2021.30.06. № 60-VII ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5-тармақтың бірінші бөлігінің қолданысы 2022 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бөлік 2021.30.06. № 60-VII ҚР Заңның 2-бабының 2-тармағының редакциясында қолданылды (бұр.ред.қара)
5. Облыс, республикалық маңызы бар қала және астана мәслихатының хатшысы болмаған кезде оның өкілеттігін мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірінің тұрақты негізде жұмыс істейтін төрағасы уақытша жүзеге асырады.
Аудан (облыстық маңызы бар қала) мәслихатының хатшысы болмаған кезде оның өкілеттігін мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірінің төрағасы немесе мәслихат депутаты уақытша жүзеге асырады.
2021.30.06. № 60-VII ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды
6. Егер мәслихат сессиясында дауыс беру кезiнде мәслихат депутаттарының дауысы тең бөлiнген жағдайда, мәслихат хатшысы шешушi дауыс құқығын пайдаланады.
2021.30.06. № 60-VII ҚР Заңымен 19-1-баппен толықтырылды
19-1-бап. Мәслихаттың тұрақты комиссиясының төрағасы
1. Мәслихаттың тұрақты комиссиясының төрағасын мәслихат сессиясында депутаттар арасынан ашық дауыс беру арқылы депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен мәслихат сайлайды және лауазымынан босатады.
Егер мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысында дауыс беру кезінде депутаттардың дауысы тең бөлінген жағдайда, мәслихаттың тұрақты комиссиясының төрағасы шешуші дауыс құқығын пайдаланады.
Мәслихаттың тұрақты комиссиясының төрағасы лауазымына кандидатураларды мәслихат депутаттары мәслихат сессиясында ұсынады.
2. Мәслихаттың тұрақты комиссиясының төрағасы:
1) тұрақты комиссияның отырысын және оның қарауына енгізілетін мәселелерді дайындауды ұйымдастырады, хаттаманың жасалуын қамтамасыз етеді және тұрақты комиссия отырысында қабылданған қаулыларға, өзге де құжаттарға қол қояды;
2) мәслихат депутаттарына өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына жәрдемдеседі, оларды тұрақты комиссия қызметінің мәселелері жөніндегі қажетті ақпаратпен қамтамасыз етеді;
3) тұрақты комиссия депутаттарының сауалдары мен тұрақты комиссияның атына келіп түскен депутаттық жолданымдардың қаралуын бақылайды;
4) мәслихаттың тұрақты комиссиясының қаулыларын мәслихаттың интернет-ресурсында жариялауды қамтамасыз етеді, олардың орындалуын бақылау жөніндегі шараларды айқындайды;
5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының заңнамасында, мәслихат регламенті мен шешімінде көзделген өзге де өкілеттіктерді орындайды.
3. Егер осы баптың 5-тармағында өзгеше көзделмесе, мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірінің төрағасы болмаған кезде мәслихат хатшысының шешімі бойынша оның өкілеттігін мәслихаттың басқа тұрақты комиссиясының төрағасы немесе мәслихаттың осы тұрақты комиссиясының мүшесі болып табылатын депутат уақытша жүзеге асырады.
2021.30.06. № 60-VII ҚР Заңымен 4,5-тармақтар 2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
4. Облыс, республикалық маңызы бар қала, астана мәслихатының тұрақты комиссиясының төрағасы тұрақты негізде жұмыс істейтін лауазымды адам болуы мүмкін.
Тұрақты комиссиялардың тұрақты негізде жұмыс істейтін төрағаларының санын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мәслихаты айқындайды және ол екіден аспауға тиіс.
Облыс, республикалық маңызы бар қала, астана мәслихатының тұрақты комиссиясының тұрақты негізде жұмыс істейтін төрағасы мәслихаттың өкілеттігі мерзіміне сайланады және қатарынан екі реттен артық сайлана алмайды.
Бір саяси партияның мүшелері болып табылатын депутаттар облыс, республикалық маңызы бар қала және астана мәслихатының тұрақты комиссияларының тұрақты негізде жұмыс істейтін төрағалары бола алмайды.
5. Облыс, республикалық маңызы бар қала және астана мәслихатының тұрақты комиссияларының бірінің тұрақты негізде жұмыс істейтін төрағасы болмаған кезде оның өкілеттігін облыс, республикалық маңызы бар қала және астана мәслихатының тұрақты комиссиясының тұрақты негізде жұмыс істейтін басқа төрағасы немесе мәслихат хатшысының шешімі бойынша мәслихаттың осы тұрақты комиссиясының мүшесі болып табылатын депутат уақытша жүзеге асырады.
ҚР 11.05.04 ж. № 552-II Заңымен (бұр. ред. қара) (күшіне енетін мерзімін қара); 2009.09.02 № 126-ІV ҚР Заңымен ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 20-бап өзгертілді
20-бап. Мәслихат депутаты
1. Мәслихат депутаты жалпы мемлекеттік мүдделердi ескере отырып, тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстегi халықтың еркiн бiлдiредi.
2. Мәслихат депутатының өкiлеттiгi тиiстi аумақтық сайлау комиссиясы оны депутат ретiнде тiркеген кезден басталып, мәслихат өкiлеттiгi тоқтатылған кезден бастап тоқтайды.
3-тармақтың қолданысы 2019 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұрған кезеңде осы Заңның 41-баптың 3-тармағының редакциясында қолданылды, 2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданылатын редакцияны қараңыз (бұр.ред.қара)
3. Мәслихат депутатының өкілеттіктері мынадай:
1) ол заңға сәйкес депутаттық міндеттерді орындаумен сыйыспайтын лауазымға сайланған немесе тағайындалған;
2) соттың оны әрекетке қабілетсіз немесе әрекет ету қабілеті шектеулі деп тану туралы шешімі заңды күшіне енген;
3) мәслихаттың өкілеттіктері тоқтатылған;
2018.29.06. № 163-VІ ҚР Заңымен 3-1) тармақшамен толықтырылды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
3-1) депутат «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес өзі сайланған саяси партиядан шықса немесе шығарылса;
2018.29.06. № 163-VІ ҚР Заңымен 3-2) тармақшамен толықтырылды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
3-2) «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес депутат сайланған саяси партия қызметін тоқтатса;
4) ол қайтыс болған, соттың оны хабарсыз кетті деп тану не қайтыс болды деп жариялау туралы шешімі заңды күшіне енген;
5) ол Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатқан;
6) қылмыс не қасақана қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін соттың оған қатысты айыптау үкімі заңды күшіне енген;
7) ол тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктен тысқары жерге тұрақты тұруға кеткен;
8) оның отставка туралы жеке өтінішіне байланысты;
9) ол өз міндеттерін жүйелі түрде орындамаған, оның ішінде мәслихат сессиясының жалпы отырыстарында немесе құрамына өзі сайланған мәслихат органдарының отырыстарында дәлелсіз себептермен қатарынан үш реттен артық болмаған;
10) ол облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тексеру комиссиясының төрағасы немесе тексеру комиссиясының мүшесі лауазымына тағайындалған жағдайларда, мерзімінен бұрын тоқтатылады.
2018.29.06. № 163-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Мәслихат депутатының өкілеттіктері осы баптың 3-тармағының 1), 2), 4), 5), 6), 7), 8), 9) және 10) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша тоқтатылған кезде тиісті аумақтық сайлау комиссиясы мәслихат депутатының өкілеттіктерін тоқтатуға әкеп соғатын негіздердің басталу фактісі көрсетілетін шешім қабылдайды және тиісті мәслихатқа мәслихат депутатының өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы ұсыну енгізу туралы шешім қабылдайды.
Мәслихат аумақтық сайлау комиссиясының осы тармаққа сәйкес енгізілген ұсынуы негізінде мәслихат сессиясына қатысып отырған депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен мәслихаттың тиісті депутатының өкілеттіктерін тоқтатады.
2018.29.06. № 163-VІ ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
4-1. Өкілеттіктер осы баптың 3-тармағының 3-1) және 3-2) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша тоқтатылған кезде тиісті аумақтық сайлау комиссиясы адамның мәслихат депутатының өкілеттіктерін жоғалту фактісін көрсететін шешім қабылдайды және бұл туралы тиісті мәслихатқа хабарлайды.
5. 2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
6. Өз қызметін мемлекеттік бюджет есебінен ақы төленетін тұрақты немесе басқа жұмыстан босатылған негізде жүзеге асыратын мәслихат депутаттарының кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға, шаруашылық субъектісін басқаруға дербес қатысуға, педагогтік, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметті қоспағанда, ақы төленетін басқа қызметпен айналысуға құқығы жоқ.
21.05.02 ж. № 324-II ҚР Заңымен; 11.05.04 ж. № 552-II ҚР Заңымен (күшіне енетін мерзімін қара) (бұр. ред. қара); 2006.04.11. № 186-III ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2009.09.02 № 126-ІV ҚР Заңымен ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.21.07. № 465-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2013.13.06. № 101-V ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 21-бап өзгертілді
21-бап. Мәслихат депутатының өз өкілеттіктерін жүзеге асыруы кезіндегі құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі
1. Депутат:
2021.30.06. № 60-VII ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) сайлауға және мәслихат хатшысы, тұрақты комиссияның төрағасы немесе мүшесi болып сайлануға, мәслихаттың өзге де органдарына сайлануға;
2) мәслихат сессиясы мен оның тұрақты комиссияларында және өзге де органдарда қарау үшiн мәселелер ұсынуға, оларды қарауға және шешiмдер қабылдауға қатысуға;
3) алынып тасталды
2011.10.01. № 383-IV ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) өз округiнiң сайлаушыларымен, сондай-ақ өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен және ұйымдармен кездесулер мен жиналыстар өткізуге;
5) сессияда тиiстi мәслихат аумағында орналасқан жергiлiктi атқарушы орган мен ұйымдардың лауазымды адамдарының мәслихаттың құзыретiне жатқызылған мәселелер бойынша есептерiн тыңдау туралы ұсыныстар енгізуге;
6) тиiстi Әкімдік отырыстарының жұмысына қатысуға;
7) мәслихат пен оның органдары отырыстарының стенограммаларымен және хаттамаларымен танысуға;
8) фракциялар мен депутаттық топтар түрінде депутаттық бірлестіктер құруға құқылы.
2021.30.06. № 60-VII ҚР Заңымен 9) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9) жергілікті қоғамдастық жиындары мен жиналыстарына қатысуға;
2021.30.06. № 60-VII ҚР Заңымен 10), 11), 12), 13), 14), 15), 16), 17) және 18) тармақшалармен толықтырылды
10) мәслихат сессиясында азаматтардың қоғамдық маңызы бар өтініштерін жария етуге;
11) мәслихаттардың құрылатын тұрақты комиссияларының және өзге де органдарының құрамына кандидатураларды, оның ішінде өзінің жеке кандидатурасын ұсынуға;
12) мәслихат сайлайтын немесе тағайындайтын лауазымды адамдардың кандидатуралары бойынша өз пікірін білдіруге;
13) жарыссөздерге қатысуға, баяндамашыларға, сондай-ақ мәслихат сессиясы мен отырысына төрағалық етушіге сұрақтар қоюға;
14) мәслихаттардың өзі құрамына сайланған тұрақты комиссиялары мен өзге де органдары сессиясының және отырысының күн тәртібі бойынша, сондай-ақ олар талқылайтын мәселелерді қарау және олардың мәні бойынша ұсыныстар мен ескертулер енгізуге;
15) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында орналасқан мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің және өзге де ұйымдардың Қазақстан Республикасының заңдары мен Қазақстан Республикасының заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерін орындауын тексеру қажеттілігі туралы мәслихатқа ұсыныстар енгізуге;
16) мәслихат қабылдайтын актілердің жобаларына түзетулер енгізуге;
17) мәслихат құрған, сайлаған немесе бекіткен органдардың құрамына, сондай-ақ мәслихат сайлаған немесе бекіткен лауазымды адамдарға сенім білдіру туралы мәселе көтеруге;
18) осы Заңға, Қазақстан Республикасының заңнамасына және мәслихат регламентіне сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыруға құқылы.
2. Депутат:
1) мәслихаттың және өзi құрамына сайланған оның органының жұмысына қатысуға;
2) өз округi сайлаушыларымен тұрақты байланыс жасауға, оларға мәслихаттың жұмысы, оның тұрақты комиссиялары мен өзге де органдарының қызметi, мәслихат шешiмдерiнiң орындалуы туралы, сондай-ақ өзінің депутаттық қызметінің барысы туралы, жылына кемінде бір рет хабарлап отыруға, мәслихат шешiмдерiнiң орындалуын ұйымдастыруға және бақылау жасауға қатысуға;
3) сайлаушылардың өзiне келiп түскен өтiнiштерiн қарауға, азаматтарды жеке қабылдауды ұдайы жүргiзуге;
2021.30.06. № 60-VII ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте тұруға;
2021.30.06. № 60-VII ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды
5) қоғамдық пікірді, азаматтардың, қоғамдық және өзге де ұйымдардың қажеттіліктері мен сұраныстарын зерделеуге, олар туралы мәслихат пен оның органдарына хабарлауға, оларды қанағаттандыру үшін ұсыныстар енгізуге және өзге де шаралар қабылдауға;
2021.30.06. № 60-VII ҚР Заңымен 6) тармақшамен толықтырылды
6) мәслихат хатшысына не өзі мүшесі болып табылатын тұрақты комиссияның төрағасына отырысқа келе алмайтыны туралы алдын ала хабарлауға міндетті.
2021.30.06. № 60-VII ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды
2-1. Мәслихат депутаты мәслихат сессиясының жалпы отырыстарында немесе мәслихат органдарының отырыстарында қатарынан екі және одан көп рет дәлелсіз себептермен болмаған жағдайда, мәслихат хатшысы саяси партияның тиісті филиалының (өкілдігінің) басшы органына хабарлама хат жібереді.
2021.30.06. № 60-VII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Мәслихаттың әрбір депутатына оның құқықтарының, ар-намысы мен абыройының қорғалуына кепілдік беріледі.
Мәслихат депутаты, қызметі мемлекеттік құпиялармен байланысты ұйымдарды қоспағанда, депутаттық қызмет мәселелері бойынша тиісті мәслихат аумағында орналасқан мемлекеттік органдарға, қоғамдық бірлестіктер мен мемлекеттік ұйымдарға кедергісіз кіруге құқылы.
Мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің және мемлекеттік ұйымдардың басшылары мен басқа да лауазымды адамдары мәслихат депутаттарын кідіріссіз қабылдауға және оларға жүктелген өкілеттіктерді жүзеге асыруда қажетті жәрдем беруге міндетті.
Мәслихат депутаты азаматтардың құқықтарының бұзылуы немесе заңдылықты өзге де бұзушылықтар анықталған кезде бұзушылықты тоқтатуды талап етуге, ал қажет болған жағдайларда тиісті органдарға және лауазымды адамдарға бұзушылықтың жолын кесу талабымен жүгінуге құқылы.
4. Мәслихат депутатына осы баптың 2-тармағында көзделген өз міндеттерін орындамағаны және (немесе) тиісінше орындамағаны, сондай-ақ мәслихат регламентінде белгіленген депутаттық әдеп қағидаларын бұзғаны үшін мынадай жазалау шаралары қолданылуы мүмкін:
1) мінеу;
2) көпшiлiк алдында кешiрiм сұрауға мәжбүр ету.
5. Жазалар тиісті аумақта таратылатын бұқаралық ақпарат құралдарында олардың қолданылуы туралы ақпарат жариялана отырып, тиісті аумақтық сайлау комиссиясының ұсынуы бойынша қатысып отырған депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен мәслихат сессиясында қолданылады.
Жазалардың нақ сол бір теріс қылық үшін қайтадан қолданылуы мүмкін емес.
ҚР 11.05.04 ж. № 552-II Заңымен 21-1-баппен толықтырылды (күшіне енетін мерзімін қара);2009.09.02 № 126-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2021.30.06. № 60-VII ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 21-1-бап өзгертілді
21-1-бап. Депутаттық сауалдар
Мәслихат депутаты ресми жазбаша сауалмен әкімге, тиісті аумақтық сайлау комиссиясының төрағасына және мүшесіне, прокурорға және орталық мемлекеттік органдар аумақтық бөлімшелерінің, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың лауазымды адамдарына мәслихат құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша жүгінуге құқылы.
Депутаттық сауалдың жауабы жазбаша түрде, бір айдан кешіктірілмейтін мерзімде берілуге тиіс. Депутат сауалға берілген жауап бойынша өз пікірін білдіруге құқылы.
Депутаттық сауалға берілетін жауапқа осы баптың бірінші бөлігінде аталған адамдар немесе атына сауал жіберілген мемлекеттік органның бірінші басшысы не оның орынбасары қол қоюға тиіс.
Прокурордың атына берілген сауалдар қылмыстық қудалауды жүзеге асырумен байланысты болмауға тиіс.
ҚР 2006.04.11. № 186-III Заңымен 21-2-баппен толықтырылды
21-2-бап. Мәслихаттардағы депутаттық бірлестіктер
2015.12.11. № 393-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Мәслихат депутаттары саяси партиялардың фракциялары және өзге де қоғамдық бірлестіктер, депутаттық топтар түрінде депутаттық бірлестіктер құруға құқылы. Мәслихат хатшысы депутаттық бірлестіктерге кіре алмайды.
2021.30.06. № 60-VII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Фракция - заңда белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партияның немесе өзге де қоғамдық бірлестіктің атынан өкілдік ететін депутаттардың ұйымдасқан тобы, ол мәслихатта тиісті саяси партияның немесе өзге де қоғамдық бірлестіктің мүдделерін білдіру мақсатында құрылады. Фракция мәслихаттың кемінде үш депутатын біріктіруге тиіс. Депутаттың тек бір ғана депутаттық фракцияда болуға құқығы бар.
3. Депутаттық топ - депутаттардың өз өкілеттіктерін, сайлау округтеріндегі бірлескен жұмысын жүзеге асыруға арналған бірлестігі. Депутаттық топтың құрамында мәслихаттың кемінде бес депутаты болуға тиіс.
4. Депутаттық фракциялар мен топтарды тіркеу мәслихат сессиясында жүзеге асырылады, келіп тіркелу тәртібімен жүргізіледі және тек ақпараттық сипатта болады.
2021.30.06. № 60-VII ҚР Заңымен 21-3-баппен толықтырылды
21-3-бап. Мәслихат депутаттарының біліктілігін арттыру
1. Мәслихаттар депутаттарының тиісті жергілікті бюджет қаражаты есебінен біліктілігін арттырудан өтуге құқығы бар.
2. Мәслихаттар депутаттарының біліктілігін арттырудан өту кезеңділігі сайланған депутат өкілеттігінің алғашқы екі жылы ішінде бес жылда бір рет болады.
3. Мәслихаттар депутаттарының біліктілігін арттыру жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы білім беру ұйымдарында және олардың филиалдарында жүзеге асырылады.
4. Мәслихат аппараты Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес мәслихат депутаттарының біліктілігін арттыруға арналған шығыстарды жоспарлайды.
ҚР 11.05.04 ж. № 552-II Заңымен 22-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) (күшіне енетін мерзімін қара); 2021.30.06. № 60-VII ҚР Заңымен 22-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
22-бап. Депутаттық қызметті жүзеге асыруға байланысты шығыстарды өтеу
Депутат тиісті мәслихаттың регламентінде айқындалған тәртіппен, депутаттық өкілеттіктерді жүзеге асыруға байланысты мәслихат сессияларын, тұрақты комиссияларының және өзге де органдарының отырыстарын өткізу кезеңінде, депутаттық өкілеттіктерді жүзеге асыру уақытында және мәслихат депутаттарының біліктілігін арттыру кезеңінде оған негізгі жұмыс орны бойынша жергілікті бюджет қаражаты есебінен орташа жалақысы, бірақ осы қызметте бір жылға дейінгі жұмыс өтілі бар тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімі аппараты басшысының жалақысынан аспайтын мөлшерде және жол жүру уақыты ескеріліп, мәслихат сессиялары, тұрақты комиссиялары мен өзге де органдарының отырыстары өтетін, біліктілікті арттырудан өтетін мерзімдегі іссапар шығыстары өтеле отырып, қызметтік міндеттерін орындаудан босатылады.
2009.09.02 № 126-ІV ҚР Заңымен 23- бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
23-бап. Мәслихат өкілеттігін тоқтату негіздері
1. Мәслихат өкілеттігі Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген оның өкілеттік мерзімі аяқталғанда тоқтатылады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Мәслихаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасының Премьер-Министрімен және Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының төрағаларымен консультациялардан кейін тоқтатады, сондай-ақ мәслихат өзін-өзі тарату туралы шешім қабылдаған ретте де оның өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылады.
2013.13.06. № 101-V ҚР Заңымен 23-1-баппен толықтырылды; 2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2022.05.11. № 157-VII ҚР Заңымен (2022 ж. 18 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 23-1-баптың тақырыбы жаңа редакцияда
23-1-бап. Мәслихат депутаттарының әкімдер лауазымына тағайындауға келісім беру тәртібі
1. Әкімді тағайындайтын тұлға не оған уәкілеттік берілген тұлға әкім лауазымына тағайындауға келісім беру туралы ұсынысты мәслихаттың қарауына енгізеді.
2. Әкім лауазымына тағайындауға келісім беру туралы ұсыныста өмірбаян деректері, еңбек қызметі, мемлекеттік наградалары туралы ақпарат және әкім лауазымына кандидат туралы өзге де ақпарат көрсетіледі.
3. Әкім лауазымына тағайындауға келісім беру туралы ұсынысты қарау мәслихаттың кезекті немесе кезектен тыс сессиясында жүзеге асырылады.
Мәслихаттың әкім лауазымына тағайындауға келісім беру туралы ұсынысты қарау жөніндегі кезектен тыс сессиясына әкім лауазымына кандидаттың қатысуы міндетті.
Мәслихаттың әкім лауазымына тағайындауға келісім беру туралы ұсынысты қарау жөніндегі сессиясының барысында мәслихат депутаттары әкім лауазымына кандидатқа сұрақтар қоюға, тағайындалатын кандидатура бойынша талқылау жүргізуге құқылы.
Талқылау аяқталғаннан кейін дауысқа салу өткізіледі.
Егер әкім лауазымына кандидат мәслихат депутаттарының жалпы санының көпшілік дауысын ала алмаған жағдайда, әкімді тағайындайтын тұлға не оған уәкілеттік берілген тұлға мәслихат сессиясының шешiмін алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде әкім лауазымына басқа кандидатураны тағайындауға келісім беру туралы ұсынысты мәслихаттың қарауына қайтадан жібереді.
2022.05.11. № 157-VII ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2022 ж. 18 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді, 2025 ж. 1 қаңтарға дейінқолданылады) (бұр.ред.қара)
4. Әкімді тағайындайтын адам не ол уәкілеттік берген адам әкім лауазымына кандидатураларды қатарынан үш реттен артық енгізе алмайды.
Егер мәслихат аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімі лауазымына кандидатураны тағайындауға үшінші рет келісім бермесе, облыс әкімі Қазақстан Республикасының Президентін жазбаша хабардар етеді және тиісті мәслихаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселе қояды.
Бұл жағдайда жоғары тұрған әкім белгіленген тәртіппен жаңадан құрылған мәслихаттың келісімімен тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің әкімі тағайындалғанға дейін әкімнің міндетін уақытша атқарушыны тағайындайды.
2009.09.02 № 126-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2013.13.06. № 101-V ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 24-бап жаңа редакцияда
24-бап. Мәслихаттың әкімге сенімсіздік білдіру өкілеттігі
2022.05.11. № 157-VII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2022 ж. 18 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Мәслихат депутаттарының жалпы санының кемiнде бестен бiрiнiң бастамасы бойынша әкiмге сенiмсiздiк бiлдiру туралы мәселе қойылуы мүмкiн. Бұл жағдайда мәслихат өз депутаттарының жалпы санының көпшiлiк дауысымен әкiмге сенiмсiздiк бiлдiруге және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жəне астананың əкімдеріне қатысты, тиісінше, Қазақстан Республикасы Президентінің не өзге де əкімшілік-аумақтық бірліктердің əкімдеріне қатысты жоғары тұрған əкімнің алдына оны қызметiнен босату жөнiнде мәселе қоюға құқылы.
2021.24.05. № 42-VII ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Мыналар:
1) аумақты дамыту жоспарларының, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларының орындалуы, жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы әкім ұсынған есептерді мәслихаттың екі рет бекітпеуі;
2) жергілікті қоғамдастық жиналысының аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімін лауазымынан босату туралы мәселеге бастамашылық жасауы мәслихаттың әкімге сенімсіздік білдіру туралы мәселені қарауына негіз болып табылады.
3. Әкімге сенімсіздік білдіру туралы мәселеге бастамашылық ету мәслихат депутаттарының қолдарын жинау арқылы жүзеге асырылады. Қолдарды жинауды мәслихаттың бастамашы депутаттары ұйымдастырады және ол қол қою парақтарымен ресімделеді.
4. Қол қою парақтарын жинау мәслихаттың бастамашы депутаттары жазбаша өтініш берген күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Толтырылған қол қою парақтары мәслихат хатшысына тапсырылады, ол бес жұмыс күні ішінде жиналған қолдардың төлнұсқалығын тексеруді ұйымдастырады. Тексеру нәтижелері бойынша мәслихаттың бастамашы депутаттары қолдарының төлнұсқалығы туралы хаттама жасалады.
5. Мәслихаттың әкімге сенімсіздік білдіру жөніндегі сессиясы мәслихаттың бастамашы депутаттары қолдарының төлнұсқалығы туралы хаттама ресімделген күннен бастап бір ай ішінде өткізіледі.
Мәслихаттың әкімге сенімсіздік білдіру жөніндегі сессиясы барысында әкімге сенімсіздік білдіру туралы мәселеге бастамашы болған себептер талқыланады, дауыс беру өткізіледі.