитан каютасында немесе қозғалыс бөлмесінде сақталуын;
5) кеме экипажы мүшелерінің өз құқықтарымен және міндеттерімен, кеменің сипаттамаларымен және құрылғыларымен таныс болуын;
6) авария жағдайында кеме экипажының іс-қимылдарын үйлестіруді қамтамасыз етуге міндетті.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 28-1-баппен толықтырылды; 2015.13.01. № 276-V ҚР Заңымен 28-1-бап жаңа редакцияда (бұр. ред.қара)
28-1-бап. Теңіз көлігі мамандарын даярлау (қайта даярлау)
1. Білім беру ұйымдары және теңіз оқу-тренажер орталықтары теңіз көлігі мамандарын даярлауды (қайта даярлауды) және олардың біліктілігін арттыруды уәкілетті органның хабарламасынан кейін жүзеге асырады. Хабарламаға уәкілетті орган айқындаған уәкілетті ұйымның оң қорытындысы қоса беріледі.
Теңіз көлігі мамандарын даярлау (қайта даярлау) және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі қызметтің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламаны білім беру ұйымдары, теңіз оқу-тренажер орталықтары «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен береді.
2. Білім беру ұйымдары теңіз көлігі мамандарын даярлау (қайта даярлау) кезінде жүзу практикасын ұйымдастыруды қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасының сауда мақсатында теңізде жүзу саласындағы халықаралық шарттарының талаптарына сәйкес теңіз көлігі мамандарын даярлау куәліктерінің тізбесі мен нысандарын қараңыз
5-тарау. Кеме капитаны
29-бап. Кеме капитаны
1. Кеме капитанына кеменi басқару, соның iшiнде кеме жүргiзу, кеменiң жүзу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау, кемедегi тәртiптi сақтау, кемеге, кемедегi адамдар мен жүкке зиян келтiрудi болғызбау жөнiнде шаралар қолдану жүктеледi.
2. Кеме иесi, жүк иесi немесе олардың заңды өкiлдерi болмағанда, кеме, жүк немесе жүзу жөнiнен қажеттi мәмiлелер жасалған кезде, сондай-ақ кемедегi мүлiкке қатысты талап қою жасалған жағдайда кеме капитаны кеме иесi мен жүк иесiнiң өкiлi болып табылады.
3. Кеме капитанының қызметтiк мiндеттерiн орындауына кедергi болатын ерекше жағдайларда (қайтыс болуы, ауыруы және өзге де жағдайларда) кеме капитанының мiндеттерi кеме иесiнiң тиiстi өкімі алынғанға дейiн кеме капитанының аға көмекшiсiне жүктеледi.
30-бап. Кеме капитанының құқықтары
Капитан өз өкiлеттiктерi шегiнде:
1) кемедегi барлық адамдар орындауға тиiстi өкiм беруге;
2) кеменiң опат болу қатерi төнген жағдайда, кеме экипажы жолаушылардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiнде барлық шараларды қолданғаннан кейiн, экипаж мүшелерiнiң кемеден кетуiне рұқсат етуге;
3) экипаж мүшелерiне Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес көтермелеудi қолдануға және жаза қолдануға;
4) экипаж мүшелерiн қызметтiк мiндеттерiн атқарудан шеттетуге;
5) кеменiң және (немесе) ондағы адамдар мен мүлiктiң қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн адамды, соның iшiнде жұқпалы аурулар жұқтырады деп сезiк келтiрiлген адамды мiндеттi түрде оқшаулауға;
6) Қазақстан Республикасының қылмыстық заңдарында көзделген қылмыс жасады деп сезiк келтiрiлген адамды ұстауға және оны Қазақстан Республикасының кеме кiретiн бірiншi портындағы құзыреттi органдарға беру үшiн арнайы бейiмделген орында ұстауға;
7) егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта көзделсе, Қазақстан Республикасының азаматын, сондай-ақ тұрақты тұрғылықты жерi Қазақстан Республикасы болып табылатын азаматтығы жоқ адамдарды қоспағанда, кеменiң теңiзде жүзу қауiпсiздiгiне қарсы бағытталған қылмыс жасады деп сезiк келтiрiлген адамды шет мемлекеттiң құзыреттi органдарына беруге;
8) қажет болған жағдайда азаматтың өсиетiн куәландыруға құқылы, ол Қазақстан Республикасының нотариат туралы заңдарына сәйкес нотариаттың куәландыруына теңестiрiледi. Өсиеттi куәландырған кеме капитаны өсиет куәландырылған күннен бастап он күн iшінде, ал егер бұл дәлелдi себептермен мүмкiн болмаса, осындай мүмкiндiк тууына қарай куәландырылған өсиеттiң бір данасын өсиет қалдырушының тұрақты тұрғылықты жерi бойынша нотариустың сақтауына беруге мiндеттi;
9) Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңдарына сәйкес куәлар қойған қолдың шын өз қолдары екенiн куәландыруға құқылы.
31-бап. Кеме капитанының міндеттері
1. Кеме капитаны:
1) осы Заңның 129-бабына сәйкес кеме иесi мен кеменi жалдаушының өкiмдерiн орындауға;
2) егер көмек көрсету өз кемесіне, оның экипажы мен жолаушыларына елеулi қауiп төндiрiлмей жасалатын болса, теңiзде апатқа ұшыраған адамға көмек көрсетуге;
3) кемелер соқтығысқан жағдайда, егер қолданылатын шараларды өз кемесiне, оның экипажы мен жолаушыларына елеулi қауiп төндiрмей жасау мүмкiн болса, екiншi кеменi құтқару үшiн тиiстi шаралар қолданып, мүмкiн болған жағдайда өз кемелерiнiң атауларын, олар тiркелген порттарды, сондай-ақ шыққан және баратын порттарын хабарлауға;
4) кеме бортындағы адамға шұғыл медициналық көмек қажет болған жағдайда, ол көмектi кеме теңiзде жүрген кезде көрсету мүмкiн болмаса, мұндай жағдайды кеме иесiне хабарлап, ең жақын портқа кіруге немесе ондай адамды ең жақын портқа жеткізу жөнiнде шаралар қолдануға; кеме шетелдiк портқа кiрген немесе әлгiндей адам шетелдiк портқа жеткiзiлген жағдайда Қазақстан Республикасының консулдық мекемесiне де хабарлауға;
5) шығатын порт немесе баратын порт ауданында не кеме жүрiп өтуге тиiстi ауданда соғыс қимылдары жүрiп жатқан жағдайларда, сондай-ақ соғыс қаупi бар өзге де жағдайларда кемедегi адамдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, кеменiң опат болуы мен басып алынуын болғызбау, кеме құжаттарының, жүктiң және өзге де мүлiктiң сақталуы жөнiнде барлық шараларды қолдануға;
6) кеменiң опат болу қаупi төнген жағдайда кемедегi жолаушылардың қауiпсiздiгiн және кеме құжаттары мен өзге де құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қолдануға;
7) кеменiң опат болу қаупi төнген жағдайда, кеме экипажы жолаушылардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөніндегі барлық шараларды қолданғаннан кейiн кемеден ең соңынан кетуге;
8) қажет болған жағдайда 30-баптың 6) тармақшасында аталған адамды анықтау материалдарын берiп, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтерiп жүзіп жүрген басқа кемемен Қазақстан Республикасына жiберуге;
9) iс жүзiне асыруға болатын жағдайда кеме шет мемлекеттiң аумақтық суларына кiргенге дейiн оның құзыреттi органдарына 30-баптың 7) тармақшасында аталған адамды өзiнiң оларға беру ниетi және оны берудiң себептерi туралы хабар жiберуге, сондай-ақ аталған органдарға қолда бар дәлелдемелердi беруге;
10) кеме Қазақстан Республикасының портында болған кезде Қазақстан Республикасының қылмыстық заңдарында көзделген қылмыс белгiлерi байқалған жағдайда, ол туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға;
11) алыста жүзiп жүрген кемеде Қазақстан Республикасының қылмыстық заңдарында көзделген қылмыс белгілерi байқалған жағдайда Қазақстан Республикасының қылмыстық iс жүргiзу заңдарына сәйкес анықтау органының функцияларын атқаруға;
12) кеме журналына азаматтың туу немесе қайтыс болу фактілері туралы жазба жасауға;
13) азамат қайтыс болған жағдайда жұбайына (зайыбына) не жақын туыстарының бірiне хабарлауға, сондай-ақ өлген адамның кемедегi мәйiтi мен мүлкiнiң сақталуын қамтамасыз етiп, оларды Қазақстан Республикасының кеме кiретiн алғашқы портының капитанына тiзбеге сәйкес беруге;
14) карантиндiк немесе ерекше қауiптi жұқпалы ауру деген сезiк болған жағдайда өлген адамның немесе жануардың мәйiтiн зарарсыздандыру жөнiнде шаралар қолдануға;
15) өлген адамның мәйiтiн сақтау және отанына жiберу жөнiнде шаралар қолдануға мiндеттi. Мұндай мүмкiндiк болмаған жағдайда өлген адамның мәйiтiн жерге көмуге немесе оны кремациялап, күл салынған сауытты оның отанына жiберуге мiндеттi.
Кеме ұзақ уақыт бойы ашық теңiзде жүзуге тиiс болып және өлген адамның мәйiтiн сақтау мүмкiн болмаған ерекше жағдайда, өлген адамның мәйiтi тиiстi акт жасалып, теңiз ғұрыптарына сәйкес теңiзге тасталуы керек.
2005.02.06. № 55-III ҚР Заңымен 1-тармақ 16) тармақшамен толықтырылды; 2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 16) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред.қара)
16) кеме иесiне авариялық жағдай туралы хабарлауға және Кемелер ұшыраған авариялық жағдайларды тергеу қағидасына сәйкес кеме не оның экипажы бірiншi қазақстандық портқа келгеннен кейiн:
бір тәулiк iшiнде порт капитанына авариялық жағдай туралы мәлімдеме мен техникалық акт;
үш тәулік ішінде порт капитанына авариялық жағдай туралы егжей-тегжейлi хабарламаны, кеме құжаттарынан үзiндi-көшiрмелердi, қатысы бар адамдар мен куәлердiң түсiнiктемелерiн беруге мiндеттi.
2. Кеме капитаны осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында белгiленген мiндеттердi бұзғаны үшiн Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес жауапты болады.
6-тарау. Теңіз порты
32-бап. Теңiз порттарының құқықтық мәртебесi мен түрлерi
1. Теңiз портының құқықтық мәртебесi осы Заңмен, өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен айқындалады.
2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.10.07. № 35-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Теңiз порттары мемлекеттік меншiкте, сондай-ақ азаматтардың және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың меншiгiнде болуы мүмкiн.
Халықаралық маңыздағы мәртебесі бар теңіз порттары жекешелендіруге жатпайды және Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін шарттармен және тәртіппен ұлттық басқарушы холдингтің, ұлттық холдингтің, ұлттық компанияның акцияларын төлеуге берілуі мүмкін.
Халықаралық маңызы бар теңiз портының мәртебесiн Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
«Ақтау теңiз сауда портына халықаралық маңызы бар теңiз порты мәртебесiн беру туралы» ҚР Үкіметінің 2003 жылғы 31 шілдедегі № 768 Қаулысын қараңыз
3. Теңiз порттары жалпыға ортақ пайдалану объектiлерi болып табылады және мақсатына қарай - сауда порттары және мамандандырылған порттар (балық, мұнай және басқалар) болып бөлiнедi.
4. Теңiз порты үшiн жер учаскелерiн беру, сондай-ақ бұл учаскелердi алып қою Қазақстан Республикасының жер заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
5. Мемлекеттік маңызы бар, Қазақстан Республикасының Yкіметі анықтайтын теңiз порттарын салу, реконструкциялау үшiн жер учаскелерi Қазақстан Республикасының жер заңдарында белгiленген тәртiппен меншiк иесiнен немесе жер пайдаланушыдан алып қойылуы мүмкін.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды
6. Жергілікті атқарушы органдар теңіз портының акваториясын қоса алғанда, теңіз портының шекарасын айқындайды.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен (бұр. ред.қара); 2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен (бұр. ред.қара) 33-бап өзгертілді
33-бап. Теңiз порты режимiнiң сақталуы
Теңiз портында болған уақытта кеменiң экипажы Қазақстан Республикасының портта жүзу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөніндегі заңдарын, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың талаптарын сақтауға мiндеттi.
Теңіз портының иесі тиісті мемлекеттік органдардың (көлік, шекара, санитариялық-карантиндік, фитосанитариялық, мемлекеттік кіріс органдарының және басқаларының) лауазымды адамдарының бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыруы үшін олардың теңіз портына келетін кемелерге кіруін қамтамасыз етуге міндетті.
34-бап. Теңiз порты аумағын пайдалану
Теңiз портындағы ғимараттардың, құрылыстардың және (немесе) үй-жайлардың иелерi өздерiне жүктелген функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шарт талаптарымен қажеттi ғимараттар, құрылыстар және (немесе) үй-жайлар бередi және қызмет көрсетедi.
35-бап. Теңiз портында көрсетiлетiн қызметтер
1. Теңiз порты жүк тиеудi (түсiрудi) және кемелерге олардың келу кезектiлiгi тәртібімен қызмет көрсетудi, жүкпен көлiктiк-экспедиторлық және қойма операцияларын, көлiктің басқа түрлерiнен жүктi теңiз көлiгiне ауыстырып тиеудi және керiсiнше iстеудi, теңiз кемелерi жолаушыларына қызмет көрсетудi, сондай-ақ порт кемелерiнде және көлiктiң басқа түрлерiнде жолаушылар, багаж бен жүк тасымалдауды жүзеге асырады.
2005.02.06. № 55-III ҚР Заңымен 2-тармақпен толықтырылды
2. Тиеу-түсiру жұмыстарын және өзге де техникалық операцияларды теңiз терминалының операторы жүзеге асыра алады.
Мемлекеттік меншiктегі теңiз порттарында теңіз терминалдарының кемiнде екi операторы болуы міндетті.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред.қара)
3. Теңiз портының мiндеттi түрде көрсететін қызметтерінің тiзбесiн уәкілетті орган айқындайды. Теңiз портының мiндеттi түрде көрсететін қызметтеріне баға (тарифтер) және олардың шектi деңгейiн белгілеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргiзiледi.
4. Тiзбеге енбейтiн мiндеттi қызмет көрсетулер үшiн төлем мөлшерi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жасалған шарттармен айқындалады.
36-бап. Теңiз портының (теңiз терминалы операторының) жауапкершiлiгi
1. Теңiз порты (теңiз терминалының операторы) жүктiң жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi), сондай-ақ оны өз қарамағына қабылдап алған кезiнен бастап, берген кезiне дейiн берiлу мерзiмi өтiп кеткен уақыт үшiн мүлiктiк жауапкершiлiкте болады.
2. Теңiз портына (теңiз терминалының операторына) техникалық операциялар салдарынан келтiрілген залал, оларға:
1) жүк жоғалтылған немесе кем шыққан жағдайда - жоғалтылған немесе кем шыққан жүк құнының мөлшерiнде;
2) жүк зақымданған (бүлiнген) жағдайда - оның құны төмендеген сома мөлшерiнде, ал зақымданған мүлiктi қалпына келтiру мүмкiн болмаған кезде оның құны мөлшерiнде өтеледi.
3. Теңiз портының (теңiз терминалы операторының) жүк берiлу мерзiмi өтiп кеткен уақыт үшiн жауапкершiлiгi шартта белгіленедi.
37-бап. Мiндеттемелердi қамтамасыз ету
1. Теңiз порты (теңiз терминалының операторы) тиеу-түсiру жұмыстары мен өзге де техникалық операцияларды жүзеге асырғаны үшiн өзiне тиесiлi төлемдердi қамтамасыз ету мақсатында жүктердi ұстап қалып, оны Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында көзделген тәртiппен сатуға құқылы.
2. Теңiз портының (теңiз терминалы операторының) контейнерлердi және (немесе) тасымалдаушыға немесе жөнелтушiге тиесiлi емес, өзге де сол сияқты тасымалдау және буып-түю құралдарын, осы құралдарды жөндеуге немесе жетiлдiруге жұмсалған шығындарды өтеу жағдайларын қоспағанда, сатуға құқығы жоқ.
38-бап. Талап қоюды қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қолдану кезіндегі шектеулер
Соттардың немесе өзге де құзыреттi органдардың жалпыға ортақ пайдаланудағы теңiз порты мүлкiне тыйым салу түріндегі талап қоюды қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қолдануы мұндай мүлiктi пайдаланудың әдеттегi тәртібін қамтамасыз етуге тиiс.
2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен 7-тараудың тақырыбы өзгертілді (бұр. ред.қара)
7-тарау. Теңіз портындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 39-бап өзгертілді (бұр. ред.қара)
39-бап. Порттың теңiз әкiмшілiгi
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред.қара)
1. Порттың теңiз әкiмшiлiгi уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлiмшесi болып табылады.
2. Порттың теңiз әкiмшiлiгi мынадай функцияларды:
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред.қара)
1) Теңiз кемелерiнiң мемлекеттiк кеме тiзiлiмiн, бербоут-чартер тiзiлiмi мен Қазақстан Республикасының халықаралық кеме тізілімін жүргiзудi және кемелердiң мемлекеттiк тiркелуiн, тиiстi кеме құжаттарын берудi;
2) кемеге және жасалып жатқан кемеге меншiк құқықтарын, кеме немесе жасалып жатқан кеме кепiлiн және оларға өзге де құқықтарды мемлекеттік тiркеудi, тиiстi құжаттар берудi;
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр. ред.қара); 2015.13.01. № 276-V ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред.қара)
3) Қазақстан Республикасы теңізшісінің жеке куәліктерінің, теңiзде жүзу кiтапшаларының тізілімдерін жүргізуді және оларды беруді, сондай-ақ кәсіби дипломдарды, кәсіби дипломдардың растамаларын, жеңілдік рұқсаттарын беруді, олардың қолданылу мерзімін тоқтата тұруды, алып қоюды;
4) кеме құжаттарын, дипломдарды, біліктiлiк куәлiктерiн және дипломдар мен біліктiлiк куәлiктерiне растамаларды тексерудi;
2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр. ред.қара)
5) кемелердiң портқа кіру және олардың порттан шығу тәртібі туралы талаптардың сақталуына бақылау және қадағалау жасауды;
6) кемелердiң портқа келуiн және олардың порттан шығуын ресiмдеудi;
2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (бұр. ред.қара)
7) лоцмандық қызмет көрсету жұмысына және кемелер жүрiсiн басқару жүйесiне бақылау және қадағалау жасауды;
2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (бұр. ред.қара)
8) кемелердi портқа кiрерде және порт айдынының шегiнде мұзжарғыштардың iлестiрiп өтуiне бақылау және қадағалау жасауды;
9) теңiзге батқан мүлiктi көтерiп шығаруға рұқсаттар берудi;
10) портта құрылыс, гидротехникалық және өзге де жұмыстарды жүргiзуге рұқсаттар берудi;
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 11) тармақша өзгертілді (бұр. ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 11) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред.қара)
11) уәкілетті орган бекiткен Қағидаларға сәйкес уәкілетті органды авариялық жағдай туралы хабардар ету, кемелермен болған авариялық жағдайларды тергеп-тексеру үшін қажетті ақпарат пен дәлелдемелерді жинау;
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 12) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред.қара)
12) мемлекеттік органдардың (шекара, санитариялық-карантиндiк, фитосанитариялық, ветеринариялық, мемлекеттік кіріс органдарының және басқаларының) теңiз порты аумағында орналасатын жерiн белгiлеудi;
2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен 13) тармақша өзгертілді (бұр. ред.қара)
13) порттағы құрылыстардың және оларды пайдаланудың техникалық жай-күйiне бақылау және қадағалау жасауды;
14) өртке қарсы бақылау жасауды;
15) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша хаттамалар жасауды, іс жүргізуді жүзеге асырады.