80. Егер тендер тұтастай немесе оның қандай да бір лоты өткізілмеді деп танылса, осы Қағидалардың 2-бөліміне сәйкес тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы тендердің мазмұны мен шарттарын өзгертеді және тендерді қайта өткізеді.
81. Егер тендер тұтастай немесе оның қандай да бір лоты тендерлік құжаттама талаптарына сәйкес келетін бір ғана өтінімді беру негіздемесі бойынша өткізілмеді деп танылса, онда тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы осы өтінімді берген әлеуетті өнім берушіден сатып алуды бір көзден алу тәсілімен жүзеге асырады.
82. Тендер тәсілімен сатып алу немесе оның қандай да бір лоты мынадай негіздердің бірі бойынша:
1) ұсынылған тендерлік өтінімдер болмаса;
2) екеуден аз тендерлік өтінімдер ұсынылса;
3) егер бірде-бір әлеуетті өнім беруші жіберілмесе;
4) егер бір әлеуетті өнім беруші жіберілсе, өткізілмеді деп танылады.
83. Тендердің жеңімпазы ең төмен баға негізінде айқындалады.
5-параграф. Тендердің қорытындысын шығару
84. Тендердің қорытындылары тендерлік өтінімдер салынған конверттерді ашу күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде шығарылады, ол туралы хаттама жасалады, оған:
1) тауарлардың немесе фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің атауы және қысқаша сипаттамасы;
2) сатып алу сомасы;
3) тендерлік өтінімдерді ұсынған әлеуетті өнім берушілердің атаулары, орналасқан жері және біліктілік деректері;
4) тендерлік құжаттамаға сәйкес әрбір тендерлік өтінімнің бағасы және басқа шарттары;
5) тендерлік өтінімдерді бағалауды және салыстыруды көрсету;
6) тендерлік өтінімдерді қабылдамау негіздемесі;
7) тендердің әрбір лоты бойынша жеңімпаз(дар)дың атаулары мен орналасқан жері және сауда атауы көрсетіле отырып жеңімпаздың анықталу шарттары;
8) оның ұсынысы сауда атауы көрсетіле отырып жеңімпаз ұсынысынан кейінгі екінші болып табылатын тендердің әрбір лоты қатысушының атауы мен орналасқан жері;
9) негіздемелер, егер тендер жеңімпазы анықталмаса;
10) сатып алу шартын жасауға қажетті мерзім;
11) сараптамалық комиссияны тарту туралы ақпарат енгізіледі.
85. Тендердің қорытындысы шығарылған күннен бастап күнтізбелік үш күн ішінде тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы әлеуетті өнім берушілерге хабарлама және қорытынды хаттамасының көшірмелерін жіберу арқылы тендерге қатысқан әлеуетті өнім берушілерге тендер нәтижелері туралы жазбаша хабарлайды.
86. Тендердің қорытындылары туралы хаттама тапсырыс берушінің немесе сатып алуды ұйымдастырушының интернет-ресурсында орналастырылады. Сатып алуды ұйымдастырушы қорытынды шығарылған күннен бастап күнтізбелік үш күн ішінде тапсырыс берушіге сатып алудың қорытынды хаттамасының куәландырылған көшірмесін және жеңімпаз тауарларының техникалық ерекшелігін жібереді.
6-параграф. Сатып алу немесе фармацевтикалық қызметтерді көрсету шартын жасау
87. Тапсырыс беруші тендердің қорытындысы шыққан күннен не сатып алуды ұйымдастырушыдан сатып алу қорытындысын алған күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде әлеуетті өнім берушіге қол қойылған сатып алу шартын немесе денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысандар бойынша жасалған фармацевтикалық қызметтерді көрсету шартын жібереді.
88. Шартты алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде тендердің жеңімпазы оған қол қояды не тапсырыс берушіні оның талаптарымен келіспеуі немесе қол қоюдан бас тартуы туралы жазбаша хабардар етеді. Көрсетілген мерзімде қол қойылған шартты ұсынбау немесе оның талаптарымен келіспеу туралы хабарлау шарт жасасудан бас тарту болып есептеледі. Келіспеушіліктерді шешу мерзімі екі жұмыс күнінен аспауға тиіс.
89. Сатып алу шарты немесе фармацевтикалық қызметтер көрсету шарты, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, тараптардың уәкілетті өкілдері қол қойған күннен бастап күшіне енеді.
90. Егер тендердің жеңімпазы белгіленген мерзімде сатып алу шартына немесе фармацевтикалық қызметтер көрсету шартына қол қоюдан жалтарса немесе тапсырыс берушіге оның шарттарымен келіспеуі туралы хабарламаса, онда тапсырыс беруші осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келетін және баға ұсынысы жеңімпаздың ұсынысынан кейін екінші болып табылатын тендерге қатысушымен шарт жасайды.
91. Шартқа өнім берушіні таңдау үшін негіз болып табылған ұсыныстың мазмұнын өзгертетін қандай да бір өзгерістерді және (немесе) жаңа талаптарды енгізуге (тауар бағасын, көлемді азайтуды қоспағанда), оның ішінде шартта көрсетілген сауда атауын басқа сауда атауымен ауыстыруға жол берілмейді.
92. Өнім берушіні таңдау үшін негіз болып табылған сапа мен басқа да шарттар өзгермеген жағдайда, жасалған шартқа өзгерістер енгізуге:
1) тауарларға бағаны және тиісінше шарттың бағасын азайту бөлігінде тараптардың өзара келісімі бойынша;
2) тауарлардың, фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің көлемін азайту бөлігінде тараптардың өзара келісімі бойынша жол беріледі.
93. Тапсырыс берушінің не сатып алуды ұйымдастырушының сатып алу туралы, фармацевтикалық қызмет көрсету туралы шартқа қол қойылғанға дейін тауардың не фармацевтикалық көрсетілетін қызметтің бағасын азайту мақсатында тендер жеңімпазы болып танылған әлеуетті өнім берушімен келіссөздер жүргізуіне жол беріледі. Әлеуетті өнім беруші өзінің қалауы бойынша тауардың немесе фармацевтикалық көрсетілетін қызметтің бағасын азайтуға келісетіні немесе келіспейтіні туралы шешім қабылдайды, ол тапсырыс берушінің не сатып алуды ұйымдастырушының тендер жеңімпазы болып танылған әлеуетті өнім берушімен шартқа қол қоюдан бас тартуы үшін негіз болып табылмайды.
7-параграф. Шарттың орындалуын кепілдікті қамтамасыз ету
94. Сатып алу шартының немесе фармацевтикалық қызметтерді көрсету шартының мазмұнын, нысанын және оны кепілдікті қамтамасыз етуді енгізу талаптарын (бұдан әрі - кепілдікті қамтамасыз ету) осы Қағидалардың ережелеріне сәйкес тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы айқындайды және ол тендерлік құжаттамаға, сатып алу шартына және фармацевтикалық қызметтер көрсету шартына енгізілуге тиіс.
95. Кепілдікті қамтамасыз ету сатып алу шартының немесе фармацевтикалық қызметтер көрсету шартының бағасының үш пайызын құрайды және ол:
1) тапсырыс берушіге қызмет көрсетілетін банкке салынатын ақшалай қаражат түріндегі кепілді жарна;
2) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес берілген банк кепілдемесі түрінде ұсынылады.
96. Ақшалай қаражатты кепілді жарна түрінде кепілдікті қамтамасыз етуді әлеуетті өнім беруші тапсырыс берушінің тиісті шотына енгізеді.
97. Егер сатып алу шартының немесе фармацевтикалық қызметтер көрсету шартының бағасы тиісті қаржы жылына арналған айлық есептік көрсеткіштің екі мың еселенген мөлшерінен аспаса, кепілдікті қамтамасыз ету енгізілмейді.
98. Сатып алу шартының немесе фармацевтикалық қызметтер көрсету шартының орындалуын кепілдікті қамтамасыз етуді өнім беруші, егер өзі өзгешені көздемесе, күшіне енген күнінен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей енгізеді.
Сатып алу шартының немесе фармацевтикалық қызметтер көрсету шартының орындалуын кепілдікті қамтамасыз етуді тапсырыс беруші әлеуетті өнім берушіге мынадай жағдайларда:
1) өнім беруші шарттық міндеттемелерді орындамауына немесе тиісінше орындамауына байланысты сатып алу шарты немесе фармацевтикалық қызметтер көрсету шарты бұзылғанда;
2)жеткізу шарты бойынша өзінің міндеттемелерін орындамағанда немесе тиісінше орындамағанда (жеткізу мерзімдерінің бұзылуы, сапасыз дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды жеткізу және шарттың басқа да талаптарының бұзылуы);
3) орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін сатып алу шартында немесе фармацевтикалық қызметтер көрсету шартында көзделген айыппұл санкциялары төленбегенде қайтармайды.
8-параграф. Фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің
өнім берушілеріне шығындарды өтеу тәртібі
99. Денсаулық сақтауды басқарудың жергілікті органдары немесе қор бөлінген қаражат шегінде ұсынылған рецепттер тізілімін салыстыру негізінде орындалған жұмыстардың актілеріне сәйкес нақты көрсетілген қызметтер үшін фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді берушілерге шығындарды ай сайын өтейді.
100. Өтеу сомасын денсаулық сақтауды басқарудың жергілікті органдары немесе қор уәкілетті орган бекіткен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмек шеңберінде белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар адамдарды амбулаториялық деңгейде дәрілік заттармен және арнайы емдік өнімдермен тегін және жеңілдікті қамтамасыз ету үшін дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың тізбесіне сәйкес төлейді. Шарт сомасы нақты көрсетілген қызметтердің көлемі ескеріле отырып түзетіледі.
Бұл ретте бірыңғай дистрибьютор жеткізетін дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды өткізу мен есепке алуды жүзеге асыратын фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді берушілердің (немесе) олардың бірлесіп орындаушыларының өтеу сомасы осы Қағидалардың 53-тармағы 3) тармақшасының талаптары ескеріледі, 16 %-дан аспайды.
9-тарау. Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу
101. Егер біртектес дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды, медициналық техниканы немесе фармацевтикалық көрсетілетін қызметті сатып алудың жылдық көлемі баға тұрғысынан тиісті қаржы жылына арналған заңнамада белгіленген айлық есептік көрсеткіштің екі мың еселенген мөлшерінен аспаса, баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алуды (бұдан әрі - бағалық сатып алу) қолдануға жол беріледі.
102. Баға ұсынысымен сатып алуды қолдану мақсатында бірыңғай дистрибьюторда тауарлардың болмау жағдайларын қоспағанда, біртекті тауарларды сатып алудың жылдық көлемін қаржы жылының ішінде бөлуге жол берілмейді.
103. Уәкілетті орган белгілегеннен аспайтын бағалар бойынша алпыс күндік қажеттілікке дейінгі дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алуға мынадай жағдайларда:
1) бірыңғай дистрибьютор мен тапсырыс беруші арасында жасалған сатып алу шарты бойынша жеткізу мерзімдерін бірыңғай дистрибьютордың бұзуына, осы Қағидаларда айқындалған тәсілдермен бірыңғай дистрибьютор өткізетін дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алудың болмауына байланысты бірыңғай дистрибьютордан алынған хабарламаның негізінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекті уақтылы көрсету үшін дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың қалдықтары тапсырыс берушіде болмағанда;
2) медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықта (дәрілік заттардың айналысы саласындағы уәкілетті орган бекіткен) балаларға қолдануға қарсы көрсетілімдері бар дәрілік затты бірыңғай дистрибьютор сатып алғанда рұқсат етіледі.
104. Тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша жеткізу көлемін, орнын және кестесін көрсете отырып, кемінде екі үлестес емес әлеуетті өнім берушілерден баға ұсыныстарына сұратуды жүзеге асырады.
105. Сұрату тапсырыс берушінің немесе сатып алуды ұйымдастырушының интернет-ресурсында хабарландыру орналастыру арқылы жүзеге асырылады. Баға ұсыныстарына сұрату тәсілімен сатып алу өткізу туралы хабарландыру:
1) тапсырыс берушінің немесе сатып алуды ұйымдастырушының атауы мен мекенжайын;
2) сатып алынатын дәрілік заттардың халықаралық патенттелмеген атауын (сауда атауы - жеке өзіне жақпаған жағдайда) медициналық мақсаттағы бұйымдардың, медициналық техниканың атауларын, фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің сипаттамасын, сатып алу көлемін, жеткізу орнын, әрбір тауар бойынша сатып алу үшін бөлінген соманы;
3) жеткізу мерзімдері мен шарттарын;
4) құжаттарды ұсыну (қабылдау) орны мен баға ұсыныстарын берудің соңғы мерзімін;
5) баға ұсыныстары салынған конверттерді ашу күнін, уақыты мен орнын қамтиды.
106. Әрбір әлеуетті өнім беруші баға ұсыныстарын ұсынудың соңғы мерзімі өткенге дейін жабылған түрде бір ғана баға ұсынысын береді. Конверт денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы белгілеген мерзімде лицензиялау немесе рұқсат беру рәсімдері арқылы рұқсат беру органдары жүзеге асыратын қызметті немесе әрекетті (операцияны) жүзеге асыруға жеке немесе заңды тұлғаның құқығын растайтын рұқсатты, сондай-ақ ұсынылатын тауарлардың осы Қағидалардың 4-тарауында белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттарды, сонымен қатар фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің сипаттамасы мен көлемін қамтиды.
107. Әлеуетті өнім берушінің баға ұсыныстарын ұсынуы денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша сатып алудың үлгі шартының немесе фармацевтикалық қызметтер көрсету шартының талаптары сақталып, тауарды жеткізіп беруді жүзеге асыруға немесе фармацевтикалық қызметтер көрсетуге оның келісімін білдіретін нысан болып табылады.
108. Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру кезінде тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы баға ұсыныстарын қабылдау аяқталған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде қорытынды хаттама жасайды, оған:
1) сатып алынатын тауарлардың, фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің қысқаша сипаттамасы мен бағасы, олардың сауда атауы;
2) сатып алу шарты немесе фармацевтикалық қызметтер көрсету шартын жасау болжанатын әлеуетті өнім берушінің атауы мен орналасқан жері және осындай шарттың бағасы кіреді.
109. Хаттама тапсырыс берушінің немесе сатып алуды ұйымдастырушының интернет-ресурсында орналастырылады.
110. Жеңімпаз болып ең төменгі баға ұсынысын ұсынған әлеуетті өнім беруші танылады, бұл туралы оны тапсырыс беруші хабардар етеді.
Бірдей баға ұсыныстары ұсынылған немесе баға ұсыныстары ұсынылмаған жағдайда, баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу өткізілмеді деп танылады.
111. Жеңімпаз тапсырыс берушіге немесе сатып алуды ұйымдастырушыға жеңімпаз деп танылған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын мынадай құжаттарды ұсынады:
1) рұқсаттардың (хабарламалардың) көшірмесі не мәліметтері мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде расталатын Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес алынған (жіберілген) электрондық құжат түріндегі рұқсаттардың (хабарламалардың) көшірмесі. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде мәліметтер болмаған жағдайда әлеуетті өнім беруші Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес алынған (жіберілген) тиісті рұқсаттың (хабарламаның) нотариат куәландырған көшірмесін ұсынады;
2) заңды тұлға құрмастан кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға құқық беретін құжаттың көшірмесі (кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға үшін);
3) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің көшірмесі не заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама, жеке куәліктің немесе паспорттың көшірмесі (кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға үшін);
4) заңды тұлға жарғысының көшірмесі (егер жарғыда құрылтайшылардың, қатысушылардың немесе акционерлердің құрамы көрсетілмесе, онда акцияларды ұстаушылар тізілімінен үзінді немесе құрылтайшылардың, қатысушылардың құрамы туралы үзінді немесе құрылтай шартының көшірмесі сатып алуды хабарлау күнінен кейін ұсынылады);
5) «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы алынған салық төлеушінің салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар бойынша берешегінің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтер;
6) конверттерді ашу күнінің алдында бір айдан ерте емес берілген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының қаулысымен бекітілген (егер әлеуетті өнім беруші бірнеше банктің немесе шетел банкінің клиенті болып табылса, онда әлеуетті өнім берушінің шетелде орналасқан филиалдары мен өкілдіктерін қоспағанда, осындай банктердің әрқайсысынан анықтама ұсынылады) әлеуетті өнім берушіге қызмет көрсететін банктің екінші деңгейдегі банктердегі, ипотекалық ұйымдардағы және «Қазақстанның даму банкі» акционерлік қоғамындағы бухгалтерлік есепке алу шоттарының үлгі жоспарына сәйкес үш айдан астам созылатын міндеттемелерінің барлық түрлері бойынша мерзімі өткен берешегінің жоқ екендігі туралы әлеуетті өнім беруші қызмет алатын банктің қол қойылған анықтамасының түпнұсқасы;
7) Қазақстан Республикасы салық органының осы әлеуетті өнім беруші Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмайтыны туралы анықтамасының түпнұсқасы (егер әлеуетті өнім беруші Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмаса және Қазақстан Республикасының салық төлеушісі ретінде тіркелмесе).
Жеңімпаз біліктілік талаптарына сәйкес келмеген жағдайда баға ұсыныстары тәсілімен сатып алу өтпеді деп танылады.
112. Сатып алуды ұйымдастырушы қорытынды хаттаманы үш жұмыс күні ішінде тапсырыс берушіге жібереді. Тапсырыс беруші біліктілік талаптарына сәйкес келетін жеңімпаз анықталған немесе қорытынды хаттамасын алған күннен кейін күнтізбелік үш күн ішінде әлеуетті өнім берушіге денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша жасалатын қол қойылған сатып алу шартын немесе фармацевтикалық қызметтер көрсету шартын жібереді. 90, 91, 92 және 93-тармақтардың талаптары баға ұсыныстары тәсілімен сатып алуға қолданылады.
113. Алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жеңімпаз сатып алу шартына, фармацевтикалық қызметтер көрсету шартына қол қояды не тапсырыс берушіні немесе сатып алуды ұйымдастырушыны оның шарттарымен келіспейтіні немесе қол қоюдан бас тартатыны туралы жазбаша хабардар етеді. Көрсетілген мерзімде қол қойылған сатып алу шартын, фармацевтикалық қызметтер көрсету шартын ұсынбау оны жасасудан бас тарту болып есептеледі (шарт жасасудан жалтару). Келіспеушіліктерді қарау мерзімі екі жұмыс күнінен аспауға тиіс.
10-тарау. Бір көзден алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру тәртібі
114. Бір көзден алу тәсілімен сатып алу мынадай жағдайларда:
1) тендер өткізілмеді деп танылғанда (сатып алу жарамсыз деп танылған жағдайларды қоспағанда);
2) баға ұсыныстарына сұрату тәсілімен сатып алу өткізілмеді деп танылғанда;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен төтенше жағдайлардың жариялануы салдарынан осы дәрілік заттарға және медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техникаға жедел қажеттілік туындайды, бұл тендерлер өткізуге мүмкіндік бермейді;
4) тендердің қорытындысы шығарылғанға дейінгі кезеңге тауарларды, фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыруға қажеттілік болғанда;
5) сол қаржы жылы тауарлардың, фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің қосымша көлеміне қажеттілік болғанда. Бұл ретте тауарға немесе фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерге баға сол қаржы жылы сатып алынған тауардың не фармацевтикалық көрсетілетін қызметтің бағасынан аспауға тиіс. Сол бір өнім берушіден сол қаржы жылы онымен сатып алу немесе фармацевтикалық қызметті көрсету шарты жасалған жағдайда, жасалған шартқа тиісті өзгерістер енгізіледі, 3 және 4-тараулардың талаптарына сәйкес растау талап етілмейді. Фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің қосымша көлемі фармацевтикалық көрсетілетін қызметтермен (бағасы, сауда атауы, дозасы және сапасы өзгермеген кезде) бірге жүретін фармацевтикалық қызметтерді көрсету шартында көзделген дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың санын ұлғайтуды білдіреді.
115. Бір көзден алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру кезінде тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы әлеуетті өнім берушіден:
1) баға ұсынысын;
2) әлеуетті өнім берушінің осы Қағидалардың 3-тарауында белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттарды;
3) мәлімделген дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың осы Қағидалардың 4-тарауындағы ережелерге сәйкестігін растайтын құжаттарды сұратады.
Егер екіден аз тендерлік өтінім ұсынылуы себебі бойынша тендер өткізілмеді деп танылса немесе осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келетін отандық тауар өндірушінің, әлеуетті өнім берушінің бір ғана өтінімі берілсе, осындай әлеуетті өнім беруші осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларында көзделген құжаттарды ұсынбайды.
116. Бір көзден алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру кезінде хаттама жасалады, оған:
1) бір көзден алу тәсілімен сатып алуды қолдану негіздемесі;
2) сатып алынатын тауарлардың немесе фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің қысқаша сипаттамасы, олардың сауда атауы;
3) сатып алу шартын немесе фармацевтикалық қызметтер көрсету шартын жасау болжанып отырған өнім берушінің атауы мен орналасқан жері және осындай шарттың бағасы;
4) осы Қағидалардың 3 және 4-тарауларында белгіленген талаптарға сәйкестігі кіреді.
117. Осы тәсілмен сатып алу шарты немесе фармацевтикалық қызметтер көрсету шарты осы Қағидалардың 8-тарауының 7-параграфындағы ережелердің негізінде жасалады.
118. Сатып алуды бір көзден алу тәсілімен ұйымдастыру және өткізу мынадай жүйелі іc-шаралардың орындалуын:
1) тапсырыс берушінің немесе сатып алуды ұйымдастырушының осы тәсілді қолдануды негіздемесімен бір көзден алу тәсілімен сатып алу өткізу туралы шешім қабылдауын;
2) тапсырыс берушіні немесе сатып алуды ұйымдастырушыны айқындауды және бір көзден алу тәсілімен сатып алу рәсімін өткізуді;
3) әлеуетті өнім берушіге бір көзден алу тәсілімен сатып алуға қатысу туралы шақыру жіберуді;
4) әлеуетті өнім берушінің шақыртуда көзделген құжаттарды қоса бере отырып бір көзден сатып алуға қатысу туралы келісім жіберуін;
5) әлеуетті өнім беруші ұсынған осы Қағидалардың талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттарды қарастыруды;
6) бір көзден алу тәсілімен сатып алу қорытындылары туралы хаттаманы тапсырыс берушінің немесе сатып алуды ұйымдастырушының интернет-ресурсында орналастыруды;
7) әлеуетті өнім берушімен бір көзден алу тәсілімен сатып алу қорытындылары туралы хаттаманың негізінде сатып алу шартын немесе фармацевтикалық қызметтер көрсету шартын жасасуды көздейді.
119. Бір көзден алу тәсілімен сатып алу өткізу туралы шешімді тапсырыс беруші (сатып алуды ұйымдастырушы) сатып алу осы Қағидаларда көзделген негіздер бойынша өткізілмеді деп танылған күннен бастап бес жұмыс күн ішінде қабылдайды.
120. Тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы әлеуетті өнім беруші сұратылған құжаттарды ұсынған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде бір көзден алу тәсілімен сатып алу қорытындылары туралы хаттаманы қалыптастырады және интернет-ресурста орналастырады.
121. Ұсынылған тендерлік өтінімдердің болмауы себебі бойынша тендер тәсілімен сатып алу өткізілмеді деп танылған жағдайда тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы бір көзден алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы анықтаған әлеуетті өнім берушіге шақырту жібереді.
122. Екіден аз тендерлік өтінім ұсыну себебі бойынша тендер тәсілімен сатып алу өткізілмеді деп танылған жағдайда тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы бір көзден алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде осы тендерге қатысуға өтінім берген әлеуетті өнім берушіге шақыру жібереді. Тендерге қатысуға бірде-бір әлеуетті өнім беруші жіберілмеу себебі бойынша тендер тәсілімен сатып алу өткізілмеді деп танылған жағдайда, тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы бір көзден алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде ең аз баға ұсынысын берген әлеуетті өнім берушіге, егер бірдей баға ұсыныстары берілсе, онда осы Қағидалардың 9-тармағында белгіленген шектеуге байланысты өтінімдері қабылданбаған адамдарды қоспағанда, тендерлік өтінімді бірінші болып тіркеген әлеуетті өнім берушіге шақыру жібереді.
123. Тапсырыс берушіге не сатып алуды ұйымдастырушыға сатып алу туралы, фармацевтикалық қызметтер көрсету туралы шартқа қол қойғанға дейін тауардың не фармацевтикалық көрсетілетін қызметтің бағасын азайту мақсатында тендердің жеңімпазы болып танылған әлеуетті өнім берушімен келіссөздер жүргізуіне жол беріледі. Әлеуетті өнім беруші өзінің қалауы бойынша тауардың немесе фармацевтикалық көрсетілетін қызметтің бағасын азайтуға келісетіні немесе келіспейтіні туралы шешім қабылдайды, бұл тапсырыс берушінің не сатып алуды ұйымдастырушының тендер жеңімпазы болып танылған әлеуетті өнім берушімен шартқа қол қоюдан бас тартуы үшін негіздеме болып табылмайды.
124. Осы тарауға сәйкес жіберілген тапсырыс берушінің немесе сатып алуды ұйымдастырушының шақыруына әлеуетті өнім беруші бес жұмыс күні ішінде тапсырыс берушіге, сатып алуды ұйымдастырушыға шақыруда көзделген құжаттарды қоса бере отырып сатып алуға қатысатыны туралы өзінің растауын не себептерін көрсете отырып сатып алуға қатысудан бас тартатыны туралы хат жібереді. Бұл ретте осы тармақта белгіленген мерзімде жауаптың болмауы, сатып алуға қатысудан бас тарту ретінде қабылданады.
11-тарау. Бірыңғай дистрибьютордың тізімі бойынша сатып алу